• Заманхат
  • 01 Ақпан, 2016

Тамыры тереңге тартқан жазба мұралар

Әрбір халықтың мәдени мұраларының ішінде көзбен көріп, қолмен ұстайтын құндылықтардың бірі – қолжазба мұралар.Жазу өнері жалпы адамзаттың дүниежүзілік мәдениетке қосқан бірден бір үлкен үлесі.  Бабалардан аманат болып жеткен қолжазба мұраларда халықтың бастан кешкен бүкіл өмір жолы, тағдыр-талайы, арман-мұраты сыр түйетіні белгілі. Сол ел өмірінен көрініс беретін мәдени мұралардың  жиналу, жариялану, зерттелу тарихын нақты уақытпен, дәл тауып айту қиын. Ол қаншалықты көне болса, оның түп негізі де тым тереңге тамыр тартады.


Көшпелі өмір салты мен отырық­шылықты, яғни, қос мәдениетті қатар ұстанған арғы ата-бабаларымыздың төл жазба мәдениеті сонау ықылым заманнан, біздің жыл санауымызға дейінгі дәуірлерде қалыптасты деуге толық негіз де дәлел де бар. Алғашқы әріп жазуының бір тармағы – руникалық көне түркі алфавиті болып табылады. Бұл алфавитпен жазылған ескерткіштер, арғы ата-бабаларымыздың тіл мәдениеті мен білім өресінің жоғарлығын көрсетеді.  1893 жылы даниялық ғалым В.Томсен құпия жазуды оқудың кілтін ашқаннан кейін, тамырын одан да тереңге тартқан ежелгі сақ дәуірінде жазба мәдение­тіміздің болғандығы жайлы деректер пайда болды. Оған 1960 жылы Ертіс өзенінің оң жағалауынан табылған сақ дәуіріндегі марал сүйегінен жасалған тұмардағы жазу дәлел бола алады. Тұмардағы жазуды ғалымдар мөлшермен біздің заманымызға дейінгі сақтар дәуіріндегі V-IV ғасырларға жатқызады. Аталмыш жазуды кезінде танымал түрколог ғалым А. Аманжолов оңнан солға қарай «Ақ сықын» – «Ақ марал» деп оқығаны белгілі. Одан кейін, 1970 жылы бүкіл түркі жұртын елең еткізген Есік қаласы маңындағы «Алтын адам» қабірінен табылған күміс тостағандағы жазу болды. Осы тостағандағы екі жолға жазыл­ған 26 таңбалы жазудың табылуы да баға жетпес жаңалық бол­ды. Бұл жазулар байырғы түркі руна жазбаларына, екіншіден, Жерорта теңізі жағалауындағы елдерде таралған көне алфавиттік таңбаларға, әсіресе, грек, арамей әріптеріне ұқсас болып шық­қан. Оны да А. Аманжолов көне түрік тілі сияқты оңнан солға қарай: «Аға, саған (бұл) ошақ! Бөтен (жат ел адамы) тізеңді бүк! Халықта азық-түлік (мол болғай!)» деп оқып берді. Зерттеуші пікірінше, бұл сақ дәуірі ескерткішіндегі жазу ежелгі түрік тілінде жазылған, яғни, бұдан 2500 жылдан астам уақыт бұрын түрік тілдес сақ тайпалары таңбалап жазуды білген әрі кең түрде пайдаланған деген тұжырым жасаған [1, 42-43].
Түркітанушы ғалымдардың ішінде Н.Ба­зылхан өз еңбектерінің бірінде «Түрік бітіктің»  қалыптасуы мен даму сатысын төрт ірі кезеңге бөліп көрсеткен. Бірінші кезең жазуына ол млн. жыл бұрынғы Алтайлық тектіл дәуіріндегі бабатүрік, бабамоңғол, бабатұңғыс-манжур заманындағы «дөрекі жазуды» жатқызады. Ғалымның пайымдауынша ол таңбалар Орталық Азия аумағындағы ежелгі көшпелілердің арғы аталарынан қалған иеорглифтер деп атайды. Ал, екінші кезеңге б.д.д. ІІ мыңжылдықтан - б.д.д. ІV ғасырлар аралығындағы прототүріктік идеограмма-таңбалықтарды жатқызады. Ғалым бұл кезеңдегі таңбалардың фонетикалық белгілері қалыптаса бастағандығын нақты атап көрсетеді. Үшінші кезеңде заманымыздың V-ІХ ғасырларындағы түрік бітігінің фономорфемдік әліпбиі толығымен қалыптасқандығына назар аударылса, төртінші кезеңге соғды-ұйғыр және монғол-манжур жазуының трансформациясы жатқызылған. Онда ІХ ғасырдың іргетасынан бастап-ақ, далалық көшпелілердің жазуы шетел әліпбиі негізінде (соғды, манихей, брахми, араб, армян) таңбаланып, түрік жеріне дін уағызшыларының өз жазуын ала келуіне  байланысты қалыптасқандығы көрсетіледі [2].
Орхон ескерткіштерінің әдебиетке қатысы туралы көрнекті түркітанушы ғалым  Ғ.Айдаровтың мына бір пікірі негізсіз емес: «Қазақ әдебиетінің тарихы арыдан басталады. Оның түп-төркіні сонау орхон-енисей жазулары деп аталатын әдеби-мәдени ес­керткіште жатыр. Бұл ескерткіш - түркі тілдерінде сөйлейтін халықтардың бәріне, соның ішінде қазақтарға да ортақ мұра. Байырғы орхон ескерткіштері поэзия емес дегенде, олардың ішінде әдебиетке қатысты кейбір ерекшеліктерді түгелдей жоққа шығаруға болмайды. Жазба нұсқаларға тереңірек үңілсек, онда әртүрлі көркем сөз орамдары, арнау-жоқтау, тарихи баяндаулар, шешендік сөз тіркестері, эпостық дәстүрге жақын суреттеулер, әсірелеу, эпитет, теңеу, метафора т.б. солар сяқты әдебиетке қатысты дүниелердің де кездесетіндігін байқауға болады» - деп атап көрсетеді [3, 29-30]. Олай болса, қазақ халқының ғасырлар қойнауынан ұрпақтан-ұрпаққа жеткен рухани, мәдени мұрасы, сөз өнерiнiң асыл қазынасы, сөз өнерiнiң тегi әрiден, түркi тiлдес тайпалардың өз алдына халық болып қалыптаспай тұрған кезiнен басталады. Қазақ халқының құрылуына негіз болған ру-тайпалар ол замандарда қазіргі Қазақстанды, Орта Азияны, Оңтүстік–шығыс Сібірді, Орталық Азияны, Еділ бойын, Каспий жағалауларын  мекен еткен. Олар өзбек, қырғыз, әзірбайжан, түрікмен, ұйғыр, қарақалпақ, хакас, башқұрт, татар халықтарының төл құрамына енген ру-тайпалармен аралас өмір кешкен. Сөйтіп, экономикалық, әлеуметтік, мәдени өмірі бір-бірімен өзара тығыз байланысты болған түркі тілдес халықтардың әдебиеті де ортақ болды. Кумандар, Дешті Қыпшақтар, тағы басқадай атанған жартылай көшпелі, жартылай отырықшы түркі тілдес халықтардың ерлігі, тұрмыс-тіршілігі, арман-қиялы поэзия тілімен жырланып, ерлік эпостар, ертегілер, аңыздарда баян етілген. Құлпытас, күмбез түріндегі ескерткіштерге өздерінің елеулі-елеулі тарихи адамдары туралы жоқтау, мадақтауларын жыр түрінде ойып жазып қалдырып отырған. Бұл түркі ұлыстарының жазу мәдениеті ертеден пайда болғанын көрсетеді.
Қазақ халқының қалыптасуына негіз болған ертедегі темір дәуіріндегі (б.з. д. VІ-VІІ ғ.ғ.) сақ, ғұн, үйсін, қаңлы тайпалары, б.з. ертедегі орта ғасырлық мемлекеттер тұсындағы қарлұқ, оғыз, қимақ тайпалары, дамыған орта ғасырлық мемлекеттер кезіндегі наймандар, керейіттер, жалайырлар, қыпшақтар тарихы мыңдаған жылдарға созылғандығын назарға алсақ, қазақ әдебиетінің тарихы да бұрынғы кеңес кезіндегідей XV ғасырдан емес, одан арғы дәуірден - көне заманнан басталады. Жазба тарихы көне заманнан желі тартатын сақ, ғұн, үйсін-қаңлылардың мәдени мұрасы туралы сөз қозғағанда, оның ең алдымен материалдық және рухани қазына ретіндегі маңызы арта түседі. Археологиялық деректер көрсеткен андронов адамдарының  киіз үйге ұқсайтын төбесі дөңгелене жабылған мекен-жайлары кейіннен дамытылып, алты-төрт доңғалақты арба үстіндегі үйлері бүгінгі киіз үйдің алғашқы баспалдақтары түрінде сақтарда кең тарағаны жайлы Геродот жазбаларында дәлелдене түсті [4, 230]. Халық фольклоры мен поэзиясының негiзi сол тайпалар шығарған ертегi, аңыз, мақал-мәтелдерде жатыр. Батырлардың отаншылдық сезiмi, туған халқының азаттығы жолындағы күрестерiн жырға қосқан батырлық эпос­тар («Қобыланды батыр», «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр», т.б.), халық арасына кең тарап, сүйiктi шығармасына айналған, жастардың адал махаббаты, алмағайып тағ­дыры жырланған лиро-эпикалық дастандар («Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жiбек», т.б.) қазiргi қазақ әдебиетінiң өз алдына мол мұрасы болып саналады.
Ежелгi түркiлердiң арғы ата-тегi саналатын сақтардың батырлық жырлары арасындағы мазмұн, түр, стиль бiрлiгi көркемдiк дәстүр жалғастығы тұрғысынан ғылыми негiзде дәлелдендi. Көне жырлардағы поэтикалық тек­тестік, көркемдік жалғастық белгілерін сол кезеңнен кез келген жәдігерінен табылады. Бұл, әсіресе, ежелгі дәуірдегі әдеби ескерткіштері қатарында айшықтана, шоқтықтана көрі­нетін ерекше туындылар: Тәңірлік дәуір әдебиетіндегі сақтардың қаһармандық дастандары – «Алып ер тоңға», «Шу» дастандарында, Ғұндардың батырлық жырлары – «Оғыз-қаған», «Аттила», «Көк бөрі», «Ергенекон» дастандары бүгiнгi қазақ әдебиетінiң қайнар-бастаулары болып табылады. Сондай-ақ, аталған қаһармандық дастандар өзiнен кейiнгi тарихи кезеңдердегi – Түрiк қағандығы тұсындағы (VIII ғ.) әдеби жәдiгерлердiң («Күлтегiн», «Тоныкөк», «Бiлге қаған» жырлары) жазылуына үлгi-өнеге, негiз болды. Түрiк қағандығы тұ­сындағы жазба әдебиет өзiнен бұрынғы сақтар мен ғұндардың ауыз әдебиетi үлгiлерiмен генезистiк, типо­логиялық, дәс­түрлiк үндестiкте дамыды. 
«Ру-тайпалық дәуірде өмірге келген шығармалардың тілі қазаққа түсініксіз болса, олар қазақ әдебиетінің мұрасына жатқызылуы керек пе?» деген сауалдар қойылатыны да белгілі. Тіпті, бірқатар  ғалымдар тарапынан аталмыш мәселе жөнінде сыңаржақ пікірлердің кездесіп қалатыны да жасырын емес. Алайда, ғылыми тұрғыдағы негіздемелерге сүйенсек: «Қай халықтың болсын ерте замандардағы алғашқы әдебиеті, жазба әдебиет нұсқалары, сол халықтың бүгінгі тілінде болуы шарт емес. Кейбір халықтардың ондай әдебиетінің басқа тілде, сол халыққа осы күнде түсініксіз тілде болуы, бірақ, сол халық жерінде, сол халық өкілдері тарапынан жасалған, сол халықтың бір кездегі өмірін көрсететін әдебиет нұсқалары болуы ықтимал», – деп атап көрсетеді ұлы түркітануші ғалым Б.Кенжебаев [5, 10]. Сондықтан да, қазақ әдебиетінің ежелгі дәуіріне қатысты әдеби ескерткіштер ежелгі таңбалы, көне түркі, шағатай (шағатай, тілі – араб және парсы сөздері араласқан түркі ру-тайпаларының кітаби тілі, ол сол кездегі барлық түркі тектес халықтарға түсінікті тіл болған), ұйғыр, араб, парсы тілдерінде жазылғанмен, біз оларды төл әдебиетіміздің тарихының басы деп танимыз. Қазақ халқының этникалық тұрғыдан ұйысып, жеке  ұлт  болуына дейiнгi түркi халықтарына ортақ әдеби үр­дiстiң қазақ әдебиетi де заңды мұрагерi болып табы­латындығы ғылыми тұрғыдан жан-жақты дәлелденiп, тұжырымдалды. 
Еліміз тәуелсiздiк алғаннан кейін ақын-жазушыларға, зерттеуші ғалымдарға  толық шығармашылық еркiндiк берiлiп, әдебиетке қойылатын талап-тiлек те өзгерiске ұшырағаннан кейін, қазақ әдебиетiнiң тарихын зерделеуде бүгiнгi күнi бiршама орнығып, ғылыми түрде дәлелденген нақтылы тұжырымдарға қол жеткiздi. Кеңестiк қазақ әдебиеттану ғылымында қазақ әдебиетiнiң тарихын кезеңдеу, оларды идеялық, жанрлық тұрғыдан жiктеу мәселесiне байланысты қалыптасқан кейбiр бiржақты теория­лар түзетiлдi. Қазақ әдебиетiнiң тарихын Қазақ хандығының құрылуымен ғана байланыстыру, жазба әдебиеттiң қалыптасуын Абайдан берi ғана бастау секiлдi ұлттық әдебиеттiң өрiсiн тарылтатын қате тұжырымдар күн тәртiбiнен алынып тасталды. 
Қорыта айтар болсақ, қазақ әдебиетi әлем әдебиетiнде өз орны бар, тарихы бай, жан-жақты жетiлген дәстүрлi әдебиет болып қалыптасты. Сондықтан, бүгінгі таңда тарихымыздың, әде­биетіміз мен мәдениетіміздің бастау көзі тым тереңде жатқандығы атап көрсетіліп, ғылыми тұр­ғы­дан дәлелдене зерттелуі кезек күттірмес игі істердің бірі болып табылады. Өйткені, ұлттық руха­ниятымыздың тамыры тереңде екендігі айғақ­талған сайын, жас ұрпақтың жүрегіне мақта­ныш сезімін оята аламыз, отаншылдыққа баулимыз.

Ержан Мамышұлы,
Әл-Фараби атындағы Қазақ 
ұлттық универститеті,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және
өнер институтының 2-курс 
магистранты

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Аманжолов А. Түркі филологиясы және жазу тарихы. – Алматы: «Санат», 1996. – 128 бет.
2. Базылхан Н. Көне түрік бітіктастары мен ескерткіштері (Орхон, Енисей, Талас). Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері. 2-ші том. Алматы, 2005. – 250 бет.
3. Айдаров Ғ. Орхон ескерткіштерінің тексі. – Алматы: «Ғылым», 1990. – 220 бет.
4.  Қазақстан тарихы. 1-том. – Алматы: «Атамұра», 1996. – 544 бет.
5. Кенжебаев Б. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері. – Алматы: «Ғылым», 1973. – 170 бет.

1106 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз