• Заманхат
  • 21 Мамыр, 2012

Әшірбек СЫҒАЙ, профессор, театр сыншысы: «Бір ғана команда бар, ол – қазақ, Қазақстан командасы»

Айман Құлпатшаева журналист

– Біздің тіліміз жан сақтау бөлімінде жатқан адамның денсаулығын көзге елестететіндей. Кезіндегі М.Дулатов, А.Байтұрсыновтардың мақалаларында да «Газеттің тілі қандай болуы керек?», «Тіліміз қандай болуы қажет?» деген сияқты мәселелер айтылады. Соған қарап, тілдің мәңгілік мәселе екеніне көз жеткізгендейміз. Дегенмен, оның шешілетін уақыты бола ма? – Жатқан жыланның құйрығын бастыңыздар. Бұл, расында, мәңгілік мәселе. Шекспирдің кезінде де, XV-XVІ ғасырларда да тіл мәселесі әңгіме болған. Ағылшындардың бас көтерер зиялылары сол кезде-ақ өздерінің тілі турасында кісінің көңілін толқытатындай пікірлер айтыпты. Сондай-ақ, бұл тіл мәселесі ешуақытта күн тәртібінен түскен емес. Қазіргі мынау Ресей де орыстың тілін сақтау жөнінде қаншама жиындар өткізді. «Шұбарланып барады», «Нағыз әдеби тілдік қорымыз тозып бара жатыр» деп, мәселе көтеруде. Осы заманғы орыс тілінің дамуы жолындағы көптеген шараларды қарастырып, бекітіп, заңдастырып жатыр. Мұның бәрі тегін емес. Оның жанында біздің даусымыз енді-енді шығып жатыр. Өз қолымыздың аузымызға жеткеніне 20 жыл болды. Бұл уақыт аралығында мардымды, мандымды ештеңе бола қойған жоқ. Бірақ, осы уақытта айтылып жүрген көп даудың ішінде менің ойыма келетін бір нәрсе бар. Біреулер тілді дамыту үшін «Арнайы комиссия құру керек» десе, тағы біреулер «комитет» немесе «министрлік» құру қажеттігін айтады. Меніңше, ештеңені де құрып керегі жоқ. Тек демографиялық жағдайымызды түзеуіміз қажет. Халықтың санын көбейтуіміз тиіс. Егер халықтың саны 20 миллионға жетсе, онда қазақ халқының тіл мәселесі мұндай өткір күйінде бірінші кезекте тұрмас еді. Өйткені, көп халықтың ішінде шүлдір-шүлдірі де болады, тілді таза меңгергені мен меңгермегені де болады. Бірақ, сайып келгенде, көп жеңеді. «Көп қорқытады, терең батырады» деген осы. Біз демографиялық жағдайымызды түзеуіміз керек. Оның ішінде әлеуметтік жағдайымызды түзеп, моральдық, материалдық көмек көрсетілуі тиіс. Алысқа бармай-ақ, оңтүстік облыс­тағылар бұрын туудан алдына жан салмаушы еді ғой. Әр үйдегі 10 бала, 12 бала – қалыпты жағдай болатын. Ал, қазір ол сап тыйылды. Сол секілді батыс, шығыс, солтүстік облыстарда 1,2,3 баладан ары аспайды. Үш балалылар – көпбалалы отбасы деп аталатын болып жүр. Мен осыдан қорқамын. Бұған дейін «көпбалалы» деп 10-нан астам баласы бар отбасыларды айтатын. Ал, осы жылжумен біз алысқа бара аламыз ба? Сондықтан, халықтың санын көбейту жағына көп көңіл бөлу керек және оның жағдайын жасау қажет. Ақ қар, көк мұзда да, көктемде шылпылдап аяғындағы кебісі суға толып, көне күпәйкесін жамылып, болмашы нәрселерді саудалап отырады. Ал, үйде жылы жерде отырып, жағдайы болған әйел жақсылап тұрып «төлдеп» берсе, қазақ халқының тілі де, сапасы да оңалар еді. Көптің ішінен кім шықпайды? Бәрі де шығады. – Бұл айтқаныңыз дұрыс. Демо­графиялық жағдайда біз ауылға иек артамыз. Сол ауылдың жағдайы туралы әңгіме болғанда соңғы кездері «болашағы жоқ ауылдар» деген ұғымдар пайда бола бастады. Сіз өнер адамы ретінде сыртқа жиі шығып тұрасыз. Шындығында да, осы «болашағы жоқ ауыл» деген бола ма өзі? – Ауылдың болашағының бар не жоқ болуы адамның өзіне байланысты. Сол «болашағы жоқ» ауылдан талай болашағы зор ғалымдар, әртістер, жазушылар, ұшқыштар шықты емес пе? Қайдан шығып жатыр дейсіз, бүгінгі керемет аты шығып жүрген жігіттер. Тоқтар Әубәкіров Парижде туып па еді? Әлде мен Мәскеуде тудым ба? Сол сияқты Дулат Исабеков Лондонда туды ма? Бәрі де ауылдан шықты, ауылдың балалары. Адамдар қарамаса, көңіл аудармаса, суын жауып тастаса, отын өшіріп, үйін құлатып тастаса, әрине, ол болашағы жоқ ауылға айналады. Ал, билік, өкімет, жалпы, адамдар ауылды өзінің бабында, қалпында аялап ұстаса, ол қалай болашағынан айырылады? Адам баласы кез келген жерде, су болса болды, өмір сүре береді. Ашаршылық жылдары, тіпті, тау-тасты кезіп, кесіртке, жылан жеп те жанын сақтаған жоқ па еді. Сондықтан да, «болашағы жоқ ауыл» деп, неғұрлым тозған жерлерге жағдай жасамаудың, оларды көзден таса қылудың амалдары деп білемін мен мұны. Адамның, әсіресе, билік органдарының есептен шығарып тастауға тырысқандығын байқаймын. Айналысқысы, басын ауыртқысы, су шы­ғар­ғысы келмейді, оның жағдайын жасау керек, шөп, нан, дән керек. Осы­ның бәрінен қашқақтайтын кейбір шенеуніктердің айтулы бір шарасы болуы мүмкін. Адам мекендейтін жердің барлығының болашағы бар, меніңше. Өкінішке қарай, қазіргі заманда ауылды сәнінен айырып жібердік қой. Ауыл қандай еді? Ауыл туралы қандай жырлар, қандай әндер бар еді? Ауылды ойлағанда керемет әсерге бөленетінбіз. Алғашқы мектеп, алғашқы махаббат, алғашқы әндер, алғашқы ақсүйек, алғашқы айлы түндер, осының барлығы кісінің көңілін көтеретін жағдайлар емес пе? Ауыл дегенде жүрегің солқ ете қалушы еді ғой? «Ойбай, қалаға тартылу керек, қалаға жақындау керек, ауылда не бар?» деп, кейбір дақпырттармен шұбырып қалаға келдік. Біріншіден, халықтың басы тасқа тиді, не баспана, не басқа жоқ. Әлі күнге дейін болып жатқан көтерілістер, айқастар ненің салдары? Мәселен, «Шаңырақ» мәселесі. Біз «Шаңырақты» қолдан жасадық қой. Әйтпесе, өз жөндеріне отырған адамдар еді ғой. Біз «Ауыл жылын» жарияладық. «Ауыл жылын» жариялап, аузы аққа тиіп, жетісіп қалған халықты тағы көрмедік. Бөлінген қаржы тиісті жеріне жеткен жоқ. Сол әкімдердің билігінде кетті не болса да. Енді оларды қолынан ұстап алғаным жоқ, жеді ме, басқа етті ме? – Ауылдың өзі осындай ауыр жағдайда тұрған кезде соған қамшы болғандай, «ауылдағыларды қалаға тартуымыз керек», «бізде жұмысшы табы қалыптасуы керек», «өнеркәсіптерде қазақтар жұмыс істеуі керек» деген сияқты процесс жүріп жатыр. Тіпті, белгілі саясаткерлер ол туралы әңгіме айтады. – Саясаткерлер де пенде ғой, мен бұл пікірге қосылмаймын. Бір жерге жиып тастау дегенді түсінбеймін. Қазақстанда жер жетпей жатыр ма, Қазақстанда жұмыс көздері табылмай жатыр ма? Сосын ауылдан келіп, қалада кәсіпорындарды көркейтеміз деген не сұмдық? Ауылда трактор айдап, бидай бастырып, жер жыртып жүрген бала мынадай фабрика-зауытта жүр деп, қайсы кәсіпорныңды айта аласың? Қайсы зауыт-фабрикаң күндіз-түні сартылдап жұмыс істеп жатыр? Оның бәрі бос сөз. Утопияшыл кісінің қиялы. Туған жерінде, өзінің елінде қалғысы келген азаматтарға жұмыс көзін тауып беруі керек еді. Сол жерде отыруы керек еді. Қалаға келген жұрт қайда барарларын білмей отыр. Мінекей, ұрлық-қарлық, бірін-бірі тонау-қанау қайдан шығып жатыр? Ол аштан өлмеуі керек қой. Ауылдан келді. Қалтасындағы бірлі-екілі жарым тиынын жұмсап қойды, енді аштан өлуі керек пе? Әрине, ол, сөз жоқ, қылмысқа барады. Олар негізінде қылмыскер емес болатын табиғатында. Бұны жағдай жасаттырып отыр. Ал, бос қалған ауылдарды не істейміз? Пойызбен кетіп бара жатып қараңызшы, жолдың бойы қираған дуалдар, жапырағынан айырылған сидиған ағаштар. Бір кезде сол жерде қыз бен жігіт кездесті, бір кезде сол жерде клуб болды, бір кезде сол жерде той болды. Қазір бір соғыс жүріп өткендей. Жан-жағыңа қарап жүрегің тоңазиды. Ал, енді сол жерлерде ел отырып еді ғой, соның көбі біздің қазақтар болатын. Разъезде туған балалар өте пысық келетін. Пойыз жолдың балалары өмір сүруге құштар, күш жағынан да мығым, білім жағынан да зерек. «Теміржолдың бойында тудық» деп мақтан ететін кейбір ағаларымыз. Қазір түсіне ме оны? Өйткені, алыс-беріс, ерсілі-қарсылы жүріс оларды өмір сүруге шыңдаған. Олардың тезірек қатаюына, пісуіне, бой тігуіне ықпалын тигізген. Ал, қазір, қысқасы, миботқа жасадық. Ауыл мен қаланы араластырамыз. Бір Алматыға қанша ауылды сыйғыза аламыз? – Қазақтардың санын арттырып, қазақыландырамыз деп жүрген кейбір ғалымдардың айтуынша, бүгінде «жаңа қазақ» деген ұғым пайда болды. Бұрын «жаңа қазақ» деп орыстардың «олигарх» дегені сияқты халықтың байып алған тобын айтатын. Ал, бұл күндегі «жаңа қазақтар» Г.Бельгер, А.Осман сияқты қазақ тілінде сөйлеуші топтар. Бұлар қазақ бола алады, сол арқылы біз қазақтың санын көбейтеді екенбіз. Осындай пікірлерге қалай қарайсыз? – Бұл – далбаса пікір. Мұны кім айтса да, алысырақ, қазақ халқының тағдырын терең ойлаудан туған тұжырым деп айта алмаймын. Бірақ, өте жаңсақ пікір. Кім өзінің ақ сүт берген анасын, атасының қанын сатады? Әзірбайжан – әзірбайжан, неміс – неміс, француз – француз болып қалады қашанда. Сондықтан, мен бұл мәселеге қосылмаймын. Басқа ұлттардың есебінен «жаңа қазақтармен» толықтырып, жетіспей-ақ қойдық. Біз қазағымыздың өз проблемаларын түзеп алайықшы. Жалпы, мен өзге халықтардың қазақша сөйлеп кетуін де онша дұрыс түсінбеймін. Ол біздің тілімізді мойындауы керек, егер құрметтесе – сөйлей берсін. Ешкім тыйым салмайды. Ал, бірақ, оларды қолдау-зорлаудың да қажеті жоқ. Бір орыс қазақша сөйлесе, бәріміз жария салатын болдық. Оның неге керегі бар? Мен айтар едім, қазақ тілін жақсы меңгеріп алған орыс ертеңгі күні президент болуға қол салады. Қанша дегенмен оның табиғаты орыс қой. Тіліңді өзіңнен де жақсы меңгеріп алуы мүмкін, сосын оның президенттікке ұсынылуына хақысы бар. Солай емес пе? Сондықтан, біз не жасағалы жүрміз өзі? Ал, президент ендігі қалған уақытта қалай болғанда да өз ұлтымыздан болуы керек. Барлық халықтарда да солай ғой? Француздардыкі – француз, ағылшындардыкі – ағылшын, жоқ, әлде, оларды барып қазақ басқарып отыр ма? Әр ұлттың өзінің қайраткер ұлдары болады, оларды заман туғызады, қайраткер тұлғаларды аналар туады. Сөйтіп, олар өз халқын өздері бастауы тиіс. Назарбаев басқарып отыр ғой. Ұлты – қазақ, «қазақ халқының басшысы» деп отырмыз. Ал, мынау тіліңді әбден меңгеріп алған басқа ұлттың өкілі ертеңгі күні президенттің орнынан дәмеленеді. Қазақ халқына қарсылас болады. Өйткені, мансап, жұмсақ орындық деген жаман, көзін қызартып жібереді. Сол кезде ол аямайды ешкімде де. Сондықтан, оның басқа ұлттардан қазақ жасап, біздің қазақтың санын ешкім көбейтпей-ақ қойсын. – Меніңше, бұлар осы ойларымен «жаңа ұлт – қазақстандық ұлт» деген мәселенің құлағын шығарып тұрған сияқты. Жалпы, ұлтты қолдан жасауға бола ма өзі? – Естеріңде болар, «қазақстандық ұлт» деген доктрина болды. М.Шаханов бастап, біраз қазақ зиялылары, оның ішінде мен де бармын, аза бойымыз қаза болып, «болмайды» деп, аяғымыздан тік тұрдық қой. Мен сол ойымда қаламын. Қазақ халқын қалай будандастырасың? Тағы да айтамын, басқа біреудің есебінен ұлт жасау дегенді түсіне алмаймын. Ол қанында жоқ, жанында жоқ, жаратылысында, табиғатында жоқ басқа елдің адамы қалай қазақ болады. Сондықтан да, өз қазағымыздан жазбасын. Өзіміздің мәселемізді өзіміздің шешуге әуелі Құдай, сосын бүкіл жағдайымыз жеткілікті. Бірақ, біз оған оншалықты мән бермей тұрмыз ғой. Оған біздің билік органдары ынтызар болмай тұр. Әлі күнге дейін «пәленбай ұлт тұрады», «халықтар достығына нұқсан келеді» дейміз. Басқа ұлт өкілдерінен аяқ тарту, тіпті, солар «көтеріліп кете ме?» деп қорқу да бар. Бұл – қазақ мемлекетінің жері, қазақ халқының отаны. Мұны сан мың рет айтып жүрміз, қазақтың басқа баратын тау-тасы жоқ. Қазақ оларға сәл үстемдік етпесе, несіне ел болып отырмыз? Басқа ұлт өкілдері жергілікті халық емес, бола да алмайды. Бұлардың кезінде ата-бабалары түрлі себептермен, соғыс, ашаршылық жылдары көшіп келген. Соларды қойнымызға алып, жылытып, жалғыз ешкінің сүтін бөлісіп ішіп, сөйтіп асырағанбыз, осындағы түрлі ұлттың өкілдерін. Кейде солардың қайсыбіреулері үстемдік көрсетіп, жеке-дара кикілжің кездерінде қазақ жігіттерін, қазақ қыздарын тұрпайы әрекеттерімен ұятқа қалдырып жүрген тұстарын да естіп жүрген жайымыз бар. Олар ата-аналарын қазақ бауырында жылытып, адам етіп жібергенін біле бермейді. Қазақ халқы олардың тағдырында қандай жақсы жағдайлар жасап, қандай рөл ойнады деген мәселені демек, отбасында сөз қылмайды. Біз жұрттың бәрінің көңіліне қараймыз, ал, қазақтың көңіліне қарап жатқан ешкім жоқ. – Билік пен халықтың, қоғам мен заманның арасын жалғап тұратын зиялылар деп есептелінеді. Сонау Жәнібек пен Керейден бері қарай тартсақ, қазақ мемлекеттілігіне зиялылардың ықпалының зор болғанын білеміз. Сол Жәнібек пен Керейлерді қазіргі көзбен қарасақ, «ұлтшыл» деп есептер едік. Және мемлекет үшін қоғам қайраткері деп айтқан болар едік. Одан бері қарайғы уақытта билік пен халық арасын жалғап тұрған үрдіс жоғалып кеткен жоқ па? – Мұндай дәстүр жоғалды деп есептеймін. Аздап бар шығар, әй, бірақ, сәл-пәл ілініп тұр-ау. Өйткені, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаевтарыңыз 40 жастан ары қарай қынадай қырылды. Неге, сонда олар ары қарай өмір сүргісі келмеді ме? Оларға өмір көптік етті ме? Жоқ, олар ұрпақ үшін жанын қиды. Олар, әрине, қарап жүрген жоқ. Ұлт жайында жұмыс жүргізді. Мұны жазғандарынан байқаймыз. Тіпті, алғашқы әліппеге дейін жасап беріп кетті ғой. Міне, осындай жанын беретін, ұлттық мүдде дегенде қуырылған балықтай шыжғырылып, шыжылдап сөз айтатын азаматтар аз болып тұр қазір. Билік басында мүлдем жоқ деп айтар едім. Мен Президенттен басқа қайраткер жігіттерді көрмеймін. Министрлер бар ма, өз саласы бойынша халыққа түсіндіріп, халықтың алдында есеп беріп, түсінбеген жерлерін түсіндіріп жатқан? Қысқа-қысқа сөздерімен жылт-жылт етіп шығады. Соның өзін бидай қуырғандай етіп, не қазақшасы, не орысшасы жетіспейді. Әйтеуір, айтқан сөздеріне тұшынбайсың. Халыққа есеп бере алмайды. Әр министр өз саласы бойынша халықтың алдына шығып, есеп беріп жатса, халықтың көңілі әлдеқайда дұрыс болар еді. Сабыр сақтап отырар еді. Халық көп нәрсені түсінбейді, оларға көп нәрсе жетпейді. Тіпті, кейбір радиоқабылдағыш, газет-журнал таралмайтын жерлер бар, олар жаңалықтан мүлдем бейхабар. 5 үй отырса да сол ел ғой, халық қой. Ал, біздің шенеуніктер қаладан шықпайды. Көп болса, облыс орталығынан қайтады. Жоғарыда ауыл жайын сөз еттік. Соны көзімен көріп, қарап жүрген олар жоқ. Мұндай ауылдар туралы газет жазбайды, теледидар көрсетпейді, радио айтпайды. Сосын ондағы жағдайды қайдан білеміз? Сондықтан, бұл тірлік «асүйде күңкілдеу» болып табылады. Ел қамын айтып, М.Шаханов, Д.Исабеков, Т.Медетбек сияқты жігіттер көріне бас­таса, «өй, осы біздің жігіттер бүйректен сирақ шығарып» деп билікке жақын жүр­ген ақсақалсымақтар бар, бір күні олай, бір күні бұлай дейді. Кәрілеу болса да қызмет иеленіп жүр. Билікті біреу бір жаққа өткізіп жіберердей, соларға қамқор болғансып, «қазақтарға осы тыныштық жетпей ме, қызық өздері» дейді. Әсіресе, «қазақстандық ұлт» туралы сөз болғанда өзін «ғалыммын, жазушымын» деп есептеп жүрген ағаларымыз тоқтау айтқан болды, ал, арғы жағында әлгіндей мүдде тұрды. Бұларда билікке жексұрын болып қалмайын деген жағыну көп. Мұндай кезде қосылмасаң да, ең құрығанда үнсіз қалсайшы. – Бәрін жинақтай келгенде, жем­қорлық, парақорлық, жең ұшынан жалғасу деген сөз кейінгі кезде көп айтылып жүр. Соған орай, күрес те ұйымдастырылып жатыр. Бірін-бірі ұстап та беріп жатқандар бар. Әйтсе де, бұл зауалға тыйым болмай жатыр. Осыны бүтіндей жоғалтып жібермесек те, «ынсап сайын береке», «алаған қолым береген», «қанағат қарын тойдырар» деген ұғымдар арқылы тәрбиелей аламыз ба? – Бұл бір зауал болуы керек. Мұны енді тәуекел деп, бастан кешу керек сияқты. Бұл бірден тоқтамайды. Түрмелерді көбейтіп салуымызға тура келетін шығар. Сонда да тоқтата алмайсың. Өйткені, біз демократиялық ел болсақ, қазақ даласын түрмеге толтырып қайтеміз? Қайта біз түрмелерден құтылуымыз керек қой? – Жемқорлық, парақорлық, өтірік айту – осының барлығы сана мен сезімге келіп тірелетін нәрсе. Осы біз сана-сезімді жетілдіретін білімнен ақсап жатқанымыз жоқ па? – Тәуелсіздік алған 20 жылда Білім және ғылым министрі 11-12 рет ауыстырылды. Мәдениет министрі де дәл солай. Бір жыл, екі жыл сайын ауыстыру деген не нәрсе? Мұндай кезде білім жүйесінде қандай реформа, қандай тұрақтылық болады? Шет жұрттарда ұзақ жылдарға, мәселен, театрдың директоры жеті жылға бекітіледі. Жеті жылда соны тұралатасың не алып шығасың. Жеті жылға дейін саған тимейді, еркіңе жібереді. Ал, құртасың ба, жоқ әлде, ұшпаққа шығарасың ба, ол сенің талантыңа, қабілет-қарымыңа, ұйымдастырушылығыңа байланысты. Ал, бізде 7 ай, 9 ай болған министрлер бар. Бұл кезде қандай реформа, қандай ғылым-білім қалпына келеді? Сондықтан, тест деген мәселеге қарсымын. Мен шығармашылық оқу орнының профессорымын, мамандық бойынша театр сыншыларын, театр зерттеушілерін, театртанушыларын оқытамын. Әңгімелесу арқылы өзімізге қажетті, түрі-басы келіскен қыз-жігіттерді таңдап аламыз. Сосын олардың барлығын жинап алып, тест тапсыруға алып кетеді. Ал, ол жерде «общий котел», салады да жібереді. Жаным шыға шырылдайтыным, «мынау маған керек, осыдан мықты театр сыншысы шығады» деп жіберген бала тестен құлап келеді. Бізден әзер өткен, «енді анау жақта өзімен-өзі тынады» дегендер өтіп келеді. Сөйтіп, бізге келіп пәле болады, алмасаң заңдасады, арызданады. Сосын қиын жағдайда қалып жатамыз. Мынау тест өзіңе керек адамыңды алуға жағдай бермейді. Мен шығармашылық оқу орындарына қатысты айтып отырмын. Өнер зерттеушіге жақсы тарихшының керегі не? Жалпы, керек, өзінің білімі, танымы үшін қажет. Мен де өнертанушы болғаныммен, ептеп физикадан түсінемін, медицинадан да хабарым бар. Ол өз алдына бір әңгіме. «Қазақстан тарихын» жақсы білетін шәкірт жаза алмаса, театртануға қабілеті болмаса, оның маған қажеті қанша? – Жаңа бір сөзіңізде министрлердің, шенеуніктердің жиі ауысатынын, содан келіп істің аяқталмай қалатынын тілге тиек еттіңіз. Осында тағы бір сынға алатын нәрсе – командамен, өз адамдарымен келу деген нәрсе. Бұл жемқорлыққа апаратын жол ма? – Бұл – жемқорлыққа тікелей жол ашу, соған жағдай жасау. Мен де төменгі-жоғарылы қызметте істедім. Мұндай команда дегенді білген емеспін. Сол қызметтерде аппаратта кім отырды, солармен сіңісіп кеттім. Кей кездерде солардың ығына жығылдым. Неге ол байғұстар «басшы ауысты» деп, теперіш көруі керек, жұмыс ауыстыруы қажет? Бұл бір ақылға келмейтін тірлік. Әрине, бармақ басты, көз қысты осындайда басталады. Өзінің адамдарын жинап алып, пайдаланады да, сосын жеу мен ішудің қамына кіріседі. Өйткені, ол өзінің командасы, оларға сенеді. Егер бұрыннан отырған адамдар болса, бірінен-бірі сақтанып, бірін-бірі ретке келтіріп, біріне-бірі көз болып, тәртіп жақсарады. «Президенттің командасымын» деп көкірегін соғатындар бар. Сонда біздер құбыжықпыз ба, әлде басқа жақтан ауып келгендерміз бе? Барлығымыз да осы елдің, жердің намысы үшін күресіп жүрген адамдармыз. Бізде бір ғана команда бар, ол – қазақ, Қазақстан командасы. – Әңгімеңізге рахмет.

730 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз