• Ұлттану
  • 29 Желтоқсан, 2015

ПОСТМОДЕРНИЗМ өтпелі дерт НЕМЕСЕ ҚҰНДЫЛЫҚТАРСЫЗ ҚҰЛАЗУ

Дина Имамбаева, 
әлеуметтанушы

Қоғам дамыған сайын басым мәдени құндылықтар өзгеріске түсіп, әлеуметтік мінез-құлық үлгілері соған сәйкес бейімделеді. Мәдени парадигманың түбегейлі ауысуы кезінде дәстүрлі мәдениет пен жаңа мәдениет арасындағы қайшылықтардың туындауы заңды құбылыс. Промодерн немесе дәстүрлі мәдениеттен мүлде бас тарту, әлбетте, мүмкін емес, оның кейбір белгілері жаңа мәдениеттен өз орнын табады. Ал, кейде премодерндік мұраттардан көңілі қалған, жеріген, әлде оның мәніне бойлай алмаған топтардың тұтастай постмодернге бейімделу үрдістері байқалады. Мұндай жағдайда постмодерн модернге түбірімен қарама-қайшы сипатта болады. Қазіргі кезде қазақстандық қоғамда постмодерндік мәдениет белгілері дәстүрлі мәдени үлгілермен қатар өмір сүруде. Дәстүрлі рухани құндылықтарға мұқтаж топ әлі де өз қажеттіліктерімен қауышарына үмітті. Ал, бейдауа бейсаналықтың тұтқынына түскен, инфантильді сана иелеріне постмодерн өте ыңғайлы. 


Постмодернизм, жалпы, Батыстан бас­талды. ХVII-ХVIIІ ғасырларда Ұлы­бри­танияда бу машинасының ойлап табылуы өнеркәсіптік төңкеріске негіз болды. Өндірістік қатынастарды түбегейлі өзгерткен индустрияландыру еңбек ұғымының мән-мағынасын түбірімен өзгертті. Өндірістік үдерістер дами келе бүкіл еңбек үдерісі автоматтандырылып, барған сайын күрделене түсті. Модерндік қоғамдағы экономикада «фордизм» әдісі үстемдік алды: өндіріс пен маркетинг тауарды, қызмет түрлерін жаппай өндіруге бағытталады. Басты мақсат –  бұқаралық нарыққа үстемдік ету. Халыққа арналған тауарлар, заттар көбейтіліп, конвейерлік әдіс тарады, ол тұрақты түрде қайталанып отырады. Жалпы, постмодерндік әлемге көшіру, қайталану (симуляция) тән. Барлық затты, объектіні, құбылысты көбейтуге, қайталауға болады (адамды клондау әрекеті де осының жемісі). Тіпті, кейде көшірме мен түпнұсқаны айыру қиынға соғады. Макдональдизациялану, желілік қоғам көріністері жылдам қызмет көрсету үлгісін таратты, бұл қоғамдық өмірдің барлық саласында – білім беру, медицина, қызмет көрсету және т.б. бар.  Өндірістің заттарды, өнімді, жалпы, барлық нәрсені сериялы түрде шығаруы өндірістік қатынастардың, техниканың дамығанының нәтижесі. Бұл заттарды, тауар түрлерін, қызметті тұтынатын – адамдар. Олай болса, бірдей заттарды тұтынатын адамдар да бірін-бірі қайталауы, көшіруі түсінікті. Мұндай әлемде симуляция шынайылықты бүркемелеп, екеуі бір қалыпқа түсетіні сөзсіз. Айталық, қазір виртуалды әлем мен шынайы өмірдің арақатынасы жойылып, зат пен бейне, ғылым мен фантастика арасындағы шекара мөлдірлене түсті. Адами қатынастар да виртуалды шындыққа көшіріліп, мұндай қарым-қатынас өміріміздің қалыпты көрінісіне айналғаны мәлім. 
Постмодерндік қоғам дінге деген көзқарасты да өзгертпей қоймады. Дін мен постмодерн оппозициясының пайда болуы бүгінде әлеуметтік қайшылықтардың басты бір көзі. Постмодерннің дін ұстын­дарына қарсы келуі тегін емес. Өйткені, әуел баста, яғни, секуляризацияға дейін, мәдениеттің бір құрамдас бөлігі болған дін адамзат қоғамында маңызды рөл атқарып келгені және атқара беретіні аян. Құдіретті күштерге бас ию адам баласының әлеуметтенуі үдерісінде өзінің бет-бейнесін қалыптастыруы үшін бағдарлаушы міндетін атқарып, өз «менін» табуына көмектесті. Себебі, адам – трансцендентті жаратылыс, бұл оның өмір бойы өзін-өзі іздеуі, түп-тамырындағы рухани бастаудың көзін ашу үшін дінге жүгінуіне алып келеді. Сондай-ақ, әлеуметтік жанжалдардың алдын алуда да діннің рөлі зор. Мұның бәрі постмодерндік негіздерге қайшы. 
Қазақ қоғамында атеизм ешқашан болған емес, бұл үрдіс «құдайсыздар қоғамын» орнатқан большевиктер үстемдігімен бірге келді. Тәңіріне табынған ата-бабамыз өз наным-сенімін кейіннен ислам құндылықтарымен біте қайнастыра, үйлестіре өмір сүрді. Мұнда ешқандай қайшылық көзінің пайда болуы мүмкін емес еді. ХХ ғасыр басындағы жасанды таптық қоғамның орнауы қазақ қоғамын жік-жікке бөліп, әлеуметтік шиеленістерге жол ашты. 
Бүгінгі күні бұл үрдіс шарықтау шегіне жеткен сыңайлы: тұрмыс деңгейі, әлеуметтік мәртебесі, соған сәйкес өмір сүру салты тым әрқилы топтар пайда болды. Тұрмыс дәрежесі алшақ топтардың мақсат-мұраттарының, көзқарастарының, мінез-құлқының да әралуан болуы заңды. Бұған діни көзқарастағы қайшылықтар қосылып, бүкіл қоғам абдырап қалды. Постсекулярлы мәдениет үлгілері кеңестік кезеңде адамдарды діннен мүлдем алшақтатуға, бездіруге тырысқан болса, одан кейінгі демократиялық сарындар сенім еркіндігіне кең жол ашып, еліміз діни көзқарастардың тәжірибелік алаңына айналып кетті. Діни білімнің әркелкілігі, мүдделер таласы, түрлі діни ағымдардың ықпалы күшейіп, рухани аш қоғамды өз нысанасына алып, әрқайсысы өз үстемдігін орнатуға кірісіп кеткелі біраз уақыт өтті. Ішінара олардың табысқа жетуі байқалып та отыр, айталық, дәстүрлі қазақи түсінікке мүлде кереғар, жат қағидалардың пайда болуы, бір отбасының діни сенімі үшін бір-біріне жаттануы. Айталық, діни көзқарасы үшін бітіспес жауға айналғандар көп. Қазаққа тән әруақты сыйлау, о дүниелік адамға құрмет, парыз амалдарын жоққа шығару іспетті әсіредіншілдік көріністері көбейді.
Бүгінгі қоғамымыздағы тағы бір үр­діс – нарық пен мәдениет арақатынасы. Жаңа экономикалық жүйе әр адамнан рационалдылықты талап етеді, барлық заттың бағасы болатыны тәрізді адам баласынан да өзін-өзі сату, яғни, қабылеттерін ұсына білу дағдысы қажет етіледі. Өмір үшін күресте жеңімпаз болғың келсе, үнемі бәсекеге қабілетті бол: үздіксіз оқу, үйрену, біліктілігін шыңдау, табысты болуға ұмтылу және т.с.с. Бірақ, мұндай «дарашылдық» шектен шықса  дертке айналуы ықтимал. 
Постмодерндегі   экономиканың,  на­рық­тың үстемдігі тұлғаның ділсізденуіне қалай да ықпал етпей қоймайтыны анық. Өйткені, тұлғаның өзін-өзі рухани же­тілдіруіне (мұнда соқыр сенім туралы айтылып отырған жоқ) бағыттап отыратын абсолютті құндылықтар тапталып, түбірімен секулярланған мәдениетте тұтынушылық көзқарас басымдық алады. Осы ұстаныммен өмір сүретін, материалдық табысқа жетуді басты мақсат тұтқан индивидтер ақиқат құндылықтардан мүлде ажырап қалғандарын байқай алмайды. Үнемі сұранысқа сай болуға ұмтылу, тауар сияқты өзін-өзі өткізу, - индивидуализм рухы ақырында индивидтің еркіндігіне емес, керісінше, тәуелді болуына әкеп соғады. 
Постмодернистік қоғамда басты тұлға – кәсіпқой, орта тап өкілі, жаңа заманға бейімделген, өмірдің қызығын, ләззатын басты орынға қоятын, ар-ұятты ойлап бас қатыра қоймайтын қалалық тұрғын. Ол бір күнімен өмір сүреді, өзін-өзі шектемейді, аскетизм атаулыдан аулақ. Әлеуметтік конформистердің, зомбилардың көбеюі де осыдан, яғни, дербес пікірден ада, өз бетімен ойлануға, шешім қабылдауға құлықсыз, шаблондармен өмір сүретін тип. Немесе бұқаралық адам. Ең бастысы, қаржылай қамданса болды, қайткенде де табысқа жету – басты мақсат. Постмодернист қай жерде, қай қоғамда болсын бейімделгіш келеді. Содан да, бұл  қоғамда адами құндылықтар атрофияға ұшырап, басты орынға физикалық ләззат пен тән құндылықтары шығады.  Ішкі өзегі бос, ұлттық ділден ажыраған адам кез келген нәрсемен оңай тіл табыса кетеді. 
 «Қазір және осы жерде»  – бұл пост­модерндік мәдениеттің ұраны, ол әрбір адамнан нақтылықты, дәлдікті талап етеді. Өз қажеттіліктерін дүниеауи талаптармен шектеп, айқын шекара қою, - постмодерннің басты әлеуметтік белгісі осындай. Постмодернде индивидуализмді жеке адамның бойындағы даралық көріністерге дем беру, оны айшықтау деп қана түсіну біртіндеп адами қасиеттерді көмескілендіруі, әлсіретуі ықтимал (жеке адамның бақыты, табысы, игілігі бүкіл қоғамның мүддесінен жоғары тұруы). Кейбір ойшылдар индивидуализмнің шектен шығуын адамзаттың деградациясы деп бағалайды. 
 «Ұжымшыл» Шығысқа дарашыл Ба­тыстың (әсіресе, англо-саксондық өр­кениет елдерінің) әлеуметтік-мәдени өлшемдері гендерлік үрдістерді де ала келді. Бүгінгі гендерлік теңдік саласындағы түсінбеушіліктердің түп-төркіні де дәл осы дарашылдықтың теріс бағыттарының бой алуынан болып отыр. Биологиялық теңсіздікті жеке индивидтің амбициясымен шатастыру гендерлік теңдікті автоматты түрде орнатуға ешбір ықпал ете алмайды. Себебі, әрбір адамның алға ұмтылысындағы басты жетекшісі – өзінің мақсат-мұраты, уәждері, іс-әрекеті. Постмодернистік үлгілерді үнсіз қабылдаған басым көп­шілік жеке басының игіліктері мен дәулетін жоғары қойып, пәни дүние қызықтарына қатты берілуі, бұқаралық мәдениетке тұтастай сіңіп кетуі салдарынан қарбалас тіршілікте күйзеліске тап болу, өзімен-өзі қайшылыққа келуі көріністері жиі кездеседі. Бұл қалыптасқан жағдаятты іштей мойындай алмаудың көрінісі. Өмірдегі бағдар беретін биік құндылықтарға бас имеу өз «менінен» бас тартумен бірдей. Бұл тұлғаның өзін-өзі қиратуын білдіреді. Себебі, бұқаралық мәдениет шектеулі. Әлеуметтік конформизмнің жаппай таралуы, бас шұлғуға дайын тұру, нигилистік сарындар, болашақты болжай алмай адасу, - осының бәрі секулярланған мәдениеттің салдары. Мұндай постмодерн адамы билікке де өте қолайлы тип. Осылайша, постмодернизм әлемдік тарихи-мәдени құбылыс ретінде әлеуметтік өмірдің жаңа формаларын туғызды. Еңбектің түпкі мәнінің өзгеруі, барлық үдерістер мен заттарды тираждау, көбейту, конвейерлеп, сериялап шығару, - ақыр соңында, түпнұсқа мен көшірмені – нақтылық пен симуляцияны  ажырата алмауға дейін жеткізді. Бұл үдерістер адамдар арасындағы қарым-қатынасқа да салқынын тигізіп, адамның өзімен-өзі шектелуі сипат алады. Постмодерн кезеңінде бұқаралық мәдениеттің дәстүрлі мәдени үлгілерді жоюға ұмтылып, тұлғаны өз тамырынан алшақтатуы адамның өзі үшін қауіпті. Тәу етер тұлғасыз, құндылықтық бағдарсыз қалған адам терең күйзеліске ұрынбай қоймайды. Табиғатынан құдайға мұқтаж адам баласы бұл жағдайда қайтпек? Постмодерннің қиратушы пиғылға толы негіздері рухани ұстындарынан алшақтаған қазіргі ХХІ ғасыр адамына не ұсына алады? 
Модерн постмодернге ауысқан ХХ-ХХІ ғасыр тоғысында адамзат қауымында алапат оқиғалар тізбегі жүріп жатыр. Бұл тұста постмодерндік «еркіндікті» қалаушылар мен дәстүршілдердің арасындағы қайшылықтар да шиеленісе түсуде. Алайда, бұлардың екеуі де өздері табынатын идеялардың құрбаны. Өйткені, екеуі де нақтылықты қабылдай алмайды.  Дәстүршілдердің аргументтері берік – тек дәстүрге негізделген қоғам ғана тұрақты. Әрине, егер ол дәстүр жаңаның жақсы жақтарымен үйлессе, ортақ негіз тапса, оның болашағына сенім зор. Бірақ, бұл орасан зор ынта-жігермен, еңбекпен, идеологиялық қолдаумен орнайтын дүние. Сондықтан да, постмодернистердің ұстанымы басымдық алуы бек мүмкін. Себебі, жаһандану дәуірінде бүкіл құрал-сайман солардың қолында. Ал, дәстүршілдердің басты қайғысы дәстүрлі қоғамның келмеске кетуімен, модерннің тарих сахнасына шығуымен күрделене түскен әлеуметтік-саяси сын-қатерлермен бетпе-бет қалуында. Ашық күресуге дәрмендері жоқ, тіректері де шайқалған. Осыдан келіп, дәстүрді аңсаушылар шынайы саяси және мәдени кеңістікте қолдау таппай жатады. Дегенмен, постмодернизмге қарсылық танытуда діннің қауқары бекем. Өйткені, діннің өзі адамды мәңгілікпен байланыстырушы күш ретінде адамдардың бойында пайда болған түрлі қайшылықтардан құтылуына, бас сауғалауына мүмкіндік беретін бекет іспетті. Алайда, бұл тұста тағы да сол радикалды қозғалыстардың күні туып кету ықтималдығы артады.  Геосаяси мүдделер шайқасы заманауи қоғамдағы псевдодіни үрдістерді күшейте түсті. Соның салдарынан бүгінгі күні теріс пиғылды діни ағымдарды пайдалану арқылы адам өмірінің мән-мағынасын жоққа шығару, нақтылықтан қашуға үндеу арқылы адамдарды өз жағына тарту көріністері белгілі бір күштердің мүддесінен туындап отыр. Саясаттың құралына айналған, агрессияның ошағын алаулатқан дін атаулыдан шошынған жұртшылық қандай құдіретке табынарын білмей дал.  
Постмодерндік қоғамда адасқан адамды ешқандай ғылым мен техника жетістіктері құтқара алмайды. Қаншама табысқа жетсе де, адамзат қоғамында адамгершілік нормалардың тұтастай үстемдік құра алмауы ғылым мен техниканың адам санасына тікелей ықпал ете алмайтынын дәлелдеп берді. Бұған бүгінгі әлемде болып жатқан оқиғалар дәлел. 
Бұл дәуірде де басты мәселе адами құн­дылықтар болып қала беруде. Бүкіл про­блемалардың ошағы да осында. Адам­затқа төнген сын-қатерлер, экологиялық дағдарыс, табиғи тепе-теңдіктің бұзылуы іспетті жаһандық деңгейдегі мәселелердің адамгершілік дағдарысымен тұспа-тұс келуі тегін емес. ХХІ ғасыр адамы қанша жетілсе де, ұлы күштердің алдында дәр­мен­сіздігін мойындап болды деуге негіз бар, дегенмен, ол өзінің табиғаттың бел баласы екендігін, онсыз өмір сүре алмайтынын, егер тірі қалғысы келсе көзқарасын өзгертуі қажеттігін толық түсінді деуге әлі ерте. Қомағайлық пен тұтынудың шектен шығуы, адам аранының ашылуы, қырып-жоюға құмарлығы, өзін дүниенің кіндігі сезінуі жойылмай отыр. Мұның бәрі адами құндылықтар әлемін қайта қарауға итермелейді. Әлбетте, мұраттары әлсіз, өміршеңдіктен ада постмодернизмнің де мезгілі жетіп, күйрейтіні анық. Сөйтіп, ол да келесі «измге» жол береді. 
Біз бұған келеміз. 

 

 

444 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз