• Заманхат
  • 04 Сәуір, 2016

Қазақтың әсемөнерлік кемеңгерлігі хақында

Қазақ халқы сонау арғы ғасырларда-ақ озық сахара мәдениетін қалыптастырып,  өркениеттің дамуы мен ілгерілеуіне өшпес үлестер қоса білді. Әрі ұшан- теңіз мәйекті мәдениеттерді өмірге әкеліп,  оны күнделікті тіршілікте қолданысқа салып отырған. Жаратылыстық және жағрапиялық жағдайға сай асқар тау,  айбынды өзен,  жасыл жайлауға ірге көмген қазақ халқының тарих бетіне қалдырған осындай асыл мұрасы жартас суреттерінен айшықты әсемөнерлік ке­мең­герлік пен дәуірлік мәдениеттің айқын бейнесін көріп-біле аламыз.  

Ертедегі ата-бабаларымыздың ті­ректі кәсібі мал шаруашылығы болған соң қиыр жайлап,  шет қонып,  жаз - жайлау,  қыс - қыстауға көшіп-қонып тіршілік еткендіктен, ұлан-байтақ сахараның жаратылыстық Ерекшелігін жетік білгені шындық. Әрине,  бір ұлтты оның озық мәдениеті ғана өзге жұртқа таныта алады. Тарихи жазбалар мен деректер бізге арғы ата-бабаларымыздың көшпенді мал шаруашылығымен айналысумен қатар,  қолөнер техникасы,  сауда-саттық,  тіл-жазу,  діни наным-сенім,  ғылым-білім мәдениеті,  аңшылық,  егін шаруашылығы, заң-жарлық,  астрономия,  кәлендар,  музыка ғы­лымы жақтарында да айшықты мәде­ниеттер жаратқанын дәлелдейді. Дана халқымыздың жартастарға сызып қалдырған суреттері мен киіз үй жасау мәдениеті,  киім- кешек мәдениеті және ат әбзелдерін жасау мәдениеті тектес ұлттық құндылықтарынан байырғы дала көкірек бабаларымыздың жазу техникасы жарыққа шықпаған арғы ғасырлардың өзінде кереметтей әсемөнерлік кемеңгерлікке ие екенін ай­ғақтайды.  
Ғалымдардың зерттеулеріне негіздел­генде,  ескі заман жартас суреттерінен аң аулау көріністері,  түз тағылары,  мал баққан көрініс,  киіз үй,  жорық жасау сияқты көшпенді халқымыздың тұрмыс- тіршілігіне қатысты көріністер мен суреттер көптеп кездеседі. Осы жартас суреттері тасқа ойылып,  көркемдеп түсірілуде үлкен кемеңгерлікті қажет ететіні шындық. Өйткені, ондағы суреттер халқымыздың табиғат дүниесімен біте қайнасқан тұрмыс дағдысын,  жағы­рапиялық ерекшелігін,  арманы мен тіле­гін айқын бейнелеген. Бұл туралы қытайдағы ғалым,  тарихшы су Бихай  «Қа­зақ мәдениет тарихы» атты кіта­бында мынадай деректер келтіреді:   «Жартас суреттері негізінен суы мол,  шөбі шүйгін жерлерден,  өте-мөте,  қыстаулардан көп кезігеді. Өйткені, қыстау бір жыл ішінде отыратын уақыты ең ұзын орын саналады. Мұнан тыс,  тағы да биік таулы жайы­лымдардан,  үстірт таулы өңір жайлаулардан,  көктеу-күзеулерден де,  сондай-ақ көш жолдарынан да кезігеді. Бояулы жартас суреттері бастысы,  үңгірлерден мол ұшырайды. Олардың көбін жосамен бояп,  нарт қызыл,  қара,  ақ түстерді істеткенін көруге болады. Қашап және егеп түсірген суреттерді негізінен сұры және қоңыр түсті,  беті едәуір түзу,  біршама қатты құм тастарға,  гранит тастарға,  тақта тастарға түсіргенін байқауға болады. Көбінесе беті күн шығысқа қараған тастарды пайдаланғаны байқалады. Қашау әдісінде бастысы,  жуантықтау өшкін сызықтар арқылы суреттің нобайын салып,  жартастарға түрлі хаюандардың,  үй хаюандарының нұсқасын түсіруді негіз еткен,  осыған қоса адам,  садақ,  жебе,  киіз үй,  арба,  таңба,  күн,  ай,  алақан сықылдылардың суреттерін де түсірген. Хаюандардан бұғы,  жолбарыс,  қасқыр,  түлкі,  тауешкі,  бүркіт,  аю,  жылқы,  сыйыр,  нар,  түйе,  ит секілділердің де суретін түсірген»  (72- бет) .  
 Су Бихай ғалымның тілге тиек еткен жартас суреттері сурет салушының күшті әсемөнерлік қуаты бар екеніне шүбәсіз сендіреді. Өйткені, сурет салушылардың суретті қандай жартасқа қандай әдіспен салу керектігін айқын аңғарғаны жартастардағы сурет туындыларынан айқын білініп тұрғаны шүбәсіз. Тау-тасты еркін аралап өмір кешкен ұлтымыз төрт түлік малды тіршілік арқауы еткен соң,  мал түлігіне деген сүйіспеншілігін әсемөнерлік қуаты арқылы бейнелеп отырған. Бұған дәлел шыңжаңдағы Тарбағатай аймағы Шағантоғай ауданының қызылбастау деген жеріндегі жартас суреті,  суреттің ұзындығы 2. 2 метр,  ені 9. 0 метр,  тасқа қашалған суретте қора порымындағы қалтқы және бір топ мал түлігі,  онымен қоса иесіне ілесіп жүрген ит бейнеленген. Жаяу адамның дауыстап мал қайырған бейнесі мен ат мінген адамның бөлінген малдарды қайырмақтап жүрген көрінісі бейнеленген. Осы суреттің жартаста бейнеленуі көшпенді ұлтымыздың мал шаруашылық саласымен айналыса жүріп,  басқан-тұрған жерінде күнделікті тіршілігін,  әсері мен сезімін жазып хатқа түсіре алмасада,  сол дәуірдің көркем үлгісімен тас бетіне таңба етіп қал­дыр­ғанынан-ақ асқан әсемөнерлік кемеңгерлігін аңғарамыз.  
 Ғалымдардың зер сала зерттеуінің жемісінде Шыңжаңдағы кей өңірлерден жартасқа түсірілген садақ тартып,  аң аулаған көрініс суреті,  би билеп,  ән салып тұрған көрініс суреттері де бабаларымыз жасаған сол дәуірдің сырын шертіп,  ескі заманнан дерек беретіні бізге аян. Мұнымен қоса тарих,  дін,  этнография,  ою-өрнек сияқты алуан түрлі салалардан айқын дерек көрсететін жартас суреттері,  әрине,  асқан кемеңгерліктің туындысы. Ұлтымыздың әсемөнерлік негізі жа­саған қоғамдық ортасына тікелей қатысы барлығы бұлжымас ақиқат. Парасатты халқымыздың ежелден бері қолөнер кәсібінен де құр алақан емес екені мәлім. Бұған дәлел киіз үй жасау (үйшілік),  теміршілік,  зергерлік,  орымшілік,  тігіншілік,  тері илеу,  етікшілік,  т.б. қолөнер түрлері. Ал, осы қолөнерлердің маңызды түрі киіз үй жасау өнерінде халқымыз өте жоғары өреге ие әсемөнерлік қабілетті пайдалана білген.  
 Жасаған киіз үйдің ішіне істетілетін басқұр,  желбау,  термебау және әр түрлі жіптерді түрлі ою-өрнекпен әсемдеуден сырт,  уық,  кереге сияқты мүліктерге де шеберлікпен өрнек салып,  киіз үй мәдениетіміздің құндылығы мен қуаттылығын асыра түскен. Еңбекші қазақ әйелдері жасау-жабдықтардың барлығына дерліктей ұлттық ою- өрнек қосып тігіп,  көрнекті өмір салты мен көркемөнерлік сезімді бейнелеген. Олардың қолынан жасалған дүниелер ұлтымыздың ақ көңіл де ашық-жарқын ұлттық мінезі мен ғұрып-әдетін,  өмірге деген ынта- сезімін бейнелеп,  ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан. «Ат – ер қанаты»  деп білген дана халқымыз ат әбзелдерін жасауға да айрықша әсемөнерлік икемділік танытып,  жан серігі болған тұлпарын сәндеп мініп жүруді абырой санаған. Ал, апаларымыздың шебер қолынан тігілетін қоржын көшпелі қазақ тұрмысына аса қажетті бұйым саналады. Қоржын − жүн жіптен тоқылып,  екі басты етіліп жасалатын,  атқа салуға қолайлы дорба. Қоржынның жасалу барысы қарапайым болғанымен бұған да күшті әсемөнерлік қабілет пайдаланылған. Жиып айтқанда, халқымыздың күнделікті тұрмысына істетілетін бұйымдарының барлығы да әсемөнерлік кемеңгерліктен туындаған. Ендеше, ұлтымыздың кейінгі ұрпақтарға қалдырған жауһар мәдениеттерін зерттеп- зерделеп,  оның құндылықтарын танып- білу біздің бұлтармас борышымыз екені көкейде жүргені абзал.  

Дүйсенәлі Әлімақын, 
  Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық 
университеті филология факультеті қазақ тілі 
және әдебиет мамандығының 
1 курс магистранты

477 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз