• Еркін ой мінбері
  • 29 Желтоқсан, 2015

ҚАЗАҚСТАН КӨП ДІНДІ МЕМЛЕКЕТ РЕТІНДЕ ҚАНДАЙ МОДЕЛЬ ҰСТАНУ КЕРЕК?

Амангелді Айталы,
философия  ғылымдарының
докторы, профессор

 

Дін және жастар

Еліміздің экономикалық, саяси, әлеу­меттік және рухани саласындағы терең өзгерістер мен жаңалықтар дінге де үлкен қызығушылық туғызып отыр. Әсіресе, бұл қызығушылық жастардың арасында басым. Елімізде 14 пен 28 жас аралығында 4483 285 жастар бар. Бес облыста жастардың саны азаюда: Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан. Қазақстан халқы осылай қартая беретін сияқты. Жұмыс орындары көп Батыс өңірлерінде жастар саны өсуде. Атырау облысында жастар 150 мыңнан асады. Ел халқының 70,2%, ал, қазақтардың 98,3% мұсылмандар. Оның ішінде 15-19 жастағылардың 78,2%, 20-24 – 73,2%, 25-29 – 70,8%, 30-34 – 70,8%, 35-39 – 71,9% мұсылмандар. Ел халқының жасы өскен сайын дінге деген салқындығы байқалады: 40 пен 44 жас аралығындағылардың 72,6% мұ­сыл­манбыз десе, кейінгі буындарда бұл көрсеткіш азая береді, 70 жастан асқандардың тек 41,1% мұсылманбыз деген. Жастардың көбі ұлтына, тіліне, мәдениетіне қара­мастан дінді үстіртін болса да өз дүние­танымының, ұлттық болмысының негізіне айналдыруға ұм­тылады. Ал, бір­қатар жастар үшін дін әлемді және өзін танудың жалғыз жолы ғана. 


2008 жылғы жастар арасындағы зерттеулер бойынша, әр аймақтың да жастары негізінен дінтану пәнін қолдаған. Дәлірек айтсақ, Астана қаласы жастарының төрттен үші, Солтүстік Қазақстан облысының он жас­тың алтауынан астамы, Батыс Қазақстан, Ақтөбе мен Ақмола облыстарының жас­тарының да көпшілігі құптаған. Айта кететін бір жағдай, бұл мәселе туралы жастардың кейбір топтары ойланбаған, сондықтан да, жауап беруге қиналған. Назар аударатын тағы да бір мәселе, «Дінтану» пәнін оқытушысы мамандығы жағынан кім болуы керек? деген сауал жастарды қызықтырған. Дегенмен, жастардың басым көпшілігі «Дінтану» пәнін зайырлы мұғалімдер жүргізгенін қолдайды. Әсіресе, Батыс Қазақстан (89%), Ақтөбе облысы (83%) жастары, қолдаса Астана мен Қызылорда, Ақмола облыстары жастары да негізінен қолдайды. Ал, «Дінтану» пәнін дін қызметкерлері оқытсын дейтіндерді үш топқа бөлуге болады. Бұл пікірді Қызылорда облысының әр бесінші жасы қолдаса, Астана қаласы мен Ақмола облысында әр жетінші, ал, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қа­зақстан облыстарында олар жиырма жастың біреуін ғана құраған.1

«Дінтану» пәнін оқыту туралы пікірлер мен тәжірибе

Мемлекеттік оқу орындарында міндетті түрде «Дінтану» пәнін оқыту туралы дінге сенетін адамдардың пікірі көпдінді Ресейде әр-түрлі, сондай-ақ, діни қызметкерлер де, оның ішіндегі Қазақстандағы конфес­сия өкілдері де бар, құптай бермейді. Сон­дықтан, әр конфессия өкілдерінің пікірі бірдей емес, ой-пікірлері әр алуан. Егер, ислам дін өкілдерінің басым көпшілігі «Дін­тану» пәнін оқытуды қолдаса, басқа дін өкілдері аса ықылас танытпайды. Се­бебі неде? Азшылық діни конфессия өкілдері басым діні білім жүйесі арқылы оларға күштеп таңылады, бірте-бірте бас­қа ұлт өкілдеріне де қарсы мазмұн алып кетеді деген үрей тудырады. Ал, РФ православ дін өкілдері дінтану пәнін, православ мәдениетін, әдеп-салтын оқы­туға негізінен қарсы емес, бірақ, басқа дін өкілері, әсіресе иудаизмге қарсы бағыт алып кетуі мүмкін деген қауіптен сақтанады.2 
Діни конфессиялар өкілдерінің үштен бірінен астамы діни пәндерді негізгі оқу бағдарламасынан тыс оқушылардың өз еркіне байланысты оқытуды мақұлдайды. Осы пікірді буддистер, православтар мен католиктер де ұстанады. Бірқатар діни бірлестіктер негізгі діндер туралы мәлімет беретін пәні ретінде оқу жоспарына енгізуіне қарсы емес, бірақ, бір дінге де аса мән бермеу қажеттігін айтады. Әсіресе, осы ұстанымды иудаизм өкілдерінің үштен бірі қолдайды, ал, протестанттар бұл ұсынысты қолдамайды. Аз да болса, дінтану пәнін мемлекеттік оқу орнында оқытуға түбегейлі қар­сылары да бар. Ол атеистер ғана емес, иудаизм өкілдерінен, мұсылмандар жағынан, католиктерден де бар. Сонымен, негізінен діншіл қауымның басым бөлігі «Дінтану» пәнін мемлекеттік оқу орындарында оқытуға қарсы емес, бірақ, олардың біразы бір дінде басымдық бермеуіне аса зор назар аударады. Әрине, дегенмен, конфессиялық топтардың өз ерекшеліктері бар.
Православтар арасында дінтану пәнін ерікті жағдайда оқушының таңдауына қарай оқу бағдарламасынан тыс оқытуды қолдаса, екінші орында дінтануды міндетті түрде оқытуды жақтаса, үшіншілері дінтану пәнін оқу жоспарынан азды-көпті айыр­машылығына қарамастан католиктер де осы ұстанымды қолдайды. Протестанттар арасында бұл мәселе бойынша ең қарсы топ деп айтуға болады. Мұсылмандар арасында зайырлы білімді қолдаушылар басым, «Дінтану» енгізілсе тек факультатив, таңдаулы пән болсын делінеді. Буддистер де осы пікірде, мұсылмандар ислам арнаулы оқу орындарында оқытылу керек деп есептейді. Иудейлер дінтануды міндетті пән ретінде оқытуды қолдамайды. Оқу бағдарламасынан шығарып тастау керек деп есептейді. Ал, енді, дінге сенбейтіндер арасында дінтану пәнін оқытуды түбегейлі қарсы емес, бұл мәселеде олар екіге бөлініп, жартысына жақыны қарсы, оның басқалары, қалғандары әртүрлі деңгейде қолдап отыр.3 
Дінтану пәнін ең алғашқы сол кездегі Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық инсти­тутының ректоры Ғалымжан Нұрышевтың бастамасымен 2010 жылы енгізіліп, ол барлық факультеттерде міндетті пән болды. Бұл пәнді енгізудің тәжірибесі бізде де, жалпы посткеңестік елдерінде болған жоқ. Бізде «діни педагогика», «діни тәжірибе» деген ұғымдар кейін пайда болды. Бірақ, бұл пән кейбір деректер бойынша, 140 мемлекетте оқытылады. 73 мемлекетте тоғызыншы класқа дейінгі оқушылар үшін міндетті пән. Ал, 54 елде діни пәндерге берілетін уақыт 388,4 сағат немесе жалпы оқу сағаттарының 8,1%. Сауд Арабия елінде ол 31% құраса, Иеменде 28% құрайды.4 Бірақ қазақ халқының 1917 жылғы революцияға дейін имандылық тәрбие тәжірибесін біз енді жинақтап жатырмыз. Ол қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен ауыз әдебиетті рухани тәрбиенің мол үлгерісі мен тұжырымдары жинақталған. Сонымен бірге, теократиялық та, зайырлы мемлекеттерде де біраз дін оқыту тәжірибесі бар. Ресей Федерациясында діни білім мен тәрбие «Дінтану» пәні мен «Православ (ислам, иудаизм) діни мәдениеті мен зайырлы әдеп (светская этика)» пәндері арқылы жүзеге асуда. Соңғы пән ресейлік мектептерде эксперимент ретінде бірнеше жыл оқытылуда. Жобада бұл пәнді оқытудың басты мақсаты – «орыс халқының мәдениетінің терең тамырларына оралу» деп ресми пікір жария етілді. Бұл көп дінді мемлекетте үлкен пікір-таластар туғызып отыр. Сондықтан, бұл пәндерді бірден жаппай енгізбей 9000 мектепте 15000 мұғалім оқытуда. Әлеуметтік сауалдарға қарағанда, ата-аналардың 78 пайызы бұл экспериментті қабылдап, діни мәдениетті балаларының меңгеруін қол­даса, ал, олардың 28 пайызы осы пән енгізілгеннен кейін балаларымыздың міне­зінде жағымды өзгерістер пайда болды, олар мейірімді, қайырымды, тағаттылық, сабырлылық танытты деп көрсетіпті. Балалар дініне қарай жіктеліп бөлінбегенін де айту жөн. Керісінше, балалар бір-бірімен сыйласып, тату бола түсті. Ата-аналар енді балалар бір-біріне түсінікпен қарап, басқа дін өкілдерін құрметтейтін болды депті, сонымен балалардың діни білімін тереңдете берсе деген тілектерін білдірген. Сонымен, бұл эксперимент сәтті өтіп жатыр деуге негіз бар дейді, ресейлік педагог-ғалымдар.5 Назар аударатын тағы бір нәрсе осы пәнді балаларымен бірге ата-аналарыда оқи, ізде­не бастап, сауаттарын ашқан, себебі оларға балаларының алуантүрлі сауалдарына жау­ап беруге тура келді. Әрине, күрделі мәселелер де жоқ емес. 
Мұғалімдердің айтуынша, оқулықтар да түсініксіз, терминдер мен ұғымдар өте көп. Оқытушылардың білімін жетілдіру мәселесі де өткір. Ал, білім жетілдіру орындары жеткіліксіз. Ата-аналардың 22 пайызы бұл пәннің мақсаты мен міндеттерін қабылдамайды. Оны оқу­шыларға дінді тану деп ойлайды, оларға шамадан тыс ауыртпалық түседі, жағым­сыз салдарға әкеледі деп есептейді. «Дін­тану» пәнін оқытуда атеистік ағымның орны бөлек. Ресейде «Дінтану» пәніне атеистер ашық қарсылық білдіруде. Бізде де атеистік бағытты ұстанатындар бар, бірақ, олар өз пікірін ашық айтпайды. Бүгін «атеист» деген сөз тіпті балағат сөзге айналды. Бұл өкінішті жағдай. Бірақ, оның себептері де бар. Ең бастысы советтік атеизм теориялық жағынан шектелген, догматикалық, үзілді-кесілді, біржақты, пікір таласқа бармайтын ілім болды.Кеңестік атеистердің ең басты қателігі ол совет үкіметінің дінге қарсы саясатын ұстанды. Атеизмнің мақсаты тек сынау деп білді. Ал, дінге еркіндік берген тұста дінге қарсы атеизм өзінен-өзі қоғамға қарсы, жағымсыз идеология ретінде оған қажет болмады, ол қоғамнан ығыстырылды. Шындығында дінді сынау атеизмнің ең бас­ты емес, қосалқы функциясы ғана. Оның ең басты ғылымдағы мақсаты, қызметі-ақиқат болмысты табиғат пен қоғамның обьективтік заңдары негізінде түсіндіру, әлемді танушы, өзгертудің адамның рухани күш жігерін қалыптастыру. Атеизмге тек материалистік философияға тән деп те қате пікір айтылуда. Идеалистік бағыттағы философтар Ф.Ницще, А.Камю, Б.Расселге атеизм тән. 
Атеистер айтуынша, діни тәрбие ал­ғандар адамдарды «өзімдікі» мен «бөтендер» деп екіге бөледі, оларды құйтырқы айла-амал мен әр түрлі көңіл күйге бөлейді. Әйтпесе, қазіргі «халифат» солдаттарының ниетін немен түсіндіруге болады? Діншіл адам о дүниеге сеніп, оп-оңай тірі бомбаға айналып, дін үшін өмірін қия салады. Бұл жерде христиандық, ислам, иудаизмнің айырмашылықтары жоқ. Сондықтан, терроризм мен күрес тек атеистік білім мен тәрбие негізінде ғана тиімді болады деседі. Терроризм, бөтенді жатырқау, басқаны жеккөрінушіліктен бала күні­нен басталған зайырлы, ғылыми тәрбие, сыншыл ойлау, құдайсыз адамгершілік негізінде ғана құтқаруға болады. Мектептер мен жоғары оқу орындарында православ, ислам діндерін оқыту жастарды соқыр сезімге, қараңғылыққа итермелеу деп қарастырады.6 Атеистер террористік әрекеттер мен жанжалдардың әлеуметтік, саяси, психологиялық себептерін ескермей, оларды тек дінмен байланыстырады. Бұл көзқарас бұрынғы постсоветтік кеңістікте, Ресей мен Қазақстанда да қолдау таппай отыр. Себебі, олар советтік жауынгер атеизмнің талай лаңкестік қылмыстарын бас­тарынан кешірді.
Батыс елдеріндегі дінтану оқыту саласындағы жағдай алуантүрлі. АҚШ-та, протестант дінінің үстемдігіне, оған елдің құрметіне қарамастан дінді оқу орындарында оқытуға тыйым салады. Олардың пайымдауынша бұл үлкен қауіпке итермелейді: діни көзқарасы негізінде педагогикалық ұйымдар да, мектеп оқушылары да, студенттер де екіге жарылып, оқу орындары идеологиялық күрес алаңына айналуы мүмкін. Осылай, оқу мен тәрбие сапасын өз салқындығын тигізеді деген тұжырымды алға тартады.7 Айта кетерлік бір жағдай, Еуропа елдерінде дінтану пәні бастауыш, орта мектептерде оқытылады. Себебі, 18-ге дейін жастардың дүниетанымы қалыптасатыны еске алынады. Дін мен мемлекеттің бөлінуі діни пәндерді оқытуға көптеген мемлекеттерде тосқауыл бола алмайды. Дін пәндерін оқытуда, діни білім мен тәрбиені үйлес­тіру мемлекеттің өзі көп жағдайда діни ұйымдармен ақылдасып, бірлесіп жұмыс жасауға мүдделі болып отырады. Діни ұйымдар діни білім мен тәрбие мәселесінде мемлекет алдында тәуелді емес, есеп бер­мейді. Жастарды адамгершілік рухта тәрбиелеуде бұқара халықтың басым көп­шілігі мемлекеттен дінді жоғары қояды. Біріншіден, Батыс елдерінде діни білім мен тәрбиенің әр түрлі модельдері бар. Олар мемлекеттегі заңдарға, оның тарихына, ұлттың, діни дәстүрлеріне, ел басқарудың сая­си жүйесі, демографиялық ерекшеліктері мен педагогикалық қағидаларына байла­нысты. Екіншіден, бұл ерекшеліктер дін білім мен тәрбиенің әр түрлі түрлері мен жолдарын айқындайды. Соның бірі – конфессиялық бағдар, бір дінге, мемлекеттік басымдық дінге бейімделген білім мен тәрбие. Бұл бағдар Германия, Финляндия, Италия, Австрия және Испания елдеріне тән. Сонымен бірге, аралас бағдар да бірқатар елдерде жиі кездеседі. Ол елдерде (Дания, Англия, Швеция т.б.) діннің ішінен танудан гөрі, мемлекеттегі діндердің тарихына мол назар аударады. Үшіншіден, ең күрделі мәселе діни білім мен тәрбиенің білім жүйесіндегі мәртебесі. Көптеген елдерде ол міндетті пәндердің қатарында. Мысалы, халқының 80 пайызы евангелистік лютеран шіркеуіне жататын Финляндияда бұл дін мектепте міндетті пән болып саналады. Мектеп бағдарламасында орны бөлек, бірақ егер оқушы саны үштен асса, өздері қалаған діндерін таңдап оқуына жағдай жасалуға тиісті. Демек, мемлекеттің ұлттық құрамы дінтану пәнінің мазмұнына тікелей байланысты.8 
Қазақстан көп дінді мемлекет ретінде қандай модель ұстану керек? Бұл мәселеде пікірлер әртүрлі. Қазақ мектептерінің мұғалімдері тек ислам дінін және Абу Ханифа мазхабындағы діни дүниетаным, дәстүр, наным-сенімді жастарға оқытуды мақұлдайды. Бұл дұрыс ұстаным, бірақ, елімізде он жеті діни конфессия жұмыс жасайды, бүгінгі жас­тар әртүрлі дін өкілдерімен бірге білім алады, қызмет жасайды, сондықтан, әр түрлі діннен, діни дәстүрлерден мәлімет алуы өзара сыйластыққа, түсіністікке тәрбиелейді. Сондықтан, біздің ойымызша, дінтану бір конфессиялық бағдарда ұстану біздің қоғамға тиімсіз. Бұл ұстаным жастарды конфессияаралық диалогқа да бейімдей алмайды. Сонымен бірге көпконфессиялық модельдің кейбір осал тұстары да барлығы белгілі болды: мемлекеттегі барлық діни конфессиялардың тарихын, дәстүрін оқытып, ұлттық мәде­ниетімен біте қайнасқан дәстүрлі тарихи дін, көп діндердің бірі болып көлең­кеде қалу жағдайлары назар аудартады. Сондықтан, бүгін «Дінтану» пәнінің оқытуын жетілдіру, мазмұнын нақтылау мә­селесі төңірегіндегі ізденістер жалғасуда. Дегенмен, діни та­ғат­тылық, төзімділік пен ізгіліктің жолында басқа діндерді сыйлай отырып, «ҚР діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» заңына сәйкес «халықтың мәде­ниетінің дамуы мен рухани өмірінде ханафи бағытындағы исламның және православтық христиан­дықтың тарихи рөлін» негізге алып, «Дінтану» пәнін Қазақстанның тарихына, дәстүр ерек­шеліктеріне негізделгені орынды, бірақ, онымен шектеліп қалмай, еліміздегі басқа діндер туралы да мағлұмат берілетіні сөзсіз. Қазақстан жастарының, әсіресе, қа­зақ жастарының ислам дінінің елімізге тарауы тарихынан, қазақ мәдениетінің те­рең бастауынан, ұлттық мәдениетіміз бен имани құндылықтарының байланысы мен сабақтастығын игеруінің тәрбиелік мәні зор.9

«Дінтану» пәнін оқытудың ғылыми-педагогикалық 
негіздері туралы

ҚР мектептері мен жоғары мектептерде оқытылатын «Дінтану» пәні, бір жағынан, теология ілімінен, екінші жағынан, атеизм ілімінен өзгеше пән. Теология – Құдай жайлы ілім. Құдайдың барлығы мен шексіз құдіретін дәлелдеуге тырысатын ілім. Ал, атеизм болса, алдында айтылғандай алғашында дінге, әсіресе, үстемдік дінге күдік туғызатындығы белгілі. Бүгін атеизм – христиандық әлемде теологияға балама, ғылымға негізделген ілім. Ал, еркін ойлау, жалпы әлемнің әр елдеріне, ислам діні тараған елдерге де тән. Осыдан туатын маңызды мәселе – «Дінтану» пәні оқытушысының ұстанымы, дүниетанымдық таңдауы. Дінге көзқарас әр педагогтың – жеке ар-ожданына, Конституция талаптарына негізделген азаматтық позициясына негізделінеді. Дінге сенетін оқытушы екіжақты қысымның ортасында: бір жағынан, зайырлы білім талабына қайшы келіп мұсылман, христиан болсын, дінді насихаттай алмайды; екінші жағынан, ол өз діни наным-сенімін ұстанады, ал, атеист болса, педагог дінді ашық жоққа шығара алмайды. Сонымен «Дінтану» пә­нін оқытудың ғылыми-педагогикалық қағи­далар жобасын талдап көрейік.
«Дінтану» пәнін оқыту барысында студенттер теологиялық та, атеистік те тұжы­рымдамалармен танысады, оларға талдау жасалады. Бірақ, мұғалім дінді де, атеистік ойды да насихаттаушы емес, ол оларды талдаушы. Сонымен бірге, оқытушы дін ғылымын да, атеизмді де сынап-мінеп, жоққа шығарушы емес, олармен пікірталастырушы. Студенттер арасында теологияны сыйлайтындар да, атеистер де болуы мүмкін, сондықтан, олардың намысына тимей, ой салу, ойландыру ұстаздың міндеті. Ол дөрекі сыннан, қатал бағадан аулақ болуы керек. 
Теология да, атеизм де әлемді танудың, білімнің ерекше түрлері деп есептеу дұрыс. «Дінтану» – діннің пайда болуы, қоғамдағы орны, адамның ішкі дүниесіне ықпал туралы пән. Біріншіден, «Дінтану» пәнінің мазмұны мен әдіснамасы ҚР Конституциясы мен «Діни қызмет пен діни бірлестік туралы» заңға, сонымен бірге, адам құқығы жөніндегі халықаралық келісімдер, декларациялар мен Конвенцияларды басшылыққа алады. ҚР Конс­титуциясының бірінші бабы елімізді зайырлы мемлекет деп жариялады. Сон­дай-ақ, Қазақстанда идеологиялық әр-алуандылық танылады. Зайырлық мемлекет мәні бірқатар баптарда нақтыланады. 4-бапта – діни араздықта қоздыруға бағыт­­талған қоғамдық бірлестіктер құру­ға тыйым салынады. 14-бапта – дін­ге көзқарасына байланысты ешкімді кемсітуге болмайды. 19-бапта – әркім өзі­нің қай дінге жататынын өз анықтауға жә­не оны көрсету-көрсетпеуге хақылы. 21-бапта – әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар делінген.Осы заң талаптары сақталуы тиіс. Екіншіден, «Дінтану» пәнін оқыту барысында діннің мәдени- тәр­биелік мәніне, рухани құндылықтарына аса назар аудару. Мейірбандыққа, кісілік қасиетке жол – әлемдік діндерге ортақ құндылықтар. Сондай-ақ исламның қа­зақ мәдениеті, дәстүрі, ауыз әдебиеті, өне­­ріне, адамгершілік қатынастарға ық­палын ашып дәлелдеуге, бай материал­дарды пайдалануға болады. Елді па­триоттық рухта тәрбиелеуде, оның тұтас­тығына, ата-мекенін қорғауда діннің кісілік ұстанымдары мен құндылықтары негіз болады. Ханафи бағытындағы ислам қазақтардың басын қосады. Социализм тұсында ислам дінінің ықпалы әлсіреді. Коммунистік идеологияны дінге айналдыруға тырысты. Бүгін дін ұлттық идеяның негізіне айналып, жастарды рушылдық, жүзшілдік, жершілдік психологиядан елдік психологияға баулиды. Үшіншіден, «Дінтану» пәнін оқытуда тағаттық, үйлесім, басқа діндерге құрмет, ізгілік қағидаларын басшылыққа алу қажет. Өркениеттер қақтығысы концепциясы бойынша, ислам, иудаизм, христиандық әр заманда да бір-біріне қарама-қарсы, жауласқан, соғысқан діндер деп есептейді. Әрине, соғысқан, жауласқан замандар да болған. Бірақ, өркениеттер қарым-қатынасы тек жатсынудан, жатырқаудан, кес­кілесіп, шайқасудан тұрмайды. Қа­сиетті кітаптар: «Бейкүнә адамды өл­тіруші болма!», «Бөтеннің байлығына қызықпа!», «Өзгені өзіңдей сыйла!» деп бауырмалдыққа тәрбиелейді. Қа­зақта «Құдайы көрші» деген сөз бар. Ұлтына, дініне байланысты қазақ көр­шіні құдайдай сыйлайды. Тарихшылар исламның толеранттылығын, моральдық, этикалық қағидаларында бө­тенді өзіндей сыйлау дәстүрінің терең­дігіне назар аударады. 
Араб халифатында, сондай-ақ, қуатты мұсылман елі – Осман империясында бөтен дін өкілдеріне ізгілік танытқан. Христиандар мен пудилер, халифаттың қол астындағы адамдар болғанмен, өз шіркеулері мен синагогтеріне барып, өз діндерін ұстанған, шаруашылықтарын емін-еркін, жемісті жүргізіп отырған қауымдастықтар болған. Еуропа елде­ріндегідей мұсылман елдерінде еврей­лерді қудалау, ойран салып, қырып жою болмаған. Сондықтан, ислам басқа дін­дермен ымыраға келмейді деген жал­ған, асыра айтылған пікірлер. Тарихта мұсылмандардың православтардың арасына, православ мұсылмандардың ара­сына сіңіп кеткен мысалдар көп. Мысалы, орыс дворяндарының татар фамилиясын алғандар баршылық. 18 ғасырда орыс ақсүйектерінің тегі 17 пайызы түр­кі-татардың ұрпақтары болған. Еуро­паның көрнекті ойшылдары да бөтенді шет­тетпеуді сынап, әр адамның діни сенімін сыйлауды маңызды қағидаға ай­налдырған. 
Өзара төзімділік, бөтенді шеттетпеу, толеранттық мінез таныту мәселесі 16 ғасырда Еуропада діни қозғалыстар мен діни жіктерге байланысты туған. Лютеран, протестант пен католиктерді бір-бірін жатсынбауға арналған декреттер, заңдар қабылданып, бөтен діндерді қудалауға, үстемдік жүргізуге тыйым салынған. Бірте-бірте діни конфессиялардың біржақты төзімділігі өзара діни төзімділікке, діни салт жораларды еркін атқаруға, діни сенім еркіндігіне негізделе бастаған. Бөтен дінге рұқсат беруден бастап оны сыйлауға, адамның діни сенім құқының маңызды тірегі ретінде мойындалған. Өзара сыйластық, толеранттық сананы әкімшілік, авторитарлық жолмен енгізуге болмайтындығына көз жеткізілген. Сөйтіп, тек бір дінді уағыздаушылардың билігіне шек қойыла бастады. Француз философы Клод Адриан Гельвеций дінаралық қақтығыстарды ешқандай ақыл парасатпен ақтауға болмайтындығын айта келе, мына өсиет әңгімені тілге тиек етеді. Көрнекті суретші түсінде жұмақтың қақпасына көтерілсе, оны қасқа бас, сақалы беліне түскен, қолында кілттері бар бір қария таңғалдырады. Зер салып қараса, ол әулие Петр екен. Апостол жұмақ қақпасының алдында отыр. Бір топ адам оған қарай бет алады. Бірінші болып католик келеді. «Мен өмір бойы осы дінді ұстандым, ізгілікті, рақымшыл адаммын», – дейді. «Олай болса, – дейді әулие – католиктер отыратын орынға өт». Одан кейін протестант көрінеді, ол да өзін кісілік қасиетім мол, ыждағатты жанмын деп таныстырады да, сондай жауап алады. Одан кейін Бағдат пен Басрадан келген мұсылмандар өздерін мейірбан, кеңпейілді адамдармыз дейді, Әулие Петр мұсылмандарға да құрметті орын ұсынады. Ең соңында тағы бір адам жақындайды. «Сен қай дінге сенесің?» деген Апостол сұрағына: «Мен, қа­сиеттім, ешбір дінді ұстанбаймын, бірақ, мен де мейірбан адаммын», – дейді ол. Әулие ойланып-ойланып: «Олай болса, – сеніңде жұмаққа өтуіңе болады, бірақ, сені қайда орналастырамын?» – деп қиналады. Ақырында «Өт, орныңды өзің тап, қалаған жеріңді таңда», – депті. Философ бұл өсиет әңгіме арқылы күні бүгінге дейін даулы әңгімеге арқау болып келе жатқан мәселені көтереді: тек діншіл адам ғана емес, дінді ұстанбайтындар да ізгілікті, иманды, берекелі адамдар болуы мүмкін.10 Адамдардың наным-сеніміне бұйрық, зорлық жүрмейді. Гельвеций тағынан кеткен корольдың: «Үйімде 30-дан астам сағат бар, бірақ, солардың ішінде бір сәтте, дәлме-дәл бір уақытты көрсететін екі сағат жоқ. Қалайша мен дін мәселесінде барлық адамдар бірдей ойласын деп мәжбүрлегенмін? Қандай ақымақтық, қандай астамшылық!», деп өзін-өзі сөгіп, кеш болсада өкінгенін айтады.11 
«Дінтану» пәні ислам және әлемдік діндерді танып білу арқылы жастардың дүниетанымын айқындауға, жаһандану заманында өзінің де, өзгенің де құнды­лықтарын құрметтеуге және төл рухани құндылықтарымен жат ағымдарды ажырата білуге тәрбиелейді. Бұл пәнді меңгеру дін туралы талай жылдар бойы санаға сіңірген біржақты пікірден арылуға, діни нигилизмнен сақтандырса, екінші жағынан, дінді бүркемелеп, ел арасына жік салатын ағымдарды тануға, олармен пікір-таласқа да, диалогқа баруға келісім мен тұрақтылыққа жетелейді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1) «Религия и право. Информационный бюллетень. №3 Астана, 2008,103; 122-123беттер.
2) «Социологические исследования» 2005, №6.54бет.
3) Сонда
4) «Казахстанская правда», 2014ж. 24ақпан.
5) «Основы религиозных культур и светской этики», 2011, №2.12-13беттер.
6) «Общественные науки и современность», 2011, №4, 142-143бет.
7) «Социологические исследования», 2003,№10,102бет.
8) «Основы религиозных культур и светской этики», 2011,№1,47бет.
9) «Дін және дәстүр». І кітап. Алматы. 2014ж.
10) Клод Адриан Гельвеций. Сочинение в двух томах.т.2. Москва, 1974г. 222бет.
11) Сонда, 220 бет.

 

398 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз