• Заманхат
  • 26 Ақпан, 2016

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасын заманауи оқыту жүйесіне енгізу (Ғалым-реформатордың қазақ тіл білімі мен әдебиеттану еңбектері негізінде)

Ахмет  Байтұрсынұлы. Бұл есімді біл­мейтіндер некен-саяқ болар. Өйткені, бұл кез­де мемлекеттік мәртебеге ие болған Ұлт тілі туралы сөйлесек, Ахметтің ардақты есімі қатар айтылады. Оны айтпасқа құқымыз жоқ. Себебі, қазақ ұлтының ана тіліне ғылыми жүйеде түрен салып, негізін қалаған, айдай әлемге танытқан да Ахмет! Жиырмасыншы ғасыр басында ел мүддесі үшін күрескен тұлғаны замандастары «қазақ халқының көсемі», «ұлтымыздың ар-ожданы» деп ұлықтап, есімін тура атамай, «қазақтың Ахаңы» деп дәріптеген. Ахаңның аяулы есімін жылдар бойы айтқызбай келген Кеңестік жүйенің коммунистік партиясы «бір уақыттары өзі даттаған ұлын, 1988-жылы қараша айының 4-і күні өзі ресми ақтады». Он бес республиканы ұршықша иірген Кеңес Одағы соңыра қоғаммен қош айтысуға мұршасы келмей, өзі келмеске кетті... «Дүние – кезек» деген осы болар, сірә! 


ХХ-ғасыр басында ұлт жұмысын арымен атқарған Ахметтей данагөйден қалған мұра, артындағы қазақ деген ұрпағына мәңгі азық боларын кім білген?! Қазақ ұлтының ғана емес, бүкіл түркі жұртының мақтанышына айналған Ахмет Байтұрсынұлының шығар­машылық мұрасына ғылыми тұрғыдан зерттеу жүргізу – ұлт тіліне мәртебе алған тарихи кезеңмен тұспа-тұс, бірге келді. Мүмкін, бұл кездейсоқтық та болар. Дегенмен, ғажап үндестік. Ұлтының жері мен елінің дербестігі, тілі мен тіні, діні мен ділі үшін «малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деген толағай тұлға халқымен қайта қауышты! Елі­міздің тәуелсіздігімен бірге Ахметтің екінші, мәңгілік өмірі басталды. Ұлт ұстазының 50 жылдық мерейтойында замандас әрі рухани інісі Мұхтар Әуезов: «...қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайратын біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайды. Ахаңның қызметі қазақтың ұзын-ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет. Істеген ісімен өзіне орнатылған ескерткіші – мәңгілік ескерткіш» деген екен. Заманымыздың заңғар жазушысын көреген, тіпті көріпкел ме дерсіз!
Ақиқатында, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымы саласында ұлт тілін «пән» ретінде үкілеп, оны оқытуды ғылыми жүйеде қалыптастыруды негіздеуші – Ахмет Байтұрсынұлы. Жалпы, қазақ тілі мен әдебиетін оқытуда Алаш зиялыларының: Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел Досмұхамедұлы, Телжан Шонанұлы, Қошке Кемеңгерұлы т.т. қазақ тілі мен әдебиетін дамытып, оқытып-үйретудегі көрсеткен негізгі ұстанымдары әлі күнге нақты қолға алынған жоқ. Тек, қазақ тіл білімі мен әдебиеттануды оқыту, меңгерту тақырыбындағы бүгінгі тәуелсіздік кезеңдегі ғалымдар мен әдіс­керлердің өзіндік ой-пікірлерін дамытудағы зерттеу нысаны ретінде қарастырылып келеді. Бұл ғылыми тұрғыдан алғанда қисынды, әрі дұрыс. Дегенмен, мұны өмір тәжірибесінде де қолдана білсек, ол нәтижелі болар еді. Әсіресе, А.Байтұрсынұлының қазақ тілін оқыту, үйрету, дамыту тұрғысындағы «Оқу құралы», «Тіл – құрал», «Методика мәселелері», «Баяншы», «Тіл – жұмсар», «Қай әдіс жақсы» т.б. толып жатқан мұрасын бүгінгі күн талабына сай, жаңартылған үлгіде толығынан пайдалануға әбден болады. Ағартушы-ғалым қазақ тілінің грамматикасы – фонетика, морфология, син­таксис салаларын бүтін бірлікте алып, ұлттық тіл ғылымын жасады. Әлбетте, бұл күні әбден қалыптасқан қазақ тіл білімінің ғылымы аз ғана уақытта қаланған жоқ. Ол талай жылғы, талай майталмандардың көз майы жегілген жұмыстардың нәтижелері арқылы жинақталды. Ғалымның өзі айтқандай, тілдің әуелі грамматикалық ілімін қалыптастырудан, сонан соң грамматикалық құрылымын зерттеп-зерделеуден басталған. Мұны замандастары «Ақаң түрлеген ана тілі», «Ақаң салған әдебиеттегі асыл сөз» деп әспеттесе, бүгінгі тәуелсіздік кезеңнің ғалымдары қазақ тіл біліміндегі «Байтұрсынұлы бастаулары» деп жүр [1].
ХХ-ғасыр басында ғалым түрлеген әліпбидің ұлтты сауаттандырудағы рөлі қандай? Енді осы мәселе төңірегіндегі пайым-танымдарға үңілсек. Тура сол тұстағы қазақ оқымыстыларының алдына қойған ұлы міндеттердің бірі – ол бұдан әрі «Қазақ халқы рухани келбеті, өзіндік бағыт-бағдары бар ел бола ма, жоқ «баяғы жартас бір жартас» деп, бодан қалпында өзінің ұлттық сипатынан айырылып, болмысын жоғалта ма?» деген өзекті мәселе тұрған еді. Осы мақсатта қыруар іс атқарған реформатор-ғалым Ахмет Байтұрсынұлының Қазақ әліпбиін түзіп-түрлеудегі жетістіктерін үзеңгілес замандасы, лингвист-ғалым Құдайберген Жұбанов жоғары бағалаған. Және ол кешегі Кеңес үкіметі кезіндегі «аласапыран» тұста да Қазақ әліпбиін (Байтұрсынұлы емлесін), төл тілін таптатпаған. Қ.Қуанұлы кеңес тұсында ЖОО-да оқыған дәрістерінде Байтұрсынұлы оқулықтарының 1-ші сыныптан жоғары дәрежелі мектептерге (ВУЗ-ға) дейін бәріне де «жарап» жүр. «Тіл – құралымен» оқытуға тыйым салынса да мұғалімдердің оның (А.Байтұрсынұлы) кітаптарын Құрандай қолтықтап, керегін Ахметтен іздейтінін жазды. Қазақ ұлттық ғылымының жетістіктерін Кеңестік идеология бірде ақтап, бірде даттап, сәуегейлік танытып, алаштықтардың артында қалған мұраларын талан-таражға салып үнсіз сіңіріп, талдап-тануда «ала-құлалық» көрсетіп жүргенде, сол жүйедегі жеке басқа табыну саясатынан тайсалмастан сөйлеген Қ.Жұбанов «қара тізімге» ілінген қазақ зиялыларының мұраларына араша түскеніне мұрағаттық деректер куә. Ал, Қазақ әліпбиінің жобасы талқыға түскен тұста Қ.Жұбанов қазақ әрпінің негізгі арқауын араб жазуы­мен байланыс­тыра отырып, қарастырады. Мәселен, «...с 1912 г., когда впервые была выработана эта система и произошла реформа арабского алфавита, по 1930 г., когда арабский алфавит правительственным декретом был изъять, т.е., в течение 18 лет казахские слова писались по этой системе, причем никаких недостатков (...) Надо заметить, что отказ от этой системы приниятем латинского алфавита произошел (...) по нажиму ученого совета вцкна, а не по инициативе Казахстана» деген сөзі қазақтың өз жерінде, өз Отанында отырып әліппе таңдауда еркі болмағанына ашынған ызасын көрсетсе керек [2]. Түркітанушы ғалым Қ.Жұбанов қазақ әліпбиінің қалыптасуын тереңдеп танытуда Ахмет Байтұрсынұлына дейін де түрлі әліпбидің қолданыста болғанын, Ыбы­рай Алтынсарин түзген әліпбидегі кейбір «кемшіліктерді» Ахметтің түзегенін, сөйтіп, ескі әліпбиді қазақы танымға бейімдей отырып, «қосар дыбыстарды жаңадан енгізді» деп, қазақ тіл білімінің қалыптасуы мен даму сатысына сүзгі сараптаулар жасайды. Жаңа әліпбидегі сонылықты құптап, қабылдайды. Мәселен: «...возражение не выдерживают критики, потому что всякие культурное и иное достижение, оставленное нам (...) это наше законное наследие (...). Отказываться от подобного наследия так же глупо (...) мы не откажемся ни от чего, что составляет лучшее творениях предыдущей истории, если оно в наших руках может быть полезно для нас» деген айшығынан, әрбір еңбекті «заңды мұра» деп танығанын, ұрпақ тәрбиесіндегі қажетті құрал санағанын  көреміз [3, 35-б.]. 
Енді, Ахмет Байтұрсынұлы жүйелеген қазақ тіліндегі атау-ұғымдардың дәлдігі мен даралығына үңілсек. Қазақ даласында мектептің негізін салушы Ы.Алтынсарин орыс тіліндегі «Имя существительное» дегенді «Нәрселердің атауы» десе [4, 227-б.], А.Байтұрсынұлы «Зат есім» деп атайды [5, 160-б.]. Ал, «Имя прилагательное», «Имя числительное» деген сөз таптарына Ыбырай «Зат-мақұлықтың қасиеттерінің аттары», «Есеп аттары» деп баламаласа [4, Б. 238, 243], Ахмет «Сын есім», «Сан есім» деген атау-ұғым берді [5, 162-б.]. «Местоимение» деген терминді алғашқы ағартушы «Ақыры өзгерілмейтін сөздер» деп аударса [4, 248-б.], кейінгі әдіскер «Үстеу», «Демеу» дейді [5, Б. 165-166]. Бүгінде бұлар қазақ тілінде қалыптасып кеткен атау-ұғымдарды білдіретін пәнсөздер. Осылайша, қисын-ережелер қалыптасып, алдыңғы буын өкілдері жіберген кемшіліктер кейінгі ұрпақтың түзеп-түрлеуі арқылы қазақ тіл білімі мен әдебиеттануының заңдылықтары дамып жүйеленіп отырған. 
Орыстың тіл зерттеуші ғалымдары төте жазудағы қазақ әліпбиін 1924, 1931 жылдары «Байтурсуновская графика», «Байтурсуновский алфавит» деп атап, түркі елдері арасындағы «ғылыми жүйеленген ірі жетістік» екенін мойындаған. Мәселен, 1931 жылы Мәскеудің «Литературная энциклопедия» жинағына ғалым реформалаған әліпби «Казахский (Байтурсуновский) алфавит» енгізілген [6, 23-б.]. Ал, біздің бүгінгі жетілген қазақ тіліндегі 40 (жуан, жіңішке белгіні есептеу шарт емес) әріптің түп негізі – Ахаң емлесі негізінде қайта жасалғанын ескере бермейміз…А.Байтұрсынұлының «Оқу құралы. Қазақша алифба» оқулығы 1912 жылы Орынборда жарық көрген. Автор «Балалар, бұл жол басы даналыққа» деп басталатын «Тарту» атты ғибратын оқулықтың беташары ретінде ұсынады. Кітаптың әріп үйретер бірінші бетінің үстіңгі оң жағына Құран сөзі: «Би-исми-иллаһи-рахмани-раһим» шырағдандай орналастырылған. Әрі қарай қазақ әріптері рет-ретімен беріледі де, әрбір харіптің тұсына таңбасы және сол таңбаның атауы жазылады. Және төменгі жағына оқытушыға нұсқаулығы қатар ұсынылады. Сонымен бірге, соңына қысқа әрі нұсқа оқушының ұғымына сай, түсінігіне ылайықталған қысқа мәтіндер. Туысқан-туған атаулары; Тұрмысқа қажетті киім, үй саймандары; Ыдыс-аяқ, мал мен хайуандар атаулары және ас-тағамдары; Дене мүшелері т.б. қамтылады. Оқу құралының 2-ші кітабы жалғасты оқулық ретінде толықтырылып, 1913 жылы шықса, «Әліппе – астары» әліппеге жетекші құрал ретінде 1924 жылы жазылған. Оқулықтардың бала сауаттандырудағы қажеттілікті өтеудегі зор қызметіне, оның 1912, 1913, 1914, 1916, 1921, 1922 (2 рет), 1923, 1925 жылдары жиі басылым көруі айғақ. Ағартушының «Тіл – құрал» оқулығы негізінен, үш жылдыққа арналып, әр жылғы сыныптарға жеке-жеке жазылған құрал. Бірінші тіл танытқыш кітап: Дыбыс жүйесі мен түрлері (1914), екіншісі: Сөздің жүйесі мен түрлері (1914-1915),  үшіншісі: Сөйлем жүйесі мен түрлері (1923). Әдіскер ұстаз оқулықтың не себепті үш жылға бөлінгенін түсіндіре отырып, 1-ші жылы оқытылатын бөлім тілдің негізі болғандықтан, оқытушылар алғашқы жылы балаларға харіпті нық үйретулері керектігін ескертеді. Бірінші оқулықта әріптер, буындар, әріп туралы ережелер, қазақ тіліндегі сөздердің тұлғалары оқытылса, жеткілікті екенін айтады. Дүниедегі жұрт тілінің негізі үшке: Түбіршек, жалғамалы, қопармалы болып бөлінетіні, ал, қазақ тілінің қай топқа жататынын әрі оның негізгі ережелерін түсіндіріп береді. Сонымен қатар, қолданылуға тиісті әдіс-тәсілдердің қандай жолмен оқытылуы керектігін өте жеңіл ұғынықты етіп түсіндіреді. Оқулықтың тақырыбы қарапайымнан күрделіге қарай оқыту тәсілі сатылана қолданылып, кітаптың екінші, үшінші жалғасы жазылды. 
1995 жылы Абат Қыдыршаев «Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасы» атты ғылыми зерттеу еңбегінде ағартушы әдіскердің еңбектерінің жазылу тарихы, әліппе мен оқулықтарының әдістемелік негізі, жалпы сипаттамасы жөнінде сараптамалық салыстырмалы талдаулар жасады. Зерттеуші еңбегінде «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тілін оқыту әдістемесі ілімінің іргетасын қалаушы» екендігін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп шығып, ағартушының әдістемелік оқулықтарының бүгінгі қазақ тілін оқыту ісінің негізі әрі сабақтастығын, тарихи тұлға мұрасының өміршеңдігін жазды [8]. Әдіскер ұстаздың «Байаншы» әдістемелік құралы мектеп мұғалімдері үшін жазған нұсқаулығы. Кітап 1920 жылы жарық көрген. Ағартушы-ұстаз өзінің 14 жыл бойы бала оқытқан тәжірибесіне сүйеніп, сол тұстағы заман талабы жаңа оқу жолымен (усул сотие) қалай оқыту керектігіне: «Қазақ тіліндегі дыбыстар һәм олардың жазылу белгілері», «Дыбыспен жаттығу» деген аңдатпалық мағлұмат береді. Мұнан басқа «Тіл – жұмсар» атты екі бөлімнен тұратын әдістемелік көмекші құрал жазған. 1-ші кітап 46 бет (1928), екіншісі 90 бет (1929). Нұсқаулықтың кіріспе орнына берілген «Дәйектемесінде» құралдың қажеттілігі туралы, бұрынғы құралдардан айырмашылығы жаңа жолмен үйретуге ыңғайланып шығарылғанын айтады. Бұл кітаптың басты мақсаты – баланы сауатты сөйлеуге, оқуға, жазуға, жаңа емлені қиындықсыз қабылдауға дағдыландыру. Яғни, сөйлеу, оқу, жазу тілін жұмыс тәжірибесі арқылы таныту, үйрету. Оқулықтың 1-бөлімінде әріптер мен әріп таңбаларын түрлі орында жұмсалатын сөз бен сөйлем белгілерін жаза білуге үйрету болса, 2-бөлімінде осы өткендердің ауқымын кеңейте отырып, пысықтау мен бақылау жұмыстарын қатар атқару қарастырылған. 
Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» зерттеу еңбек туралы әдебиеттанушы-ғалымдар: «ХХ-ғасырдың ба­сын­да әдебиеттану саласында нақты іс ат­қарған, өзгелерге үлгі көрсеткен А.Бай­тұрсынұлы болды» дейді. Бұл еңбектің ұлттық әдебиеттанудың әлемдік ғылымдағы зерттеулерге деңгейлес, әдеби ұғым-түсініктердің тұңғыш рет ұлттық ұғымға лайықталған, арнайы «пән сөздері» жарияланған ғылыми зерттеу екенін айтады. Академик З.Қабдолов ғұламаның әдеби мұрасы хақында «Әдебиет танытқыш» – тұңғыш қазақы трактат, әдебиет теориясының ба­сы» екенін, кітаптың қадірі мен қасиеті, тарихи мәні мен маңызы кешегі кеңес кезінде бұрмаланғанымен, әлем ғалымдары арасында ғылыми тұрғыдан мойындалған ғылыми зерттеу еңбек екендігін ашып жазды, бүгінгі таныммен талдап таратты [8, Б. 70-80; Б. 38-41]. Академик Р.Нұрғали «Күлтегін» баспасынан жарық көрген өзінің «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» атты зерттеуінде: «Әдебиет танытқыштың» қазір Алматыда сақталған кітаптарының соңғы беттері жыртылғандықтан, еңбектің тексті түгел берілмей отыр. Зейін салған кісі аңғарса керек, А.Байтұрсынов былай дейді: «Ұстасу шығармалар қайраткердің түріне қарай үшке бөлінеді: 1) әлектеніс; 2) азаптаныс; 3) әуреленіс. Осылардың біріншісі – әлектеніс пен үшіншісі әуреленіс талданады, ал, екіншісі – азаптаныс жоқ. Сондықтан, сақталған кітап бойынша болашақта «Әде­биет танытқыштың» толық текстін табу міндеті тұр. Тағы бір мәселе әр түрлі жанрлық формаларды талдап болғаннан кейін А. Байтұрсынов әр жерде бұларды нұсқалықтың пәленше нөмірлерінен қара деп ескертеді. Ендеше, «Әдебиет танытқыш» оқулық, оның хрестоматиясы – нұсқалығы да болған ғой. Қазіргі дерек бойынша ол жарияланбаған секілді. Әлде қолжазба күйінде архивтің бірінде жатыр ма? «Мәдениет тарихы» деген еңбек бітіргені белгілі – ол да жоқ. Қайда? Қысқасы, Ахмет Байтұрсыновтың ұлы еңбегі «Әдебиет танытқыш» төңірегінде әлі де көп зерттеулер жүргізу керек» деген толғақты ойын әдебиеттанушы ғалымдарға арнайды [9, 35-б.]. Шындығында, қазақ әде­биеттану ғылымына негіз болған бұл зерттеу еңбек келешекте арнайы кешенді түрде зерт­тейтін өзекті тақырып. Еңбектегі әдеби терминдер бұл күні әбден халықаралық терминдерге бой алдырған әдебиеттану ғылымының сөздік қорын қазақыландыруға септігі тиер еді. Академик Р. Нұрғалиұлы: «Әдебиет танытқыш» әдебиеттанудың әлемдік терминологиялық стандарт деңгейіне көтеріліп, шет сөзді араластырмай, қонымды, ықшамды, бір-бірімен сабақтас, ұйқас, ұялас ұғымдардың тұтас ұлттық қазақы жүйесін жасап берді. Олардың басым көпшілігі автор репрессияға ұшырап, кітаптың тыйым салынғанына қарамастан әдеби тілге кіріп кетті. Интернационализм дегенді желеу етіп, шет тілді зорлап ендіру науқаны тұсында әдебиеттанудың да шұбарланғаны анық. Әрине қазір роман, лирика, драманы ұзақ әңгіме, толғау, айтыс-тартыс деп өзгерту мүмкін болмас, бірақ А.Байтұрсынұлы жасаған бірталай терминдер, сөздер қолдануға сұранып тұр» дейді [9, 36-б.]. 
Ахметтанушы А.Ісімақова «Әдебиет танытқыш» туралы былайша ой саралайды: «Әдебиеттің өз даму заңдылықтары бар екені және олар тікелей саясатқа, идеологияға байланысты емес екені жөніндегі тұжырымдар. Яғни, «сөз өнері» деген термин «халықтың ежелден келе жатқан әдебиеті» деген ұғымды білдіреді. Оны «ауызша», «жазбаша» деп бөлудің өзі ойдан шығарылғанын» айтады. Демек, әдебиеттің ресми жазба түрі бар деп бөліп-жару соцреализмнің ойлап шығарғаны болып шықты: бір әдебиетті жоғарылату үшін екіншісін төмендету керек болғандығын айтады. Зерттеуші  Ахмет Байтұрсынұлының сөз өнері туралы: «...ауызша шығарманы «ауыз сөз» деп қана атап, жазба шығарманы «сыпайы әдебиет» деп танушылар бар. Бірақ, қалай да асыл сөздің бәрі де тілдегі әдебиет есебінде жүріледі» деген қисынын негізге алып, әдебиетті өз қағидалары бойынша түсіндіреді. Яғни, «пәнсөздер» басты міндет атқаруына баса салмақ салып, сонда зерттеу мағыналы болып шығып, зерттеушінің жалпылама көпсөзділіктен бас тартуына әкеледі. Бұл қағида дәлелсіз бос мақтаулардан да сақтандырады» деген қисыны бүгінгі тәуелсіз кезең әдебиетінің де ұстанатын қағидасы болуы шарт деген тұжырым түйеді [10].
Қазіргі филология танымы тұрғысынан қарағанда, «Әдебиет танытқышта» кездесетін кейбір олқылықтар мен қабыспаушылыққа қарамастан, жазылу ұстанымдары, пікір-тұжырымдары, материалдарды жіктеуі, терминдерді жүйелеуі көңіл аударуға тұратынын тілші, әдебиетші ғалымдар мойындайды. Жазылғанына 80 жылдай уақыт өтсе де, еңбектің дәл бүгінгі күн тұрғысынан алғанда да көкейкесті болып отырғандығын ешкім жоққа шығара алмайды. Міне, осы кезеңдерде мерзімді басылымдарда жарияланған әдеби-ғылыми зерттеулердің кәсіби, теориялық талдауларының сапалы болуы «Әдебиет танытқыш» сынды теориялық еңбекпен ауыздануының оң нәтижесін танытса керек. Әдебиетші-ғалым Т.Кәкішұлы «Әр дарынның тарихта өз орны бар» атты мақаласындағы А.Байтұрсынұлының сол жылдары егемендікке ұмтылудың, азаттық алудың бірден-бір жолы оқу мен білім алып, ой-сананы дамытуда екендігін жете ұғынып, оны белгілі дәрежеде «ағымға айналдыруға мұрындық» болғандығына баса көңіл бөледі [11]. Қазақ елінің болашағы үшін қаламымен күрескен қайраткердің қоғамдық белсенді қызметі мен публицистикалық еңбектері, ғылыми зерттеулеріндегі пікірлері ғалымның осындай қорытындыға келуіне негіз болды. «Әдебиет танытқыш» туралы, ондағы атаулар мен терминдердің қазақ әдебиетінің барлық ұғым-түсінігіне сай келетінін айтып, зерттеуші: «...Мұндай еңбек бізде бұған дейін де, бұдан кейін де қайталанған жоқ. Ол – әдебиет теориясы мен әдебиеттану ғылымының міндет-парызын қатар атқарып, біздің алдыңғы ағаларымыздың эстетикалық сауатын ашуға мұрындық болған жүйелі оқулық. Ондағы анықтамалар мен терминдердің өзі күні бүгінге шейін біздің ғылыми арсеналымыздан орын алатын құнды қағидалар мен атаулар. Көркемдік әлеміндегі сөз өнерінің сай-саласын ұғындыратын «Әдебиет танытқыш» – қазақ әдебиеттану ғылымының негізін қалаған өміршең қондырғы-фундамент» деген қорытындыға келеді [11, Б. 102, 210-211]. Әдебиеттанушы Т.Кәкішұлы ғалымды қазақ әдебиеттану ғылымының негізін қалаған зерттеуші ретінде бағалайды. Ол қаламгер еңбектерінен нақты мысалдар келтіре отырып, тарихи деректер негізінде пайымдаулар жасайды. 2000-шы жылы қаламгердің бұрын-соңды ғылыми ортаға таныс емес «Қалам қайраткерлерінің жайынан» деген мақаласын жариялады. Зерттеуші бұл мақаланы көпшілікке таныстырып отырғандағы мақсатын: «…мұндай мұраларды жариялау бізге керек… Кешегісіз бүгін жоқ, бүгінгісіз ертеңнің кірпіші қаланбайды. Ұрпақтар сабақтастығы дегеніміз де, міне, осы» дейді. Әрі осы мақаланың астарынан бәле іздеген өз қандастарымыз, Ахметті партиядан шығарып тынғанынан мағлұмат береді. Десе де, бұл тарихи маңызы зор мақаланың «Ахаңның азаматтығын айқын танытқан, интернационалистерді үркітіп, айғай-шу шығарған, «ұлтшылдықтың манифесі» деген баға береді әдебиеттанушы ғалым Т.Кәкішұлы. Әдебиеттанушы Ж.Смағұлов «Әдебиет танытқыш» туралы: «...Ұлттық әдебиеттану ғылымында ең алғаш жазылған еңбек. Үлкен білімдарлықпен, ғылыми терең дәлдікпен жазылған бұл еңбек екі-үш жылдан соң авторы ұсталып кеткендіктен, көпшілік арасына кеңінен тарап үлгермеді» деп жазады [12]. Және зерттеудің ұлттық әдеби-теориялық ой-пікірдің өсу дәрежесін көрсететін ғылыми мәні соңғы уақытқа дейін дұрыс бағаланбаған. «Әдебиет танытқыштың»  қазақ әдебиеттану ғылымында   алғашқы ғылыми  зерттеу екені  енді ғана  айтылып,  нақты  бағасы беріліп жатыр» деп талдауын әдебиетші-ғалым Р.Нұрғалиев, тілші Р. Сыздықованың ой-тұжырымдарымен таратады. Ж.Сма­ғұ­лов­тың бұл пайымымен келісуге де келіс­пеуге де болады. Келісетініміз: ғалым есімі ақталғаннан бастап, отандық тілші-әдебиетші, көсемсөзші, тарихшы, философ, заңгер т.б. ғалымдардың барлығы дерлік Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығы туралы жаңаша көзқарастарын бүгінгі ұлттық ғылымның танымы тұрғысынан жазды, жазып келеді, жаза да беретіні. Келіспейтініміз: 1919-жылы А.Самойловичтің ғылымтанудағы үрдісі – Ахметке берген қысқаша биографиялық ғылыми сипаттамасы тоқтап қалған жоқ. 1974-жылы орыс зерттеушісі, түрколог-ғалым А.Кононовтың биобиблиографиялық басылымға берген анықтамалығында: «...им же написаны на казахском языке учебники по фонетике, синтаксису и этимологии казахского языка, а также по теории словесности и истории культуры» деген мәліметі кеңес жүйесі кезеңіндегі «Ахметті халық жауы деп, аты аталмай тұрған тұста» айтылған тарихи баға екенін әсте ұмытуға болмайды. Орыс ғалымы А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышын» жеке дара алып қарастырмаса да, анықтамалығында «әдебиет теориясын» жазғанын айтты. Жалпы, «көркем өнер, оның ішінде әдебиеттің барлық болмысы мен бітімін, көркем шығарманың сыры мен сипатын, әдеби дамудың мағынасы мен мәнін анықтау жолында ұлттық әдеби-теориялық ой-пікірді ғылыми бір жүйеге түсірген, әдебиет теориясына ұлттық сипат дарытуда терминдердің қазақша мағынасын тапқан автордың жан-қиярлық еңбегінің жемісі» деп тұжырым жасаған. 
«Әдебиет танытқыш» – қазақ әдебиеттану ғылымының алғашқы іргетасын қалаған қондыр­ғы болғандығы туралы ғылыми зерттеу еңбектер  жазылды. Мәселен, 2007 жылы – Ұ.Еркінбаев «Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет таныт­қышы» ХХ ғасыр басындағы әдебиеттану кон­тек­сінде» [13], 2010 жылы – А.Ойсылбай «Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқы­шындағы» сөз өнері мен поэтика мәселелері» кандидаттық диссертациялар қорғалып, нәтижесінде ғылыми негізде тұжырымдалған ой-танымдар, соны ұсыныстар әде­биеттануға жаңа арна болып қосылды [14]. 
Қорыта айтқанда, Қазақ тілі мен оның асыл сөзін, яғни сөз өнерін пән ретінде ғылыми жүйеде негіздеген ғалым-реформатор, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ғибратын мансұқтап, жетілген тілге бөгде тілдің заңдылығын жөн-жосықсыз жапсырып, шалажансар тосын жаңа­лық ашуды доғаруға міндеттіміз. Қазіргі қазақ тілі мен әдебиетін оқытудағы қолданылып жүрген оқулықтардың көпшілігі «іргетассыз үйлер» сықылды. Үйренуші былай тұрсын, үйре­тушінің өзі түсіндірме сөздіксіз түсінбейтін қондырғы мәтіндерден құралған. Хакім Абай айтқандай: «...Бас басына би болған өңшең қиқым» дегендейін, айналдырған 2-3 жылда оқытушы оқулық авторы болып шығуда. Шындығында, сапасы сын көтермейтін 90 оқулықтан гөрі, Білім министрлігінің арнайы тапсырысы бойынша қоғамда мойындалған тәжірибелі әдіскер-оқытушылар тарапынан жазылған 9 оқулық маңызды болмақ. Ал, министрлік нағыз қазақ тілі мен әдебиетінің нағыз әдіскер-оқытушы ғалымдарының артында қалған нағыз ұлттық мұраларды – жаңашыл оқыту жүйесіндегі заманауи технологияларда қайта жаңғыртуды қолға алып, тиімді қолдана білсе «сөз бұйдаға салынған қазақ тілін» бүгінгі орыстілді дәріс­хана тыңдармандарына ғана емес, барша қазақ­стандықтарға оқытып-үйретуде нәтижеге қол жеткізеріміз анық.  

Райхан  Имаханбет,
Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры, әл-Фариби атындағы ҚазҰУ доценті, филология ғылымдарының 
кандидаты
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Жанпейісов Е. Байтұрсынұлы бастаулары // Тілтаным №2, 2001., Б. 3-13.
2. Жұбанов Қ. Қазақ тілінің ғылыми курсы // Политехникалық мектеп №7-8., 1933., 35-б.
3. Қ.Жұбановтың жеке папкісі. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты. 81-қор, 3-тізбе, 68-ісі 103-105 п/п.
4. Алтынсарин Ы. Таңдамалы шығармалары. – Алматы: Ғылым, 1994.-288 б., Б. 227-248.
5. Байтұрсынұлы А. Оқу құралы. – Орынбор, 1912.-40 б.; Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992.-448 б., Б. 160-166.
6. Поливанов Е. Новая казак-киргизская (Байтурсыновская) орфография // Бюллетень Среднеазиатского государственного университета. Вып.7. – Ташкент, 1924., С.35-43; Казакский (Байтурсынов) алфавит // Литературная энциклопедия. – Москва, 1931., С. 23.
7. Қыдыршаев А. Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасы. – Орал, 1998.-132 б.
8. Қабдолов З. Көзқарас (Талдаулар мен толғаныстар). – Алматы: Рауан, 1996.-256 б.,  Б. 70-80; Қабдолов З. Ахаң ана тілін түрлеуші // Мемлекеттік тіл: бүгіні мен болашағы. – Астана: 1998-256 б., Б. 38-41.
9. Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. – Астана, Күлтегін, 2002.-528 б., Б. 12-35.
10. Ісімақова А. Әдебиеттегі Бахтин мен Байтұрсынұлының үндестігі // Заман Қазақстан, 7 ақпан 1997.
11. Кәкішев Т. Санадағы жаралар. – Алматы: Қазақстан, 1992.-264 б.; Кер заманның кереғар ойлары. – Алматы: Атамұра, 1995. -168 б.
12. Смағұлов Ж. Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы. Монография. – Алматы: Қазақ университеті, 1999.-432 б.
13. Еркінбаев Ұ. Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» ХХ ғасыр басындағы әдебиеттану контексінде. Автореферат. – Алматы, 2007.-26 б.; «Әдебиет танытқыштың» теориялық негізі. Монография. – Алматы, 2008.-136 б.
14. Ойсылбай А. Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышындағы» сөз өнері мен поэтика мәселелері. Автореферат. – Алматы, 2010.-26 б.

7995 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз