• Тарих толқынында
  • 29 Желтоқсан, 2015

ҚАЗАҚСТАН ЖАҢА ЖАҺАНДЫҚ НАҚТЫ АХУАЛДА: ӨСУ, РЕФОРМАЛАР, ДАМУ

Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

Қымбатты қазақстандықтар! 
Құрметті Парламент депутаттары мен  
Үкі­мет мүшелері! 
Ханымдар мен мырзалар! 

Санаулы күндерден кейін біз азаттық туын желбіретіп, Тәуелсіз мемлекет атанғаны­мыздың 25 жылдығына аяқ басамыз. Бұл – тәуелсіздікті нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегіміздің ширек ғасырлық белесін қоры­тын­дылайтын мерейлі сәт. Тәуелсіздікті баянды ету оған қол жеткізуден де қиын. Мем­лекеттігіміздің тұғырын мызғымастай нығайта түсу үшін бізге әлі талай өткелі күрделі, өкпегі көп бұралаң жолдардан өтуге тура келеді. 

Заманның беталысын өздеріңіз көріп отырсыздар. Аса күрделі, қиын кезеңге аяқ бастық. Жаңа қатерлері мен тың мүмкіндіктері қатар өрбіген жаһандық ахуал біздің көз алдымызда өзгеруде. Алпауыт елдердің текетіресі мен өзара санкциялар алмасу дүниені тұйыққа қарай бастауда. Біздің басты экспорттық өнімдеріміздің дүниежүзілік нарықтағы баға­сы еселеп құл­дырады. Бүгінгі ахуал – біз­дің жетіс­тікте­рімізді сынға салып, елдігімізді шың­дай түсетін уақыт тезі. Жауапты сәтте бірлі­гі­мізді сақтап, еліміздің игілігі үшін аянбай тер төгуіміз керек. «Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін» деген қағиданы ұстанып, еңбек етуге тиіспіз.  
Сәт сайын құбылған аласапыран заманға сай амал болуы керек. Ең жақсы жоспар – уақыт талабына бейімделе алатын жоспар. Біз де заманның беталысына қарай межелерімізді бел­гілеп, жоспарларымызды жөндеп отырамыз. Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету! Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің  қата­рына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру. Біз бұл мақсатымызға міндетті  түрде жетеміз. Мен бүгін жаңа қатерлері мен тың мүм­кіндіктері қатар өрбіген жаңа жаһандық нақты ахуалда дамудың басты бағыттарын ай­қын­дайтын  Қазақстан халқына Жолдауымды жа­рия етпекпін. 
Қымбатты қазақстандықтар! 
Құр­метті Парламент депутаттары, 
Үкімет мүше­лері! 
Ханымдар мен мырзалар! 

Бірнеше күннен кейін тарих ел Тәуел­сіздігінің 25 жылдығының есебін бастайды. Небәрі ширек ғасырда Қазақстан жаһандық шаруашылық байла­ныстарға қо­сылған егемен ұлттық экономика және ұлттардың әлем­дік отбасының толық­қанды қатысушысына ай­нал­ған мемлекет ретінде қалыптасты. Біз бәріміз бірге көптеген сынақтарға төтеп бер­дік, шы­нықтық және нығайдық. Біз өзіміз­дің бүкіл тарихымызда көз көрмеген табысты экономи­калық даму қарқы­нына қол жеткіздік. Біздің халқымыз бұған дейін ешқашан бүгінгідей жақсы өмір сүрген емес. Біз көп нәрселерге қол жеткіздік. Қазір әлем шапшаң қарқынмен өзгеруде. Басқаша дәуір туып келеді. Біздің көз алдымызда өзгеше мүмкін­діктері мен тәуекелдері бар жаңа жаһан­­дық нақты ахуал пайда болуда. Бүгінде Қа­зақстан экономикасына әлемдік рыноктар­дағы құл­дырау туындатқан бірқатар сыртқы факторлар теріс әсерін тигізуде. Жаһан­дық дағда­рыстардың шы­ғу төркіні біздерге байланысты емес. Жаһан­дық дағда­рыстар ықпа­лынан ешкім де сақтанып қала алмайды. 

І. Жаңа жаһандық нақты 
ахуалдың сын-қатерлері 


Бү­гін­де бізге де әлем дамуының бүкіл сын-қатерлерін көре білудің маңызы зор. 
Бірін­шіден, қазіргі жаһан­дық дағдарыс жаппай қамту сипатына ие. Іс жүзінде барлық әлемдік рыноктар – қаржы, көмірсутегі, металдар, азық-түлік және басқа да рыноктар тұ­рақ­сыз. Біздің экспорттық өнім­дерімізге сұ­ра­ныстың төмен­деуінің негізгі себебі де осында. 
Екіншіден, әлем­­нің барлық экономикаларында да экономи­ка­­лық өсімнің баяулауы байқалуда. Бүгінде жа­һандық ІЖӨ өсімінің үнемі төмендеуі жөніндегі болжамдар ешкімді де таңқалдырмайды. 2011 жылдың күзінен бастап Халықаралық валюта қоры оларды 5-тен 3 пайызға дейін төмендете отырып, болжамдық көрсеткіштерді 6 рет қайта қарады. Және, шамасы, бұл да шек емес сияқты. 
Үшін­шіден, бүгінде мұнайдан түсетін супертабыстар жоқ. 
Төртіншіден, жаһандық экономика саяси факторлардың қысымын сезінуде. Әлем тұрақ­сыз бола түсті. Жетекші державалар бір-біріне қарсы санкциялар енгізді. Олардың ара­сын­дағы сенім күрт төмендеп кетті. Таяу және Орта Шығыс, Солтүстік және Орталық Африка өңі­рін­дегі тұрақсыздық пен дау-жанжалдар кең ауқымды босқындар ағынына апарып соқтырды. Әрбір күн террорлық актілер мен ондаған адамдардың қаза тапқандары туралы хабарлар жеткізуде. Бүгінде халықаралық терроризм әлем­ге елеулі қатер төндіріп тұр. Бұл тәуелсіз мем­ле­кеттердің ішкі істеріне сырт­қы күштердің араласуы жолымен мемле­кеттіліктің күйреуінің нәти­жесі. 
Әлемнің дамуы күштердің әлемдік жә­не өңірлік орталықтарының арасын­дағы қатаң бә­се­келестік аясында жүре­тін болады. Жаңа жаһандық өмір шындығының сын-қатер­леріне біз өзіміздің нақты мүмкіндіктеріміз негі­­зіндегі біртұтас іс-қимыл стратегиясын қар­сы қоюымыз керек. 

ІІ. Қазақстанның дағ­да­рысқа 
қарсы мүм­кіндіктері 


Жаһандық дағ­дарыс – ол  тек қауіп қана емес, сонымен бірге жаңа мүм­кіндіктер. Әлем­дік ауқымдағы көп­теген компаниялар дамудың дағдарыстық кезе­ңінде сәтті компа­нияларға айналды. Іс жүзінде соңғы жарты жүз­жыл­дықта табысқа қол жет­кізген елдердің бәрі тура мағынасында нөл­ден бас­таған болатын. Біздің Қазақстанның өзі де дағдарыс дәуірінде өмірге келді. Алғашқы онжылдықта – Тәуелсіз­діктің қалыптасуының ең қиын кезеңінде – біз негізінен «мұнайсыз» өмір сүрдік. Тәуелсіз Қазақстан әр кезде де сыртқы экономикалық сти­хия­ларға кереғар дамып отырды. Біз Тәуелсіз­дігімізді жариялаған өткен ғасырдың 90-шы жылдарының бірінші жартысы біз үшін қолайлы бола алды ма? Ол уақыттары өндіріс тоқтап, адамдар жұмыссыз және өмір сүруге қажетті қар­жысыз қалды. Біз лайықты түрде, әрбір қадам сайын ол дағ­дарысты еңсере білдік. Біздің еліміз өзге­рістердің алғашқы нәтижелерін енді ғана сезіне бастаған сәтте 1997-1998 жылдардағы Оңтүстік-Шығыс Азиядағы қаржы дағдарысы ке­ліп жетті. 
Сол уақыттары қабылданған страте­гиялық шешімдер мен іс-қимылдар маңызды оң сипатты мәнге ие болды. Ол кең ауқымды жекешелендіру мен біздің экономикамызға көп­­теген трансұлттық компаниялардың келуі. Сол кезеңде біз жаңа елордамыз – Астананың құры­лысын қолға алдық, Каспий құбырлы өткізгіш консорциумы жұмыс істей бастады, «Қазақстан-2030» Стратегиясы бастау алды. 2007-2009 жылдардағы дүниежүзілік қаржы дағдарысы туын­даған кезде Ұлттық қор құру туралы шешімнің маңыздылығы мейлінше айқын бола түсті. 20 миллиард доллардай – Қазақстан ІЖӨ-сінің 14 пайызы – жұмыспен қамтуды қолдауға, жолдарды жөндеуге және салуға, қалалар мен ауылдарды көріктендіруге бөлінді. Банк секторы, шаруа қожалықтары, шағын және орта бизнес көмекке қол жеткізді. Арам ниетті құрылыс салушыларға алданған мыңдаған үлестік құры­лысқа қатысушылар мемлекеттің ізгілікті ерік-жігерінің арқасында жаңа тұрғын үйлер алып шықты. 
Біз дағдарысқа қарсы екі жоспарды әзірлеп, дәйекті­лікпен жүзеге асырдық. Бұл біздің экономикалық қиындықтарды еңсеру­дегі зор да табысты тәжі­рибеміз. Қазіргі жа­һан­дық дағдарыс біздің басымызға күтпеген жерден келіп түскен жоқ. Мен жаңа толқынның қайт­кенде де келіп соғатынын талай рет айтқан­мын. Бұл жолы Қазақстан дағдарысқа қарсы алдын алу стратегиясын алғаш рет қолданып отыр. 
Біріншіден, біз қазірдің өзінде индус­трия­лық-инновациялық дамудың екінші бесжыл­дығын бастадық, яғни шикізат ресурстарына ғана қарап қалмайтын экономика құрудамыз. 
Екін­шіден, біз «Нұрлы Жол» Мемлекеттік инфра­құрылымдық даму бағдарламасын қа­был­­дадық. Дағдарысқа қарсы шаралардың маңызды ас­пектісі ұлттық валютамыз теңгенің еркін бағамға көшуіне байланысты болды. 
Үшін­шіден, біз «5 институттық реформаны жүзе­ге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырудамыз. Пар­ламент Ұлт жоспарын заңнамалық қамта­масыз ету үшін жұмыс істеуде. Олар 80-нен астам заң. Олар біз жос­парлағандай, 2016 жылдың 1 қаң­тарынан жұ­мыс істей бастайды. Шағын және орта кәсіпкерлік үшін әкімшілік кедергілер жойылуда, мемлекеттік басқару, білім беру мен денсаулық сақтау жетілдірілуде. Осы шара­лар­дың бәрі де мемлекетке, қоғамға біздің эко­номикамызға қосымша төзімділік береді. 
Төр­тіншіден, біз қажетті мемлекеттік қор мен ал­тын-валюта ре­зер­він жинақтадық. 
Бесін­шіден, менің тапсырмам бойынша, бұған дейін мен айтқандай, мұнай бағасы барреліне 30-ға дейін және 20 долларға дейін төмендеген жағдайларға ойластырылған іс-қимылдар нұсқасы әзірленді. 
Алтыншыдан, Қазақстанда инновациялық индустрияландыру шеңбе­рінде құрылған эко­номиканың жаңа секторлары экономикалық өсімнің драйверлеріне айналуда. Көптеген өңдеуші салалар өсім көр­сетіп отыр. Бес жылда өңдеу өнеркәсібі 1,3 есе, химия өнеркәсібі мен құрылыс материалдары өндірісі 1,7 есе өсті. Машина жасау өнімдерін шы­ғару 2,2 есе, экспорт 3 есе артты. 800-ден астам индус­трия­лық жобалар жүзеге асырылды. Биылғы жылы металлургия өнеркәсібі бірден 15 пайызға, химия өнеркәсібі 3,2 пайызға ұлғайды. Минералды өнімдер өндірісі 3,2 пайызға, киім-кешек 4 пайызға өсті. Дү­ние­жүзілік банк пен Азия даму банкі Қазақ­стан үшін 2016 жылға жоғары экономикалық өсу қарқынын болжап отыр. 
Жетіншіден, қазақ­стандықтардың эконо­ми­калық мінез-құлық­тары өзгеруде. Еңбек өнім­ділігінің 60 пайыздан астамға артқаны бай­­қа­лып отыр. 

***

Біздің халқымыз ешқашан бүгін­гідей ба­қуатты тұр­мыс кешіп көрген жоқ. Тәуелсіздік алғаннан бері 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны мен 1700-ден астам білім беру ошағын салдық. Олардың барлығын ең соңғы үлгідегі құрал­дармен жабдықтадық. Аса күрделі операцияларды өз елімізде, өз дәрігер­леріміз жасайтын жағдайға жеттік. Жал­­пы халықтың тұрмы­сының, денсаулы­ғының түзелуі, санының өсуі­нің нәтижесінде қазақ­стандықтардың орташа өмір ұзақтығы 72 жасқа жуықтады.  
Мемлекет қандай жағдай­да да әлеуметтік міндет­теме­лерін шашау шығар­май орындап келеді. Та­ри­хымызды түген­деп, мәдениетімізді өркен­детуге қол жеткіз­дік. Жаңа жылдан бюджет қызмет­керлерінің жала­қысы, әлеуметтік жәр­дем­ақылар мен шәкірт­ақы орташа алғанда 30 пайызға дейін көбейеді. Осы­ның барлығы ха­лықтың болашаққа сеніммен қарап, алаңсыз өмір сүруіне толық негіз болады. 
Құрметті қазақстандықтар! 
Осыдан екі жыл бұрын мен «Қазақстан-2050» Стратегиясын жарияладым. Осы уақыт­тың өзінде-ақ біз оны жү­зеге асыруда, тіпті, жаһандық дағдарыстың теріс ықпа­лына қарамастан, орасан зор нәти­желерге қол жет­кіздік. 
Біріншіден, Давос экономикалық фору­мының Жаһандық бәсекеге қабілеттілік ин­дексі көрсеткіші бойынша Қазақстан әлемде 42-ші орынға ие болды. 
Екіншіден, бизнес үшін барынша қолайлы жағдайлар жасайтын елдердің әлемдік рейтингінде Қазақстан 41-ші позицияны иеленді. 
Үшіншіден, бүгін, 30 қара­шада Қазақ­стан Дүниежүзілік сауда ұйымының заңды түр­дегі толыққанды мүшесі болды. Ол туралы ДСҰ-ның Бас кеңесінің отырысында ресми түр­де хабарланатын болады. Бұл оқиға тәуелсіз Қа­зақ­станның тарихындағы маңызды кезең болып табылады. Ол біздің еліміздің толыққанды сауда-экономикалық әріптес ре­тінде мойындалуын ай­ғақ­тайды. Қазақ­станның ДСҰ-ға өтуі біздің экс­порттаушы­ларымыз үшін де, экономика­мыз­дың шешуші секторларына келе­тін шетелдік инвесторлар үшін де жаңа мүм­кіндіктер ашады. 

ІІІ. Біздің дағдарысқа қарсы 
басты стратагемамыз


 Бүгінде көптеген жайттар Ұлы Қазақстан жолы мен Мәңгілік Ел идеясын бастап отырған өзімізге байланысты. Біздің ұзақ мерзімді, орта мерзімді және таяу болашаққа арналған іс-қимыл стратегияларымыз бар. 
Қазір және кез келген басқа уақытта біздің дағдарысқа қарсы басты стратагемамыз үш қарапайым, бірақ маңызды – өсім, реформалар, даму ұғым­дарымен үндес. 
Біріншісі – өсім. Әңгіме ең алдымен, эко­номикалық өсім туралы болып отыр. Ағым­дағы міндеттерге қатысты алғанда бізге Қа­зақстанның әлемнің неғұрлым дамы­ған отыз­дығына енуін қамтамасыз ететін эконо­микалық өсім қарқы­нын қалпына келтіру қажет. Біз жеке бастамаларды дамыта отырып, өсімнің жаңа ішкі көздерін ашуға тиіспіз. 
Екінші – реформалар. Олар экономи­ка­ның, қоғам мен мемлекеттің тұрақты­лығын қам­тамасыз етеді. Қазір біз «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырып жатырмыз. Олар өз ауқымы жағынан біз 90-шы жылдары жүр­гізген реформалар ауқымына сәйкес. Бізге мем­лекеттік және корпоративтік менеджментті, қар­жы және фискалдық секторларды неғұрлым тереңірек реформалау мейлінше қажет. 
Үшінші – даму. ХХІ ғасырда қоғамның барлық салаларын үздіксіз жаңғырту дамудың басты факторына айналып отыр. Біз Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы, жоғары әлеуметтік жауапкершілік, ха­лық­тың неғұрлым әлсіз буындарына атаулы көмек қағидаттарында бүкіл мемлекеттік, қо­ғам­дық және жеке институттарды кең ауқымды жаңғырту бойынша жұ­мыстар жүргізудеміз. 

IV. Дағдарысқа қарсы және құрылымдық жаңару­лардың бес бағыты
Таяу уақыттарда бізге келесі бес бағыт бойынша дағдарысқа қарсы және құрылымдық кешенді жаңаруларды жүзеге асыру қажет. 

БІРІНШІ. Қаржы секторын 
тұрақ­тандыру

Біздің маңызды міндетіміз – қаржы жүйе­сін жылдам тұрақтандыру, оны жаңа жаһан­дық нақты ахуалға сәйкестендіру. 
Бірін­шіден, қаржы секторының теңгенің еркін ба­ғамы жағ­дайында тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Мұндағы қағидатты сәт сол, Ұлттық валютаның бағамына Ұлттық қор қар­жылары есебінен шексіз қолдау көр­сету тәжірибесіне қайта оралу болмайды. Ұлттық банк банк секторының барлық субъек­тілеріне жұмыс істемейтін несиелер бойынша стресс-тестілеу жүргізуі қажет. Оның нәти­желері бойынша оларды мойындау және есептен шығару жөнінде шаралар қа­былдау керек. Капиталдандыру проблемаларын шеше алма­ған банктер қаржы жүйесінен «кетуі» тиіс. Қазақстандық банктер барлық халықаралық стан­дарттарға, соның ішінде, Базель комитеті мен Халықаралық валюта қорының стандарттарына сәйкес келуі қажет. «Долларсыздандыру» құралдарын ке­ңейту арқылы ұлттық валютаға деген сенімді нығайтуға қол жет­кізудің маңызы зор. 
Екін­шіден, инфля­циялық таргеттеу шеңбе­рінде Ұлттық банк орта мерзімді бола­шақта инфляция деңгейін 4 пайызға дейін төмендетуі керек. Ол үшін пайыздық мөлшерлемелерді икемді өзгерту тетігі толыққанды пайдаланылуы тиіс. 
Үшіншіден, Ұлттық банктегі институттық кем­ші­ліктерді жою қажет. Біртұтас Зейнетақы қо­рын, Проблемалы несиелер қорын және басқа да қаржы институттарын оның бақы­лауынан шығару керек. 
Төртіншіден, 2016 жылы зейнет­ақы актив­тері жеке қазақстандық немесе ше­телдік компаниялардың басқаруына берілуі тиіс. Зей­нетақы жиналымдарының табысты­лығын арт­тыру мақсатында зейнетақы қаржы­ларын инвестициялауға көзқарастарды қайта қараған жөн. Зейнетақы қорына көзқарас пен басқару да Ұлттық қорға көзқарас пен басқару сияқты болуы керек. Ұлттық банк қоғам мен қаржы меке­мелеріне өз қызметінің мәселелері бойынша үнемі тиянақты ақпарат беріп тұруы тиіс. Қаржы сек­торына қатысушылардың бәрі­­мен қалыпты жұмыс бабындағы үнқа­тысуды жолға қоюдың маңызы зор. Осы аталған барлық кезек күттірмес шараларды қабыл­дағаннан кейін ғана экономиканы ынталандыруға, соның ішінде монетарлық тәсіл­дермен ынталандыруға кірісуге болады. Мен жаңа басшылықтың Ұлттық банкті сауатты басқаратынына сенемін. Біздің бәріміздің де ұлттық валютамыз – теңгеге сенуіміз қажет. Теңге салымдары – бүгінде азаматтардың жиналымдарын сақтаудың ең үздік құралы. 

ЕКІНШІ. Бюджет саясатын 
оңтайландыру

«Көрпеге қарап көсілу» – бұл, әсіресе, жаһандық дағдарыстың ықпалы жағ­дайында біз үшін тексерілген қағидат және бюджет саясатының дұрыс моделі. 
Бүгінде біз бюджетке салықтық түсімдердің 20 пайызға дерлік төмендегенін айтып отырмыз. Қосылған құн салығын төлеу көлемі төрттен бірге, ал табысқа корпоративтік салық бойынша 13 пайызға төмендеді. Бұл бар болғаны бизнеске қо­сымша қысымды білді­ретін болады. Бюджет шығындарын Ұлттық қор есебінен жабу – көре­гендік емес. Біз ал­дағы жылдардың қандай боларын білмейміз. Сондықтан менің ұстанымым қағидатты – Ұлттық қор қаржы­ларын ағымдағы шығын­дарға пайдалану тоқтатылуы тиіс. Ұлт­тық қордан республи­калық бюджетке жыл сайын­ғы кепілден­дірілген, шектеулі трансферт бірден-бір тетік болуы керек. Үкіметке Ұлттық қор қаржы­ларын жаңа жаһандық өмір шын­дығы жағ­дайында қалыптастыру мен пайда­ланудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырамын. 
Бізге мемлекеттік кірістер мен шығыс­тар­дың бүкіл жүйесін қайта қарау қажет. Ең алдымен, бюд­жеттің кіріс базасын ұлғайту керек. 2017 жылы қазіргі ҚҚС-тің орнына сатудан түсетін салықты енгізу қажет. Барлық тиімсіз салықтық жеңіл­діктерді жойған жөн. Салықтық режім­дерді оңтайландыру қажет – тек үш дең­гей ғана қалуы керек. Олар – жалпы, жеке кәсіпкерлер үшін патент және шағын және орта бизнес, сондай-ақ, аграрлық сектор үшін арнайы салық режімі. Мұндай механизм «кө­лең­келі экономиканы» жа­рыққа алып шы­ғатын болады. 
Салық сала­сының мөлдірлігін арттыру Үкіметтің басты міндеті болуы тиіс. Тек осылай еткенде ғана экономиканың әрбір субъек­тісі салықтарды толық көлемде төлеуге мүдделі болмақ. 
Үкімет салықтық әкім­шілендірудің тиімді­лігін қамта­масыз етуі керек. Бүгінде мүлікті жария ету мерзімдері 2016 жыл­дың 31 жел­тоқсанына дейін ұзартылды. Мүлік пен ақ­шаны заңды айналымға қайтару үшін қосым­ша ынталандырулар қабылданды. Құ­пия­­­лылық пен сот қуда­лауы­нан қорғауға кепіл­дік бері­леді. Үкіметке жария ету жағдай­ларына тағы бір рет талдау жасауды және қажет болған жағ­дайда, оған қатысушыларға кепіл­дікті күшей­туді тапсырамын. Мен мүлікті жария етуге қатысу жөнінде әлі де ойланып жүр­гендердің барлығын осы мүмкіндікті пайда­ланып қалуға шақырамын. 2017 жылдың 1 қаңтарынан кірістер мен шы­ғыс­­тарды жаппай декларациялау күшіне енеді. Одан кейін, олар қайда болса да, олардың шығу төркіні мен салық салынуын анықтау үшін, соның ішінде Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйы­мының көмегімен, есепшоттар мен актив­терді анықтау бойынша шаралар қабыл­данатын болады. 
Енді бюджет шығын­дарын оңтай­ландыру жөніндегі шаралар туралы. Үкіметке барлық бюд­жеттік бағдарламаларға толық ревизия жүр­гі­зуді тапсырамын. Дағдарыс жағдайында әр тең­ге де маңызды. Тиімсіз шы­ғын­­дар немесе жеке сектор есебінен жабылуы мүмкін шығындар бюджеттен шығарылуы тиіс. Өңір­лік және ин­дус­триялық даму бағдар­лама­ла­рының шығын­дарын қайта қарау қажет. 
Мемлекеттік шығындар мен субсидиялар жүйе­сін де қайта қараған жөн. Бүгінде бүтіндей бір салалар мемлекет есебінен өмір сүруде. Сонымен бірге, мәселен, «ҚазАгро» корпорациясы арқылы көрсетілетін мемлекет­тік қолдау құралдары бүкіл ауылша­руа­шылық тауар өндірушілердің тең жартысы үшін қолжетімді емес. Бюджет шығындарын жеңіл­дету үшін мемлекет-жекеменшік әріптес­тігі тетігін бел­сен­­дірек қолдану қажет. Экономи­каның басым салаларына жеке инвестицияларды ынталандыру бойынша қосымша шаралар қарастыру керек. Жеке инвесторларды жол, газ құбыры, ауруханалар, мектептер және басқа да нысандар құрылы­сына ғана емес, сонымен бірге, оларды қайта жаңғыртуға және техникалық қызмет көрсетуге тартудың да маңызы зор. Бюджет шығындарын оңтайлан­дырудан босаған барлық қаржыны бірінші кезекте халық үшін нақты нәтижелер әкеле­тін жобаларға бағыттау қажет. 
ҮШІНШІ. Жекешелендіру және экономикалық бәсекелес­тікті 
ынталандыру 

Бүгінде тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін ішкі ресурстарды барынша босатудың маңызы зор. Ол үшін біз екі тиімді құралды – кең ауқымды жекешелендіруді және бәсекелестікті ұлғайтуды пайдалануға тиіспіз. Бүгінде өсім мен бәсекелестікті не ұстап тұр? 
Ең алдымен, үлкен мем­лекеттік сектор – 7 мыңнан астам кәсіп­орындар. «Самұрық-Қазына» және «ҚазАгро» хол­дингтері өнеркәсіп пен ауыл ша­руа­шылы­ғының орасан зор активтеріне тиімді бақылау жасай алмайды. «Самұрық-Қазына» қо­рының активтері ІЖӨ-нің 40 пайыздан астамын құрайды, 500-ден астам «немерелер» мен «шөбе­релерден» тұрады. «ҚазАгро» және «Бәй­терек» холдинг­тері бюджет пен банктер ара­сындағы тиімсіз делдалдарға айналды. Осы­лардың бәрі далиған штаттармен және орасан бюджеттік ресурстармен қоса жүреді, сонымен бірге, жеке инвестициялар мен бастамаларды ығыс­тырып шығаруға апарып соқты­рады. Қазір мемлекеттік сектор нысандарын жеке­ше­­лендіруге шектеу­лерді алып тастау маңызды. «Мемлекеттік мүлік туралы» Заң мен Аза­маттық кодекстің бірқатар ережелерін қайта қарап, жекеше­лендіруге жатпайтын страте­гиялық нысан­дардың санын қысқарту қажет. Үкіметке мемлекеттік меншіктегі ұйымдардың бәрін қоса отырып, Жекешелен­дірудің жаңа бағдарламасын жасауды тапсырамын. Олар­дың ішінде, «Са­мұрық-Қазына», «Бәй­терек» және «Қаз­Агро­ға» кіретіндері де бар. Жекеше­лен­діруден кейін осы үш басқарушы холдинг­тің бәрі ықшам ұйымдарға қайта құры­лым­далатын болуы тиіс. 
Жекешелендіру әділетті нарықтық ба­ға бойынша, ашық және бәсекелі жүзеге асы­­рылуы керек. Мұнда акцияларды қор на­рықтарына орналастыру мен ашық аукциондар шешуші тетіктерге айналуы тиіс. Оған қазақстандық және шетелдік инвесторларды барынша мол қатыстыру үшін жағдай жасау керек. Үкіметке барлық акционерлердің мүл­кінен айырылған­дардың активтерін сатып алуға деген басым құқықтарын алып тастауды тапсырамын. Әрі қарай, Үкімет еркін және саламатты бәсеке үшін жағдайлар жасауы тиіс. 
Біріншіден, Үкі­метке антимонополиялық қыз­метті күшейту бойынша нақты ұсыныстар жасауды тапсырамын. Бізге антимо­нопо­лиялық ведомство туралы мәртебесі мен жұмыс тәр­тібі нақты регламенттелген жеке заң керек. 
Екіншіден, бағаны жасанды реттеу түрінде нарықтық ынталан­дыруларға қа­тысты бұрма­лауларды жою қажет. Үкіметке эконо­миканың барлық секторларында на­рық­­тық баға қалып­тастыруға әрі қарай кө­шуді жалғас­тыруды тапсырамын. 
Үшіншіден, бәсеке­лес­тік сала­сындағы саясат банкроттық және тиімсіз компа­нияларды оңалтуды тиімді реттеу үдерістерімен қоян-қолтық жүруі тиіс. Нарық­тық экономика – күштілердің бәсекесі. Жеңіл­гендер на­рық­тан кетуге немесе қайтадан бас­тауға мүм­кіндік алулары керек. Бізде мұндай жоқ. Тиімсіз компаниялар мемлекеттен түрлі түр­­дегі субсидиялар мен жеңілдіктер алу үшін кезек­ке тұрады. Бірде-бір дамыған елде компаниялардың бан­крот­тығы саланың ыдырауына немесе жұмысшы­ларын босата отырып, кәсіпорынның тоқтауына алып келмейді. Тиім­сіз менеджер­лердің орнына өзімен бірге инвестициялар әкелетін жаңа мен­шік иелері келеді. Біз бәсекеге қабілетсіз компанияларды мемлекет есебінен «сүйремеуге» тиіспіз. Үкіметке  жеке және заңды тұлғалар үшін банкроттықтың нақты және түсінікті ресім­дерін жасауды тапсырамын. Ол барынша жеңіл­детілген болуы тиіс. 

Кәсіпкерлер, іскер азаматтар! 
Мемлекет сіздердің бизнес­теріңізді да­мы­­тып, аяққа нық тұруларыңызға барлық жағ­дайды жасады. Бүгінгідей сын сағаттарда сіз­дерге үлкен жауап­кершілік артылады. Же­ке­ше­­лендірудің жаңа легіне белсенді қаты­сы­ңыздар, қаржыны заң­дастырып, ашық жұмыс істеңіздер. Қуатты ел болу – бәсекеге қабілетті болу деген сөз. «Қазақстанда жасалған» әрбір бұйымда төрт қасиет – сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан болуы керек. Сонда ғана ісіміз өнімді, затымыз өтімді болады. Өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек, бізді сырттан келіп ешкім жарылқамайды. 

***
Мен кәсіпкерлер тобына, барлық ау­қатты қазақ­стандықтарға, барлық бизнесмендер мен іскер адамдарға сөз арнағым келеді. Мемлекет жеке­шелендіру мен эконо­микалық ырық­тандыру бойынша біз­дің тарихымызда бұрын-соңды бол­маған қадамдарға барып отыр. Еліміз қазір­дің өзінде көпшіліктеріңізге ақша табуға  және іскер­лік журналдардың бірінші беттерінен көрінуге мүмкіндік берді. Мен сіздерді капиталдарды заңдастыруға, жекеше­лендіру тендер­леріне бел­сенді қатысуға шақы­рамын. Осылайша сіздер өздеріңізге және Қазақстанға, барша халқымызға жәрдем­десе­тін боласыздар. 
ТӨРТІНШІ. Жаңа инвес­тиция­лық саясаттың негіздері 
Таяудағы онжыл­дықта Қазақстанның алдында тұрған мін­деттер: 
- экономиканың жыл сайынғы өсімін 5 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету; 
- өңделген тауарлардың экспортын 2015 жылмен салыс­тырғанда кем дегенде екі есе ұлғайтып, оны жылына 30 миллиард долларға дейін жеткізу; 
- экономикаға жыл сайынғы инвес­тициялардың көлемін 10 миллиард доллардан астамға ұл­ғайтып, тұтастай алғанда 10 жыл ішінде – кем дегенде 100 миллиард долларға жеткізу; 
- 660 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құру, еңбек өнімділігін 2 еседен астамға арттыру. 
Экономикалық өсім­нің мұндай қарқыны тек экспорттық табыстар ағынын мүмкін ете­тін жаңа драйверлер қалып­тастыру есебі­нен ғана қамта­масыз етіле алады. 
Жаңа жаһандық нақты ахуалдың мәні тек әр­та­раптандырылған экономи­каның ға­на  жа­һан­дық дағдарыс салдарына тиімді қар­­сы тұра алатынында болып табылады. Сон­дық­­тан да біз индустрияландыру бағ­дар­ла­­масын жүзеге асыру үстіндеміз. Бізге жаңа инвестициялық саясат керек. 
Біріншіден, тран­сұлттық корпо­рация­ларға екпін түсіре отырып, жеке инвестициялар тарту маңызды. Біз «күрделі инвес­­ти­циялар» тарту үшін оңтайлы орта қа­лып­­­­тастыруымыз керек. Осы жылы «Астана» Ха­лықаралық қаржы орталығын құру туралы ше­шім  қабылданды. Ол исламдық қар­жыландыру, приват-банкинг және қайта сақтандыру салаларында өңірлік хаб болады. Қазақстан күшті институттары, білікті, тиімді және болжамды үкіметі бар өңірдегі көш­басшы-елге айналуы тиіс. Бізде  озық техни­калық кадрлар, әлемдік деңгейдегі ин­фра­құрылымдар болуы тиіс, қоғамдық тәртіп пен адамдардың жеке қауіпсіздігі қам­тамасыз етілуі керек. 
Инвестициялық ахуалды жетіл­діруге ба­ғыт­­талған реформаларды әрі қарай жалғас­тыру ЭЫДҰ және басқа да халықаралық қаржы институттарымен бірлесіп жүргізілуі тиіс. Үкіметке үш ай мерзім ішінде инвес­тициялық ахуалды жақсартудың егжей-тег­жейлі жоспарын жасап ұсынуды тапсырамын. Бұдан бөлек, инвесторлармен жұмысты белсенді ете түсу үшін инвесторлар тарту мен инвести­циялық ахуалды жақсартуға бағ­дарланған Үкімет кеңесін құруды тапсырамын. Өңірлерде жергілікті маңыздағы жобаларды жүзеге асыру үшін инвестициялар тартуға қажетті осындай кеңестер құру керек. 
Екіншіден, экономикалық өсімнің өңірлік драйверлерін қалыптастыру маңызды. Барлық инвестициялық жобалар тікелей өңірлерде жүзеге асырылады. Сон­дықтан, 6 макроөңірлер – Оңтүстік, Сол­түстік, Орталық-Шығыс, Батыс, Алматы, және Астана үшін жеке бағдарламалар жасау қажет. Ірі өңірлік жобалар айналасында шағын және орта бизнесті дамыту керек. Сондықтан, кәсіп­керлікті қолдаудың «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы макроөңірлердің инвес­тициялық бағдарлама­ларының бір бөлігі болуы тиіс. Еңбек ресурс­тарының жұмыл­ғыштығын жоға­рылату бойынша, бірінші кезекте, еңбек күші артық өңірлердің еңбек күші жетіспейтін өңірлерге миграцияларды ынталандыруға бағытталған шараларды алдын ала қарастыру қажет. 
Макроөңірлер «Нұрлы Жол» бағдар­лама­сы шеңберінде құрылатын біртұтас көліктік, логистикалық және коммуни­кация­лық құры­лым аясында бірігулері тиіс. Қазіргі кезде «Орталық – Оңтүстік», «Орталық – Шығыс», «Орталық – Батыс» шешуші бағыттары бойынша 11 жоба жүзеге асырылуда. «Боржақты – Ерсай», «Алматы – Шу» теміржол желілері мен Құрық портындағы паромдық өткел құры­лыстары жүргізілуде. Бұл жобалар қазірдің өзінде 72 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Үкіметке аталған бағдарламаларды жүзеге асыру ісін белсенді ете түсуді тапсырамын. 
Сонымен қатар, экономикалық конъюнктураны есепке ала отырып, қаржыландыру көздерін әрта­рап­тандыру қажет. Менің ҚХР-ға сапарым бары­сында «ЭксимБанкпен» 2,6 миллиард доллар сомасында займ тарту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Қазір мем­лекеттік бюджет есебінен көптеген жолдар салынып жатыр. Бірақ, бұл жобаларға шетел­дік және жергілікті инвесторларды да тарту керек. Жақын бола­шақта «Нұрлы Жол» бағдарламасы жобаларына жеке капиталды тарта отырып, қаржы­ландыру моделіне келтіру керек. 
Үшіншіден, қазір әлемдік және өңірлік рыноктарда экспорттық тауашаларды бел­сендірек игерген жөн. Біз жақын жатқан ел­дердің экономикалық әлеует­терін тиімді пайда­лануға тиіспіз. Бірінші кезекте, бұлар – Қытай, Ресей, Иран, Моңғолия, Үндістан, Пәкістан, Орталық Азия және Кавказ елдері. Аталған елдер жыл сайын 3,5 триллионнан астам доллардың тауарлары мен қызметтерін импорттайды. Еуразиялық экономикалық одақ­қа шешуші өңірлік рыноктармен еркін сауда туралы келісім жасасу қажет. Үкімет аталған мәселелерді біздің әріптес­терімізбен бірлесіп жасап, бәріміз үшін пайдалы етіп шешуі тиіс. СІМ-ге осы міндеттерді орындау үшін Қазақ­станның шетелдердегі мекеме­лерінің барлық ресурстарын іске қосу қажет. 
Төртіншіден, бізге техникалық кадрлар дайындау жүйесін барынша дамыту қажет. Техникалық және кәсіби білім беру инвес­тициялық саясаттың негізгі бағыт­тарының бірі болуы тиіс. Бұл үшін Германиямен, Канадамен, Австралиямен және Сингапурмен кадрлар дайындау орталығын бір­лесіп құру керек. Олар бүкіл еліміз үшін техни­калық және кәсіби білім беру жүйесінің моделі болады. 
Бесіншіден, Қазақстан экономи­касының инно­вациялық әлеуетін арттырған жөн. Бола­шақтың экономикасын құру үшін негіз қалау маңызды. Смарт-технологиялар, жасанды ин­тел­­лект, ки­берфизикалық жүйелер интеграциялары, бола­шақтың энергетикасы, жобалау және инжи­ниринг салаларында біліктілікті дамыту қажет. Мұны тек тиімді ғылыми-инновациялық жүйе құру арқылы ғана жасауға болады. Назарбаев Университеттің  «Астана бизнес кампусы» хай­тек-паркінің базасы мен Алматыдағы «Алатау» технопаркінде қалып­тас­тырылатын қуатты зерттеу универ­ситеттері мен инновациялық клас­терлері оның негізіне айналады. Астанада ЭКСПО-2017 Халық­аралық мамандан­дырылған көр­месін өткізу бізге «жасыл технологияларға» негіз­делген жаңа энергетиканы белсенді дамы­туға жақсы мүмкіндік береді. 

БЕСІНШІ. Жаңа әлеуметтік саясат 
Серпінді экономикалық өсім көптеген жылдар бойы бізге белсенді әлеуметтік саясат жүр­гізіп, адамдардың өмір сапасын бірнеше есе арттыруға мүмкіндік берді. Барлық жаһандық дағдарыстардың теріс ықпалына байланысты экономикамыз тап болған бүкіл қиындықтарға қарамастан, біз әркез қазақ­стандықтардың әл-ауқатын арттырып келдік. Он жылда әлеуметтік салаға мемлекеттік шығындар нақты көрсеткіш бойынша 3 есеге жуық өсті. Әлеуметтік сала мен мемлекеттік басқаруда жұмыс істейтіндердің саны 1,2 миллион адамнан асады. Мемлекет жәрдемақы мен төлемдердің үлкен көлемін қамтамасыз етуде. Оларды 1,5 миллионнан астам азамат алады. 
Экономикалық тәуекелдерге, жалпы, еш­теңеге де қарамастан, біз халықты әлеу­меттік қолдау шараларын жүзеге асыруды жалғас­тырамыз. Мен 2016 жылдың 1 қаңта­рынан бастап ден­саулық сақтау саласы қызметкер­лерінің еңбек­ақысы орташа алғанда – 28 пайызға дейін, білім беру саласы қызметкер­лерінікі – 29 пайызға дейін, әлеу­меттік қор­ғаудағы қыз­меткерлердікі 40 пайызға дейін артатынын жариялаймын. Мұнда бюджет қызметкерлерінің түрлі кате­гория­ларына қа­тысты сараланған тәсіл қолдан­ған ұтымды. Алдағы жылы мүгедектігі мен асыраушысынан айырылуға байланысты әлеу­меттік жәрдем­ақылардың 25 пайыздық өсімі, сондай-ақ, стипендиялар қамтамасыз етілетін болады. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап біз инфляция деңгейінің алдын ала отырып, ынтымақты зей­нет­ақыны 2 пайызға индекстейміз. 2016 жылы «Б» корпусындағы мемлекеттік қызмет­шілердің еңбекақысы 30 пайызға арттырылатын болады. Бұл мақсаттарға қаржыны біз бюджеттік шығындарды оңтайландырғаннан кейін үнем­дейміз. Осылайша біз еңбекақыны өсіру үшін қаржы тауып, өзіміздің халық алдындағы әлеу­меттік міндеттемелерімізді орындаймыз! 
Мен барлық әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалған жіктерге сөзімді арнамақпын. Біз мұқтаждарға қашанда көмек қолын созып келдік. Сонымен қатар, әлеуметтік әділеттілік бұрмаланбауы тиіс. Өйткені, әрбір әлеуметтік төлем – бұл жай бюджетке ғана емес, әрбір жұмыс істейтін қа­зақстандыққа қосымша салмақ. Әлеуметтік әді­леттілік идеясы жұмыс істейтін қазақ­стан­дықтарға қатысты әлеумет­тік әділетсіздікке айналмауы тиістігін нақты түсіну керек. Бұл – солардың ақшасы! 
Бүгін де тек Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы  ғана  сыртқы сілкіністерге ор­нықты, тиімді эко­но­ми­каның нақты негізі болуға қабілетті. Аза­маттарға әлеуметтік қол­дауды кеңейту мақсатында Үкіметке 2016 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін еңбекпен қамтудың жаңа Жол картасын жасауды тапсырамын. Бағдарла­маларды қаржы­ландыру көлемі 2009-2010 жылдары жүзеге асырылған осыған ұқсас Жол картасымен салыстырғанда ұлғай­тылатын болуы тиіс. Бұл жергілікті инфра­құрылымдарды дамыту мен елді мекен­дерді абаттандыру жобалары есебінен еңбек рыно­гының тұрақ­тылығын қамтамасыз ете­тін болады. Кадрларды кең ауқымды қысқа мерзім­ді қайта даярлау мен біліктілігін арттыру ұйым­дас­тырылады. Кәсіпкерлікті дамыту үшін микронесиелеу кеңеюде. 
Бүгін мен жаңа әлеу­меттік саясат жасау міндетін қоямын. Мем­лекеттің әлеуметтік саладағы рөлі әлсіз қорғалған азаматтарды қолдаумен және адам капиталына инвестицияларды қамтамасыз етумен шектелетін болуы тиіс. Атаулы әлеуметтік қолдау тек мұқтаж адамдарға, олардың нақты табыстары мен өмір сүру жағдайын бағамдау негізінде, көрсетілетін болады. Басқалар ақ­шаны өздері, өздерінің еңбектерімен табулары тиіс. Азамат­тарымыздың жекелеген топта­рының ерекше сұраныстарын ескере отырып, өмір сүрудің ең төменгі деңгейінің құры­лымдарын қайта қарау және оның түрлі деңгейлерін белгілеу қажет. Үкіметке үш ай ішінде әлеу­меттік қамсыз­дандыру жүйесін оң­тай­лан­дыру бойынша ұсыныс енгізуді тапсырамын. 
Еңбек ете ала­тындарға мемлекеттік қолдау тек олар­дың қайта оқуға немесе еңбекпен қамту бағ­дар­ламаларына қатысулары негізінде ұсыны­латын болуы тиіс. Үкіметке әлеуметтік көмектің мұндай түрлерін 2017 жылдан бастап енгізуді тапсырамын. Әлеуметтік сая­­саттағы мемле­кеттің басымдығы адам капиталын дамытуға кең ауқымды инвестициялар болуы тиіс. Біз бұған дейін қабылданған бағдарламаларға сәй­кес, білім беру және денсаулық сақтау салаларын жаңғыртуды жалғастыруымыз керек. Мен 2017 жылдан бастап жаңа жоба – «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдар­ламасы басталатынын жариялаймын. Үкіметке оны жасауға кірісуді тапсырамын. 

Қазақстанның жас азаматтары! 
Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағды­ланыңдар. Жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл барыңдар. Шеберліктің шыңына жете білсеңдер  маман­дықтың бәрі жақсы. Қазір тех­ни­калық маман­дықтардың, ғылым мен инно­вацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек ет­кен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі сендер үшін, болашақ үшін жасалуда. 

***

Мен жастарымызды жұмысшы маманды­ғын белсенді меңгеруге шақырамын. Жұмыс­шы мамандықтарын мең­геру керек. Кезінде мен де жұмысшы киімін киюден бастадым, домна пеші от-жалынының жанында тұрдым. Үлгі алыңдар! Жылдар өтеді, бірақ, осы өмірлік тәжірибелерің, сендер қандай өмір жолын таңдап алсаңдар да, міндетті түрде кәделеріңе жарайды. 
Тұтастай алғанда, Жолдауда ілгерілетіп отырған шаралардың барлығы нақты сипатқа ие және, әдеттегісінше, сенімді қаржы­лан­дырумен қамтамасыз етілген. 2014-2015 жылдары шағын және орта бизнесті да­мытуға 1 триллион теңге бөлініп үлгерілген болатын. «Нұрлы Жол» бағдарламалары жо­­ба­­ларына – 2,7 триллион теңге. 2,7 триллион тең­­ге Қазақстанға халық­аралық қаржы ұйым­дары тара­пынан бөлінді. Қытай Халық Республикасы 2,7 миллиард доллар көлемінде несие берілді. Тұтастай алғанда, осы Жолдау жобаларын жүзеге асыруға 7,5 триллион теңге тар­тылмақ. Осы қаржыларды тиімді пай­далану – Үкіметтің басты міндеті және жауапкершілігі. 
Қиындықтарды еңсеруде біз жалғыз емеспіз. Өзіміздің салмақты сыртқы саяси қызме­тімізбен біз бүкіл әлем бойынша көптеген достар таптық. Олар бізді қолдап келеді. Сіздер менің сапарларыммен әлемнің жетекші елдерінің көшбас­шыларымен келіс­сөзде­рімнің куәгерлері болды­ңыздар. ҚХР-мен 23 миллиард долларға шикі­заттық емес сектор­дағы ынтымақтастық туралы уағдалас­тыққа қол жеткізілді. Бұл – 40-тан астам жаңа кәсіпорын салынады деген сөз. Лондон мен Парижге сапарларым да, экономи­калық ынтымақ­тастық тұрғысынан алғанда, табысты болды. Жасалған келісімшарттардың жалпы сомасы 11,5 миллиард долларды құ­­райды. Елімізге Ресей Президентінің сапары біздің дәстүрлі ізгі көршілестік қарым-қатынас­тарымыздың тұрақ­ты­лығы мен бе­­­рік­тігін  және экономикалық интегра­ция­ның дамып келе жатқанын көрсетті. Жапония премьер-минис­трінің сапары инвес­­тициялық және техноло­гиялық ынты­мақтас­тықтың көкжиегін кеңей­тетін болады. Бізге тұңғыш рет «Тойота» кон­церні келіп, Қазақстанда автомобильдер шығарады. 
Басты нәтижелердің бірі бізге халық­аралық қаржы инсти­туттарының жоғары сенімі болып табылады. Осындай күрделі кезеңде біздің реформаларымызды қол­дай отырып, олар 9 миллиард доллар көле­міндегі қаржы ресурстарына қол жет­кі­зуімізге жол ашты. Біз Еуропалық Одақ­пен тереңдетілген әріптестік пен ын­тымақтастық туралы келісімге қол қой­дық. Біз әлемдік қоғамдастықпен ядросыз әлем үшін, терроризм мен экстремизмге қарсы күресте бірге­міз. Біз кез келген жан­жал­дардың бейбіт жолмен шешілгенін қа­лаймыз және осы үшін қолымыздан кел­геннің бәрін жасаймыз. 
Дүниежүзінде біз бастаған реформалар туралы, Жүз қадам туралы жақсы біледі және оларды қолдайды. Біз достары­мыздың көңілін қалдыр­мауға тиіспіз. Бұл реформалар, мен атал­ған Жолдауда алға қойған олармен өзара байланысты міндет­терді орындау оңай болмайды, мүмкін, тіпті, ауыр соғуы ықтимал. Бірақ, оларға балама жоқ. Егер біз осының бәрін жасамайтын болсақ, онда әлемдік дамудан үмітсіз кейін­деп қаламыз. Бірақ біз, әдеттегідей, белгі­леген­деріміздің бәрін жасаймыз. 
Құр­метті отандастар! 
Жаңа 2016 жылдан Ұлт жоспары шең­берінде қабыл­данған жаңа заңдар жұмыс істей бастайды. Бүгін мен экономикамызды, мемле­кетіміз бен қоғамымызды нығайтуды көздейтін жаңа шаралар туралы хабарладым. Барлығы­мыздың мойнымызда еліміз­дің болашағы үшін орасан зор жауап­кер­шілік жатыр. Алдымызда қиын жұмыс­тар күтіп тұр. Қазақстан халқына Жолдауым­дағы барлық міндеттерді жүзеге асыруда мен «Нұр Отан» партиясына ерекше орын беремін. Жолдау барлық партия мүшесі үшін іс-қимыл негізі және таяудағы жылдарға ар­налған бағ­дарлама болуы тиіс. Кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүр­гізіп, адамдарды жұ­мылдыру, қойылған барлық міндеттерді орындауда біріктіру керек. Партиядан сай­ланған депутаттар дағдарысқа қарсы және құрылымдық қайта жаңғыруларды заңна­малық тұрғыдан қамтамасыз етулері тиіс. Мен барлық саяси партияларды, қоғамдық бірлес­тіктерді, барлық азаматтарды Отаны­мыздың игілігі жолындағы ортақ іске бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып жұмылып, аталған Жолдауды жүзеге асыруға белсене қатысуға шақырамын. 
Келе жатқан күрделі кезең біз үшін еңсеру кезеңі болады. Біз жаңа жаһандық дағ­дарысты міндетті түрде жеңеміз. Бұл үшін бізде біртұтас ерік-жігер, халық бірлігінің берік дәстүрлері бар. Біз Қазақстанымызды дамудың жаңа шеп­теріне шығаратын боламыз! 

Қымбатты қа­зақ­стан­дықтар! 
Дағдарыстардың бәрі өт­кінші, өтеді де кетеді. Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құнды­лықтар ғана мәңгі. Мен айтып өткеннің барлығы жеңуге болатын, біз жеңе алатын бөгеттер. Біз көл­денең шыққан кедергілерге кідірмей, дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатына қадам басамыз. 
Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуел­сіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тіле­гіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік! 
Мен хал­қыма сенемін. Көк бай­­ра­ғы­мыз­дағы алтын қырандай еліміз қанатын кең­ге жайып, асқар биіктерден көрінсін! Барды ба­ғалап, жоқты жасай білген жасампаз жұрты­мыздың көк байрағы әрдайым биікте жел­­бі­ресін! 
Алға, Қазақстан!

266 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз