• Ел мұраты
  • 26 Ақпан, 2016

Нұрсұлтан Назарбаев: Біздің ортақ мүддеміз – өсіп-өркендеген Қазақстан

Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төр­ағалы­ғымен партияның кезектен тыс ХVІІ съезі өтті.

Съезге барлығы екі мыңнан астам адам қатысты. Соның ішінде еліміздің барлық өңірлеріндегі партия филиалдарының конференцияларында сайланған делегаттардан басқа мемлекеттік басқару органдарының, ұлттық холдингтердің басшылары, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының, дипломатиялық корпус пен БАҚ-тардың өкілдері болды. 


Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев съезд жұмысын бас­тап, жиынның жұмысшы органдары сайланып, күн тәртібі бекітілді. Онда басқа мәселелермен қатар биылғы жылдың 20 наурызында өтетін Мәжілістің кезектен тыс сайлауына үміткерлердің партиялық тізімі бекітілді. Партияның «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасы қабылданып, партияның Саяси кеңесі құрамына өзгерістер енгізілді.
Съезде негізгі баяндаманы Елбасы – «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә. На­зарбаев жасады. Мемлекет басшысы өз сөзінде елді дамытудың негізгі мәсе­лелеріне тоқталып, «Нұр Отан» партиясының алдына жаңа сайлауалды бағ­дарламасына қатысты бірқатар нақты міндет қойды. Елбасы өткен жылы басталған Бес институттық реформаны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін 59 жаңа заң қабылданғанын айтты. Бүгінде барлық мемлекеттік органдар оған қатысты белсене жұмыс жүргізуде, қазірдің өзінде нақты нәтижелер бар.
– Бес реформаны тиімді жүзеге асыру – біздің ХХI ғасырда табысты болуымыздың кілті. 100 қадам – шын мәнінде елді әрі қарай дамытудың жүйелі мәселелеріне арналған менің 100 нақты шешімім. Ұлт Жоспары орындалуы үшін Ұлттық комиссия жұмысына қоса барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметтердің кәсіби іс-қимылы қажет. Сондықтан әкімдер және «Нұр Отан» партиясының бүкіл жүйесі мұны ең басты міндеттің бірі санағаны жөн. Ұлт Жоспары біздің алдағы бесжылдық кезеңге арналған жаңа сайлауалды бағдарламамыздың өзегі болып табылады, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы сайлау алдындағы бағдарламаның негізгі бағыттарына да тоқталып өтті.
Бірінші. Дағдарысқа қарсы тұрақ­тан­дыру. Халықтың іскерлік белсенділігін және жұ­мыспен қамтылуын қолдауға бағытталған шараларды қарастырған Дағдарысқа қарсы бағдарлама қабылданды. Тек биылдың өзін­де осы мақсатқа республикалық бюд­жет­тен 225 миллиард теңге көлемінде арнайы резерв қарастырылған.
– Біз еңбек адамдарына «Жұмыспен қамту – 2020» Жол картасының маңызды­лығын арттыру арқылы қолдау көрсетеміз. 2015 жылы «Нұрлы Жол» бағдарламасына 770 миллиард теңге қарастырылды, ол 93% игерілді. 500 шақырымға жуық автомобиль жолы салынды, қайта жөнделді. 7000 пәтер салынды, оған қосымша Тұрғын үй құрылыс-жинақ банкі арқылы 3700 пәтер берілді, сондай-ақ 51 білім беру нысаны іске қосылды. Кәсіпкерлікті қолдауға 100 мил­лиард теңге бөлінді. Агроөнеркәсіп ке­шеніне, автоөндірушілерге және басқа да салаларға көмек көрсетілді. Бұл – бір жылғы жұмыстың нәтижесі. Алдағы уа­қытта жеке бизнесті, жұмысшыларды қайта даярлау және біліктілігін арттыру ісін қар­жыландыру көлемі ұлғайтылады. Жалпы, «Нұрлы Жол» жобаларын жүзеге асыру барысы таяу жылдарда 400 мың жұмыс орнының ашылуын қамтамасыз етеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті әлеуметтік ма­ңызы бар тауарлар бағасының алып­са­тарлық арқылы өсуіне жол бермеудің ма­ңыз­­дылығына назар аударды. Осыған бай­­ланысты елімізде өнім шығару көлемін ұл­ғайту қажет.
Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік жылдары елде бизнесті дамыту үшін барлық қажетті жағдай жасалғанын атап өтті.
– Біз көптеген ауқатты адамдарды қа­лыптастырдық, олар елімізде капитал жи­нақтады. Енді шетелдегі мүліктерді заң­дастырып, Қазақстанға қаражат әкелу керек.
Бақыт та, байлық та, өмір де өз елімізде. Бүгінде республикада жекешелендіру жүріп жатыр. Олардың осы үрдіске қатысып, нысандар сатып алуына және қазақстандықтар үшін жұмыс орындарын ашып, өндірісті дамыту арқылы табыс табуына болады, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы мемлекеттік шығыстардың бар­лық жүйесі қатаң үнемдеу қағидатына негізделетінін айтты. Экономикалық өсім­нің қосымша көзі ретінде өңіраралық коо­перацияға назар аударылды.
Екінші. Экономиканы құрылымдық тұрғыдан жаңғырту.
4 арқаулық саланы баса дамыту құ­ры­­лымдық өзгерістердің негізі болады. Мә­селен, түсті металлургияда төртінші жә­не бесінші қайтара өңдеуге көшу 2021 жыл­ға қарай осы саладағы экспорттық өнімдер үлесін 20%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Нұрсұлтан Назарбаев мұнай-газ сек­торының бәсекеге қабілеттілігін арттыру ша­ра­ларын жүзеге асырудың маңыз­ды­лы­ғын айтты.
– Біз «Қашаған» кенішінде коммер­циялық өндіру басталады деп күтіп отырмыз. «Теңізшевройл» ЖШС өндірісін ұлғайту мұнайдың қосымша көлемін қамтамасыз етеді. Каспий құбыр консорциумының қуат­тылығын арттыру ісін аяқтау қажет. «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының құ­рылысы да аяқталып келеді. 2018 жылға қарай нарық сұранысын толықтай отандық өнімдермен – бензинмен, дизельдік отынмен, авиакеросинмен және газбен қам­тамасыз ету міндетін қоямын. Мұнай және газ нарығын ырықтандыру, мұнай өңдеуші кәсіпорындарға коммерциялық қызметтерін қайтарып беру маңызды. 2021 жылға қарай елдегі мұнай өндіру көлемі жылына 92 миллион тоннаға жетеді, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы электр энергетикасы кешенінде инвестиция үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігін атап өтті.
– 2019 жылы KEGOK базасында қуат­ты бірыңғай сатып алушыны енгізу жос­парланған. Жаңғыртылатын энер­ге­ти­каның отандық секторының дамуына алдағы ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесі қуатты серпін береді. Бұл болашақтағы «жасыл экономикаға» қарай маңызды қадам болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күшінің бірі аграрлық сектор болатынына назар аударды.
– Бүгінде біз өндірілген өнімді субси­дия­лауға көшіп жатырмыз, бұл ауыл­ша­руашылығы жерлерін тиімді пайда­ла­нуға және аграрлық кешен­нің жұмысын жақ­сартуға септігін тигізеді. Жаңа технологиялар мен өндіріс инфрақұрылымдарын енгізу ауылшаруашылығындағы еңбек өнім­­ділігінің өсімін 1,5 есеге арттыруға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы Астанада үш ғылыми-техно­логиялық кластерді – жоғары техноло­гиялар, биомедицина және геология кластерін дамытудың маңыздылығын айтты. Сонымен қатар, Алматы инновациялық технологиялар паркінде экспортқа бағдар­ланған кемінде 2 жаңа бағыт, өңірлік стартап-хаб және трансұлттық корпорациялардың қа­тысуымен 5 технологиялар дамыту орта­лығы құрылады. Мемлекет басшысы бұл жобалар таяп келе жатқан Төртінші өнер­кәсіптік революция аясында маңызды орын алатынын айтты.
– Цифрлық революция – бұл қазіргі әлем құрылымы үшін елеулі сынақ. Мысалы, цифрлы державалар 2020 жылға қарай 5 миллион жұмыс орнынан айырылуы мүмкін. Сондықтан біз баршаға қолжетімді білімге – балабақшадан бастап кәсіби білімге, қызметкерлерді оқытуға кеңі­нен инвестиция салуымыз қажет. Бұған мемлекет қана емес, әрбір адам қатысуы тиіс. Бизнес болашақты ойлауы керек, оқытып, жұмыс орындарын аша отырып, бос қаражатын соған салуы керек, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы «Нұрлы Жол» мем­лекеттік бағдарламасына сәйкес елдің транзит-көлік әлеуеті барынша дамытылатынын атап өтті.
– Биыл «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистралінің құрылысы аяқталады. Тағы 2 перспективалы жоба – Еуразиялық транс­құрлықтық дәліз бен Транскаспий бағыты жүзеге асырылады. Маңғыстау облысында Құрық портында паром кешені құрылысы салынуда, Астана халықаралық әуежайы қайта жөнделіп жатыр. Контей­нерлік тасымалдың логистикалық желісін дамыту жалғастырылады. Қазірдің өзінде Ляньюньган портынан Еуропаға тауарлар Қазақстан арқылы жеткізілуде. Осының барлығының есебінен ішкі жалпы өнім көлемінің жылдық өсімі орташа 5 пайызды құрайтын болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Үшінші. Қазақстандықтардың тұр­мыс сапасының жаңа стандарттары.
Қа­­зақ­стан Президенті денсаулық сақтауды да­­мы­тудың 2016-2019 жылдарға арналған «Ден­­саулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында базалық медициналық көмектің ке­пілді көлеміндегі жеке сектордың үлесі ұлғайтылатынына, әлеуметтік нысандар құ­рылысы кезінде мемлекет-жекеменшік се­ріктестігі дамытылатынына назар аударды.
Сонымен қатар биыл білім мен ғылымды дамытудың жаңартылған мемлекеттік бағдарламасын қабылдау керек.
– Үш ауысымды оқытудан түбегейлі арылу үшін қазір 34 мектептің құрылысы жүріп жатыр. 2017 жылы жаңа «Тегін кәсіптік-техникалық білім – баршаға» жобасын жүзеге асыру басталады. 2019 жылы мектеп оқушыларының алғашқы жұмысшы мамандығын тегін алуы қамтамасыз етіледі. Оқыту үдерісін өндіріспен тығыз байланыстыруды қамтамасыз етіп, жастардың бойында еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар мен қабілеттер қалыптастыру, жұмыс берушілерді кадр даярлау үдерісіне тарту мәселесін қарастыру қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев халықтың әлеу­меттік әлсіз топтарын, мүгедектігі бар азаматтарды қолдаудың маңыздылығына тоқталып өтті.
– Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа жүйесі енгізіледі. Жәрдемақылар көлемі әр отбасының табыс деңгейіне қарай белгі­ленеді. Бұл ретте мұндай отбасылардың еңбекке қабілетті мүшелері жұмыспен қам­тудың өңірлік бағдарламаларына қаты­суға міндетті болады. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға бүгінде алып жүрген бірнеше әлеуметтік төлемдер құнына тең бірыңғай жәрдемақы төленеді. Жаңа баспана саясаты жалға берілетін баспаналардың кең ауқымды құрылысын жүргізуге бағдарланады. «Нұр Отан» елдің проблемаларына баса көңіл бөліп, осы жұмыстың басында болуға тиіс. Бұл орайда белгілі бір тәжірибе бар. Мысалы, біздің партиялық ұйымдардың атсалысуы арқылы 22 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат жұмысқа орналасты. Жасотандықтар осындай патриоттық істердің бастамашысы болуы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Төртінші. Конституциялық патриотизм мемлекеті.
Мемлекет басшысы қоғамдық тәртіп, баршаның заңға бағынуы және қауіпсіздік конституциялық патриотизмнің басты қағи­даттары болып саналатынын атап өтті.
– Елдің және оның халқының бірлігін бұзуды мақсат еткен кез келген адамның әрекетінің тамырына батыл түрде балта шабу керек, – деді.
Бесінші.  Өңірлік    тұрақтылық,  ин­те­­гра­ция және қауіпсіздік. Қазақ­стан Президенті еліміздің Ресей, Қытай, АҚШ, ЕО, ТМД мем­­лекеттері және Орталық Азиядағы көр­шілермен стратегиялық серіктестік қарым-қатынасын нығайтатынына назар ау­дарды.
– Бейбітшілік пен қауіпсіздік мүддесі жолында Орталық Азия тұрақтылықтың, ынтымақтастықтың және тату көршілес­тіктің аумағына айналу үшін қажетті нәрсенің бәрін жасау маңызды. Сондықтан Қазақстан Орталық Азиядағы көршілерін тағы да ынтымақтастықтың көпжақты пішімдерін жаңғыртуға шақырады. Бұл бү­кіл өңірдің экономикалық және геосаяси әлеуетінің артуына септігін тигізеді. Біз еуразиялық интеграция үдерісін нығайтуға жан-жақты жағдай жасайтын боламыз. Батыл айта аламын, «Нұр Отан» партиясы өзін Еуразия оптимистерінің партиясы ретінде көрсетіп отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ нарықты қалыптастыру үшін жүйелі қадам жасаудың маңызды екенін айтты.
– Қазақстан Қытай Халық Республикасы ұсынған «Жібек жолының эконо­микалық белдеуі» атты жаңа жобаның жұ­мы­сына қатысады. Біз Қытаймен бірге химия, металлургия, көлік және машина құрастыру мен энергетика саласындағы Қы­тай капиталының үлесі бар кәсіпорын құ­рылысы жөніндегі бірлескен бағдарламаға қол қойып та үлгердік. Қазақстан Ауқымды ашық Еуразияның ауқымды жаңа инте­грациялық идеясының бастамашысы болды, – деді Қазақстан Президенті.
Сон­­дай-ақ Мемлекет басшысы біздің елдің Еу­ро­одақпен кеңейтілген ынтымақтастық туралы келісімге қол қойғанын және ДСҰ-ға кіргенін еске салды.
Қазақстан Президенті әлемде қауіп­сіздікке жаңа қатерлер туындап жат­қан кезде республикамыз халықаралық қоғамдастықты жаһандық сенімді қалпына келтіруге шақырып отырғанын айтты.
– Біз бүкіл әлем елдеріне жаппай қырып-жою қаруының, сондай-ақ халықаралық терроризмнің таралуы мен өркен жаюының қатерін болдырмау үшін бірігуге үндеген сөзімізді арнаймыз. Ертең балаларымыз бен немерелеріміз жер бетінде тыныш өмір сүруі үшін мұны бүгін жасау керек, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отанның» барлық саяси күштермен сындарлы өзара іс-қимыл жүргізуге әзір екенін атап өтті.
– Мен партияның барлық филиалдары мен ұйымдарының сайлауға дайындық жұмысын белсене жүргізіп, жеңіске жету­леріне тілектестік білдіремін. Сайлауалды бағдарламамызды әрбір сайлаушыға жеткізу керек. Біздің ортақ мүддеміз – тұ­рақты, біртұтас және өсіп-өркендеген Қа­­зақстан, – деді Мемлекет басшысы.
Сон­дай-ақ Қазақстан Президенті Парламент Мә­жілісінің депутаттығына партия ұсынған кан­дидаттарға алдағы сайлау науқаны барысында табыс тіледі.
– Сайлауды әлемнің түрлі елдерінен келген көптеген байқаушылар бақылайтын болады. Ол ашық, әділ және бәсекелестік күреспен өтуге тиіс. Кандидаттар дайындалып, істі білетінін көрсете отырып, сенімді түрде халыққа партия қызметінің нәтижелерін түсіндіргені жөн. Өткен шақы­рылым кезеңінде жұмыс істеген және орасан жұмыс атқарған депутаттарға шынайы ризашылық білдіремін. Партия атынан депутаттыққа ұсынылатын кандидаттар тізімін жаңарту оның өкілдерінің құрамын жасарту ниетінен, осы кезеңге лайық мамандарды іріктеу қажеттілігінен туындады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Баяндама аяқталған соң жарыссөз бас­талып, алғашқы сөз мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековке бе­рілді. Ұлт мұратын, еліміздің келешегін, әлемде болып жатқан құбылыстарды терең толғаған сөзіңізді үлкен тебіреніспен тыңдадық, – деп бастады ол өзінің сөзін. Халықаралық ахуалдың қаншалықты қиын­дағанын бәріміз де көріп, біліп, сезіп отырмыз. Саяси қайшылықтар кеулеп, қаржы дағдарысы меңдеп, алпауыт елдер арпалысып, дүниенің астаң-кестеңі шығып, қан төгілуде. Бағдадтың басынан бақ тайып, арабтар босқындыққа ұшырауда, адам айтса нанғысыз санкциялар қаптауда. Мұның салдарының бізге де әсер етпеуі мүмкін емес, дей келіп шешен қалай десе де Қазақстан халқының дәл бүгін соншалықты абыржып отырмағанын атап өтті. Өркендеген, қанатын кеңге жайған берекелі еліміз бар; құт дарып, қыдыр қонған жеріміз бар; ардан туған, арман қуған өзіңіздей еріміз бар. Ел тағы да Сізге сеніп отыр, – деді М.Жолдасбеков.
Сонымен бірге алқалы жиында Астана қаласының әкімі, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Әділбек Жақсыбеков, Каспий өңірлік заманауи колледжінің директоры Бақытгүл Хаменова, «Родина» агрофирмасының бас директоры Иван Сауэр, Арал балық өңдеу зауытының аға шебері Күлмариям Кемалова, «ҚазақЖолҚұрылыс» ЖШС Солтүстік-шығыс филиалының ше­бері Дмитрий Цурский, «Қазақстан барысы» турнирінің екі дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев, тележүргізуші Майя Бекбаева, «Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі» акционерлік қоғамы жентек өндіру фабрикасы директорының орынбасары Руслан Исмұхамбетов, Қарағанды облысындағы «КазПласт» ЖШС бас директоры Сергей Водько, Назарбаев Университетінің сту­денті Дәурен Лесхан және т.б. сөз алып, Елбасы ұсынған реформалар Қазақстанды дамудың даңғыл жолынан адастырмай келе жатқанын  атап өтті, «Нұр Отан» пар­тиясының халық сенімінен шығып, көптеген игі істерге ұйытқы бола беретініне сенім білдірді.
Съезд жұмысы аяқталған соң, Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назар­баев жиынды қорытындылап, барша қазақ­стандықтарға, съезд делегаттарына ел игілігі үшін атқарып жатқан жұмыстарының табыс­ты болуын тіледі.

360 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз