• Заманхат
  • 26 Ақпан, 2016

Ата-баба кәсібі әлемдік бәсекеге төтеп бере ала ма?

Ахметбек Нұрсила, өз ісін глобустай дөңгелентіп жүрген кәсіпкер. Өзінен кейін­гілер үшін бизнес-мектептің негізін қалаған ізашар.  «Швабские колбаски» шұжық комбинатының, Павлодардағы жиһаз фабрикасының, Семей тері-тон тігу комбинатының, Үржар ет комбинатының жұмысын жандандырған жан.  Тыңайтқыштар сататын «Пестициды» компаниясының акционері, «Саржайлау» қымыз-шұбат өндірісі компаниясының бас директоры. Қазақ тілді бизнес-тренер. Интернет – аудиторияда өте танымал кәсіпкерді «Ақиқат» журналының оқырмандарымен таныстыруды жөн көріп отырмыз. 


– Еліміздегі жеке кәсіпкерлердің жағдайы онша оңала қойған жоқ. Оны бізден гөрі жиырма жылдан астам осы салаға тер төгіп келе жат­қан сіз жақсы білесіз. Германия не­ліктен баспа жабдықтарының, әсем автомобильдердің, химиялық реак­тив­тердің жетекші өндірушілеріне айналып отыр? Кіп-кішкентай Швейцарияда фармацевтикалық өнеркәсіптің, шо­колад өндірудің әлемдік жетекшілері шоғырланған. Ауыр  жүк машиналарын, тау-кен өнеркәсібі үшін жабдықтар шығаруда Швеция озық болып отыр. Итальяндықтар керамикалық плиткалар, шаңғы бәтіңкелерін, зат орайтын жабдықтар шығаруда алдына жан салмайды. Жапония тұрмысқа қажетті электроника, робот, фото, көшірмелік қондырғылар саласында әлі күнге дейін алғашқы орынды ешкімге бермеуде.  Сіз айналаңыздағы бизнесті көп зерттеген адамсыз ғой. Осы елдер бәсекелестік артықшылықты қалай жасап отыр?
– Бір адам бір кәсіптің жетік маманы болуы керек сияқты, әр мемлекет те белгілі бір салаларды жетік меңгергенінен болуы керек.  Тұрған жерінің географиялық артықшылығына сай, ата-бабалары қай кәсіпті кезінде дамытқаны, адамдарының білімге, кәсіпке деген тез бейімделуіне бай­ланысты-ау шамасы. Содан келіп ин­фраструктураға тікелей байланысты. Мы­салы, электроника шығару үшін оған керек шикізат, кұрал-жабдықтар, қосалқы бөлшектер бәрі бір жерде шоғырлануы керек. Әрі соларды игеретін мамандарды да дайындайтын оқу орындары болуы шарт. 
– Ал, біз аграрлы ел болғанымызбен, ең осал буынымыз осы сала болып отыр. Бұл біздегі мал шаруашылығының жеке  меншік, ұсақ шаруашылық деңгейінде өркендеп отырғандығынан да шығар, бәлкім.  Мысалы, кәсіпкерлікті бір кісідей игерген өзіңізге қымыз өндірісі өте қиын дегенді айтасыз. Бұл шикізаты шоғырланған аймақтардағы менеджмент, маркетинг, бизнесті ұйымдастыру жағының жолға қойылмағандығынан ба, әлде басқа себептері бар ма?
– Дұрыс сұрақ, сол маркетинг, менеджмент, технология дұрыс жолға қойыл­мағандығынан. Ең басты себеп,  біз өзіміз техникадан кенде қалған халық едік, оның үстіне 70 жыл соцлагерьде қамалып жатқанда басқа елдер бізден әлдеқайда алдыға, біз қиялдай алмайтын биіктерге көтеріліп кетті. Біздің мал өсіру, сүт тағамдарын өндіруден еңбек өнімділігіміз өкінішке қарай  дамыған шет елдердің ширегіне де жетпейді. 
– Отаншыл, мемлекетшіл кәсіпкер ұлт­тық экономиканың міндеттерін шешуді мойнына алады. Осы орайда мем­лекеттің саясатында да оларға нақты көмек көрсететін шаралардың болуы шарт. Осы тетік қалай жұмыс істеуде?
– Мемлекет тарапынан көптеген бағ­дарламалар ашылып, көмек көрсетілуде.  Бірақ, басты көмек, менің ойымша, істің тетігін үйретуде. Ол үшін шет елдерден мықты-мықты мамандар алдырып және де біздің кәсіпкерлерді шет елдерге тәжірибе жинауға мемлекет тарапынан қаржы шы­ғарып жіберсе, нәтижесі әлдеқайда жоғары болар еді.
– Менің байқауымша, сіз шет елде көп жүресіз. Бұл дүниежүзінің нарығына кірудің қам-қаракеті ме? Сыртқы рынокта өзіңізді қолдайтын туыстас, салалас кәсіпорындарды ашуды жүзеге асыра алдыңыз ба?
– Шет елдерге барғандағы негізгі мақсат сол жақтардан серіктес табу, жұмыс тәсілдерін зерттеу, үйрену ғой. Әзірге Қытай, Түркия, Оңтүстік Корея елдерінде жүрген қандастарымызбен тығыз байланыс орнатып алдық. 
– Бірнеше бизнесті қатар алып жүру шаршатпай ма?
– Адам ісін жан-тәнімен  жақсы көрсе шаршағанын сезбейді. 
– Бәсекелестікті бір кездегідей бандиттер, рэкеттердің жұдырығымен емес, білімнің күшімен жеңетін сәт туғанда бизнес бастаудың жолын үйрететін «Бизнес-Бастау» деп аталатын қазақ тіліндегі тренингті бастағаныңызға қуа­нып қалдық. Бұл да жанашырлықтың, қамқорлықтың бір түрі ғой түсінген адамға. Бастамасы қалай болып жатыр?
– Бастамасы, Аллаға шүкір, жаман емес.  Халықтың бизнеске деген ұмтылысы жақсы, әсіресе, жастардың талабы зор. Біз қандастарымызға арнап бизнесті неғұрлым тез игеріп кететін жол тапқандаймыз. Енді, соны іске асыру жолында еңбектеніп жатырмыз. Жылдың аяғына дейін кемінде 200  шағын және орта кәсіпті меңгерген кәсіп­керлер  дайындап шығамыз деген жос­пар қойып отырмыз.
– Ата-баба кәсібін әлемдік бәсекеге алып шығамын деген ұмтылысыңыздағы кедергілер мен қиындықтарды қалай жеңудесіз? 
– Ең басты қиындық, биенің сүті мен түйенің сүтінің ғылыми түрде жеткілікті зерттелмегені болып отыр.  Және де одан шығаратын  өнімдер де кәсіби түрде өнді­ріске қойылмаған. Ол бір компанияның қолынан келе қоятын шаруа емес.  Осы өнім­дерді зерттейтін арнайы ғылыми орталықтар керек. Жақында, түйе малын және одан алатын өнімдерді зерттейтін халықаралық конференция болып өтті, оған әлемнің 50-ден астам елінен ғалымдар келді.  Әзірге бір де бір мемлекетте бұл сала жолға қойылмаған, бірақ, қызығушылық жылдан жылға артып келеді. 
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген 
Ділдәр МАМЫРБАЕВА

303 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз