• Заманхат
  • 22 Мамыр, 2012

АШЫҚ ХАТ

(Қазақ тілін мекемелерде жүргізу туралы) Қазақстанның губерниялық әм уездік совет комитеттерінің төрағаларына. Қазақстанның мекемелерінде қазақ тілін жүргізуге екпіндеп кірісіп жатырмыз. Бірақ, бұл істі көңілдегідей қылып, тез бітіріп тастауға болмайды. «Қазақ тілін жүргізу керек...» деп құр бұйрық жазып қана қоюмен іс бітпейді. Бұл істі жүргізу жолында көп бөгет бар. Кей қызметтегі адамдар сыртынан: «Ия, әбден қазақ тілін кіргізу керек...» десе де, бұл іске шындап күш жұмсамайды. Кей қызметтегі адам «қазақ тілін жүргізуге не қылып жатырсың?» десең, «ақша керек, ақша...» дейді. Ал, кейбір қызметтегі адамға: «қазақ тілін неге кіргізбейсің» десең. – Қазақша әм орысша жазуды жақсы білетін кісі бол­са екен, сонда казақ тілін кіргізер едік. Мен қазақ тілін кіргізуге құ­мар­ақпын, бірақ, іс білетін қазақ жоқ, бір іс біле­тін қазақ тауып берсеңші... – дейді. Қысқасы, сылтаудың саны жоқ: Сөйлесе кет­­сең, қызмет басқарып отырған адам­дардың, мекемені билеп отырған адам­дардың ешбірі қазақ тілін мекемеге кіргіз­беймін дейтіні жоқ. Бірақ, бір азғантай жерлерде ғана болмаса, қазақ тілі әлі де қазақтың өз аузында. Кей жерлерде қазақ тілін кеңсеге кіргізбек түгіл, қазақ азаматы аузын ашатын емес. Тіл – жұмылған ауыздың ішінде. Рас, шынында бұл істің өзі оңай да емес. Бірақ, қазіргі Қазақстанда әрбір мекемеде қызмет қылып жүрген азаматтар әм қызметтен тыс адамдар. Жалпы, жұмыла бұл іске кіріссе, бұрынғы патшалардың замандарынан бері жұмылған ауызда буылып келген қазақ тілі Совет мекемесіне кіруі хақ. Жалпы, жігер керек, жалпы, ынта керек. Коммунист партиясы әм Совет үкіметі азаматтарды осыған шақырып отыр. Біздің, қазақ коммунистерінің кейбі­реулері қазақ тілі туралы қатты кірісуге: «біреу ұлтшыл деп айтады...» деп бой тартады. Бірақ, ол қулық, бұл коммунистік қылық емес, ол жарамсақтық, жағымпаздық, Коммунистік партиясының Орталық Коми­теті бұл туралы соқырға таяқ ұстат­қандай айдан ашық айтып отыр. Сол тәрізді бұл іс көп бөгеттерге, көп кесірлерге ұшырап отыр да. Оның біреуі мынау: Кейбір сасық, жалмауыз демагог өзін «жақсы коммунист екен...» деп айтсын деп, қазақ тілін кіргіземін деп жүрген бел­­сенді адамдарды: «анау ұлтшыл!..», «мынау ұлтшыл!» дер. Бірақ, ондай сасық, демагогтар Коммунист партиясының Орталык Комитетін «ұлтшыл» деп айта алмас. Олардың мақсаты белгілі. Енді менің сіздерден сұрайтыным мынау: Әр губерниядағы, әр ұядағы қазақша, орысша жазу білетін адамдардың тез есебін алыңыздар. Әм қандай адам қандай қыз­метке жарайтынын анықтаңыздар. Және олардың әрқайсысының жасы нешеде, білімі қанша екенін анықтаңыздар. Қазақ тілін шындап кеңсеге кіргізу ре­тінде 3-4 мың қазақша жазуды жақсы білетін кеңсе істерін тәуір білетін әм орыс­ша білетін адамдар керек. Тез, шындап іздесе бұлар табылады. Бірақ, сонша адам табылғанша қазақ тілін кеңсе істеріне кіргізу жұмысын тоқтатып қоймай, үсті-үстіне істей беру керек. Жоғарғы қазақша, орысша жазу білетін адамдардың тиісті анықтамалары мен тізімдерін мұнда бізге жіберіңіздер. Бұлардың ішінен ең алдымен жастарды қызметке салу керек. Өйткені, Николайдың заманында отаршылдыққа бойұсынып қалғандардың көбі орысша жазуды жақсы білсе де, қазақшаны білмейді. Міне, осыған тығыз кірісулеріңізді өтінемін. Қазақ тілін сіздер төменнен жоғары қарай жүргізіңіздер. Біз жоғарыдан төмен қарай жүргізейік. Міне, сонда ғана қазақ кедейлері өз тілінде жазылған бұйрық, жарлық, декрет, закондерді, жобаларды, нұсқаларды яки өзі оқып, яки тыңдап, өз мұңын өз тілінде айтып, қатарға кіре алады! Істеріңізді күтеміз. Жолдастарыңыз Сәкен. 1924.

471 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз