• Заманхат
  • 29 Желтоқсан, 2015

ҚАЗАҚ СПОРТЫНЫҢ ТАМЫРШЫСЫ

Рабат ЖӘНІБЕКҰЛЫ, Қазақстанның Құрметті  журналисі   

Қай заманда да халыққа қызмет еткен азаматтар қазақта аз болмаған. Бүгінде ұлт­тың қамын, болашақ ұрпағының бағын ойлап, ел ішінде еңбек етіп жүрген азаматтар баршылық. Өзінің азаматтық сипатымен, адамгершілік асыл қасиеттері мен жастарға үлгі болар ұлтжандылығымен асқақтай түсер тұлға деуге тұрарлық азамат – Елсияр Қанағатов. Елсиярдың спорт майданына араласуы, қалыптасуы, елімізде әміршіл, әкімшіл, кеңестік жүйенің дәуіріне дөп келді.

Социализм құрылысы кезінде, алдыңғы буын ағалар мемлекет мүддесін жеке басынан жоғары қоюдан артық бақытты сезінбеді. Жан аямай жасаған еңбектен жалпы қоғамға жалынды істер келді, адалдық ниет алға озды. Міне, сол дәуірдегі көпшіліктің ортасында үлкен спорттағы алғашқы қадамын жасағандардың бірі – Елсияр Қанағатов болатын. Мен спорт комментаторы ретінде спорт әлеміне ден қоя бастаған сонау 1972 жылдардан бастап осы салаға қызмет етіп жүрген барлық азаматтарды жақсы білемін, танимын. Солардың арасынан маған «тонның ішкі бауындай» етене жақын болғандарының бірі, Елсияр десем артық айтқандық бола қоймас. Ол, спорт саласында араласқан күннен бастап, халқымыздың ұлттық спорт түрлерінің шын жанашыры болды. Кеңес дәуіріндегі билігі күшті ком­му­нистік партияның сана-сезімді шыр­мауықтай шырмаған идеологиялық саяси үгіт-насихатына имандай сеніп, қа­зақ жұрты өзімен бірге жасасып келе жатқан ұлттық ойындары мен спорт түрлерінен айырылып қалуға шақ қалды. Елсияр, сол заманда, ұлттық спортымызға оның көзден таса болып, көңілден ұмытылмауына қамқоршы бола білген, жанашыр бірден-бір тұлға екеніне куәміз. Оның бұл қасиетін ерлік деуге де тұрарлық. Әрине, ерліктің үлкен-кішісі жоқ. Ерлік қолына мылтық ұстап, жауға аттану ғана емес, нағыз ерлік, ұлт мүддесіне, халықтың бақытына, келелі келешегіне негізделсе, баянды, ғұмырлы, нұрлы болмақ.  Бұл орайда, оның өзі айтқан мына пікірін келтіре кеткен абзал сияқты. «Спорт жас ұрпақты  елін сүюге, олардың бойында отаншылдық, патриоттық сезімді қалыптастыруда зор қызмет атқаруда. Ғасырлар бойы ат үстінен түспеген бабаларымыздың талай ұлттық спорт түрлерінің дүниеге келіп, дамуына ықпал еткенін бүгінде қуана еске аламыз. Кезінде ел спортының қалыптасуы жолында еңбек еткен Өтепқали Құралов ағамыздың сөзіне сенсек, түркі халқы атқа қатысты спорттың 39 түрін дүниеге әкелген екен. Өйткені, түркі халқы, оның ішінде қазақ елі осыдан алты мың жыл бұрын ат жалын тартып, мініп, оның құлағында ойнаса бүгінгі таңдағы аламан бәйге, тай жарыс, құнан жарыс ат спорты түрлерімен бірге, найза лақтыру, жамбы ату, қылыштасу, аударыспақ, қыз қуу, қазақ күресі сияқты бәсекелер біздің жерде пайда болмады дегенге кім сенеді». Ия, бұл тұжырым осы саланың сырты мен астарын аударып, ұлттық спорттың нағыз білгіріне айналған, маманның, спорт­шының, басшының пікірі болатын. Елсияр, ұлттық спорт сала­сының қара қазанында қайнап, құрыштай берік болып қалыптасты. Ұлттық спорт  дегенде, спорты, ауыл жастары еріксіз еске түсіреді. Сонау бір замандарда ауыл спортының үлкен спорттың арнасымен өріліп, өркендеп бой көтеруіне ерекше серпін берген «Қай­рат» ерікті спорт қоғамы болған. Сол қоғамның қатардағы нұсқаушысы болып еңбек жолын бастаған Ерекең, кейінірек «Қайрат» қоғамының төрағасы дәрежесіне дейін көтерілді.Өзі­нің рухы биік, пейілі кең адам, өзге­лер­дің биіктігі мен біртуарлығын бағалап, жақсылығын жарқыратып көрсе­туге әзір тұратынына оның спорттағы қадамын көр­ген сайын көзіміз жетуде.  Оның 60-жасқа толған биылғы мерейлі кү­нінде «Спорт» газетінде қызықты мәлі­меттер келтіріліпті. Онда былай делінген: 2004 жылдан түрлі өзгерістерге түскен Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрінің орынбасары, Спорт комитетінің төрағасы секілді жауапты лауазымдарды атқарып келеді. Он екі министрге орынбасар болыпты, он екі министрге барынша адал қызмет атқаруға тырысыпты, – деп жазыпты. Рас, оның рухы биік, пейілі кең, адал, өзге­лердің биіктігі мен біртуарлығын баға­лап, жаңалығын жарқыратып көрсетуге әзір тұратыны оған Алланың берген қасиеті. «Адалдықты ту еткен, асыл адамгершілігін, бітімі бөлек болмысын, жан жомарттығын, емен-жарқын көңілін, ең негізгісі қазақ спор­тының мұрат-мүддесін алдыңғы кезекке қойып, оның болашағын ойлайтыны. Азамат болып атқа мінген кезінен-ақ көпке қамқор, жақсы ісімен елдің мақтанышымен, халықтың жақтауымен абыройға ие болған Елсиярдай азаматтар бірден көпшілік назарына ілініп, мерейі өсетіні хақ. «Тектілік тегінде бар» деп азаматқа жылы лебізін білдіріп жатады. Елсияр Қанағатов – деген есімді есіткен кез келген спорт саласының өкілдері, оны қазақ спортының «тамыршысы» деп орын­ды мақтанышпен атайды. Қазақстан спор­тының әрбір қадамы өсіп-өркендеу жолы, даму барысы, бүгінгі таңдағы дәрежесі, оның ашса алақанында, жұмса жұды­рығында. Ол қазақ спортының барометрі. Оған дәлел 2012 жылы Лондонда өткен олимпиада ойындарында 7 алтын медаль аламыз деген «көріпкелдікті» сол  кез­дегі спорт агенттігінің төрағасы Талғат Ерме­гияевтің аузына салып берген Елсияр екендігінде еш күмән болмаса керек. Қырық жылға жуық спорт әлемінің қазанында қайнаған тұлғаның пайымы тұ­жырымы, салиқалы да сарабдал болса керек. Әрине, бұл жерде біз Талғат Ермегияевтің агенттіктің төрағасы ретінде ол болжамнан мүлде хабарсыз еді деуден аулақпыз. Киелі ауыздан шыққан бұл болжам шындыққа айналып, әлемдегі ең мықты елдермен иықтастырды. Тарих бетіне, алтын әріптермен жазылған осынау зор табыс, болашақ спорттық жетістіктеріміздің бағ­даршамы бола бергей. Лондон Олимпиадасы ойындарының кейінгі кездесулерде, спортта бөлектену жоқ, спортта отан, туған жер, туған ел ғана  бар! Елі үшін, жері үшін, Отаны үшін жан беріп, жан алысатынымыз да сондықтан. Қазақстан бәрімізге ортақ. Осы елде туған, орыс та, украин да, басқа ұлт өкілдері де Қазақстан үшін жанын аямай, от болатын жерде от болып лапылдады, шоқ болатын жерде шоқ болып жарқылдады, ең бастысы, жеңіс үшін барын салып күресті, – деп Елсияр ризашылығын білдіріп, Александр Винокуровтың, Илья Ильиннің, Зүлпия Чиншанлоның, Майя Ма­незаның, Светлана Подобедованың, Оль­­га Рыпакованың, Серік Сапиевтердің есім­­дерін мақтанышпен атаған болатын.  Олим­пиадалық жеңістердің қайнар көзі ол бұқаралық спорт екенінде дау жоқ. Ел Президентінің спортқа ерекше мән беріп, оған үлкен қамқорлық жасап отыр­ғаны жәйден-жәй емес. Ауыл спортын дамытуды басты мақсат етіп қойды. Салауатты өмір салтын қалыптастырып, бұқаралық спортты дамыту бойынша барынша ке­шен­ді іс-шараларды жүзеге асыру туралы жол көрсетіп отыр. Бұл салада республика көлемінде атқарылып жатқан келелі жұмыстар жайында Елсияр Қанағатовтың өзінен естіген тындырымды істердің бар екеніне көз жеткіздік. Президентіміздің 2020 жылға дейін Қа­­зақстан халқының 30 пайызы спортқа тар­тылуы керектігін қадап берген тапсырмасы бар. Артында үлкен салмағы, мән-мағынасы бар, жауапкершілігі зор бүкіл­халықтық мәселе. Бұл орайда көп жұмыстар атқарылып жатыр. Өткен жыл­дың қорытындысы бойынша респуб­лика көлеміндегі дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар қатары 25,06 пайызға жетті.  Бұл осы қозғалысқа қатысушы 4 млн. 316 мың 200 адам деген сөз. Яғни, 2013 жылмен салыстырғанда, 1,8 пайызға, былайша айтқанда 375 адамға өскен. Президенттік сын-сынақ өткізу де дәс­түрге айналуда. Отандастарымыздың  басын қосатын мұндай ауқымды шараға биыл 2 млн. 535 мың 657 адам қатысса, оның 57 мың 898-і президенттік деңгейдің нормасын орындап шықты. Мұндайлардың қатары ауылда 13819 адамға жетіп отыр. Ұлттық деңгейдегі нор­маны орындаған 137 мың 344 адамның 35 мың 841-і ауылда тұрады. Бұл – ауыл-ай­мақ­тарда, шалғай аудандарда спортпен шұ­­­­ғыл­данушылар қатары күн санап артып келе­ді деген сөз. Бұқаралық спорт қана емес, елімізде спорт­тың барлық түрі жедел қарқынмен да­му үстінде. Елсияр, Абай атамыз айтқандай, ақы­лы мен еңбегіне сенген адам. Екеуі екі жақ­тан, оны биікке көтерді. Құлашын кеңге сер­метті, ойын тереңге бойлатты. Қай жұмыста да ұтқыр ұйымдас­тыру­шыны абырой мен бедел өзі іздеп табады. Елсияр осыған лайықты азамат. Ол қашанда болмасын кеудемсоқтықпен өзін көрсету үшін емес, іскерлікпен тірлік кешеді. Кісі зер­делі болған сайын менмендік кері шегі­неді. Парасатты да дегдар адам бәрінен биік тұрады. Елсияр өзін қашанда жұртпен тең санайды, артық құрметті керек етпейді. Қазақстан спортының алдында үлкен асулар тұр. Сол асулардың ең биік шыңы ол 2016 жылы Бразилияда өтетін жазғы олимпиада ойындары. Олимпиада шыңына  көтерілетін таңдаулылар қатарында Қазақ­стандық дарабоздардың көптеп болуы бү­гін­гі күннің ең басты міндеті екені даусыз. Сол жолда тынбай тер төгу жолында жастарымызды баулу, дайындықтарын шыңдау, бүгінгі күннің басты мәселесі екенін бір сәтте естен шығармағанымыз абзал. Әр заманның, әр уақыттың, әр кезеңнің өзіне ғана тән, дара жаратылған ерекше тұлғалары болады. Елі үшін, халық үшін еңбек етіп бүкіл алаштың мерейін өсірген, айтулы азаматтар жетіп артыларлық.  Со­лардың бірі, бірегейі – Елсияр Қана­ғатов. Спортта жеңіске жету, аса қажыр-қай­ратты, күш-жігерді, білім мен білікті ең арысы төзім мен сабырды қажет етеді. Мен, арынды алпысқа келген Елсиярдың бойынан осыларды көремін де қайран қала отырып, ризашылық сезіммен тәубе дей­мін. Қазақстан спортын жаңа белестерге көтеріп, спорт айдынында жеңіс кемесімен талмай жүзе беруіне тілектеспіз.

312 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз