• Тарих толқынында
  • 01 Ақпан, 2016

Қазақстанның болашағы алда

Қысқа тарихи мерзім ішінде Қазақстан атты мемлекет әлемдегі аса қарқынды дамушы  елдер қатарына қосылып, халықаралық қауымдастықтың да белсенді мүшесіне айналады. Елімізде мемлекетаралық ықпалдастық, әріптестік, достық жағдайлар сипат ала бас­тады. Осы тұста қоғамдық интеграцияны жүзеге асырудың, ынтымақтастықтың ма­ңызы күш санап арта түсті.

 

Бұрынғы Кеңес одағы тұсында Қазақстан интеграциялық үрдістерден тыс қалған болатын.Өйткені, жабық жүргізілген саясат республикадан тыс болып жатқан ақпараттарға жол ашпады. Ұзақ жылдар бойы жүргізілген бір ғана идеологияның әсерінен мемлекет жан-жақты дамудан шет қалды. Кейіннен Кеңес одағы ыдырап, мемлекетіміз тәуелсіздік алған соң барып қана еуропалық өмірге көз тігіп, халқының әлеуметтік жағдайы жоғары болып отырған мемлекеттерге зер сала бастадық. Өмірдің, заманның беталысын жіті байқаған Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық  интеграцияға аса назар аударды. Қазіргі таңдағы халықаралық  интеграциялық үрдістер әлемнің даму тенденциясы мен заңдылықтарының негізі болып есептеледі. XXI ғасырда әлемдік және аймақтық мәселелерді бірлесе шешу интеграция мен ғаламдану үрдісінің талабымен байланыс­ты болып отыр, яғни, ешқандай мемлекет өз мәселелерін жеке шеше алмайтындығын көрсетеді. Шындығында бұл жайды бүгінгі таңдағы бүкіл әлемдік интеграциялық бірлестіктер, одақтар және топтардың жиынтығымен түсіндіруге болады. 
Нарық жолына түсуге бет бұрған елдерге деген халықаралық ұйымдардың көзқарасы оң болып,экономиканың алға басулары үшін көмектері ерекше болған еді.Дамыған мемлекеттер Қазақстанның болашағына сеніммен қарады. Ал, Қазақстан болса  халықаралық қауымдастыққа өзінің бейбітсүйгіш ел екенін, басқа елдермен ашық әрі өзара  тиімді саяси, экономикалық қатынастарға дайын екендігін, өз елінде ұлтаралық келісім мен ішкі ұлттық бірлігін сақтай білетіндігін, демократиялық даму жолының туын берік ұстаған, әлем қорындағы парасат пен құндылықтарды жоғары бағалап қана қоймай, оларды дамытуға ат салысатын, ашық демократиялық  қоғам құрып жатқан ел екендігіне олардың көзін жеткізе алды. Дербес ел, мемлекет,халық болып, әлем елдерімен терезесі тең мемлекет болу үшін Елбасының әр жылғы халыққа Жолдауы арнауы дәстүрге айналды. Со­ның нәтижесінде, ел бірлігінің арқасында 170-тен астам мемлекеттермен экономикалық, мәдени, рухани байланыстар орнады.
Егер, ел-жұрты қолдамаған болса қандай да басшының саясатын толыққанды жүзеге асыру мүмкін емес. «Бес саусақ бірдей емес» дегендей елдің  ішінде де санасы таяз, білімсіз, тексіз пенделер бар. Олар бірлік, саяси  тұрақтылық дегенді бұзуға, іріткі салуға халықтың шырқын кетіруге, әрекет жасап бағады. Өзінің әлемдік шығармасы «Унесенные ветром» деген романды жазған Маргаретт Митчел өз кейіпкері Рэт Батлердің аузына мынадай сөз салады: «Деньги делаются двух условиях. Одно-при крушении государства, другое-при создании государства». Яғни, кейбір соғыс тілеген саясаткерлердің ықпалына түскен тобыр сондай әрекеттерге барады. Ойдан ой туындайды. Ливия мемлекеті  Президенті Каддафидің тағдыры  ойға оралады. Халқын 42 жыл уысында ұстағанымен, оларға жасаған еңбегі ерен екенін ести,  оқи отырып, елдің елдігіне  сын болған әрекеттерден жан түршікті. «Семіздікті қой ғана көтереді» дегендей жағдайлары әбден жақсарған халық тобырлық әрекет көрсетті. Жаңа үйленгендерге 64 мың доллар көмек, жыл сайын әр отбасына мың доллардан жәрдемақы беріп, пәтерақы, энергия-газ т.б. бәрін тегін етіп қойған басшының халқына сіңген еңбегі орасан ғой. Соның бәрін күлін көкке ұшырып, соны жасаған адамның кеудесіне аяғын салып шаттанған, денесін тулақша тартқылаған тобырдың әрекеті санаға симайтыны ақиқат болар. Сондықтан да, елге дұрыс басшылық жасап отырған адамға қолдау көрсету-тектіліктің, білімділіктің, тәрбиеліліктің нышаны.Әрине, «бізге ондай жақсылықтар жасалып отыр ма?» деген сұрақ орынды ойға оралады. Сөз жоқ, табиғат байлықтарына бай мемлекет тұрғындары сондай молшылықтарды иеленуі тиіс.Алайда, өз алдына тәуелсіз мемлекет болғаннан бастап бүкіл тіршіліктің бүге-шігесінен бастап қайта құру, қайта даму деген сияқты күрделі процестердің бастан өткергеннің өзі өте үлкен оқиға. Дегенмен, қысқа мерзім ішінде соның бәрін оңды шеше отырып, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру айтуға ғана оңай. Жай ғана мысал, бір отбасының үйі бақытсыздыққа душар болып,  өртеніп кетті дейік. Дүние -мүлік, киім-кешек, қаражат дегеннен түк қалмады. Не істейді? Әрине, бәрін жаңадан бастап, бірнеше жылдар бойы бастапқы жағдайын қалыпқа келтіру үшін әрекеттенеді. Ел-жұрттан көмек сұрайды, үкіметкеүміт артады. Бұл бір ғана отбасының әңгімесі. Содан барып экономикасы әбден тұралаған  он бес миллион халықтың жағдайын түзеу дегеннің не екенін шамалай беруге болады. Дегенмен де, ойлы саясаттың, сындарлы жоспардың арқасында, текті халықтың қолдауының күшімен ел экономикасы тұрақтанып, дамуға бет алып, жағдай жақсара бастады. 90-жылдардағы үй ішінің тұрмысы мен қазіргі отбасының жағдайын салыстырыңыз.
Тұрақты даму – Қазақстан үшін негізгі міндет. Тұрақты даму деген  экономикалық даму,  əлеуметтік даму жəне қоршаған ортаны қорғау сияқты салалардан тұрады .  Қазақстандық 2007-2024 жылдарға арналған тұрақты дамуға көшу Тұжырымдамасы  экономикалық өсімге ерекше назар аударып отыр.Тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік салада көптеген маңызды шаралар жасалды. Нәтижесінде халықтың тұрмыс деңгейі еселеп өсуде. Жыл сайын жәрдемақы, зейнетақы да өсіп жатыр, алайда, ол әлі халықтың талабын толық ақтай алмай отыр. Халықтың жағдайын жақсарту жолында атқарылатын міндеттер әлі де көп. Мысалы, араб мемлекеттеріндегідей, тіпті, көршілес ресейліктердің осы салада жасап жатқан істері үйренуге тұрарлық. Адамға қаже­ттінің бәрі жасалмай олардан тыныштық, ұлтаралық келісім сұрау, оны орындату қиын дүние. Әрине, ондай қақтығысты жолдардың көбінен өттік. Дегенмен, әлі де болса адамдардың талап-тілегін қанағаттандыру алдыңғы кезекте тұрған мақсаттардың бірі болуға тиіс екенін ғалым, публицист  ретінде қолдаймын.
Әлемге танымал болған Ванга көріпкелдің «Адамдар бастарында үй, ауыздарында тамақ болса, дендеріңнің саулықтарынан басқа не ойлау керек. Ақылсыз болмаңдар, адамдар, өмірді қадірлеңдер! Жеті қат жер туласа тек адамшылықты, иманды, адамдар құтқарылмақ» дегені  адамзаттың тірлігінің ең қымбат  екендігін, қайталанбайтындығын айтып отыр деп түсінгеніміз жөн.Біздің қазақ та текті халық, сол тектіліктің, парасаттылықтың арқасында саяси тұрақтылық сақталып, ел толеранттылық көрсетіп отыр. Қазақстанда түрік мектептерін ашып, халықаралық достықты насихаттап жүрген азамат Хаяти Явуздың сұх­батында («Қазақ әдебиеті, № 49,2011). Жер­гілікті халыққа, әсіресе, қазақ халқына құрметіміз зор. Себебі, қазақ  халқы өте таза, адал ниетті тіпті, қазақ халқы, қазақ баласы менен де әлдеқайда таза. Өйткені, қазақтың кең пейілділігі, жомарттылығы, болмыс та­биғатындағы  тазалығы әлем халықтарында кездесе бермейтін қасиет. Әйтпесе, халықтың өз бойында саф тазалығы болмаса 20 жыл­дың ішінде осындай жетістікке жетуі мүмкін бе? Оның үстіне Ел басшысы пайым-пара­саты терең, болашақты, келешекті болжай алатын көреген болса, ондай түзу ниетті халықтың болашағы зор. Егер, қазақ сол кеңпейілділігінен ажырамаса, тазалығынан айырылмаса онда  болашағы жарқын боларына сенемін. Біз ең алғаш келген күннен бас­тап қазақ халқы дастарханын жайып, барын салып қарсы алады. Ешқандай танымайтын адамдар, бірақ өз бауырындай көрді» – деген екен. Бұдан артық қандай баға керек?! 
Қазіргі дүние біртұтас жүйеге айналып келеді. Мұнда оның жекелеген бөліктерінің жай-күйі жалпы жаһандық жүйеге тікелей тәуелді. Әлемдік жүйенің әр бөлігі басқа бөліктерге ықпал етеді және өзі де солардың ықпалына түседі. Бұл кез-келген салаға – саясатқа, экономикаға, қауіпсіздікке, ғылыми-техникалық, ақпараттық және басқа да салаға қатысты. Ақпараттық және басқа технологиялардың осы заманғы дамуы, шектеусіз әлемдік рынокқа шығу, бүкіл дүниежүзімен сауда жасау мүмкіндігі, әлемдік білім мен ақпараттың негізгі ортасына қосылу мүмкіндігі, бүкіл әлеммен еркін байланысқа түсу, басқа елдерден үйрену, өзге халықтардың мәдениетін білу арқылы рухани баю мұның бәрі қазіргі дүниенің бізге беретін нәрсесі. Әлемде озық технологиялардың дүниеге келуімен ақ­парат кеңістігі де айтарлықтай ұлғая түсті. Ұлы державалар да өздерінің техникалық және өзге де жетістіктерін пайдаланып, өз ықпалдарын, пәрменділігін жүргізуге ұмтылуда. Әрине, әлемдегі болып жатқан мұндай өзгерістерден табиғи және адами байлығы мол Қазақстан шет қалуы мүмкін емес.
Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаевтың: «Қа­зақ­стан қоғамы жаһандану мен ұлттық мемлекетті жаңа тұрғыда нығайту процесін бастан өткізуде. Капитал, өндіріс, шикізат, интеллект қозғалысы бір немесе бірнеше елдер ынтымақтастығы шеңберінен сыртқа шығып, глобальды қауым­дастық шеңберінде қадамдар жасау жағ­дайын республикаға барынша жақындатады. Мақсат – оның сыртында қалып қоймай, керісінше, тепе-теңдік құқында ол процестің ішіне ену. Бұл елді дамытуға жаңаша көзқарасты талап етеді. Соған байланысты, Қазақстан қоғамы тек экономиканы сандық, көлемдік жағынан ғана көтеріп қоймай, ендігі жерде оны ғылымның, техниканың, технологиялардың, ком­муникативтілік жүйе­лерінің озық жетістіктерімен үйлестіре отырып көрсетуге бағыт ұстайды. Осындай жауапты қадамдар мен міндеттер тек етек жеңі жинақы, ұйымшыл, білімді, жоғары мәдениетті, интеллектуалды әрі адамгершілікті елмен, оның осыған сай азаматтары арқасында, олардың тиімді еңбегі арқылы ғана мүмкін болмақ. Батыс елдер тарихы мен әлеуметтік тәжірибесі жоғары рухани мәдениетсіз, терең тамыр жайған адамгершіліксіз ешқандай озық техника мен технология жекелеген елдерді, олардың азаматтарын да бақытты ете алмайтыны дәлелденді. Жоғары дамыған материалдық байлық қоғамдық ортада жоғары дамыған рухани кеңістікке жол ашады. Яғни, еліміздің табысты тіршілігі мен тәуелсіз, әрі бәсекеге төтеп беретін мемлекет болу кепілдігі – біздің адамдарымыз. Біз, қазақстандықтар, сан жағынан шағын елміз. Алайда, басты мәселе тек халық санында ғана емес, алдымен, сапада, жоғары рухани мәдениеттілік, интеллект пен па­триоттық үйлесімінде. Қазіргі тарихи уақыт пен глобальды қауымдастыққа тепе-теңдік принципі негізінде тіршілік ету жаңа типті адам тәрбиелеуді алға қойды. Ол – білімді, тәрбиелі, коммуникативтік қабілеті жоғары, биологиялық және психологиялық дені сау, әлеуметтік бағдары мен рухани мәдениеті қалыптасқан адам», – деген пікірі халық алдына қойылған мақсат, міндетті айқындап берді. Дұрыс бағдардың дұрыс жолға бастайтыны анық.


Клара Қабылғазина, 
фил. ғыл. кандидаты, доцент,
                                     әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті

367 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз