• Еркін ой мінбері
  • 30 Қараша, 2015

КҮНДЕЛІК БЕТТЕРІНЕН

Бельгер-1Герольд БЕЛЬГЕР,
жазушы

01.01.14 
О, тәңірім! Дал-дұлы шыққан денсау­лықпен ескі арбадай қиралаңдап, ХХІ ғасырдың 14 жылына жеткенім шын ба, өтірік пе? Шын! Шын! Тәуба, тәуба!
Түрліше уақ-түйекпен айналыстым: өт­кен жылғы қарыздарды (жазу, сызуды айта­мын) өтеу, өзге де шаруаларды реттеу, жүйелеу тәріздес.


Жаңа жылды Рая, қайынбикем үшеуміз қарсы алдық. Ың-шыңсыз, тып-тыныш қана. Бір фужер кагор жұттым. Одан артыққа стоп-кран! Телефон зыр қағады. Зырлай берсін. Бізге де тыным керек. Әйтсе де...
Қашанғы шыдайын. Тұтқаны көтерсем – академик Шора (С). «Ұйықтап қалып па ең, немене? Жаңа жыл құтты болсын», – деп алды да, өлең оқи жөнелді:
Бүгінде көбейді ғой жопекеңдер,
Бұл тосын сөз қайдан келді демеңдер.
Орыстың ұят сөзін сыпайылап
айтып жүр қазақжанды білгір Бельгер, – деп.
«Пәлі! Керемет! Неткен терең ой, ұтқыр ұйқас», – дедім қалжыңдап. Ақ­са­қал бір жылдан соң 90-ға келеді. Оны­мен әңгімелесу жанның рахаты, бір жасай­сың.
Венадан тікелей трансляция тыңдадым. Даниэль Баренбоймның басқаруындағы Венаның симфониялық оркестрі Штраустар әулетінің айшықты туындылары, олардың ішінде «Сказки венского леса», «На прекрасном голубом Дунае», «Галоп», «Марш Радецкого» (әдейі орысшасын кел­ті­ріп отырмыз. - З.А.) сынды әлемге аян шы­ғармаларын орындады. Концерт тасып-тө­­гілген  бейнекөріністер және Лих­­тенштейн сарайының балеттік номер­лері­мен әрленіп, әспеттеліп отырды. Ғажап әдіптеу. Озық­тың аты – озық қой, шіркін! Мәскеу мен бізге ондай қайда?! Алға, мәстектер (демей көр).
Зор ләззат алдым...
02.01.14 
«КТК»-ның сүйкімді журналисі Жадыра қарындас Жаңа жылмен құттықтады. Ол таяуда денсаулықтарындағы ақауға байла­нысты дей ме-ау, Мұзафар, Бигелдинов, Шерхан, Асанәлінің үйлерінде боп, нақты не айтқандарын кім білсін, әрқайсысымен жеке-жеке шүңкілдескен құсайды. Әлбетте, егделік ешкімді де есіркемейді. Қыңқыл-сыңқылсыз ұзақ жасау мүмкін емес. Оны өз басымнан білемін.
«Қазақ арабескаларын» жазу үстін­демін. Кітап министрдің ықыласына орай, Қанапияновтың баспасынан жа­рық көретін болар, сірә. Қанапиянов онсыз да маған тілектес, ниеттес, жа­нашыр. Тілектестер көп болсын, лайым. Кеше түнде түсіме Смағұл (Е) кіріп­ті. Өңі құлпырып, жайнап тұр. Жүрегі таза ғой, сондықтан шығар. Әзәзілге ермей, былапыт тобырдың қандайынан да аулақ жүретін Смағұлға қашаннан тәнті екенімді ол да біледі. Топтасып шәуіл­деуден мақсатқа жеткен ешкім жоқ. Он­дайды аузынан жақсы сөз шықпайтын еш­­кікөздерге бере салған шеккі емес.
03.01.14 
Денем дел-сал боп, жалқаулыққа бой алдырғанымды сеземін. Керек десең, оқу­ға да зауқым жоқ. Стивенсонның кебін киген­деймін. Ол бала жастан аурушаң боп, ерте (44 жаста) көз жұмған. Ал, сол қысқа ғұмырында қалай жұмыстанды десейші. Жаралы аңдай арпалысып, қасарыса тыр­банды. Жазушы Дж.Мередитке: «Ты­ным­сыз жазамын. Төсекте жатып та жазамын, сәл еңсе көтеріп те жазамын, қолқамнан қан кетіп, деміккенде де жазамын, қалжырай шаршап, басым қақ-қақ айрылып қақсағанда да жазамын және сол арқылы маған тағдыр тастаған қолғапты жерден  абыроймен көтеріп ап, қалайда жеңіске жеттім деп есептеймін», – деп ағынан жарылған.
Міне, нағыз үлгі алатын періште! Жанкешті!.. Сен ше?.. Ғайбатты доғарып, осылай жұмыстануға құлқың соға ма, батырекесі!?
«Культура» арнасынан Д.Граниннің әдебиет хақында монологын тыңдадым. Жасы 95-те екеніне қарамай, ақыл-сана қалпында, айтары айқын, сөздері тас жарғандай. Е, бізде де ол жастан асқанда да жақтары түсіп жаңылмаған Дихан Әбілев, Әлжаппар Әбішевтей ақсақалдарымыз болып еді ғой, шүкір. Гранин олардан 2-3 жас кіші. Бірақ, сонда да, сүйегі алтын (орыс) абызға бас имеске әдді жоқ. Бұл ғаламда осындай тұлғалар болғанына мың  тәуба дейсің. Солай емес пе, Аманхан?! Аңқылдаған ақкөңіл, болмысы таза, арамдық-түлкіліктен ада, қайырымды інілерімнің бірісің ғой. Бұйырса, сен де жүзге жетесің, асып та кетесің. Сол кездерде де бізді ескеріп, сәлемдесе жүруді ұмытпасаң бопты, әйтеуір. Әумин дейік!..
04.01.14 
Қазақтың қонақжайлылығы жөнінде «Лукулов пир» деген әңгіме жазып жатырмын. Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын болған шындық, өзім куә болған оқиға, қоспасыз, қаз-қалпында.
Атыраулықтар маған Бекет Қарашиннің «Болған. Болды. Болады» деген жаңа кітабын әкеп берді. Өй, бәрекелді! Үйде кітаптан ине шаншар жер жоқ, жетпей тұрғаны осы еді, ол да тиді қолға. Екі сағат парақтадым. Әділі керек, мықты екен. Бекетті білемін ғой, рахмет. Ол деген ақын, аудармашы, прозашы, эссеші, сыншы, сценарийші, мәдениеттанушы, тарихшы-зерттеуші. Әйдік азамат!
Шота Уәлихановтың қалыңдығы құшақ жетпес қостомдығы шықты. Ондағы дүниелер маған әзелден таныс. Пікірімді кезінде айтқанмын да, жазғанмын да. Сондықтан, бұл жолы Шота дос менен бірдеңе дәмете қоймас деп үміттенемін. Денсаулық жағдайымды біледі. Тақа дәмететін болса, көре жатамыз да, қайтеміз. Мен де көңілшектің бірімін. Шота оны да біледі. Беу, дүние-ай!.. (десейші)..
Және А.Арцишевскийдің «Портреты современников в интерьере эпохи» деген жазбасын оқыдым.
Осы жөнінде, бәлкім, пікір жазуым да ғажап емес. 
07.01.14 
Күн суытып кетті. Жаңа жылдың басы тым айналайын боп тұрған жоқ. Неше қилы пәлекеттер боп жатыр: өрт, апат, қар (басып қалу), зілзала, үсік шалу, кісі өлімі, қойшы, әйтеуір, үйқамақта отырған адам не біледі, айналада не болып, не қойып жатқанынан бейхабар бейбақ!
«Sona» арнасынан Лена Зейферттің өз орындауында жазып алынған өлеңдерін тыңдадым.  Пай-пай! Өлең деп, әне, соларды айт! Нағыз поэзия! Муза!
08.01.14 
«Вблизи и рядомның» қолжазбасын дайындадым. Қанапияновтың «Жібек жолы» баспасынан шығарам ба деген есек дәме жоқ емес.
Дагмар Штрайбер деген германиялық сылқым әйел үйде болып кетті. Маған тарту ретінде «Kazakhstan» атты жол көрсеткіш кітабын берді. Рахмет.
09.01.14 
«Жібек жолы» баспасымен жасаған шарт бойынша бірі – 30, бірі – 23 баспа табақ – екі кітапқа қол қойдым. Әжептәуір құрсан болдым, Аллаға шүкірлік айттым. Бір қарағанда, жолы болғыш адамға ұқсайтыныма өзім де таң қаламын. Мейлі, содан жазбасын. «Жыртық үйдің де құдайы бар» демеуші ме еді?!
10.01.14 
Өзімді күні бойы жайсыз сезіндім. Жүрек қағу. Әлсіздік. Аяқ жансыз. Көкірек қысу. Бас айналу.
Кейін білдім: бүгін магнитті дауыл соғыпты.
«Датта» «Пепел Класса» деген мақалам шықты. Оны менен бұрын оқыған – 9-шы қабатта тұратын көршім – Кеңес Түктібаев хабарлады. Сүйінші дайын, кел де ал дедім. Кеңес те,  әйелі Сәуле де зейнеткер, екеуі де ізетке бай, мәдениеттері жоғары, кішіпейіл, қарапайым жандар. Айтуларынша, менің кейінірек (жиырма жылдай бұрын) та­нысып, табысқан өзімнен де әскеттеу досым Зәкірдің (А) туыстары көрінеді. Еш­кімге қиянаты жоқ, қашанда болса екен деп тұратын оның (З.А.) сәл шытымырлау, қатқылдау мінезі демесе, кристалдай таза, зипалығына мән беремін әрдайым. Қа­зақтың бір зиялысы сондай-ақ болар. Сөз саптау, жүріс-тұрыс, бүкіл болмыс-бітімі өзіне бек жарасты, қонымды.
11.01.14 
Басыма тосаттан бір идея келсін: қазақ әріптес-тілектестерімнің соңғы жиырма-отыз жыл бедерінде мен туралы жазған очерк, интервью, өлеңдерінің басын қосып, Дүкенбайшалап (оның мен жөніндегі эссесінің тақырыбымен) «Герольд  Бельгер кім?» деген жинақ шығарсам қалай болар еді» деген. Қа­тып кетпес пе еді? Әлбетте! Өзім солай ойладым. Және бұл ойымның дұрыс­тығына бек сенімдімін. Материал пішен. Жетіп артылады. Бірақ...
Оны кім шығарады? Кім демеуші болады? Әлде, біреулерге құлаққағыс жасап, жалынып-жалбарынуым керек пе? Тасмағамбетов, не Құл-Мұхаммедке айтайын ба? Атама! Тіпті, маған десе, екі дүниеде шықпай кетсін, ешкімге салмақ артпаймын. Ондай мырқымбай мен емеспін. Дей тұрғанмен, сол жазбаларды бір ізге салып, жинақтап, буып-түйіп, бөлектеп қою керек шығар. Ең болмаса, шашылып-төгілмей, бір папкада сақталады. Бәлкім, идеям түбі іске асар, аспаса, айттым ғой, көрерміз деп. Тек аман-сау болайық. Өз жорамалымда, көлемі 24-25 баспа табаққа тартатын сияқты. 80 жылдығыма шықса, кәнеки. Мен үшін одан асқан сыйлықтың қажеті болмас еді. Бұған дейін жарық көрген кітаптарымның бәрі бір төбе, бұл бір төбе болар еді. Үмітсіз сайтан. (P.S. Бельгердің былтырғы жылдың басында ойлаған сол  арманы қазақтың ақтаңгер ұлы, көрнекті сәулетші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор, академик, кең піші­ліп, кең жаралған, қаламы жүйрік аяулы дос Әбдісағит Тәтіғұловтың ар­қасында биылғы жылдың басында сәтті жүзеге асып, Герекеңнің қырқы болардан бір күн ілгері Жазушылар одағында осы мекеменің екінші басшысы, дарынды ақын, ай­тулы азамат Ғалым Жайлыбайдың басшы­лығымен тұсаукесер өтті. Оқыр­мандарға таратылды. Қырқында да ар­найы ата­лып өткенін еске сала кетуді парыз санай­мыз. - З.А.)
12.01.14 
Қай нәрсенің де тезі жақсы. Қазақ оны өлімнен басқаның бәрі... деп айтады. Сондықтан ба, күні кешегі ой-қиялдың жетегімен бүгін екі бірдей – «Герольд Бель­гер кім?» және «Күнделік беттерінен» – қолжазбаны ретке келтіріп, жөнге салдым. Күнделік беттерінің басы ашық, жиырма жылдан бері «Парасат» журналында жария­ланады. «Герольд Бельгер кім?» ше? Кім шығарады? Қаржы қайда? Оны бір құдай біледі. Егер, Алла жар боп, шығатын болса, анау-мынау жұмыстың бәрін Зәкірге (А) тапсырып, соған ғана иек артқан болар едім. Аржағын өзі біледі. Талғаттай (А) жігіттермен бірлесіп, тастай етеріне сенемін. Олар бұрын да солай жасаған. Үш жыл ілгері «Өтеді өмір осылай» атты (қазақша) күнделіктер жинағымды қысқа мерзімде қыздың баласындай етіп шығарып берген-ді. Зә­кір (А) екеуміздің ортақ досымыз Әбді­сағит Тәтіғұлов қолдау көрсетіп, демеушілік еткен-тін. Аттары аталған үш азаматқа алғысым таудай. Құдай сақ­тасын, Әбдісағиттен тағы да бірдеңе дәметкендей болсам, нағыз ұяттың кө­кесі сол болмас па? Сондықтан, сап-сап! Нысап керек, нысап!.. 
Егерәкиде, Сафари Абдуллоға сәл ыңғай білдірсем, «Летели однажды пять диких лебедей» деген атаумен шағындау кітабымды бір аптада шығарып бере сала­тынын жақсы білемін. Алда солай болса, бола жатар, бірақ, қазір ештеңе де­мей­мін. Нысап керек демедім бе? Сафари маған бұған дейін де аз көмектескен жоқ.
Ендігім бетсіздік болады. Е, тәңірім, біздей мүсәпіріңе өзің жар бол! Тфә... тфә... Тәуба!.. 
15.01.14 
Сыйлас-сырлас, жақсы көретін жерлесім, генерал-майор Ахмадидің кітабын қарап шықтым. Тартымды, салдарлы екен. Алмат (Ж) жасаған тәржімесі де мінсіз, ширақ, түсінікті, келімге келіп-ақ тұр.
Вл.Минин басқарған хордың орын­дауында Г.Свиридовтың «Пушкинский ве­ногін»  зор ынтамен тыңдадым. Г.Свиридов ерекше композитор, шығармалары мәнді, шұрайлы, тұшымды. Жүрекке бірден жетіп, үйіре жөнеледі, жан баурайды. Пушкиннің «Метель» туындысы бойынша түсірілген фильмге жазған музыкасы, вальстері қандай еді!..
17.01.14 
Бүгін Елбасы кезекті (18-ші рет болса керек) жолдаумен халық алдына шығады. Қазірдің өзінде тәп-тәуір ғұмыр кешіп жатқан жұрттың (қазақ деп түсін) 2050 жылы көсегесі бұдан да көгеріп, қандай-қан­дай батпан құйрықтарға ие болатыны жайын­да айтады.
Жараған! Көрегендік! Алыстан ша­лады!
Бірақ, ол кезде мен қазақстандықтар иеленген зор бақыт хақында қалай білер екенмін, а? Аспан айналып жерге түскендей өзгерістерді ана дүниеде кім хабарлайды маған?
18.01.14 
Аманбай Дәндіғұлов    «Новая газе­тада»    жарияланған көлемді мақала­сын­да Нұр­­пейі­совтың қалайда «Халық қаһар­маны» атағын алуы керектігін кеуде­сінен жалын ата жария етіп, өксіп-өксіп жіберіпті. Науада ала қалса, қос қолын көтеріп құптайтынын да әйгілепті. Және ол (Нұрпейісов) жалғыз болмау үшін тимесе терекке деп, тағы да төрт бірдей салбөксенің де аттарын бір емес, үш рет атап жіберіпті. Иә, олар кім десең: Шарманов, Ормантаев, Бельгер, Жұмаділов. Дәндіғұловша дәйектегенде, жоғары атаққа солардың бәрі де лайық екен-мыс. Пах! Сәуегейім-ай! Мырзам-ай! Неткен қолы ашық еді! Күлкілі! Соншама қаһарманның қажеті қанша? Мейлі, Әбеге жарассын-ақ. Бірақ, 90-нан алдақашан асқан патриархқа не керек? Онсыз да классик, данышпан деп құлағын шулатып жүрген жоқпыз ба? Атаққұмарлық аурудан сап-сау Жұмаділовті қайдам, ал, өзіме Президент стипендиясын ...үзбей беріп тұрса, сол да жарайды. Анау – Шарманов пен Ормантаев – екі медик-профессорды қай­дам, жөнді білмеймін. Дәндіғұлов дұрыс айтты десе, өздері білер. Бәлкім, бас тартпайтын шығар. Неге бас тартуы тиіс? «Қаһармандық» атақ алдында қа­һарман бола алмау түк емес қой қазір.
19.01.14 
Бақытжан Қанапиянов күміс Дельвигпен марапатталды. Міне, бұл жүз пайыз әділ. Өте қуаныштымын. Жоғары мәртебе! Тек мұны енді қазақтар дұрыс түсінбей жүрмесе деңіз. Танымына талау түскендер табылады, әрі-беріден соң, молынан табылады...
21.01.14 
Ептеп «Шалдырбайдың» 26-шы дәп­терін қаузап қоямын. «Дат» әзірше 20-шы дәптерді қаужаң-қужаң етуде.
Өз басым ру, жүзшілдіктен жұрдай, ғалым­дығы мен кісілігі, әділдігін жоғары баға­лайтын Сағымбай Қозыбаев бүгін маған Өскеменде басылып шыққан библио­графиялық кітабын әкеп берді. Жасы 70-ке толғанына байланысты есеп іспетті екен.
22.01.14 
Елбасы қыран текті сарбаздарын тағы да орындарынан қозғап, жаппай ауыстыруға кіріскен сыңайлы. Додаға жаңадан қосылған ешкім байқалмайды. Ылғи көз үйренген ескі бет, таныс нұсқалар. Мен үшін Тәжинді ысырып, орнына (уақытша) Мәсімовтің отырғаны күтпеген жай болды. Ал, енді, білгіштер не көріпкелдер қалай жориды, кім қайда барады деген қисындардан шарадай басың шақшадай болмаса, маған кел. Е, қой! Қайтесің! Күл болмаса бұл болсын деп жөніңе жүрсең, дәнеңең кетпейді, жәутігім. Ештеңе жоғалтпайсың!
Енді бұл аралықта оңтүстік кореялық ақылгөйлердің  біздің Елбасыға таэк­ван­додан 9-шы дан деген жоғары титулды ебін тауып беріп жібергенін қарай гөр, ә!? Иә, жоғары титул, спорт шебері, Путин сияқты. Сірә, мұндайды күтпеген Назарбаев іштей таңданып, абдырағандай болса да, әлгі атақтан бас тартпады, қабыл алды. Қожа берсе, қойныңа тықтың керімен десе де. Бәлкім, біздің сәруар ол шынында да біз білмей келген ғаламат спортшы шығар. Қалай дегенде де, ол енді жауынгерлік өнердің дарабоз шебері. Меніңше, бұл атақты ол алда жасы 90-ға жеткен не одан асқан корифейлердің біріне «Халық Қаһарманының» орнына ойланбастан бере салуы да ғажап емес. Корифейге «Қаһарман» не, 9-шы дан не, бәрібір. Марапат болса бітті емес пе? Мерей артып, көңіл судай тасығанға не жетсін, ойбай!..
Солтүстікте қарлы боран, дауыл. Бізде  жаңбыр. Ал, Украинада өршіген үстіне өршіп, қағынып бара жатқан бүліншілік. Майдан алаңында – нағыз майдан.
22.01.14 
Василий Ключевскийдің орыс та­рихы курсіне қатысты лекцияларын бір­неше сағат оқыдым. Күшті әрі тағ­лымды. Біздің қолда өскен үй кү­шік тарихшыларымызға ондай болу қайда...а...а!?
Жазғым жоқ-ақ еді, бірақ, қолыма қалай қалам ұстағанымды өзім де аңғармай, профессор Сағымбай Қозы­баевтың библиографиялық кітабына біраз ой-пікірімді қағазға түсірдім. Өйт­пеуге болмасына кейін ақи-тақи көзім жетті.
23.01.14 
«Даланы» қайталап оқыдым. Керемет! Міне, Нобель сыйлығын беретін нағыз туынды! Шыңның ұшар басы! Шедевр!
Назарбаев Давоста (деседі). Мәртебелі мықтылармен кездесіп жүргенге ұқсайды. Жолы болсын!
Фариза Оңғарсынова қайтыс бопты. Қасіретті хабар. Әлдебір газет тілшісіне телефонда бірдеңе-шірдеңе деген болдым. Өтінген соң. Фаризадан немді аяйын.
Фариза – ғажайып тұлға. Әдебиетте жарқырап көрінгеніне жарты ғасыр. Даңқ тұғырына лайық жұмыстанды. Сон­дықтан, халықтың есінде ұзақ сақталады. Мен оның өзін де, шығар­машылығын да бір кісідей білетінмін. Оған қашан да бүйрегім бұрып, селкеусіз құрметпен қарадым. Мінезі тік, шапшаң, кірпияз болғанмен, сирек ұшырасатын дарын еді. Бірақ, оған бәрі жарасты, сыйымды болатын. Ахтанов, Нұрпейісов, Қабдолов, Мұртазаев, Асқар Сүлейменов, өзге де үлкен-кіші замандас, құрбы-құрдастары жоғары бағалады. Орны толмас қаза! Бақұл бол, ер мінезді, нәзік жанды қайран Фариза, Фаризажан!
Ақордада абыр-сабыр. Таяуда шаң бер­ген дүрлігіс шыңына жетіп, әне-міне, ауыс-түйіс шындап белең алмақ. Бұл деген мемлекеттегі кадр мәселесінің бейшара ахуалына таптырмас айғақ-дәлел, куә десе де болғандай. Және мұны – сөз бостандығына сай айтылып отырған – жеке адамның жеке пікірі екенін ескер.
25.01.14 
Таныстар кезек-кезек телефон соғады: режиссер Қадыров, хормейстер Молодов, ақын Әлімбаев, заңгер-барлаушы Әлжанов – бәрінің айтары біреу, айлас қатын мұң­дастың гөй-гөйі. Денсаулықтарының мәз емесі, төмендеп кеткені, әлжуаз екені. Іште­рінде ұмытылдық, ешкімге керек бол­май қалдық дейтіндер де бар. Мен не дейін, итшілеп тірі жүргенім болмаса, өзім де солардың бірі емеспін бе? Бір ғана соңғы жылдың өзінде қаншама әріптес-таныстар бақиға озды. Қайда барсаң – Қорқыттың көрі!..
...Бірақ, өз басым ұмыт қалдым демеймін. Олай десем, күнәға батқан болар ем. Үлкен-кіші, лауазымы жо­ғары-төмен дос-жаран тілектестер ұдайы хабарласып, көзден де, көңілден де таса қалған жерім жоқ, іншалла. Бәлкім, менің бақытым да, сәл-пәл артықшылығым да сол шығар. Бір Тас­мағамбетов, Тұрсынов, Кітапбаев не тұ­рады. Барлығына Алланың алғысы жаусын!..
26.01.14 
Ұйықтар алдында Чеховтың «Бала­ханалы үй» («Дом с мезонином») деген әңгі­месін оқыдым. Пәлендей түгі жоқ, өзге дүниелерінен көп төмен. Көркемдік ауаннан алыс, ақыл-өсиетке толы сыңаржақ публицистикаға ұқсас (жеке пікірім). Тіпті, әлеуметтік бағдарлама, әлде, трактат па дейсің. Бұл әсте де Чеховты төмендету емес. Ол деген орыс әдебиетінде екі мық­ты болса, соның бірі не бірегейі (бұл да өз пайымым). Солай боп қала береді. Ондай тұлға немістерде баршылық, қазақ­та қайдам. Анау бірі Ер атанып, бірі Мемсыйлық алып төс қағатындардың әл-әзір Чеховқа жете алар түрлері көрінбейді. Төлен (Ә) мен Тынымбай (Н) демесе. Олар да жарым-жартылай. Нағыз Чеховтың аулы қазақтарға әлі алыстау. Оған сен де, мен де куәміз. Ох!..
Астанадан Бақытбек (депутат) телефон шалды. Санаторийге барыңыз, толықтай менің есебімнен дейді. О, жаратқан! Таздан тарақ қалғалы қашан?! Алғыс айтып, бас тарттым.
Жасы сексенге толған сүйкімді актриса Алиса Бруновна Фрейндлихтың мерейтой кешін көрдім. Алиса қандай керім, келісті! Көз тартарлық бикеш. Кеш соңында Цве­таева, Мандельштамм, Пастернактың өлең­дерін оқыды. Ғажап!..
27.01.14 
Чеховтың «Жар жиегінде», «Ит жетектеген әйел», «Душенька» деген үш әңгімесін қайталап оқыдым. Ғаламат!
Бүгін Астанада Фаризаны жерлеу рәсімі болады. Қайран, Фариза! Жа­лынды өлеңдеріңмен жағымпаздар мен жартыкештерді өртке ораймын деп жү­ріп, сен де өттің-ау фәниден! Иманың жолдас болсын!
28.01.14 
Күні бойы қар жауды. Әжептәуір үйіп тастады. Тыртаңдай қыбырлап, «Шал­дырбайдың» 26-дәптеріне бір бет­ті әрең жаздым. Чеховты оқыдым. «Прос­торды» (№1/14) парақтадым. Онан соң С. Мұқанов пен М.Әуезовтың бет тыр­насып, кінәласқан хаттарын оқы­дым. Неліктен екенін қайдам, екеуі де орысша жазыпты. Сәбең белгілі: кәдімгі тисе терекке, сөздері дөрекілеу, ойлары ойқы-шойқы, тіке кету. Мұхтардікі сындарлы, мәдениетті, түсінікті. Не сөз, біріншісі – батрақ, екіншісі – аристократ, ақсүйек емес пе? Бұл хаттарды бұдан бұрын да – екі жыл ілгері – «Керуеннен» көзім шалған болатынмын. Хаттардан сол ала­сапыран, қым-қуыт шақтардың ыз­ғарлы лебі еседі.
29.01.14 
Чеховтың «6-шы палатасын» жартысына дейін оқыған ем, бүгін қалғанын бітірдім. Сөйтіп, Чеховтың 11 әңгімесін үшінші рет пе, төртінші рет пе, қайталап оқып шықтым. Алла жазса, алда тағы да оқуым ықтимал. Міне, жан-дүниені тазартатын нағыз әдебиет осы!
Бүктеліп жата бергенше, онша құлқым соқпаса да, «Шалдыр-шатпақтың» 21-ші дәптерін оқып шығып, ептеген түзетулер жасадым. Осы күйде батыл түрде «Датқа» беруге болады.
Нәзік жанды сұлу бикеш (редактор) Вероника телефон тастап, «Тағдыр ырғақ­тары» атты  кітабымның тиражы келгенін хабарлады. Бұл менің сан жағынан 70-ші кітабым болғалы тұр. 200 данасын Неміс Үйіне беремін.
31.01.14 
«Новая газетаның» редакторы Амантай (Д) «Датта» шыққан мақаласымен бірге, Қазақстандағы руханият жәдігері – Сак­сонский Бейбарс орденін тапсырды. Бұл бұған дейін ешкімнің ойына келмеген әйбат жоралғы. Және  әзірге мұндай орден менен басқа ешкімде жоқ көрінеді. Болмайды да.
01.02.14 
Газеттерді түгел қарап шықтым. Д. Граниннің Бундестагта сөйлеген сөзін оқы­дым. Жойқын! Ащы және ақиқат. Шалың жараған! Немістерге айтуға құқы бар нәр­сенің бәрін айтыпты.
Андрей Битовтың «Жеңіс» атты кіта­бының бірнеше тарауын тағы да қайталап оқыдым.
Мерекенің (Қ) менің күнделіктерімді шығаруға құлқы болмай, сырғақтап жүргені жанға батады. Қалайша айнып қалды екен? Уәде тастай емес пе еді? Кім білсін! Құр­сыншы бәрі!..
02.02.14 
Кешкілікте Лермонтовтың «Тамань» атты шығармасын бұрын сан рет оқығаныма қарамай – тағы да қайталап оқып шықтым. Керемет!
Біздің «Күміс Дельвиг» Бақытжан (Қ) телефон берді. «ЛГ»-ның марапаттағаны жайында айтты. Және ол сол газеттің Қа­зақстан бойынша меншікті тілшісі боп тағайындалыпты. Жүдә құрсанмын. Қатыр­жан бол, досым!..
08.02.14 
Бұрын жазған 3,5 бет шимайды қайта көшірдім. Үйме-жүйме боп үйіліп қалған папкаларды буып-түйіп ретке келтірдім. Қажеті аз дегендерін қысқарттым, қоқысқа тастадым. Кәріс композиторы, филология докторы, жапон және кәріс тілдерінің маманы, профессор Тен Чу және ғарышпен «байланысшы» швейцарлық уфолог Майер туралы эссе жазсам ба деп ем, бірақ, ол ойдан айныдым. Маған қол емес екен.
Қағаздарды қарап отырып, бұдан төрт жыл бұрын Дүкенбай Досжановтан келген хатқа көзім түсті. Дереу қайталап оқыдым. Қайран Дүкеш! Ұзынсонар хатында менің атыма толып жатқан кінәлау, жазғыру, өкпе-наз, сынау-мінеу, басқа да салмағы бір батпан (дерлік) ескертулер айтыпты. Әлденелерді дөп басып, дұрыс айтқан тұстары да жоқ емес. Дегенмен, сөздері шектен тыс қатқыл, кереғар, ұшқары, жағымсыз жәйттер жеткілікті екеніне қарамастан, егер, реті келіп жатқандай болса, бір жерге жариялауым да ғажап емес. Қалай десе де, дос көңіл, шын пейілден жазды емес пе? Сол үшін. Оның үстіне, кейін сол пікірлерінің тігісін жатқызып, мен жөнінде «Герольд Бельгер кім?» деген мықты очерк жазды. Оған қоса, соның ізінше алма-кезек телефон соғып, бір-біріміздің атымызға жылы-жылы ле­біз білдіріп, көңіл аулағанымыз да бар дегендей. Сондықтан да, мені аяу­сыз жазғырып, жерден алып, жерге салған хаты үшін Дүкештің рухына алғыс­тармын. Дүкенбай маған шексіз құрмет, ілтипатпен қарады. Бақұл бол, бауырым.
04.02.14
Сәбит Досанов маған (үйлену тойы өтіп жатқанда) мезгілсіз дүние салған ұлы туралы жазған кітабын беріп жіберіпті. Тәуба-кітап. Шер-кітап. Реквием-кітап. Көп-көп фотосурет, көңіл айту, естелік, ци­таттар. Желкілдеп өсіп келе жатқан ұлы көрікті, жаратылысы бөлек, талантты жігіт болатын. Сұмдық қасірет! Құдай сабыр берсін. Кітап тума-туыс, көңілі жақын дос-жаран, тілеулестер үшін шығарылған. 500 дана.
06.02.14 
Әмірхан (М) мұрын сіңбіруге уақыты жоқ мен пақырға бірқауым сұрақтар жол­дапты. Бәрі де салмақты, салиқалы. Енді қайтейін, диктофон арқылы жауап беруге тура келетін шығар. Ықыласпен, ашық рәуіште айтармын. Кішіпейіл, қарапайым, білім­ді, уәдеге берік, бірсөзді Әмірхан інім­нен немді аяйын!..
07.02.14 
Күндізгі сағат 11-де қасында өзіндей сүкімді жас қыз бар Меруерт Құсайынова деген журналист келіп, 23 сұраққа қайтарған экспромт-жауабымды жазып алды. Бір сағат 15 минут уақытымды алды. Бірдеңелер айтып, былдырлаған болдым. Ұнатса басар, ұнатпаса өздері білер. Мен үшін бәрібір.
Үйге Президент стипендиясын әкеп берді. Міне, бұл басқа гәп, әрине!
Назарбаев республика атауын «Қазақ елі» деп өзгертсе қалай болар еді деген идея айтты. Жаңалық емес. Ондай ойды «Там в долине» деген повесім мен «Ел» деген эссе кітапшамда мен де алдақашан айтқанмын. Сондықтан, жан-тәніммен қолдаймын. «Ел» деген көтеріңкі, жарқын, салтанатты ес­тіледі. Мәні терең, әсерлі. Жалтақтау орынсыз, дәл бұдан ұлтаралық татулыққа зәредей селкеу түспейді. Ұлттық намыстары жоғары қазақ дипломаттар әлемдегі барша мемлекет өкілдерімен (аударма арқылы) тек қазақша сөйлессе де, пәлен дейтін ешкім жоқ. Қазақ мұны түсінбесе, ұлтаралық татулыққа «қауіп төндіруі» мүмкін диаспора өкілдері түсінеді. Өйткені, олар барша мемлекетте солай екенін жақсы біледі.
Сондықтан, мен де өз пікірімді кең ауқымда ашық айтып отырмын.
08.02.14 
Кеше кеште Сочиден Қысқы Олим­пиаданың ашылуын көрдім. Әйбат! Мен үшін мұндайды қарау біраз күшке түссе де, сергіп, ширап, көңілім көтеріліп қалды. Бәрі үйлесімді, жоғары деңгейде болды. Ғажап көрініс. Ресей мықтылығын танытты.
10.02.14 
Астанадан телефон тастаған Амангелді «Қазақ елі» атауына қатысты қандай ойым барын сұрады. Бәлсініп неғылайын, қал-қадерімше пікір-пайымымды диктофонға баяндап бердім.
11.02.14 
Таңертең Астанадан Арыстанбек Нұр­маханов телефон соғып, Б. Қанапиянов шығарған екі кітабым жайында дерек-мәлімет білгісі келетінін айтты. Мәде­ниетті, әдепті сөйлесті.
«Жібек жолындағы» жанашыр бауыр­лар «Казахские арабески» кітабым­ның қолжазбасын беріп жіберді.
ТV арнасы спринттен ерлер мен әйел­дер командаларының жарысын көр­сетті. Зор шабытпен, ықыластана қарадым. Қазақстан үшін әзірше жақ­сылықтың аулы алыс, әрине.
Жосықсыздық: теңге  күрт құлды­рады. Бір доллар 185 теңгеге ыршыды. Мұ­ны ақтауға да болар.  Бірақ, бәрібір, ұят, масқара. Жұртты жалаңаш құйрығымен мұзға отырғызды. Күзембайшалап. Гук!..
12.02.14 
Сочидегі Олимпиаданы көрдім. Алғы сапта Германия, Норвегия, Голландия, Авс­трия, Швейцария.
Қазақстанның қоржыны бос. Толады деп те иек қышымайды.
Телевизордан конькиден 500 метр қа­шық­тық бойынша өткен жарысты қарадым.
Ғаламат шайқас!
Әсемдік, жастық, қайрат, ерік-жігер шар­пылысы.
Қалай іріктеген, қалай таңдаған десейші! Шеттерінен уылжыған жас, ширақ, шымыр, сыптай, аяқтары ұзын, елден-ерек мүсін иелері. Норвег, голланд, неміс, швед, америкалық қыздар.  Неткен ғажап! Пах!
Ал, менің көңілім пәс. Неге? Қазақ қыз­дары көрінбейді! Ау, қайдасыңдар, қара­көздер? Кімнен кем едіңдер сендер?!
Мен «Қазақ елінде» жасаған 73 жыл­дан бері қазақ қыздары, жақсы жағынан деп  түсінейік, қатты өзгерді. Иба-ізет, жан дүние емес, таза табиғи бітім тұрғыдан. Ұзын бойлы, тіп-тік, жинақы, шымыр, сымдай тартылған, көркем, көрікті, нағыз қор қыздары!
Қарасаң көз тояды. Алайда...
Соған қарамай, олардың басым бөлігі келін, келіншек, әнші, әртіс, мо­дель­ші, қалтасы қалың бітеу кеуде, хас надан біреулерге тоқал болуды ар­ман­даудан аспай келеді. Өз басым әлі күнге шаңғышы, конкиші, биатлоншы, мәнерлеп сырғанаушы, яғни, спортшы болуды көксейтін қазақ қызын білмеймін. Бәлкім, мен білмейтіндер бар да шығар. Онда қайда? Сочиде неге байқалмайды?
Құдайға шүкір, қазақ қыздарынан әлемге танылып, топ жарған шах­мат­шылар шыққан кезге жеткеніме тәу­ба деймін. Отыз-қырық жыл бұрын он­дайды көзге елестету мүмкін емес-ті.
Ғаламат прогресс!
Ал, қазақ қыздары қысқы олим­пиадалық ойындардың жеңімпазы бола­тын шаққа ғұмырым жетпесін жақ­сы білемін. Ол бақыт бүгінгі жас ұрпақ өкіл­деріне бұйырса, кәнекей! Сонда менің де мәңгілік ұйқым тыныш болар еді. Ай, қайтейін-ай, қайтейін. Қазақ қыздары, серпілсеңдерші, ойбай!
Әрине,   мен  қазақ қыздарының конь­ки мен шаңғыда шетелдік құрбы­лары құсап көздің жауын ала құстай қалқып, шеберлік шыңына шығуларын қашан да мейлінше қалаймын.
Ерте ме, кеш пе, солай болады, – оған шәгім жоқ.
13.02.14 
Таңертең радиодан хабарлады: жалпы есеп бойынша бірінші орында (әзірше) Гер­мания, одан соң кезегімен – Норвегия, Голландия, Австрия, Швейцария деп. Қазақ­стандықтар құм.
Үсен деген біреу ХІІІ ғасырдағы неміс жазушысы Эшанбахтың кітабын алып кел­ді. Көне неміс тіліне тісім батпайды екен, әрине. Ұғатыным бестен онға дейін (ғана).
Телефонның «жағы» тынбайды. «Прос­тордан» (№2) Е.Пермитиннің айдауда бол­ған кездегі хаттарын оқыдым.
14.02.14 
Елбасы боярларымен шұғыл мәжіліс өткізді. Қашанғыдай барлығын дұрыс айт­ты. Халыққа әлдене деп уәде берген болды. Боярлардың кейбірін сілкілеген сыңай көрсетті. Міндеттер қойды. Жұртты жұмыс істеуге шақырды. Сөйлеген – тек өзі. Бет-жүздері бозғылт тартқан боярлар кескен дөңбектей бастарын изейді. Бейшаралық ахуал. Соғыстың соңғы жылдарындағы колхоз жиналысын еске түсіреді.
15.02.14 
Таңертең «Время» газетінен Евг.Ев­ту­­шенконың АҚШ-та бір аяғын кесіп, опе­рациядан кейінгі бірінші лекциясын арбада отырып оқығанын білдім.
Сұмдық жағдай! Евтушенко пақыр: «Біртіндеп протезге үйреніп келемін», – деп жа­зыпты. Аянышты. Әлі онша кәрі емес. Жасы 82-ге ауды.
Денис Тен мәнерлеп сырғанаудан үшін­ші орынға табан тіреді. Демек, бұл әзірше қазақтардың қоржынында бір қола медаль бар деген сөз. Ура...а...а!..
Шаңғыдан 4х5 шақырымға шақталған эстафетаны көрдім. Алтын швед қызда­рында, күміс фин, қола неміс қыздарда.
16.02.14 
Таңертең жалпы есепте ресейліктер үшін­ші орынға көтерілгені хабарланды. Жараған! Ойнапсың орыспен!..
Қазақстан 25-ші орынға жылжыпты. Ай, бұл да жаман емес шығар, ә?
Қайда қарама, инфляция туралы гу-гу әңгіме. Кейбір жерлерде митингілер өтуде. Өкімет алаңдаулы. Өкінішке қарай, білетіндерім шілдің боғынан да аз.
Мәскеуде Альберт Устинов қайтыс бопты. Қазір мұнда оны білетіндер некен-саяқ. Қонаев пен Колбиннің тұсында Қазақстан Компартиясы Орталық ко­­ми­­тетінің үгіт-насихат бөлімін бас­қар­ған. Қонаев кеткен соң, Колбиннің сойылып соғып, екі ғаламда болмаған «қазақ ұлтшылдығы» айналасында қо­ламта қоздатып, шовинистік сарында қиғылықты салудай салған болатын. Бұған күллі қауым куә. Бұл фәниден бейқасиет пенделер де кетіп жатады. Менен үш жас үлкен еді.
17.02.14 
Ваннадағы айнадан кейпіме қарасам... О, құдайым, мейлің жыла, мейлің күл, мыж-мыжы шыққан түр-түсімнен өзім де шошығандай болдым, әжиненің апасы емес, атасы дерсің. Арықтап, азып, төс бір уыс, қушиған қос иық, тарамыстанған аяқ-қол қуарып, қу сүйек қалған, қан-сөлсіз бет-ауызда әр жоқ. Тірі әруақ!..
Кәрілік пен кесел. Солардың «шапқаты». Көнбей көр!
Гирш өзінің мерейтойы (90 жас) хақын­да жазған кітабын жіберіпті. Ас та төк фотосурет, естеліктер. Ішінде менің де жаз­ғандарым жүр. Тәуба!..
Және осы күні Ербол Шәймерденов туралы естеліктер кітабы да қолға тиді. Онда да менің екі мақалам бар екен. Кітап деген­дер осылайша құшақ-құшағымен күн құрғатпай келіп тұр. Тіпті, қоятын жер бол­маса да аласың, қайтесің. Таяуда бір мың­дайын кітапханаларға сыйлап, біразын Түркістандағы Зәкір (А) екеуміздің аса қым­батты іні досымыз Құлбекке (Е) кітап көп жіберсем де, азаяр түрі жоқ. Лайым, солай болсын, кітап көп бола берсін. Бір-бірімізге жазар көбейсін дейтін де өзіміз емес пе? 
19.02.14 
Телевизор, ғаламтордан таяуда үш банк дефолт болатыны жөнінде хабарлайды-мыс деген лақап таратыпты десті. Соған орай, у-шу басталып, жұрт қолма-қол жинақтағы қаржыларын қайтарып алуға кірісіпті. Ай-шайға қарамай, шабуыл жасаушылар да аз емес көрінеді. Ешкім ештеңеге иланбайды екен. Банкирлер мен Келімбетов мұның бәрі арандату екенін түсіндіріп әлек. Банктер бұрынғыша жұмыс істеуде дегенді ешкім құлаққа ілмейді. Абыржу, күйзелу, ашу-ыза. Бір қарағанда, жиренішті.  Есі кеткен жұрт көздері сыртына шыға ежірейіп, еліріп алған...
Дегенмен, жаман айтпай, жақсы жоқ, рас болса ше? Өз басым таңданбас ем. Бірақ, беті аулақ, әлбетте! Солай емес пе, Қали?!
20.02.14 
Қоғамды неше түрлі қауесет дүр­лік­тіріп тұр. Асқардың (С): «Ой, джаман! Дж... жамаан!!!» – дейтіні еске түседі.
Халықты қалай тыншытып, сабаға тү­сіруді білмей, миым шіріп бітуге айналды. Оу, Смаш! Смағұл! Ақыл қос­сайшы!..
21.02.14 
Ананьева қазақ қыздарынан шыққан белгілі ғалым Сәтпаева, Елеукенов және менің «Гете мен Абай» (80 бет) деген моно­гра­фияларым енген «Классикалық зерт­теулер» атты қалың кітабын жіберіпті. Кіріс­песінде мені көкке жеткізе мақтапты. Пәлі! Шынымен солай ма екен? Әй, қайдам!..
Инфляциялық қорқыныш біршама сейіл­ген секілді. Алайда, банктер оңбай зиян шекті-ау деп шамалаймын. Кейбір жаз­­ба деректерде «Каспий банк» 40 млрд тең­геден айрылды делінеді.
22.02.14 
Дәл бүгін анық көзім жетіп отыр: мына қоғам мені қаншама рет тонады десейші! Олар, тіпті, тым болмаса, қаралы күн үшін қоржынымда азын-аулақ қор болуын да қаламайды екен. Шұнақ құдай-ай!
Қалтама болмашы тиын-тебен түсті екен, сол замат қақшып алады.
23.02.14 
Тағы бір кітап құрастырсам ба деген ой келеді: негізінен, қазақ әдебиеті хақында.
Украинада қырқыс-қырылыс, бүлініп жатыр. Жанығып бітті-ау деймін, сірә. Тәртіп орнату қиынның-қиыны болатындай.
Бірнеше күн бұрын атақты академик-онколог Сайын Балмұханов және талантты кинорежиссер Қаныбек Қасымбеков бақиға озды. Екеуін де біршама білетінмін. Кетіп жатыр марқасқалар! Ой, дүние-ай!..
25.02.14 
«Жас Алашта» белгілі ақын Тұрма­ғамбет Кенжебаев «Өзімізге де обал жоқ» деген толғақты мақала жариялапты. Сөздерін ашық, уытты, өткір бастайды да, соңында екі Мұхтар – Мағауин мен Шахановты татуластыру жөн деген дәме білдіргенсиді. Пах! Маған мәселені бұлай қою майдалық боп көрінді. Өз пайымдауымша, бұл қалай дегенде де басты нәрсе емес. Оның үстіне, алдақашан кетісіп біткен қос ақылман сен не мен айтты екен деп жараса қояр ма екен? Әгәрәкиде, періште қолдап, татуласар болса, бірінші бөркін аспанға ататын мен болатынымды да жасырмаймын, Талғат!
26.02.14 
Үйге келген Кембридж  университетінің аспиранты (әкесі орыс, шешесі қазақ) Тимур Александровпен оны-мұны сөз етіп, бір сағаттай шүңкілдестік. Диссертация жазып жүр екен, менен сұхбат алды. Білікті, әсем жігіт.
Ауған соғысының ардагері, депутат Бақытбек Смағұлов інім телефон шалды. Ауруханаға түсіп қапты. Аман-есен сауығып шыққайсың деп тілек айттым. Бақытбекке риза болатыным, күллі қазақты туыс, дос санайды, алыс-жақын демей, баршаның қызық-шыжығына ортақтасып жүреді. Алтынның сынығы! Тауып көр Бақытбектей ұланды! Дұрыс па, Смағұл?! Сен не дейсің, Абатбай?! 
27.02.14 
Осы күнгі маңдайалды жазушы, қарымы қуатты, шығармашылық қабілет-дарыны толысқан атышулы суреткер Нұрғали Ора­зовтың (әлде «Алматы ақшамы», әлде «Айқын» газеттерінің бірінде шыққан) керемет эссесін оқып, ерекше әсерге бөлен­дім, ләззат алдым. Ізденімпаз, болмысы бөлек, мәдениетті жазушы ініме сол замат телефон соғып, ой-пікірімді білдірдім. Ер­теректе Шерхан Мұртазаевтың «ХХІ ғасырдағы қазақ әдебиетінің классигі Нұрғали Оразов болады» деген лебізін еске салдым. Қарапайым, кішіпейіл Нұрғали сыпайы түрде алғыс айтып, күлді де қойды.
Әлдебір арандатқыш арпабайлар «Дат» газеті жабылады екен деген қауесет таратып жіберіпті. Дереу жан-жаққа хабарласып, анық-қанығын білдім. Жалған екен. Тәуба! Тәуба! Өтірік-өсекшілердің құдай жазасын береді әлі! Көр де тұр!..
(Жалғасы бар)

 

870 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз