• Заманхат
  • 16 Шілде, 2012

Конфуций ұлықтаған құндылықтар

Салтанат Ізтілеуова, ҚазҰПУ- дың Абайтану ғылыми-зерттеу орталығының жетекші-ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы.

Неміс философы Карл Ясперс «Қазіргі адамзат өркениетінің негізі б.з.д. VIII-II ғасырларда қаланды» деп есептейді. Ол аталған уақыт аралығында остік уақыт, яғни, әлемнің бірнеше нүктесіндегі қат-қабат адамзаттың рухани сілкінісімен, жаңа дүниетанымын әкелген өзгерістер болғандығын алға тартады. Персияда рухани ойдың дамуы Заратуштра есімімен байланысты болса, Грецияда Гомер, Демокрит, Платон сияқты философтар шоғырымен анықталды. Ал, Қытайда бұл құбылыс Лао-цзы және Кун-цзы есімдерімен байланысты. Соңғы есім иесі, әлем халқына Конфуций деген атпен танымал болды. Оның Қытай халқы ғана емес, бүткіл әлем өркениетіне ықпал еткен рухани мұраны жасаушы болғандығына ешкім дау айтпайды. Конфуций ілімінің басты ерекшелік­терінің бірі – оның Қытай халқының ырымдарына, дәстүрлеріне және салт-нанымдарына сүйенуі еді. Ол адамның әрбір қылығы мен әрекетінің мәні неде деген қағидаға жүгінеді. «Егер, білетін болсаң білем деп айт, ал, білмейтін болсаң, білмеймін деп айт» немесе «Ақын түрлі жырларды оқумен қалыптасып, мінез-қатаң ережелерді сақтаумен қалыптасса, түпкілікті білімді музыка тудырады» – деп есептейді Кун-цзы. Оның заманында (б.з.д. VI ғасыр) білімді болу үшін 6 өнер түрін меңгеру керек еді. Олар: ырымдарды сақтау, музыканы түсіну, садақ ата білу, ат-арбаны басқару, оқи білу, математиканы білу. Отыз жасқа жеткенде Конфуций көне Қытай мәдениетінің жетістіктерін меңгереді. Осы уақытта, оның этикалық-философиялық дүниетанымы да қалыптасады. Ол алдымен «жэнь» концепциясы (ізгілік, адамды сүю) және «ли» (ереже, этикет) еді. Мұнда, ли-жэньнің ең жоғарғы көрінісі ретінде түсініледі. Демек, ережелерді қатаң сақтау ізгілік пен адамды сүю көрінісі болмақ. Осыдан конфуциялық доктринаның тіректі қағидаларының бірі – қызметкердің, чиновниктің мемлекет басшысына міндетті түрде адал болуы, оған берілген болуы туады. Мемлекеттегі, елдегі тепе-теңдік пен жарасымдылық патша мен қызметкердің бір-біріне адалдығында. Сонда ғана, билік пен әділеттілік қауышады – деп біледі Кун-цзы. Билік пен әділділіктің бірігуі Аспан талабы. Осы бірліктен «ортаңғы жолмен жүру» (жун - юн) немесе «ортаңғы» идеясы туады. Кун-цзы шектен шығудың қауіптілігін ескертеді. Әрбір құбылыстың ортасын ұстау маңызды. Қоғамдық құбылыстар ережелердің, ырым-ритуал­дардың сақталуы мен орындалуы жағ­дайында өрбігені дұрыс. Сондықтан, конфуциандық дәстүрлі басқару дегеніміз – ережелер мен ырымдарды (ритуалдарды) орындау болып табылады. Ережелер арқылы басқару өзіңді түзету. Ал, түзету адамның негізінде болатын «жүректің туғандағы тазалығына» қайта оралу. Конфуций, адамзат табиғат пен адамды бірге қамтитын, жалпыға ортақ тәртіпке бағынып өмір сүреді деп білді. Ол материалдық және рухани саланы да қамтып, тіршілік иелерінің, тіптен, сананың да өсуін өз заңдылықтарына бағындырады. Конфуций үшін «рухани сілкініс дегеніміз адамның толыққанды өмір сүруі»/1/.Конфуций дүниетанымы мен шешімдері марксистік, одан кейін батыстық методологияға жүгінген қазақ ғалымдарына мүлдем тың таным. Оның түрлі ережелер, ритуалдар, симфолдар мен ырымдарға негізделген жүйесін түсіну тіптен, оңай емес. Конфуций құпиясы – Қытай халқының ұзақ тарихи дамуындағы саналық эволюцияларға негізделген құбылыс. Конфуций астарлы да мәнге толы қағидалар ұсынады. Осы қағидаларды басшылыққа алу арқылы қоғам, мемлекет және адам түзелу және түзету жолын ұстанады. Бұл ұстаным – елдің саяси тұрақты дамуында жетекші күшке айналады. Конфуций үшін ізгілік, түсінік, еріктілік жолы маңызды. Онымен пікірлескен шәкірттерінің бірі, мемлекетті басқару ісі хақында «Жолы барларға жақындату үшін жолы жоқтарды жазаласақ қалай болады», – деп сұрақ қояды. Конфуций оған: – Сіздің қолыңызда басқару тізгіні, Сізге жазалаудың қажеті не? Сіз жақсы істермен ғана айналысыңыз, сонда барша халық барлық жақсылыққа ден қояды. Қадірменді басшының жақсылығы – жел, ал, халықтың жақсылығы – шөп. Шөп желдің бағытына иіледі /2/, – деп жауап береді. Екі үш жолдан ғана тұратын трактатта мемлекетті басқарудың аса мәнді принципі көтерілген. Конфуций «Елдің күші басшысында, ал, басшының күші жақсы істермен үлгі бола білуінде. Басшының жақсы істерін халық үнемі қолдап кетуге дайын», – деген шындықты ойшыл да астармен жеткізеді. Шындығында, мемлекеттің кері кетуі басшылардың заңсыз әрекеттерге баруынан, биікті қарақан басының пайдасына жаратуға ұмтылуынан басталатыны белгілі. Конфуций мемлекетті басқаруда ізгіліктің, саналықтың, тәртіптің және ережелердің басым болуын қалайды. Ол үшін, диктатура мен зорлық жүйесі билікке зиянды болып есептеледі. Конфуций «Қайырымдылыққа иек артқан Билеуші Темірқазық жұлдызындай, өз орнынан міз бақпайды. Басқа жұлдыздар оған қарап сап түзейді», – деп айтады. Ол ой әл-Фарабиде түрленіп, қайырымды қаланың басшылары туралы айтылса, Абай мен Шәкәрімде «не істейді өңшең нөл, единица болмаса», – делініп, адамның, тұлғаның кемелдігі туралы идеяға ұласады. Конфуцийдің трактаттарынан Абай көксеген «толық адам», Шәкәрім армандаған «ұжданды адам», «шын таза жан» үлгілерімен үндестік байқаймыз. Қытай ойшылы «адамдарға танымал емеспін деп қиналмайтын адам парасатты. Достарың алыстан іздеп келсе саған қуаныш емес пе? Оқып ұдайы жетілуге ұмтылу бақыт емес пе?» – деп түйіндейді. Демек, мақтаншақтық, өркөкіректік, жалған атақ, билікқұмарлық адамға зиянды. Қарапайым, абзал жандар адамды алыстан өзіне тартады. Ал, бұдан біз осындай адам білім мен өнер үйренсе нұр үстіне нұр болады, – деген ойды анық ұғынамыз және үлгі етеміз. Конфуций да қазақ ойшылдары сияқты қарапайым адами құндылықтарға ден қою арқылы, өзінің тәрбиелік, насихаттық және рухани ұстаздық үлгісін ұсынады. Конфуций адамгершіліктің жасандылық және әдемі айтылған жалған сөзбен мүлдем қауышпайтынын ескертеді. Ұлы ұстаз Қытай халқын ұлттық тамырларға, яғни, ұлды әкені құрметтеуге, ал, әке мен ұлды билеушіні құрметтеуге шақырады. Үлкенді сыйлап үйренген ұл – Билеушіні де сыйлауды біледі. Ондай ұл үшін бүлік пен көтеріліс жат қылық. Мемлекеттің тамыры сыйластықта, адамдардың өзара сыйластығы дамудың жолы. Конфуций осындай жолды таңдасақ адамгершілікті таңдағанымыз емес пе? – деген терең қағидалық тұжырымды күн тәртібіне қояды. Бұл ойлардың қазіргі адамзат қоғамы үшін маңыздылығы бір мысқал да кеміген жоқ. Өкінішке орай, үлкен мен кіші арасындағы, ер мен әйел арасындағы, билік пен халық арасындағы өзара силастық құбылысына терең сызат түсуде. Сыйластыққа түскен ауру халықты меңдей берсе, халық адамгершілік сапаларынан мүлдем алыстап кетпек. Қазір заманды «ақша патша» билеп тұрғанда, прагматизм философиясы сананы жаулап тұрғанда Конфуций ұсынған «сыйластық» категориясының рухани құтқарушылық рөлі арта түсуде. Этникалық, әлеуметтік, саяси тұрақтылық баянды болатындығын Конфуций дұрыс анықтап берді. Мәселе, түптің-түбінде отбасынан басталатын өзара сыйластыққа келіп тіреледі. Конфуций айтып отырған адамның тамыры осы. Конфуций адам өмірін жақсартып, игілік пен молшылыққа жетелейтін қарапайым шындықтарға ерекше ден қояды. «Көптеген, мыңдаған жүк арбасы шығарылатын аймақтың басшысы іске ұқыпты, қорларға үнемді, әділетті болуы міндетті. Ол адамдарды жақсы көріп, өзгеріп отыратын жыл мезгілдеріне сәйкес еңбекке бастап отыруға тиісті», – деп көрсетеді. Дананың ойы халыққа түсінікті, қарапайым және пайдалы. Конфуций еңбек процесін ұйымдастырудың барысында үнемділік пен тиімділіктің маңызын ерекше атап көрсетеді. Оның пікірінше, табысқа білімділік пен ғылымы барлар тез жетеді. Ал, білімнің бастауында адамгершілік тұрып, адамгершіліктің бастауында кішілердің ата-анасын құрмет тұтуы тұрады. Сыртта да үлкендерді тыңдау, сақ бола білу, шындықты айту, адамгершілігі бар адамдармен жақын болу абзал, – деп біледі қытай данасы. Конфуцийдің осы ойына назар салсақ «тыңдай білу, сыйластық – үлкенге құрмет – еңбекқорлық – білімқұмарлық» сияқты құндылықтар жинақтала синтезделініп адамгершілік деген аса мәнді адами сапаны жасайды екен. «Білімдімін» деп кеуде соққан білімді емес, нағыз білімді ата-анасына жан-тәнімен қызмет ете алған, билеушісінің қауіпсіздігі үшін жанын қиюға дайын, достарына әділ сөз айта білетін жан. Ондай адам өзін білімдімін деп санамаса да білімділер қатарында. Осы трактатында Конфуций нағыз зиялылықты меңзеп отыр. Нағыз зиялы үшін бірінші кезекте шындық пен әділет болуы маңызды. Ол әділетті өзінен бас­тайды және маңына әділдіктің нұрын төгуге ұмтылады. Оның билеушімен, ата-анасымен, достарымен және ауылдас­тарымен қатынасы да әділет пен шындыққа негізделінеді. «Парасатты азамат қатал бола алмаса да , оның білімділігі жетіспесе де, ең бастысы адал және шыншыл болу. Өзіңмен тең еместермен достаспа, қателіктеріңді жөндеуден қорықпа», – деген Конфуцийдің ойларының халық үшін зәрулігі күдік тудырмайды. Адами құндылықтар аруақтарды, өлгендерді сыйлаудан, ата-текті білуден күшейе түседі. «Ата-тегін білмеу тексіздік», – деп есептелетін қазақ халқының талабы бұл жерде Конфуцийдің ойымен бірдей болып үндестік тауып тұр. Ұстаз «Әкесінің тірі кезінде оның іс-әрекетіне ден қойған, ал, ол өлген кезінде оның үлгісін үш жыл бойы ұстанған адамды ата-анасын сыйлай білген адам деп есептеуге болады», – дейді. Қытай халқының ұстазы Конфуцийдің осы пайымы қазақтың «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» – деген ойын қайталап тұрғандай. «Адамдар мені білмейді – деп ренжіме, мен адамдарды білмеймін деп ренжі», «Кедеймін деп қайғырмасаң, бай болдым деп мақтаңбасаң жақсы, ал, кедей болып жүріп қуана алсаң, бай болып жүріп тәртіп пен ережелерді сақтай алсаң, тіптен, жақсы», – деп есеп­тейді Конфуций. Жоғарыда айтылған пікірлер мен ойлар Конфуций айтқан жетілген адам, яғни, «цюнь цзы» (билеушінің ұлы мағынасында) образының бір ғана қыры. Осының өзінде, біз Қытай ойшылының уақыт талабынан өткен қағидаттық рухани мұраны бүткіл адамзатқа ұсынып кеткендігін сезінеміз, түсінеміз. Конфуций айтқан пікірлер, ойлар мен идеялардан, қазақтың ұлы ойшылдарының рухани мұрасымен үндестік, сабақтастық көруге болады. Себебі, жалпыадамзаттық рухани құндылықтар ортақ, олар үшін ұлттық, мемлекеттік шекаралар жоқ. Демек, Қытай халқының данасы Конфуцийдің рухани мұрасы қазақ халқына да жат емес. Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Переломов Л.С. Конфуций: жизнь, ученье, судьба. – М.: Наука, 1983 – с. 58. 2. Конфуций. Я верю в древность. – М.: Республика, 1985. – с. 59. 3. Малявин В. Конфуций. – М.: Молодая гвардия, 1992.с. 207. 4. Конфуций. Уроки мудрости: Сочинения. – М.: Экомо-Пресс, 1999. – с. 79

2905 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз