• Заманхат
  • 29 Желтоқсан, 2015

Көн қатса қалыбына немесе империялық озбырлық пен бодандық хақындағы түйткілдер

Жетпісбай Бекболатов,
Қазақ мемлекеттік университетінің аға оқытушысы

Cөйтіп, газет тілімен сөйлесек, «сәуірдің соны самалына» кеудемізді биыл осымен алтыншы рет тосып тұр екенбіз. Әңгіме кеудемізді билеген бір өкініш,бір үмітте емес, арты «құралайдың салқынына» ұлас­қалы тұрған «самалда». Хош,үйреншікті әдетке басып, тоталитаризм көбесі сөгіл­гелі бергі жеткен «жетістіктерімізді» тара­зылайықшы. Ең бастысы: таптық көз­қарасқа негізделетін мемлекеттік идеологияны мансұқ еттік, жалпы адамзатқа тән құндылықтардың басымдығын мойындадық. Жалпыхалықтық ортақ меншік те мүлде кеміп, нарыққа қарай өзгелермен бірге жеке меншік те қадам  басқалы тұр. Сонымен қатар, Орталық баспасөзге сенсек, «халықтар достығы», «интернационализм» сияқты сиқырлы сөздерден де әр кете бастаған. Ал, «даңқ­ты тарихымыз» ылғи ақтаңдардан тұрады екен. Сонда, Абай айтпақшы, «бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда?».

Хош, кезінде біз, журналистер, қоғам­танушылар партия сарбазы саналдық, екі елі аузымызға төрт елі қақпақ қойып, «мықтылардың» айтқанына көніп, айда­ғанына жүріп, қызмет қылып-ақ бақтық. Көпшілігіміз әлі де осынау ләппай-тақ­сырлықтан арыла қойғанымыз жоқ. «Ұлттар абақтысында» біз жақсы мен жаманды айыра алмасақ, заман кінәлі шығар, ал, ақиқат мәліметтер мен қоспасыз деректер қолдарына молынан тиіп тұрған шетелдік әріптестер біздің қоғам туралы не ойлайды екен деп, осы жолдардың авторы жетпісінші жылдардың  орта тұсынан ағылшын-аме­рикан советологиялық әдебиетімен таныса бастаған-ды. Постиндустриялық (индустриядан соңғы) қоғам, конвергенция (кірігу), идеологиясыздандыру теориялары қаншалық қисынды болғанымен, бертіндегі Рум, Алтын Орда, Осман империяларының тағдырында тарихи заңдылық жатқанымен, әлемнің алтыдан бір бөлігін астына басып, төңірегіне ашқарақтана көз тастаған ұлы держава мәңгілік мызғымайтындай көрінетін. Мәселен, саясатшыларымызға мәшһүр Збигнев Бзежинскийдің Советтер Одағында ұлт мәселесі 80-90 жылдары «Америка Құрама Штаттарындағы нәсілдік дағдарыстан да өткір сипат алады» деген пікірін өз басым құрғақ сәуегейлік санағанмын. Сондай-ақ, Э. К. Анкостың «Ыды­рағалы тұрған империя», А.Беннигсон  мен Э.Уимбуштың «Совет Одағындағы ұлттық мұсылман коммунизмі, отар дүниеге арналған   төң­ке­рісті стратегия» кітаптарында кел­ті­рі­летін мәліметтердің ақиқаты бол­ғаны­мен,  Б.Хаит еңбектері, Дж. Уилердің, М. Рывкиннің, Т. Раковска-Хармстоунның, Р. Пайпстың пікірлері көңілге  қонымды көрі­нетін. Осы авторлардың бәрі Орта Азия мен Қа­зақстанда мұсылманшылық коммунистік қысымға қарамастан өркендеп келе жат­қанын, ұлтжандылық дамып отырғанын ашық жазды, совет аналитиктері, саясатшылары бұдан хабардар-тын. Ме­нің­ше, Колбиннің Қазақстанға келуіне осы шетелдік ғалымдардың «ескертпе­лерінің» әсері тиген сияқты. Ал, егер, социализм икемді әлеуметтік жүйе болып, жоғарыдағы пікірлерге сәйкес әрекет жасаса, қазақ халқының басым көпшілігі өз тілінен, ді­нінен мүлдем мақұрым болып, орыстанып кетуі мүмкін еді (Аталған ғалымдардың біразы өткен жылдары Совет Одағында мейман болып, университеттерде дәріс оқығанын кейбір қырағы жандарға ескер­тіп қойғымыз келеді).
Қазір, міне, бүгіннің биігінен өткенді шола отырып, Батыс ғалымдарының бұдан он шақты жыл бұрын айтқан ой-пікірлері ішінара жүзеге асып жатқанын көріп отырмыз. Ал, олардың қазіргі аумалы-төкпелі ахуалымызға көзқарасы қан­дай! Эбенхаузендегі ғылым және саясат қорының директоры профессор М. Штрюмердің «Известия» газетінде жария етілген пікірлерін (5 сәуірдегі нөмірі) келтіре отырып, осы мәселеге тоқтала кетейік.
Профессордың ойынша, Ресей импе­риясы 1917, 1941 жылдары тоз-тоз бо­лып, ыдыраудың сәл-ақ алдында бол­ған. Иілген, бірақ, сынбаған. Совет Одағы қазір де дәл осындай күй кешуде. «Бірақ, – дейді Штрюмер-Россия ядролы ұлы держава қалпында қала бермек. ГДР-дегі сталинизмнің күйреуі, герман мемлекеттерінің бірігуі  империяның Шы­ғыс Европадағы шаңырағын ортасына түсірді».  Бар назар, Штрюмердің пікірінше, қазір, Балтық жағалауына ауған. Онда ірі  әскер күштері, авиация мен ракеталар шо­ғырландырылған. Мәселе орыс жерінің осынау пұшпағын уыстан шығармауда. Мұның бір амалы Одақтық шартты бекіту еді, бірақ, Орталық кешігіп қалды, – деп түйеді ойын профессор. – Империяны сақтаудың кілті – Одақтық шартта...
Қазіргі ахуалдың 1917 жылмен тым ұқсастығы таң қалдырады. Төңкерістің нә­тижесінде Финляндия мен Польша тәуелсіздік алды, ал, А. Байтұрсынов пен Ә.Бөкейханов өз бағдарламасында «Ре­сейде демократиялық  республика құрылса, түбінде жеке бөлініп шығуды» мақсат тұтты. Осындай пікірді өзге ұлттардың  өкілдері де ұстанды. Ал, егер, ұсақ ұлыстар бет-бетімен тарап кетсе, байтақ Ресейде Мәскеу мен Тверь княздігінен басқа не қалмақшы? Империяны сақтап қалу үшін тоталитарлық билік, әлеуетті білек керек екені түсінікті. «Қазір, – дейді батысгерманиялық профессор, – дәл сол әлеуетті білектің кезеңі басталды». Бұған, біздің ойымызша, Тбилисидегі, Вильнюстегі жазалаушы әскерлердің сой­қаны дәлел. Ал, халықты танктың күші­мен біріктіру мүмкін емес, ел еретін мықты идеология қажет. Жетпіс жыл бойы та­бынған таптық көзқарастан айныдық, дедік жоғарыда. Ал, мұның орнына не ұсы­­нылмақшы? Империяның сақталуына мүдделі саясатшылар, ғалымдар бұл орайда түр­лі құйтұрқыға баруда. 
Мәселен, Одаққа мәшһүр депутат Александр Крайко «Неделя» апталығында жарияланған «Мы не можем жить друг без друга...»(!) деген мақаласында (түсінікті болу үшін орысша келтіріп отырмыз.-Ж.Б.): «...Советский Союз – это наследник царской империи и поэтому заслуживает участи всех колониальных империй старой Европы… На первый взгляд, вроде бы так» – деп мәймөңкелетіп алады да – «Но была ли трижды проклятая нами царская Россия классической колониальной империей в том смысле, который мы вкладываем в это слово сегодня? То есть «высасывала» ли она все соки из своих окраин и развивалась ли она за их счет» – деп монтансиды. Халық қалаулысы қазақ жерінің ең шұрайлы бөлігінің келімсектерге берілуінен, Риддер мен Спасскінің бай­лығын орыс алпауыттарының аяусыз соруынан бейхабар болса керек. Қазақ халқы сол байлықтан бір тиын пайда көрді ме? «Ну а о том, что было в советское время, и говорить не приходится. Большую тя­жесть все годы несло население России...» – дейді депутат ұялмай-қызармай. 1932 жылы қолдан жасалған аштықта Қазақстандағы орыс халқының тышқақ лағының тұмсығы қанап па? Қанаса, естір, оқыр едік қой. А.Крайконың айтқысы келетіні: Ресей империясы да, сталиндік Одақ та халықтарды аса қа­намаған, ұлыстың бәрін тең көрген. Олай болса, миллиондаған келімсектерді Қазақстанға кім әкеліп төккен? Олай болса, қазақ мәдениетінің бесігі Арқа жерін кім орыстандырған, ұлт мектептерін кім жаптырған? Қазақтардың үлесі басым болып кетпесін деп, орталық мекемелердің мүдделерін желеу етіп жыл сайын мыңдаған славян ұлыстарын кім көшіріп әкелген? Біз бәріміз де жарлы болдық, кисек киімге, ішсек асқа жарымадық – деп налиды А.Крайко. Ал, Қазақстанның астығы, қойнауының байлығы қайда кетіп жатты? Сөйтсек, соңғы деректер бойынша, Совет Одағының Варшава Шарты әскерлерін ұстауға қосып келген үлесі 90 проценттен асады екен (АҚШ-тікі НАТО-да 50 процент -авт.). Яғни,біз әлемді қызыл империяға айналдыру үшін бар тапқан-таянғанымызды миллиондаған сарбазы бар Армияның, коммунистік режимдердің аузына тосып келдік.
А. Крайко өз пиғылын фактіні бұрмалау арқылы жасырғысы келіп, түлкібұлаңға салса, Мәскеудегі «Память», Алматыдағы «Единство» ұйымдарының өкілдері өз ойларын күлтелемей-ақ ашық айтуда. Отаршылдық  саясаттың күні бітуге тақау екенін білсе де білгісі келмейтін ұлы державашыл А. Мешков   «Собеседник» апта­лығында (1990 ж. № 48, «Беспомощная демократия») Орталықтағы оңшыл топ қазір басшылыққа алып отырған идеяны   «жайып салады». Өмірге Ресей өкілінің көзімен қарағансып, автор былай дейді: «Этот иду­щий по улице гражданин России с трудом понимает, почему повсеместное обретение экономического суверенитета должно привести к распаду единого российского государства(!), земли которого с таким трудом собирали наши предки. Он имеет природную смекалку, немного знает историю, чтобы судить о вещах здраво. Читает в газетах, как англичане и французы из кожи лезут вон, чтобы сохранить за собой Северную Ирландию и Новую Каледонию, и ему очень не хочется рукоплескать, когда он слышит о планах некоторых татарских неформалов чуть ли не восстановить Сибирское ханство и объявить Ермака разбойником(!). Человек с улицы начинает вспоминать, что и предки нынешних граждан США, и еврейские кочевые племена, ведомые Моисеем, тоже ведь изначально не заселяли свою нынешнюю Родину. Но не слышно, чтобы их потомки собирались уходить с этих земель». ССРО – орыс жері екенін, өзге халықтардың оны иеленуге, бөлінуге хұқы жоқтығын ескерте келіп, автор мынадай керағар пікір айтады: «Не оставаться равнодушным наблюдателем, когда душат право на самоопределение русскоязычного Приднестровья». Империяны сақтап қалу үшін, – дейді автор, – орыс қоғамдық ойының қос тармағы бірігуге тиіс. «Честные приверженцы гуманистических ценностей должны объединиться с честными русскими националистами». Біз ұлтшыл деген сөзден қорқамыз, ал, А. Мешков болса, «орыстың адал ұлтшылы» деп мақтанышпен айтады. «Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін» деген, міне, осы.
Сөйтіп, империяға арқау болып келген, бар халықты екіге жарған тап­тық идео­логияның орнын патша само­дер­жа­виесінің мемлекеттік идеоло­гиясының  сырт бел­гілері – казак әскерлерін құру, шіркеудің қыз­метін жандандыру, шовинизмді қоздыру, шет аймақтарды орыс жері-отечество санау – басатын тәрізді. Орыстың ірі мемлекет қайраткерлері, пуб­ли­цистері ұлы дер­жавалық шовинизмге бағдар ұстана бастағандай. Тіпті, атышулы Ельциннің өзі бұл сырқаттан құр еместігін айта келіп, Пре­зидентіміз Н.Назарбаев былай деп атап көрсетті: «Бірақ, осындай алып мемлекеттің басшысы ұлы орыстық шовинизм отын жаға бастаса, бұл Совет Одағында болуы мүмкін ең қауіпті нәрсе» («Комс.правда», 26 наурыз, 1991 ж.). Ал, көптеген шо­лу­шылардың пікірінше, Одақты сақтап қалу үшін Горбачев пен Ельциннің мәмілеге келуі керек сияқты («Известия», 11 апрель, 1991ж. «Президент и другие»). Ал, мұның өзі жоғарыдағы А.Мешковтың  гуманист пен ұлтшыл жөніндегі пікіріне сайма-сай келіп тұр емес пе?
Қазір Орталық бар күш-жігерін Одақты сақтап қалуға жұмсауда. Казак әскерлері де, ұлтты қорғау комитеттері де, «Единство» да «жоғары жақтың» келісімімен, бәлкім, бұйрығымен де құрылып жатуы ғажап емес. Атамандардың өз күшіне ене бастағаны туралы хабарлар республикалық баспа­сөзге де жарияланып жатыр. Яғни, баяғы патшалық самодержавиенің бел­гілері қайта түлеуде. Бұл аттап өтуге болмайтын факт. Сондай-ақ, «Единство» өкілдерінің ұлт араздығын қасақана қоздыруға тырысатынына куә болудамыз. Осылай жалғаса берсе, мұның өзі ірі ұлтаралық жанжалға апарып соғары сөзсіз. Сондықтан, меніңше, келімсектердің жолына тосқауыл қойып, миграция туралы нақты заң қабылдау, сырттағы қазақтарды  молынан көшіріп әкелу жөн сияқты. Сон­дай-ақ, республика орыс тілінің аясын бірте-бірте шектеген де дұрыс. Егер, Қа­зақ­станда тұратын миллиондаған славян нәсілі өкілдерінің ата жұрттарына аңсары ауса, Н.Назарбаев атап көрсеткендей, «Егер көшкісі келсе, оларды қамтамасыз етіп, басқа аймақтарда пәтер салу керек» («Комсомольская правда», 26 наурыз).
Дүниені үрей құшағында ұстап отыр­ған империяның бүгін-ертең ыдырай қоюы екіталай. Әлі ондаған жыл бір өзеннің суын ішіп, бір қаланың шаңын жұтуымызға тура келер. Тек бүгінгі өзгерістердің куәгерлері – замандастарымыз Абайдың мына бір сауалына жауап бере алар ма: ...» Өзі ер жетіп, ата-анасын тұзақтан құтқарарлық бала қазақтан туа ма екен? Осындай баланы сендей әке, сенің еліңдей ел асырап өсірмек пе екен?» (Оныншы сөз). Осыны білгім келеді...

(Республикалық «Халық кеңесі» газеті, 1991 жылғы 13 тамыз)

Автордан: Бұл мақаланың баспа бетін көргеніне үстіміздегі жылы ширек ғасыр толғалы отыр екен..
Кеңестер Одағындағы билік басына М.С.Горбачев келгеннен кейін-ақ іле-шала  әлемдегі түбегейлі өзгерістерге мұрын­дық болған қоғамдық-саяси үдерістер басталғаны мәлім. Горбачевтің төл пер­зенті – «Қайта құру» («перестройка») сая­саты Кеңестер Одағы коммунистік пар­­тия­сының 1985 жылғы апрель пленумында жария етілген болатын. Бұл саясат әлеуметтік қозғалыстарға зор серпін берді, әсіресе, қатаң цензура қысымын көрген қалам қайраткерлерінің «томағасын» сыпырып, талай құпияның беті ашылды, айтылмай келген ақиқаттар ақтарылды. Мақала (автор қойған тақырып «Көн қатса қалыбына немесе империяның бүгіні мен ертеңі» деп аталатын) 1991 жылғы сәуір айында жазылып,  тамыздың орта тұсына таман республикалық «Халық кеңесі» газетінде жарияланған еді. Ол кезде газеттің бас редакторы Сарбас Ақтаев ағай да, орынбасары қазіргі «Қазақ газеттері» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры-редакторлар кеңесінің төрағасы  Жұмабек Кенжалин болатын. 
Партияның апрель пленумы өмірге әкелген жаңалық, өзгеріс атаулыны журналист қауым әсірелеуге құмар әдетімен «сәуірдің соны самалына» теңейтін. Мақалада айтылғандай, «сәуірдің сол бір самалы» материал басылғаннан кейін бір апта өтер-өтпесте «құралайдың салқынына» – ГКЧП-ға (бүлікшілер құрған Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеттің қысқарған атауы) ұласты. Оқиғаның бұлайша күрт құбылатынын ешкім болжап білмеген-тін. Көзіқарақты жұрт 1991 жылғы тамыздың 19-23 жұлдызы аралығында Кеңестер Одағында ескі тәртіпті қалпына келтіруді көздеген мемлекеттік төңкеріс әрекеті қолға алынып, оның сәтсіз аяқталғанынан, соның нәтижесінде КСРО ыдырап, одақтас республикалар, соның ішінде Қазақстан да тәуелсіздікке қол жеткізгенінен хабардар болар. Тамыздың сол бір тәуекелге толы күндері бүкіл ел елеңдеулі болды:  бүлікшілер билікке келсе, өзге пиғылдағылар, әсіресе, ұлтшыл қайраткерлер мен қаламгерлер басына қара күн туатыны айқын еді. Осы жолдар авторының да сол сәттері қобалжулы болғанын түсінетін шығарсыздар деген ойдамын. Ал, Кеңес өкіметінің қас жаулары ауызға алынып, сілтеме жасалған мақаланы басқан газет басшылары «итжеккенге» айдалатындар тізімінен  алдыңғылардың бірі болып орын тебері сөзсіз еді. Бүгінгі Ресей басшылары келмес­ке кеткен империяны тірілту мақсатымен түрлі құйтұрқы әрекеттерге барып отырғаны белгілі. Сондықтан, мақалада көтерілген мәселелер әлі де күн тәртібінен түскен жоқ, деп есептеуге болады. 

270 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз