• Заманхат
  • 01 Ақпан, 2016

ОРЫС МИССИОНЕРЛІГІ

Мұстафа ШОҚАЙ

Мамыр айының соңғы күндері Алматыда Қазақстан оқу-ағарту жұмысшыларының құрылтайы болып өтті. Бұл құрылтай 4 қазанда өтетін Кеңестік Қазақстан Республикасының 15 жылдық мерекесіне орай «пролетарлық мәдениет саясатының табыстарын» әзір­леу мақ­сатында шақырылған болатын. Құрыл­тай­да ұшы-қиыры жоқ сөздер сөйленді. Біз бұл арада большевик мылжыңдардың бар­лық сөздеріне егжей-тегжейлі тоқталып отырмаймыз.

Басынан аяғына дейін мақтау, марапаттауға толы осы көпірме сөздер арасынан «өзін-өзі сынаған» дауыстар да естілмей қал­ған жоқ. Алайда дауыс көтеруге батылдық еткен осы «батырларыңыз», сайып келгенде, кінәнің бәрін не көне қазақ ұлтшылдарына немесе ақымақ қырт Голощекин басқарған көне партия басқармасына артумен тынды. Айсаұлы Ораз, Құрамысұлы Ізмұқан және Жүргенұлы    Темірбек тәрізді «қызыл сәуріктердің» бәрі де сол ақымақ Голощекиннің қасында жүріп есейгендер екенін  большевиктер естерінен шығарып алған тәрізді. Олардың бәрі де Голощекиннің саясында жүріп Түркістан даласының қызыл «жетекшілері», «жолбасшылары» деген атақ­қа ие болғандар еді. Олай болса Голощекин өт­кізген қылмыстардың бір бөлігі оларға да тән. Осыған қарамастан бұл адамдардың комис­сарлық және басқа да жауапты орында отырған күйі қала беруін Қазақстандағы орыс пролетариаты диктатурасының оларды «өз адамы» деп есептеуімен ғана түсіндіруге болады.
Енді Қазақстан Оқу-ағарту комиссары Жүрген­ұлының сөзіне азырақ аялдап өтеміз. Жүргенұлы өз сөзінде «түрі – ұлттық, мазмұны – пролетарлық» мәдениет саясатының соңғы жылдардағы табыстарын  көрсетуге   барынша тырысып баққан. Сөй­ле­ген шешендер арасында Қазақстанның көне ұлт­тық кадрларына бәрінен көп жала жапқан да сол Жүргенұлы болып шықты. Большевиктер дәурен сүріп тұрған кезде ұлтшылдарды қаралаудан басқа тағы қандай мәдениет болушы еді?! Ол Сталинді мақтап, марапаттаумен тынбай, Мирзоянның күсті табанын да рахаттана жалады. Иә, үлкенді-кішілі большевиктік «пұттардың» алдында бас иіп, тізе бүгуден басқа «социалист пролетарлардың» мәдениеті болды ма өзі?! Ең қызығы - Қазақстан Оқу-ағарту комиссары қазақ оқу-ағарту жұмысшылары алдында алдымен орысша сөйлеп, артынша онысын қазақшаға жығылып-сүрініп тәржімелеген болды.
Ұлттық мәдениеттің соңғы кездегі жай-күйін, табыстарының деңгейін және Түркістанның бір үлкен бөлігінде оқу-ағарту істерін басқару үшін орыс большевиктері тарапынан тағайындалған адамның қадір-қасиетін білу үшін осы айтылған­дардың өзі-ақ жеткілікті болар?!
Жүргенұлы сөзіндегі қазақ ұлтшылдарына жала жабылған тұстарын алып көрейік. Ол алдымен Әлихан Бөкейханға жала жабудан бас­тайды. Оның сөзіне қарағанда (өткен жылдың жазында Сталин Мирзоянға Әлихан туралы былай депті) – 1919 жылы Әлихан Сталиннің қасына келіп: «Қазақ халқы жойылып кетуге тиіс халық», – депті-мыс. Сталиннің: «Сіз неге олай деп ойлайсыз?» – деген сұрауына Әли­хан Бөкейхан: «Өйткені бұл халықтың сөз­дік қорында орыстардың «движение» деген ұғы­мын жеткізіп бере алатын сөз де жоқ», – депті-мыс.
Әлиханды аз да болса білетін кез келген адамға мұндай сөздердің қып-қызыл жалған­дығына көз жеткізу тіпті де қиынға түспейді. Әлихан ғана емес, мұндай сөз жалпы есі дұрыс түркістандықтардың аузынан шыға қоймайды. Олай болатын себебі, біріншіден, орыс тіліндегі «движение» (әрекет) қазақ тілінде – қимыл. Мұ­ны қазақшаны білетіндердің бәрі біледі. Екін­шіден, егер Әлихан өз халқы туралы шынымен Жүргенұлы айтқандай пікірде болса, онда ол бірінші орыс төңкерісінен - 1905 жылдан бастап бұл халықтың ұлттық төңкерісінің басында тұрмаған болар еді. Үшіншіден, Қазақ ұлттық партиясы «Алаштың» негізін1 қалаған, Алаш бағдарламасының авторы болған, Алашорда үкіметін басқарған Әлиханның аузынан мұндай сөздің шығуы, тіпті, қалай десе де ақылға сыймайды.
Өйткені, кез келген халық үшін айтқанда, саяси партия дегеніміз – сол халықтың саяси қимылы (әрекеті) және оның өмірі мен болашағының бағыт-бағдарын таңдауы болып табылады. Төртіншіден, Әлихандай саналы адам бірді-екілі атаулы сөздердің бір халықтың ішінде болу-болмауы сол халықтың болашағын айқындай алмайтынын жақсы біледі. Мәселен, «Төңкеріс», «Со­циализм», «Пролетар», «Диктатура» және осылар тәрізді бұл күнде большевиктер үшін «аса қасиетті» болып отырған басқа да толып жатқан сөздер орыс тілінің сөздік қорында да атымен жоқ. Бірақ, соған қарамастан Ресейде пролетариат диктатурасы орнады. Және социализм де өмір сүріп отыр.
Әлихан басқаша айтқан. Әлихан Сталинге қа­зақ халқында «пролетарлық қозғалыс жоқ қазақ далаларында орыс пролетариат дикта­ту­расының орнауы қазақ халқын апатқа душар етеді» деген. Біз мұны өте жақсы білеміз. Әлиханның Сталинге бұлай дейтін жөні де бар еді. 1919 жылды еске түсіріп көріңізші. «Москва правдасының» мәліметі бойынша (№ 133, 20. 06. 1920 жыл) «1919 жылы 1 миллиондай қыр­ғыз (қазақ) қырылып кетті». Ол аз десеңіз, Түр­кістан ұлтшылдарына жала жабуда алдына жан салмай келе жатқан Рысқұлұлы Тұрардың мәліметіне назар аударыңыз. Тұрардың сөзі­не қарағанда, 1919 жылы «Түркістандағы көш­пен­ділердің (яғни, қазақ-қырғыздардың) үш­тен бірі қырылып кеткен». Тұрар Түркістан кеңестерінің 7-құрылтайында жасаған баяндамасында: (1919 жыл, наурыз) «Кейбіреулер, яғни, орыс большевиктері Кеңес өкіметін Түр­кіс­танда бұқара халықтың сүйектері үстіне қы­руды армандап отырғанын» айтады. Біз Тұ­рардың бұл сөздерін оның Кеңес өкіметі басып шығарған «Төңкеріс және Түркістанның жергі­лікті халқы» атты кітабынан (77-78-беттер) алып отырмыз.
Рысқұлов сонымен қатар Түркістанда Қа­зан төңкерісінің беделді басшылары арасында «маркстік тұрғыдан экономикасы әлсіз қазақ-қырғыздардың жойылып кетуге тиіс еке­нін» тео­риялық жақтан негіздеуге тырысып баққан­дардың болғанын да тілге тиек етеді (Жоғарыда аты аталған кітаптың 12-бетін қараңыз).
Әлихан осылардың бәрін өз көзімен көрді. Ол өз халқына жат пролетариат қозғалысы мен пролетариат диктатурасының кесір-кесапатын жұрттың бәрі­нен бұрын сезді, түсінді. Ол Сталинге өзінің осы көрген-білгендерін батыл да ашық айтқан бола­тын.
Одан бері көп жылдар өтті. Сталиннің енді 1934 жылы Әлиханмен болған сұхбатын еске ал­ған­сып, Мирзоянға айтқандары бүкілдей жалған Сталин мен Мирзоянның арасынан ақиқат жасамақ болып Қазақстан Оқу-ағарту жұмысшыларының құрыл­тайында арам терге түскен Жүргенұлының надандығында шек жоқ десе де болады.

* * *
Жүргенұлы Темірбек патшалық Ресей мәде­ниетінің ықпалы туралы айта келіп, миссио­нерлік міндет атқарғандар, яғни, қазақтар арасына христиан дінін таратқандар арасында тілмаштардың да болғанына тоқталды.
Рас, миссионерлік пен тілмаштық мәселесі Түркістандағы «орыс мәдениетінің» ең бір айқын көріністері еді. Сондай-ақ бұлар біздің атамекенімізде орыс отаршылдығының жаңа дәуірдегі сипатын да көрсетеді. Жүргенұлы «қа­зақтар арасына таралған миссионерлік мә­дениет жемісінің мысалы ретінде Шоқан Уә­лихановты» келтіреді. Бұл өте дұрыс. Сон­дықтан біздің ұлттық жол бастаушыларымыз одан өздерін аулақ ұстайтын2. Ал енді өзінің Қазақстандағы жұмысын қазақтар арасына христиан дінін таратудан бастаған Әліби Жан­гелдинді (христиандық аты – Иван Александрович Степанов) дала уәлаятына комиссар етіп та­ғайындаған Кеңес өкіметі туралы не айтуға болады? Миссионер, шоқынған Жангелдин бүгінде Қазақстан Орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары.
Асылында, халық арасына тек дін таратушы ғана емес, жат мәдеииет таратушылар да миссио­нерлер болып саналады. Міне, бұл тұрғыдан келгенде Жүргенұлы Темірбекте және Мәскеудің сол тектес басқа агенттері де – миссионерлер. Олай болса тілмаштар туралы айтудың өзі артық. Жүр­генұлы, Айсаұлы, Құлымбетұлы қатарлы боль­шевиктердің қазақ арасынан шыққан көрнекті өкіл­дерін Тоғжанұлы Ғаббас өзінің мақалаларында тілмашқа балаған жоқ па еді?! Қазақстан Оқу-ағарту комиссары қазақ жұмысшылары бас қосқан жиналыста алдымен орысша сөйлеп, артынан өзін-өзі қазақшаға аударып арамтерге түскенін көрген жандарға оның патшалық Ресейдегі тілмаштарды сынап-мінеген сөздері әсер ете қояр ма екен?!

Мұстафа Шоқай,
«Жас түркістан»
1935 ж., №70

1. Жүргенұлы сөзінің орысшасы «Казахстанская правданың» 05.06.1935 жылғы санында жа­рияланды. Қазақ тіліндегісі үш күн өткен соң «Социалды Қазақстанның» 08.06.1935 жылғы са­нында басылды.
2. (Түркістандағы бүгінгі орыс большевик миссионерлерінен Шоқан Уәлихановтың бір ар­тық­шылығы бар еді. Ш. Уәлиханов генерал Чер­ня­ев­­тың жанында әскери қызмет атқарғаны әмбе­ге аян. Григорий Потанин: «Бішкекті және Әулие­атаны алу кезінде орыс әскерлері тарапынан Шоқанның діндестеріне, руластарына, яғни қазақ-қырғыздарға жасалған айуандық, қаті­гездіктері оны қатты күйзелтті. Ол енді өзінің соғыс қимылдарына қатыса алмайтынын сезді. Черняевтен айрылды да Алматыға қай­­тып, Құл­жа маңында қоныс тепкен Тезек сұлтанның аулына барды», – деп жазады. Потанин Шоқан ту­­ралы естелігін жалғастыра ке­ліп: «Шоқан ең алдымен өзінің қазақ-қырғызын сүйе­ті­нін, онан соң Сібірияны, одан кейін Ресейді, одан кейін бүкіл адамзатты сүйетінін айтушы еді Шоқан деп, – еске алады Потанин одан ары осы естелігінде, – орыс қазақтарды жәбірлесе, мен орыстарға қарсы көтерілемін. Ал, француздар орыстарды жәбірлесе, менің бүйрегім орыс­тарға бұрады дейтін». (Потаниннің «Шоқан Уәли­хановтың өмірбаяны туралы мәліметтер» деген шы­ғар­масын қараңыз).
Ал, енді Жүргенұлы мен сол тектестерге келсек, олар өз халқын Шоқанша сүйе алар ма? Олар өз халқына жәбір-жапа көрсетіп отырған орыс­тарға қарсы көтерілу былай тұрсын, бетіне тура қараудан да именеді. Шоқан Уәлиханов шынында орыс мәдениеті мен орыс билігінің мис­сио­нері еді. Бірақ ол орыстардың өз халқына істеген хайуандығын көргенде оларға қарсы шығуға ба­тылдық ете алды. Шоқан Уәлихановты сынауға тек біздің ғана құқымыз бар. Ал, өздері орыс большевизмі мен орыс диктатурасының миссио­нері болып отырғандардың құқы жоқ).

299 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз