• Ұлттану
  • 16 Шілде, 2012

Сөйлеу мәдениетінің сахналық сипатын білеміз бе?

Ордабек Хожамбердиев, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының оқытушысы, 3-курс (PhD) докторанты.

Қазіргі кезде де өнер адамдары арасында, оның ішінде, театр және кино актерлары, режиссерлар, сахна, теле-радио жүргізушілері, көркемсөз оқу шеберлері, әнші-вокалистер, сонымен қатар, мешіт имамдары мен уағызшылар, лекторлар мен мұғалімдер, адвокаттар мен соттар, қоғам қайраткерлері жалпы, сөз өнеріне қатысы бар мамандар арасында заман талабына сай мән берерлік машақатқа (проблемаға) айналып отырған мәселе – сөйлеу мәдениеті. Қазақ тіл білімінің негізін салушы А. Бай­тұрсынов сөз мәдениетін – сөз дұрыстығы және сөз бедері деп екі топқа бөлді. Сөз дұрыстығына сөйлем ішіндегі сөздерді дұрыс байланыстыра отырып орнымен сөйлеуді жатқызса, сөз бедеріне сөздің анықтығын, тазалығын, дәлдігін айтты. Яғни, дұрыс, таза, анық, дәл сөйлеу арқылы сөз көркемдігі әуезділігімен, әдемілігімен, келісті болуымен анықталады деп көрсетеді. Тілтанушы, профессор Р. Сыздықова: «Сөйлеу мәдениеті дегеніміз – ауызша сөйлеудің жалпы тіл мәдениетіне қойылатын талаптармен қатар өзіне тән формалардың сақталуы болып табылады. Бұл нормада сөйлеу үлгісіндегі сөздерді дыбыстау, сөздің сазын келтіріп айту тәртібін айтады» [1. 45 б.] – деп атап көрсетті. Ал, сахналық сөйлеу мәдениеті деп – сахна тілі заңдылықтарын ұстана отырып ойлы, бейнелі сөздің айтылу техникаларын терең меңгеріп және шығарманың жанр­лық айырмашылығы мен стильдік ерекше­ліктеріне қарай сөз саптау мәнерін келтіріп айту тәртібі деуге болады. Мысалы, драматургияда автордың идеясы болады. Шығарманы қоюшы режиссер автормен қатар өзінің де идеясын іске асыруды көздейді. Осыған орай, спектакльде ойнаған актер драма­тургтің идеясын, режиссердің мақсатын ескере отырып, қажетінше оны өзінің шеберлігімен дамытуға, шарықтау шегіне жеткізіп орындауға тырысып бағады. Осылайша, кағаз бетіне жазылған әрбір сөздің көрермен құлағына жеткенге дейін сан қырлы астары ашылып, қырланып, сараланып барып негізгі көздеген мақсатына жетуі сахналық тілдің заңдылықтары мен техникасына байланысты. Осы үдерістің жүзеге асуы және де сөздің негізгі атқаратын қызметінің орындалу деңгейі актердің құзырында әрі міндеті деп білеміз. Сол себепті де тіл ғылымындағы сөйлеу мәдениетінен театр саласындағы яғни, сахналық сөйлеу мәдениетінің ара-жігі ашылып, жүгі ауырлап айқындалатын тұсы да осы жер. Сөйлеу мәдениетінің тамыры тереңде, әрі оның жоғары формасы шешендік өнер екені мәлім. Сол себепті шешендік өнердің тарихына қысқаша тоқталып кетуді жөн санаймыз. Шешендік өнер сонау (б. д. д. 5,4 ғ. ғ.) көне Греция және (б. д. д. 1 ғ.) Рим елдерінен бастау алады. Оның көрнекті өкілдері – Протогор, Цицерон, Платон, Аристотель, Сократ, Георгий, Исократ, Демосфен, Лисий, Антифонт, Андокид, Исий, Гиперид, Ликург. Ал, XІ ғасырда адамзат мәдениеті мен әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосқан шығыс ғұламаларының бірі Кайкаустың (Кайкавус) 1082-1083 жылдары жазылған аса бағалы «Кабуснама» еңбегінде: «...Айтылуға тиісті бір сөзді тыңдаушының көңілі қиырда да, раушанда да болатындай мағынамен айтуға болады. ...Егер сөз өнеріне жетік болсаң да, сөз құрылысын бұзбай, қаз-қалпында, дұрысын айтқанда, бірқалыпты ырғақпен сөйле. Қызметкер адамдармен қызмет­керлерше, қарапайым адамдармен қара­пайым сөзбен сөйлегін. Қай кезде болмасын шешендік өнерінің шегіне шықпа. Аузыңнан шыққан сөзің тыңдаушыға, тыңдаушының жүрегіне қонымды, жеңіл болсын» [2. 30 б.] – деп, мәдениетті сөйлеуді ғана айтып қоймай, сөйлеуші мен тыңдаушының арасындағы мәнерлі сөздің ретін және де сөйлесушілердің арасындағы диалогті қалайша тиісті деңгейде өрбітуге болатыны туралы астарлы ой айтылғандығын байқауға болады. Қазақ шешендік өнері тарихи аңыздардан белгілі Майқы биден басталады. Бұл жөнінде халқымыз: «Түгел сөздің – түбі бір, түп атасы – Майқы би» дейді. Басқа да көптеген тарихи, ғылыми зерттеу кітаптардың авторлары да осыны растайды. Осылайша, шешендік өнер Майқы биден Аяз би, Асан қайғы, Жиренше, Төле би, Әйтеке би, Қазбек би, Сырым, Досбол, Бөлтірік, Бала билерге ұласып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып біздерге жетті. Қазақтың шешендік өнері – ұлттық ауыз әдебиетінің бір саласы ретінде қазақ фольк­лорының өзіндік бітім-болмысын айқындайтын, халық дүниетанымын көрсететін ерекше жанр. Ал, әлеуметтік феномен тұрғысынан алғанда, шешендік дәстүр – белгілі бір әлеуметтік ортада, қоғамда, қалайда бір адами қағидаға байланысты туып, қалыптасып, айрықша тапқырлықпен, суырыпсалмалықпен, көркем тілмен айтылатын үлгілік ойлар, мұраттар, тұжырымдар үрдісі. Ол қарапайым бата – тілектен бастап, мағыналы, тәрбиелі, өнегелі, өсиет сөздерді қамтиды. Өнердің бұл түрі атадан балаға жетіп, дала тарихы басынан кешірген түрлі оқиғалардың нәтижесінде туған терең ойдың қорытындысы. Қазақ, ерте бастан-ақ сөз қадірін білген халық. Яғни, сөз өнеріне ерекше мән берген. Билеріміз ел ішіндегі, ру-тайпалар арасындағы дау-дамайды, жанжалдарды бір ауыз сөзбен бітістіріп отырған. Уақыт елегінен өтіп, халықтың санасына сіңіп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып жеткен данышпан сөз зергерлері, халықтың мұң - мұқтажын ойлай білген. Қысылғанда жол табар ақылшысы болған Асан қайғы, Қазтуған, Ақтамберді, Үмбетей, Бұқар сияқты көптеген ақын-жыраулар ақпа-төкпе, суырып салма өлеңменен батырлардың ерлігін, байлардың сараңдығын, жақсы мен жаманның айырмасын таңнан таңға жырлайтын болған. Олар, әр сөзді нақышына келтіріп орындаумен қатар терең ойды жеткізу, астарлап айту жағын жақсы меңгерсе керек. Сондай-ақ, халық әндерінің, халық композиторлары әндерінің сөздері қандай? Мысалы, кешегі өткен Қ. Қуанышбаев, Е. Өмірзақов, Қ. Байсейітов, Қ. Жандарбеков, С. Қожамқұловтар жазып қалдырған еңбектерінде, шешендік өнердің өздері ойнаған рольдеріне тигізген әсері жайында жақсы пікір қалдырғанын білеміз. Сондықтан да, сахна тілі ұстаздары сабақ кезінде шешендік сөздерді жоғарыда айтып кеткендей ой жеткізу, анық сөйлеу, астарлап сөйлеуге машықтану мақсатында немесе керісінше, демді, дауысты тәрбиелеу үшін материал (мәтін) ретінде де пайдаланамыз. Сахналық тілдің мәселесі уақыт өте келе күрделене түсуде. Ол қазіргі қоғамға сай дамуды қажет етеді. Тіл техникасын меңгеру өз алдына, оны актерлік шеберлікпен ұштастыра білу көп еңбек пен ізденісті талап етеді. Себебі, театр маманы М. Байсеркенов: «... сахнадағы тіл мәдениеті әлі күнге өрге баспай келе жатыр. Жалаң декламация, жалған пафос, құрғақ баяндау көз аштырмайтын болды. Сахнадан сөйлеген сылдыр сөзден көрермен мезі болып бітті. Асығып - аптығып, сөзінің аяғын жұтып жұлмалап, жұлқып сөйлеген жаралы сөздерді естігенде, жаның жабырқайды. Жалаулаған жасық сөздің жаныңа батқаны сондай – жадап-жүдеп, күйзелмеске шараң жоқ», – дейді [3. 253 б.]. Осы айтылғандай, дауыс шығарып сөйлеуді декламация немесе пафос деп түсінетін, шапшаң сөйлеуді асығып - аптығумен шатастыратын, жүрек жылытар нәзік сөзді жасық сөз деп ұғынатындарды сахнаның сәнін бұзушылар деп айтқан болар едік. Өйткені, сахнада астарсыз айтылған сөздің еш бір мән- мағынасы болмайды. Керісінше, көрерменнің ызасын келтіруі мүмкін. Актердің сахна алаңында сүйенері сөз бе, әлде жансыз жабдықтар ма? Кесіп айту қиын. Өйткені, бұлар бірін-бірі толықтырып, қойылымның ажарын ашады. Өкінішке орай кей жағдайда олай болмайды. Сөйлеу мәдениетінің аясы кең, қызметі сан алуан. Сондықтан да болашақ актерге оны оқып, меңгеру үшін қойылатын талаптар да күшейе түсті. Мәдениет алаңы – сахна болса, сөйлеу мәдениетінің ошағы – сахна тілі. Себебі, сахнада тоқсан ауыз сөзді тобықтай қып түйіндеп айту, кімге болсын оңайға түсе қоймасы анық. Ал, оған үйрететін – сахна тілі. М.Балақаев «Тіл мәдениеті және қазақ тілін оқыту» атты кітабының «Сөйлеу мәдениеті және шешендік» деген тарауында «Шешендік – ой-пікірді тыңдаушыларға айқын, анық, әсерлі етіп айту (жазу) шеберлігі. Сөйлесудің, сөйлеудің әдеттегі қарапайым қызметі пікір алысу, өзгелерге сөйлеушінің ой- пікірін білдіру болса, шешендік трибунасына шыққандар нәрлі, тартымды сөздер арқылы тыңдаушылардың сана-сезіміне әсер етуді көздейді» [4. 82 б.] – деген болатын. Бұл тұрғыда белгілі актер, өнертану кандидаты Тұңғышбай әл-Тарази шешендік өнердің рөл жасаудағы ерекшелігі мен маңыздылығы туралы айта келе, «Әлбетте, шешендік өнер қолданылған эпизодтар мен жекеленген сахналардың композициялық шешімдерін іздеуде, режиссерлардың алдымен театр өнерінің заңдылықтарына тәуелділігін, кәсіби түрдегі ұстанымдарын түсінуге болады. Дау-дамай шешетін сот отырыстарындағы шешендік пен театрдағы шешендік өнерді бір кеңістікте қарайластыру доғалдық екені рас. Соттағы шешендік – күнделікті өмірде болып жатқан дау тартысы, әділет іздеген айыптаушы мен қорғаушының айтысы да, ал театрдағысы – өнер» [5. 50 б.] – деп, біз айтып отырған мәселелерді өнер деп, бір сөзбен түйіндегенін түсіну қиын емес. Жалпы айтқанда шешендік өнер, сөйлеу мәдениеті, тіл мәдениеті, сахна тілі, сөйлеу техникасы бір ұғымды білдіргенімен парықтары әр басқа. Дей тұрғанмен, осынау ағайындас- бауырлас салалардың бастарын біріктіретін, бір арнаға тоғыстыратын – сахналық сөйлеу мәдениеті. Театрдың негізгі мүшесі – актер. Ал, ак­тер­дің сахнадағы басты қаруы – сөз, сөз әре­кеті. Сахналық туындының идеялық мазмұн-мағынасы сөйлеген сөз арқылы жетеді деп, тіл танушы ғалымдар да бекер айтпаған. Сол себепті, театр өнерінің қажетті сұраныстарға сай дамып отыруына сөз өнерінің ықпалы айрықша болып қала бермек. Іn artіcle one of the basіc problems of a theatrіcal art іs consіdered. Іt іs recommended to develop a standard of speech іn creatіvіty of the actor. Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Р. Сыздық. Сөз сазы. – Алматы, «Санат», 1995ж., 117 бет. 2. Қабуснама. Өзбек тілінен аударған Т.Айнабеков. – Алматы, 2005ж., 160 бет. 3. Байсеркенов М. Сахна және актер. – Алматы, «Ана тілі», 1993ж., 336 бет. 4. М. Балақаев. Тіл мәдениеті және қазақ тілін оқыту. – Алматы, «Мектеп», 1989ж., 96 бет. 5. Тұңғышбай әл-Тарази. Сөз. /Ғылыми теориялық зерттеу/. – А., «Нұрлы әлем», 2008ж., 2 томдық, 1 том, 272 бет. 6. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы, «Ана тілі», 1992ж., 448 бет. 7. С.Құрманғалиева, М.Жармұқамедов. Қазақтың шешендік өнері /бағдарлама/, – Алматы, «Мұраттас» ғылыми – зерттеу және баспа орталығы, 1994ж., 38 бет

3198 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз