• Ұлттану
  • 29 Желтоқсан, 2015

Абайға қатысты алты сөз

Ықылас  Ожайұлы, ақын

Алапат ақпарат заманы біздерге аз жазуды үйретіп отыр. Тұтас кеңістік техника форматына ауысып барады. Бұрнағы газеттің етжеңді екі бетіне еңіреп мораль соғатын кеңестік кезең енді келмеске кетті. Уақыт ұсынған талап осы болғандықтан келіспеске де шараң жоқ. Көп жазсаң тағы да оқымайды. Сондықтан, Абай хакімге қатысты алты жазбамды барынша қысқартып оқырман қауымға ұсынып отырмын. 

I

Кер даланы кезген көне естеліктің оқиға сорабы бүй деп сөйлейді: Абайдың он төрт жастағы кезі екен. Құнанбай шаңырағында Бозай төре мен Жылтыр ақын келелі кеңес құрып отырыпты. Әсерлі әңгіменің ауаны бір мезетте шақшаға қарай ауысыпты. Екі алақанына күміс зерлі шақшаны алма-кезек аударып отырған Бозайға Жылтыр ақын:
Қызылсу Шарға құймай тасымайды,
Әркімнің бір жары бар басыбайлы.
Аңырып отырғанша ермек болсын,
Бозеке, бері таста насыбайды, – депті.
Бұған Бозай мен Құнанбай: «Бәрекелді, өлең-ақ екен. Айтар болсаң, осылай айт», – деп Жылтырды көтермелей жөнеліпті. Ал, Абай болса, бұлардың мақтауын аса бір қоштай қоймапты. Қоштағаныңыз былай тұрсын Жылтырға тіке қарап: «Сізді ақын екен десем, жамаушы, тіпті, өтірікшінің өзі екенсіз ғой», – деп бір-ақ қайырыпты. Мұндайды әсте күтпеген Құнанбай қонақ­тарының алдында кәдімгідей әбігерге түсіп: «Әй, Абай, сөзіңді дәлелдеп бер, әйт­песе қайтып ал», – деп қатуланыпты. 
Сонда Абай: «Өтірікші дегенім, өлеңнің алғашқы жолындағы «Қызылсу Шарға құймай тасымайды» дегені ғой. Қызылсу ешқашанда Шарға құймайды, өз бетімен ағып Ертіске құяды емес пе? Екінші, «Әркімнің бір жары бар басыбайлы» де­лінді. Қарының (ойнасшының) қашан басыбайлыжары болушы еді. Әйелдің жалған байы болса, ол қалайша басыбайлы болады екен. Ал, жамаушы дегеніме келер болсақ, осы бір өлеңді айту үшін Қызылсу мен Шарды біреудің жарына әкеліп қосақтаудың қаншалықты қисыны бар. Бір ауыз өлең Бозекеңнің өз айналасынан да табылмай ма», – депті. Сонда, Бозай: «Шырағым Абай, осыны өзің айтқанда қайтіп айтқан болар едің, кәні?» – деп қайыра сұрақ қойыпты. Мен болсам мұны бүй деп айтқан болар едім депті Абай:
Қараша хан қасында басыбайлы,
Қарасыз ханның көңілі тасымайды.
Ақыры отырғанша, ермек болсын,
Бозеке, бермен таста насыбайды.
Дәл тауып айтылған дәлелді сөзге үшеуі де тоқтаған екен деседі, қария естелік. 
Небары он төртке қараған бозбала Абайдың өлеңге деген талғамы мынадай болғанда қырықтың қырқасынан асқандағы айтқан «Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау, Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау» дегені шынымен-ақ рас болғаны ғой. Алашқа «көмекей әулие» атымен мәлім Бұқарды да бетім демей мінеп отырған Абай біздердің бүгінгі шатпағымызды көрсе нендей күйде болар екен?!
Анығында, «АҚЫН дегеніміз кім, ӨЛЕҢ қандай болуы керек?» деген қос сұраққа хакім тарапынан толыққанды жауап берілген. Бәрін жіліктеп жіпке тізіп отыруға уақыт тапшы болғандықтан, біз соның бірер жолдарын ғана сөз етпек ниеттеміз. Қос ұғымды (ақын мен өлеңді) қосақтап айтқан Абайдың бір шумақ өлеңі былай болып келеді: 
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол – ақынның білімсіз бишарасы.
Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,
Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы.
Бұл жердегі қолданылып тұрған «бөтен сөз» ұғымы мынаны білдіреді: «Өлең деген – әр сөздің ұнасымы» деп қарайтын хакім үшін ғазал «тілге жеңіл, жүрекке жылы» болып келуі шарт. Бұл енді құйылып түс­кен құдіретті өлеңнің нағыз талаптары ғой. Ал, Абайдың жоғарыда аңдатқан «жа­мау» мен «құрау» ұғымдарының бұған тіпті де қатысы жоқ. 
Жамау, бәрімізге мәлім, сол (төл) зат­тың емес, сырттан әкеліп жапсырылған бөг­де заттың қиындысы екендігін ескерер болсақ, хакімнің айтып отырған «бөтен сөзінің» мәні енді ғана түсінікті болды. АБАЙ ҮШІН МҰНДАЙ ӨЛЕҢШІ «БЕЙШАРА АҚЫН» БОЛЫП ЕСЕПТЕЛЕДІ. 
Әлгіде ғана «Айтушы мен тыңдаушы көбі надан, Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы» деп кейіп отырған кемеңгер осы бір өлеңнің аяққы шеніне келгенде: «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп бұйрық райға көшеді. Неге дейсіз ғой? Абайдың бұл жердегі «СӨЗ» деп отырғаны ӨЗІ. Себебі, өзін түзей алмаған ақын өзгені түзетуге әмәндә дәрменсіз. Оның сөзінің дуалы болмайтыны да осында. Мұн­дай ақынның оқырманға халық атынан сөй­леп ақыл айтуға немесе жол көрсетуге еш­қандай қақысы жоқ. «....Сен олардың қызыл сөзді судай сапырып жүргенін көр­мейсің бе? Демек, олар істемеген ісін іс­тедік деп айтады. Алланы танып, тура жолға түскен ақындар бұған жатпайды» деп келетін қасиетті Құран-Кәрімнің 26-сүресінің (224-227 аяттар) мәні де осыны меңзейді. Сонымен «өлеңнің техникасы дамып, тереңдігі кеміген» мына заманда «құраушылар» мен «жамаушылардың» жолдары шынымен-ақ болып тұр. Өзгеге түсіндіріп бермек түгілі, өздері не санды­рақтап отырғанын білмейтін сол шіркіндер ТҮСІНІКСІЗДІГІН ТЕРЕҢ­ДІККЕ, КҮҢ­ГІРТТІГІН (дұрысы талант­сыздығын) КЕМЕҢГЕРЛІККЕ, ШАТ­ПАҒЫН ШЕДЕВРГЕ балайды. Солай десек те, буы бұрқыраған әсіреқызыл сөзге күпті осы «ақындарымыздың» екпіні (жарнамасы десек те болады) тіптен күшті. Айтпақшы, Абай атамыз мұны да ащы тілімен көктей өтіпті. Жай «Әсіре қызыл емес деп жиренбеңіз, Түбі терең, сөз артық, бір байқарсыз» дей ғана салыпты. 
Қош... ҚОЛДАН ӨЛЕҢ ҚҰРАЙТЫН «БЕЙШАРА АҚЫН» БОЛҒАННАН ГӨРІ, БОЛМАҒАН ӘЛДЕҚАЙДА ҚАЙЫР­­ЛЫ ҒОЙ. Есіл уақытыңды тектен-тек­ке сарп қылған сол бір шимайыңның күні ертең желге ұшары тағы да мәлім. Мұны СІЗ бенен БІЗ білмегенмен, данышпан Абайдың аңдамай қалуы тіптен мүмкін емес. Осыны түсінген Абай біздерге аса жанашырлық жасап, «шырақтарым, мұн­дай «өлеңді» бекерге әуре болып жаз­бай-ақ қойыңдар, бәрібір жоқтың есебіне саналасың» деп жалынғандай да болыпты.
«...Өлеңі бар өнерлі інім сізге,
Жалынамын, мұндай сөз айтпа бізге.
Өзге түгіл өзіңе пайдасы жоқ,
Есіл өнер қор болып кетер түзге...» 
Әулие Гете «Әгәрәки, жер бетіне бір сызық түсуі керек болса, ол ең алдымен ақынның жүрегіне түсуі тиіс» деген екен. Бұл енді түсіне алғаныңмен, түсіндіріп беруге келмейтін ХӘЛ ғой. Ақиқатына келер болсақ, ақындық Алла тарапынан берілген АМАНАТ пен ДЕРТ. Дәлірек айтар болсақ, ақын – Құдайдың қаламсабы іспетті. 
Олай болса, бұдан шығатын пәтуа байламы: ӨЛЕҢДІ БІЗ ЖАЗБАЙДЫ ЕКЕНБІЗ, АБЗАЛЫ ЖАЗДЫРТАДЫ ЕКЕН. Біз осы аталған қос өлшемнің қайсысына жататынымызды ішіміз (дұрысы жүрегіміз) сезгеніменен, амал қанша, еш мойындағымыз келмейді. 
Абайдың жаратылыстың сырын толық түсінген данышпандығы мен дәлдікке құ­рылған алгоритмдік зердесі туралы сөз тіптен бөлек. Мұны, енді, кемеңгерлік дейміз. Қысқасы, біздің «ақын» болғанымызбен, Абай бола алмайтынымыздың қарапайым ариф­метикасы да осында жатыр...

II

Абай «қалың елі қазағын» қапысыз сүйді. Сол үшін ғазиз басын тауға да, тасқа да ұрды. Қазақты қайтсе де ел қылмақтың қамын күйттеген қайраткер осы бір сұрақтың аласұрып жауабын іздеді. Кірпік ұшындағы ғұмыр-ай дерсің. Ет жүрегін шабақтап елу тоғыз жыл сүйген сол алашы ақыл мен парасаттан тым алшақ кетіскен екен. Ақылдың бұл жәмиғатқа қол емесін сезінген хакім бұл сауалдың қарымтасы тек екі істе ғана қалғандығын бағамдады. Қырық бірінші қара сөзінде: «Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі нәрсе керек. Әуелі – бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек... Екіншісі – ол адам есепсіз бай боларға керек». 
Хакімнің қазақтың қамын күйттемек болған адамға өкіметтік зор билік пен байлықты насихаттауының бар құпиясы: «Қазақты я қорқытпай, я параламай... ешнәрсеге көндіру мүмкін емес». Мұнысы «әй, жігіттер, байлық пен билікке жетпей жарытып түк те істей алмайсың» дегенге саяды. Содан бері аттай аунап екі ғасыр өтіпті. Абайдың сол қазағы, негізінде, басқа сапаға өтуі керек-тұғын. 
Жоқ, өкінішке қарай, олай болмай шықты. ҚАЗІР ДЕ ҚАЗАҚТЫ ТҮ­ЗЕТУДІҢ АБАЙ АЙТҚАН ҚОС ТЕТІ­ГІНЕН ӨЗГЕ БАЛАМА ЕШБІР БА­ҒЫТТЫ КӨРЕ АЛМАЙ ОТЫРМЫЗ. Ендеше, есі бар азаматқа бар құпияның сыры мағлұм болды. 
ҰЛТ ЗИЯЛЫСЫ мен ҰЛТТЫҚ БУР­ЖУАЗИЯ қалыптасып, осы екеуі бір мүддеге ұйыспайынша қазақтың көгермегі қиын екен. Киелі билік – кім көрінгеннің жұрт «қорқытатын» жұмысы емес, ҰЛТ ЗИЯЛЫСЫНЫҢ халқына қызмет жасауы­ның қасиетті құралына айналуы қажет. Абайдың «Қазақты я қорқытпай, я параламай ешнәрсеге көндіру мүмкін емес» механизмін бүгінгі билік жүз пайыз жүзеге асырып отыр. 
Әрине, басқа ниетте... 
Рас, көп кемшіліктен көңіл суыды. Мешкейлік пен қорқақтық (рухсыздық) өн бойымызды әбден меңдеп алған екен. Ендігі мақсат «қазақты қалайша түзесем екен» деген абайлық ниеттің айналасында болуы тиіс. Қайталап айтамыз. Тек абайшыл ниеттің айналасында ғана. Қазіргі қазақ баласына жетпейтіні де осы...

IІI

Аттап бассаң Абайға жолығасың. Қазақтың кей харекетінен Абайдың ашуы мен ызасын көресің. Әр қазақ перзенті Абай сөзінің тірі кейіпкері екендігін бағамдайсың. Сосын, Абайсыз қазақты түсін­бейтіндігіңді, Абайсыз бұл халықты әмәндә дұрыс жолға сала алмасыңды аңғарасың. 
Өзгермеген өмірімізден бірер мысалдар келтірейін. Жиырма үшінші ғақлиясында жарықтық: «Біздің қазақты оңдырмай жүрген бір қуаныш, бір жұбаныш дегендер бар. ...Жаманға салысып жақсы бола ма? Жақсыға салысып жақсы болады дағы. Жүз ат бәйгеге қосылса, мен бәйге алдым деген сөз болса, алдыңда неше ат бар деп сұрар, артыңда неше ат бар деп сұрағанның несі сөз? Мен бес аттан, он аттан ілгері едім дегеннің несі қуаныш?». Қызық. Абайға иланар болсақ, қазақ артта қалғанына да қуанатын халық екен. ОСЫ БІР ҚЫЛЫҒЫ КӨЗСІЗ ШҮКІРЛІГІ МЕН ТОБАНАЯҚ ТӘУБӘШІЛДІГІНЕН БОЛ­СА КЕРЕК. Содан бері аттай екі ғасыр өтсе де таптаурын түйсігімізден тағы да ТАҒДЫР жасап отырмыз. Сөзі­міздің сыйқы мынау: «Тәжік пен ұйғыр­дан, өзбек пен қырғыздан қарағанда жағдайымыз жақсы ғой әйтеуір. Осы күнімізге де шүкіршілік дейік...» Саяси биліктің бес уақыт азаны іспетті, айтыла- айтыла тізесі шыққан осы бір сөздерді естісем болғаны кәдімгідей күйіп кетемін. Ақыры салыстырған екенбіз, ендеше алға озғандарды да мысалға алайық. ШІРКІН- АУ ДЕЙМІН, ЖАПОН МЕН КОРЕЙДЕН, АҒЫЛШЫН ӘМ НЕМІСПЕН САЛЫСТЫРҒАНДА ЖАҒДАЙЫМЫЗ ҚАЛАЙ ӨЗІ ДЕП НЕГЕ АЙТПАЙМЫЗ ОСЫ? 
Қазақты бұл халықтармен салыстыруға тағдыр алдында да ешқандай қақымыз жоқ па? Неге ғана артқа жалтақтаудан ақиқат жасауға бейімбіз осы? Әлде, мына, өмірде тек өзбек пен қырғыздан, тәжік пен ұйғырдан озсақ қана болғаны, «қалғанын қайдам» деп қалжа жескен бе едік? 
Бұл, сірә ақылыңды айрандай божытатын нағыз надандыққа саяр шүкірліктің өзі. Кемеңгердің «Ашуың - ашыған у, ойың - кермек» ызытының ыстық демін енді ғана сезінгендеймін...

IV

Ендігі айтпағымыз ақынның екі ауыз ғақлиясының астары хақында болмақ. Тағы да Абай айтады: 
«Жақсылық жамандық пен – оған бір бәс,
Дін ісін, құдай ісін айыра алмас...» 
Өлеңнің екінші жолына үңілер болсақ, дін менен Құдай ұғымдары бір секілді болып сезіледі. Былай қарасақ, дін дегеніміз Құдай, Құдай дегеніміз дін емес пе деп ойлауыңыз да мүмкін. Міне, біздің басты қателігіміз де осы. Шама шарқымызша арасын ашалап көрсетуге тырысайық. ДІН ІСІ дегеніміз – ғасырлар ырғағымен қылыптасқан рухани құндылықтар қабаты. Ең бастысы, бұл өзгермелі (замана талабына байланысты) ұғым. Өзгермелі екендігін 38 қара сөзінде хакім: «...Пайғамбарымыз салаллаһу ға­лайһи уәссәлләм «ақыр заманда бір жылдық бір күн болар» дегенде сахаба-и кәрәмлар «бұл бір жылдық бір күнде намаз нешеу болар» деп сұрағанда : оның патуасын сол заманның ғалымдары білер деген сөзінен ғибратланып қарасаң, замана өзгеруімен қағидалар өзгерілмегін білдіргені мағлұм болды» дейді. Ал, абсолютті, мәңгілік, өшпейтін, өлмейтін, өзгермейтін заңдылықтарды құдіреті күшті ҚҰДАЙДЫҢ ІСІ дейміз. Абай­дың жоғарыдағы ойды қайыра өлеңге сыйдырып «Қағида шариғаты өзгерсе де, тағриф Алла еш жерде өзгермеді» деп отыр­ғаны да осы сөзімізді қуаттайды. Біз­де дінтанушылардың көп болғанымен құ­дай­­танушылардың (бұл жерде ләддүни ілім иелерін айтып отырмыз) жоқ екен­дігін неге жасырайық. Жиырма жылдың бедерінде бірімізді-біріміз даттап жама­ғаттық мүгедек мүддемен тұйықталып, сақал мен шәліден аса алмаған шала сауатымыз осының көрінісі. 
Қайыра айтамыз. Қазақияда дінтану­шылар (моллалар десек те болады) көп, құдайтанушылар (ғалымдар мен хакімдер) дегеніңіз жоқтың қасы. 
Ғалым дегеннен шығады өздерін ғала­мат теолог санап жүрген «даныш­пан­дарымыздың» дені араб пен парсының яки болмаса түріктің діни еңбектерін аударумен аттарынан кәдімгідей асқар тау жасап алған. 
Бұл бір ғана діннің емес, барша ғылым салаларының негізгі бас ауруына айналып отыр. Өтіміз жарылып кетсе де мойындайық. Біздің ғалымдар деп жүргеніміз (төл түсініктен жұрдай) тек тәржімашылар ғана. Ал, нағыз ғалымға тән негізгі ұғымдар интертекст пен интерпретация герменевтика мен логика іспетті өткір зейін мен кесек ақылдың жүздерін расымен тат тұтып қалған. Содан шығар XXI ғасырдан мұқым 1400 жылға (XIV ғасыр) кешігіп жүрген архаикалық ақпарға толы мешіттің бүгінгі уағызынан шынымен-ақ шаршап кеттік...

V

Текстология – ақынның еңбегі қатпаған сәбидей болған ең бір солқылдақ тұсы. Осыдан он жыл бұрын «Көзілдірігімізді өзгертейік» деген тақырыппен хакім еңбегіндегі мәтін мен емлеге қатысты бір­шама ойларымды ортаға салған бола­тынмын. Әрине, одан кейін де Абайды сан қайталап оқыдық. Көзім көргенімен көкірегім сезбеген тұстарым тіптен көп-ақ екен. Хакімнің көп еңбектерінің арттағы алаш баласына толығымен жетпегендігі жайлы баспасөз беттерінде бірнеше дүркін шаң бергендігі бар. Расында, осы бір кү­мәннің аныққа айналғандығына ақынның өз өлеңдері арқылы тағы да көз жеткізіп отырмыз. «Әнді сүйсең менше сүй» деп қатаң талап қоя білетін кемеңгердің ән табиғатына әбден қанық болғандығы шүбәсіз. Сөйткен Абай «ән дегеніміз не, оның сыры мен сымбаты қандай болу керек» деген сұрақтарға «Білімдіден аяман сөздің майын, алты өлеңмен білдірдім әннің жайын» деп ән тақырыбының өзіне ғана алты өлең арнағандығын айтады. Ал, Абайдың академиялық сүзгіден өтіп, жеке кітап ретінде құрастырылған екі том еңбегіндегі ән тақырыбына жазылған өлеңдерінің саны үшеу ғана. Біз төмендегі талдауға бармас бұрын алдағы айтылмақ әңгімеміздің тұздығы үшін үш өлеңнің бірер жолы жайында ғана қысқаша сөз шығындасақ деген ойымыз бар. «Көбінесе ән басы келеді ащы, кел тыңда деп өзгеге болар басшы» дейді хакім Абай. Өлеңнен түсінгеніміз, Асқар Сүлейменовше айтсақ «дауысты сәл бұқтырып алып ыра көтеретін» алғашқы ащы дауыс ел назарын өзіне елітетін әннің айрықша тәсілі екен. Ал, дегенде самғата ұшырып алып, қауырсынша қалықтататын осы бір тәсіл намаздың азаны іспетті. Тек ән басында ғана айтылатын АҢДАТПА БҰЛ ҰҒЫМНЫҢ көптеген әндеріміздің келсін келмесін әр жерінде қолдан қиыстырылуы ән өнерінің киесін кетіріп-ақ тұр. Содан шығар дауыс көрсету дегенді жалау етіп, ән айту дегеніміз айғайлай беру дейтіндей можантопай дәрежеге құл­дырадық. Қазақтың «ән білмеген ойбайға (дауысқа) зорлайды» дегені осыны көрсетеді. Осы бір ойдың Абай ауызымен «Құр айғай бақырған, құлаққа ән бекен...» деп те түрленетіні бар. Бұл ғасырлар тәжіри­бесіндегі халық талғамымен Құ­нан­бай баласының пайым парасатының әмәнда бір арнада үнемі тоқайласып оты­ра­тындығын көрсетеді. Мұны қысқаша ғана зерделер болсақ, әнді дауыстан бөлек АҚЫЛ мен ЖҮРЕК, ТАЛҒАМ мен ТАНЫМ секілді қасиеттердің айтатынын көр­сетеді. Кемеңгердің «Адам аз мұны біліп ән саларлық» деген ойының астары осы­ны аңдатады. 
Енді, 2005 жылы академиялық сүзгіден өтіп, екі том еңбек ретінде құрастырылған ақынның мына бір өлеңінің жолы жайында қысқаша ғана сөз сабақтасам деймін. Әннің эстетикалық ләззатын айтып келе жатқан Абай, өлеңнің мына бір тұсына келгенде, кенеттен нілдей бұзылып айнып кетеді. Айталық:
«...Көбінесе ән басы келеді ащы,
«Кел тыңда!» деп өзгеге болар басшы.
Керім толғап тауысар қаңғыр- күңгір,
Сол жеріне ойыңмен араласшы...».
Басында айттық. Алғашы «ащы» дауыспен ел құлағын күйлеп алып, енді «керім толғап», тағатыңды «тауысар» тұста мына «қаңғыр- күңгірі» қайдан пайда бола кетті. Мынадай «қаңғыр-күңгірден» кейін шырқы бұзылған есіл әнге енді қай «ойыңмен араласатындай» бетің қалды. Ақылға қиғаш келетін осы жеріне келгенде кәдімгідей абдырып қаласың. Әсілі, бұл ән мәтінінің сөзі «Керім толғап тауысар қоңыр-күңгір» болса керек-ті. 
Қателеспеген екенбіз. Әлихан Бөкей­хановтың бастамасы арқылы Мүрсейіт Бікі баласының қолжазбасымен 1909 жылы «Бораганский» баспаханасынан алғашқы болып шыққан Абайдың тұңғыш жинағында осы жолдар, дәл біз ойлағандай нұсқада берілген екен. Бұл жерде де көңілге күмән ұялатпай қойғызбайтын ақынның «күңгір» деген сөзі бүгіндері қағаберісте қалып, құлаққа тосаң естілгені болмаса, күмбірге жуықтау үн мен дауыс деген мағынада айтылып тұр. «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» күңгір сөзі: «Алыстан немесе іші қуыс нәрсенің түбінен жаңғырып естілетін дыбыс» деп беріліпті. Сонда ақынның «қоңыр-күңгірі» қоңыр дауыс мағынасында айтылып отырғаны анық мағлұм болды ғой. Енді ентігімізді басып, хакім өлеңін қайыра бір айтып көрелік. 
«Керім толғап тауысар қоңыр-күңгір, сол жеріне ойыңмен араласшы». Ессіз әніміздің мағынасы енді ғана жөнге келген секілді... 

VI 
Абай ешкімнің заңдастырып алған жеке мүлкі емес. Ол адамзат, қала берді қазақ баласына ортақ тұлға. Әркім өз танымының ішкі терезесінің көлеміне қарай Абайды көре алады. Бір білетінім, жер бетінен ең соңғы қазақ жантәсілім еткенде Абай сөзі оның денесімен бірге суиды. Міржақыптың «Зәредей шүбә етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз» деп отырғаны да осы. Неге дейсіз ғой? «Екі күймек бір жанға әділет пе?» деген Құнанбай баласына енді ешқандай қаза жоқ. 
УАҚЫТ ҰЛЫЛАРДЫҢ АЛДЫНА ТҮСЕ АЛМАЙДЫ ЕКЕН. Ақынның тек биологиялық тәні (денесі) ғана XIX ғасырдың еншісінде болды демесеңіз, АҚЫЛ мен ПАРАСАТЫ келер замана кеңістігінде өмір сүрді. 
Хакімнің ғасырларды емес, «ЗАМАНДЫ қай жан билемек?» деп сұрауының өзінде үлкен мағына жатыр. Рас, бұл өзіне ғана қойған сауал болатын. Заманды Абайдың өзінен басқа кімнің жүрегі дауалап билей алуы мүмкін еді? 
Қош... БҮГІНШІЛ АДАМНЫҢ ЕР­ТЕҢНЕН АЛАР ЕШҚАНДАЙ СЫ­БА­ҒАСЫ ЖОҚ. Ертеңнің сыйақысы бүгінге берілмесі тағы да анық. Осыны ойласам болғаны түкке тұрғысыз тақырыптармен айналысып, қара терге малшынып қағаз ши­­май­лап жүрген замандастарымды шынымен-ақ аяп кетемін. Әркім өз ниетіне қарай нәтижесін көріп те жатыр. Бірақ, ӨЛІМНІҢ ҮСТІНЕ ӨМІР ПАТШАЛЫҒЫН ҚҰРУ тек даныш­пандардың ғана тәлейіне жазылатын тағдыр ғой. Ертең дедік. Аяулы Ахметтің «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» ұғымының қазіргінің «зиялысына» онша қажеті жоқ-ау деймін. Себебі, ертеңін ойлаған ер (зиялы) ел тағдырына былайша қарамаса керек еді. 
Хакімнің кешегі «Ар мен ұят ойланбай, тән асырап, Ертеңі жоқ, бүгінге болған құмар» бағамы қазіргі қазақтың да диагнозы ғой. Өтірік пе? Кәнеки, алапатымыз асса Абаймен айтысып көрелік!..

349 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз