• Заманхат
  • 29 Желтоқсан, 2015

Булгаков және кеңестік саяси жүйе

Сталиндік зұлмат заманда кеңес қалам­герлері арасында сол қоғамның қаһарына ұшырап, теперішін көрмегендер сирек. Әйткенмен, олардың ішінде дәл Михаил Булгаковтай шығармашылығы үнемі алмас қылыштың жүзінде тұрғаны некен-саяқ шығар. Бұған оның таланты мен сол таланттан туған туындылары себеп болғаны тағы жасырын емес. 

М. Булгаков ОГПУ-дың қалпағы астына 1926 жылы келіп үлгерді. Оны сол жылғы қыркүйектің 26-ы күні ОГПУ тергеушісі С. Гендин шұғыл алдына шақыртты. Тергеуде екеудің арасында қандай әңгіме мен мәміле болғаны белгісіз, бірақ, оның соңында жазушының қолхат қалдырғаны айдан анық болып отыр. Кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан табылған сол үшбу қағазда «Кеңестік құрылымды барынша берік деп санаймын» деген жолдар бар екен. Өкінішке қарай, бұл өзінің өмірі мен бостандығы үшін қауіптенген адамның мәжбүрліктен жазған мойындауы ғана емес, сонымен қатар кеңестік темір империяның бұдан кейінгі жылдарда қолынан қылышын түсірмейтін қынаулы дәуіріне бас ию де бар еді. 
Киевтен шыққан дәрігер Михаил Булгаков үшін коммунистік биліктің қайда қарай беттеп бара жатқанын өзінің туған қаласында, 1919 жылы өз көзімен көрген болатын. ЧК М. Лацистің сол жолы бір өзі ғана 12 мың адамды атып тастауға бұйрық берген. Үкімді жиреншашты сұлу Роза Шварцтың қызыл қытайлар мен латыштардан тұратын командасы заматында жүзеге асырды. Ал, большевиктер қаладан қуып шығарылғаннан кейін «Киевское эхо» газетінде құрбандыққа ұшырағандар мен көз көргендердің еске түсірулерінен құралған мақалалар сериялары жарық көре бастады. Газеттегі бұл мақалалардың соңына «Мих.Б» деген инициал қолтаңбасы қойылған. Мұның артында тұрған автордың Михаил Булгаков болуы да ықтимал. 
Сол кезгі Саяси бюро мен ЧК-ОГПУ-да ойлап табылған барлық бөгде ойлыларға қар­сы жасалған саяси операцияларда шынайы оппозициядағы жоғары санатты адамдар құрыққа түсіп, артынша көздері жойылып оты­рылды. Сосын, олардың орнына ОГПУ-дың бақылауымен өткізілетін «Никитина сенбіліктері» деген тәрізді «тәуелсіз» үйірмелер мен «қоғамдық» бірлестіктер құрылып жатты. Олардың тізгіндерін «органмен» «қыз­меттестік» көрсетуге және оның илеуіне келіс­кен «кемел ойлы» Е. Никитина мен көнбіс О. Брик ұстады. Осы әдемі ойластырылып жа­салған торға белсенді, сыни көзқарастағы немесе сол кезгі сыртқы бейтараптық жағдайында өзінің ішкі еркіндігін сақтап қалғылары келген адамдар, ең алдымен барлық зайырлылар ерте ме, кеш пе бір түсуші еді. Ал, бұған Деникин армиясында әскери дәрігері болып келіп, Кавказда шығып тұрған ақгвардияшылар газеттерінің белсенді тілшісі ретінде көрінген М. Булгаков өзінің осылар арқылы-ақ өлімге басы тігілгенін жақсы білді. Бірақ, бұл жерде де оны тағатсыздана күтіп отырғандар жеткілікті еді. Булгаков мұны келген бойда түсінді. Сол себепті де, «Никитина сенбіліктері» ГПУ-дің агентурасы екенін сеніммен айтып салды. Агенттер Булгаков дер мезгілінде кетіп үлгерген «Жасыл шырағдан» әдеби үйірмесіне де кіріп кетіпті. Мәскеуге келгесін журналистік және жазушылық жолға біржола түскен Михаил Булгаков шығармаларын жариялату үшін Берлиндегі эмигрант-«сменевеховшылар» шығаратын «Накануне» газетінің осындағы филиалы мен И. Г. Лежневтің «Россия» деген «жеке» журналы редакцияларына барып тұрды. Бұл кезде ол «сменевеховшыларды» «өз агенттері» ретінде Саяси бюро мен ОГПУ-дың қаржыландырып келе жатқанын білмейтін еді. Сол сияқты ол Лежнев пен оның басылымына Лениннің назар аударып, 1922 жылғы 19 мамырда Дзержинскийге: «Новая Россия» №2. Питерліктер жапқан т. т. ерте жабылған жоқ па? Газетті Саяси бюро мүшелеріне таратып беріп, мұқият талқылау керек. Оның редакторы Лежнев деген кім? «Деньнен» бе? Ол туралы мәлімет жинастыруға болмай ма? Әрине, журналдың барлық қызметкерлері шетелге асыруға жатпайды» деген мазмұнда хат жазып жібергенінен де бейхабар болатын. «Күн көсемнің» бұл жазбасы күні бүгінге дейін еш жерде жарияланған емес. Ал, Дзержинский мен оның ведомствосы бәрін түсіне қоятын Лежневті сол бойда-ақ өз қанаттарының астына алып, оған «оппозициялық» бағыттағы «патриоттық» журнал шығару, баспахана мен қағаз, Берлинмен арада қатынап тұру, Мәскеуден көптеген авторларды тарту үшін қажетті ақша беру секілді мәселелердің бәрін қолма-қол шешіп отырды. Сол қаламгерлердің алдыңғы легінде «Ақ гвардияның» авторы, яғни, Булгаков та болды. 
Әу бастан Саяси бюро-ОГПУ-дың белгілі бір мақсатты алға ұстап ұйымдастырған бұл күрделі операциясы 1926 жылы негізінен аяқталды. Оның басты орындаушылары болған «сменевеховшылар» мен Лежнев өздеріне тие­сілі істерді атқарып шықты. Енді, олардың өздерін құртатын кез келді. Сол жылы 5 мамыр­да Саяси бюро «Новая Россия» баспаханасын жабу, «сменевеховшылардың» барлық іс-қимылына тыйым салу, оларды тінтіп, тергеп, қамауға алу, шетел асырып жіберу жөнінде шешім шығарды. Осының негізінде ОГПУ саяси жағынан сенімсіз деген қайраткерлердің аты-жөндерін анықтап шықты. Ведомство басшысы Г. Ягоданың қол қоюымен Саяси бюроға жедел жөнелтілген сол тізімде әдебиетші М.Булгаков жетінші болып санатқа іліккен екен. Бұдан арғы тірлік «жоғарыдағылардың» мақұлдауымен жазушының үйіне тінту жүргізуге (оның сурет­темесі драматургтің екінші әйелі Л. Е. Бе­лозерскаяның мемуарында толық сақталған), оның күнделігі мен «Иттің жүрегінің» қол­жазбасын тәркілеуге, ОГПУ кабинеттеріне тер­геуге шақыруға жалғасты. Осының бәрінің ақыры Булгаковтың күнделігінде үлкен үреймен жазылғанында, оны тұтқынға алумен немесе «оншама алыс емес жерлерге» жер аударумен аяқталуы әбден мүмкін еді. 
Алайда, репрессияның қалыптасқан ыр­ғақты механизмі күтпеген жерден қарқынын бәсеңдетіп, Ягоданың темір саусақтары құр­сауын жазып жіберді. Бұл уақытта Булгаков Мәскеу академиялық көркем театры (МХАТ) үшін өзінің «Турбиндер күндері» пьесасын жазып үлгерді. Сталиннің өзі мен Саяси бюроның басқа да мүшелеріне тікелей шыға алатын ұлы режиссер Станиславский оның тағдырын оң шешіп беруге белсене араласты. Ал, «Турбиндер күндері» төңірегінде номенклатуралық шайқас басталды да кетті. Пьесаның мәтінін бірінші оқу кезінде-ақ Булгаков оның сахнада қойылуына Халық ағарту комиссариаты, Бас репертуар комитеті және Орталық Комитет тараптарынан болған жасырын, бірақ жан­таласқан қарсылықтың бар екенін байқап қалды. ОГПУ-дың сәл нәрседен секем алғыш күдікшілдігі тағы бар. Осылайша драманың келешегін шешуге бірден бірнеше құдіретті күштер араласты. Билік Булгаковтың мәтінінен жұмысшылар ортасында тұрған МХАТ-тың көрермендеріне, театр мен әдебиетке астыртын ықпал етіп, жасырын қауіптің төнгелі тұрғанын сезінгендей болды. Олардың бәрін пьесадағы жаулардың түгелдей жайсаң да жайдары, тіпті, сүйкімді кісілер болып суреттелгені таңғалдырды. Сондықтан, кеңес жазушылары мен драматургтері талантты да жолы болғыш бәсекелестерін осы шығарманың сылтауымен біржола репрессия табаны астында таптатып жіберуге аянбай күш салды. Ақырында Халық ағарту комиссариаты 1926 жылғы 24 қыркүйекте «Турбиндер күндерін» Көркем театрда қоюға рұқсат етті. Бірақ, сол шешімге «Аталған пьеса республиканың қалған барлық театрларында қойылуға сөзсіз тыйым салынуға тиіс деп есептелсін» деген қатаң ескерту қоса тігілді. Арада үш күн өткен жоқ, қатты қорыққан Луначарский 27 қыркүйекте Совнарком төрағасы А. И. Рыковқа: «Сенбі күні кешке ГПУ өзінің пьесаны қоюға тыйым салатынын Халық ағарту комиссариатына ескертті» деген қатынас жолдауға мәжбүр болды. Ал, 30 қыркүйек күні ОК Саяси бюросы күтпеген жерден арнайы қаулы шығарып, бір қарағанда соншалықты құдіретті саналатын ГПУ-дің «Турбиндер күндеріне» өз бетінше салған тыйымын алып тастап, Халық ағарту комиссариатының бұрынғы шешімін күшінде қалдырды. 
Мәскеу академиялық көркем театры Булгаковтың пьесасынан өздеріне де, жазушыға да құтқарылу келетінін сезінді, сол үшін де оның сахнада қойылуы жолында аянбай күресті. Станиславский 1927 жылғы 3 қазанда Саяси бюро мүшесі А. И. Рыковтың атына: «Ол (театр – Ж.С.) «Турбиндерге» тыйым салынғаннан кейін материалдық қана емес, репертуарлық жағынан да тұйыққа тірелген жағдайға душар болды. «Турбиндерге» рұқсат берілуімен бірге бұл мәселе материалдық та, репертуарлық та жағынан шешілер еді» деп жалына хат жазды. Ал, Орталық Комитеттің хатшысы А. П. Смирнов Саяси бюроның Булгаков пьесасының қойылуына рұқсат ету туралы қаулысын дайындай отырып: «Дүние көркемдік жағынан талапқа сай, пайдалы. Оның әлдеқандай контрреволюциялылығы туралы сөз тіпті де дұрыс емес» атап көрсетті. Саяси бюро 10 қазанда: «Турбиндер күндерін» Көркем театрда қоюға тыйым салу туралы тапсырма шұғыл алынып тасталсын» (№1129 хаттама) деген мазмұнда қаулы қабылдады. Бұған Булгаков ұлы драматургке тән реакциямен – Бас репертуар комитетіне, цензураға және басқа да «директивалық» инстанцияларға қарсы бағытталған «Қошқыл арал» деген сатиралық пьеса-памфлет жазумен жауап қайтарды. Сахнадан өз бейнелерін көріп таныған оның жаулары, әрине, онысына қуана қойған жоқ. Сол пьеса А.Таировтың Камералық театрында қойылғаннан кейін көптеген ықпалды кісілер мен ұйымдар оның саяси жағынан өлімтікке айналуын құлшына қалады. Айталық, Орталық Комитеттің үгіт және насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары П. Керженцев театрлар репертуарына басшылық ететін Халық ағарту комиссариатына спектакльді алып тас­тау туралы жазбаша ұсыныс жасады. Алайда, онысына күтпеген жерден шенеуніктік еп­тілікке құрылған сөйлемдермен қарсылық білдірілген екі ұдайлы жауап алды. Ал, Халық ағарту комиссарының орынбасары В. Яковлева (Булгаков оның бейнесін «Иттің жүрегіндегі» жасөспірім бойжеткен Вяземская арқылы берген деген болжам бар) 1929 жылғы 5 қаңтарда ОК-ға: «Пьеса өзінің ақырғы түрінде сахнадан алып тастауға желеу бермейді... Оны алып тас­тау пьеса мен театр төңірегіндегі ешбір негізі жоқ қолайсыз ахуал туғызған болар еді. Сонымен қатар алқа пьесаны тартымсыз, көркемдігі төмен және оқырмандардың кең ортасына аз түсіндірілген деп санайды» деп жазды. Қазір Орталық Комитеттің архивінде Яковлеваның осы хатымен бірге М. Фишердің «Дойче Альгемайне Цайтунг» газетіне осы қойылым жайлы жариялаған мақаласының орысша аудармасы да жатқан көрінеді. Онда сарказммен жазылған мынадай сөйлемдер бар: «Алайда, көпшілік көрермен, шамасы, бұдан мүлдем басқаша пікірде болса керек. Таировтың Камералық театры күннен күн өткен сайын соңғы орындығына дейін толатын болып жүр». «Театрдың сенімді барометрі» – касса тағы да спектакльдің табысқа қол жеткізгенін көрсетті. Бірақ, басшылық пьесаның экономикалық дәлелдеріне аса көп назар аударып жатпастан, 1929 жылы мамыр айында «Қошқыл аралға» тыйым салды.
Булгаков пьесаларының нағыз сүйікті көрермендері қатарында Сталин мен Саяси бюроның басқа да мүшелері болды. Көсем бәрінен бұрын «Турбиндер күндерін» қаттырақ құрметтеп, оны 15 рет тамашалады. Сол сияқты «Қошқыл аралды» да қарады, Вахтангов театрына «Зойканың пәтерін» көру үшін барып тұрды. Соңғы пьесаны қоюға да әлденеше мәрте тыйым салынған да еді. Осы бір көптеген сенгіш кісілер үшін жылдам өтіп кетіп, ақыры ажалмен аяқталған «демократиялық» НЭП дәуірі туралы трагедиялық әрі көрегендік фарсты кезекті мәрте көріп шыққасын Сталиннің: «Жақсы пьеса. Неге оған біресе рұқсат беріп, біресе тыйым салатындарын түсінбеймін, тіпті де түсінбеймін. Жақсы пьеса. Одан ешқандай жаман нәрсе көріп тұрғаным жоқ» дейтіні бар. Бірақ, ол бұл пьесаның нені көрсететінін де, нені айтпағын да жақсы түсінді.
1928 жылғы 20 ақпанда Саяси бюро тағы да Булгаковтың пьесасы туралы мәселе қарады. Күн тәртібінің он тоғызыншы бабында «Зойканың пәтері» тұрды. Талдау қорытындысында: «Зойканың пәтері» Вахтанганов театры үшін тіршілік етудің негізгі көзі болып табылатындықтан, оның қойылымына салынған тыйымды уақытша тоқтатуға рұқсат етілсін» деген шешім шығарылды. Осыдан-ақ мәжілісті «Капиталдың» барлық томдарын тірнектеп көшіріп шыққан, сонымен қатар иезуиттік кекесіннен де кенде емес марксистердің өткізгендері бірден көрініп тұр... Бұған қоса, Булгаков пен вахтанговшылардың осынау қолапайсыз әрі мазақ қылғандай шешім үшін кімге алғыс айтуға тиіс екендіктері А. Рыковтың Сталинге жолдаған: «Сенің ұсынысың бойынша біз Бас реперткомның «Зойканың пәтеріне» тыйым салу туралы шешімін алып тастадық» деген құпия хатын оқығаннан кейін түсінікті бола түседі. Саяси бюроның театр сыртындағы кезекті «ойыны» осындай...
Булгаков үшін зауалға толы 1929 жылы оның тағы бір пьесасы – «Жүгірістің» де тағдыры түпкілікті шешілді. МХАТ оны қабылдап алып, дайындауды бастап кеткен. Спектакльдің алғашқы репетициясы өтісімен, кенет оның айналасында да адам түсініп болмайтын дау көтеріліп шыға келді. Бұған драматург Билл-Белоцерковскийдің Сталинге жазған хабарламасы себеп болды. ОГПУ тыңшысы жазған хабарламадан біз қазір кулиса сыртында болған әңгімелердің жаңғырығын сезіне аламыз. Талдауда Горький пьесаны мақтаған. Осыдан кейін әлдекімдер (Сталин, Орджоникидзе) Ворошиловқа: «Айтып қой, тыйым салмасын, Горький мақтаған болса, пьесаның жақсы болғаны ғой» деген екен. Булгаковтың пікірінше, бұл сөздер Горькийге жасалған жәй ғана ілтипаттан басқа ештеңе де емес. Мұндағылар «пролетариат жазушысына» жылы лебіздерін білдірген, алдында бас иген, одан өздеріне керекті нәрселердің бәрін сығып алған, сосын жақсы рәуішпен қош айтысқан. Сонымен бәрі біткен. Жұрттың бәрі көрер көзге қоймай қоғадай жапырылып, қолпаш көрсеткен сол Горький, бірақ, Булгаковтың ГПУ алып қойған қолжазбасын өзіне қайтарып беру секілді түкке тұрмайтын нәрсенің өзін орындай алмаған.
Әлбетте, мұнда да Саяси бюросыз еш­теңе­нің шешілмейтіні анық еді. Орталық Комитет болса, «Жүгіріске» тыйым салу туралы қаулыны әзірлеуді Луганскіден шыққан слесарь Клим Ворошиловке жүктейді. Оған «штаттағы әдебиетші» П.Керженцев көмектеседі. Соң­ғысы пьесаның көптеген детальдары бойынша барынша дәлдік танытқан қызықты рецензия жазып шығады. Оның жазбасы туралы аты-жөні беймәлім хабарламашы бұдан әрі: «Булгаков Керженцев туралы айтқанда, «бұл ақылды адам әдебиетті осынша қатты ластайды деп ешкім күткен жоқ» деді», деп мәлімдейді. Осы Керженцевтің пікір білдірген қағазы жиектеріне Сталин қарындашпен өз ойларын қалдырып отырған. Әдетте көсем Саяси бюрода қабылданатын құжаттардың барлығын өзі ылғи қадалып оқып, қаулылардың ақырғы нұсқасын беретін болған. Ол Әскери және теңіз істері жөніндегі халық комиссары Ворошилов өзіне жолдаған: «Булгаковтың «Жүгіріс» пьесасы туралы мәселе бойынша мынаны хабарлаймын: комиссия мүшелері оның мазмұнымен танысып шығып, бұл пьесаны театрда қою саяси жағынан мақсатсыздық болып табылатынын мойындады» деген мәлімдемесін де оқыды. Сондықтан 1929 жылғы 30 қаңтарда Саяси бюро «Комиссияның пьесаны театрда қою мақсатсыздық болып табылатыны жөніндегі ұсынысы қабылдансын» деген қаулы шығарды.
Иә, «Жүгіріс» осылайша қаралы тізімге ілікті. Бұл оның авторына үлкен соққы болып тиді. Ең қиыны, ол бұл соққыны «саяси тұрғыдан» алды. Мұның өзі, айналып келгенде, драматургті репрессияға жетелеп апаратын ең төте жол болатын. Ал, бүкіл елде мұндай саяси қарғының қара бояуын сылып тастай алатын бір-ақ адам бар еді. Міне, сол жалғыз адам ақырында саяси айыптауды жазушыдан алып тастады. Дегенмен, сол кездегі уақыт уәжібінің қаншалықты қиын болғанын білу үшін мына деректерге ептеп құлақ түрудің өзі жетіп жатыр. Әлгіндегі 1929 жылы Сталин сүйіп көріп келген «Турбиндер күндерінің» басына да зобалаң туды. Сол шақта мұртты көсемге алуан түрлі күштердің сан қилы қысымына төтеп беруге тура келді. Алдымен күтпеген жерден украин жазушылары делегациясы Булгаковтың пьесасын репертуардан алып тастау жөнінде арсыздау талап қойды. «Правда» газетінде Булгаков пьесалары бойынша жағымды «маман» болып қалғаны манағы Керженцевтің пьесаны тас-талқан етіп сынаған мақаласы жарияланды. Сол тұста Сталинге нарком Луначарскийден ренішті хат келді. Ол көсемге Басреперткомның ұсынысы бойынша өз комиссариатының жа­ғым­паз алқасы «Турбиндер күндеріне» тыйым салып қойғанын баяндай келе, былай деп жазады: «Бірақ, Сіз, Иосиф Виссарионович, менің жеке өзіме хабарласып, бұл тыйымды алып тастауды ұсындыңыз, тіпті, маған комиссариат бұл мәселе бойынша алдын ала Саяси бюроны құлақтандырмағаны үшін кінәрат тақтыңыз». Осы жолдардан көрініп тұрғандай, Сталин барынша әбжілдік танытып, Булгаковтың пьесасын қорғай білген. Ол украин жазушыларымен кездесуінде де пьесаның негізінен минустен гөрі плюсті көбірек беретінін салқынқандылықпен атап өтеді.Осы жерде Луначарский мен оның достарына: «Мен Басреперткомды көркем шығармашылық орталығы деп санамаймын» деп жауап қайтарды. Алайда, жанталасқан қысым бұдан әрі жалғаса берді. Мұның ақыры Булгаковтың пьесасына тыйым салдыруға апарып соқтырды. 
Солай деп тұрғанымен, тым күрделі механизмнен құралған Саяси бюро бұл театрдың сыртында да нақтылы саяси ойындарды ойна­тып жатты. Оның ендігі ойындарында персонаждары орын алмастырды, енді біреу­лері мүлдем жоғалып кетті. Ақырында жазушы Ю. Л. Слезкиннің (Булгаковтың «Театр романындағы» Ликоспастовтың прототипі) 1932 жылғы 21 ақпанда күнделігіне жазылған жазбалар мынандай сөйлемдермен түзілді: «Театр төңірегіндегілер МХАТ-1 «Турбиндер күндерін қалпына келтіруге әрекет жасаған жоқ деген сөз анық айтылып жүр. Бір акт (тепкішек) қажеті болмағандықтан жандырылып жіберілді. А. Н. Афиногеновтің «Үрейінің» байқауына Қожайын Сталин қатысты. «Үрей» оған ұнамай қалған сияқты, сосын театр өкілдерімен әңгімеде ол: «Әне, сіздерде «Турбиндер күндері» деген жақсы пьеса бар еді, неге ол жүрмейді?» деп сұрайды. Аналар оған тыйым салынғанын айтады. «Сандырақ, - дейді сонда ол, –Сосын, он күн мерзім ішінде спектакльді қайта қалпына келтіруге жарлық берілді...». Осылайша уақыттың лебі ауысып, тағы да тағдыр өзгеріске түсті.
Саяси бюроның театрында шырғалаңға то­лы шырқаумен жүріп жатқан бұл қатал ойын­дардың драматург Михаил Булгаковтың таланты мен денсаулығына қаншалықты салмақ салып, әсер еткенін сезінуге болады. «Турбиндер күндері» авторының бейіті басында сөйлеген сөзінде МХАТ-тың әдебиет бөлімінің меңгерушісі П. А. Марков («Театр романындағы» Миша Панин – Ж.С.) ол туралы былай деді: «Өмірді ол өте ауыр қабылдады. Былай қарағанда, оның жүйкесі өкпелі көрінетін. Онымен әңгімелесу ешқашан байыпты өтпейтін, онымен бірге жұмыс жасасу да солай тынышсыз болатын». Жазушының өмірі бейбіт, тыныш қалыпта өтпегені туралы бұдан да басқа деректер бар. Мысалы, партия шенеунігі А. И .Свидерский 1929 жылы 30 шілдеде ОК хатшысы А.П.Смирновқа жазған хатын: «Мен Булгаковпен біраз уақыт әңгімелесу мүмкіндігіне ие болдым. Ол уланған және біткен адамның әсерін қалдырады. Мен тіпті оның жүйкесі аман екеніне сенімді емеспін. Оның жағдайы үмітсіз. Ол, жалпылай алған әсер бойынша, бізбен жұмыс істескісі келеді, бірақ, оған осылай етуге ешкім көмектеспейді» деген сөздермен қорытады. Кейінірек, 1934 жылғы 11 маусымда Булгаковтың өзі Сталинге жазған хатында: «Мен шынында жалғыз қалуға қорқудан туған жүйке жүйесінің жұқарғанынан азап шегемін» деп атап мойындауға мәжбүр болды.
Барлық пьесалары тұншықтырылып, басылып тасталғаннан кейін қатты ширыққан драматург ОК экспедициясына Сталиннің атына арналған қысқаша хатты әкеп тапсырды. Бұған дейін оның бас хатшыға жолдаған кең көлемді жолдауынан хабарымыз бар еді, ал мына жаңадан табылған жазба трагизмге толы сараң сөздерімен ерекше есте қалады. Онда былай делінген: 
ВКП (б) Бас хатшысына
Аса құрметті Иосиф Виссарионович!
Егер мені кедейлік мәжбүр етпеген болса, мен осы хатпен Сізді мазалауға өзіме рұқсат етпеген болар едім. Егер мүмкіндік болса, мен Сізден өзімді мамырдың бірінші жартысында жұмысқа қабылдауыңызды сұраймын.
Өзімді сақтап қалатын қаржы менде жоқ.
Сізді құрметтеуші Михаил Булгаков
5.V.1930
Алайда, сәуірдің 25-і күні-ақ Саяси бюро­ның мәжілісі өтіп кетіп еді. Онда алпыс бірінші баппен «Азамат Булгаков туралы» мәселе қа­рады. «Жолдастар» тағы да «азаматтың» тағ­дырын шешті. Баяндамашы – жолдас Сталин. Кремль архивінде бұл баяндаманың мәтіні мен оған қосымша құжаттар сақталмапты, бас хатшының қағазды керек етпейтіні белгілі. Осы бір таңқаларлық бап бойынша Саяси бюро қабылдаған шешім соншалықты қысқа. Ол «ж. Молотовқа тапсырылсын, ж. Ф. Конге нұсқау берілсін» деген сөйлемдерден ғана тұрады. Бірақ, Булгаковтың 2 сәуірде КСРО Үкіметіне жолдаған үлкен хатына шығарылған басты қарар бар. Хатты ОГПУ бастығы Генрих Ягода қалың қарындашпен сызғылаған. Мұнда: «Оның істегісі келген жерінде жұмыс жасауына мүмкіндік беру керек. Г.Я. 12 сәуір» деген таңба тұр. Қандай қамқорлық, қандай аяугершілік десеңізші! Ал, тарих осы Ягоданың 1926 жылы Булгаковты қайда жөнелткісі келгенін жақсы біледі. Оның бір өзі жоғарыдағыдай шешім шығара алмайтын еді. Сондықтан, Ягода хатты Сталинге көрсетіп, кейін оның Саяси бюро қаулысына айналатын нақты нұсқауларын жазып алды. Бұдан әрі Сталин Булгаковқа телефон шалып, қуғынға түскен драматургті соншалықты тездікпен Бас өнер комитетін басқарушы Ф. Я. Кон қабылдады. Ол драматургтің Көркем театрда істегісі келгенін батыл қуаттады. Одан әрі Булгаковтың режиссер ретіндегі келісім-шарты басылды. Биліктің бұл шешімі мәнін А. П. Смирнов 1929 жылы 3 тамызда Молотовқа жазған «Ол талантты әдебиетші, сондықтан, онымен айналысуға тұрады» деген хатында өте қысқа да нұсқа ашып көрсеткен.
Михаил Булгаков өз театрының үстел үстінде ғана қалып қойып, пьесалардың қол­жазбалық мәтіні болып жүре беруін қа­ламады. Ол жедел түрде сахналық өмірге араласуды, көрерменмен біте-қайнасуды, сол ортаға сіңісіп кетуді талап етті. «Мен сахнада ғана ойланамын... Менің кеңес театрына керегім бар ма, білмеймін, ал, өзіме кеңес театры ауадай қажет» деп жазды ол. Ұлы драматургтің ең таңдаулы деген пьесаларының бәрі оның көзі тірі кезінде сахнадан орын алады. Олардың барлығы да кеңес театрларындағы ең кассалы, яки ақшаны көп түсірген спектакльдер болды. Драматург табыстың не екенін, даңқтың қандай болатынын сезініп үлгерді. Сонымен бірге, шы­ғармашылық адамына дәл соншалықты түңілу мен күйреудің де керек болатынын жақсы ұғынды. Осының бәрі оны ұлылықтың ұясына жақындата түсті...

Жаңагүл СҰЛТАНОВА,
театртанушы

485 рет

көрсетілді

77

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз