• Заманхат
  • 04 Сәуір, 2016

ҚЫТАЙ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ҚАЗІРГІ АҚПАРАТ-БАСПАСӨЗ КЕҢІСТІГІ

СУРЕТ:azattyq.org

Көп ұлтты Қытай Халық Респуб­ликасында бұл күндері бір миллион 500 мыңнан астам қазақ ұлты жасап келеді. Олар Шинжяң ұйғұр автономиялы районы мен Гансу, Шиыңхай өлкелеріне бытырай қоныстанған, әрі бұл өңірлер олардың байырғы ата-бабаларынан бері қоныстанып келе жатқан тарихи ата жұрты болып табылады. Қазақ ұлты жасаған жағырапиялық ортасы мен қалыптасқан тұрмыстық салт-санасына байланысты тумысынан ән мен күйге құмар, өнерсүйгіш.

Әсіресе, ауыз әдебиет мұрасы мейлінше бай. Қазақ ұлтының ертеде қала мәдениетін қалыптастырғаны жайында да тап­тырмас тарихи фактілер кездеседі. Айталық, дүниедегі ұлттар мен ұлыстардың бірден-бір мәдениет өлшемі болып та­былатын «Жазу» (таңба) жөнінен алып айт­сақ, қазақ ұлтының ертеден өзіне тән жазу мәдениеті болған. Бұл жөнінде әйгілі тарихшы Субихай мырза: «Ең соңғы археологиялық дәлелдеулерге не­гіз­дел­генде, қазақтар жазуының біздің заманымыздан бұрын пайда болуы әбден мүмкін» («Қазақтың мәдениет тарихы», шинжяң университеті баспасы, 1989-жыл. Қытайша, 154-бет), – дейді.  Десе­де, са­харада сағым қуған осынау қазақ ұлтының отырықты мәдениетке ауысып, дәуірдің озық техникаларымен қаруланып, ұлттық мәдениетін өркендетудің сәтін Қытай Халық Республикасының құры­луымен байланыстырған жөн. Бұл жағынан келгенде ұлтымыз өз өркениетінің өрісін Қытай Халық Республикасы азаттық ал­ғаннан кейін тапты.  
Қытай елі азаттық алғаннан кейін қазақ халқы жиі қоныстанған жерлерде ұлттық территориялы облыс, аудандар құрылып автономия саясаты жүзеге асты.    1954 жылы 27 қарашада Іле Қа­зақ Автономиялы Облысы құрылып, оған Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтары қарады. 1954 жылы 17 шілдеде Мори Қазақ Автономиялы Ауданы, 1954 жылы 30 қыркұйекте Баркөл Қазақ Автономиялы Ауданы, 1954 жылы 27 сәуірде Гансу өлкесінде Ақсай Қазақ Автономиялы Ауданы, 1954 жылы қаңтарда Чиңхай өлкесінде Хайши Мүңғұл-Тибет-Қазақ Автономиялы об­лысы құрылды. Бұл облыстағы Қазақ халқы 1984 жылы Шинжяңға қо­­ныс аударып, Алтай, Тарбағатай, Санжы, Үрімжі өңірлеріне қоныстанды («Ұлттар ынтымағы» журналы, 1999 жыл, №5сан, Бақытқан Біләл ұлының «Қытай қазақтары» атты мақаласына қараңыз). 
Қазақ ұлты еліміздегі бытыраңқы қоныстанған, орналасқан жер аумағы бір­шама кең, байтақ отанымыздың кең байтақ сахарасын ен жайлап шекараның шебінде орналасқан. Өткен тарихқа көз жіберсек қазақ ұлты отан тұтастығын қорғап, ұлы Жібек жолы арқылы өтетін батыс пен шығыс мәдениетінің байланысында да маңызды орын иелеп келген. Арысын алып айт­сақ, Хан хандығымен болған құдандалық байланысы да тарихтан белгілі, берісін алып айтсақ, Маузыдұң жолдас атап көрсеткен «Қытай төңкерісінің» бір бөлегі болып табылатын Үш Аймақ Революциясының ал­ғашқы оғы да гоминдаңға (Халықтық пар­тия) қарсы, міне, осы қазақ ұлты қоныстанған өңірден атылған. Шинжяң ұй­ғұр автономиялы районында жарық көріп келе жатқан әр дәрежелі газет-журналдардың сандық салыстырмасына көз жіберсек, әр ұлт тілінде шығатын газеттер көп санды орынды иелейді. Бұл жағынан келгенде Шинжяңның ақ­парат ісі құрылысында бастан-аяқ көп ұлттық ерекшелік сақталып келеді деуімізге болады. Мұның өзі Қытайда атқарылып отырған ұлттық саясаттың аб­залды­лығының арқасы. Айталық, 1994 жылы бүкіл Қытай мемлекеті бойынша ашық таратылатын Шинжяң ұйғұр авто­но­миялы районы аумағындағы әр ұлт тіл-жазуында шығатын газеттер са­ны жалпы 84-ке жетіп, мұның ішінде 10 газет қазақ тілінде жарық көрген. 1998 жылы Шинжяңда ресми тізімге алынып, ашық таратылып келе жатқан 154 түрлі журналдың 72-сі қытай тілінде, 80-і аз ұлт тілдеріндегі журналдар болып, қазақ тілінде 25 журнал жарық көр­ген. Міне, бұл аталған басылымдар баспа техникасы жағынан да қорғасын әріп, шаппаграф қатарлы қарапайым техникадан кейінгі кездері түбегейлі өзгеріп, дамыған дәуірдің қажетіне сай жаппай лазер нұрынан пайдаланатын реңді басылымдарға айналды. Әсіресе, 1978 жылы ашылған партия 11 кезекті орталық комитетінің үшінші жалпы мәжілісінен кейін, қазақ ақпарат-баспасөзі ұшқан құстай дамып, шыт жаңа бейнеге көшті. Реформа жасап, есік ашқан 30 жылдан бері қарай, еліміз ақпарат-баспасөз кәсібі томаға тұйықтықтан құтылып, есікті айқара ашу, Дыңшяупиң теориясын қыбыланама еткен қытайша ерекшелікке ие социализм құру баспасөз бағытының жетекшілігінде үздіксіз өркен жайып, күн сайын молайып, кемелденіп, әр ұлт халық бұқарасының сан салалы, көп қатпарлы рухани сұранысын толық қанағаттандырып, ХХІ ғасырдағы электрон дәуіріне қадам тастады.   2003 жылға келгендегі статистикалық мәліметке сүйенсек, «Шинжяңда жалпы 87 түрлі газет жарық көріп, мұның 44 қытай тіліндегі, 43 аз ұлт тілдеріндегі басылым» болып («Тілшілер қызметі» журналы, ұйғұрша, 2004 жыл №12 сан, 40-бет), автономиялы районымызда шығатын газеттермен оның таралымы 1990 жылдардың басы кезінде, бүкіл мемлекет көлеміндегі аз ұлт тіл-жазуында шығатын газеттермен салыстырғанда ең алдыңғы қатарға өтті. Нақты мысалға жүгінсек, автономиялы райондық парткомның орган газеті «Шинжяң газеті» әр күні қытай, ұйғұр, қазақ, мұңғұл тілдерінде жарық көреді. Бұл газет автономиялы район бойынша ықпалы ең зор газет, әрі мемлекет бойынша көп тілде шығатын таралымы мол бірден-бір газет болып табылады. Қазіргі күнде Қытайда қазақ тілінде кітап шығаратын 9 баспа, 11 газет, 30 журнал (бұдан сырт ішкі материал ретінде 3 газет, 10 журнал таратылады) бар. Сонымен бірге, қазақ тіліндегі бір телеарнасы, екі радио станциясы жерсерігі арқылы дүниеге таралса, екі телеарнасы мемлекетіміз ішінде хабар таратады. Облыс, аймақ, аудандарда орталық пен автономиялы районнан берілетін радио мен теле хабар-бағдарламаларын жалғап тарататын жергілікі радио-теле станциялары бар. Мұның өзі партиямыз бен үкіметіміздің аз ұлт тілі мен жазуына жанашырлық саясат қолданып келе жатқанының айғағы. Аталған газеттер мен радио-телевидениялар әр дәрежелі партия-үкімет органдарының үнін халыққа жеткізіп, бұқара мен үкімет ортасындағы көпірлік рөлін атқарып, қазақ ұлты­ның информациялық мәдениетін қа­лыптастырып, дамытып, ұлтымыздың мәдениет өресінің өрлеуіне орасан зор маңызды рөл ойнап келеді. Қазақ тілінде ашық таратылатын газеттер: «Шинжяң газеті» (1934 жыл),  «Пайдалану хабарлар» газеті (1975 жыл),  «Іле газеті» (1934 жыл),  «Алтай газеті» (1935 жыл),  «Тарбағатай газеті» (1953 жыл),  «Шинжяң ғылым-техника газеті» (1984 жыл),  «Шинжяң ағарту газеті» (1991 жыл),  «Іле өрендері» газеті (1959 жыл),  «Іле кеші» газеті (1992 жыл),  «Күйтің газеті» (1994-2003),  «Іле заң және тұрмыс» газеті (1985 жыл),  «Іле педагогикалық колледжі газеті» (1985 жылы), «Шинжяң шаруалар газеті» (2012 жыл)  «Азия кіндігі» (2015 жыл). Міне, бұл газеттердің жарық көрген жыл көрсеткішіне қарап отырсаңыз, еліміз азаттығының алды-артындағы бірлі-жарым газеттерден басқасы түгелімен еліміз азаттық алғаннан кейін жаңбырдан кейінгі дала гүліндей қаулап отырғанын көріп алуымызға болады. 
Қазақ тіліндегі тұңғыш радио хабары Шинжяң халық радио станциясы жағынан 1955 жылы 15 ақпанда жарым сағаттық уақытпен эфирге шыққан. 1971 жылдың 1 мамырынан бастап, орталық халық радио станциясы қазақ тілінде Бей­жиңнен хабар тарата бастады. 1996 жылы қазан айынан бастап қазақ тіліндегі радио бағдарламасы кеңістікке жасанды серік арқылы көтерілді. Бүгінгі таңда орталық халық радио станциясының қазақ тіліндегі бағдарламасы мен шин­жяң халық радио станциясының қазақ радиосы жасанды серік, қысқа толқын, орта толқын, жиілік, сымды теле торабы болып 6 жақтан бір тұлғаланып, көп жиілікте тарату даралығымен бүкіл Шин­жяң әрі көршілес елдерге, Орта Азия өңірлеріне, тынық мұқит алқабына дейін 18 сағаттық қазақ тіліндегі бағдарламаларды еркін жеткізе алатын озық техникалы ақпарат арнасына айналды. Қазақ тіліндегі тұңғыш теле хабар 1985 жылы көгілдір экранға шығып, бұл арна «Шинжяң Телевизиясы 3-арнасы» деп аталды. 2002 жылы қазақ тілінде бағдарлама тарататын «Шинжяң телевизия 8-арнасы» (алуан өнер арнасы) бой көтерді. 1999 жылы 1 қыркүйектен бастап, CCTV-дің «Мемлекеттік – халықаралық хабарлары» күнбе күн қазақ көрермендеріне көрсетіле бастады. 2004 жылы 30 желтоқсанда, шинжяң телевизиясының балаларға ар­налған қазақ тіліндегі бағдарламалары 12-арнада күніне 4 сағаттан эфирге шығады. Шинжяң телевизиясы бұл күндері күніне 33 сағат қазақша бағдарлама (мұның 17 сағаты 3-арнада, 12 сағаты 8-арнада, 4 сағаты 12-арнада) таратады. Мұның ішінде 2010 жылдан бері шинжяң телевизиясы 3-арнасының хабар-бағдарламалары жер­се­рігі арқылы жершарының түкпір-түк­піріне жете бастады. Жалпы, қазіргі таңда жан саны 100 мыңнан асатын аз ұлттардың барлығында да өз ана тілінде таратылатын радио-телевизия станциялары бар. Шинжяңдағы 16 аймақ-облыс-қала-ау­дандардың радио-телевизия станциялары, бөлімшелері бар. Олар қытай тілімен бірге сол  орындағы негізгі  ұлттардың өз ана тілінде бағдарламаларды таратып келе жатыр. Ал, журналдарымыз мазмұндық ерек­шелігіне қарай идеялық үгіт-насихатты, партияның негіздік білімдерін, сондай-ақ, ұлтымыздың мәдениет-көркемөнер, әдебиет, тіл, дін, салт-сана т. б саланы қам­тыған ұлттың өзін-өзі тану, зерттеу, дамыту жақтарында жауынгерлік рөлін арттырап келеді. Партия мен үкіметіміз бұл жа­ғында барынша қолайлы саясаттар белгілеп, аз ұлт тіл-жазуындағы бас­пасөздерді барынша қолдап, қуаттап отыр. Айталық, Қытайда қазақ тілінде жарық көретін журналдардың өзі халыққа партияның үнін жеткізуді мақсат еткен саяси журналдар, тіл және аударманы өз ішіне алған әдеби жур­налдар, кәсіптік ғылыми журналдар, универсал мазмұндағы журналдар болып алуан түрге бөлінеді. Айталық: 1. Әдеби журналдар:  «Ұлттар әдебиеті» (2012 жыл),  «Шұғыла» (1953 жыл),  «Іле айдыны» (1979 жыл),  «Алтай аясы» (1980 жыл),  «Тарбағатай» (1980 жыл),  «Мұра» (1982 жыл),  «Көкжиек» (1983 жыл),  «Құмыл алқабы» (1993 жылдан),  «Шалғын» (1980-1986); 2. Әмбебап журналдар:  «Қы­тай ұлттары» (1957 жыл),  «Шинжяң әйелдері» (1988 жыл),  «Оқырман өресі» (1985 жыл),  «Іле жастары» (1954 жыл),  «Жастар Жазирасы» (2012 жыл); 3. Суретті журналдар:  «Ұлттар» (1985 жыл),  «Шинжяң» (1954 жыл),  «Қазақ балаларының ғылыми суретті журналы» (1985 жыл); 4. Қоғамдық, жаратылыстық, теориялық ғылыми журналдар:  «Іздену» (1969 жыл),  «Бүгінгі шинжяң» (1959 жыл),  «Көрші» (2006 жыл),  «Заң аясы» (2001 жыл),  «Шинжяң қоғамдық ғылымы» (1990 жыл),  «Шинжяң қоғамдық ғылым мінбесі» (1991 жыл),  «Тіл және аударма» (1982 жыл), «Шинжяң оқу-ағарту» (1953 жыл), «Шинжяң университеті ғылыми журналы» (1981 жыл), «Іле педагогика колледжі ғылыми журналы» (1983 жыл),  «Іле оқу-ағарту институты ғылми журналы» (1985 жыл),  «ҚКП Іле облыстық комитеті партия мектебінің ғылыми журналы» (1990 жыл), «Егін-мал ғылым-техникасы» (1982 жыл),  «Шинжяң мал шаруашылығы» (1985 жыл), «Ғылым бұлағы» (1980 жыл),  «Орта, бастауыш мектеп дене тәрбиесі» (1985 жыл),  «Қазақ шипагерлігі» (1979 жыл),  «Ғылым және өнер» (1983 жыл),  «Үйрену және ғылым» (1993 жыл),  «Жастүлек» (1982 жыл). Бұдан басқа да іш­кі басылым ретінде таратылатын 10 журнал бар.   
Еліміздегі қазақ тілінде кітап басып таратып келе жатқан баспалар: 
1. Орталық Ұлттар баспасы – алғашқы негізі 1951 жылы құрылып, 1953 жылдан бастап қазақ редакциясы бой көтеріп, қазақ тілінде түрлі жанрдағы кітаптарды жарық көрсетіп келеді; 
2. Шинжяң халық баспасы (1951 жыл); 
3. Шинжяң жастар-өрендер баспасы (1956 жыл);
4. Шинжяң оқу-ағарту баспасы (1956 жыл); 
5. Іле халық баспасы (1977 жыл);
6. Шинжяң ғылым-техника баспасы (1990 жыл);
7. Шинжяң әсемөнер-фото сурет баспасы (1991 жыл);
8. Шинжяң халық денсаулық сақтау бас­пасы (1976 жыл);
9. Шинжяң дыбыс-бейне баспасы (1984 жыл) қатарлыларды өз ішіне алады. Соңғы кездері техниканың дамуына ілесе қытай қазақтарының электронды ақпараттық жүй­есі де дамып келеді. Бұлар жалпы жағынан үкіметтік және жекелік ақпараттық жүйе болып екіге бөлінеді. Үкіметтік жүйеге үкімет органдары немесе мерзімді ақпарат-баспасөз орындары жетекшілік етеді. Ал, жекелердің электрондық ақпарат жүйесіне жеке тұлғалар ашқан ғаламтордағы сайттар, блоктар жатады. Соңғы кездері бұл қатарға электронды үн текшесі де қосыла бастады.  
Қазақ тілді тор беттері елімізде өткен ғасырдың 90 жылдарының соңғы мезгілінде құрыла бастаған. Анығырақ айтсақ, 1998 жылдың соңына ала тұңғыш рет Астанамыз Бейжиңде Асқар Жакулин, Әсет Арынұлы қатарлы қазақ азаматтары қазақ (латын жазуында), қытай қос тіліндегі «Ауыл» атты торап бетін ашты. Міне, содан бастап 2000 жылдан кейін қазақ тілді торап бекеттерінің құрылуы қаулап өсудің үстінде.   Бұл күндері қазақ тілінде хабар тарататын 40-тан астам интернет сайты жұмыс істейді. Әсіресе, соңғы кездері үкімет атындағы қазақ тілді торап бекеттерінің көптеп ашылуы ұлтымыздың рухани-мәдени өміріне, тұрмыс-тіршілігіне жарасымды жаңалық, тың серпін бағыштап отыр. Сөйтіп, халық торабының Мұңғұл, тибет, ұйғыр, қазақ, көрей, изу, жуаңзу тілдерінде торап беттері түгел ашылып, тұтас елдегі интернет торап бекеттері ішінде партия құрылтайында, халық құрылтайында істетілетін 7 түрлі негізгі аз ұлт тілінің торап бетін ашуды алдымен жүзеге асырды». 2011 жылға дейін ашылған қазақ тілді үкімет торап бекеттері: «Халық газетінің торабы» (http: www. Kazakh. People. Com. Cn),  «Іле қазақ автономиялы облыстық Халық үкіметі торабы» (http: www. Kazak. Xjyl. Gov. Cn),  «Тарбағатай ақпарат торабы» (http: www. Kztcxw. Cc),  «Қытай қазақ радио торабы» (http: www. Kazakcnr. Com),  «Шинжяң Кунлун торабы» (http: www. Xjkunlun. Cn),  «Тәңіртау торабы» (http: www. Kazak. Xjts. Cn/UB/),  «Шинжяң халық радио станциясы торабы» (http: www. Kazak. Chinabroadcast. Cn), «Ертіс торабы» (http: www. Ertes. Cn),  «Шинжяң ауыл шаруашылық ғылым-техника информациясын жалпыластыру торабы» (http: www. Xjnx. Cn/astish/web/lndex. Po) т. б.   
2011 жылы 12 желтоқсанда «Қытай ин­тернет  телевизиясы» деген атпен қытай интернет  телевизиясының (china network television) қазақша тор беті Бейжинде құ­рылды. Және сол күннен бастап ресми жұмыс атқара бастады. Қытай интернет телевизиясы (china network television) ـــ орталық Телевизиясының интернетте тарату орталығы болып, орталық телевизиясындағы таратылған кескіндер мен хабарларды интернетте жариялануына, үгіттелуіне жауапты орган. Бұл торбеті ақпаратты негіз, кескінді (видио) материал ететін үкімет торабы болып, қазіргі жағдайдағы материалдық қайнары шинжяң теле­визиясының 3-арнасы (хабар арнасы) мен 8-арнасы (алуан өнер арнасы) болып келеді. Аталған арналарда та­ра­­тылған күнделікті мемлекеттік, ха­лық­аралық хабарларды, шинжяң ха­барларын, әр ٴтүрлы бағдарламаларды («Ша­рапат», «Жолаушы», «Жұлдызды сәт», «Қарғалдақ», «Шашу», «Заң және мораль» т. б.), одан сырт, телесе­риял­дарды, кино-филмьдерді де әуе тол­қынынан қайталай әкеліп, осы ин­тернет телевизиясынан көрермендерге жаңғыртып ұсынады. Алдағы күндерде Қытайдағы қазақ тілді телеарналармен селбестік орнатып, мазмұндарын байытып, Қытай қазақтарындағы ең үлкен кескін торабы болу үшін құлшыныс жасауды жоспарға алып отыр (торап әдіресі: http: //kazakh. Cntv. Cn). Соңғы кездері тораптың қоғамда жалпыласу қарқыны тіпті де етек алып, ол үкімет қызметінің жариялылығын арттыра түсу де маңызды рөл ойнауда. Айталық, «Тілшінің қарашаның (2011 жыл) 28 күні Шинжяң ұйғұр автономиялы райондық Халық Үкіметі үкімет істерін жария ұстау кеңсесінен ұғысуынша, қазір Шинжяңдағы барлық аудан, калаларда жергілікті орын үкімет торабы ашылып, үкімет информациясын жария ұстау қызметі өрістетілген. Қазірге дейін Шинжяң бойынша барлық аудан, қалаларда үкімет торабы ашылып, үкімет информациясы жария ұсталып, қалың жұртшылық үкімет торабынан толық пайдаланып, жұмыс бітіре алатын болды. Автономиялы райондағы 15 аймақ, облыс, қаладағы 46 үкімет тарауы мен төте қарасты құрылымдарда үкімет информациясы жария ұсталған» ( «Іле кеші» газеті, 2011 жыл 2 желтоқсан, 4-бет. «Шинжяңдағы аудан, Қалаларда үкімет торабы ашылды» хабарға қараңыз).  
2000 жылдардың басынан бастап құрылып, интернет әлемінде біршама тұрақты қызмет өтеп келе жатқан қазақ тілді торап беттері (толықсыз):  «Ауыл»,  «Тамшы торабы», «Парасат торабы»,  «Қазақ студент бірлеспе торабы», «Ән-күй торабы»,  «Мереке торабы», «Күлтегін торабы», «Ел-арыс торабы», «Сен-қазақ торабы» (2005 жылы «Қытай қазақтары сайты» деген атпен ашылған),  «Атамекен торабы», «Сахара сұқбаты торабы», «Ақиқат торабы», «Азамат торабы», «Керуен торабы»,  «Бозбала торабы»,  «Жаңа әуен торабы», «Тарым қазақтары торабы»,  «Күнес 1-орта мектебі торабы», «Сал-сері торабы»,  «Тұмар торабы»,  «Шалқар торабы»,  «Қазақ торабы»,  «Тұран торабы»,  «Ақ жауын торабы»,  «Көкөзен торабы»,  «Дәриға торабы»,  «Естен торабы»,  «Арман торабы», «Тамаша торабы», «Қазақша түсті қоңырау торабы»,  «Шарапат торабы»,  «Алаш торабы», «Жұңғар торабы»,  «Ерентау торабы», «Жас қанат торабы»,  «Бұлақ торабы», «Дала», «Тұлпар торабы», «Аққу көмек торабы» т. б. тораптар бар. Сонымен бірге соңғы кездері қазақ тіліндегі «Тұран Кітапханалық сайты» (http: //www. Kzturan. Com) да ашылды.  

 
Білісбек Сұлтанбекұлы,
Мемлекеттік тақырып  номері XJEDU080112B10

542 рет

көрсетілді

6

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз