• Заманхат
  • 26 Ақпан, 2016

ҚАЗАҚ ТІЛІН ЖҮРГІЗЕТІН КОМИССИЯНЫҢ ҚҰЛАҒЫНА АЛТЫН СЫРҒА

Қазақ тілі мемлекет тілі болды, енді заң-закун, бұйрық-жарлықтың, кеңсе іс­те­рінің бәрін қазақшаға айналдырамыз деп талпынғанымызға талай жыл, қазақ тілін жүргізу үшін орталықта дербес комиссия да құрылды. Бірақ орталық комиссияның өзі болсын, я жер-жердегі бөлімдері болсын, қазақ тілі қалай жүріп жатқанын жете тексеріп отырғандығына шегіміз бар. Комиссия ел арасындағы істер түгіл, орталық мекемелердің өзінде не болып, не қойып жатқанын да білмейтін көрінеді.

Мұның растығына ішкі істер комиссариатының бір жарлығын (приказын) оқушылардың алдына тарталық. Бұл жарлықты Қызылорда болысының төңкеріс комитеті алғаннан кейін, көшірмесін куәландырып қарауындағы 4-ауыл аткоміне қолданып орындап тұрмаққа жолдаған екен. Қызылорда қаласының көшесінде, «шырағым, мынаны бізге түсіндірші, өзіміз не екенін біле алмай қойдық» деп әлгі жарлықты қолына ұстап жүр­ген қазаққа кездестік. Бірақ жарлықтың тіліне біз де түсіне алмадық. Содан кейін қазақ деген бірсыпыра елміз ғой, көп ішінен бір зерек табылар деген үмітпен мұны газет жүзінде жариялауды лайық көрдік. Оқып қараңдар, бір сөзі өзгертілген жоқ. Жарлық мынау:

ПРИКАЗ:

Ішкі істер халық комиссариатының бөлеу бөлімінің бастығының, 70 санды 15 июльдегі Осымен мәлім қылады қолданып орындап тұрмаққа дайындалған инстрокцияны бұл инстрокция қабылданған халық комиссар, халық соты, жер, су бөлімінен ден саулық бөлімінен 1. кімге қай бөлімнен бұйыратын міндетті жұмыс Сәлсәбет, ауылатком дайындалады. Халық ортасынан міндетті жұмыс Сәлсәбет бұйырады. өзінің қол астындағы отырғушы граждандарға Сәлсәбет ауыл атком дайындалады, яки сайланады. Әр төрт айдан бұрын өзінің айналасындағылар мен екі рет бір айда бір адам екі рет сайланады. Реттесіп үй басына барлық Сәлсәбет ауыл аткомдары сайлайды. Еркек болса 20 жас пен 50 жастың арасында болса, 20 жас пен 45 жастың арасында болса әйел сайланады. Егерде Сәлсәбет ауыл аткомдарға қарсылық қылған адам болса ол уақытта Сәлсәбет ауыл атком 79 уголовный статьяға муашық айыпты қылып ұстайды. Сәлсәбет ауыл аткомынен ыхтиярсыз кетуге болмайды. Өзінің қармағындағы Сәлсәбет ауыл аткомына бағынады. Сәлсебет өзінің халқының тыныш болуы үшін нағызына қолын қойған копия дұрыс көшірілді, деп Қызылорда болревком іс басқарушысы Садақбаев.
Қызылорда болысының төңкеріс комитетінен ауыл аткоміне.
25. VIII – 25
ИСХ, № 429
Осының сыртындағы приказды қолданып орындап тұрмаққа Қызылорда ревком жауапты хатшысы Удербайұлы.
Іс басқарушы Садақбаев.

Міне, осы да қазақша ма? Бүйтіп қазақшалағанша орысшаласа біреу оқыр еді. Түсінер еді. Бұл приказ бүкіл Қазақстан еліне тегіс жайылды ғой. Мұндай приказ біреу ғана емес, осы сықылды талай «қазақша» жазулар елдерге тарап кеткен шығар. Осы күнде де жазылып жатқан шығар.
Қазақ тілін жүргізетін комиссия болсын, өзге мекемелер болсын, мұндай сорақы іске көзінің қырын салмаса, әрі-беріден соң «қазақшаң» мынау болса, орыс болып-ақ кетелік» – деушілер табылмай ма? Сонда не бетімізді айтамыз?

«Еңбекші қазақ», 1925 ж. 7 қыркүйек.

355 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз