• Тарих толқынында
  • 26 Ақпан, 2016

Сахна саңлағының сүрлеуі

Абыз. Оның көрермен көзіне жақсы таныс сыртқы болмысы да, біз тереңірек үңіліп көрген ішкі дүниесі де бір ауыз сөзбен осы ұғымның шеңберіне сыйып тұрғандай. Адалдық, тереңдік, тазалық. Қай істе де оның жолсерігі – осы үшеуі. Өнердегі жолын тартымды, өмірдегі жолын тағылымды еткен де осылар. Үшеу­дің арқасында таңдаған бағытынан жа­ңылған да, жалыққан да емес. Әйт­песе, 56 жыл бойы бір шаңырақтың астында табан аудармай қызмет ету кез келгеннің маңдайына, қала берді, еңбек кітапшасына жазыла бермейді. Сондықтан да, оның қазақ өнеріндегі орны ерек, жолы бөлек. Ол – дара дарын. Ол әлдеқашан Сайрамның Сәбиті болудан қалған, ол  – қазақтың Сәбиті.  


Театр мен кинода өзі сомдаған күрделі образдары арқылы төл өнеріміздің тәуел­сіздікке дейінгі және егемендік алған­нан кейінгі дамуына өлшеусіз үлес қос­қан актер, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Еңбек қызыл ту», «Парасат», «Отан» ордендерінің иегері Сәбит Оразбаев биыл сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Алғашында, негізінен комедия жанрында,  Қ. Мұхамеджановтың «Бөл­тірік бөрік астында», «Құдағи келіпті», Қ. Шаңғытбаев пен Қ. Байсейітовтің «Беу, қыздар-ай!» спектакльдерінде жасындай жарқырап, кейіннен М. Әуезовтің «Абай» трагедиясындағы Мағауия, З. Шаш­киннің «Жаяу Мұсасындағы» Мұса, Ш. Айт­ма­товтың «Ана-Жер-анасындағы» Май­салбектің кейпіне еніп, халықтық өнердің терең бастауларынан қанып ішкенін дәлел­деген дара дарын иесінің  мерейтойы  тұтас қазақ өнерінің мерекесі десек, асылық болмас. Оған құрмет көрсеткеніміз – қазақ өнеріне бас игеніміз. Өйткені, Сәбит пен сахна әлдеқашан тұтасып кеткен.     
Мерейлі жасының қарсаңындағы қар­баласқа қарамастан Сәбит Қоңыр­бай­ұлымен жолығудың, емен-жарқын әңгі­меле­судің сәті түскен еді. Өткен ғасырдың 30 жылдарынан басталған әңгіме біздің мыңжылдықтың екінші онжылдығына келіп бір-ақ тоқтады. Өткен күндердің естелігін ақтарып, сағым күндерге сағынышын басқан респондент те, кейіпкерінен өзіне керегін артығымен алған корреспондент те дән риза. «Мені баласынбас па екен?» деп қарт актердің алдына жүрексіне барған жас тілші кездесуден марқайып, мақтанып қайтты. Сахна абызының аузынан естігенін ақ қағазға түсіргенше, түйген ойын оқырманмен бөліскенше асықты. 

Бала шақтан – болашаққа

Ол бағындырған белесі, көтерілген биігі үшін өзін ең әуелі туған жердің табиғатына қарыздармын деп есептейді. Оңтүстігі – Алатау, солтүстігі – Қаратау, күн батысы – Қазығұрт. Осы үш таудың ортасында, Арыс пен Ақсудың құйылған жеріндегі ғажайып сұлу Сайрам өлкесі бала Сәбиттің  қиялына қанат бітіріп, сезімін сұлуландырды. Ай­наласын қоршаған биік тауларға қа­рап өскендіктен, ойы да, бойы да тез же­тілді. Ал, тұлға ретінде қалыптасуына  ауылының  жөн көрсетіп, жоба нұс­қай­тын  данагөй қарттары, атқа мініп, жау­апты қызмет істейтін ағалары, салт-дәстүрді берік ұстанатын, ән айтып, күй шертетін көршілері – бәрі-бәрі өлшеусіз үлес қос­­ты. Осыдан бес жыл бұрын «Егемен Қазақстанға» берген сұхбатында: «Ауылдағылардың бәрі ұстазым болды», – дегені сондықтан болар.
Әңгіме барысында  өмірлік бағытын айқындап берген сол ұстаздары жайлы тағы да сұрадық. Қарт актер көпті көрген Тұңғышбай атасын, Төлеген дейтін жырауды, Отан соғысына қатысып, бір аяғынан айрылған Мергенбай ағасын еске алды. Майданнан мүгедек боп оралған Әбдіқадыр атасы жайлы әңгімесі, тіпті, әсерлі.Айтуынша, ол оқыған-тоқығаны көп, сөзге шешен, тек қана әділетті айтатын турашыл кісі болыпты. Ауылдағы дау-дамай, төбелес атаулы сол кісі барса сап тыйылады екен. Әбдіқадыр атасының аузынан естіген бір әңгімені баяндап берді.
– Ауылымыздың шығысында Хан­қорған деген жер, Мәдениет деген ел бар. Бала күнімізде сонымен көршілес жерде, Арыстың жағасына орналасқан «Қарабұлақ» базарына мал сатуға баратынбыз. Базардың нарқын бес сауса­ғындай білетін Ниязбек деген кісінің соңынан еріп, таң атпастан малымызды айдап, жолға шығамыз. Сонда, Әбдіқадыр атамыз: «Ханқорғанның қасынан өтіп бара жатқанда жаман сөз айтпаңдар, дабырлап сөйлемеңдер» деп қатаң ескертетін. Айдауға көнбесе, «Өй, қарасан келгір» деп малды бас сап ғайбаттайтынымызды біледі ғой. Кейін атамыздан бұл ескертпесінің мәнін сұрадық. Сөйтсек, Ханқорған Абылай ханның қайтыс болған жері екен. Үргеніштен қайтып келе жатқан хан Қазығұрттың басына бір тоқтап, ары қарай Арқаға дейін аялдамасыз жетуге бел байлапты. Бірақ, Арыстың қасына жете бергенде жағдайы нашарлап, сол жерде жан тәсілім еткен көрінеді. Кейін, театрда Абылай жөнінде сөз болғанда Хабиба Елебекова апам бастаған бір топ әріптесім «Хан Боқты тауының баурайында қайтыс болған» деп бой бермеді. Мен Әбдіқадыр атамнан естігенімді алға тартып, Ханқорғанда қайтыс болған деймін. Олар да, мен де өз айтқанымыздың дұрыстығына шәк келтірмейміз. Кейін энциклопедияны ашып қарасам, расында да, Абы­лай ханның Ханқорғанда қайтыс болғаны, өлген жылы, айы мен күніне дейін жазылыпты. Әбдіқадыр атамның білімдарлығына сол кезде тағы бір рет көзім жеткен еді. Осындай кісілердің тәрбиесін көріп өстік, – дейді актер.

Мақсат – «мал тәуібі» болу еді

Иә, мектепті ойдағыдай аяқтаған соң әулеттің үлкендері Сәбит Оразбаевты мал дәрігері, жо-жоқ, ауылдастарының тілімен айтқанда «мал тәуібі» болады деп бірауыздан ұйғарады. Ондағы ойлары – малдәрігерлік институтты бітіріп, ауылға жақсы маман болып оралса, жалғыз анасын қамқорлығына алса деген ақ адал ниет.  Ағалардың айтқандары – заң. Сәбит Қоңырбайұлы мал­дәрігерлік институтына келіп, құжаттарын өткізеді, емтихандарын тапсырады. Бірақ, әне-міне оқуға түскелі тұрған талапкердің көңілі  қалағаны бұл орта емес, мүлдем басқа әлем. Алматыға арман қуып келген жас ақырында құжаттарын қайтарып алып, «әртістер даярлайтын институтқа», консерваторияға кетеді де қалады. Әуелі ән факультетіне, Бекен Жылысбаевтың класына түседі. Дара дауыс иесі Ермек Серкебаевты дайындаған Курганский деген кісі Оразбаевтың дауысын тыңдап: «Әлі жас бала. Бірақ, тембрі жақсы. Тек диапазонын кеңейту керек», – деп мәслихат айтыпты. Сөйтіп, Жылысбаев ұстазы бір жыл бойы шәкіртінің дауыс диапазонын кеңейтумен айналысады. Алайда, келесі жылы консервато­рияда театр факультеті ашылып, жас дарынның аңсары соған ауады. Сағы­нышқа айналған сол күндерді актер ыс­тық ықыласпен еске алды:  
– Театр факультетіне кілең бір ығай мен сығайлар келгендей әсер етті. Шаштары дудырап Асанәлі мен Райымбек жүр, Нүкетай, Матан жүр, Күләй Хамзина да бар араларында. Фарида, кейін екінші курстан соң келді  Қытайдан. Содан ойым әбден бұзылып, Асқар Тоқпановтың алдына бардым. Бірден басымнан бастады. «Басыңды қайдам, шашың мықты екен, өзі бұйра ма, әлде бұйралатып алдың ба? Ана Әшімов пен Сейтметов шаштарын өздері бұйралатып алыпты ғой. Кеше екеуіне де ұрсып-ұрсып жібердім», – деді. Сөйтсем, Асанәлі мен Райымбек шынында да солай жасаған екен. Асқар Тоқпанов мені әбден сұрақтың астына алды. Драматургтардан кімдерді білетінімді, қандай спектакльдер көргенімді, қандай кітаптар оқығанымды тәптіштеді. Бұл жағынан ме­нің сауатым басқалардан артықтау болды. Бәрі ауылдан жаңа келгендер ғой. Райымбек тек үнді фильмдерінің әндерін айтады, өзі шілтиіп қалған. «Режиссерлардан кімдерді білесің?» – деді Асекең. «Қазақтың ал­ғашқы профессиональный режиссері Асқар Тоқпановты білемін. Алланың айтуымен алдыңызға келіп тұрмын», – деп сарт еткіздім, – дейді күліп. 

Ұстаздар ұлағаты ұмытылмайды

Арманы орындалған Сәбең әуелі Моисей Исаакович Гольдблаттың, одан кейін Асқар Тоқпановтың тәлімін алады. «Бұл өмірдегі бір  бақытым – ұстаздан жолым болғаны» дейтін актер тәлімгерлерінің көрегендігін күні бүгінге дейін ауыздан тастамай айтып жүреді. Мәселен, актерліктің әліппесін үйреткен ұстазы – Моисей Исаакович кезінде Сайын Мұратбековтен әртіс емес, қарымды қаламгер шығатынын жазбай таныған екен. Голдблаттың: «Сенің образды ойың бар, қиялың бар, актерлікті қума, жазушылықтың соңына түс, жазып көр» деген кеңесіне құлақ түрген Мұ­ратбеков кейін расында да біржола әде­биетке кетті.
Сәбит Оразбаевтың Асқар Тоқпанов туралы толғанысы тіпті ерек. Бір айтқанын екінші рет қайталамайтын ұстаз жадының мықтылығын, білімінің тереңдігін тебірене әңгімеледі. Асқар Тоқпановтың қазақ актерлік мектебінің негізін қалаушылардың бірі, бірі ғана емес бірегейі болғанын ешкім жоққа шығара алмайды.  Бикен Римова, Шолпан Жандарбекова, Байділда Қалтаев пен Мұхтар Бақтыгереев сынды қазақ сахнасының ажарын ашқан актердің бәрі сол кісінің алдынан өтті. Дара дарындарды жазбай таныған Тоқпановтың Асанәлі Әшімовты ауыл шаруашылық инс­титутынан көріп қалып, консерваторияға алып келгенін,  Жамбылдың, қазіргі Тараз­дың гидромелиорация институтында үздік студент боп жүрген  Тұңғышбай Жаман­құловты Алматыға шақырғанын да Сәбит Оразбаев қайтадан есімізге салды.
Кейін, өзі де ұстаздық жолға түсіп,  Өнер институтында, М.Әуезов театрының жа­нындағы студияда сабақ бергенінде Сәбит Қоңырбайұлы Тоқпанов салған сара жолды жалғауға тырысты. «Асқар Тоқпановтай дара тәлімгердің ізін жалғастыру оңай болған жоқ. Бірақ, сол кісіден алғаны­мыздың бәрін шәкірттерге беруге тырыстық. Өнер институтында сабақ бе­ріп жүргенімде талабы мен талантына кө­ңілім толмайтын студенттерге диплом бе­руге қарсы болдым. Әрине, басшылық мұнымды құптамады. «Мейлі алтын болсын, мейлі темір-терсек болсын, жолдарын жаппай, қолдарына бір-бір диплом ұстатуға тиіспіз. Тым құрығанда клуб меңгерушісі болар» деді. Мұндай немқұрайлылық бар жерде саф өнер қайдан болсын? Мақсатым бөлек, мүддем басқа болғандықтан ол жерде ұзақ уақыт қызмет ете алмадым. Өтінішімді жазып, жұмыстан шығып кеттім», – дейді ол. Әйтсе де, Оразбаевтың тәлімін алғандардың арасынан есімі күллі қазақ даласына танылған талай сахна шеберлері шықты. Олар бүгінде республиканың әр аймағында өнердің өркендеуіне үлес қосып жүр. Мәселен, қазақтың белгілі әншісі Нұрлан Өнербаев Сәбит Оразбаевтың шәкірті екенін біреу білсе, біреу білмес. 

Театрдағы тұңғыш толқыныс

Бірді айтып, бірге кетіп жатырмыз. Сай­рамнан ұшқан түлектің сахна сайып­қыранына айналу сапарын келген тұсы­мыздан қайта жалғасақ. Әсерлі әңгіме барысында актер театрға тұңғыш келген сәтін, бірінші рөл, алғашқы толқыныстарын да еске түсірген еді. «Оқуды бітірген соң театрға бірден қабылдана қойған жоқпыз. Әрқайсымызды еліміздің әр облысына жіберетін болды. Мен Атырауға, Райымбек Шымкентке жіберілетін болды. Киноға ертеректен түсіп, көзге түсіп жүрген соң Асанәліні Алматыда қалдыратын боп шешті. Ол  кезде  жіберген жаққа бармай қалу деген болмайды.  Үйреніп қалған мекенімізді қимай, әрі-сәрі болып жүргенімізде театрдың сол кездегі директоры Құрманбек Жандарбеков келді. Ол кісі біздің ауыл жақтан еді, алдына бұрынырақта бір барғаным бар. «Өнерде тамыр-таныс деген болмайды. Талантың болса, таныласың, болмаса бордай тозасың. Әзірге бар күшіңді білім­ге жұмса, қабілетіңді барынша шыңда. Дәл қазір қолымнан келетіні – опералық театрдың көпшілік сахнасына шығып, аз-маз ақша табуыңа жәрдемдесу ғана» деп шығарып салған. Онысы да маған үлкен көмек болған еді», – деп өткен күндерге ой жүгіртті. Құрманбек  Жандарбеков екінші мәрте алдынан шығып, тағы да жолын ашыпты. «Тоқпановтың биылғы түлек­терінің бәрін жұмысқа аламын», – деп бір-ақ кескенінде Алматыдан кеткісі келмей жүрген бір топ жастың қуанышында шек болмаған. Сөйтіп Сәбит Оразбаев, Фарида Шәріпова, Райымбек Сейтметов, Нүкетай Мышбаева бастаған бір топ жастың М.Әуезов театрындағы қызметі басталды. 
Сәбит Қоңырбайұлының қара шаңы­рақтың үлкен сахнасындағы алғашқы рөлі – «Айман-Шолпандағы» Балпық. Одан кейін Шаңғытбаев пен Бәйсейітовтың «Беу, қыздар-айындағы» Сұлтан суретшінің рөлі бұйырды. Сәбит Оразбаев суретшіні, Райымбек Сейтметов ақынды сомдады. Ал, қойылымдағы аруларды Нүкетай Мышбаева, Фарида Шәріпова, Салиқа Қожақовалар ойнады. Сол спектакльмен театр бүкіл Қа­зақстанды аралап шықты. Екі-үш жыл ішінде «Беу, қыздар-айды» Алтайдан Аты­рауға дейінгі атырап түгел көрді. Ал, актерлердің бұл сапардағы ең үлкен олжасы – ел, жер танығаны. Қазақтың тілі бай, жерінің байтақ екенін көрген жастарға қанат бітіп, шабыттанып қайтады. 

Сүйеуден басталған сүрлеу

Сәбит ағамыз әкем театрда қызмет еткен 56 жыл ішінде жүзге тарта кейіпкерді сахнаға алып шықты. Ол өзін бақытты актермін деп есептейді. Өйткені, ойнасам деген рөлдің бәріне қол жеткізді. Оның актер ретінде бағын ашқан рөл – «Қан мен тердегі» Сүйеу қарт. Жас жігітке қарияны сомдау оңайға түскен жоқ, бірақ режиссер қойған міндетті жоғары деңгейде орындау үшін барын салды. Сүйеу қарт әу бас­та Елубай Өмірзақовқа арналған рөл еді. Алайда, Сәбит Оразбаевтың мінсіз ойынын көріп, Е.Өмірзақов бұл рөлден мүлдем бас тартқан. Актер Сүйеуге өз бойындағы бар қабілетін ғана емес, өмір бойы халқы туралы ойлаған, сезген, білгенінің бәрін салды.Кейіпкеріне қазақ қарттарының жиынтық образы, халықтық мінездің сығындысы ретінде қарады. Бастапқыда бұл рөлді Оразбаевтың ойнағаны авторға – Әбдіжәміл Нұр­пейісовке аса ұнай қоймаған. «Сен қисайып-мисайып, ақсаң-ақсаң етіп, қайдағы бір шалды сомдап жүрсің. Сүйеу ондай кейіпкер емес», – деп наразы болады. Бірақ, өзінің үздіксіз ізденісі, режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің талапшылдығы, Ыдырыс Ноғайбаев, Асанәлі Әшімов, Фарида Шәріпова, Әнуар Молдабековтей партнерларының қолдауының арқасында жүктелген міндетті мінсіз орындап шы­ғады. Актерге, әсіресе, Ақбаланы ойна­ған Фарида Шәріпова көп қолдау көрсеткен. «Сүйеуді тапсырғанда тіземнің діріл­дегенін көріп: «Сәбит, сен саспа. Алғаш Тол­ғанайды бергенде саған барып, көз жасымды көл қылғаным есіңде ме? «Әзірбайжанға айтып, мына рөлді біреулер маған әдейі бергізіп отыр, мені осы рөлмен құлатпақшы, сөйтіп біржола құртпақшы. Әйтпесе, бұл жас актрисаға беретін рөл емес қой» демеп пе едім? Сонда сен: «Бұл да саған Құдайдың беріп тұрған мүмкіндігі шығар. Беліңді бу да, кіріс, өзіңді көрсет!» деген соң шындап кірістім. Шықты ғой ақыры Толғанай. Сен де шығарасың Сүйеуді», – деді Фарида жігерімді қайрап» деп еске алды. 
Ақыры, Фарида апамыздың айтқаны айдай келген. Спектакль бітіп, көрерменнің қошеметін, ықыласын көргендегі шаттық дәл кешегідей көз алдында. Шахан Мусин келіп: «Керемет ойнадың! Бұл бір сүйекті образ болғалы тұр, жетілдіре түс» деп арқасынан қаққанда актердің төбесі көкке екі елі жетпей қалған. Кейін, театр бұл спектакльді Мәскеуге апарып қойғанда орыстың ұлы актері Иннокентий Смоктуновский Сүйеудің образына жоғары баға береді. Қазақтың өнерін бұрын-соңды мойындап көрмеген сахна шеберінің Сәбит Оразбаев туралы айтқаны Одақ көлемінде тарайтын басылымның бәрінде жарияланып, жас актердің атағы дүркіреп шыға келді. 
    
Қарттыққа жеткен де бар, 
жетпеген де...

Қазір   сахна  абызын М. Әуезов теа­тры­­ның  репертуарындағы   екі  спектакль­ден  ғана көріп жүрміз. Б. Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпай» драмасы да, Ф.Буляковтың «Отыз ұлың болғанша» комедиясы да қариялардың боямасыз тіршілігінен сыр шертеді. Екі қойылым да «Ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз қария деген қадірлі атты абыроймен арқалап жүр ме?» деген сауалды кесе-көлденең тартады көрерменнің алдына. Бұл сауалдың жауабын Сәбит Оразбаевтан сұрадым.  Актердің айтуынша, бұрынғы ауыл ағаларының: «Елуімнен қырық тоғызым жақсы еді» деп қалжыңдауы бекер емес. Бұл сөздің астарында үлкен мағына жатыр. Әр жастың өз салмағы болатынын меңзейді. «Қартаю қазақ ұғымында ең жауапты әрі ең керемет кезеңдердің бірі. Өйткені оған әркім жете бермейді. Ата-бабаларымыз бұл шақты Алланың берген сыйы, талай адамдардың жете алмай кеткен шыңы деп қадірлеген. Сондықтан, қартайдым, көрер қызығым өлшеулі деп таңнан қара кешке дейін күңірене беруге болмайды. Қарттыққа аман-есен жеткеніңе шүкірлік ету керек. Қарап отырсақ, кешегі шашасына шаң жұқтырмаған дүлдүлдердің көбі кетіп, азы қалыпты. Біздің буыннан төртеуміз-ақ қалыппыз: Асанәлі Әшімов, Нүкетай Мышбаева, Шапай Зұлқашев және мен, – деп кідірді. Әрі қарайғы әңгіменің көңілсіздеу болатынын ішіміз сезе қойды. – Әртістердің өмірінің қысқа болуының тағы бір себебі – ішетін мен тартатынға үйірлігі. Марқұм Күлзипа Сыздықова апамыз: «Бұл әртіс дегенің даңқы асқақтап, дақпырты шықса да арақпен жуады, сәтсіздікке ұшыраса да арақпен дос болады» деуші еді. Жолы болмай қалса, оқыс сүрініп кетсе әртістердің бас салып шылымнан демеу күтетіні, болмаса ішімдіктен дауа іздейтіні өтірік емес. Бұл отбасының берекесін кетіреді, жары мен бала-шағасының, дос-жарандарының алдында бар қадір-қасиетінен жұрдай етеді», – дейді ол. 
Сыртынан   қарағанда Сәбит    Оразбаев түзу сызықтың бойымен ғана  жүретін адамға  ұқсайды. Көбіне өзімен-өзі болғанды, саяқ жүргенді қалайтын сияқты. Өнер адамына тән емес бұл өзгешелеу әдетін біз ғана емес, кезінде Сәкен Жүнісов те аңғарған екен: «Әй, Сәбит, сен өзің тәп-тәуір әртіс болатын түрің бар. Бірақ, сен темекі тартып, арақ ішкенге қосылмайсың. Саяқ жүресің. Арақ ішпесең де сыра ішіп, драматургтермен сырласып дегендей, қоян-қолтық араласып жүрмейсің бе? Әйтпесе, мына түріңмен сен өспейсің. Ал сенің мамандығыңның өзі сондай, соны керек етіп тұрады», – деген екен. «Сәке, далада қалсам да, мен оған бармаймын. Бір рет қатты мас болып, екінші қайтіп ішпеуге анама ант бергенмін», – депті Сәбит ағамыз. Аяғынан тұра алмай шатқаяқтаған актерге анасы сонда бір ауыз сөз айтпаған. Жанына қатты батқаны да – сол. «Балам, мен кетейін», – депті бар болғаны. «Қайда кетесің?». «Елге». Сәбит ағамыз ұялғанынан жерге кіріп кете жаздаған. «Өзім бағып-қағамын, ешнәрседен та­рық­тырмаймын, жанымда бол» деп ауылдан көшіріп әкелген анасының көңіліне кірбің түсіргеніне күйінеді. «Ауылдағылар ғой, әртіс баласы алақанына салып аялап жүр деп ойлайтын шығар. Сенің түрің мынау. Мынау мамандық саған абырой әпермейді, ішкізбей қоймайды» деп шешесі қапаланғанда: «Апа, басымды кесіп алса да енді ішпеймін», – деп сөз берген. Сол күннен бастап актер сертінен тайып көрмеген.  
    
Ұрпақтар сабақтастығы – 
ұлық дәстүр

Біздіңше, әдемі қартаю деген ұғымға жарқын мысал бола алатын бір адам болса, ол – Сәбит Оразбаев. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған өнегелі әке перзенттерінің бойына адалдық пен та­за­лықты сіңірді. Актердің айтуынша, «Пә­­леншенің балаларын қарашы, әкенің тәлімін, шешенің тағылымын көрген перзент сондай болады» деген сөз естісе, ана үшін де, әке үшін де одан биік мәртебе жоқ. Сәбит ағамыз мұндай бақытты сыйлаған ұл-қызына да, немерелеріне де дән риза. 
Бүгінгі қариялардың қадірі жайлы сөз болғанда актер шаңыраққа келін боп түсетін, күйеубала боп енетін басқа үйдің балаларымен қарым-қатынасқа да ерекше мән берілу керегін ескертті. Ата-ене, әсіресе, келінге барынша мейірімді болуы керек деп есептейді. Көрегендік көрсетудің орнына баласын жөнсіз қызғанып, келінді орынсыз түртпектеудің соңы жас отбасының болашағын баянсыз ететініне, соның салдарынан еліміздегі екі отбасының бірі ажырасуға бейім екеніне алаңдайды. «Тамақ істей алмайды, ерте тұрмайды, қолынан түк келмейді» деп түймедейді түйедей қылудың не қажеті бар? Істей алмағанын енесі үйретуі керек, бөтен жерде жүрмегенін сездіріп, жөн көрсетуі қажет. Өз қызындай көріп, бауырына тартпаса, ашық-жарқын сөйлеспесе, келген жеріне келін қайтіп сіңсін? Қарияның ақыл-парасаты мен көрегендігі осындай қарым-қатынастар кезінде сынға түседі деп ойлаймын», – дейді ақсақал. 
Көпті көрген актердің өкшесін басып келе жатқан ізбасарларға, театрдың жас актерлеріне де ықыласы ерек. Сұрағандарын түсіндіріп, білетінін бөлісуге тырысады әрдайым. Өйткені, кез келген салада, әсіресе, өнерде ұрпақтар сабақтастығының маңызы зор деп біледі. Аға буын қалыптастырған ізгі дәстүрлер жоғалып кетпей, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырса дейді. Қолға қалам алып, өз замандастарының тағы­лымды үлгісін қағазға түсіру туралы ой да әуелде сол мақсаттан туған еді. Кейін жазу үстелі актердің сахнадан кейінгі сүйікті орнына айналып кетті. Осыдан екі жыл бұрын «Өмірдің өзі – театр» атты кітабы көрерменге жол тартса, былтыр «Тазарғың келсе, театрға бар» атты екінші жинағы жарық көрді.Автордың аталған екі кітабы да өнерде бірге жүрген, үзеңгілес, әріптес достарының болмысынан сыр шертеді. Атағы аспандап, даңқы дүрілдегендер туралы емес, керісінше, театрдың дамуына өлшеусіз үлес қосса да, еңбегі елеусіз қалған саңлақтарға арналды. Олардың көбі шындықты айтам деп басшылыққа жақпай қалған немесе жасаған жақсылығын айқайлап айтқысы келмейтін, тасада жүргенді ұнататын қарапайым адамдар еді. Қаламгердің кейіпкерлерінің қатарында актерлер мен режиссерлерден бөлек, бет әрлеушілер, декорация мен бутафор жасаушылар, тігіншілер мен жарық қоюшылар –театрдың әр түрлі цехтарында жұмыс істейтін қызметкерлер бар. Көп айтылмайтын, жиі жазылмайтын мамандар туралы қалам тербегендіктен болар, екі жинақ та оқылымды болды. Сондықтан, Сәбит ағамыз екеуін жазып бітіргеннен кейін көзіне екі мәрте ота жасатуға тура келгенін де ұмытып кетеді, кейде. Денсаулығы мүмкіндік беріп жатса, үшінші кітапқа кіріскісі келеді. Тағы бір жинаққа арқау болатын естеліктері, кейіпкер болатын замандастары жетерлік. Бірақ, қағазға үңіле берсе, көз құрғыр әлекке салатыны қиын боп тұр. 
    
Қазағын таныған, танытқан актер

Кейіпкер демекші, сахнада жасаған алуан түрлі образдар, өз шығармашылығына арқау болған сан қырлы адамдар арқылы Сәбит Қоңырбайұлы қазақ дейтін халықты әбден зерттеді, таныды. Бір қылығына сүй­сінсе, бір ісіне күйінді. Күйінетіні – тау қопаратын толағай азаматтардың іске шорқақтығы. Әні де, күйі де ойна да күл деп тұрған соң табиғатынан жалқау халық одан сайын жалқауланып бара жатқаны жанына батады. «Президентіміз мамандық игер, кәсіп аш деп мүмкіндікті жасаудай-ақ жасап жатыр. Бірақ, құлық танытқандар аз. Жанымызды қинағымыз келмейді, бірден бастық болғымыз келеді. Елімізде техникалық мамандық иелері аз деп дабыл қағамыз да жатамыз. Аз болмағанда қайтеді? Мектеп бітіргеннің бәрі прокурор, сот болсам дейді, бұйрық беріп, үкім айтқысы келеді. Жастардың санасына мықтап орныққан осындай психология біздің жаңа заманға бейімделуімізге кедергі келтіріп отыр», – дейді ол. Ақсақал мысалды алыстан іздемей-ақ, өзі күнде көретін көршілерін үлгі етті жастарға. Ағайынды орыс жігіттердің бірі прокурор, бірі зауытта парторг болып істепті. Кейін екі жыл оқып, екеуі де жаңа мамандық игерген. Сәбит Қоңырбайұлының айтуынша, қазір шетелдік тоңазытқышардың тілін бес саусағындай білетін Бористің бір күні бос емес, шақырту бойынша жан-жақта жүреді. Табысы өте жақсы, тұрмысы түзелген. Бұдан артық қандай мысал керек? 
«Өнерді үйрен де, жирен» демекші, жас күнінде актердің өзі де талай кәсіпті меңгерді. «Зингермен» балаларына киім тігіп кигізді, Оразбаевтың он саусағы пальтоны да келістіріп пішті. Ағамыз ауылдан көшіріп әкелген жалғыз анасын тарықтырмау үшін бейтаныс балқар кісінің «ФЭД»-іне «құда түсіп», фотограф, оператор да болды. Бастапқыда тек мұқтаждықтан қолға алынған іс кейін сүйікті ісіне айналып, өнердің игілігі үшін қызмет ете бастады. Кезінде Сәбит Оразбаев түсірген суреттер қазір тарихи жәдігерге айналып, театр мұражайының төрінде ілулі тұр. Академиялық театрдың тарихы түгенделіп, биыл 90 жылдық торқалы тойы тойланар тұста бұл жәді­герлердің құны тіпті арта түсетіні шүбәсіз. Біз білсек, екі мерейтойдың қатар келгені кездейсоқтық емес: қазақ өнерінің қара ша­ңырағы 90-ға, қазақ сахнасының абыз ақсақалы 80-ге толып отыр. Алла Тағала қажыр-қайрат берсе, Сәбит Оразбаев театрымен бірге жасап, киелі сахнасына қызмет ете бермек. Өйткені, сұлулық та,  тазалық та – бәрі сонда. 
Анар ЛЕПЕСОВА,
журналист

575 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз