• Заманхат
  • 01 Ақпан, 2016

ҰЛТТЫҚ РУХ ФЕНОМЕНІ

Көшпелі тұрмыстың негізінде қалып­тас­қан қазақтың тарихындағы мәдени құнды­лық­­тардың өзі ұлттық сананың айшықты белгісі. Тарихи дамудың талабы мен дала бол­мы­сының табиғатына икемделіп, өзіне қа­жетті құндылықтарды қалыптастырып отыр­ған түркі­лердің философиясының ерек­ше­лігі дүние­танымында. Түркі тұлға­лары әлеуметтік даму­дың уақыт ағымымен орайлас келіп отыратын қайшылықтарын даналық,  жауынгерлік тәсілмен жеңіп отырған.

Рулық тайпалық сананың ұлт­тық сана деңгейіне көтеріліп, соның не­гізінде ортақ тіл мен дүниетанымға, мә­дениетке, салт-дәстүрге, мемлекеттік заңға бағынатын іргелі түркі қоғамының қа­лып­тасуынан түркі халқының рухының бейнесін байқаймыз. Мыңдаған жылдар бойы даланың байлығын қорғап оны дұрыс пайдаланып отырған түркі жұртының негізгі идеясы, мемлекеттің дамуына аса қажет жер байлығын сақтап, ұтымды пайдалану болған. «Көшпелі тұрмыс иен даламен әйтеуір жөн жосықсыз көше беру емес, – деп жазады Л.Н. Гумилев, – Көшпелілер көктемде құнарлы көкорай шалғыны адам мен малды «кел мұндалап» шақыратын тау ішіне, жайлауға қарай қозғалатын, ал күзде қар аз жауатын жазық далаға түсетін, онда мал қыс бойы тебіндеп  жайылып, нәр қорегін табатын.  Көшпелі халықтың  жайлауы мен қыстауларының жері әрбір ру мен отбасына бөлініп берілетін және олардың жеке меншігі болып табылатын. Ғұндардың арғы аталарында да жағдай тап осындай болатын».
Жерді дұрыс пайдалану түркі жұртының өмірлік ұстанымында орын алған негізгі мәселе, осы ұстаным тарихымызда түркі мемлекетінің қалыптасуынан бастап күні ке­шеге дейінгі уақыт аралығын қамтыған. Бұдан тарихымызда ұлттық идеямен ха­лық­ты тәрбиелеп, ұрпақты ұлт мүддесіне жұмылдырып, тұлғалықтың дәстүрін сақтап оты­ратын идеологияның жатқандығын аңғару қыйын емес. Мемлекеттің даму стра­тегия­сын қалыптастырып жүзеге асырып отыру ісіне терең деңгейде қараған түркі қа­ғандарының көзқарасы бойынша, мем­лекетті нығайтып оның қалпын сақтап отыратын құндылықтарды жоғалтпау ұр­паққа тиесілі іс. Мемлекет құндылықтары ол мемлекетті құраушы ұлттың болашақ өміріне қажет дүние, сондықтанда, халыққа тура жол көрсететін, адал адамдарды мемлекет ісі­не тарту, мемлекетті зиялылар қызметімен нығайту түркі қағандарының парызына ай­налған. Түркілердің дәстүрі бойынша мемлекет ісін жандандыру үшін қаған алдыменен өзіне тиесілі міндеттерді адал орындап, сол дең­гейге жеткізетін құндылықтарды иелене бі­луі тиіс. Күлтегін жазбаларында: «Тәңірдей тәңірі болған түркі Білге қаған бұшақта /уақытта/ /таққа/ отырдым. Сөзімді түгел есіткін. Соңымдағы іні жиенім, ұлым, жақын руым, халқым, оңымда шад апат бектер, солымда – тарқандар бұйрық бектер...
Тоғыз оғыз бектері, халқы бұ сөзімді жақсы есіт, қатты тыңда! Ілгері – күн шығыста оң жақта – күн ортада, кейін күн батыста, сол жақта түн ортасында – соның ішіндегі халықтың көбі маған бағынды, халықты осынша көп еттім» – делінген. Мемлекеттің байлығы халық және оның мүддесінің өзге елге тәуелсіздігі. Халықтың бейбіт өмірі мемлекет мүддесінің қорғалып отыруында, ұлттың өсімі мемлекеттің игілігі деп түсінген түркі тұлғалары даналығы, ерлігі арқылы халықтың дұрыс өмір сүру қағидасын қалыптастыра білген. Қазақтың аруақты құрметтеу, ата-баба рухын еске алып отыру дәстүрі, ақсақалдар кеңесі, ақсақалдардың ұрпаққа беретін өнеге тағылымы, төрт түлік малы, рулық негізде елдің территориясын сақтау дәстүрі сонау ғұн­дардың кезеңінен бастап қалыптасқан түркі – қазақ қоғамының (мәдениетінің)  ең басты нышаны. Түркі мемлекетінің қоғамдық-саяси өміріне қатысты отандық тарих ғы­лымында мынадай деректер көрсетіледі: «...Ғұндар 24 руға бөлінген, олардың рубасылары (ақсақалдар) басқарған. Рулық құрылыстың ақсақалдар кеңесі және халық жиналысы сияқты институттары сақталды... Жиналыстарда рубасылары мемлекеттік істерді талқылап отыратын болған». 
Түркілердің қоғамының тарихынан байқап отырғанымыздай, ақсақал дегеніміз жасы ұл­ғайған адамның биологиялық өлшемі емес, ол туғанынан бастап ұлттың тарихы мен бірге өскен, ұлттың мүддесінің талаптарына сай есейген адамның деңгейі, сол рухани өмір жолында жинақтаған тәжірибесін кейінгі ұрпаққа үйретуші идея иесі. Ата тарихымыздың өрі­сіндегі зиялылықтың өрісін осы қариялар қызметі арқылы зерттеуімізге де болады. Жаугершілік заманның мінезіне сай болу, тарихтың қатаң талабымен қоян-қол­тық араласып өсу парасаттылық. Қа­зақ ба­тыр­ларының табиғаты мен мінезіне сай қасиеттерді осы түркі тұлғаларының тарихынан таба аламыз. Бұл елдік идеяның адам бойынан шығып отыратын феноменінің рухын дәлелдейді. Түркілердің ұлттық идеясы мәңгі ұлттың тағдырына ара түсіп, оны қорғап отыратын рухтың негізі. Ол батырлық, батырлықтың өзгермейтін, қайталанбайтын бірін бір толықтырып, бірінен бірі идея алып тәжіри­бемен жалғасатын дара құбылыстары, бейнесі. 
Ұлттық идеямыздың тірегіне айналған түр­кі қағандарының, қазақ хандары мен ба­тыр­ларының билігі, қолбасшылық қызметі ұлт тарихының өрісінде адам болмысының қасиеті мен рухын, ғасырларға жалғасатын тәжірибеге толы мүмкіндігін салмақтайды. Батырлық ұғыммен өмірдің бағытын таңдаған түркі – қазақ жұртының зиялыларының ел мүд­десі жолындағы тұтас қызметтері дана­лықтың тарихи белгісіне айналған. Ғұндардың батыры, мемлекет басшысы Аттила жөнінде шетелдік тарихшылар былай деген, «Аттила асқан бақытты жан, осы бақытынан туып жатқан алып күші оның өзімшілдігін шектен тыс өсіріп жіберген. Сондықтан да ол өзіне тиімсіз болса, қандай ақиқат айтылған сөзге де көнбейді. Скифияны билеуін былай қойғанда, қысқа мерзім ішінде Римді өзіне алым-салық төлеуге мәжбүр ету, мұхиттағы аралдарға дейін алып қою Скифияның, тіпті басқа елдердің де билеушілерінің еш қайсысының қолынан келмеген іс болатын». 
Түркі жұртының тарихының өзіндік та­биғаты мен мазмұны бар. Түркі жұртының тарихының табиғаты батыр әрі дана туған тұлғалардың бойындағы қасиеттердің ру­хымен ерекше, тарихтың мазмұны сол қасиеттің негізінде қалыптасқан құн­ды­лықтардың қызметімен, ортақ идея­ға жұ­мылған халықтың рухымен айқындала түспек. Түркі жұртының өздерін Көк тәңірдің ұлымыз деп айтуы да кездейсоқ емес: «Жо­ғарыда көк тәңірі, теменде қара жер жа­ралғанда, екеуінің арасында кісі (адам) баласы жаралған. Адам баласын басқаруға Бумын қаған, Істемі қаған отырған. Оты­рып, Түркі халқының ел-жұртын қа­лып­тастырған, иелік еткен». 
Алаш зиялысы Әлихан Бөкейханов жа­зып кеткендей, тарихтың екі түрі болады. Біріншісі халық пен тұлғалардың өзі жа­саған тарихы, бұл тарихтың рухы халық пен оның зиялыларының ұрпақ тәуелсіздігі үшін жасаған жоғары деңгейдегі қызметінде. Екінші тарихтың түрі бір мемлекеттің өзге мемлекетті бағындыру үшін жасайтын саяса­тының негізіндегі тарих. Бұл тарих саяси тұрғыда халық мүддесі деп көрінгені мен оның ішкі мазмұны белгілі бір мүддені жақтаушы адамдардың саяси ұстанымына тәуелді болып шығады. Түркі халқының тарихының ерек­шелігі, жоғарыда айтып өткеніміздей ұлттың мүддесін қорғаушы, мемлекеттің рухын қа­лыптастырушы, қоғамның дамуында шынайы зиялылықтың дара үлгідегі құбылысын тарихта қалдырушы феномен тұлғалардың кезекпе кезек дүниеге келіп отыруына. Бұндай тұлғалықтың сирек кездесетін құбылысы қа­зақ хандығы кезеңінде де қазақ елінің топы­рағында қайталанып отырған. 
Түркі – қазақ идеясының ел тарихының қалыптасу өрісінде дара тұлғалардың да­на­лық қасиетімен мазмұндалуы, халық дү­ние­танымының тереңдігінде. Себебі, тұлғаға жа­ра­тылысынан берілетін рухани қасиеттің күші Жаратушы құдіретіне тәуелді, дүниеге келген сәбидің өсуі, оның жаратылысынан берілген қасиеттерінің тұлғалық құбылысқа айналуы халық даналығына тәуелді. Түркі қағандарының ел басқару жолындағы әре­кеттерінің маз­мұнынан ұғынатынымыз, олар мемлекет­ті нығайту үшін ғана емес, нығайған мем­лекеттің рухын әлсіретпеу үшін тынымсыз күрескен, мемлекет мүддесінің өрісін кеңейту жолында оның болмысына қай­шы келетін нәрселерді даналықтың, жауынгерліктің (ба­тырлықтың) рухымен жойып жіберіп отырған. Яғни, ұлттық дамудың қайшылықты жақ­тарын дұрыс зерделеп, онымен күресуде тия­нақты әрі нәтижелі істер атқарып отырған.  Күлтегін мұрасында былай деп жазылады: «Түрк қа­ғаны Өтүкен қойнауында отырса, елде мұң жоқ. Ілгері Шантуң жазыққа дейін соғыстым, теңізге кішкене жетпедім. Бергеріде тоғыз ерсенге дейін соғыстым. Тибетке кішкене жет­педім. Кері қарай сырдария өзенін кеше.
Темір қақпаға дейін соғыстым. Сонша жерге дейін жүргіздім. Өтүкен қойнауында игі ие жоқ еді, елді ұстайтын жер осы Өтүкен қойнауы еді. Бұл жерде отырып, Табғаш хылқымен бірге түзелдім (дұрысталдым). Алтын, күміс, өнімді, жібекті сонша шексіз беріп жатқан табғаш халқы сөзі тәтті, қазынасы асыл еді. Жақын қонған соң олардан жаман қылықты енді үйренген едік.
Игі білгіш кісілерді, игі батыр кісілерді қозғалта алмады. Бір кісі жаңылса, рухы, хал­қы тұқымына дейін қалмас еді. Тәтті сөз, жұмсақ қазынасына көп сеніп, түркі хал­қы өлдің. Түркі халқы жойылдың.....». Рухты басшы ел рухын сақтайды, мемлекет тізгінін ұстаған адамның рухы оның тұлғалық қасиетімен дара. Өз халқының рухын танып, қасиетін сақтайтын тұлға өз болашағын емес, ел болашағын ойлайды, ел тарихына асыл мұра қалдыру үшін тарихи өмірдің қиыншылығымен күреседі. Соның бір белгісі, мемлекет тұлғасының тарихта қа­латын танымы, бұл түркілердің Мәңгілік Ел идеясымен тығыз байланысты құбылыс. Түркі қағандарының, ойшылдарының, қа­зақ хандары мен батырларының тарихта қал­ған бейнесі олардың халық, ұрпақ үшін мемлекетті қалыптастыру, сақтау, нығайту мақ­сатындағы танымы. Мемлекеттің дамуы шын мәніндегі тұлғалардың терең ізде­нісінің өнімі. Ол тарихи уақыттың талабына сай өзгеруі мүмкін, бірақ елдік идеяны негізге алған ұлт тұлғаларының қызметі әр ғасырдың шеңберінде өзіне тиесілі міндеттерді (бабалар аманатына сай) ат­қа­рып отыратындығы анық. Мәселен Түр­кі қағандары мен қазақ хандарының, батыр­ларының елдің қонысы, мемлекеттің территориясы, мүддесі жөнінде айтып кеткен идеяларының мазмұны бір. Ол жерді сақтау, сол арқылы елді сақтау, елді сақтау елдің болмысы мен мүддесін қорғау. Түркі қағаны былай деп жазып кеткен: «Тәңірі жа­рылқаған үшін өзімнің құтым бары үшін қаған /болып/ отырдым. 
Қаған болып /ештеңесі/ жоқ жарлы ха­лықты бай қылдым, аз халықты көп қыл­дым.... Түрк бектері, халқы, бұны естің. Түркі халқын жиып, ел өткеніңді мұнда айттым. Жаңылып кешкеніңді және сондай айттым. 
Айтар сөзім болса, мәңгі тасқа жаздым. Бұған қарап біліп түркінің ендігі халқының бектері!...». Түркі қағандарының ұғымында ел басқару ісі жаратушы әмірімен берілетін қасиет, сондықтанда тұлғаның ұлт алдындағы басты парызы мемлекет өрісін кеңейту, соған жағдай жасай білу. 
Адами сананың мәні адамның өзінің тұлғалану негізін қалыптастырып, сақ­тап отыру қажеттілігінде. Әр адамның аталық тегі, ұлттық негізге бағынады. Ұлт­тық негіз ол ұлттың биологиялық та­би­­ғаты, болмыстың рухани өрісі арқылы қалыптасатын және ұлттың сақталуын қаматасыз ететін өмір сүру тәжірибелерінің, дү­ние­танымдық білімдердің жиынтығы. Ел үшін жаратылатын, халықтың игі­лігін әкеліп (орнына келтіріп), халық­тың мерейіне бөленген тұлғаны келер ұр­пақтың дұрыс құрметтей білуі сана­лы­лық ұғымымен пара пар. Тарихи дүние­лерден бай­қап отырғанымыздай, қаған билік иесі, ұлттың қалыптасуын, қалыптасқан ұлттың мүддесін сақтап, соның тарихи жолын қалып­тастырушы адам. Түркі қағандарының та­рихтағы бейнесі даналық пен батырлықтың күшін қатар меңгеріп, оның қасиетін, рухын, бір сөзбен айтсақ білімін үйлестірудің үлгісін халқына, ұрпаққа көрсетуші. Күлтегін жазбаларындағы идеяның мазмұны осы ойымызды нақтылай түспек. Көшпелі тұрмыс пен отырықшылық тұрмыстың тәжірибесін үйлестіріп, сол алқылы ел тұрмысының өрісін кеңейтіп отырған түркі-қазақ жұртының идеясы бойынша атадан қалатын мирас өмір сүру­дің мұрасы ғана емес, ұлттың өмірін сақтайтын, сол арқылы ұрпақтың өмір сүруіне тірек болатын ұлттың мүддесін қорғайтын дүние. Оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін тарихтың идеясы. Тарихтың идеясы – деге­німіз мемлекетті басқарған, мемлекет мүд­десін қорғаған, өзі өмір сүріп отырған дәуірде адами құндылықтардың өсуіне мүмкіндік беретін рухани қасиет үлгілерін қалыптастыра білген ұлт тұлғаларының рухани және тәжірибелік қызметінің өнімі. «Төрт бұрыштың бәрі жау еді – деп жазылған Күлтегін ескерткішінде. – Әскер жүргізіп, төрт бұрыштағы халықты көп алған, бәрін бибіт қылған. Бастыны жүгіндірген, тізеліні бүктірген. Ілгері Қадырқан қойнауына дейін, кері темір қақпаға дейін қондырған. 
Екі арадағы қарусыз көп түркілерді осылай қоныстандырған екен. Білге қаған еді, алып қаған еді. Бұйрықтары да білгір еді, өздері алып болған екен». 
Түркілер өмір сүрген дәуір нағыз тарихи уақыт. Тарихи уақыттың ең басты белгісі бұл уақытта ғылыммен техниканың күшімен емес, ақыл мен білек күші қатар жұмсалады, алға қойған мақсат, мем­ле­кет­тің саясаты ұлы тұлғалардың да­на­лығымен, нағыз батырлық рухымен жүзеге отырған. Тарихи уақыттың терең талабымен биікке жету түркі батырларының феноменін ай­қындайтын қасиет. Түркі тұлғалары іс­кер­ліктің мәнін тарихта қалдырды, олар күш-жігердің рухымен елді бағындырып, ұлт­тың өсімін, даму жолын қалыптастыра білді. Тарихтың табиғи заңдылықтарына қарайтын болсақ, адамзаттық әлемнің өрі­сіндегі ұлттың қалыптасуы мен тұл­ғалануының бас­тауын­дағы қайшы­лық­­тар нағыз тұлға­лықтың дара фено­мендерімен шешіліп отырған. Бұл тарих пен табиғат заңы негізінде туындайтын этномәдени дамудың негізі. Бұдан та­рихтың дара тұлғаларды шығарып отыратын заңының негізіндегі әділеттілік ұғымының негізгі өлшемін табуымызға болады. Түркі халқының философиясы мәдениеттің, тарихтың, өнердің, адам мен қоғам философиясының басын біріктіретін даналықтың өрісіне айналды. Қанша уақыт ілгері жылжыса да, өркениеттің ошағы деген идеяға айналған батыстың өзі қоғамның рухы мен ішкі қуатын сақтайтын даналықты осы түркі жұртының мұраларынан іздейтіні анық. Себебі, қоғамның ішкі қуатын ұзақ сақтайтын нәрсе ол таза тарихтың табиғи заңымен қалыптасатын құндылықтар. 
Түркі халқының болмысының берік, мем­лекетінің қуатты болуы, бүгінгі қазақ жеріндегі қала мәдениетінің қалыптасуы, қо­ғам­ның дамуына бірден бір себеп болатын шаруашылық түрлерін дамыту, пайдалы қазбаларды өз деңгейінде игеруі оның дербес философиясының ерте кезде қалып­тасқандығының көрінісі. 
ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда өмір сүрген Еуропа ғалымдары қоғам дамуының жолында ғылым мен таным проблемаларын жолға қойған. Олардың мақсаты осы әлемнің ғана емес, адамның рухани әлемінің картинасын жасау арқылы білімнің даму заңдылықтарын айқындау, сол арқылы сана мен ойдың, рух­тың табиғатын ашу. Түркілердің тарихына көз жүгіртсек, оның тарихынан сана мен ақыл ойдың, рухтың белгілі бір деңгейде мемлекет саясатының дамуына ықпал етіп отырғандығын байқаймыз, түркілер рух мүмкіндігіне ерте ие болған жұрт. Адам жаратылысынан берілетін қабі­леттіліктің рухын танып оның көзін ашып отыру түркілерден бастап жалғасып отырған тектіліктің (тұлғалықтың) негізгі заңы. Ата­ның ұрпаққа берер байлығы ақыл, білім, тәрбие. Осы үшеуінсіз мемлекеттің мүддесін қорғау мүмкін емес. Өсиет пен өнеге арқылы өрілетін тарих, мәдениет, ғылым ата тарихымызда осы идеяны негіздейді: «Бектері және халқы түзу еді. Сол үшін елін сонша білген екен. Елді ұстап заңды жасаған. Өздері ажалдарынан қаза болған» – делінген көне түркі мұраларында. Қағандық ел үшін қасиетті ұғым, себебі онда халықтың тағдыры бар. Қағанның ел туралы түсінігі, ел үшін ат­қаратын істері, ойы, танымы бұл тарихи өмір талабы негізінде идеяға айналып, халықты мемлекеттің тәуелсіздігін қорғауға жетелеп отырады. Сол себептен қаған билігі және осы биліктің жүзеге асырудағы оның даналығы халықтың тағдырын шешетін нәрсе. Қазақ билерінің ұлт тұлғасының халық алдындағы жауапкершілігіне қатысты айтқан мағыналы сөздері,  ұлтымыздың ата тарихынан бастау алса керек, «ханы қыли елдің халқы соқыр, батыры ессіз, биі парақор елді, жау түгіл жолаушы тонар» – делінген билер даналығында. Шыныменде түркілердің ұлттық идеясы мемлекетті нығайтуға негізделіп отырды, оның ішінде негізгі мәселе қаған мен бектердің, батырлардың рухын сақтау болған. Бұны ескі түркі жазбаларынан да байқаймыз: «...Інісі ағасындай болмады, ұлы әкесіндей болмады. Біліксіз қаған отырған екен. Бұйрығы және біліксіз екен. Бәрі де теріс болған екен. 
Бектерінің халықтарының түзу емес­тігі үшін, табғаш халқының алдауына илан­ғаны үшін, өтірігіне көнгендігі үшін, інілі-ағаларының дауласқанынан. Бекті халықтың жауласқанынан түркі халқы елдігінен айрылды. Қағандығынан айрылды. Табғаш халқына бек ұлдары құл болды. Сұлу қыздары күң болды. Түркі бектері түркі атын тастап, табғаш бектердің табғаш атын ұстап, табғаш қағанға бағынды. Елу жыл (күшін-ісін) күш жігерін жұмсады». 
Мемлекеттің беріктігі, қоғамның ішкі қуаты, ел мәдениетінің рухани өрісі ха­лықтың тәрбиесіне байланысты. Түркі­лердің тәуелсіз ел болуына ықпал еткенде осы ұлттық тәрбие. «Отан», «ел», «ұрпақ», «отбасы» – деген түсінік түркі халқының тарихи өмірінде ғана емес, қарапайым руха­ни бейбіт өмірінде де ерекше түсінік бол­ғандығын тарих көрсетіп отыр. Тарих бар жерде мемлекеттің өркендеуі, құлдырау кезеңі болады. Мемлекет тұлғасы да мәңгі болмауы мүмкін, мемлекет басына келетін адамда да кемшілік болады. Түркілердің дәстүріндегі мемлекет алдында жүретін зиялылардың бас­ты парызы мемлекет билігі жүйесінде орын алып отыратын кемшіліктерді тез жою, оның қайталанбауына мүмкіндік жасау. Күлтегін жазбаларындағы қағандар тарихының мәні осыны көрсетеді: «Күллі түркі қара халқы былай дейді: Елді халық едім, елім енді қайда?! Кімге елдік жасаймын?» – десті. «Қағанды халық еді, қағаным қайда?! Қай қағанға күш қуатымды берермін?! –десті. Осылай деп табғаш қағанға жау болды. Күлтегін жырында Табғаштардың саясаты мен идеологиясының күшті келетіндігін, олардың өздерінің тарихы мен ұлттық стратегиясына берік келетіндігін, мемлекет мақсатын идеология арқылы жүзеге асыратындығын ұрпаққа өсиет еткен. Ұлттық идея әр адамның ұлт­тық санасымен, ұлттық рухымен келе­тін нәрсе. Ұлттық сана дегеніміз - адамның жан әлемінің бойында тәрбиемен оянатын, адамның жан әлемінде жатқан ерек­ше қасиеттерді оятатын, адамды игі жолға бастап, оның болашағына қызмет ете­тін құндылықтарға адамды жетелейтін танымның ерекше құбылысы. Саналы ой, саналы түсінік, адамның санамен бойындағы бар қасиеттерді жинақтап отыруының өзі рух. Ұлттық рух дегеніміз ұлт игілігіне қыз­мет ететін, жоғарғы деңгейге жеткен адам танымының, адамның рухани қызметінің, санасының жиынтығы. Түркі жұртының тұл­ғалану қасиеті оның ұлттық рухының да бет бейнесін көрсетеді. Мемлекеттің тарихын біліп, оның білімін ұғып елдікті ойлап отыру, елдік пен атқарылатын істі қадірлей білу, өзінің ұлттың өкілі екендігін ұғынып, өз болашағын ұлттың болашағы деп түсіну, елдің тәуелсіздігіне қызмет етудің жолын сақтап, қасиетін насихаттау тарихта түркі халқының бойына сіңген қасиет болды. 
Халықтың ұлттық рухы бар жерде мем­ле­кеттің рухы басым, мемлекеттің рухы ха­лықтың мемлекеттік санасының тереңдігі, мемлекет мүддесіне сауатты қарай білуі. Бұл мемлекет басшысы мен мемлекетті, мемлекет пен халықты бір арнаға бағыттап, қызметін біріктіріп отыратын нәрсе. Сондықтанда, түркі-қазақ халқының руханиятында мемлекет тұлғаларының қызметі халыққа ашық көрініп, айқын жеткізіліп, оған халық өз бағасын беріп отырған. Түркілер мемлекет тұлғаларын қасиетті санаған, солардың қасиетінен рухани әсер алып халық рухтанған. «Қағанды халық еді, қағаным қайда?! Қай қағанға күш қуатымды берермін?!» – деген түсінік осыдан қалса керек. 
Түркілердің бойынан табылатын ерекше қасиеттердің бірі ел басқарған тұлғаларына жөн сілтеп, өз рухымен мемлекеттің рухын сақтап отыратындығы. Әр адамның көкі­регіндегі елшіл­дік қасиет, оның өзінің ғана емес халқының, тілі мен тарихының, ділінің жойылмауына ықпал етіп отырған. Қазақта жиі айтылатын, «дініне беріктік» - деген қанатты сөз осылайша көнеден келген. Басқа елге бағынса да, ел тәуелсіздігі деген ұғымнан қол үзбейтін халықтың рухы ата тарихымыздың бойында жатыр. 

Үмбетхан Сәрсембин, 
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты

31 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Қазақстанның болашағы алда
Келесі мақала Академик Рахманқұл БЕРДІБАЙ: «Бiзге тайпалық емес, ұлттық сана керек!»

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

AQIQAT №8

29 Тамыз, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы