• Ел мұраты
  • 29 Желтоқсан, 2015

АДАМЗАТТЫҢ АҚЫНЫ (Үшем)

Аян НЫСАНӘЛІ,
ақын

Таңдай қақтыратын қандай бір қызық құбылыс болса да тұтастай қарастыру оңайлыққа соқпайды, оның терең түп-тамырына үңіліп тану мен тұжырымдауда әлдене бірнәрсе жетпей, бір кемшін тұс­тарға кептеліп қалатын жайлар жетіп артылады. Жаратылысы бір-бірімен іштей де, сырттай да жымдасып жататын бірыңғай шығармашылықта сананы сан сансыратып бажайлаған боз бір тұста басты нәрсе назардан тыс қалып кете беретін кездер де аз кездеспейді. Бізде негізгі темірқазық тақырыптарды игеру жолында оны сүйектен өткізе айтпай сыдыртып өте шығатын шақтар да жиі ұшырасады. Жаманатты болып қайта-қайта айта берсе, қай-қайдағы запыран ақтарылып, кеудеден еріктен тыс зар шығатындай. Неге олай?

ХІХ ғасырдың екінші жартысында бүкіл өрекпіген өмірі өкіндіріп өгейсітіп өтсе де Абай (Ибрагим) Құнанбаев барлық  тақырыпты қамтығандай. Ол біз үшін әләзір әлі ашылмаған арал. Оны қалай түсініп жүрміз? Өзіміз еліктеу мен солықтаудан арыла алмай жүріп, оған жүгінетініміз жиілеп бара жатқандай. Қайран қалдырды.
Тегі Абайды толғандырып толқытпаған мәселелер аз емес. Ол қазаққа тән барша адам баласына байланысты оқиғаларды, жәйт-жағдаяттарды қозғап, қазымырлықпен қазбалап, тұтас түгел қамтыды десек, артық айтқандық болып табылмайды. Бұл бағыт-бағдарда оған баратын жолды сілтеп, дейін де, кейін де зерек зерттеушілерге мұрындық болар ұстаным сөзді ұлы ұстаз айтты. «Абайдың өмірін, дәуірін зерттеп жүріп, кейде кемшілікті қате пікірлері болса да, негізінде, Абайды тану ғылымында елеулі еңбек еткен адамдар: Сәбит Мұ­қанов, Мұхтар Әуезов, Қажым Жұ­малиев, Есмағамбет Ысмайлов, Бейсенбай Кенжебаев, Белгібай Шалабаев сияқты, тағы бірталай әдебиет тарихшылары мен жазушылар».
Бай-бағлан ақсүйек тұқымы болса да Абай қасақана қиянат пен  қитұрқылықты аз көрген жоқ. Тілінен зар шығып, болжал емес, дөп сөйледі: «Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолы, әз-Тәуке ханның Көлтөбенің басындағы күнде кеңес болғанда «Жеті жарғысын» білмек керек. Әм, ол ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендікпен ескіріп, бұл жаңа заманға  келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісі болса керек еді, ондай кісі аз, яки, тіпті жоқ». Бұны қадап айтқан адам – 1885 жылы мамырда Семейден жетпіс шақырым жерде Шар өзенінің бойындағы Қарамолада сол аймақтың құзырын айқындайтын құ­рылтай өтіп, төбе бидің біреуі болып сайланып, үкімшілердің біреуі болған Абай Құнанбаев (Сонда қабылданған ұжымдық сол құжат «Билер ережесін» бір кісіге тели  беретініміз де жаңсақтау секілді). Содан бері қазақтар өсті ме, өшті ме? Рухы кемелденіп, аңсап арман еткен тәуелсіздікке  жетсе де еңсе тіктеді ме? Абай тек Тобықтының, қазақтың сүйікті перзенті ғана емес, ол туған елі мен қараорман халқының, ұлты рухының айнасы, адамзаттың Абайы. Әйтпесе, омалып отырып, жылы суға қолын малып, майда-шүйде күйбеңгершіліктен аспай, иек астындағы ауыл-аймақты, жер-суды, ойдым-ойдым мұң мен мұқтажды, көрініс пен өрісті жырлап қоя салар еді. Өйтпеді. Дала мұнарасынан келешек көкжиегіне көз жіберіп, ой сеңін қозғады. 1903 жылы көктемде жандармерия үйін тінткенде қаттамада үйір-үйір жылқы, отар-отар қой-ешкі, бар екені неге кейде ескеріле бермейді?
Бір дерек, кезінде, Абайдың жамбасы жерге тигеннен кейін 1916 жылы исі қазақ шамамен алты миллионнан асса, 1921 жылы үш миллион 400 мың болып, енді-енді ғана жиырма бірінші жүзжылдықтың бас жағында он миллионға әзер жетіп жығылды. Бүгінгі ана тілінің  бастан ке­шіп отырған мүшкіл халін Абай біліп, көрсе күңіреністі қайғысы одан сайын қалыңдап, жаратқанға жалбарынып еді. Шынтуайтында, оның өмірі ғажап! Асқан абыз, керемет кемеңгер, айтулы теңдессіз ақын, дала данышпаны. Қилы күн кешіп, талай талмаусырап таңы атып, көлгірсіп күні батқан көшпелілер ұрпағы сарылып ұзақ күтті. Ақыры дарабоз Абай туды! Ол Алаштың маңдайына біткен мақтанышы. Халқына сұмдық жаны аши отырып, жаманына қатты күйзеліп, күйінді, сәл жақсылығына сүйсіне сүйін­ді. Құлынының тепкені енесіне біліне бермейді. Біз А.Құнанбаевты Батыс пен Шығыс мәдениетін тел етіп, мейірі қана сусындап, көп үйренді деуге әуеспіз. Ал, туған халқы мен көркем ойы неге ұмыт қала береді?
1888 жылы Абай «Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол» дейтін бағдарламалық туынды жазып, өсекші-өлеңге кең өріс жайды. 
Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау, 
Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау.
О, әттең, дүние-ай, сөз таныр кісі болса,
Кемшілігі әр жерде-ақ көрініп тұр-ау.
Уақыт талабына қарай, мақтай ма, даттай ма әркімнің өз құқы десек те бұнда жан жұмбағы жатыр. Абайдың жан жұмбағы. Басқаларды таппағандай оларға соншама неге шүйлікті? Өзінің аға замандасын Шоқан Уәлиұлы Жанақ жырлаған: «Қозы Көрпеш – Баян сұлуға» ғашық болып, қанша қошемет білдірсе де алтын бесікте уызынан жарыған Абай, «қазақ жырының ірі өкілдерін қаймықпай сын тезінен өткізді. Бұқар жырау Қалқаманұлы (1802-1874 жж.), Шортанбай Қанайұлы (1818-1881 жж.) маған  қосақта кеткендей көрінеді. Іздену жолдары қалай, қайтіп қилысады? 
Бұқар жырау:
Сөз ұғарлық ер болса,
Айтылмас сөз болмайды.
Абай:
Сөз ұғар осы күнде кісі бар ма?
***
Ендігі жұрттың сөзі ұрлық-қорлық,
Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық.
Бұқар жырау:
А, заман-ай, заман-ай,
Басты мынау тұман-ай.
Істің бәрі күмән-ай.
Баспақ-тана жиылып,
Пада болған заман-ай.
Құл-құтандар жиылып,
Құда болған заман-ай.
Арғымағын жоғалтып,
Тай жүгірткен заман-ай.
Абай: 
Мынау азған қу заман,
Қалыбында тұрмайды.
Біреу малды ұрлайды,
Біреу басты қорлайды.

***
Сұм-сұрқия қу заман
Гүл көрінер жігітке.
Бұқар жырау:
Адамзаттың баласы 
Атадан алтау тумас па?
Атадан алтау туғанмен,
Оның ішінде біреуі арыстан болмас па?
Арыстанның барында 
Жорғасы болса мінсін.
Торқасы болса кисін.
Толғамалы қамшы алып,
Толағай да толағай дәурен сүрмес пе?
Дулат:
Қайран қазақ, қайтейін,
Қарасы антқор, ханы – арман.
Батыры көксер бас аман.
Бәйбіше тантық, бай – сараң,
Бозбаласы – бошалаң.
Қырсығы туды қыз балаң.
Нары жалқау – кертабан.
Құсы – күйшіл, ат – шабан.
Жырғалаң да жобалаң.
Ебі кеткен ел болды,
Енді қайда мен барам?
Шортанбай:
Ықтияр жетпей жалды атқа,
Жүйрігің мен жорғаңды
Өзің мініп жебеле
Қатын-бала қамы үшін
Қарсы шап та мылтық құш.
Құр жабырқап жүдеме,
Айтып, айтпай немене
Өткен заман келе ме?
Қайран да, халқым, қайтейін,
Кейісті көп тартасың.
Көппен көрген себеле
Селебені елеме.
Қаншама қамкөңіл болып, шарасыз­дықтан жер шұқып шамырқанғанмен олардың жырында әлі де қуат бар, асқақ рух, қайрат пен жігер жасытпай қанат бітіріп, шарқ ұрғызды. Күреске шақырады: («Қарсы шап та, мылтық құш», «Толғамалы қамшы алып»). Жалпы, зар заман ақындары деген (Дулат, Шортанбай, Мұрат т.б.) жаманат оларға бекер таңылды. Кезінде уақыт талабына қарай (қалай мәймеңкілейміз!) солай болған да шығар. Енді... Азаттық ақ таңы атып, көк туымыз желбіреп, Тәуелсіздік тұғырында осы бүгежектік таным мен ләппайшыл түсінікті қайта қарау күн тәртібінен түспей тұр. Ал, Абай болса іші-бауырға  кіріп, көзге шұқығандай етіп, көп нығарлап нұқиды. Талапты тұқыртады. Міншіл. Сыншыл. Кінәмшіл. Жүдә, сыныққа сылтау іздегіш. Сөйте тұра, ақындық жағынан ізашарларға рухы жақын.
Дулат:
Қазақ деген ғаріп жұрт,
Миығыңды көрсетпей,
Ұстарасыз түсті мұрт.
Ұйқы басып сезбедің
Шырмағанын жаудың сырт, – десе, Абай да одан қалыспай жүрек қыжылын ащы запыранмен ақтарып, ой қайталағанын бай­қамай қалады:
Қалың елім, қазағым, қайран                     жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді ұртың.
Бет бергенде шырайың сондай                 жақсы,
Қалай ғана бұзылды сартша                     сыртың?
Дулат:
Азған сені көргенде
Қайнайды менің зығырым.
Абай:
Қайнайды қаның,
Ашиды жаның,
Мінездерін көргенде.
Дулат:
Мөңіреп жұртқа ой қайтты
Бұзауы өлген сиырдай.
Абай:
Адасқан күшік секілді,
Ұлып жұртқа қайтқан ой.
Дулат:
Майырдың алса бұйрығын,
Борбайға қысып құйрығын.
Ел пысығы жортады,
Өзі елді қорқытып,
Одан өзі қорқады.
Алдына түсіп талтаңдайды.
Абай:
Өзі ұлыққа,
Қадір жоққа
Қарамай өз халқына.
Сөз қайырмай,
Жөнді айырмай
Жұртқа шабар талпына.
Алағай да бұлағай заманның қабарып бұлты түйіліп келе жатты. Соның суық ызғарын түу алыстан сезген ақын жүрек аласұрып жанталасты.
Дулат:
Қазіргі қазақ ұлығы,
Жаман иттен несі кем?
Жемтік көрсе, қан көрсе
Айырылар мүлдем есінен.

***
Кінәм жойқын, тәубем аз,
Тіршіліктен не таптым?
Дүние – жемтік, мен – төбет
Соны бақпай, не бақтым?
Ырылдасып әркіммен, 
Не қапқыздым, не қаптым.

***
Елін сатып, шен алған,
Өлекседен жем алған.
Кебеже қарын, кең өңеш.
Өлексе көрсе үңгіген.
Күшігінен кем емес.
Тек дейтұғын тегі жоқ,
Өз еліне ебі жоқ. 
Жатқа Зерде, кегі жоқ –
Азған елге би болды.
Сендер атқа мінген соң,
Тандыр болып су алды.
Шалқар көлдей несібет.
Шортанбай:
Бұл заманның адамы
Ұстасады көре алмай.
Аз болса бөліп бере алмай
Шындық кетті қазақтан,
Ант сөзіне сене алмай.

***
Мейір кетті пендеден,
Сөйтіп ердің елінен.
Ақыл сұрасаң азбассың,
Көпті көрген көнеден.
Қасиет кетті төреден.
Әділдік кетті билерден,
Абырой кетті әркімнен.
Келідей істі көлдей ғып,
Өтірік айтып жасасын,
Мойнына әкеп жабады.
Өз қолыңды кесе алмай,
Шиеленгенді шеше алмай.
Осы шығар, әлеумет,
Дүниенің қауіп жаманы!
Абай:
Адам деген даңқым бар,
Адам қылмыс халқым бар.
Өтірік пен өсекке
Бәйге атындай аңқылдар.

***
Кетті бірлік,
Сөнді ерлік.
Енді кімге беттемек?
Елің ала,
Отты шала,
Тайса аяғың кім көмек?

***
Жалығады пәледен,
Жұрт ұмытты бір жола.
Шыныменен тәмам ел,
Кете ме екен ит бола?

***
Кеселді пысық көбейді.
Күшік иттей өріп жүр,
Кісіден кеммін демейді.
Жә, жетер! Осылардың өзі марқасқа бол­са да жігіттің қандай жүзік көзінен өт­кенін байқатпай ма? Әрине, үндестік пен үйлесімнің шет пен шегі жоқ. Ол ұстаздарды ұстаздай ұлықтап, шәкірттеріне шікірейе шекесінен қарамай бәріне де сезім мен ой үлкейту шынысымен үңіліп мән бергендей. Немесе, Абай Абай бола ма? Алайда, дәл осылай дәстүр мен жаңашылдықты ұш­тастырып, ақындармен тонның ішкі бауындай қойындасып, бір-бірімен рухи туыстасып, бауырласып кетуі ешқашан ман­сұқ етілмейді. Хас өнерге орасан үлкен та­лап қойып, ешкімнің бет-жүзіне қарамай аса парасаттық танытатын Абайдың да жаңашылдығы (мазмұн, түр, т.б.) аспаннан аяғы салбырап түсе қалған жоқ. Қанша құ­мырсқашылап тұқшыңдағанмен көл-көсір Абай әлемі құйқылжыған қиялға жеткізе ме?..
***
!..
Ой онға, сана санға қанша бөлінгенде де Абай жансарай әулиеханасына апаратын жол тақтайдай тегіс емес, аса ауыр. Кедір-бұдыр. Тарам-тарам. Біреу ыждағаттықпен ізденуге ерініп енжар­лықпен төте тартқысы келеді. Келесі мұзтаудай мұратқа жету үшін аралық қан­ша қашық болса да айналып жүреді. Бі­рақ, ақынның биік болмысы оңай­лықпен сыр бере ме? Ендеше...
Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын оны 
            да ойла.
Әмбебап ұлы дарын иесі Тәкен Әлім­құлов күлтелемей, алтын жамбыдай ны­санның тура өзінен бастап, «осы екі жол – теңізшінің тарланына жеткізбейтін мұхиттың тұңғиық түбіндей» дей келіп, тамаша тамыршыдай ары қарай таратып әкетеді. Сонымен де, оның «Жұмбақ жаны» көп көпірме монографиядан әлдеқайда артық жүк көтеріп тұрғандықтан жанға қымбат, санаға сымбат болып көрінеді. Туындының алымы мен танымының табиғаты жұп-жұмыр жұтынып тұр. Қыз баласындай сүйкімді. «Абайтану тұрғылары түрлі-түрлі де, биіктігі біреу. Ол – Абайдың өз биігі. Оған жетудің өзі – үлкен еңбек мектебі». Көздегенде ақын-сыншы-жазушының ұлы ұстанымы осындай.
Жүрегіміз дауласа біз соған ден қойып жүрміз бе? Текті қырандар ғана жас­қанбай күн көзіне тіке қарай алады екен. Жі­бекті түте алмаған жүн етеді. Егер, абай­тану айналасындағы шындықты айт­сақ, ешкімнің өті жарылып кетпейтін шығар. Бісміллә! Ақиқаты сол – қасаң, қа­ра­­байыр ұғымнан арылмаппыз әлі. Балаларды бала, шәкірттерді шәкірт десек, одан Абай жығасы қисаймайды ешқандай. Оларды мұрнынан тізіп, күштеп сүйреп әйтеуір, топқа қосып жіктеу біртүрлі. Түз тіршілігінде «әке көрген оқ жанады» деген қалыптасты. Бірді-екілі өлең мен поэма жазды, тәжімалады деп Абай балаларын шәкірттер қатарына қосу қалай, ақылға симайтындай. Баланың аты бала. Ұяда көргенін істеу міндет. Шәкірттің аты шәкірт. Тәлімгеріне байланысты. Үлгі-өнеге өркен жайып жатса құба-құп. Онсыз да Абай мектебінен өткендер жетіп артылады. Әріп (Мұхаммедғарып) Тә­­ңір­бергенов (1856-1924 жж.), Шаһ­кә­рім Құдайбердіұлы (1858-1931 жж.), Көкпай Жанатай (1863-1927 жж.), Әсет Найманбайұлы (1867-1923 жж.) және бас­қа­лардың қазақ бас ақынымен (А.Бай­тұр­сынұлы) тығыз қарым-қаты­насы, түрлі-түрлі байланыстары, үйренуі мен жиренуі түбегейлі зерттеліп келе ме?
1958 жылы Мәскеудің «Мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан» жарыққа шыққан «Қазақ поэзиясы антология­сының» тізгін қағарында: «Абай шығар­ма­шылық жолы туралы айтқанда оның Шығыс классиктерге ілтипатын айтқан ләзім, – деп толғады Әуезов. Т. Әлім­­құловпен бірігіп жазған кіріспеде. – Фер­доуси,  Хафиз, Сағди Низами, Науайы, Физули тәрізді жыр шеберлері дүниеге әкелген үздік үлгідегі еңбектерінен тәлім алып, пір тұтты» – деп жазды.
Ақылтай, Мағауия мен Тұрағұлдың Абай мектебінен өсиет-өнеге үйреніп, тәлім-тәрбие алғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Бәрінің де жөн-жосығы бар емес пе? Абайтанушылар (Осы салада қызмет етіп жүрген нанталаптарды, тіпті, ауызға алмаймыз) арасында марқұм Қайым Мұхамедханов біраз пайдалы еңбек сіңіріп, сол жолда алапат азап кешсе де дініне беріктігін ақырына дейін сақтап қалды. Бұл оның кейбір кемшіліктері мен ақауларын көрсетуден құтқара алмайды. Ол ілгергі ізденістерін жалғап, 1998 жылы «Абай және оның шәкірттері» деген атпен бірнеше кітап шығарды. Тақырыпқа терең  бойламағаны көзге ұрады. «Абай көркем әдебиетте Пушкин бастаған, Пушкин атасы болған реализм мектебінен үлгі-өнеге алды», «Абайдың әлеуметтік тақырыпта жазылған өлеңдерінің Гоголь, Салтыков – Щедрин, Некрасовтармен үндес болып отыруы, орыстың демократ-жазушыларынан (?) алған үлгі-өнеге еді», «...орыс мәдениетінен өнеге алуы, орыс әдебиетінен үлгі алып, өсуі ақындық талантына кең жол ашады... Пушкин мен Лермонтов Ақыл­байдың сүйікті ақындары болды». «Пуш­кин, Лермонтовты қатты зер салып оқығанын көреміз.
...Әкесі Абай үлгі алған зор мектеп орыс әдебиетін ардақтап, орыстың ұлы ақындарын аса үлкен құрметпен атайды», «Ақылбайдың «Кітап жазған орыс даналары» деп сүйсініп, өнеге алғаны осы Пушкин, Лермонтовтың кітаптары. Осы ақындардың романтикалық өлең, поэмаларын өзіне үлгі етеді», «Дағыстан» поэмасы қазақ әдебиетіндегі жаңа үлгінің бірі», «Осының бәрі – Ақылбайдың Абай поэмасынан алған ақындық өнердегі үлгі өнегесін айқын аңғартады» деп атүсті сыдыртып өте шығады.  Шығарма несімен үлгі-өнеге? Бұл жағына, тіпті, назар аударылмай, әңгіменің негізгі арнасынан ауытқып, бетінен қалқиды. Мағауия шығармаларына бет бұрғанда да сондай жеңіл-желпі ой айтқансиды. «Мағауия» әкесінен үлгі-өнеге, мол тағылым алған, ұлы ақынның жолын қуған, білімді, мәдениетті, саналы шәкірті, талантты ақын», «...Абай арқылы  келген орыс әдебиетінің жақсы өнегесі көрініп тұр», «Медғат-Қасым» поэмасында адам образын жасауда, көркемдік әдістер (приемдар) (?) жөнінде Пушкин, Лермонтовтың әсері, жақсы өнегесі үнемі сезіліп отырады», «Еңлік-Кебек» поэмасындағы Абай нұсқаған, бағыттаған идеялық мазмұнмен қатар, жас ақынның Абайдан ақындық суреттеу үлгісін де өнер етуге талпынғаны байқалады», «Турағұл (Тұрағұл емес – А.Н.) Абайдың ең сүйік­ті баласының бірі және ұлы ұстаз әде­биеттегі дәстүрін берік ұстаған саналы, мәдениетті шәкірті болған адам».
Біз  бұларды   әдейі шұқшиып     терме­геніміз Аллаға аян. Өзінен өзі тілге тіленіп, тіпті, көзге шыққан сүйелдей сұранып тұрған соң амал жоқ. Қанша құрметтей тұрсақ та Қ. Мұхамедханов ескі басылымдағы дүмбілез дүниесін сүйреп, тыныс белгілері: үтір, нүкте; сөз орамдарын түк өзгертпей көп томдығының үшінші кітабына (2005 ж.) кіргізуі өкінішті. Аталмыш кітаптардағы сөз, тұтас ой мен орамдарды рабайсыз қайталаулар оқырманды мезі етеді. Онсыз да әуелден төңіректегі тіршіліктен көп теперіш көріп, бейопа жалғанда бармағын шайнап, күрсініп күн кешкен Абайға абай болайық деп жүрген жоқпыз ба? Балалары Ақылбай, Мағауия, Тура­ғұлды шәкірттері санатына қосқанда не ұстамыз? Одан дағы жоғарыда аты аталған шынайы шәкірттері Ә.Тә­ңір­бергенов, К.Жанатай, Ә. Найсан­байұлы мен Ш.Құдайбергенұлы, тағы басқалардың шығармаларын жан-жақ­ты зер сала зерттеген ғанибет емес пе? Оларға қатты бейіл білдіріп, жеке-жеке бүге-шігесін қалдырмай тілге тиек етсе, Абай зор тағылымының теңіздей тұңғиық терең, аспандай зәу биік, даладай ұшы-қиырсыз табиғаты одан әрі ашыла түсер еді.

551 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз