• Ұлттану
  • 16 Шілде, 2012

ҚҰРАН әріптеріндегі құпиялар

Қалдыбай Қыдырбаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ (PhD) докторанты. Алланың елшісі Мұхаммед пайғам­барға (с.а.у.) түскен Құран Кәрім аяттарын жинақтап, хатқа түсіру және оны грамматикалық қателерден, дұрыс дыбыстамаудан сақтау мәселелері мұсылман ғалымдарының араб жазуына айрықша көңіл бөлуіне түрткі болды. Құран аяттарындағы әріптерге харакаттар мен нүктелердің енгізілуі үш түрлі реформа арқылы, бірінші және екінші реформа әмәуилер дәуірінде, үшінші реформа аббасилер дәуірінде жүзеге асты [1, 125 б.]. Мәселен, Ислам дәуіріне дейінгі наба­тейлік араб жазуында харакаттар мен нүктелер қолданылмады және оған қажеттілік те болмады. Өйткені, ол дәуірдегі арабтар қатесіз сөйлейтін және жазылған мәтіндерді мән-мәтінге сүйене отырып, қатесіз оқитын. Сондай-ақ, набатей жазуынан бастау алған хижаздық араб жазуы да харакатсыз жазылатын болған. Тарихтан белгілі болғандай, халифа Осман (Алла оған разы болсын) жинақтап, хатқа түсірген Құран нұсқалары да харакаттарсыз және әріптері нүктелерсіз жазылды. Құранның бұл нұсқалары өлкелерге таратылғанда, барша халық оны ыстық ықыласпен қабыл алды, осы Құрандар негізінде харакаттары мен нүктелері жоқ бірнеше Құран нұсқалары көшірілді [2, 7 б.]. Уақыт өте келе, ислам діні таралып, ислам халифатының аумағы кеңейе бастаған тұста, араб халқы ислам дінін қабылдаған парсылар, римдіктер, түркілер секілді, өзге де халықтармен араласу нәтижесінде, аралас нәсілді жаңа ұрпақ келе бастады. Олардың, тіпті, арабтардың өздерінің тілінде шұбарлық пайда болып, басшыларды араб тілінің тағдыры толғанта бастады. Әсіресе, діннің негізі саналатын Құран Кәрім аяттарына да қателіктер еніп кете ме деген қорқыныш биледі. Бұл мәселенің алдын алуды ең алғаш қолға алған Басра қаласының уәлиі Зияд ибн Әбиһ (45 h.ж., яғни, 673 ж.қ.б.) болды. Ол жөнінде әйгілі қисса бар: «Бірде әмәуилік халифа Муғауия ибн Әбу Суфиян Басраның уәлиі Зиядқа Убайдулла атты ұлын өзіне жіберсін деп хат жолдайды. Халифа алдына келген Убайдулланың қате сөйлегенін көріп, Зиядқа ұлының бұл кемістігін айыптап және хат жолдайды. Халифаның жолдаған хатынан секем алған Зияд сол кездегі атақты тіл маманы Әбу әл-Әсуәд әд-Дуәлиге (69 һ.ж., яғни, 688 ж.қ.б.): «Келімсектер көбейіп, араб тілін бұзып сөйлеп жүр. Халық тілін түзейтін және Алланың кітабын дұрыстап оқуға жөн сілтейтін бірнәрсе ойластырсаң екен» деп хат жібереді. Әбу әл-Әсуәд Құран жазуына өзгеріс енгізуге үзілді-кесілді қарсы болып, олай жасауға қадам баса алмайтынын білдіріп, кешірім сұрайды. Зияд қулыққа көшіп, оның жолына бір кісіні қойып: «Егер, жаныңнан Әбу әл-Әсуәд өтіп бара жатқанын көрсең, Құраннан бір аятты әдейілеп қате оқы» деп тапсырады. Әлгі кісі тапсырманы орындап, Әбу әл-Әсуәд жанынан өтіп бара жатқанда оған естілетіндей етіп, Алла тағаланың: «أنّ اللهَ بريءٌ مِنَ الْمشْرِكِينَ وَرسولُهُ» [3] [’anna-l-lāha barī’un mina-l-mušrikīna ụa rasūluhu] деген аятындағы атау септігінде тұрған وَرسولُهُ [ụa rasūluhu] деген сөзді وَرسولِهِ [ụa rasūlihi] деп, ілік септігінде оқиды. Яғни, аяттың «Алла және оның елшісі мүшріктерден безеді» [4] деген мағынасы «Алла мүшріктер мен Өз елшісінен безеді» болып өзгеріп кетеді. Мұны естіген Әбу әл-Әсуәд: «Алланың Өз елшісінен безгені несі?» деп, тез арада Зиядқа барып: «Өтінішіңді орындауға келістім, ең алдымен, Құран аяттарынан бас­тауды жөн санаймын», – дейді. Келіскеніне разы болған Зияд оған таңдаулы отыз жазушы жібереді. Олардың арасынан абдулқайс тайпасынан шыққан бір жазушыны таңдап: «Құранды қолға ұста да, аяттары жазылған сия түсінен өзге сияны ал. Егер, әр сөздің соңында қандай да бір дауыссыз дыбыстан кейін ернімді ашсам, сол әріптің үстіне бір нүкте, ернімді жиырсам, астына бір нүкте, ал, егер, ернімді сүйірлетсем, алдыңғы жағына бір нүкте қой. Егер де, осы қимылдардан, [яғни, харакаттардан] кейін, нунды дыбыстасам, екі нүкте қой» дейді. Жазушыға түсіндіріп болған соң, Әбу әл-Әсуәд Құран аяттарын түгелімен баяу, мәнерлеп оқып шығады. Жазушы оған ілесіп, нүктелерді толығымен қойып шығады. Әр бетті оқыған сайын, Әбу әл-Әсуәд қойылған нүктелердің дұрыстығын тексеріп тұрды [5, 59-65 б.]. Бұдан харакаттарды ең алғаш ойлап тапқан Әбу әл-Әсуәд әд-Дуәли екенін және «харакат» деген сөздің дауысты дыбыстарды айту кезіндегі ерін қимылынан алынғанын білеміз. Ол фатха, кәсра, дамма және тануин харакаттарын Құран аяттары жазылған қара сиядан өзге сиямен, яғни, қызыл түсті сиямен нүктелер арқылы қойып шықты. Сукунды белгілемеді. Бұл Құран жазуына (жалпы, араб жазуына) жасалған алғашқы реформа еді. Мұсылмандар арасында бұл реформаны жақтайтындар да, жақтамайтындар да болды. Жақтамаушылар «сахабалар тері, сүйек, құрма ағашының жапырағы, т.б. әр түрлі заттарға жазылған Құран аяттарын жинақтап, жаздырған кезде, харакаттар мен нүктелерді қоймаған. Егер, оған қажеттілік болғанда, сол кезде-ақ қойғызар еді ғой» дегенді алға тартты. Әл-Қалқашәнди: «Қазіргі таңдағы әкім қаралар харакаттар арқылы бұрынғылардың жазбаларына зұлымдық жасалды деп бұл реформаны жақтамады. Ал, қарыздарды тіркеуші қызметкерлер оған қажеттілік барын түсі­не отыра, негізсіз деп танып, оны жазудағы кемшілік деп білді», – дейді өзінің еңбегінде [6, 156 б.]. Харакаттарды жасамас бұрын Әбу әл-Әсуәд әд-Дуәли халифа Әли ибн Әбу Талибтің (Алла оған разы болсын) жөн сілтеуімен ән-наһу (синтаксис) ілімінің негізін салған болатын. Әбу әл-Әсуәд әд-Дуәлидің ән-наһу (синтаксис) ілімін дүниеге әкелудегі басты себептердің бірі, өзге халықтар ислам дініне көптеп кірген тұста Құран Кәрімге төнген қатер болды. Бірде Омар ибн әл-Хаттаб (Алла оған разы болсын) нысана көздеуден жарысып жатқан бір топ адамның жанынан өтіп бара жатып, олардың нысанадан мүлт кетіп жатып: «إنا قوم متعلمين» [’innā qaụmun muta‘allimīn] (Біз [нысана көздеуді] үйренген қауым [едік]) дегендерін естиді. (Бұл жердегі «үйренген» деген мағынаны білдіретін «متعلمين» [muta‘allimīn] сөзі табыс септігінде емес «متعلمون» [muta‘allimūn] болып атау септігінде қолданылуы тиіс болатын). Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) оларға қатты ашуланып: «Алла атымен ант етейін! Нысана көздеудегі қателеріңнен бұрын тілдегі қателерің маған өте ауыр тиді», – дейді [7, 82 б.]. Ибн Қутәйба «Уйун әл-Ахбар» атты еңбегінде: «Бәдәуи араб қалаға келгенде, азаншының: «أشهد أنّ محمدًا رسولَ الله» [’ašhadu ’anna muḥammadan rasūla-l-lāh] деп رسولُ [rasūlu] болып атау септігінде айтылуы тиіс сөзді رسولَ [rasūla] деп, табыс септігінде айтып жатқанын естіп: «Бұл не сұмдық! Не дегені бұл?», – деп жағасын ұстайды. Сосын, әлгі бәдәуи араб базарға кіріп, ондағы адамдардың да қате сөйлеп жатқанын естіп: «О, Құдайым! Бұлар қате сөйлей жүріп, пайда тауып жүр, ал, біз қатесіз сөйлесек те, пайда тауып жүргеніміз шамалы», – деп таңданыс білдіреді», – деген деректі келтіреді [8, 17 б.]. Бірде жұлдызды ашық түні Әбу әл-Әсуәд әд-Дуәлиге кішкене қызы келіп: «ما أحسنُ السماء» [mā ’aḥsanu-s-samā’] дейді. Әкесі оған сөйлемнің соңына «نجومها» [nuǧūmuhā] дегенді қос», яғни, «аспанның жұлдыздары әдемі» деп айт дейді. Сонда қызы: «Таңданысымды білдіріп, аспанның ғажаб екенін айтқым келген еді», – дейді. «Олай болса «ما أحسنَ السماء» [mā ’aḥsana-s-samā’] деп (нун әрпінен кейін) аузыңды (яғни, ерніңді) ашуың керек», – дейді әкесі [8, 26 б.]. Ертесіне Әбу әл-Әсуәд болған жайды халифа Әли ибн Әбу Талибке баян етеді. Хазіреті Әли оған ән-наһу ілімінің негізін көрсетіп: «Тілдегі сөздердің барлығы есімдерден «الأسماء» [al-’asmā’], етістіктерден «الأفعال» [al-’af‘āl] және көмекші сөздерден «الحروف» [al-ḥurūf] тұратынын айтып, «إنّ» [’inna] және «الإضافة» [al-’iḍāfah] бөлімдерін жасап көрсетіп, «اُنْحُ هذا النحوَ يا أبا الأسود» [unḥu hāza-n-naḥụa ịā ’aba-l-’asụad]», яғни, «Әй, Әбу әл-Әсуәд, [бұл ілімді жасауда] осы бағытты ұстан», – дейді. Содан бері бұл ілім «علم النحْوِ» [‘ilmu-n-naḥụi], яғни «ән-наһу ілімі» (синтаксис) деп аталып кетеді. Сосын, Әбу әл-Әсуәд ән-наһу ілімін жасап, оған грамматиканың басқа да бөлімдерін қосады. Бұндай ілім жасалғаны дүйім жұртқа тарап, халық бұл ілімді үйренуге Әбу әл-Әсуәд әд-Дуәлиге ағыла бастайды. Ан-наһу ілімі арқылы арабтар тілін сақтап қала алды. Алайда, халық арасында жазба еңбектерді оқу бұрынғыша қиын күйінде қалды. Өйткені, жаңа ілімді үйренгендер ғана Құран аяттары мен басқа жазбаларды дұрыс оқып, ал, үйренбегендер қателіктерге бой алдыруды жалғастыра берді. Халифа Осман ибн Аффан (Алла оған разы болсын) (35 һ.ж., яғни, 656 ж.қ.б.) көшіртіп, өлкелерге таратқан харакаттарсыз, нүктелерсіз жазылған Құран Кәрім әмәуилік халифа Абдулмәлик ибн Маруанның (65-86 һ. жылдары, яғни, 685-705 жылдары халифа болған) тұсына дейін қырық жыл бойы мұсылмандар арасында қолданыста болды. Бұл аралықта жоғарыда айтқанымыздай, әмәуилік алғашқы халифа Муғауия ибн Әбу Суфиянның (41-60 һ. жылдары, яғни, 661-680 жылдары халифа болған) тұсында Әбу әл-Әсуәд әд-Дуәли тарапынан тек нүкте формасындағы харакаттар ғана енгізілген болатын. Алайда, нүкте формасындағы харакаттар Құран аяттарының дұрыс септелуін қамтамасыз еткенімен, дін қабылдаған өзге ұлттар мен ұлыстар тарапынан дұрыс дыбыстау жағын жөнге келтіре алмады. Әсіресе, Ирак жерінде Құран аяттарын бұзып оқушылар көбейіп кетті. Бұл мәселеден хабардар болған Ирақ уәлиі әл-Хажжаж ибн Юсуф әс-Сақафи (75-95 һ. жылдары, яғни, 694-713 жылдары уәли болған) ғалымдарды шақыртып, бір формадағы әріппен жазылып жүрген бірнеше дыбыстарды бір-бірінен ажырату үшін Құран Кәрім жазуына басқа да белгілерді енгізу керектігін тапсырды [9, 9-10 б.]. Осман халифа жинақтап, көшіртіп жаздырған Құранға қандай да бір өзгеріс енгізуге мұсылмандардың қарсылық білдіретінін жақсы білетін әл-Хажжаж бұл іске халықты тез көндіктіру үшін тақуалығымен танымал болған тіл мамандарын тартқысы келді. Бұл маңызды іске Әбу әл-Әсуәд әд-Дуәлидің шәкірттері Наср ибн Асим әл-Ләйси (89 һ.ж., яғни, 707 ж.қ.б.) мен Яхйа ибн Яғмарды (129 һ.ж., яғни, 746 ж.қ.б.) лайықты деп тапты. Бұл екі ғалым терең зерттеулер жасағаннан кейін, ұқсас әріптерді бір-бірінен ажырату үшін олардың кейбірінің асты, не үстіне нүкте қою керек деп шешіп, арнайы ереже түзді. Формалары ұқсас әріптер бір-біріне жақын, рет-ретімен орналастырылып, нүктелер арқылы ажыратылатын болды. Ғалымдар ب (bā’), ج (ǧīm) , خ (ḫā’), ذ (ḏāl), ز (zā’), ض (ḍād), ظ (ẓā’), غ (ġaịn), ف (fā’), ن (nūn) әріптеріне бір нүктеден, ت (ta’), ق (qāf), ي (ịā’) әріптеріне екі нүктеден, ал, ث (ṯā’), ش (šīn) әріптеріне үш нүктеден қойды. Қалған ا (’alif), ح (ḥā’), د (dāl), ر (rā’), س (sīn), ص (ṣād), ط (ṭā’), ع (‘aịn), ك (kāf), ل (lām), م (mīm), ه (hā’) و [ụāụ] әріптері нүктесіз қалдырылды. Егер, ي (ịā’) әрпі сөздің соңында келсе, оны нүктесіз ى етіп жазуды ұйғарды және бұл нүктелерді қызыл бояумен қойылып жүрген харакаттардың нүктесімен шатастырмау үшін аят әріптері жазылған бояу түсімен бірдей етіп, яғни, қара түспен белгілеуді ұсынды [10, 89 б.]. Тіпті, мағриб елдерінде ف (fā’) әрпінің астына бір нүкте қойылған ڢ түрі және ق (qāf) әрпінің үстіне бір нүкте қойылған ف түрі қолданылып келді [11, 23 б.]. Дыбысталуы әртүрлі, жазылуы ұқсас әріптерді бір-бірінен ажырату үшін асты-үстіне нүктелер қойылғаннан кейін, 22 әріптен тұратын абжад (“أبجد” [’abǧad]) негізіндегі араб әліпбиіндегі әріптердің реті мен саны өзгеріп, шығыс (машриқ) араб елдерінде 28 болса, батыс (мағриб) араб елдерінде ләмәлиф (لا) те жеке әріп ретінде саналып, 29 болды [11, 20 б.]. Бұдан кейін, әл-Хажжаж ибн Юсуф әс-Сақафи Ирақтағы барлық жазушыларға екі ғалымның жасаған ережесін ұстануды бұйырды. Бұл хабар халифа Абдулмәлик ибн Маруанға жетіп, бұл істі жақсы амал деп есептеді. Халықты осы ережені ұстануға міндеттеді [10, 89 б.]. Бір деректерде бұл маңызды істі әмәуилік халифа Абдулмәлик ибн Маруан Ирақ уәлиі әл-Хажжаж ибн Юсуф әс-Сақафиге бұйырды деп айтылады [12, 32 б.]. Сол мезеттен бастап, Құран Кәрім және өзге де жазбаларда жазылуы ұқсас әріптер нүктелер арқылы ажыратылып жазылатын болды, тіпті, нүктені қоймай қалдырып кету қате деп есептелді. Осылайша харакаттар қызыл түсті сиямен, жазылуы ұқсас әріптерді ажырату үшін қойылған нүктелер әріптердің түсі жазылған қара сиямен – аббасилер дәуіріне дейін – екеуі де нүкте формасында қолданылып келді. Осы аралықта әр жазушыға екі түрлі сияны алып жүру қиындық туғызғандықтан, жеңілдік үшін қызыл түсті сиямен жазылып жүрген харакаттардың да қара түспен қойылуына рұқсат етілді. Алайда, екеуінің де нүкте арқылы белгіленуі және түстерінің бірдей болуы мәселені күрделендіріп жіберді. Екеуінің бірін басқа белгімен белгілеуді ең алғаш қолға алған ұлы ғалым әл-Халил ибн Ахмад әл-Фараһиди (170 һ.ж., яғни, 786 ж.қ.б.) болды. Ол жазылуы ұқсас әріптерді ажырату үшін қойылған нүктелерді өзгеріссіз қалдырып, Әбу әл-Әсәд әд-Дуәли нүкте арқылы белгілеген харакаттарды қазіргі күнгі қолданылып жүрген харакаттардың формасына келтірді, яғни, фатхаға әріп үстіне көлбеу әлиф (َ), кәсраға әріп астына келте йай (ِ ), даммаға әріп үстіне кішкене уау (ُ ), сукунге әріп үстіне تخفيف [taḫfīf] сөзіндегі خ (ḫā’) әрпінің нүктесіз басы (ۡ ) (бұл белгі уақыт өте келе, кішкене дөңгелек формаға ( ْ) айналған), шәддаға әріп үстіне تشديد [tašdīd] сөзіндегі ش (šīn) әрпінің нүктесіз тістері (ّ ), хамзаға همزة القطع [hamzatu-l-qaṭ‘i] сөзіндегі ع (‘aịn) әрпінің басы (ٔ ), сөйлемде сөз бен сөзді жалғастыру қызметін атқаратын әлифтің үстіне همزة الوصل [hamzatu-l-ụaṣli] сөзіндегі ص (ṣād) әрпінің басы (ٱ), созылып оқуды білдіретін мәд белгісінеمـــــد [mad] сөзінің кішкене түрі (ٓ ) белгі ретінде алынды [6, 6 б.]. Бұл жөнінде Абдулазиз әд-Дәли: «Әл-Халил ибн Ахмад Құран Кәрімге (жалпы, араб жазуына) фатха, дамма, кәсра, сукун, шәдда, мәд, уасл, һамза секілді сегіз белгіні енгізу арқылы харакаттар мен нүктелерді бүр түсті сиямен жазуға мүмкіндік жасады» [13, 62 б.], – дейді. Қорыта айтар болсақ, Осман халифа (Алла оған разы болсын) тұсында жинақталып, нүктелер мен харакаттарсыз жазылған Құран Кәрім қырық жылға жуық қолданыста болып, уақыт өте келе, ислам дінін қабылдаған әр түрлі ұлттар мен ұлыстардың оны дұрыс оқымауы араб жазуына үлкен реформа енгізу қажеттілігін тудырды. Нәтижесінде Құран Кәрім жазуына (жалпы араб жазуына) үш түрлі реформа жүргізілді. Біріншісі, алғашқы әмәуилік халифа Муғауия ибн Әбу Суфиянның (41-60 һ. жылдары, яғни, 661-680 жылдары халифа болған) тұсында Әбу Әсәд әд-Дуәли (69 һ.ж. дүние салған) тарапынан нүкте формасындағы харакаттар енгізілді. Екіншісінде, әмәуилік халифа Абдулмәлик ибн Маруанның (65-86 һ. жылдары, яғни, 685-705 жылдары халифа болған) тұсында Әбу әл-Әсәд әд-Дуәлидің шәкірттері Наср ибн Асим әл-Ләйси (89 һ.ж., яғни, 707 ж.қ.б.) мен Яхйа ибн Яғмар (129 һ.ж., яғни, 746 ж.қ.б.) тарапынан жазылуы ұқсас әріптерді ажырату мақсатында нүктелер енгізілді. Үшіншісінде, аббасилер дәуірінде нүкте формасындағы харакаттар әл-Халил ибн Ахмад әл-Фараһиди (170 һ.ж., яғни, 786 ж.қ.б.) тарапынан қазіргі уақытта қолданылып жүрген харакаттар формасына өзгертілді. In this article was discuced the major reforms Holy Quran writing. Пайдаланылған әдебиеттер: 1. صلاح الدين المنجد. تاريخ الخط العربي. – القاهرة: دار الكتاب الجديد، 1979. – 152 ص. Салахуддин әл-Мунжид. Тарих әл-Хат әл-Араби. 2. عبد الفتاح القاضي. تاريخ المصحف الشريف. – القاهرة: مكتبة ومطبعة المشهد الحسيني ،. Абдулфаттах әл-Қади. Тарих әл-Мусхаф әш-Шәриф. – әл-Қаһира: Мәктәбәһ уә Матбағаһ әл-Мәшһәд әл-Хусәйни. 3. Тәубе сүресі, 3-аят. 4. Халифа Алтай. Құран Кәрим қазақша мағына және түсінігі. 5. عبد الحي الفرماوي. قصة النقط والشكل في المصحف الشريف. – القاهرة: مطبعة حسان،1978. – 147 ص. Абдулхай әл-Фәрмауи. Қиссату ән-Нақт уә әш-Шәкл фи әл-Мусхаф әш-Шәриф. – әл-Қаһира: Матбағату Хассан. 6. أبوالعباس أحمد بن علي القلقشندي. صبح الأعشى في صناعة الإنشا. – القاهرة: الطبعة الأميرية ، 3/156 Әбу әл-Аббас Ахмад ибн Али әл-Қалқашәнди. Субх әл-Ағша фи Синағати әл -Инша. – әл-Қаһира: әт-Табғату әл-Әмирия. 7. ياقوت. معجم الأدباء (الفصل الأول فضل الأدب) جـ 1 ص82 Яқут әл-Хамауи. Муғжәму әл-Удәбә (әл-Фасл әл-Әууәл фадл әл-Әдәб). Жуз1. 8. محمد الطنطاوي. نشأة النحو وتاريخ أشهر النحاة. – القاهرة: دار المعارف، 1995. – 327 ص. Мухаммад әт-Тантауи. Нәшәту ән-Наһу уә Тарих Әшһәр ән-Нуһат. – әл-Қаһира: Дәру әл-Мағариф, 1995. – 327 с. 9. أبو أحمد العسكري. كتاب التصحيف والتحريف وشرح ما يقع فيه. - القاهرة: مطبعة الظاهر، 1908م. ج 1 ، Әбу Ахмад әл-Аскари. Китәбу әт-Тасхиф уә әт-Тахриф уә шарху мә Йақағу фиһ. әл-Қаһира: 1908 м. Жуз 10. مشلح بن كميخ المريخي. الكتابات الإسلامية «دراسة في نشأة الخط العربي و تطوره». – الرياض: جامعة الملك سعود – كلية السياحة والآثار، 2007م. – 105 ص. Мәшлах ибн Кумәйх әл-Мурайхи. әл-Китәбат әл-Исләмия «Дирасатун фи Нәшәти әл-Хатти әл-Араби уа Татаууруһу». – әр-Риад: Жәмиғату әл-Мәлик Сауд – Куллияту әс-Сияха уә әл-Әсар, 2007 м. – 105 с. 11. محمد حمدي البكري. الإعجام في الأبجدية العربية. - مجلة المكتبة العربية ، العدد الأول يونيه 1963 Мухаммад Хамди әл-Бәкри. Әл-Иғжам фи әл-Әбжәдия әл-Арабия, әл-Адад әл-Әууал, Юниу 1963. 12. أبوالعباس شمس الدين أحمد بن محمد بن خلكان. وفيات الأعيان وأنباء أبناء الزمان. تحقيق إحسان عباس. – بيروت: دار الثقافة، 2/32. Әбу әл-Аббас Шәмсуддин Ахмад ибн Мухаммад ибн Халкан. Уәфәйат әл-Ағйан уә Әбнә Әнбә әз-Зәман. Тахқиқ Ихсан Аббас. – Бәйрут: Дәру әс-Сақафа, Жуз 2. 13. عبد العزيز الدالي. الخطاطة (الكتابة العربية). – القاهرة: مكتبة الخانجي، 1400م Абдулазиз әд-Дәли. әл-Хитатаһ (әл-Китәбату әл-Арабия). – әл-Қаһира: Мәктәбату әл-Ханжи, 1400 м.

1250 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз