• Еркін ой мінбері
  • 21 Мамыр, 2012

ҚАЗАҚ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯСЫНЫҢ ҰЛТ ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ ҰЛАҒАТЫ ҚАНДАЙ? немесе «Грядущий хам» кім?

Аманхан ӘЛІМҰЛЫ «Ақиқат»

Ойды ой қозғап, сөзді сөз тудырса, тілді тіл шығарады. Бұл философиялық категория әрі заңдылық. Мәселеге осы тұрғыдан келсек, бір кезде негізі қаланған осынау мақаланы, жаңаша мән-мағына, мазмұнмен оқырманға ұсынып отырғандағы жайымыз, ұлт тағдырына немқұрайлы қарай алмайтындығымызда. Содан соң, жаңа тақырыпқа бір кезде пайдаланған фактілерді алға тартсақ, ол да артық емес деп ойлаймыз. Өйткені, тақырып пен факт бірін-бірі толықтырып әрі ашатын құбылыс. Әйтпесе, ойымыз асып, сөзіміз тасып, тіліміз қышып тұрған жайы жоқ. Сонымен, осыдан 1-2 жыл бұрын ең шікәмшіл, кірпияз тіл, ұлт сияқты тақырыптарға ши жүгіртіп, арандатып отыратын «Время» газеті Қанат Қабдрахманов дегеннің аузымен «Нацию сформируют русскоязычные...» дей келіп, ауыл мен қала қазағының арасына сына қақса, бұл жолы да о басылым сол автордан әдеттегідей сұхбат алып, оған: «- Что должен делать государствообразующий этнос в нынешней ситуаций? Известно, что многие наши сограждане неказахи буквально сидят на чемоданах и уж, как минимум, давно присмотрели запасной аэродром, Страна готова к такому повороту событий?» – деп сауал қояды да, одан: «–Государствообразующий этнос – это нонсенс, архаика. Потому что современное государство образуют не этносы, а равноправные граждане. Этносы в наше время – а примеров тому бессчетно – порождают только напряженность, конфликты, войны и геноцид. В демократии не существует понятия «государствообразующий этнос». Это понятие из ХІХ века, когда формировались государства-нации» – деген жауап алады. Бұдан, Қанат мырзаға сауал қойып отырған журналистің не түсініп, ол жауапты қалай қабылдағанын қайдам, ал, біз үшін осынау жауаптан ұлт тағдырына деген немқұрайлылық пен жауапсыздықтың барлығын көреміз. О мырза, бұрынғы КСРО-ның ыдырап, ондағы ел-жұрттың өз отауын көтеріп, ұлттық тәуелсіз де егеменді мемлекет атанғанымен шаруасы жоқ секілді. Тіпті, оны айтасыз, қабырғасы баяғыда қаланған Францияда француздар, Испанияда испандықтар, Англияда ағылшындар өздерінің аздығына қарамай, өздерін унитарлы-ұлттық мемлекетпіз деп мәлімдегені қашан. Украиндар да, латыштар да, эстондар да, грузиндер де солай. Мұндай мысалдарды әлем тарихынан көптеп кездестіруге де, сондай-ақ, нақты мысалдармен алуан жайларды алға тартуға болады. Сонда, Қанат жазушының ұлттық мемлекетті ХІХ ғасырдың түсінігі деп қабылдауында не сыр бар? Бұл білместік пе, әлде, қазақты бір тұқыртып алу ма? Тіпті, іргеміздегі орыстар өздерін мемлекет құрушы, мемлекеттің негізін қалаушы ұлтпыз деп санаса, біз олай демейтін тоқалдан туғанбыз ба? Біздіңше, Қанат орыс тарихын былай қойғанда, іргеміздегі Қытай тарихынан да хабары жоқ сияқты. Олар өздерін ұлттық мемлекет санайды. Одан архаизмді көріп отырған не орыс, не қытай жоқ. Сосын, журналист Қанатқа: «Часто говорят, что сами русские провоцируют обострение междунациональных отношений, не желая учить казахский язык» – деп сауал қояды. Шындығына келгенде, журналистің бұл сауалында ешқандай да шындық жоқ. Қазаққа жала жабу бар. Біз өз басымыз «сен қазақ тілін білмейсің деп немесе қазақ тілін неге үйренбейсің деп орыспенен не басқа ұлт өкілдерімен» байланысып жатқан қазақты көрген емеспіз. Олай болмаған, болмайды да. Журналист тарапынан бұл сұрақ нағыз арантаушының іс-әрекеті. Енді, кейіпкердің сұраққа жауабына келейік. Оның жауабы да, сұрақтан асып жатқан ештеңесі де жоқ. «Апама жез­дем сайдың» сұрақ-жауаптары. Яғни, ұлт мүддесін аяқ асты ету. Қанат оған: «Да, большинство русских не хотят изучать казахский язык. И в обозримой исторической перспективе они этого делать не будут. Ровно до тех пор не будет, пока мы, казахи, не станем народом в цивилизационном плане привлекательным. Пока мы в своем поводений, труде, отношении к себе и другим не станем притягательными, красивыми. Язык – часть нашей жизни, часть нашего духосознания, но не самая значимая. До тех пор пока мы в своей массе демонстрируем эгоистическое поведение и сознание, ничто казахское не будет представляться привлекатель­ным» – деп жауап береді. Осы тұста Қанат­тың өркениет пен мәдениетті ажырата алмайтындығын анық байқауға болады. Бұл жерде өркениеттің ешқандай да қатысы жоқ, ол қандай да ұлттың болмасын мәдениетіне байланысты. Тіл үйрену өркениеттің көрінісі емес, мәдениеттің, сыйластықтың, адами қарым-қатынастың көрінісі. Егер, орыс не басқа ұлт өкілі қазақ тілін жақсы меңгеріп жатса, ол оның «суын ішіп, отын оттап» жүрген жерінің ел-жұртын құрметтегені. Бұл – мәдениет, өркениетке жатпайды. Құдайға шүкір, қазақ әзірше мәдениеттен жұрдай емес, оны кемсітіп, кекетіп отырған сол Қанат мырзалар мәдениетсіздіктің көрсеткіші болады да тұрады, маған. Әйтпесе, өзінің туған ұлтына соншалықты топырақ шашу кімге жарасатын іс дейсіз. Міне, өзін интеллигент санайтын журналист пен жазушының ұлт қалыптастырудағы ұлағаттылығы осы болса, онда біз қашан, қай уақытта іргетасы берік, іргелі ұлттық мемлекет бола аламыз. Шынында да, қазақ Қабдрахманов сияқтылармен өзінің ана тілін сақтап, алғы ғасырларға кіре алмайды-ау, сірә! Олардың тағы бір жасқаншақтықтары өздерін «шала-қазақ» санайтындықтарында. Әйтпесе, о шіркіндерді олай кемсітіп жатқан саналы қазақты көрген емеспін. Бұлардікі, не «қорыққан бұрын сілтейдінің» кері немесе «ұрының арты қуыс» дегенге саятын жағдай. Мұндайды орыстар ұрыны ұстау үшін «На воре-то шапка гарит» дейтінге саятын жалтақтықтан туған қадір-қасиет емес пе? Әйтпесе, о мырзаның журналистің: «Ну и на сладкое, что будет с шала-казахами?» – деп қойған, ши жүгірттіге келетін сауалына: «Образованные городские казахи – люди поиска, а не устарелых этнических стереотипов и ложных иллюзий. Раньше или позже, но человек поиска непременно осознает себе личностью, а это подразумевает отчетливое понимание автономности и ценности собственной жизни. Личность нигде и никогда не чувствует себя изгоем, потому что личность – это безграничная духовно-культурная империя, в которой живущий личностной жизнью индивидуум одновременно и повелитель, и народ. Ровно в эту сторону – от этничного соз­нания к личностному – движется культурный прогресс мира. Мы, городские казахи, прежде ощущавшие себя культурными маргиналами, пришли необычным, своим путем к осознанию необходимости формировать в себе личность, но результат складывается тот же, что и вы других частях культурного мира. И это хорошо» – деп жауап беруіне не жорық. Ал, енді өздерін «культурными маргиналами» санайтындарға келсек, «маргинал» сөзі қай оңған сөз дейсіз. Орыс тілді, қазақты бірден-бір сынап-мінеп жүргендердің қатарына жататын Олжас Сүлейменов маргиналдар туралы: «Американские социологи, пожалуй, первыми заметили и описали... маргинальный человек легко становится неустойчивой личностью с космополитическим мировозрением, у которого нет чувства подлинной связи со своим народом, со своей родной культурой и исторической традицией. И потому никакой позитивной роли в развитии этноса и его культуры маргинальная личность играть не может» – дейді. Соған қарағанда, Қанат сияқтылар туралы Олжекең қателеспеген сияқты. Бұған біздің алып-қосар ештеңеміз де жоқ. Сосын, Қанат сияқты өзің тұлға санайтын адам журналист тарапынан арандатып қойылған сауалға «жалтаң» жауап бермейді (Тұлға туралы, кімді тұлға дейтінімізді әлі айтамыз – А.Ә.). Жалпы, соңғы кездері «Время» газеті қазақ мәселесін барынша қолға алған сияқты. Олай дейтініміз, «Время» газетінің 26 сәуірінде Данияр Әшімбаевтан алған сұхбаты жарияланды. Енді, одан алынған үзіндіні сол қалпында берейік («Казахи за независимость не боролись): «Теперь в Казахстане самая большая проблема – шала-казахи, те, что удерживает нацию от мракобесия и мамбетизма (прошу прощения, если кого-то этим словом обидел). Давайте будем с ними бороться. Пусть они все уедут, а мы построим правильное национальное государство. И будем говорить друг с другом только по-казахски. Только непонятно о чем. И кто будет тащить страну вперед? Я бы все эти национальные изыскания выразил так Представьте северные олени проходят стадию национального возрождения, пытаются восстановить исконные тардиции оленеводства и активно ведут античукотскую деколонизацию не понимая, что оленеводство является традицией чукчей, а не оленей» – деген сөздер бар. Сонда, «Қанат пен Данияр мырза бірінің аузына бірі түкіріп қойған ба?» дейміз-ау, біз. Бұл «Время» газеті тарапынан өздерін «шала-қазақ» санайтындардың қолымен от көсеу емес пе? Яғни, қазақ пен қазақтың арасына ши жүгіртудің таптырмас амалы осында жатыр. Мұндайды «Разделяй и властвуй» дейді. Сол «Время» газетінде атақты бишіміз Болат Аюханов Олжекеңнен де терең кетіп: «Вообще не люблю слово «патриот». Я кусочек, винтик этого государства. Для меня ковыль, Алатау, бараны – это не родина!» – дейді. Сонда дейміз-ау, мемлекетіміздің ұстанып отырған идеялық және идеологиялық бастамаларының арқауы, сол қазақстандық патриотизмді қалыптастыру емес пе? Ал, Болат Аюха­новтың «патриот» сөзін ұнатпаймын деуіне не жорық. Қазақ интеллигенті әрі интеллектуалы деп жүрген Бөкең осылай десе, біз қалайша ұлт қалыптастыра аламыз. О кісінің сасқаны ма, тіпті, енді бір сөзінде: «У казахов никогда не было танца, влюбленная в Казахстан Лидия Чернышева создавала пластику на основе песен, обрядов, подражания традиционным занятиям кочевников!» – деп те жіберген. Сонда, ғасырлар бойы қалыптасқан қазақтың би өнері қайда қалады. Бір ғана «Қамажай» биінің өзі неге тұрады? Атақты Шара Жиен­құлованың кезінде қайта жаңғыртқан ұлттық билерін қайда қоямыз. Кеңес Одағы кезінде Шара апамыздың атақ-дәрежесі Болат Аюхановтың қазіргі атақ дәрежесінен артық болған. Қалайша, Аюханов әлімсақтан келе жатқан әрі ғылыми дәлелденген қа­зақ­тың би өнерін белден бір-ақ тартып, жоққа шығарады. Шынымызды айтайық, «Время» газетінің соңғы кездердегі ұстанып жүрген бағыт-бағдары қазақты жамандау болатын болса, онда олар оны журналистика жанрының әртүрлі амалдарымен орындап-ақ жүр. Мұндай амалмен біз еш уақытта да қазақстандық патриотизмді қалыптастырып, ел тұрақтылығын ұзаққа жеткізе алмаймыз. Біздің шарқ ұрып, шырылдап жазатынымыз да, айтатынымыз да Қазақстан халқының тұтастығы, мемлекет атын алған ұлтты ұлықтамасаң да, сыйлау. Оның тілі мен ділін, әдет-ғұрып, салт-санасына ши жүгіртпей, қазақтың қолымен, қазақтың отын көсемей, ел тыныштығын ойла, біз де соны қалаймыз, Қанат мырза. Қазақ интеллигенциясының ұлт қалып­тастырудағы ұлағаты қандай дегенде, алдымен оның кілті болатындай ойға ие, белгілі орыс философ-тарихшысы П.Флоренскийдің: «Политическая свобода масс государствах, с представительным правлением есть обман и самообман масс... представительное правление ведет к господству случайных групп и всеобщей продажности; пресса, – к лжи» деген пікір-тұжырымына иек артқымыз келеді. Өйткені, мұнда төменде тілге тиек болатын жайға қатысты сырдың бір ұштығы бар секілді. Шынында да, біз қазір жоғарыда келтірілген пікір тұжырымдағы көңіл-күй мен іс-әрекетті бастан кешіп жатырмыз. Бүгінде не көп, партия көп, тағы не көп, газет көп. Көп... көп... Ал, олардың сапасы қалай. Ұстанған бағыт-бағдарлары мен мақсат-мұраттары қоғамдық, мемлекеттік, ұлттық мүддесінен шыға ма? Олардың қай-қайсысы болмасын өзінше шырылдап шындық айтады, аһ ұрып ақиқатқа жүгінеді. Бірақ, соның көбісі өтірік, көбісі демагогия, боссөзділік, абстракция... Олардың қозғаушы күші – ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯ. Ол кім? Оған қояр талап-тілек қандай? Оның шет-шегі қайда? Адамды несі, кандай іс-әрекеті үшін интеллигент дей аламыз? Егер, оған этимологиялық тұрғыдан зерделей қарасақ, яғни, тереңдей тамырына үңілсек, онда біз оқығанның барлығын интеллигент деуіміз керек. Ол латын тілінде: «іпtellіgere: понимать, знать, мыслить, иметь понятие о чем-либо» деген ұғымды білдіреді. Бірақ, өкінішке орай бұл пікірде біржақтылық басым. Өйткені, жоғарыдағыдай талап-тілекке жауап беретіндердің барлығы жақсы адамдар емес. Әсіресе, ол қазіргі «нарықтық кәсіп­кер­лік­ке», «нарық саясатына», «нарықтық сауда-саттық ниет-құлыққа» көшкен кезеңде және соған қол жеткізіп жүргендердің көбісі «жақсы адам» талабынан табыла бермейді. Ендеше, интеллигенция оқып білім алу ғана емес, оның басты критерийін жақсы адам болудан іздеуіміз керектігінде. Сосын, білімдінің бәрі адал емес те, оқығанның барлығы шын мәніндегі білімді саналмайды. Сондай-ақ, кеңестік кезеңде біз білімді керемет алдық, бірақ, ең қатерлісі оны ұлттық мүддеге қарағанда жалпы адамзаттық-коммунизм идеясы бағыт-бағдарында пайдаландық. «Еуропаны коммунизм елесі кезіп жүр» дегеннің де сыры сонда. Яғни, аталған кезеңдегі интеллигенттердің көпші­лігінде ұлттық-текке негізделген қасиет жоқ. Ал, кез келген бейтарапсыздық (кіндік ұлт мүддесінен қарағанда) бейұлтшылдық ұғымын қалыптастырады. Толстойға жүгінсек, шын мағынасындағы интеллигент, қоғам, мемлекет, ұлт өміріндегі кез келген жағымды-жағымсыз, негізді-негізсіз, арлы-арсыз іс-әрекетке немқұрайлы қарамай «Не могу молчать...» дейтін дәрежеге жеткенде ғана интеллигент бола алады. Және ол жариялылық түрде жүруі тиіс. Ендеше, біз өзіміздің жеке басымыздың мүддесін мемлекет мүддесімен ұштастырып, оны ұлт мақсат-мұратында пайдаланбасақ Лев Толстой талап-тілегінен табылмайтынымыз анық. Әсіресе, бұл қазір қазақ үшін ауадай қажет. Жалпы, ұлт, қоғам, унитарлы мемлекет мүддесін күйретуге бірден-бір ықпал етіп жүргендердің қатарында люмпендер бар. Олар да өздерін интеллигенттерміз дейді. Егер, интеллигент ұғымына жоғарыдағы алған білімі тарапынан келсек, шынында да, олар интеллигенттер. Сондықтан, біз осы бір қасиетті ұғымға біржақты «білімділік» талап-тілегінен келмеуіміз керек екен. Люмпендер бейұлтшыл, өзінің туған мәдениеті мен өркениетінен, әдет-ғұрып, салт-санасынан, діл мен тілінен қол үзгендер. Оларда сатқындық басым. Яғни, оларға қоғамдық, мемлекеттік, ұлттық мақсат-мүддедегі билікті еш сеніп тапсыруға болмайды. Бүгінде билік басына ұмтылып жүрген либерал-реформатор интеллигент өкілдерінің көпшілігі со дәрежедегі адамдар. Олар байлыққа жеткен қол, билікке де жетеді деп ойлайды. Және оны халықпен бірге жасап жүрміз деп те көңіл тойындырады. Өкінішке орай, олардың халықтан қол үзіп кеткені қашан. Міне, сондықтан да біз интеллигенция мен халықтың арасындағы байланыс бүгінде үзілген десек артық айтқандық емес деп ойлаймыз. Қоғамның бай мен кедей болып тапқа бөлінуінің де сыры сонда. Бізде қазір кейбір өзін интеллигент санайтындар өз ата-баба тарихынан кенде қалып, өзіндегі барды қанағаттанбай әлдеқайдан әлдебір адам­дардан (біздің жағдайда Батыстан), өзін беделді санайтын ұйымдардан әлеу­­меттік-қоғамдық, айта берді саяси сіл­кіністі күтеді. Оған жақында бір топ журналистің «бізді ұрып-соғып, қызмет орындарымызды тонап, сөз бостандығы мен ой еркіндігіне Қазақстанда қиямет қысым жасалып жатыр, сондықтан, біз Батысқа шағымданамыз» деп қоқан-лоққы жасауы мысал бола алады. Егер, өзіңді өзің қорғап, өз сөзіңе өзің жауап бере алмасаң, сосын сол өзің тұ­рып жатқан қоғамның, мемлекеттің, ұлттың, тіпті, басты-басты шенеуніктердің жақсысын көре алмасаң оған кім кінәлі? Сан айтқанбыз, тағы қайталап айтамыз Алланың ғана билігінде шек, сосын кемшілік жоқ, ал, адамның билігінде шек те, кемшілік те бар. Ендеше, біз тек қана кемшілікті көріп, жамандықты теріп ел де, тіпті, жақсы жур­налист те бола алмаймыз. Оған ішкі және сыртқы мәдениетіміздің жетпеуі, сол интеллигентке қойылар басты талап, жақсы адам бола алмай жүргендігіміз кінәлі. Бізді қарақан басымыздың эгоизмі меңдеген. Тек маған болсын деген мысық тілеумен өмір сүреміз. Сондықтан да, интеллигенттік дегенді білімнен емес, Имандылық пен жақсы адамдық қасиеттерден іздеген жөн. Оның бірден-бір көрсеткіші өзіңнің мемлекетіңді, қоғамыңды, ұлтыңды сүю. Міне, біздің «Қазақ интеллигенциясының ұлт қалыптастырудағы ұлағаты қандай?» деуіміздің сыры сонда. Осындайда есімізге Достоевскийдің: «Нет народ наш не материалист настолько, чтобы думать об одним только насущных выгодах и положительном интересе. Он будет рад духовно, если предстанет великая цель, и примет ее как хлеб духовный» дегені түседі. Ендеше, өзін интеллигент санайтын әрбір азамат байлыққа қол жеткізуді билікке қол жеткізу деп түсінбей, өзгенің де, жалпы ұлттың рухы мықты болатындай іс-әрекет пен сөз арасында алшақтығы жоқ жағдайда қызмет етуі керек. Өкінішке орай, олай емес. Себебі, біз әлі мемлекетіміздің игі бастамасының не үшін, қалай жасалып жатқандығы, тіпті, оны «қалай жасау керек», деген бағыт-бағдарламасымен қоса Президентіміздің Жолдауына күле қараймыз. Мысалы ма, мысалы «Деловая Неделя» газеті өзінің «Бір сан и пара» атты бас мақаласында Франсуа Рабленің «Гаргантюа и Пантагрюэль» атты шығармасынан: «Revenons a’nos moutons» (Вер­немся к нашим баранам)» деген эпиграф алып, қазіргі мемлекет саясатындағы ауыл мәселесін мазақ еткендей болады. О шіркін, осынысымен бірдеңені тауып айтып, қауып (бұл итке ғана тән қылық - А.Ә.) жаздым дейді-ау, сірә! Сосын одан әрі: «О селе говорят обтекаемо и абстрактно. Единственное, о чем не забыли, пожалуй, то, где ходит «бешбар­мак» деп өздерінше әлде біреулерді, әлде кімдерді кемсітіп-кекеткендей сыңай танытады. Міне, бұл сөздерді айтып-жазып отырған сол «білімді» жуналист-интеллигент. Сөз, сөйлем, тіпті, айтар ой «жаңалығындағы» шексіз жауапкерсіздікке таңқаласың. Және бұл «жаңалық» – әлгі аты-жөні белгісіз журналист-интеллигент үшін сөз бостандығы, ой-еркіндігі. Осыдан соң осындай журналистер бізге қысым жасап жатыр деп зар илейтінін қайтерсің. Міне, осындай жағдайлардан кейін біз, интеллигенция халық, одан да әрі кеткенде ұлт элитасы бола аламыз ба? Әй, қайдам?! Бұлай деп түнілгендей болатыным, Қазақстанда «Азат», «Ақжол», «Ақиқат», «Коммунистік партия» секілді қанша партия барын білмеймін, бірақ, олардың әрқайсысының көшбасшысы саналатын адамдар шын мағынасындағы «Не могу молчать...» дей алатын интеллигенттер ме? Олай деп сауал қоятыным, солардың өздерінен не қосшыларының бірінің аузынан, не бағдарламасынан Ұлттық идея туралы естіп, оқымаппын. Сонда, олардың кімге, қай ұлт-елге қызмет еткісі келетінін түсінбеймін. Ал, ол жалпы қазақстандық болса, оның ұлтсыз, ойдан-қырдан жиналған американдықтардан айырмашылығы неде? Егер, біз мемлекетімізді қазақ республикасы демей, көп ұлтты Қазақстан мемлекеті деп айдарлай үкілеп, әспеттеп жатсақ Ұлттық идея кімге керек? Ал, керек дейік. Керек болса, ол қандай дәреже, қаншалықты көлемде болса керек-ті. Сосын, іргеміздегі Ресейдің, біздің отанымыздағы қандастары ол идеяны қолдап, «біз қазақ мемлекеттілігіне қосыламыз» дей қоя ма? Әй, қайдам?! Өйткені, кешегі Ресейден түсіп жатқан Дугин сияқты десанттар бұрынғы КСРО-ның екінші түрі Еуразия патриоттығын насихаттап жатса ше? Осы түстеп айта кететін жай. Біреу жақтырсын, жақтырмасын, біз Иран, Ирак, Сауд Арабиясындай, тіпті, іргеміздегі Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстандай болмасақ та мұсылман елміз. Оған елімізде мұсылмандардың өзге дін өкілдерінен артықтығын қосыңыздар. Міне, мұның бәрі Ұлттық идеяға барар жолдағы нақты факторлар. Сонда да, көп ұлтты екеніміз де өтірік емес. Отан бір кезде коммунистік-интернационализм идеясымен сусындап өскеніміз де жоқ емес, бар. Өз еліңдегі осындай жағдайларды ескере келе, мысалы Ресейдің әлемдегі орнын саралай отырып орыс сыншысы әрі тарихшы-философы Вадим Кожинов: «Ресей ұлттық мемлекет емес, континент», – десе, оның қандасы Дугин православиеге негізделген орыс шовинизмін насихаттайтын Евразия идеясын ұсынады. Ал, олардың бірде-біреуі бізді айналып өтпеуі бек анық. Мүмкін, бізге осының екеуінің біреуі керек шығар? Бұл сауалды «арандатушы сұрақ» деп түсініп, менің ой-пікір, тұжырымым сол екі Кожинов пен Дугин ұсынған идеялардың біреуіне де қосылмай, үшінші жол іздеу керек дейтініме аспандағы Ай-Күндей сеніңіздер. Осыдан бірнеше ғасыр бұрын орыстардың Мәскеуді үшінші Рим деп жариялап, сол жолда еңбек еткенін жақсы білеміз. Біз төртінші Рим деп Астананы мәлімдесек ше, қалай болады? Еуразия идеясын ұсынушылар: «Эту нацию мы называем евразийской, ее территорию – Евразией, ее национализм-еврозииством», – деп жар салып, орыс мүддесіндегі космополизмді насихаттаса, басқалары «Православие – важнейший источник русской идеи» деген тұжырым жасап, бүкіл ақпарат құралдары арқылы үгіт жүргізіп қана қоймай, жоғарыдағы айтқан Дугин – десанттары арқылы Қазақстандағы орыстардың арқасын қоздырып, тілін шығартып, дінін нықтап жатса, шынында біз қайда барып паналаймыз? Міне, осы тұстан интеллигенция өз сөзін айтуы тиіс. Әйтпесе, ұлтымыз қазіргі қауға тиген өрттей болып тұрған Еуразия идеясы мен Еуразия одағы түсінік-танымы, бағыт-бағдары арасында адасып, мемлекеттік тұтастығымызға ши жүгіртетіндей ой жетегінде кетуі бек мүмкін. Осыған орай, негізі бір кезде қаланып, кейбір ой-тұжырымдарымыз мерзімді басылымдарда үзік-үзік жарияланып жүргеніне қарамай, өзіміздің евразия идеясы мен Еуразия одағы туралы ойларымызды алға тартқымыз келе­ді. Оған себеп, алға тартқалы отырған мақаламызға мұрындық болатын жағдай, осыдан біраз жылдар бұрын Парламент депутаттары О.Әбдікәрімов, Ж.Тұяқбай, Ғ.Байназаров, Х.Ережепов, Ғ.Қалиев, Қ.Тұрысов, М.Сағдиевтің өз әріптестері Айталының тіл туралы көтерген мәселесіне өре түрегеле қарсы болуы мен содан соң, «Литературная газета» 23 наурыз күнгі №10 санында жарияланған Александр Дугиннің православияға негізделіп, орыс шовинизмі құлық-ниетіндегі Еуразия идеясына байланысты «Евразийство наследует дух и стиль Московской Руси. Это продолжение той Руси, того русского государства, где элита и массы говорят на одном языке и где этот язык национальный» дей келіп, «Сейчас наблюдается бум евразийцев в двух странах – в Казахстане и Турции. Там евразийцев не десять и не двадцать, там огромное количество людей в правящих элитах воспринимают евразийство как новый государственный курс» деген ойды қозғап «...в Казахстане это означает ускоренную реализацию Евразийского Союза – проекта Назарбаева» деп айтқан пікір-тұжырымы болды. Бұлардың екеуінен де аңғарғаным Қазақстанды көптен бері космополитизм елесінің кезіп жүргендігі. Өйткені, әлгі біздің депутаттардың өздерінің туған тілін жатсынып, оған оғаш мінез-құлық көрсетуі өзінің ел-жерін жоққа шы­ғаруымен бірдей қасиет болса, ал, Дугин мырзаның әлімсақтан жалаулатып жүргені Азия мен Еуропа кеңістігін жайлаған аз ұлттарды жұтып қоятын идея. О мырза, қайда жүріп, қай жерде сөйлемесін кілең Президент Назарбаев ұсынған Еуразия одағын алға тарта береді. Және соны «көзір» етеді. Еуразия идеясы идеологының осы тұстағы білмейтін, не білсе де білмегеңдей кейіп көрсететін жағдайы, Еуразия идеясы патшалық Ресей кезінен бастау ала­тын империялық пиғылдан ерген Еуроцентризмге қарсы орыс шовинизмі бағыт-бағдарындағы ағым да, ал, біздің Елбасымыз ұсынып отырған Еуразия одағы болса, таза тәуелсіз мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстан туған оң идея. Сондықтан да, Еуразия идеясы мен Еуразия одағын еш жаңылыстыруға болмайды. Ал, біздің тарихшы, философ, сонымен бірге академик атанып жүрген енді бір қандастарымыз, білім саласын басқарып жүрген ана бір азаматымыз Еуразия идеясы мен Еуразия одағының ара-жігін ашып берудің орнына, оларды бірін-бірімен жаңылыстырып, қойыртпақ ете келе, қалың қазақты әрі-сәрі ететін мақалалар жазып, ойлар айтып жүргеніне таңғаласың. Академик Ә.Нысанбаев болса, Еуразиялық одақты «...славяндар мен тұрандықтардың іс жүзіндегі ішкі менталдық бірлігіне негізделген» идея деп ой түйетінін қайтерсіз. Біздің қайта-қайта Еуразия идеясы мен Еуразия одағын жаңылыстырмай, олардың ара-жігін қара ормандай қазаққа түсіндіре, ажыратып беруіміз керек деп қан қақсайтынымыз да сондықтан. Егер, сол тарихшылар мен академиктер жалпы Тұрандық идеяны қалыптастырып, оны Ұлттық идеямен байланыстыра, сонау, патшалық Ресей кезінен басталған Еуроцентризм және Еуразия идеясымен бәсекелес, яғни, ұлттық мақсат-мүддені жұтып қоюға дайын, жайын құлықты идеялар тудырған бәсекеге төтеп бере алатын идея етіп қалыптастыруымыз керек десе, айналып кетпейсің бе? Жоқ, бізде бәрі керісінше, Еуразия идеясы мен Еуразия одағын араластырып, қойыртпақ құлаш-құлаш мақала жазылып жатқаны. Қайта, Елбасымыз анабір жылы Мәскеуде өткен Еуразия одағына байланысты дөңгелек үстелде мәскеулік Еуразия идеясын насихаттаушы философтар мен саясаткерлерге, оның бағыт-бағдарын барынша түсіндіріп, Одақтың экономикалық жағына баса назар аударған болатын. Біздің жарғақ құлағымыз жастыққа тимей қашаннан бері жазып та, айтып та келе жатқанымыз, «Мәскеуді үшінші Рим» санайтын дугиншілдердің насихаттап жүргені Еуразиядағы аз ұлттарды түптің түбінде жұтып қоятын жайын құлықты Еуразия идеясының басымызды зорға арашалап алған КСРО-дан бірде айырмашылығы жоқтығы мен оның православияға негізделгендігі. Сонымен айтарымыз, шынымен Қазақстанда еуразияшылдар «огромное количество» болып, ол идея республикамызда «государственный курс» болса онда бізді шын мағынасында Құдайдың ұрғаны. Ондай бағыт-бағдарды шынымен темірқазық етсек, онда қазіргі бар тәуелсіздігімізден қол үзетіндігімізге сенім білдіре аламыз. Соның бәріне қарамай, қазақ ұлты өмір сүріп, өзінің барын әлемге бар қал-қадерінше танытып жатқанда, бізге сөзсіз Ұлттық идея ауадай қажет. Бірақ, ол – абстракция, сосын сана-сезімге де сыймайтын қиялдан өрлей, өмір, қоғам, мемлекет, ұлт, айта берді бүкіл Қазақстандағы өзге ұлттар мен ұлыстардың басын біріктіре алатын, сөйтіп, қазақ патриотизмін қалыптастыратын іс-әрекетіне ұйытқы болатын Идея болуы тиіс. Мен Қазақстанды қазақсыз көз алдыма елестете алмаймын. Сол қазақ қазір ақпараттық және этно-демографиялық соғыстың өтінде тұр. Ұлттық идея бізге сол соғыстарда өзгені қорлап, аяқасты етпей, өзіміздің ұлттық мүддемізді қорғап қалуға ерекше көмектесер еді. Мемлекетіміз бүгінде ауыр-жеңіліне қарамай, белгілі бір нарықтық кезеңнен өтті. Ендеше нарыққа лайық ұлттық интеллигенция, сондай-ақ, ұлттық саяси элита да өмірге келді. Қазір аз болсын, көп болсын, жақсы не жаман болсын, қазақ қоғамын ұстап тұрған сол элита. Бұрынғы Евразия идеясы – эвроцентризмге қарсы құрылған одақ болса, бүгінгі Неоевразия идеясы атлантизм мен американизмге, сосын жалпы глобализацияға қарсы партия. Олардың негізін қалаушы бұрынғы князь Турбецкой, Савицкий, одан әрі Гумилев, одан да бері Дугин. Сол Дугин мәселені Сізбен, бізбен ақылдаспай, кеңеспей: «Общая для всех казахстанцев национальная идея, может быть и есть. Это – Евразийство», – деп шешіп қойған. Оған ондай құқықты кім берді?!. Орыстар «Москва – третий Рим» деуінің сыры мемлекеттік құрылымның приниптері мен сол ұлттың тәнін қорғайтын жолдарды анықтап алу үшін бағытталған. Оған геосаясат, әлеуметтік-экономикалық және құқықтық-территориялық мәселелер кіреді. Онда саяси принцип, бар билік орыстардың қолында болуы тиіс. Қалғаны солардың сұқ саусағы арқылы бөліске түсіп, өзгелер солардың «шешімімен» еншілеп жатады. Ал, Мәскеу жалпыұлттық мемлекеттік-құқықтық ұйымның орталығы болып қайта жаңғырады-мыс. Сонымен, болашақ Ұлттық идеяның негізін, яғни, жобасын неден, қалай қалыптастыруымыз керек? Бірінші, ол идея – мемлекетіміздің демографиялық және ақпараттық-саяси технологиясын заманға сай ұлттық негізде өргіздіріп, ұлттың тәні мен рухын тең дәрежеде дамытуға ат салысуы тиіс. Ал, ұлттық рухани құндылықтар жаңа мағына-мәндегі әрі түрдегі қайта құрылған материалдық-практикалық қызмет пен экономикалық ұлттық реформаға бастама болмаса болмайды. Ол үшін шығармашылық, яғни, творчестволық интеллектуалдық күш-жігерді жинақтауға тиіспіз. Ал, люмпендер – туған мәдениетінен қол үзген адамдар, бірақ, оларда интеллект жоқ деуге болмайды. Бар болғаны олар ұлтына жат-жұрттай қарайды. Міне, бұлар біздің Ұлттық идеямызды қалыптастыруға кері әсерін тигізеді. Ұлттық идеяның негізі – Тіл, Дәстүр, Дін, сондай-ақ, Діл, әрине, одан әрі қоғам, мемлекет, үкімет болып кете береді. Ұлтты Діннен еш бөліп қарауға қанша болмаса, Ұлттық идеяны да сонша бөліп қарауға болмайды. Өйткені, Дін – ұлттың негізгі тұрмыс-тіршіліктегі Иманға негізделген өмірлік құндылығы. Біздің қандай да идея ұлттан, өмірден, қоғамнан тыс болмауы керек дейтініміз сондықтан. Осы тұста мен сіздерден Ұлттық идеяны қалыптастыратын бірден-бір көз интеллигенция ұлттық элита мәртебесіне, яғни, статусына лайық па деп сұрақ қойсам ше? Әрине, лайық болуы мүмкін. Бірақ, олар, бірінші, қанша білімді болғанмен өресіз, біліксіз, имансыз болса, екінші, сана-сарабынсыз, соқыр сенім-нанымдағы батысшыл, ұлттық тек-топырақтан ада болса, сөз жоқ, мұның екеуі де бейұлттық адамдар. Мысалы, біз Қазақстанның экономикасын қазақ тағдырын, тарихын, мәдениет, әдебиетін, рухани бағыт-бағдарын, тілін, ділін, менталитетін білмейтін Қанат Қабдрахманов секілділердің қолына тапсырсақ, ешуақытта Ұлттық идея қалыптастыра алмаспыз. Ұлттық идеяның ең негізгі көзінің бірі сол – экономика, материя. Әрине, рухсыз еш материя мәңгілік бола алмайды. Бірақ, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайсыз да Ұлттық идея толыққанды қалыптаса алмайды. Сондықтан, ондай құндылықтарды өмірдің өзі қалыптастырып, реттейді. Сонда да, онда төмендегі негіздер болуы тиіс. Бірінші, ұлттың дәстүрлі психологиясы, екінші, ол нақты қазіргі жағдайға сай болуы тиіс. Мемлекеттің тарихын қалыптастыратын қоғамдық дамуды ұлттық негізге бағыштамасақ тағы болмайды. Оның көзі құқықтық-заңдылық негізде. Яғни, Ата Заңымызға сүйенген заңдылықтар, сондай-ақ, Үкімет, Президент, Парламент болып сол Ұлттық идеяға кең жол ашуға мүмкіндіктер жасауы тиіс. Ұлттық идея болса – тұлғалар қалып­тасады. Тарихи тұлғалар тарихи идеялар болған тұста болады. Міне, солар шын мағынасындағы интеллигенттер болып қалыптасады. Идеяның орындалуы ұзақ процесс. Ол бірнеше ұрпаққа кетуі бек мүмкін. Бірақ, ең бастысы, негіз қаланып, темірқазық анықталады. Кеңестік кезеңдегі идея солай болған. Қазір де сондай идеяның орнын Ұлттық идея алмастыруы ауадай қажет. Жалпы, қазақ халқында ұлттық идея-жинақтаулы күшке ие болып, ұлтты топтастыратын рөл атқарған. Асанқайғының Жерұйық іздеуін алыңыз. Оның еврейлерге қырық жыл «Земля обитавения» іздеген Мұса, Мойесейден несі кем. Бұл мәселе бұдан да терең, кең әңгімелеуді талап етеді. Бұл үзік сыр ғана. Сондықтан, ұлттық идея іздеушілердің басы да, аяғы да біз бола қоймаспыз. Мәселе, соны тауып, қалыптастыра аламыз ба, әңгіме сонда. Білсеңіздер, осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын біз ұлт, жеке тұлға – азамат ретінде де социал-коммунистік қоғамның ұжымдық тәрбиесінде болып, «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» принципінде, образбен айтқанда бір қазанның қайнауынан шығатынбыз. Тіл, діл, ой жүйеміз, оны айтасыз күнделікті тыныс-тіршілігіміз қоғамдық-өмірлік қарым-қатынасында бір қалыпта (стандарт, штамп десе де болады – А.Ә.) дамып, болашақ «коммунизмге» нық басып бара жататынбыз. Әрине, бұл тұста о «сара жолдың» бәрі де бұрыс та дұрыс емес десем мен қатты қателесемін. Бірақ, оның әйтеуір бір мүкісі барын кеңестер одағында астыртын шығатын «Самиздаттан» жарық көретін басылымдардан оқып та, біліп те жүретінбіз. Егер, тағы да бір со қоғамда отыз-қырық жыл өмір сүргенде біздер шынында да, В.И.Лениннің: «Це­лью социализма является не толь­ко уничтожение раздробленности человечества на мелкие государ­ства и всякой обособленности на­ций, не только сближение наций, но и слияние их» дегеніндей дәре­жеге де жетіп жығылар едік. Әйтеуір, Құдай сақтады. Адам өзінің ежелгі бұзылып, жүре келе жалған да жасанды жалғасқан о бастағы табиғи имандылық сезім екпінін сақтап, бүгінде утопиялық гуманизмнен бас тарта отырып, өзінің тарихи-табиғи тектік имандылыққа негізделген мораліне қол жеткізу үшін ұлт – халық, жеке адам – көпшілік арасынан өзінше бір Тұлға болып қалыптасуын бастады. Ұлттың тұлғалылығы – ұлттық және унитарлық мемлекет негізі болса, ал, жеке адам тұлғалылығы – ұлт айнасы интеллигенция жиынтығының көрінісі. Мұның екеуінің де анықтауышы – антропологиялық-психологиялық, өздеріне ғана тән қасиеттер жиынтығы. Ендеше, қазір қазаққа мынау айран асыр, бірін-бірі жұтып, жойып жіберуге әзір әлемде ұлт ретінде де, азамат ретінде де Жеке тұлғалыққа тән интеллигенттік және интеллектуалдық қадір-қасиет ауадай қажет. Мұны Достоевский өзінің күнделігінде: «Нация есть ничего больше, как народная личность» деп тұжырымдаған болатын. Бұл метафо­ра не көркемдік тәсіл емес, солай. Мұнда Рухани әрі тектік тұтастық бар. Мұны жоғалтқан күні Ұлт та, жеке адам да ешкім емес. Ол бейтүс, бейтіл, бейділді, өмірі және тыныс-тіршілігі, болмыс-бітімі хаос (былық, тәртіпсіз, ұйқы-тұйқы) жан иесі ғана. Ал, жеке тұлға ретінде қалыптасқан ұлт та, адам да, жалпы халықтан, адамзаттан қол үзбейді. Қайта оларды құрап, толықтырады. Әзірше, біз кімбіз, қайда бара жатырмыз. Мұны анықтап білу, әрі болашаққа нық баруымыз үшін өзіміздің халық арасындағы ұлт ретіндегі де, сол ұлт ішіндегі азамат ретіндегі де жеке тұлғалылығымыздың көзін ашып, олардың рухани желеп-жебеушісі болуға міндеттіміз. Әйтпесе, біздің болашағымыз, қазақтың ұлт ретіндегі ертеңі, әлемге тән қоғамдық өмірі, тыныс-тіршілігі ұлттың, Қазақстанның соңғы жанталасқа толы тұяқ серпілісі (агония) болуы бек ғажап емес. Ал, ұлтты, оның ішінде жеке тұлға – қазақты құртып, жоқ қылып жіберу үшін ешқандай атом, не ядролық қарудың қажеті жоқ, бар болғаны оны жадынан жаңылыстырып, ақыл-ой, сана-сезімі мен тілін жойып жіберсең болғаны. Бұл әлімсақтан келе жатқан Еуроцентризмнің, қазіргі ғаламдастырудың баяғыдан бері бір-біріне жалғасқан әрі алға қойған мақсат-мүддесі. Біз бұның бәрін неге қозғап, ділмәрсіп жазып отырмыз. Енді, тақырыбымыздағы «Грядущий хамға» келейік. Осыдан көп жылдар, кеңестер кезеңі кезінде «Са­миздатта» жарық көріп, қолдан қолға беріп, жасырын оқитын орыс философы әрі дінтанушысы Дмитрий Мережковскийдің осы тақырып аттас мақалалар жинағын бүгінгі ашық жарияланған басылымында: «В начале XX в. наблюдалось резкое ухудшение че­ловеческого качества, а это при­вело к нарастанию хамства в об­щественной и личной жизни. Хам­ство – это не озорство, а «острая политическая опасность». Хамство – одно из самых распространен­ных психологических насилий над личностью, против которого об­щество так и не создало защитных средств. Нравственные уголовни­ки чувствуют себя в полной безна­казанности – на них, как прави­ло, нет управы» деген жолдар бар. Мұндай жағдайлар испан философы Ортега-и-Гассет жазғандай «ешкімге бағынбайтын» «Тобыр көтерілісі» (Восстание масс) басталған кезде көзге ұрып, көңілге қаяу түсіреді. Бір қызығы орыс философының тілге тиек етіп, көтеріп отырған мәселесі дәл сол күйінде XXІ ғасырдың басында қайталанып отырғанына еріксіз таң қаласың. Біздің тарихтан сабақ алмайтындығымыздың да сыры сонда. Шындығында да, қазір өзін могиканның соңғы тұяғы, тіпті, қоғамның қай саласында болмасын өздерін ұлы тұлғалар санайтындар көбейіп кетті. Солардың қатарында Қанат Қабдрахманов та өзін «личность» санайды. Олар кімдер? Олар бір кез­де өздеріне социал-коммунистер жағдай (аура) жасаған, ұжымдық тәрбиенің бар жылы-жұмсағын жеп дәніккендер. Мұндай «хамдар» өзінен басқа өзгені көрмейтін қасиетке ие құбылыс. «Хам» тойымсыздығы мен мещанның өзінен-өзі ісіп-кеуіп, бұтқа толып жүретіндігінің арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Олар ел-жұртқа бермейді, керісінше, ел-жұрттан алады. Өйткені, олардың өмір сүру принциптері солай. Оларды көзбен көріп, көңілмен сезінгенмен де, қолмен ұстап со­тқа бере алмайсың. Сондықтан да, ондайлар кез келген жерде өздерін еркін ұстайды және өздерін сол жүрген жерде қожайындай сезінеді. Мұның бәрі сол ірі тұлғаның жоқтығынан. Кім көрінген могиканның соңғы тұяғы, тұлға деген қасиетті ұғымдарды өздеріне қалқан етіп алған. Соны­мен қорғанады. Патша заманындағы сөз тасып, ел бұзарлығы басым болған «распутиншинаның» мұрагер-мирасқорлары да солар. Олар өз заманына қарай құбылып, хамелеондық танытып өмір сүре, мысық тілеулі жүріспен өздеріне жағдай жасап алады. Ал, оған кедергі келтірсең ешқандай аяу жоқ. Мережковскийдің «Грядущий хам» деп отырғандары солар. Орыс ойшылы С.Қара-Мурзаның: «Хамы» забыли свое место, смешались с духовной аристократией, раствори­ли ее в себе, портили ее расу» деуі де сондықтан. Мұндай көріністі тежейтіндер тек қана шын мәніндегі ұлт тұлғалары. Ендеше, бізге қазір тұлға тәрбиелеумен айналысу керек. Именіп, жасқанатыны жоқ ұлт пен адам Құдайдан да қорықпайды. Ол имансыздықтың көрінісі. Иман – тілмен айтқанды, ділмен (жүрекпен) бекіту, әрі оны өзінің іс-әрекеті арқылы нықтау. Әр ғасырдың өз «хамдарының» пайда болуы заңдылыққа айналған тұста қоғам күйрейді. Бұ да бір сол «ешкімге бағынбайтын», ештеңені мойындамауға тырысатын имансыздықтың көрінісіндей әсерден туған қылықтар емес пе?.. Ендеше, тағы да қайталап айтамыз, қазір қазақ ұлт ретінде республикамыздағы өзге халықтарды біріктіріп, тұтастыра тартып тұратын «магнит» болып, ал, азаматтарымыз адам ретінде жеке тұлға болуы тиіс. Кей кездері алаңға шығып айқайлап жүрген, болмаған жағдайда топтаса қоғамдық тәртіпті бұзушылар сол тобырлар тобына жатады. Ал, өзін интеллектуал санайтын, енді, бір топтың өкілі Әуезхан Қодар мырза «Алдымен ұлт деген сөздің өзін түсініп алайық. Ұлт – тарихи категория. Тарих қалай өзгерсе ол солай өзгереді» деп, сол оңы-солын білмейтін тобырдың қолтығына су бүркиді. Бұл не деген абсурд. Логика қайда? Әуезханның аузына осы сөзді салып отырған қай Құдай, не қандай адам. Түсініксіз, Әуезхан демекші, бұ секілділер қоғамымызда шаш етектен. Олардың кітаптары мен мінбелерде айтқан сөздері том-том болып шығып жатады. Оның ішінде өзің орыс тілді (дұрысы орыс – А.Ә.) Қабдрахманов та бар. Соған қарамай, кітап пен сөз басты нәрсе емес. Ол тілмен айтылып, қаламмен жазылса да – діл (жүрек) мен іс-әрекет арқылы бекітілуі тиіс. Міне, осы басты нәрсе. Оны тек тұлға ғана бір-бірімен ұштастырып, өзі өмір сүріп отырған қоғам мен мемлекет, ұлт мүддесіне пайдаланады. Ұжым оған көмектеседі, қолдайды, қорғайды. Сөйтіп, әлгі жеке тұлғаны әлемдік деңгейдегі азаматтыққа көтереді. Мұны білмеген, не білсе де құлаққа ілмейтіндер әлем аузындағы Андрей Сахаровтың «Меморандумындағы» (1968): «Чело­вечество может безболезненно раз­виваться только как одна семья, без разделения на нации в каком-либо ином смысле, кроме истории и традиций» деп жазғанындай өмірге бейімделіп әрі сұранып тұрады. Бұларды біз батысшылдықтың балалық ауруымен ауырғандар дейміз. Оның көрнекті өкілдерінің бірі Олжас Сүлейменов. Осы бір ірі тұлға болуға барлық мүмкіндігі бар адамның бүгінгі күнге дейін өзінің тұрақты, берік позициясын азамат ретінде қалыптастыра алмай жүргеніне таң қаламын. Ал, оның гуманистігі – саясаттанғандығында. Әрине, Олжекең, Олжас Сүлейменов ел-жерді, қоғамды, ұлтты, адамдарды сүйеді, бірақ, оның сүйіспеншілігі коммунизм құрылысшысының прагмативтік (Нақты мәңгілік ақиқат емес, өтпелі шындыққа негізделіп, уақытша қорытынды шығатын іс-әрекет деген ұғым. – А.Ә.) сүйіспеншілігі сияқты. Сосын о сүйіспеншілік шыны не мұз қаланы жобалаушы архитектордың сүйіспеншілігі десе де болады. Және бұл қасиеттердің жұқпалылығы сонша, қазір, оның соңынан бір топ со секілді азаматтар тәрбиеленіп, ұлт менталитетінің қай­та қалыптасып, мейлінше өзін-өзі сақтап қалуына кері әсерін тигізуде. Оның айғағы Олжас Сүлейменовтің «Сөз» газеті журналисінің (түп-нұсқаны бұзбай сол қалпында беріп отырмыз - А.Ә.): – Мы не Афганистан. Мы дос той­­­ны демократии? – деген сауа­­­­­­­лы­­на: – Мы достойны, безусловно, но когда мы в процессе ускоренной эволюции станем единой нацией. А кто мы сейчас - нация или национальности? В Афганистане пока нет национального самосознания, у них есть племенное сознание. Они – союз племен до сих пор. В этом смысле мы ближе к Афганистану и Ираку, чем к Франции. Сейчас мы объединяемся, как казахи, только когда рядом есть другие национальности. Они, как обручи, которые бочку объединяют, - это наше окружение, среда. Убери эти обручи и, боюсь, рассыплется бочка» – деп жауап бергені. «Тауды аласартпай, даланы асқақтататын» Олжас осылай, өз халқының еңсесін басып, сағын сындырады. Сондай, енді, бір топтың өкілдері қос Мұхтар Шаханов пен Мағауиннің бүгінгі Шыңғысхан туралы арты дау-дамайға айналған талас-тартыстары. Яғни, өздерін жазушы әрі азамат санайтын қаламгерлердің жеке бастарынан туған эгоизмдері, одан ары кеткенде «Мен-мен» деген болмыстан өрген қасиеттері ғана. Әйтпесе, өзін, өзінің шығармашылығын сыйлайтын жан ешқашан «Өнбейтін дауды, өспейтін адам қуады» деген принциптегі мәселені қоздырып, оны қоғамдық дертке айналдырмайды. Бір-бірінің жеке бастарын қазбалаған тартыс тұжырымды пікірлер талқысы емес, ол – дау. Шығармашылық даукестік басталған тұстан ақиқат шегінеді. Сосын, қаламгерлік мүмкіндігі таусылғандар қандай да болмасын әдіс-тәсіл, іс-әрекеттермен жұрттың көз алдында жүргісі келеді. Қос Мұхаңның елді екі жарып, бір-бірімен дауластырып қоюы соның көрінісі. Әрине, бұл сыннан әртүрлі жолдармен ақталуға болады. Бірақ, соның өзі даукестіктің көрінісі болып шығар еді.Әйтпесе, мен Мұхтар Мағауиннің, Мұхтар Шахановтың да Шыңғысхан туралы талас-тартысқа толы мақалаларының бәрін оқыдым. Меніңше, осы бір тарихи тұлғаны Мағауин мен Шахановша бағалауға болмайды. Олардың екеуін де оқырманның талғам-таразысын бұзып, бағыт-бағдарларынан адастырушылар деп есептеймін. Өйткені, екеуі де Шыңғысханға (жалпы тарихқа – А.Ә.) қазақ ертегісіндегі дюдің жалғыз көзімен қарайды. Бірі Шыңғысханды өлтіре мақтаса, екіншісі сілейте даттайды. Ал, тарихқа, сондай-ақ, тарихи тұлғаларға біржақты баға беруге болмайды. Шыңғысхан трагедиялық тұлға. Оған ХХІ ғасырдың гуманистік көзімен қарасақ, тіпті, қателесеміз. Жалпы, тарихқа қазіргі ғасырдың көзімен емес, сол кездің болмыс-бітімі, тарихи ситуацияларымен қарау керек. Олай етпесек, біз халықты ғана жаңылыстырып қоймаймыз, болашақ ұрпағымызды да ұлт ретінде қалыптастыратын жолдан тайдырамыз. Соңғы кездері, қазақ қоғамында «әуесқой тарихшы» деген сөз тіркесі пайда болды. Ол кім өзі. Меніңше, ондай адамдар тарих ғылымына жолдан қосылған, жолбикелер деуге келетін ұғымнан туған қадір-қасиетке ие жандар. Тарихты да мың саққа жүгіртіп, бұзып жүрген де солар. Тіпті, Шыңғысханға Отырарды азат етуші ретінде баға беріп жүрген жазушы-ғалымдарды да білеміз. Азды-көпті білім-біліктілігімізбен тарихқа көз жүгіртсек, кезінде Отырар Хорезмшахтың қол астында болған. Ал, Хорезмшах – жаулап алушы. Бір жаулап алушыдан – Хорезмшахтан, екінші жаулап алушы – Шыңғысхан келіп тартып алды. Бар болғаны сол. Сондықтан, Шыңғысханға азат етуші ретінде қарау, оны соншалықты мақтау еш қисыны жоқ нәрсе. Ресейлік жазушы Исай Калашников Шыңғысханның заманын «Қатыгез ғасыр» деп атайды. Меніңше, ХХ ғасыр одан да өткен қатыгез ғасыр. Оны бір кезде орыс ақыны Блок «Железный век» десе, Қалтай ағам Мұхамеджанов «Қан құйлы ғасыр» дейді, ал, жазушы Смағұл Елубай оған «Қиямет қайым ғасыры» деп діни түсінік береді. Біз мұны неге соншалықты тәппіштеп, індете таратып кеттік. Олай дейтініміз, егер де, біз шын мағынасындағы ұлт тұлғаларын қалыптастырғымыз келсе, болашақ ұрпағымызды тарихқа немесе өткенімізге ертектегідей дюдің жалғыз көзі­мен қарауды үйретпеуге тиіспіз. Сонда ғана ұлт тұлғалары мен жоғарғы интеллектуалды ұлт интеллигенциясын қалыптастыра аламыз. Бір кезде осы сөздерді жазып отыр­ған пендеңіздің марқұм Қалтай Мұхамед­жановтан сұхбат алғаны бар. Сонда о кісі пендеңіз қойған Шыңғысхан туралы сұрақ­қа: «Шыңғысхан туралы 30 жыл ма­териал жинап келемін. Ол туралы біздің жігіттер жазды. Менің Шыңғысхан жөніндегі көзқарасым басқа. Мен ол туралы жазылған еңбектердің бәрін оқыдым, бір-екі вариантын жаздым да. Ойымнан шықпады. Өтірік. Шыңғысханды мен түсіне алмадым... Сондықтанмен оны әрі айналдырып, бері айналдырып бұны жаза алмадым. Өйткені, «злой генийларды» жазу дейтін Құдайдың азабы... Осы тұста айтарым: «Драматургия – это живая клетка челове­ка». Тірі клетканы сахнаға шығару – құдайдың азабы, білдіңіз бе? Сіз оқырманмен бетпе-бет қалған «тірі клетканы» көз алдыңызға келтіріңізші. Оған менің шамам келмейді. Не дейсің, Шыңғысхан туралы жазылғандардың қолыма түскендерін бәрін де зерттедім, зерделедім, бірақ, атақты қолбасшы туралы жазуға шамам жететін түрі жоқ...» деп жауап берген болатын. Көрдіңіздер ме, Қалекең Шыңғысханды бірде «злой гений» дейді, енді, бірде «атақты қолбасшы» деп алдыңғысын жуып-шаяды. Бұл кемшілік емес, бұл тұлғаны жан-жақты танып, ол туралы пікір айта алмасына көзі жетіп, сөзін иманға жығып, өзін тәубеге шақыру. Әйтпесе, ол Мұхтар Шаханов не Мұхтар Мағауин секілді бір жақты пікір айтса қолынан келмеді дейсіз бе, келді. Қалекең Шыңғысханды жамандаушылардың евроцентризм пікірін әлемге таратушылардың Шығыстың ұлы тұлғаларына тас лақтырып. Батыстың тұлғаларын көтермелеу ниеттерінен туған астам пиғылдарын жақсы білетін. Мұнымен айтарымыз, егер, осындай мәңгілік бітпейтін дау қуалайтын ақын-жазушыларымыз тұрғанда біз ешқандай да жеке адамдарымызды ұлт тұлғасы әрі ұлтымызды өзге халықтар арасындағы тұлға ретінде қалыптастыра алмаймыз. Ана бір кезде өткен «Орталық Азия және Еуропа елдері мәдениет қай­рат­керлерінің Ыстықкөл кездесуі» атты бас­қосуында режиссер Болат Атабаев мыр­за ғаламдастырудан қашып құтыла алмайтынымызды тілге тиек ете келе «Мен қа­­­зақ болып туғаныма мақтанамын» дейтін ақындарды түсінбеймін. Ол неге дүйсенбі күні сағат таңғы онда туғанына мақтанбайды» депті. Кезінде ресейлік Эльдар Рязанов: «...для меня национальность не имеет никакого значения. Есть заме­чательное выражение по этому пово­ду: это все равно что гордиться тем, что ты родился во вторник или в четверг. Национальность – это не беда и не заслуга» деген пікірін мысалға келтіріп, бұл ұлтты тексіздікке шақырып, өзінің қайдан шығып, қайда баратынын білмейтін мәңгүртке ғана тән қасиетке ие жандардың аузынан шығатын сөз деп сынаған едік. Ал, жоғарыдағы Атабаев мырзаның айтып отырғаны әлгі Рязановтікінен қай жері артық-кем. Әйтпесе, тағы бір мысал, режиссер-кионодокументалист Эльза Ділмұхамедова деген ханым ресейлік Евгения Доцук атты журналистке сұхбат бере келіп, өзінің тарихшы Лев Гумилев ықпалымен христиан, оның ішінде православия дінін қабылдағанын айтады және атақты ғалым оны шоқындырып, осынау ерекше күн есте қалу үшін өзінің «География поведения» деген тақырыпта оқыған лекциялары жазылған аудиокассетасын сыйлапты. Міне, көрдіңіздер ме, сана сарабына салмай, көзсіз елтіп-еліккен орысшылдарға бұ да мәртебе, мақтаныш. Олардың арасында «Біздің сала қызметкерлерінің (дипломатия қызметі туралы айтып отыр – А.Ә.) қазақ тілін білуі міндетті емес» – деген экс-министр Ерлан Ыдырысов та бар. Ал, енді бір Мұрат Ерғалиев деген азамат журналистің «Ұлтыңыздың кім екенін айтпайсыз ба?» деген сауалына «Бұл сіз үшін өте маңызды ма, «Мен орысша ойлаймын, демек, орыспын ба...», «Әлде, паспортымда не жазылса, соны көрсетуім керек пе?», «...Менің кім екенім жұмбақ күйінде қала берсін, мүмкін мен еврей шығармын...» деп, сұрақты сиырқұймышақтандыра келіп, «қаша» жауап береді. Мұндайды қазақ, «тегі мен ұлтын құл немесе қу ғана жасырады» дейді. Осыдан соң, біз қалайша ұлт қалыптастырудағы қазақ интеллигенциясының ұлағаты тамаша деп айта аламыз. Ендеше, ұлтты әрі жеке адамдарды тұлға етіп тәрбиелейтін бірден-бір көз, оның Ана тілі әрі қазақтығы. Біздіңше, тіл екі бағытта дамуы тиіс. Бірінші, әкім­шілік-территориялық бағытта, ол жоғарыдан, Президенттік әкімшіліктен бастап, яғни, Астанадан түкпірдегі ауылға дейінгі аралықтағы ресми қатынас қағаздары мемлекеттік тілде жазылып, оған жауаптар да со тілде болуы керек. Сосын, кез келген министр не өзге шенеуніктер шетелге ресми сапарға шыққанда мемлекеттік тілде сөйлеп, оны аударушы (тілмаштар) қазақ қос тілді, тіпті, одан да көп тілді болуы керек. Бұл жерде біздің айтып отырғанымыз, қай бір болмасын мемлекет өкілімен сөйлескенде аудармашыны (тілмашты) пайдалану, сөйтіп ана тіліміздің қадірін ар­ттыру. Әйтпесе, Қытай елшісі орысша білмейді дейсің бе, білгенде қандай. Бірақ, ол өз тілінде сөйлейді. Өйткені, ол принцип, өмірлік қағида. Екінші, ол төменнен отбасы, табалдырықтан басталмай болмайды. Үйде, көшеде Президентіміз айтқандай «қазақ пен қазақ қазақша сөйлесуі» тиіс. Осы екі жолсыз тіл мәселесінде тұйықтан шығу жоқ. Ешкімді зорлап, мемлекеттік тілді меңгер деп сөзіңді өткізе алмайсың. Сондықтан, қазақ ұлт ретінде тәжірибеден тыс қалған ақыл-ой, сана-сезім және түсініп білуге болмайды дейтін ұғыммен емес, (оны ғылым тілінде трансцендент дейді – А.Ә.) кез келген нәрсені өз табиғи болмыс-бітімі, тегі арқылы айналадағы нақты тыныс-тіршілікпен байланыстыра дамытып, жаңартып-жақсартуға болады деген табиғи түсінік-түйсікпен өмір сүруі тиіс (оны ғылыми тілде имманент дейді – А.Ә). Сонда ғана мемлекеттік тіліміз ұлтты әрі жеке азаматтарымызды тұлға ретінде қалыптастыруға оң ықпал етеді. Ал, оны жабыла қолға алмасақ тағы да болмайды. Мақаламызды қорыта келе айтарымыз, «Грядущий хам» өкілдері кез келген уақыт, қан­дай да жағдайда болмасын қоршаған ортамызды, атқарып жатқан қызметіміздегі аурамызды бұзбауы тиіс. Олар үшін бір-ақ мораль бар – ол маған жағдай жаса деген ұғым ғана. Ондайларға тыйым салатын, оларды имендіретін Жеке тұлға. Жеке тұлғаның мысы әлгілерді басып отырып, еркінсіп кетуіне жол бермейді. Ұлт та солай. Ендеше, Қазақстан халқының ішінде ұлт ретінде тұлға болуы тиіс. Сонда өзге халық­тар оны сыйлайды. Сосын ғана біз Қазақстанның тұғырын биік ете аламыз. Егер, біз қазақ интелигенциясы ұлт қалыптастыру үшін келер ұрпаққа ұлттық ұлағат көрсетпесек, онда қазіргі евроцентризм мен атлантизмге қарсы тұра алмаймыз. Оның арғы жағында ғаламдастыру атты аждаһа тұр. Уақыт пен кеңістіктің шек-шеңберінде өзіміз бен өзгенің арасын ажырата алмасақ, тектік – этноәлеуметтік әрі ұлттық тұтастығымызды сақтай алмаймыз.

678 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз