• Заманхат
  • 29 Желтоқсан, 2015

Бітімі бөлек жан еді...

Мырзагелді КЕМЕЛ,
саясаттанушы

Ұмыту – адамның бақыты, әрі са­ғы­нышы. Бақытты болатыны – барлық оқи­­ғаның бәрін зердеде тоқу мүмкін емес, оны ұмытасың және ұмытуға тиіссің. Өйтпеген күнде ақыл алжасады. Ал, са­ғынышы дейтініміз – ұмыта алмайтын, ұмытуға болмайтын, бір сәтке де болса есіңнен шығара алмайтын, адамның ой-жүйесін тұтастай игеріп, меңгеріп алатын адамдар, сезімдер  болады. Фариза Оңғарсынова – менің тағды­рымдағы сондай сағыныш. 1996 жылдың қаңтарында бірінші шақырылған қос палаталы Парламенттің Мәжілісіне сайланған депутаттар Алматыдағы Үкімет үйіне жиналып, депутаттық мандаттарын алды. Сол жиында біздердің әрбірімізге берілген гүлді алып отырған орныма келе жатып оны Фариза апайға ұсындым. Ол кісі маған мейіріммен қарап, кіммін, қайдан келдім, қысқа ғана сұрастырып, әңгімелесіп кеттік. Ұлы Адаммен таныстығым осылай басталып еді. Содан кейінгі 18 жыл ішінде  жанында жүрдім. 

Дана Абай: «Қарашы, өз бойыңда түгел ме екен, Ыстық жүрек, оң шырай, қуат пен күш» дегеніндей, бойынан осының бәрі табылып келген Ақын, Азамат, Қайраткер Фариза Оңғарсынованың дүниеден көшкеніне екі жылға толғалы тұрғанда, біздің халқымыз үшін, әрбіріміз үшін ол кісінің тұлғасы күннен-күнге биіктеп келеді, биіктей түсетініне сенімдіміз. Өз басым апамызбен бірге азаматтықтың, арлылықтың, мемлекетшілдіктің белгісіндей болған тұтас бір дәуір дүниеден көшкендей сезімдемін. Апайды өзін танығанша оның барлық кітаптарымен, жария көрген шығармаларымен түгелдей дерлік таныс едім. Әсіресе, «Сұхбат» кітабы өте ұнайтын. «Сұхбатқа» академик-жазушы Ғабит Мүсірепов алғысөз жазғанда: «Көркем сөз майданында ақынға, жазушыға, еркек-әйелге, кәрі-жасқа... ғарышқа дейінгі биіктік те, Жер-ананың отты жүрегіне дейінгі тереңдік те ортақ. Ерлік, батылдық, адалдық, ұяттылық, арлылық, намысқойлық сияқты адамгершілік-азаматтық қасиеттердің бәрі де ортақ. Мен Фаризаны осындай асқарлардың биігінде көремін» депті. Осы сөздерде аталған қасиеттердің әрбірі Фариза Оңғарсынованың бір бойынан табылатынына көп жылғы бері әріптес, серіктес, шәкірт бола жүріп көзім анық жеткен. Фариза апаның ақындығы, мінезі, шыншылдығы жайында көп айтылып жатыр. Халқы оны ұмытпақ емес. Әдетте, шығармашыл адамдарға: «Парламентте несі бар, жазатындарын жазып, тыныш жүре бермей ме?» – деген сөздер жиі айтылады. Бұл сөзді қазақта ең көп естігендер Әбіш Кекілбаев пен Фариза апай болды десем артық айтпағаным болар. Шынына келгенде, Парламент ылғи заңгерлер мен экономистерден тұрмауы тиіс. Онда саясаткерлер, әлеуметтанушылар, түрлі саланың мамандарымен қатар зиялы қауым өкіл­дері, шығармашылық адамдары болуы жөн. Өйткені, қабылданатын заңдар сан қилы, онда құқық пен экономикалық заңдар әлеумет пен мәдениетке қатысты заңдардан онша көп емес.
Фариза Оңғарсынқызының қайраткерлік қызметіне біршама тоқталудан бастасам, ол 9 жылдық депутаттық қызметінде қатардағы депутаттардың бірі болған жоқ. Биыл – Қазақстан Республикасы Парламентінің құрылғанына 20 жыл толса, содан бері қазақ тілінде бар болғаны екі ғана заң жобасы әзірленді, соның бірін – «Қазақстан Республикасындағы балалардың құқық­тары туралы» заң жобасын екі жылдай әуре болып, көп еңбектеніп Фариза апай жеке өзі ұсынды, екі палатада да баяндамаларды өзі жасады, көптеген сұрақтарға жауап берді, ресми құжаттардың қасаң ережелеріне қарсы тұрып тайталасты. Бір мысал: «баланың құқығы» деген сөздердегі «құқығы» дегенді, егер шынымен біздер қазақ тілінің қорғаушысы болсақ, қазақтың байырғы тілінде болмаған бұл сөзді «құқы» деп жазуға тиіспіз, «құқық» деген сөз өзбектің «хұқық» дегенінен шыққан деп ресмиленіп, бір нұсқадан айнымауға әбден үйренген мамандармен айтысқанын көрдім. Бірақ, оларды жеңе алмап еді. Бұл жобаның қаржы жоқ деген сылтаумен ақыр соңында қаржы талап ететін баптары көп қысқартылып кетті. Ақыр соңында 2002 жылдың 8 тамызында бұл құжат заңдық күшіне еніп, газеттерде жарияланды. Газетті алып, кабинетіне кіріп: – Қуанып отырсыз ба, құтты болсын еңбегіңіздің жанғаны, – деп едім, «Қуанып отырғам жоқ» – деп дүңк еткізді. Неге? – десем:  – Үкімет балаларды қолдауға қатысты барлық баптарды «шығын әкеледі» деп қысқартып тастағанын өзің білесің ғой, несін сұрайсың. Құр әншейін заң аты бар бірдеме болды. Балалардың құқығын қорғауға қаржысын қимайтын бұл қандай Үкімет екенін түсінбеймін. Біздің тұрақты даму жолына түстік дегеніміз қайда? Тұрақты дами бастасақ, оның игілігін алдымен ана мен бала көруі керек еді ғой, – деп біруақ ашуланып отырғаны есімде.
Фариза апай Мәжіліс мінберінен сөз алса ылғи да қоғамның рухани өміріне қатысты болатын. Қазақтың тілі мен ділі – негізгі тақырыбы еді. Алматы өнер университетінің қажеттеріне бюджеттен қаржы бөлу жөнінде талап қойып, әріптестерін қолдауға шақырып, қызына сөйлеген сәттері жадымызда. 
Елордамыз Астанаға көшкен сәтте, қаланың рухани дүниесі астана болатын қалаға лайықсыздау болатын. Қала мәдениетін көркейту үшін қай салаға болсын қаржы қажет болып тұрды. Сол жылдары мұнай бағасы бар болғаны 8 долларға дейін құлдырап, Нұрлан Балғымбаев басқарған Үкімет қаржының қатаң тапшылығына ұшырап тұрған сәттерде Фариза Оңғарсынованың ұсынысымен Астанада жаңадан ашылған Өнер университетіне аса қымбат бағалы орган залын ашуға қаржы бөлінді. Астанадағы шығармашыл одақтардың түрлі жиындарында, конкурс­тарда, айтыстарда төрешілер қатарында болып, әрқайсысын қабілет-қарымына қарай бағалағанда, ұсынысы өтпей, көңі­лінен шықпағандар жеңімпаз аталып кеткенде, оған наразы болған тұстарын ұзақ әңгіме етіп айтып беретін. Бір мысал: Фариза апайдың тартып әпергендей табандылығы нәтижесінде Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысында жюри мүшелері біржақты келісіп, белгілеп қойған ақын емес, Қытай Халық Республикасынан келген қандасымыз, белгілі айтыс ақыны Жәмиға Дәулетқызы жаттандылықтан ада, қазақы бояуы қалың сөздерімен бас жүлдесін қанжығасына байлап, 3 миллион теңге көлеміндегі арнайы сыйақыға ие болды.
II-шақырылған Парламент Мәжі­лісінің 5 жылында (1999-2004) «Экология» комитетінің мүшесі болды. Шерхан Мұртаза екеуін бұл комитет құрамына тартқан мен едім. Екеуі де комитет аясында қоршаған ортаны қорғау сала­сында белсенді еңбектенді. Каспийдің қырылған ақбауыр балығының ашылмай жатқан себебіне, «Москвичтегі» бақылаушыларға жеткізбей, Джиппен ақбөкенді қуалап ататын қолында аз-мұз билігі барларға, қасқырды тікұшақпен аулайтын бай-бағландарға қарсылығын айтумен жүруші еді. «Ел мүддесіне қайшы келеді» деп таныған мәселелерде аянбай қарсылық танытатын. Өзі туған жердегі «Азғыр», «Капустин Яр» полигондарының зардаптары, қазірге дейін пайдаланылып келе жатқан «Сарышаған» және т.б. төрт полигонды Ресейге жалға беру мерзімін ұзартуда қарсы болды. Бірақ, «азшылық көпшілікке бағынады» қағидатын ұста­натын Парламентте көпшілікті өзіне қарату оңай болмайтын. Мұндайда даңқ пен абыройдан жоғарыдан келетін нұсқау мықтырақ болушы еді. «Сендер – мақұлшылсыңдар! Өзің осы комитетке шақырып, азғырып едің, енді неге осы заң жобасын қабылдатпауға күш салмайсың?» деп ұрысып еді маған. Сол полигондарға жыл сайын берілетін 120 миллион доллар қаржы жолдағы жолбикелерден артылмай, талан-тараж болып жатқанын естігенде қатты күйзелді.
Қазақ тілін қорғап бірнеше рет сөйлеп, біздерге, бес-алты әріптестеріне (оның ішінде мен де бармын) «қазақ тілін біле тұрып, қазақша сөйлемейтіндерің қалай» деп шүйлігіп-шүйлігіп алатын. Расында, қазақша сөйлемейін дейсің бе, сөздеріңді аудитория онша қабылдамайтын, қазақтарымыздың өздері түсінгісі келмейтін болған соң басқаша сөйлеуші едік, бұл жағдай бүгінде де солай. Мәжілістің қызыл залында біздер – Шерхан Мұртаза, Қаратай Тұрысов, Фариза Оңғарсынова және мен бір партада бес жыл қатар отырдық. Сонда Фариза апай мен Шерхан аға бір жақ, Қаратай аға екеуміз бір жақ болып қалатын кезіміз болатын. Сонда апай біздерге өкпелеп, кәдімгідей торсаңдап, бұрқылдап ұрысатын, бірнеше күн сөйлеспей қоятын. Жер туралы заңда Шераға екеуі залдағы 90 пайыз депутатқа қасқая қарсы шығып, сонау Мүде қағанның жерді жауға беруге болмайды деп айтқанын қозғап, бәрімізді ұялтып еді. Бірақ, Парламенттің ережесі бойынша азшылық көпшілікке бағынады, сол себепті екі аяулы зиялымыз қаншама ойлы, дана болғандарымен ұсыныстары өтпей, ауыл шаруашылығы жерін жеке меншікке беру туралы заң қабылданып кеткен. 
Фариза апайдың төңірегін ылғи да өмірден түңіле жаздаған, тапшылық тартқан адамдар қоршап жүретін. Солардың бәріне қолынан келгенінше жақсылық жасауға тырысатын. Біреуіне баспана, біреуіне жұмыс сұрап, біреулерінің идеяларын жүзеге асыруға демеуші іздеп, ақ шашты басын иіп кеңселерді жағалайтын. Бірақ, ешуақытта біреудің несібесін басқа біреуге алып беруге бармайтын.
Сондай-ақ, ол кісінің жанында поэзиясын сүйіп, талантына табынып жақын жүргісі келетіндермен бірге, уақыты келгенде «бірге жүріп едік», «сырласушы едік», «осылай деп айтып, көндіріп едім» дей жүру үшін, бірде болмаса, бірде керегі болып қалар деген есеппен жақындаса жүретіндер де болатын. Ондайлардың ішінде бүгінде өздерін апайға серіктес, «соратник» болдық деп мақтан етіп жүргендері де бар. Алла айтты дейді: «Ей, пендем менің саған жасар жақсылығым сол, жолыңа жақсы адамдарды жолықтырам», – деп. Қазақтың ең жақсылары бас болып Парламент аясында біріккенде менің бағыма Фариза, Қаратай, Шерхан сынды жаны жайсаң жақсыларымыздың қасында бірге жүріп, өнеге алып, сөз үйренгеніме шүкіршілік етемін. 
Апамның бітім-болмысынан көп өнеге алдым.
Ол еркіндікті, бостандықты сүйетін. Ойлаған ойы, айтқан сөзі, жасаған ісі бірдей болып тұрушы еді. «Жаутаңдап алған билігің, Еркіндігімнен садаға» деп жазды. Оны «асау, тарпаң» дегендер табиғатын танымағандықтан, шындықты бетке айтатын турашылдығынан, өз ұстанымынан таймайтын мінезінен тайсалатындар айтатын. Тарпаңдығы тәкаббарлықтан, өркеуделіктен емес еді. Ол ешуақытта ешкімді жамандамайтын, біреулерге көңілі толмаған сәттерде: «жай адам ғой» деп қана қоя салатын, әңгімені ұзақ-сонарға созбайтын. Жалғандықты, жасанды көлгірсуді жаны сүймеуші еді. Жаны өте нәзік болатын. «Ақындарды салыстырып қарауға болмайды, әркімнің деңгейі бар, шамасы келгеніне қарай жазады, сондықтан: анау артық, мынау кем, – деу орынсыз» дейтін. Шыншылдығы сол – өлең жазуды қойып барамын, поэзияда айтарымды айтып болдым, - деп те ашық мәлімдеді.  Сөйте тұра, қаламы қолынан түскен жоқ. Алып түскен кесел жабысқанда Пушкиннің өлеңдерін аударып жүр еді. «Марк Твенге ерекше көңіл бөліп жүрмін» деп еді.
Бірде, залға ала барып, оқып отырған бір қолжазбамды «маған берші» деп алып оқып отырды. Сөйтті де маған: «Сен ғылым мен шығармашылықты қатар алып жүрсің, бірақ руханиятқа көңілді көбірек бөл. Өзбектер секілді тілің жұмсақ, аудармаларыңды қазақтың өзі жазған екен деп ойлап қалатындай...» – деді. Осы секілді ұстаздық ақыл сөздері көп болды.
Өмір бойы өзін-өзі жетілдірумен келді. 70-тен асқанда «компьютерді үйрет маған» – деді. «Мәтінге отырудың сізге қажеті жоқ, ол сізді шаршатады» дедім де, интернетті ашып оқуды үйреттім.  2014-тің 20 қаңтарында соңғы рет ауруханаға барып көңілін сұрағанымда: «Мұхаммед пайғамбар» деген кітабымда бұрынырақ жазылғандықтан өзгертуге жататын мынадай-мынадай жерлері бар, соны компьютеріңдегі нұсқада түзетіп қойшы» деп тапсырып еді.
Ешқашан, қайсыбір жағдай болмасын ұсақтық танытқанын көрмедім. 
Ол өзінен үлкендерге ерекше құрметпен қараушы еді. Мәриям Хакімжанова, Өмірбек Жолдасбеков, Зейнолла Қабдолов, Серік Қирабаев, Қаратай Тұрысов, Шерхан Мұртаза, Әбдіжәміл Нұрпейісовтерді ілтипатпен ұдайы айтып отыратын.
Ол – қазақтағы қыз біткеннің анасындай еді. 
Отбасындағы мейірімі ерекше болатын, ерте қайтыс болып кеткен ағасының ұл-қыздарының бәрін жетілдіріп, қамқор болды. 
Фариза апай менен бар болғаны  9 жастай ғана үлкен еді. Бірақ, өзімнен екі есе үлкендей көретінмін. Жұбайымыз екеумізге анамыз секілді болып кеткен-ді. 1958 жылдан бас­тап жарық көрген алғашқы шығармасынан бері 55 жылдай қолынан қаламы түскен жоқ. Поэзиялық шығармаларына қоса, очерктер, повесть, пьеса жазды. Кеңестік елдер ақындарының, Чили ақыны П. Не­руданың жырларын, кейбір драмалық шығар­маларды қазақ тіліне аударды. Фариза Оңғарсынқызының публицистикалық шығармаларының өзі бірнеше диссертацияға жүк боларлық дүниелер.
«Мерет аңызы» очеркінде ауыл ауып үдере көшкен мәжбүрлі жолсапар, су іздеп сабылған көшті бастаған сұлу Мереттің биік құздың арасынан ағып жатқан бұлаққа кездескені, оның бастауына барар жолдың болмауынан сұлудың өзі бастап қалың елді жауып, үлкен тастарды түйемен тартып аударып, көп күнгі бейнетпен  бұлақтың басталған жеріне адам жүріп өтетіндей жол салдыруы суреттеледі. Сол шатқал әлі күнге дейін «Мерет сайы» деп, су көзі басталған жылымшы бұлақ «Мерет бұлағы» деп аталады екен. 
Аңызда бұлақ басына жетіп көзін ашу қандай қиын болса, осыған параллель  түрде суреттелетін «Сауысқан судағы» жағдай да осылай. Су сорғыш скважиналар құмнан сүзіліп шыққан суды «Сауысқан» құбырымен  Өзен қаласын сумен қамтамасыз ететіні айтылады. Жетпісінші жылдары бұлақ қызметін атом қондырғысы алмастырыпты. 
Арал теңізінің экологиялық ауыр жағ­дайына арналған «Ел мен жердің тағ­дырын өрелі жұрт ерте ойлар» деп аталатын мақаласы: «Аралдың бүгіні – қазақ даласын жайлаған қиямет-қайым құзырының бір көрінісі ғана» – деп түйінделген.
«Шашы ағарған қыз» атты кітабында: «Мен суға тапшы, өзені мен көлі, орманы мен тауы жоқ далалық жерде өстім. Қыс қыстауымызды әдетте «теңіз» деп атайтын да, жазғы мекенімізді халық қыр десетін. «Теңіз дейтіні құба дала – бір кезде теңіздің суы жатқан төбелі, сайлы, сораң мен алабота өскен жазық. Одан әрі жағалауы ішін тартып, қашып бара жатқан Каспий теңізі».
«Қайтып халық боп қаламыз?!» деген көлемді мақаласының атының өзі оқырман үшін біраз жайды аңғартып тұр. Шынында, осы кезге дейін «Қазақстан жүз ұлттың мекені» деп даурығыса айтып, оны  ерекше мақтан тұтып келдік. Сөйтсек интернационалист боламыз деп жүріп, өзіміздің ата-баба салтынан, әдет-ғұрпымыздан айырылып қалуға сәл-ақ қалыппыз. Бірақ, адам табиғаты қашаннан қызық қой, халыққа демократия тыныс берілуі мұң екен-енді бар жақсылықты бір-ақ күнде орната салғысы келеді. Бұл туралы Ф.Оңғарсынованың мақаласында былайша айтылады: «бірыңғай халықтың сөзін сөйлеуге, қызмет орнымнан түсіп қалармын деп ел тағдырын шешуші әкімдер қорқақтайды. Ұлттық республикалардың бәрі дерлік  алдымен туған тіл мәселесін шешіп алып жатқанда, кіндік кескен ұлан-байтақ топырағымызда отырып біз неге бүгежектейміз?», – дейді. Осы мақаласында: «Ең алдымен біздің елімізде буын-буынына сіңіп қалған «орыс тілін білмеген адам – адам болмайды» деген жылдар бойы қағидадай қалыптасқан пікір жойылмай тұрғанда, қазақ тілін оқы, үйрен деген жалаң үгіттен ештеңе шықпайды. Қазақ тілінен басқа тілді білмейтін адам он екі мүшесінің біреуі жоқ  мүгедектей кібіртіктеп, өз-өзінен қорсынып, шет елде жүргендей тілін тістеп жүретін жағдай барда, қазақтар бәрібір аборигендер секілді күй кеше бермек.
Өйткені, біз жұртқа жағынумен, өзіміз өлімсіреп жатсақ та біреудің бабын табуға тырысумен келе жатқан елміз. Ал, өзін сыйлата алмағанды ешкім де сыйлап жарытпайды. Қазақ тілі туралы қалалардың, кейбір көшелердің аттарын өзгерту жайлы сөз болғанда өзге жұрттың әкесінің құны қалғандай бұлқан-талқан болуы да сондықтан».
Бұл сөздер тәуелсіздік алмай тұрғанда, Ке­ңестік қыспақтан әлі босай алмай тұрған кезімізде жазылған.
«Өз топырағында өгей бала» атты мақаласында: «Менің көз алдыма ылғи бір сурет келетін болды: жиырмасыншы, отызыншы жылдар ылғи ел бастаған ер-азаматты, өнеге берер өрелі жандарды бір жұтты, одан 1937 жылдың зобалаңы, қала берді бар жақсы мен жайсаңды отқа салған Отан соғысы жылдардағы дүрбелеңі. Бір сүттің бетіндегі қаймақты қайта-қайта қалқып ала берсе, ақыр аяғында сүттің сарысуы қалады. Оны сүт деп те, су деп те айту қиын, себебі онда әлгі екеуінің де қасиеті қалмайды. Біздің ойсыз, парықсыз болып бара жатқанымыз, халқымыздың бар қасиетінен ада болып жүргеніміз әлгі сүт – шалаптай ұрпақтан өскеніміз емес пе деген ой жүйкеңді еріксіз кеміреді».
Фариза апай балаларға арнап ертегілер де жазды. Оның өлеңмен жазылған «Кит туралы ертегісі» сонылығымен, қиял­ға құрылмағандығымен, жасандылығы жоқ­ты­ғымен ерекшеленеді. Ал, «Қайшы» ертегісінің мазмұны мынау: 
«Ерте-ерте ертеде бір үйде екі пышақ болыпты. Бірінің тұмсығы сүйірлеу, бірінің тұмсығы жалпақтау. Бар айырмашылығы сол ғана, басқа жағының бәрі бірдей. Соған қарамай, әлгі екеуі біріне-бірі жақындап қалса болды, өзара айқаса кетеді екен. Олардың осы қылығынан әбден мезі болған үй иесі, өзі ұста: – Қан­ша айтсақ та, тыңдамадыңдар. Қой дегенге қоймадыңдар. Байқаймын, мына түрлеріңмен бір-біріңе күн көрсетпейтін сияқтысыңдар. Енді мен, сендерге ерегіскенде, екеуіңді біріңсіз-бірің күн көре алмайтындай етемін! – депті де, ағаш саптарын қағып тастап, кіндік тұстарынан кесіп, сол тесік арқылы қосақтай салыпты. Осыдан кейін, әрі қайшыласып, бері қайшыласып, бірін-бірі күн көре алмайтынына әбден көздері жетіпті. Осылайша, дүниеге қайшы келіпті».
Бұл шағын ертегінің түпкі мағынасы – бірлік, татулық.
Еліміз басып өткен екі қоғамда да ақындық һәм азаматтық бейнесіне қаяу түсірген жоқ. Елуге толмаған жасында Кеңес кезінің атақты «Правда» газетінде поэзия жайлы мақала жазылып, онда Фариза Оңғарсынованы Фазу Алиева, Сильва Капутикян сынды ақын қыздармен қатар ұлы ақын деп аталды. Мұндай бақ, мұндай мойындау ешбір қазақ ақынына бұйырмаған еді. Ол – Фаризаның жаратылысының, дүниені қабылдауының ерекше бөлектігінің нәтижесі. Әрине, бөлектіктің мойындала беруі де қиын. Жалқының жалпымен үйлеспеуі дегеніміз – осы! «Мінезі қиын, салқын әрі суық, бірер сәттен кейін қандай күйге түсерін болжай алмайсың» – дейтіндер де бар еді. Менің өзіме. «Ол кісінің жанында сонша жылдан бері қалай шыдап жүрсің. Оңтүстіктің айлалы, көнбісі екенсің-ау» дегендер де болды. Жақын жүрген жан ретінде айтарым – оның салқындығы сыртқы қорғаныш қабаты ғана болатын. Ал, жанына еніп, жүрегіне бойлағандарға жұмсақ, мейірімді шынайы бет-бейнесі ашылатын. Үйіне қонақ шақырғанда, барлық ас-ауқатты өзі әзірлейтін. Дастарханын өзі басқаратын. Сіңлі-досы, сырласы болған Қымбат Әбілдина былай дейді: «Елге төнген нәубет те, қиямет-қайым да, жария жақсылық та жазушының жүрек сүзгісінен өтеді. Демек, ол қоғам қайраткері! Осы парыз бен қарызды терең сезініп Парламенттің мүшесі атанды. Сол кезде тырнауыштың тісіндей сиреп қалған елдің жоғын жоқтады. Байлықтың балалық ауруына шалдығып жүрген әлдекімдерді сөзден тосты. «Жетім қызға жеңге көп, бейбастықтың алдын алайық» деді. «Қыдыр көргеніміз құрсын қыдырып айран ішкен соң» деді. Осының бәріне куә ел-жұрт батасын жаудырып, жолын тосты. Республика көлеміндегі қыз ақындар түгелдей шәкірті болдық. Өнерге деген адалдық, елге деген өнеге осы!».
«Ол кісінің қолынан да талай рет дәм таттық. Алайда, үйренгеніміз де, үйрене алмағанымыз да жетерлік. Ақылы, ішкі саясаты өте мықты-тын. Төңірегінде әр саладағы, әр алуан мінездегі, әр түрлі қыздар жүретін. Оларды сәйкестіре топтап, ретімен жақын қылатын. «Нар баласын қарпып сүйеді» демекші, аса жақсы көретіндеріне оңдырмай ұрсып та алатын. Қайдағы бір мысалдарға қия салатын. Өкпелеп хабарласпай қойсаң, өзі іздеп табатын. Кездескен сәтте мұң тұнған момақан жанары мейірім төгіп, өзіңді ғана емес, үй-ішіңді, алыстағы ата-ана, бауырларыңды, дос-жарандарыңды түгелдеп, атын атап сұрап, жарылқап тастайтын. Сол дара қасиетімен билік пен қарапайым халыққа бірдей бола білді. Тіпті, Парламент Мәжілісі депутаты болып жүргенінде де өзгермеді.
Осы жасымда не істесе де жарасатын жалғыз ғана адам көрдім. Ол – Фариза апам еді» – дейді Қымбат.
Ақын өзі туралы жұрттың өзін қатал дейтініне орай жазылғандай көрінетін: «Жұрт мені қатал дейді», «Құбылмалы-ау өмір де…», «Бәрі, бәрі сатулы», «Әкімдер», «Қо­лын­да билік бар­ларға» сияқты өлеңдерін түрлі кештерде оқығанда жиылған жұртты еріксіз ұйытып, санаға са­мал құйғандай әсерге бөлейтін.
Жастар – жара түспеген жанына әлі, 
түсінгендей жанымды табынады,
менің асқақ әм мұңды жырларымды 
іздеуі хақ солардың, сағынары…
Мен кешпеген дүние жоқ екенін
Сезеді олар. Сезеді бәрі-бәрі, – деп жастарға сенім артатын.
Фариза апайда идея мол болатын. Өз кештерін ешқашан бірсарынды етіп өткізбеуші еді. Әр кешінің сценарийін өзі жасап, барлығын жеке бақылап отырушы еді. Бір жолы Конгресс-холл сарайына теледидар мен радио арқылы хабарландырып, ақысыз кеш өткізді. Халық бір сағат бұрын залды толтырды. Алдыңғы қатарға отырғызамыз деген қайраткерлеріміз бен зиялыларымызға орын қалмай қалды. Сонда басыма: «Стадион жинайтын әлеуеті бар екен-ау апамыздың» – деген ой үйірілді.
2010 жылы Президенттік мәдениет ор­­та­лығында ақын Фариза Оңғар­сынованың баста­ма­сы­мен “Фариза жә­не сіңлілері” ат­ты жыр кеші өтіп, еліміздің әр ай­ма­ғындағы Фа­риза ақын­ның ізін бас­қан бір топ ару қыздар жырдан шашу шаш­ты. 
«Фаризаның тағдыры – өлең. Фари­за­ның тағдыры – халқының тағдыры. Бүгінгі кеш Фаризаға ғана емес, қазақтың поэ­зия­сына деген, қазақтың әдебиетіне деген құрметтің белгісі. Біздің бақытымыз – Фариза жалғыз емес», – деді кештің шымыл­дығын ашқан Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков. Сол сөздер айна-қатесіз рас еді.
Сол кештегі Жанат Әскербекқызының: 
Сағынышты жүрекке түнетерсіз, 
Даусымды естіп, білемін, дір етерсіз.
Сізді көрдім түсімде...сынық қанат
Жете алмастан мен жаққа жүр екен­сіз... – деп, оның бір сәттік көңіл-күйге құрылған жан са­райын ашып көрсеткен болатын.
Сол секілді Оңайгүл Тұр­жан, Танакөз Тол­қын­қы­зы, Шәмшия Жұбатова, Маржан Ершу, Гүлтас Құрман­баева, Қатира Жәленова, Әлия Дәулетбаева, Сағыныш Нама­з­ша­мова, Гау­һар Төлекбаева сынды ізбасар ақын­-сіңлілерінің сыр­шыл жыр­лары да көрер­мен­нің көңілін жылытты.
Фариза Оңғарсынқызының өлеңдерінде жасандылық жоқ, азаматтық лирикасы сыншылдығымен, қоғамдағы, адам мінезіндегі келеңсіз тұстарды дәл нысанаға алумен ерекшеленеді.
«Жүрек сенсің...» деген өлеңіндегі төмен­дегі жолдарды оқыған кезде азаматтық сарын, ар-ождан тазалығына тәнті боласыз.
Бар сияқты менде де сана шыдам,
Жылағанды демеуге тағы асығам,
Жа­сайын-ақ десем де бір астамдық,
Қор­қам ардың айбалта – жазасынан.
Ақынның өз мінезіндегідей, шығар­машы­лығына да тән басты қасиет – шындыққа бас ию. Ол кез келген туындысынан да айқын көрініп тұрады.
Шындық, қайсарлық, адамгершілік, махаббат, сенім сияқты философиялық ка­те­гориялар Ф. Оңғарсынқызының жаз­ған­дарында нанымды, салмақты көрініс тапқан.
Фариза апай халқының махаббатына қалай бөленсе, мемлекеттік билік тарапынан да түрлі марапаттарға ие болды. 1984 жылы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен, «Құрмет Белгісі», «Парасат»,  «Достық» ордендерімен марапатталды. Көптеген шығармалары әлем халықтарының тілдеріне аударылды. Мазмұны мен мәні ерекше, жастар сүйіп оқитын республикалық әдеби-көркем «Тұмар» журналын ашып, бас редактор болды.
«Дауа» жыр жинағы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы әділқазылар алқасының шешімі бойынша әр жылдары жазылған лирикалық өлең шумақтарынан тұратын, 2013 жылғы халық жаппай оқитын кітап ретінде мәлім болды. Кітапта жалпы адамгершілік ақиқат айналасында әлеуметтік және азаматтық жауапкершілігі күннен-күнге артқан Әйел бейнесі көрсетілген. Бүгінде Фаризаны білмейтін оқырман кемде-кем. Творчествосына арналған интернет-сайты ашылды. Сол және әлеуметтік желідегі түрлі бағдарламалар арқылы жырлары жастарға жетіп жатыр.
«Асау толқын» атты өлеңінде:
Тағдырыңды сенің тапсырдым сенімді                 ұрпаққа
Көз нұрың, болашағыңда – сол түбінде,                     елім
Келеді әйтеуір бір ұрпақ менің 
               соңымнан – бар үміт сенде.
О, асау толқыным менің! – деген жолдардан ақынның жастарға үлкен сеніммен, үмітпен қарайтынын көрсетіп тұр.
 «Өнер де, өмірдің өзі сияқты, ылғи қуа­ныш пен шаттықтан тұрмайтыны белгілі» дейтін ақын:
Менің жырым –
Құштарлық қысқан кеудемнен
Бұрқырап жатқан бір жалын... – деп түйіндейді.
Бір сөзбен  айтқанда Фариза Оңғар­сынқызы – өз заманының ар-ұжданына ай­налды. Ол болашақ үшін өмір сүрген еді. Әлденеден мұңайған кезінде, біреудің пасықтығынан жүрегі мұздаған кезінде, кешегі досының бүгін теріс айналғанын көргенде Фаризаның досы, сенері, мұңдасы, дәрі-дауасы – поэзия болды. Фа­ри­за апаның әр кеште міндетті түрде оқитын «Тілеу» атты өлеңі бар еді. Ондағы: 
Асау ғасыр!
Іріні үгіп демің
Бара жатса, сөнердей үміттерім.
Мен тілеймін: күңкіл мен ұсақтықтан
Сақтағай деп даламның жігіттерін, – дегені жай ғана жалынды сөз емес еді. 
Соңғы бір өлеңінде:
Барамын сыймай жалғанға,
Жарқылдап жүрер сәт қалмай, – деп жазыпты.
Бір сөзбен айтсам, Фариза Оңғарсынқызы менің өмірімнің басты өнегесі еді. Өмірден озғанынша солай болып кетті. Ең соңғы ауырғаны бес айға созылды. 25 тамыз күні ауруханаға түсті. Күніге дерлік барып, хабар алып тұрдық. Біздің дәрігерлер, неміс елінің дәрігерлері ұзақ ақылдасып, ота жасамай, химиялық екпе арқылы емдеуді жөн санады. Химиялық екпе арасына 15-20 күн салып үш рет жасалды. Соңғысынан кейін, тіпті, тәуірленіп кеткендей болып еді. Сөйтсек, алдамшы екен. Химиялық екпе жүрегіне ауыр салмақ түсіріпті. Нәзік, сезімтал, Асанбай Асқаров айтқан «жігер-жүрек», Оңайгүл Тұржанова айтқан «өлең-жүрек» шыдай-шыдай шаршапты. Мыңдаған адамдарды жырымен, сөзімен, қамқорлығымен емдеген асыл апамыздың жүрегі сол салмақтарды көтере-көтере шаршапты...
Ауруханада жатып та, бір де бір рет тағдырға налып, уайым-қайғыға салынбады. Тіпті, күрсінбеді де. Бір сөзімен, я бір қимылымен өкінішін сездірмеді. Өліммен бетпе-бет келіп қалғанда да, қайтпады, еңсесін түсірмеді. Күрескерлігінде, қайсарлығында шек жоқ екен. Бұл мінезі де артында қалып жатқан әрбір азаматты мұңға орантып, қайғыға түсірген Фаризаның мінезінен үлгі алуға тиістігімізді көрсетеді.
Адамның бәрі – бұл өмірде жолаушы ғана ғой, мәңгілік орнына жайғасқан апамның жаны жәннәтта болып, нұры пейіште шалқығай деп тілеу ғана қалып тұр бізге... Бүгінде есімі өрліктің, қайсарлық пен батылдықтың символындай болып елестейтін жанашыр апам, рухани анамнан айырылып, құлазып жүрмін. 

503 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз