• Келелі кеңес
  • 06 Сәуір, 2016

БАЛМҰХАНОВ АҚИҚАТТАН НЕГЕ АУЫТҚЫДЫ?

Медеу СӘРСЕКЕ, жазушы

«СЕМЕЙ ҚАСІРЕТІ» хикаятынан тарау


* Профессор, Қазақ КСР ҒА-ның корреспондент мүшесі Б.А. Атшабаровтың 2002 және 2012 жылдары, Алматының «Қаржы-Қаражат» баспасы орыс тілінде жариялаған ғылыми трактатының атауы. Толық нұсқасы: «Заблуждения, ложь и истина по вопросу оценки на здоровье людей испытания атомного оружия на Семипалатинском ядерном полигоне». 

Осы тарауда мен Ертіс бойындағы үлкен үш облыс пен Қарағанды аймағының Ертіс алқабымен іргелес екі ауданында тұратын халықтың мазалы тірлігін 42 жылға созылған атомдық, ядролық сынақтар астаң-кестеңін шығарып, адамзат қауымы соған дейін білмеген, естімеген дауасыз дерттерге душар етіп, зардабы бүгінге дейін жойылмаған қасіретті зерттеуге, жұртшылыққа әйгілеуде, сол тажалдан біржола құтылуға хал-қадерінше атсалысқан ұлттық тұлғаларымыздың нақты еңбегі немесе теріс-қағыс әрекеттері жайында сөз етемін. Бәрінің де есімдері мен еңбектері қауымға таныс, ұзақ жылдар ғылым көкжиегінде, қайсыбірі ел басқарушылар санатында ұзақ жүріп, түрліше марапаттар мен ғылыми атақтар иеленген, енді бірі ұлт қайраткері аталғандар; амал не, кейбірінің елеулі кезеңде ағымдағы саясатқа бейімделіп, бас пайдасын көбірек ойлағанын, дімкәс елге келтірген зиянын да нақты деректермен ашамын.  
Демократиялық үрдіс біздің тірлігімізге өткен ғасырдың аяқ шенінде қауырт енді. Бұрынғы тежеулер мен екшеулер сап тиылып, еркін сөйлеу, елдік құқығыңды сақтау, ділің мен тіліңді мақтан ету, барыңды әйгілеу, жоғалтқаныңды жоқтау күресі жарыса жүріп, алды-артымызға сыни көзбен қарайтын еркін заман туды. Кімнің кім екенін ашық айтатын болдық. Халық мұңын жоқтаушылар көбейді. Батыра айтқан ащылы-тұщылы сөзің үшін жаза тарту қайда, Халық депутаты атанып, саясат майданына араласатын шешендерге даңғыл жол ашылды. Ғажап үрдіс: ай сайын төбемізден тарсылдатқан ядролық жарылыстарды тиюды талап етіп, күреске шықтық; ажал сепкен тажалды тоқтаттық; ақырында сол тажалдың көзден таса бұқпасын айту ұтымды тақырыпқа айналды; жеті құлып астында жатқан құпиялар жария болды... 
80 жастың өріне шығарда толғаған деректі еңбегім толық көлемде Астанадағы «Фолиант» баспасынан жарық көрмек. Журнал редакциясына ұсынылған тарау «Семей қасіреті» аталған деректі хикаятымның соңғы тарауының ықшамдалған нұсқасы...
Автор, Семей, 20 желтоқсан 2015 жыл
Тарих иелігіне өткен ХХ ғасырдың аяқ шенінде ерекше «батыл» болып, кейбір әрекеттер жасап әрі аса пәрменді істерімен көрінген тұлғаларымыздың бірі – қазақ топырағында рентген-радиология және радиобиология ғылымдарының негізін қалаушы атанған әйгілі ғалым, ҚР ҰҒА-ның 1967 жылдан толық мүшесі, қоғам қайраткері С. Б. Балмұханов. Қазақстанның дәрігерлер қауымына сол кезде тарала қоймаған күрделі ілімнің білгірі атанған саңлақ та сол. Сайым Балуанұлы осы саланың докторы (1959 ж.) және профессоры (1961 ж.) атанған соң-ақ білімдарлығымен, менмендігі басымырақ дара  қабілетімен де өз қатарының  алдына шыққан көшбасшы орнын 2014 жылға дейін, яки 92 жасында опат болғанша ешкімге бермеген тұлға. Бір ғасырға жуық ұзақ өмірінде ол КСРО-ның аса мәртебелі марапаттарының әрбірін екі мәртеден (Қызыл Жұлдыз, «Отан соғысы» және Ленин ордендері), демек алты рет иеленген. Жапон елінің Нагаи Такачи атындағы Халықаралық Бейбітшілік сыйлығының жампозы атанған әрі «Ядролық соғысты болдырмау үшін күресетін әлем дәрі­гер­лері» қозғалысының қазақстандық ассоциациясының президенті, Невада-Семей қозғалысының, тағы қаншама қоғамдардың төралқа мүшесі. Қазақ онкология және радиология институтын ондаған жыл ұдайы басқарып, Құрметті директоры міндетін де атқарған саңлақ...
Радиолог дәрігердің 400-ден астам және 6 монографиядан құралған ұлан-ғайыр еңбектерін талдау – біздің өреміз жетпейтін шаруа. Десем де, осы ғалымның жұртшылыққа көбірек мәлім «Ядролық полигон менің көзіммен» атты естелік-эссе түрінде орыс тілінде жариялаған ғылыми трактатын (автордың өзі очерк деп атаған), әлбетте көпшілікке ұғынықты сүреңде қарапайымдап баяндаған еңбегі туралы ойымды оқырман ретінде, оған қоса ядролық полигон тарихын зерттеуші жөніммен білдіруге пейілмін. Қазақстандық «Простор» журналы осы трактатты 1990 жылғы 11-санында жариялады. Сайым Балуанұлының айтуынша, сол еңбегі ағылшын, жапон тілдеріне іле-шала аударылған-мыс. «Учитывая большой интерес публики к Семипалатинскому полигону, я подготовил брошюру в расширенном виде для того, чтобы издать ее в виде небольшой книги. По разным причинам мне не удалось опубликовать ее в свое время... – деп сыр шертеді автор 1998 жылы жеке кітапша түрінде жарық көрген еңбегінің кіріспесінде. – Только после многих лет мог предложить широкой публике то, что я думал в те годы, чем я и мои соратники жили и за что боролись...». Байқайсыз ба, пайғамбар жасын еңсергенде жарық дүниеге келтірген ғылыми-эссесін академик-автор қайғы-шері мол елі үшін аса ділгер еңбек санаған. Осы кітапшаның беташар бетіне ол: «Жителям Кайнара и Саржала, постоянно проживающим рядом с логовищем дракона – Полигоном, испытавшим все беды ядерных взрывов, получившим самую высокую дозу радиации, но, несмотря на полувековую трагедию, сохранившим достоинство и оптимизм посвящаю!..»* – деген арнау сөзін радиолог-ғалым тағдыры толайым елді мекендер тұрғындарының ауыр тағдырына деген жанашырлық ықыласын да аста-төк аңғартқан (Қайнар кенті – менің туған мекенім, осы еңбекті тебірене қабылдауым да содан деп біліңіз!)...
Сайым Балуанұлы осы трактатында кейбір оқиғалар мен айғақтарды ойжотамен долбарлап әрі жөнсіз әсірелеп толғаған. Сірә, академик автордың жазбаша мәлімдеуін кім теріске шығарады?..» – дегендей де бопсаға жеңсік берген. «Дегелең мен Мыржықта жасалған жой­қын сынақтардың салдарынан екі таудың да табиғи сұрқы үшті-күйлі жоғалып, быт-шыты шыққанын көріп қарадай шошыдым», – дейді ғалым «Кіріспе» бөлімде. Дегелеңнің биік шыны аласарып, құрдым астының да бүлінгені рас. Ал, одан әлдеқайда аумақты Мыржық тауы туралы ойы – жаңсақ тұжырым. Сайым ақсақал сол таудың қай жерде екенін де білмейді. Полигонның күнбатыс шетіндегі Мыржық бөктеріне әскерилер дендеп кірмеген (Дегелеңнен ол 50 шақырымдай шалғайда, сол өңірдегі тұрғын халық та жарылыс жасалған жылдары ешқайда көшірілген жоқ. Осы таудың қойны-қоншын мен 1994 жылы уазик машинамен бір тәулік бойы емін-еркін араладым. Мыржыққа ұрымтал Сарыөзен аңғарында өндірістік сынақ жасалған (атомдық емес, тек қана шағын жарма қазылған. Осы сынақ туралы «КСРО-дағы ядролық сынақтар» кітабында ғылыми сипаттама бар). 
Жаңсақ долбарланған деректер очерк-трактаттың күллі мәтінінде тарау сайын кездеседі. Аңдауымызша, Сайым Балуан­ұлында тарихи дерекке деген жауап­кершілік жеткіліксіз. Айғақ келтіремін: кітапшаның 90 және 111-беттерінде «Абыралы ауданы 1953 жылы тарады» деген анықтама екі мәрте қайталанған; шындығында Абыралы ауданы 1955 жылғы 22 қаңтарда Қазақ КСР Жоғары Кеңесі төралқасының Жарлығымен тарқатылды. Кітапша авторы кейбір замандастарының есімі мен фамилияларын өзінше өзгертіп жазады: мысалы, есімі жұртшылыққа мәлім, қоғам қайраткері Мұрат Әуезовтің есімін – Марат десе (116 б.), Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты, профессор-дәрігер Майра Жангелованы Жұматоваға (75 б.) айналдырады. 43-бетте: «Қарауыл мен Саржал ауылының тұрғындарын көшіргенде жан басына небәрі 50 сом өтемақы төлеген» деп, үкімет қарарындағы соманы бір нольге кемітіп, қынжылыс білдіреді. Кітабының беташар бетіндегі карта-схемада Балапан бұйратындағы тұзды көлдің аты Қаражүрек делінген (шындығында сол атыраптың аты – Қаражыра, сол маңатта ешқандай көл жоқ. 1957 жылы ашылған  Семейдегі «Бруцеллезге қарсы № 4 диспансер» атал­ған медициналық құпия ұжымды радиолог-ғалым 1960 жылы ашылды (22 б.) әрі 2-диспансер деген. Қадірменді академик осы еңбегінің 26-бетінде: «В 1953 году повторился взрыв такой же мощности, но на этот раз за два часа до испытания в Кайнар прибыла колонна военных автомашин, в которые насильно посадили жителей. В каждый кузов забросили по две бутылки водки, буханке хлеба и несколько банок консервов. Людей отвезли на 80-100 км и бросили на открытой местности. Многие возвратились спустя несколько дней и застали поселок засыпанным мягкой на ощуп мелкой порошей. Животные, особенно дойные коровы были вялые, не паслись..». Осы сипатты ойдан бопсаланған оқиғаны ғалым 50-бетте қайталап: «Эвакуация людей была осуществлена за один день до испытания термоядерной бомбы» – деген де қисынсыз ақпар айтады. Сірә, бұл да әскер бастықтарының жергілікті халыққа көрсеткен дөрекілігін әшкерелеу үшін жазылған. Шындығында, тұрғын халықты көшіру және алдын-ала жасалған жоспар бойынша, жергілікті өкімет адамдарының көмегімен ұқыпты түрде 10-15 тәулік бойы жүзеге асқанын мен өзім тұратын Қай­нар тұрғындарының 1953 жылғы көшуін және өзге ауылдардың қайда, қалай қоныс аударғанын кітабымның «Жадыраған жаз еді» тарауында тәптіштеп жазғанмын. Және сол өзім еліммен бірге он жеті жасымда басымнан кешкен оқиғалар... Сайым Балуанұлы кітабының 30-бетінде «Әскерилердің жер астында жарылыс жасайтын шахтыларын Саржал кеңшарының мал фермаларынан небәрі 6-10 км жерден қазған» – деген жорамал ойын өмірде болған іс етіп көрсеткен. Анығында Саржал ауылы да, оның мал қыстақтары да сынақ алаңынан кем дегенде 30-50 шақырым қашықта болды, сол мекендердің бәрін де бертінде арнайы көрген пендемін...    
Амал не, осындай жаңсақ долбарланған деректерді аса мәнді атауға ие ғылыми туындыдан көптеп тізуге болады.
Жетпіс жастың өріне көтерілген ғұла­маның осы еңбегінде өзінің дабыра атағымен мүлдем жараспайтын оғаш қателіктер де аз емес. Мысалы, төмендегі сілтеме: «1952-1954 жылдарда біз Семей обкомының бірінші секретары М. Сужиков арқылы КПСС ОК-не бірнеше мәрте мәлімдеме жасап, 50 рентген дозаны адам ағзасы, әсіресе жасөспірімдер көтере алмайтынын ескерттік...» (67-б.) – дейді ғылыми трактаттың иесі.  
Мұхамеджан Сужиков Семей обкомына бірінші секретарь болып 1958 жылдың көктемінде сайланған (1954-1958 жылдары ол кісі Қызылорда облысында еңбек еткен). 
Трактаттың 41-бетінен басталатын «Ішкі зақымдану» тарауына кірісерде автор мынадай дерек келтіреді: «1951-1959 гг. Министерством здравоохранения КазССР и АН КазССР были организованы комплексные научные экспедиции в районы, прилегающие к полигону, в работе которых принимали участие специалисты Института биофизики Министерства Здравохранения СССР. В состав казахстанской группы ученых, входил и автор этой книги. Исследования показали, что значительная часть Центрального и Восточного Казахстана подверглась радиоактивному заражению. Больше всего пострадали Кувский, Каркаралинский, Коунрадской (?) и Абайский районы Семипалатинской и Карагандинской облас­тей.  Радиация была обнаружена повсюду: в почве, пище, воде, одежде выделенных людей и животных, в домах и хозяйственных постройках. Для сравнения такие же исследования  проводились в населенных пунктах Чубартау и Актогай Карагандинской области...» 
Осы мәлімдемеде бірнеше қателік бар: Баянауыл ауданындағы Теңдік пен Шадыра ауылдары және Ақтоғай ауданының бірді-екілі елді мекендері; радиациямен зақымданған аудандар тізіміндегі Семей облысының Бесқарағай, Жаңасемей аудандары трактатта мүлдем аталмаған; Семей облысында Шұбартау деген елді мекен жоқ, ғалымның нұсқап отырғаны – осы аттас ауданның Баршатас кенті. Зерттеу жүрген елді мекендердің кейбірін шатастырып атауы немесе атамауы тегінде ұмытшақтықтан емес...
Нақ осы «шатасу» турасында қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадам «Аргументы и Факты» газетінің 1997 жылғы №30 санында жариялаған «Чужие лавры» деп атаған, С. Балмұхановтың ғылыми қызметін ашық мінеумен тарқатқан мақаласында «Руководителем экспедиции назначается директор Института Краевой патологии АН КазССР Бахия Атчабаров, а заместителем – главный радиолог Минздрава КазССР Саим Балмуханов. Атчабаров постоянно работает на месте испытаниий, а Балмуханов бывает там изредка – наездами» – дегені кешегі өмірде болған шынайы жайтты айқындаудан туған. Осы мақалада автор таңғаларлық тағы бір дерек келтіреді: «Бұдан екі жыл бұрын біздің экологтар ғылыми жиын өткізді. Сол жиында жапондықтар Атшабаров экспедициясының 12 том есебі толық басылған қалың фолиантты көрсетіпті. Есептің ғылыми түйіні жапон тіліне де аударылыпты. «Ау, мұның қайдан алдыңдар?» деген сауалға олар: «Мәскеулік әріптестерден сатып алдық...» – деп жауап беріпті.   
Шындығында өмірде болған оқиғаны өрескел бұрмалау бұл ғана емес, «Ядролық полигон менің көзіммен» трактатында автор көп жыл бұрын зерттеу жүрді деген мәнді шараларды өзінің тоғыз жылға созылған жанқиярлық еңбегі етіп баяндаған. «Полигон төңірегіндегі елді мекендерде 1951-1959 жылдары экспедициялық тыңғылықты тексеру жүрді» дегені де ойдан шығарылған бопса. Сол зерттеулер жайында мен осы кітаптың «Мүсәпір елдің тірлігін кім ойлайды?» деген тарауда нақты айғақтарды тізе отырып, егжей-тегжей сөз еткемін. Сайым Балуанұлы мына еңбегінде әртүрлі экспедицияларды, кейбірі бірер ай мерзімде сәтсіз аяқталған, ұзын ырғасы тоғыз жылға созылған жүрдім-бардым зерттеулерді өзара біріктіріп және бәрін де бір экспедиция етіп сипаттап, «өзім де сол жылдардағы кешенді зерттеуге бастан-аяқ қатыстым» деген ойды оқырман санасына бекемдеп сіңіреді... 
Шындығында зерттеу мүлдем басқаша жүрген: бірінші экспедиция  Семей облысына 1951-1953 жылдарда жасақталған, қарамы шағын топ, Оны С. Балмұханов басқарған, зерттеумен  бекем  анықтадық  деген айғақтары полигон мамандарымен айтыста бекімеген (сол шындықты Сайым Балуанұлының еңбегінде өзі де мойындаған); ал, 1957-1959 жылдардағы қазақстандық екінші экспедицияны патолог ғалым Б. Атшабаров жасақтаған, С. Балмұхановтың оған орынбасар болғаны да оқырманға мәлім; Мәскеудің Биофизика институтының мамандары да экспедиция жұмысына тек қана соңғы жылы ғана қатысып әрі қазақстандықтар үш жылда анықтаған сорақы деректерді теріске шығару үшін ғана қосылған... Ал, академик Балмұханов ғылыми трактатында үш кезеңге бөлінген ізденістерді өзара біріктіріп, тоғыз жылдық кешенді зерттеуге айналдырады. Өзінің сол ізденіске бастан-аяқ қатысып, басшылық жасағанын отыз бір жылдан соң халыққа әйгілеуді жөн деп білген. Сонсоң да трактатты медициналық басылымға емес, таралымы мол «Простор» журналына ұсынған. Әлбетте қитұрқы ойы ақталды. Кешенді ізденістің қыры-сырына қанық еместер: «Апыр-ай, неткен батылдық! Қасымызда жүрген ерлерді білмейді екенбіз. Сайым ер – нағыз қаһарман!..» – деушілер көбейді. Сол даңғазаға еліккендер біздің Семейден де шықты (кім екенін сәл кейінірек ашамын). Әрине, арада өткен ұзақ жылдар сол оқиғаларды ел жадынан ұмыттырды. Әмірі мығымдардың жөнсіз нұсқауымен 1961 жылғы ақпанда жабық мұрағатқа алынған түскен конференция материалдары, Мәскеудің Биофизика институтында қызу жүрген үш күндік талқының 120 парақ хаттамасы, тағы сондай сорақы деректер жабық қорға түсті... Демек, жеті құлып астында қалған айғақтарды қалауыңша бұрмалап, қандай бопса айтсаң да жариялылыққа құмар жұрт талғаусыз әрі ынтыға қабылдайды. Баспалар мен газет атаулы шындыққа сусап отыр, бұл да халықтық демократияның тамаша жемісі, ең ғажабы, не десең де тежеусіз, тексерусіз жариялайды. Рақмет айтады, ерлікке балайды. Сондықтан да, Сайым Балуанұлы жариялылық заманы кенеттен сый еткен еркіндікті әрі қатыбас цензураның жойылғанын дереу әжетіне жаратқан. 1960 жылдарда-ақ замандастарының алдына шыққан көшбасшылық рөлін, ғұлама атағы мен үздік  мәртебесін арқаланып, «Ядролық полигон менің көзіммен» деп көзтүрткі дабырамен атаған ғылыми трактатын шытырман оқиғалармен қалауынша «байытып», кейбірін ойдан бопсалап емін-еркін толғаған... 

Сайым БАЛМҰХАНОВ, «Ядролық полигон менің көзіммен» (51-53 бб.):                        
«...1960 жылдың қара күзі. Мәскеудің Биофизика институтымен бірлесіп жүргізген зерттеу аяқталған кез. Семей облысының далалық бөлегінде жаз бойы қарбалас жүрген тексеруде медик-профессорлар Р. Бабаянц, А. Г. Гускова (КСРО Медицина академиясының корреспондент-мүшесі) және танымдық деңгейі өте жоғары мәс­кеулік  бесаспап мамандардың күн сайынғы  қиыншылықтарды елемей, дәрі­герлік парыздарын адал атқарып, ғылыми жоғары деңгейде жүргізген ізденістері бізді ерекше таңғалдырды. Институт директоры, академик А. В. Лебединский биохимиялық зерттеуге қажет құрал-жабдықтың жаңа түрлерін тауып беріп, солармен жұмыс істейтін білікті мамандар жібергені де аса күрделі жұмысты дер кезінде аяқтауға септігін тигізді. Мысалы, ғылым докторы Л. Н. Туточкина бастаған дәрігерлік квалификациясы өте жоғары білікті мамандар көмекке келіп, қажет анализдерді тездетіп жасайтын болды. Соншама білгірлердің Мәскеуден келуі, орталықтың біз бастаған зерттеуге назар бөлуі, әділін айтқанда, бұрнағы жылдардағы осы іске немқұрайды пиғылын күрт өзгертуі біздің мамандарға да әсер етіп, еркінірек жүріп-тұратын болдық, тірлік-тұрмысымыз да оңалды. Бізге сол жылы полигонның авторотасы ертелі-кеш қызмет етті. Бұл болса іздеген адамдарды тексеру орнына жеткізуді жеңілдетті... 
Ақырында профессор Атшабаров екеуміз төрт жылдық ізденіс туралы есеп жазуға отырып, жиналған деректерді екшегенде аса жағымды деуге болмайтын оқшау қортындыға келдік.* Әлбетте сол түйін полигонның медициналық бөлімін басқаратын полковник С. В. Турапинге ұнаған жоқ, біз мәлімдеген радиологиялық талдауды ол бірден-ақ теріске шығарды. Оның қарсылығы сырқат тараған мекендердегі радиацияның мөлшері турасында туды. Полковниктің айтуынша, біз даралап көр­сеткен елді мекендер жоғары деңгейдегі радиацияны ешқашанда алмаған. Алғашқы дау Саржал ауылының тұрғындары алған доза турасында өрбіді. Турапиннің қызметкерлері ең көп дегенде саржалдықтар 20 радий радиация алды десе, біз сол жерден алынған то­пырақ үлгілерінде сақталған нуклидтер қалдығын нұсқап, міне, залалдың көкесі, осылардың салдарынан бұл мекенде қанша­ма адам аққан және басқа ауруларға ұшы­рады дейміз, ал олар саржалдықтардың тағамдары нәрсіз, көкөністі білмейді... деп, бәз-баяғы дәлелін қайталады. Ақырында біз мәскеулік мамандар анықтаған соңғы дозаны көрсеттік. Қысқасы, біздің дауымыз базардағы жұрттың қайткен күнде пайда түсіруді көздеген саудасына ұқсап зықымыз шықты. Әрбір елді мекен турасында дау­ласуға тура келді. Қайнар мен Қарауыл мекендерінің тұрғындары зақымданған радиация мөлшері турасында да солай болды.
...Ядролық жарылыс ауада, жер бетінде жасалған жылдарда полигон аймағында және одан тысқары өңірде радионуклидтердің 200-дей түрі жерге сіңген. Солардың көпшілігінің радиоактивтік қасиеті толық сөнген немесе табиғи ыдырау жолымен бірер айда зым-зия жоғалып кетеді. Алайда, солардың ішінде белсенділігін жоғалтпайтын да изотоптар бар, кейбірінің ғұмыры мың жылдан астам. Ең шатағы, солар топыраққа сіңіп, өсімдік тамырларын шалады. Мысалы, стронций-90, цирконий-95, цезий-137, көміртегі-14, плутоний-239 және қорғасын-210 изотоптары сондай залалды қасиетке ие. Қайсыбірі, әсіресе плутоний мен қорғасынның изотоптары ауыр болғандықтан адам организміне тап болса, бірден-ақ жұлынға жиналып, болмаса одан да өзге жайлы орын тауып, ағзаны мұжи бастайды. Медицина ілімі сол пәлекеттен құтылу жолын әзірше тапқан жоқ, адамды мүгедек ететінін ғана біледі. Биолог зерттеушілер сол изотоптардың «өсімдік-мал-адам» схемасы бойынша адам ағзасына өтетінін анықтады. Дүние жүзілік ғылыми әдебиеттерде осы кеселдің адамды шырмауы беймәлім түрде жүзеге асатыны сипатталған. Қысқасы, жұмбақ жайттар көп. Батыс Австралияның халқы кенгуру мен қой етін жейді. Солардың етіне әлгі изотоптар сіңбейді. Ғажап жайт! Ал, Семейдегі ет комбинатына тапсырылатын мыңдаған қой етінде (әрине, полигон төңірегінде бағылған малда) жаңағы изотоптар мың-мыңдап бықып жүреді. Осы кеселді біз ғана емес, Мәскеу биологтары да анықтап, қауіпті изотоптар мол жиналған жердің картасы жасалды... 
Полигон қалашығында отырғанымызда полковник Турапин өздері жасаған жаңа картаны көрсетті, Абай ауданындағы радиацияның жалпы мөлшері 37 радий деп жазылыпты. Біз, әрине, кем дедік. Аяқ астынан дау өрбіді. Ол да айқайға басты, біз де аянбадық. Оның мақсаты – Қайнардың, Саржалдың, Қарауылдың зақымдануы өздері баяғыда анықтаған мөлшерде болғанын біз қол қойған актімен бекіту, ал біз соны бес есе көтер дейміз. Қысқасы, ұрыс-керіспен тарқадық. 
Кешке таман полигонның әскери бастығы Гурий (Жаңсақ атау, дұрысы – Иван Николаевич Гуреев – М. С.) Бақия екеумізді асханаға шақырып, қонақасы берді. Түпкі есебі бізді өз дегендеріне көндіру... Біз бірақ илікпедік. Түннің бір уағында мені әскер бастығы оңаша әңгімеге шақырды. Сөйтсем, үкімет байланысы арқылы КСРО Денсаулық министрінің Одақ территориясындағы радиациялық ахуалды бақылайтын орынбасары А. И. Бурназян іздепті. Бұрыннан таныспын, күшке салудан тайынбайтын әпербақан адам, маған ол біршама зіркілдеп, соңынан жаймашуақ сөзге көшіп, әскерилер ұсынған мөлшерге келіс деді. Жергілікті халықты емдеуге ерекше ықыласты екенін қайталап, көл-көсір уәделер айтты. Сөйтсе де мен өз пікірімнен айнымадым. Министрдің орынбасары таңертеңге дейін ойлан, тағы да телефон шаламын деген ескертумен трубканы тарс жапты. 
Мейманхананың оңаша бөлмесінде Атшабаров екеуміз шам жақпай, ұйқымыз қашып, кіржиген қалыпта ұзақ отырдық. Сөйтіп отырғанда үстімізге көрші бөлмеден екі мейман келіп, КГБ жүйесінен біздің жүріс-тұрысымызды бақылаушылар екенін сезетінбіз, олар да әртүрлі жайттан әңгіме қозғап, Сібірдегі тұтқын лагерьлері туралы жантүршігерлік оқиғаларды естеріне алды. Көптеген зиялылар аңқаулықтан, Отан қорғанысын жете түсінбегендіктен оғаш әрекеттерге ұрынып, өмірлерін түрмеде өткізетінін қынжыла әңгімеледі. Солар кеткеннен кейін түн ортасында полигон мамандарымен біріккен экспедицияның жетекшісі А. Ф. Кобзев келіп, КГБ жүйесінде полковник шенімен қызмет еткенін естігенбіз, жоғары деңгейде жүрген ғылыми зерттеудің нәтижесін табанды түрде қорғау қажет емес, сыңаржақ қылық опық жегізеді… деген сыңайда көл-көсір ақыл айтудың соңында екеу­мізді  штабқа шақырды. Мезгіл таң ағара бастаған уақыт. Генерал-лейтенант Бурназян менімен қайыра сөйлесіп: «Жазылған есепті бүлдірмей, Кобзев дайындаған актіге қол қойыңдар. Ал, егерде ұстанған түйіндеріңнен айнымасаңдар – өз ойларыңды қосымша тапсырыңдар...» – деді.
Бақия екеуміз өзара ақылдасып, ақырында сөйтетін болдық...
1989 жылдың жазында мен бұдан 27 жыл бұрынғы есепті мұрағаттан көргенімде жағамды ұстадым: екеуміздің қолымыз актіде тұр, тек қосымша пікіріміз үшті-күйлі жоқ. КСРО азаматтарының денсаулығын қадағалайтын министрлік осындай жымысқы әрекет жасаудан қымсынбаған...
Жуықта  мен  «Үкімет хабаршысы»  журналынан өзімді таңғалдырған дерек оқыдым: Семей облысының полигонмен іргелес үш ауданының тұрғындары (Абай, Бесқарағай және Жаңасемей) 1949-1963 жылдардағы сынақта ПДУ-ден (предельно допустимый уровень радиации – М. С.) әлдеқайда жоғары мөлшерде радиация алғанын бадырайта жазып, зақымданғандардың жалпы қарамы 10 мың адам депті. Сол санды кезінде біз де айтқанбыз. Осы мәселе турасында Семейдегі  № 2 (сірә, 4-ші – М. С.) диспансердің бас дәрігері Б. И. Гусев «Біз үш ауданның барлық халқын емес, солардың 20-30 пайызын ғана тексердік» деп ащы шындықты мойындағанын білетінмін. Борис Ивановичтің болжамынша, жер бетінде және ауада жасалған сынақтардан кем дегенде 40 мың адам зақымданған. Яғни, алғашқы екі құжатта сөз үш ауданның тұрғындары турасында ғана болған. Анығында полигонға ұрымтал жерде орналасқан Қарағанды облысының Қу және Қарқаралы аудандарының ондаған мың халқын Гусев кәперіне алмаған. 1958-1960 жылдардағы дозиметриялық зерттеуімізге сүйеніп, біз полигонмен іргелес атыраптағы 200 мыңнан астам халық ПДД (предельно допустимая доза – М. С.) мөлшерінде радиация алған деген қортынды жасадық.       
Осы тұжырым әскерилер тарапынан наразылық туғызды. Бұл болса біздің Дала халқына жасалған қастандық. Әскери ведомство сынақ зардабын әрдайым кемітіп көрсетті. Ең шатағы, осы жалғандықты бюрократтық жүйе, үкімет құрамында еңбек ететін, ядролық ведомствоның іс-қаракетін қадағалауға жауапты шенеуніктер ВПК ұсынған жалған деректерге қолдау білдірді. Шынтуайтын айтқанда, Чернобыль апаты жұрттың көзін ашып, күллі Кеңес қауымы наразылық білдіріп ашық күреске шыққанға дейін осы көзқарас өзгерген жоқ. «Семей полигонының өзінде және төңірегінде қауіпті ештеңе жоқ» деген желеу көп жылдар бойы дәурен сүрді. Біздің экспедиция анықтаған деректер жарияланбай, отыз жылдан астам уақыт сейфте сақталғаны да содан...».                      
---------------------------------
      * Бұл да ойдан шығарылған жалған мәлімдеме. Экспедиция есебін Өлкелік патология институтының 62 ғалымы жарты жылдан астам уақыт сарыла отырып жазған. Сол есептің жиынтық көлемі – 3940 парақ, яғни қалың 12 том болған.                             
Халықтық демократия нышаны айқын сезілген жаңа заман, өзгерген уақыт атақты академиктің кешенді зерттеуді тоғыз жылға ойша «ұзартып», сол ізденіске оқта-тек қатысқан еңбегін көп жылдан кейін шексіз зорайтып, айрықша дабыралап көрсетуін, шынын айтқанда, ғылыми әріптестері жаппай қабылдамаған. Түсінікті ахуал. Рухани ділі, білім-танымы ғасыр аяғында шарықтап өскен қазақ қауымы қандайда бопсаға, жалған атаққа сыни көзбен қарайтын өскелең деңгейде екенін аңғартты. Сол «пенделердің» бірі – Бақия Атшабарұлы. Патолог ғалымның  біз тарау атына шығарған ғылыми еңбегінің «Адасулар, қателерді түзеу және өтірік» деп атаған 3-бөлімінде Сайым Балуанұлы ерекше әсерлеп, қауіп-қатерді төндіре сөз еткен, Мәскеу-400 қалашығында 1960 жылы кездейсоқ тап болдық деген шытырманды оқиға мүлдем өзгеше сарында баяндалған... 
«...Полигон қалашығының мейманханасында Бақия екеуміз түнеген кеште басымыздан кештік деген оқиғалар С. Балмұханов тәптіштеп жазғандай емес, шындық пен өтірік аралас баяндалған. Шындығы – екеуміздің әскери-өндірістік кешен өкілдерінің шақыруымен әскери қалаға бірге барғанымыз. Одан өзгесі, әріптесім әлдебір себеппен мәністеп суреттеген қорқытулар мен үгіттеулер, түнгі шақырулар мен бейтаныс полковниктермен оңаша сұхбаттар түп-түгел ойдан шығарылған. Солардың бірде-біріне мен қатысқам жоқ, менімен ондай әңгіме болған емес. Кешен бастықтары тегінде кімді үгіттеуді, өз дегендеріне қалай көндіруді біледі. Тоқетерін айтқанда, маған олар сондай «ізет» көрсеткен жоқ...
Балмұхановтың сол түнде басынан кешкен оқиғаны бипаздап түсіндіруінше, әлдекімдер оны репрессиямен қорқытқан, 1960 жылы осындай әрекет қаншалықты мүмкін? Түсінбеймін. Айтуынша, мәртебелі қайраткер, өктемдігі зор, елдің бәрі қорқатын А. И. Бурназян мен Биофизика институтының директоры, «кемеңгер Андрей Лебединскийге қарсы шыға алмай», екеуінің дегендеріне көнген. Соған мені де көндірген-міс. «Бақия екеуміз өз пікірімізді даралап жаздық» дегені де өтірік, сол құжаттың кейіннен жоғалып кеткені де бекер. Өйткені, мен полигон медиктері ұсынған тұжырымдамада ғылыми айғақтар өрескел бұрмаланған дегенімді көлденең тартып, қол қоюдан үзілді-кесілді бас тартқанмын. Әскерилер дайындаған қортынды хаттамада менің қолым мүлдем жоқ....».        
Өлкелік патология институтының дардай екі басшысының 1960 жылы бастарынан кешкен, иә кешпеген шытырманды оқиғаны екі түрлі сипаттауы және соны қырық жылдан кейін естеріне алуы әлбетте себепсіз емес... Мысалы, Мәскеудің Биофизика және қазақстандық Өлкелік патология институттары биологиялық-медициналық зерттеуді келесі жылдарда бірігіп жасағаны – ойдан шығарылған өтірік. Өйткені, екі институттың мамандары бұл мәселеде өзара қиыспайтын, біріне-бірі қарама-қарсы ұстамда болған. «Ал, 1959 жылы бірігіп жасауға уақытша келіскенде ортақ мәмлеге келе алмай, бірігуіміз ақыры айтыс-тартыспен аяқталды. Сондықтан да Сайым Балуанұлының қисынсыз жайттарды ойша бопсалауы – мүлдем түсініксіз байлам...» – деген уәжді мен Қазақ КСР ҒА-ның корреспондент-мүшесі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Б. Атшабаровтың оқырманға аты мәлім кітабынан келтіріп отырмын. Сол еңбегінің 26-бетінде Бақия Атшабарұлы тағы бір өрескел жайтты үлкен өкінішпен сөз еткен: «Патология ұжымының экспедициясы ғылыми ізденісті бастаған 1957 жылы Мәскеудің Биофизика институтының мамандарынан құралған шағын топ Семей, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында құпия түрде зерттеу жүргізіпті. Алайда, сол ізденіс туралы біздің Академия, иә Денсаулық сақтау министрлігі ештеңе білген жоқ. Ал, қазақстандық экспедиция үш жылғы ізденісті тәмамдаған соң өзіміз анықтаған сорақы айғақтарды полигон басшыларына 1959 жылы мәлімдеген кезде, Әскери-өндірістік кешеннің ғылыми сарапшылары қыр елін дендеген сырқаттар туралы біздің қортындымызды бекер деп тағы да теріске шығарды. Сөйтсек, сол үкімді айтушылар КСРО Медицина ғылым академиясының Биофизика институтының жоғарыда аталған облыстарды өз бетінше тексерген топтың мамандары екен...». 

* * *  
Ә дегеннен ортақ мәмлеге келе алмай, сөйте тұра полигонмен іргелес аудандардағы тұрғын халық пен жерге, өрістегі малына әрқайсысы өз бетінше зерттеу жүргізіп, әртүрлі нәтижемен тұжырымдаған екі ұжым – Мәскеудің Биофизика және Қазақстандағы Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институттары 1961 жылғы ақпан айының 17, 18 және 20 күндері Мәскеуде бас қосқан ғылыми конференцияда соңғы рет кездескен (Соңғы дейтінім – бұдан кейін ВПК қожалары қазақстандық зерттеушілерді полигонға жолатпаған. Биофизика институты содан бергі, яғни, 1991 жылға дейінгі 30 жылда шынайы, мәні сорақы айғақтарды қалауынша бұрмалап, әскери мамандар жасаған қылмысты қисынды-қисынсыз желеумен үнемі бүркеп отырған. Сол шіркіндерді осыдан соң шынайы ғылым иелері деуге бола ма? Өз басым шүбәлімін. Демек, олар әлем дәрігерлері мойындаған, әулие тұтқан Гиппократ антын да күресінге лақтырған). 
Алматылықтардың 1961 жылғы жиынға 27 ғалым бірігіп дайындаған 19 баяндамамен барған. Биофизика ұжымы 4 баяндама ұсыныпты, талқылауға мәскеулік білгірлермен қоса Ядролық полигонның басшылары мен жетекші дәрігерлері де қатысқан. Талқы қызу жүрген. Конференцияның үшінші күні қазақстандық зерттеушілер есінен тана жаздап, өздері сірәда күтпеген төтенше оқиғаға тап болған. Соны жасаушы кім-кім – докторлық диссертациясын 1959 жылы сәтті қорғаған әрі іле-шала қазақстандық экспедицияның екінші басшысы атанған Сайым Балуанұлы.  
Конференция хаттамасының 116-бетіне түскен сөздерді ықшамдап келтіремін:  «Радиациямен зақымданған аудандар мен одан таза ауылдар тұрғындарын біздің экспедиция тексерген кезде сол аймақтарда тұратын адамдар организміндегі «С» және «В» дәрумендерінің ерекше азаңдығы бірдей болып шықты. Демек, кейбір ауданға сәуле дозасы көп түсіп, ауру содан өрбіді деген біздің бұрынғы болжамымыз – мүлдем қисын­сыз. Демек, «Қайнар синдромының» өршуіне ядролық жарылыстар әсер етпеген. (...) Біздің клиникада ашқанымыз – өлкелік патологияға тән дағдылы құбылыс. Сондықтан да қыр елінде тыңнан өршіген ауру радиацияның залалды әсері деген пікірді түбірімен өзгертіп, сырқаттардың көбею себебін тегінде сол байғұстардың тұр­мыс күйтінің жүдеулігінен іздеу қажет. Дала тұрғындарының дерттері – жер­гілікті ерекшеліктерден өрбіген, қорекке пайдаланған тамақтың әлсіздігі, дәрумендер жетімсіздігі. Тегінде біз осы жағдаятты республика басшыларына жуықта ресми мәлімдеп әрі баспасөз бетінде жариялап сол маңаттағы тұрғындардың тұрмыс ахуалын жедеғабыл көтеруді ұсынбақпыз,..».
С.Б. Балмұханов Биофизика институты мен полигон дәрігерлерінің 1949 жылдан бері ойдан шығарған «ертегісін» қаз қалпында қайталаған. Сол сөзімен ол қазақстандық әріптестерінің, яғни өзінің де үш жыл бойы қыр елін кезіп, бейнет тарта жүріп қыруар зерттеумен анықтаған дерттердің себеп-салдарын жоққа шығарған. Сайым Балуанұлы сөзінің соңында: «Экспедиция мүшелері үш жыл бойғы тексерісте өздерінің кереғар тұжырымын бекітетін айғақтарды іздеді, халықты жаппай тексерген жоқ...» деген де мәлімдеме жасаған. 
Бақия АТШАБАРОВ, «Семей полигоны туралы адасулар...» кітабының 69-бетінен: 
«Сайым Балуанұлы Мәскеулік конференцияда жария еткен оғаш пікірін әскери медиктердің ойдан шығарған ежелгі бопсасын қолдау мақсатымен айтқан. Сөйтіп, ол Өлкелік патология институтының ұжымы бірауыздан мақұлдаған пікірді тәрк етіп, әскери-өндірістік кешеннің солақай пиғылына бізді жығынды етті. Сөйтуге оның ресми де, азаматтық та қақысы жоқ-ты. Сол қарсаңда ол Патология институтының директорының, яғни менің ресми орынбасарым болатын. Ол өзі экспедиция құрамында болған жылдарда және соған дейін де ұстанған ғылыми концепциядан танып, полигон төңірегіндегі халық радиация залалынан зардап шегіп, әртүрлі сырқаттарға ұшырады деген әріптестерінің пікірін Мәскеудегі конференция мінбесінен теріске шығарды.«Ядролық полигон менің көзіммен» еңбегінде ол мүлдем басқаша сайраған...».
Айдар Бақияұлы АТШАБАРОВ, естелік:
«Бертінде, Мәскеудегі оқыс оқиға туралы қайыра сұрағанымда әкем маған мынадай түсінік айтты: конференция аяқталуға тақаған кеште Сайым Балуанұлы өзі мен экспедиция мүшесі Ә. Т. Алданазаровты қонақ үйдегі оңаша бөлмесіне шақырып, дастарқан жайып, ішімдік те ұсына отырып, өзінің мінберден мәлімдеген оқыс әрекетіне кешірім сұраған. Аңдауымша, оның кішілік ізетпен және қамыққан жүзбен: «Оңбай қателестім, ағалар, ұстазым Лебединскийдің арбауына түсіп, әбден шатастым, енді не дерімді білмей қымсынып отырмын...» – дегенде, екеуі де: «Жарайды, кешірдік!..» депті. Меніңше, қателескенін мойындап отырған іні есепті әріптесіне әкем де, Әмір Тұрлыбайұлы да асқан мейірімділік жасаған. Ең ғажабы, болған жағдайды Алматыда айтпауға уағда еткен. Нәтижесінде экспедицияның екінші басшысының сатқындығын Қ. И. Сәтбаев білмеген. Дарынды, білгір  ғалым деген пікірінен айнымай, үнемі қолдау көрсеткен. Сірә, ғылым мен министрлік басындағы қайраткерлер де үнемі қолдау көрсеткен. Сөйтіп, ғұлама ғалым, ғылыми мектебі бар дарын иесі деген дабыра атаққа ие болып, неше түрлі марапат пен шексіз құрметке шаш етектен иеленген. Сол пікірдің Сайым Балуанұлы өмірден озғанша өзгермегені – жұртшылыққа мәлім...»            
«С. Б. Балмұханов өзінің 1959-1961 жылдардағы сатқындығын ұзақ уақыт жасырып бақты. «АиФ» апталық газеті (№ 30, 1997 ж.) масқара қылығын жұртқа әшкерелеген соң ғана сол кездегі оғаш ісін ақтап әртүрлі дәлелдер айта бастады, – деген айыптаумен жалғастырады Бақия Атшабарұлы осы оқиға туралы пікірін өз кітабының «Адасқанын мойындау, қателескенін ақтау және тағы да өтірік» деп даралаған тарауында (83-88 бб.). – Мысалы, «Ядролық полигон менің көзіммен» кітабында Сайым Балмұханұлы: «Сол кезде, шындығын айтқанда, құпияны түре ашуға ынтамыз жетпеді, өйткені, бәріміз де КГБ-ның қатаң бақылауында жүріп еңбек еттік, қайдағы бір қайнарлықтар үшін басымызды қатерге тіккіміз келмеді. Академик А. В. Лебединский мені үйіне шақырып: «Әлі жассың, байқа, шырағым, жап-жақсы өрістеп келе жатқан ғылыми жолыңды бүлдірме. Мынау іс те сондай, тектен-текке батыр болам деп омақаса құлайсың...» дегені де мені ойландырды. Ғұлама ұстазымның ескертуі тегін емесін түсіндім, шынайы жағдайды ол кісінің білетініне шүбәсіз сендім...» – деп те ақталған. (...) Ағынан жарылса да бұл ақырына дейін арылу емес. ВПК өкілдері, меніңше, оны қармағына мықтап ілген. Өйткені, Мәскеуде болғанымызда солардың адамдары біздің ұжымның кейбір мүшелерін әртүрлі амалдармен арбап оңаша әңгімелескенін білетінмін. Тек бірде-бірі жалған мадаққа қызыққан жоқ, ғылыми жұмысына адалдығын сақтады. (...) Сайым Балуанұлын Мәскеудегі жиынға бара гөр деп ешкім де зорлаған жоқ, бертінде өзі жік-жаппар болып ақталғандай, «Қарақан басын қатерге тіккісі келмегенін білген соң сол талқыға қатыспағаны жөн еді, амал қанша?! Барды да, «білгіштік» жасап, ВПК құдайларының айтқанын істеді. «1990 жылы жариялаған, сыпыра өтірікпен құралған еңбегін айдаһардың аузында өмір сүрген Саржал мен Қайнардың бейшара тұрғындарына арнаймын...» деген арнауына осыдан соң не дейміз? Құрмет, иә ізет емес, өлмесең өме қап деген мазақтау емес пе? (...) Тағы бір айтар жайт: Балмұхановтың сатқындық әрекетін сыпыра ақтаған кітабында «эффект-доза» деген терминді ойлап тауып, біздің үш жыл және жарым жылға созылған зерттеуімізде осынау, зиянды сәуленің көтеріңкі мөлшеріне ерекше мән бергендіктен «шатасыппыз», соны ол отыз жылдан кейін ғылыми дәлелдеуге тырысқан. Бұл да ғалым-радиологтың бертінде ойлап тапқан сандырағы. Біз мыңдаған адамды әлденеше айлар сарыла жүріп зерттегенде ешқандайда доза іздеген емеспіз, радиациялық зақымдаудың қалдығы адам ағзасында бар-жоғын тексердік. Бар болса бар дедік, жоқты қуған жоқпыз. Тегінде бұл ғылымның ертеден қалыптасқан сара жолы...»  
С.Б. БАЛМҰХАНОВ, «Ядролық полигон менің көзіммен», «Сенім жоғалғанда» тарауынан (ықшамдалған аударма) 89-90 бб.:  
«Правительственный вестник» (шілде 1990 ж. № 27) газетінің дерегіне қарағанда, Семей облысында тұратын халықтың обыр дертіне ұшырағандарының саны 7 % -дан аспайды-мыс. Мен сол шіркіндерге: «Аспанға ұшып, бұлт арасында қалықтаудан дереу тиылыңдар. Әсем қаланың жылы пәтерінде отырып теориялық қияли есептеулермен өздеріңді де, семейліктерді де алдауды қойыңдар деймін! Сендер неге дарқан өмір ұсынған шынайы деректерді көрмейсіңдер? Апыр-ай, Семейдегі «бруцеллезге қарсы диспансер» атанған дәрігерлік ұжымның соңғы ширек ғасырда денсаулығын бақылаған 10 мың кеңестік «хибакусяның» аянышты тағдыры сендерге мәлім емес пе? Сол бейшаралардың қазірде 3 мыңы ғана тірі жүргенін, олардың да күні санаулы екенін білмейсіңдер ме? (...) Осы диспансердің ерекше бақылауындағы тұрғындардың шалғай аудандардағы далалықтармен салыстырғанда 35 пайызы обыр дертімен сырқат...
Ал, радиациямен зақымданған аймақта тұратын адамдардың негізгі бөлегі үкімет назарынан, полигон бақылауынан тысқары қалған. (...) Биофизика институтының мұрағатында қазақстандық экспедицияның 1957-1960 жж. арнайы зерттеуінің есебі сақтаулы. Сол есептерде Семей облы­сының біз тексерген, полигонмен іргелес аудандардағы тұрғын халықтың обыр дертімен ауруы көршілес аймақтармен салыстырғанда 30 пайыз көбірек екені бадырайта көрсетілген. Бұл болса сол кездегі тірі кеңестік еңбекшілердің арнайы тексеруден соң мәлім болған аянышты тағдыры. Газеттер сол бейшараларды көрмей, теориялық болжамдармен дүйім жұрттың көзін байлауда. Міне, менің алдымда небәрі 2500 тұрғыны бар Қайнар кентінен соңғы жылдары тек қана обыр дертінен қайтыс болған 214 адамның есімдері жазылған тізім жатыр. Бұл енді күллі Қазақстан бойынша 100 мың адамға есептегенде 2,5 есе көп сорақы көрсеткіш...»       
Б.А. Атшабаров 2002 жылғы еңбегінде 4 кесте келтірген. Солардың екеуінде мынандай деректер бейнеленген: медицина ғылымына жаңа дерттің атауы ретінде қолданысқа өзі енгізген, қыр елінде полигон зардабынан өрбіген жаңа аурудың танымал белгісін даралап, «Қайнар синдромы» деп атаған, радиация бөлшектері туғызатын дерт бойынша, Абай ауданының үш бірдей елді мекендерінен 1375 адамды мұқият тексеріп, солардың Қайнарда – 46,7; Саржалда – 53,6; Қарауылда – 38,4 пайызы осы ауруға шалдыққанын нақты анықтаған; ал, тексерме есеп үшін таңдалған Баршатас елді мекенінің (Шұбартау ауданы) 486 адамының 26,3 пайызы, Ұлытау ауданында 572 адамынан 8,6 пайызында ғана «Қайнар синдромының» болмашы белгілерін тапқан. 1959 жылғы тексеру нәтижелері де осындай: Қайнар мен Саржал ауылдарынан 724 адамын екінші мәрте тексергенде, солардың 54,9 және 57,4 пайызы «Қайнар синдромымен» ауыратынын анықтаған. Ал, Баянауыл ауданының Шадыра ауылындағы 414 тұрғынның 14,9 пайызынан ғана әлгі сырқаттың танымал белгілерін тапқан. 
Бұл енді соқыр адамды да мойындатар сорақы шындық!..
Профессор Б. Атшабаров радиация зардабынан өрбитін ауруды 1957-59 жылдарда-ақ ғылыми есептерде «Қайнар синдромы» деп атаған ғылыми жаңа терминді әріптесі С.Б. Балмұханов мәскеулік академик А.В. Лебединскийге «байлап», соңынан өзі де иемденбек болғанын, сол үшін де оны «Қайнар құпиясы» деп түрлендіргеніне де наразылық білдіріп, 2002 жылы жариялаған кітабында әшкерелеген...
  Әлбетте ғылым тарихында қателеспейтін пенде болмайтыны – аксиома. Ғылыми ақиқатқа жетер ұзақ жолда асуы ауыр, азабы мол қиыншылықтар кездесу де  –  дағдылы құбылыс. Осы қағидаға ден қойып, қауым үшін қыры-сыры беймәлім радиация залалын зерттеуге мұрындық болып, 1952 жылы-ақ атқа мінген, сәтсіз болса да сол зауалға жұртшылық назарын аударған ұлтымыздың дарынды ғалым-радиологының көзге түрткен шындықты көпе-көрінеу бұрмалаған әрекетіне кешіріммен қаралық. Тегінде бұл да сол кездегі аумалы-төкпелі уақыттың әсері...   
Сайым Балуанұлы сексен жастың шебіне жақындағанда: «Мен не жазсам да, не десем де – кім түзетеді, кім маған қарсы шығады? Радиологтардың Қазақстандағы ғылыми мектебінің негізін қаладым. Менің алдымнан жиырмаға таяу ғылым докторы, жүзден аса кандидаттар өрбіді...» деген өктем ойға ден қойғаны айқын. Сондықтан да, ол ядролық полигонмен тайталаста көргені мен білгенін өз қалауынша бұрмалаған, түймедей істі түйедей етіп зорайтып, болмаған істі болды... деген қиялмен бопсаланған «Ядролық полигон менің көзіммен» трактатын қайыра жария еткен.
«Семей полигонында атом бомбалары жарылып жатқанда халқым тағы да қасіретке шалдығатын болды-ау деп те қиналдым. Қанекең жарықтық (Қ. И. Сәтбаевты айтып отыр – М. С.) сол туралы әңгіме қозғалса тұнжырап, «Апыр-ай, апыр-ай!» дей беретін-ді... – депті Сайым Балуанұлы «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Сүлеймен Мәметпен сұхбатында (31 қазан 2007 жыл). – ...Атом бомбасы жиі жарылған өңірдегі халықтың денсаулығы 2-3 есе төмендеп кеткеніне көзіміз шүбәсіз жетті. Бұған Мәскеу қарсы шықты. Ақыры, экспедицияны жауып, біздерді тарыдай шашып жіберді. Үш жылғы қыруар еңбегіміз тәркіленді. Бұл жұмыс тәуелсіздік алған соң ғана қайта жалғасты. Жеріміз кең болғанмен халқымыз аз. Өзгенің емес, өз есебімізден қазақтың санын арттыруға ұмтылып, соған ерекше құлшынуымыз керек...»   
Қандай асыл һәм ұлағатты сөздер! Соны айтушы – сексен  жастың да шебінен өткен  академик Балмұханов. Оның  «Ядролық полигон менің көзіммен» трактаты да, біздің аңдауымызша, ғасыр аяғында биік даңқы мен зор мада­ғын бұрынғыдан да көтеріп, жаңа марапаттарға бөлейтін төте жол деп есептеген ерсі мақсатпен жазылған. Сонсоң да, автордың «Мен, тек қана мен...» деген өзімшіл ойы сол туындыны ойдан шығарған оқиғалармен өрнектеуге түрткі болып, өзін дарабоз тұлға ретінде бейнелеген. Әлбетте сол әрекеті елеусіз қалмады. Оны қажырлы һәм ұлттық қаһарман санаушылар көбейіп, сонау жылдарда қыр еліне екі мәрте экспедиция бастап шығып, радиация залалын шұқшия зерттедім... деген бопсасына сүйсінушілер көбейіп, ғажап ерлікке балады.                 
С.Б. БАЛМҰХАНОВ; «Ядролық полигон менің көзіммен», 84-беттен үзінді: 
«В исследованиях других ученых (кімдер екені айтылмаған, ал, бұл аса мәнді мәселе – М. С.), проведенных в 1989 и 1990 гг., получены доказательства того, что индуцированные радиацией генетические изменения могут спровоцировать развитие опухолей в последующих поколениях. Предпологают, что причинами отсутствия такой тенденции у потомков лиц, переживших атомную бомбардировку Хиросимы и Нагасаки, могут быть различная чувствительность зародышевых клеток и индуцирующим опухоль факторам, различная стадия зародышевого развития, на которой произошло воздействие радиации, различие агентов, активирующих в постнатальном (после рождения) периоде возникновение опухоли...»    
Байқайсыз ба, оқырман, радиолог-ғалым «радиация залалына тап болған адамның келешегі қараң, өзі ғана емес, ұрпағы да зақымданады, сол кесел одан кейінгі ұрпағына да тарайды...» деген шатақ тұжырымды жорамал түрінде емес, ғылыми анықталған тұжырым ретінде ескертіп отыр. Сайым Балуанұлы осы қатерді трактатының 86-87 беттеріндегі «Залалдың бағасы» деп атаған тарауында одан әрі тереңдете сипаттайды: «1970-1985 жылдарда Жапония халқының орта жасы – 79,5 жылға көтерілсе, шведтер – 76,7, АҚШ-та – 75 жас болды... – дейді ол. – Ал, біздің Қазақстан халқының орташа жасы – небәрі 69,4 жыл. Ал, семейліктердің ғұмыры одан да төмен – 66,6 жас. Бұл енді полигонның әсері...». Ғалымның топшылауынша, Семей облысындағы халықтың табиғи өсуі, яғни, нәрестелер тууы күллі республикамен салыстырғанда екі есе кем. Ең шатағы, біздегі өлім деңгейі басқа облыстарға қарағанда, әрбір мың адам бойынша 9 адам екен, ал, республикалық деңгей 7 кісі. Сол көрсеткіш те, Балмұхановтың болжауынша, «1949-1963 жылдар аралығында ауа мен жер бетінде тежеусіз жүрген жүзден аса ядролық сынақтардың тікелей зардабы-мыс... Әсіресе, нәрестелер өлімі, анасы құрсағынан шалажансар болып тууы немесе түсік тастау дерттері ерекше көбейген-міс. Мысалы, 1960-1988 жылдар аралығында бір ғана Абай ауданынан жарық дүниеге келген нәрестелердің 15,2 пайызы өлі туған. Осы аудандағы сәбилер өлімі –  34% , республика бойынша  6,1–12,5 пайыз..» . 
Осы ақпарды да академик-ғалым мынадай жантүршігер тұжырыммен аяқтаған (122-б.): «Есть твердая уверенность в том, что нарастающее число случаев умственной отсталости, самоубийств и других психических заболеваний, ранее не типичных для этого региона, все чаще и чаще проявляющихся во втором и третьем поколениях местного населения, является прямым следствием вредоносного действия радиации. Всемирно известный ученый Ротблат, председатель Пагуошского движения, предостерегает, указывая, что глобальные масштабы генетического ущерба в результате облучения больших групп населения непредсказуемы; нарушения хромосомного аппарата организма человека фиксируются надолго, а насколько длительно, мы еще не знаем...».                   
Балмұхановтың ғылыми тракта­тындағы тұжырымын К. Б. Бозтаев та 1994 жылы жариялаған «Қайнар синдромы» кітабында қайталап, өзіне мәлім айғақтарды топтап келтіруден соң: «Иондаушы радиация әсерінен тұқымдық белгілерді сақтаушы хромосомдар бұрынғы қалпына келмейтін дертке душар болады, яғни хромосомдық аппарат істен шығады. Демек, радиациялық сәулемен зақымданудың салдары ұрпақтан ұрпаққа, баланың баласына көшеді. Нәтижесінде нәрестелер сан түрлі кемістікпен, кемтарлықпен өмірге келеді, – дейді автор «Семей полигоны» және «Қайнар синдромы» кітаптарының біріккен, «Қазақстан» баспасы 1997 жылы қазақ тілінде жариялаған нұсқасының 217-218 беттерінде. – Ионданушы радиацияның болымсыз мөлшері адам ағзасының торшаларына генетикалық бүлдірулерді тежеусіз көп жасайтыны анықталған. Мұндай жағдайда сау торшалардың биологиялық мөлшерде көбеюі тежеліп, оның орнына сәулемен зақымданған торшалардың тежеусіз өсуі молайып әрі хромосомдардың табиғи қасиеті түбірімен өзгереді. Генетик ғалымдар осы бүлінуді «Соматикалық мутация» деп атаған. Сол өзгеріс ақыр аяғында жарық дүниеге келмек нәрестелерге керісінше әсер етеді. Яғни сәбидің патологиясы өзгеріп (кескін-кейпі, иә бірер мүшесінің кем болуы), шалажансар бүлдіршіндер туады. Радиация зардабынан өрбіген соматикалық мутациялардың залалды әсерінің ұзақтығы ғасырларға созылатын кесел. Яғни ұрпақтар ауысқанда да жойылмайды деседі. «Ең шатағы, тізбекті реакцияға ұқсаған осы залалды табиғи жағдайда түзету, емдеу – далбаса әрекет, бір ұрпақтан екінші ұрпаққа ауысатынын ешкім тоқтата алмайды...» – дейді осы патологияны семейліктер арасында жиі таралуын зерттеген ғылым иелері.  Жапон ғалымдары да осы мәселені ұзақ зерттеп, соматикалық мутацияның пайда болуын сәулемен зақымдану мөлшеріне байланысты екендігін анықтаған. Мысалы, 10 бэр сәуле жұту жеңілірек те, ал 15-20 бэр сәуле алу одан 3-4 есе зияндырақ. Семей облысының полигонға ұрымтал жердегі тұрғындары әрбір сынақ сайын ауадан 150-250 бэр, кейде одан да көп сәуле шоғырын алған...»    
 АНЫҚТАМА: Кешірім Бозтайұлы – металлург инженер. Алайда, ол үкімет мойнына артқан қызмет жөнімен ядролық сынақтардан семейліктердің әл-қуаты әлсіреп, денсаулығы күрт төмендеуін ВПК-мен айқасқа түскен жылдарда өзі танысқан алуан деректерден оқып-білген. Әлбетте, осы мәселенің білгірі саналған С. Б. Балмұхановпен де талай рет мәслихат құрған. Сайым Балуанұлы да билік иелерінің небір мықтыларына өзін ықыласпен тыңдата білетін, қажет деп білсе көкейіндегі ойына иліктіре алатын қабілетке ие. Кешірім Бозтайұлы да радиология, рентгенология ілімдерінің үздік білгірі саналған ғалымға ерекше сеніп, оның көл-көсір әңгімесі мен халықты емдеу туралы оқшау ойларын, талабын, ақыл-кеңесін тәнті көңілмен қабылдап, ақсақалдық жолын да ескеріп ерекше сенім артқан.
Сол әсердің айқын салдарын мен К. Бозтаевтың «Қайнар синдромы» кітабындағы ел сырқатын  сипаттау мен сол дерт туралы пайымдауынан аңғардым. Бұл енді байырғы қазақтың «сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген мәтеліндей жағдаят. Тоқетерін айтқанда, радиолог-ғалым мен Бозтаев кітапшасындағы зиянды сәулелердің адам ағзасына әсері туралы пікірлері бірдей және екеуі де: «Радиация сәулелерінің күшті шоғыры әкесін, иә шешесін зақымдаса, балалары ғана емес, немере, шөберелері де ауырады, содан ғұмырбақи жазылу жоқ...» – деген тұжырымды қайталайды; сол ойды С. Балмұханов 1990, 1998 жылдарғы ғылыми очеркінде төндіре айтса, К. Бозтаев 1994 жылғы кітабында айнытпай  қайталаған. Бірақ, екеуі де осы тұжырымды нақты дерекпен дәлелдемейді. Жорамал түйін екенін де ескертпейді. Бұл енді металлург Бозтаевқа кешірімді қателесу, ал, радиолог-ғалым Балмұхановтың ғылыми болмысымен қиыспайтын оқиға...
Бақия АТШАБАРОВ, «Адасулар, өтірік және ақиқат», «Радиацияның адамдарға генетикалық әсері туралы ғылымға жалған бопсалар» тарауынан (90-114 бб.) ықшамдалған үзінділер: 
«Генетикалық мутацияның зиянды зардабын дүйім елге таратушылар (С. Балмұханов, К. Бозтаев, И. Часников және басқалар) өздері жазған кітаптарында немесе баспасөзде жариялаған ой-толғам­дарында ғылыми дәлелденбеген, өздері ойдан бопсалаған жантүршігерлік қатерді күллі Қазақстанға әйгіледі. Олардың айтуынша, сәуле ауруы бір ұрпақпен үзілмейді, баласынан немересіне, одан шөбересіне, бәлкім солардан да кейінгі ұрпақтарына қан, иә ұрық арқылы тежеусіз тарап, келешекте миы кішірейген, ақыл-есі кеміген тұқымды дүниеге келтіреді-міс. Осы тұжырымның бәрі де ойдан шығарылған, ешқандай ғылыми негізі жоқ фантастикалық әдебиеттен суырылған өтірік болжамдар. 
Осы пікірдің әлгі авторлар айтатын түсінігі мынау: полигон атырабындағы төрт облыс тұрғындарының 60 пайызының генетикалық коды айтарлықтай бүлінген; солардың мутациялық торшалары алғашқы ата-тегінен 10 есе көбірек зақымданған ұрпақтарды өмірге келтіреді; қазірдің өзінде осы аймақта тұқым қуалайтын белгілері анық, радиация әбден зақымдаған 20 мың ауру бар дейді; демек, солардан туатын ұрпақтың күллі Қазақстанға тарайтыны да түсінікті. 
Сол «білгіштердің» тұжырымы түбі­рімен қате екенін мен «Семей полигонынан зардап шеккендердің басына тағы бір қауіп төніп тұр» және «Радиация әсерінің адамдар денсаулығына генетикалық салдары туралы» деген мақалаларымда нақты айғақтармен ғылыми дәлелдеп жазғанмын. Қайыра ескертемін: АҚШ ғалымдарының Жапониядағы жағдайды көп жыл зерттеуден кейін жариялаған пікірлері менің болжауыммен бірдей. Сол еңбектерде екі атом бомбаның қырық жыл өткен соң Хиросима мен Нагасакиде өмірге келген екінші, үшінші ұрпаққа радиация сәулелерінің әсер етпегені нақты айтылған. (...) Амал не, біздің елде жолды болған жаңсақ болжам, ойжотадан өрбіген зиянды насихат тежеусіз өрістеді. С. Балмұханов «Ядролық полигон менің көзіммен» атты төл еңбегінде 1990 жылы жариялаған жаңсақ пікірін 1998 жылы қайыра қайталады. С. Балмұханов пен К. Бозтаев БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 55-сесиясына ұсынған жолдауында осы ойды екінші рет жариялады. Сол тұжырымды К. Бозтаев 1997 жылы жарық көрген «Семей полигоны» және «Қайнар синдромы» кітаптарының біріккен басылымында тағы да қайталады.          
...Шынтуайтын айтқанда, радиация шоғырына тап болған бейшара жандардың дертін сол байғұстардың келешек ұрпағына тарайды деген болжам айтып, мүсәпір ету әрі сәуле ауруын таратушы деу қандай жол-жобадан туған (ҚР үкіметінің  арнаулы қаулысы бойынша, солардың бәріне тиісті құжат беріліп, өмірбақи ақшалай жәрдем және әртүрлі жеңілдіктер жасалады), яғни сол әулет ресми түрде «миы шағын, өйткені аурудан әбден кепкен, ақыл-ойы да кемшін» жандар саналады. Оған қоса Балмұханов сол ауру қала емес, дала қазағы арасында ерекше көп дейді. Кейбір әсіре «білгіштер» осы дертті жұқпалы санап, соған ұрынған біздің халықты Жер шарына дерт таратушылар деген де пасық ойды газет бетінде жариялап жүр.
Сондықтан да, мен сәуле ауруы ұр­пақтан ұрпаққа таралады деген жаңсақ концепцияны кім айтса да ғылыми жөнінен сауатсыз ұйғарым деймін. Сол дертке шалдыққан біздің халық үшін де жуса кет­пейтін жала, жүрегіне қадалған қанжар деп есептеймін. Сол себепті жалған даңққа құмар пенделердің ойлап тапқан жаласынан, яғни радиация залалы тұқым қулалайды деген концепциядан арылуымыз керек!..»*
--------------------------------------
* Осы еңбегінің 24 параққа созылған айыптау мен адақтау аралас баяндалған тарауында Бақия Атшабарұлы 6 түрлі ғылыми дәлелдеме келтіріп, егжей-тегжей түсіндірген әрі сол келеңсіздікті түзетуге нақты ұсыныстар айтқан. Соның бәрін қайталауды біз қажет деп білмедік. Сол ұсыныстардың кейбірі бүгінде жүзеге асты, өзгелері де бірте-бірте іске асады деген үміттеміз...               
«Қайнар синдромы» кітабының алғашқы басылымының 41-бетінде К.Б. Бозтаев: «...Қ.И. Сәтбаевтың тапсырмасымен Қазақ КСР ҒА-ның Онкология және Радиациялық медицина институтының жас ғалымы, қазірде академик атанған Сайым Балмұханов басқарған арнаулы экспедиция Семей облысына аттанды...» деп басталған сипаттама тәптіштей баяндалып, ғылыми экспедицияның екі-үш жыл ұдайы қыр төсінде жұмыс істеп, Қайнар, Саржал, Қарауыл, Долон, Сарапан, Знаменка елді мекендерінің тұрғындарының денсаулығын, малын, жерін мұқият тексергенін сүйсіне сипаттайды. Мадағы мол мәтіннің орта шенінде радиация көбірек те жиі зақымдаған ауылдарда өмір сүрген халық арасында шашы түскен, әл-қуаты кеміген, қан құрамы өзгерген, денелерінің ашық жерінде қыста да өзгермейтін қоңырқай дақтар, тағы сондай өзгерістер білінгенін, табиғаты түсініксіз дерттілер жиі кездескенін де мәністеп суреттелген. Көреген радиолог көптеген далалықтарды қинаған сол дерттің немене екенін де бірден-ақ анықтап, тек соны даралаудың жөн-жосығын біліп тұрса да кішіпейілдік сақтап, Мәскеудің Биофизика институтынан өздерінің зерттеуіне соңғы жылы қосылған білікті мамандарға мәлімдеген. «Ол енді жарылыстар салдарынан туған «сәуле ауруы» еді – дейді Бозтаев. – Алайда, біздің зерттеушілердің сол белгілерді даралап атауға батылдары жетпеген. Жаңа дертті академик А. Лебединский «Қайнар қасіреті» («Синдром Кайнара») деп атапты...».
Байқайсыз ба, оқырман? Кешірім Бозтайұлы үшінші кітабында қазақ­стандық экспедицияны  басқарған ғалым С. Балмұханов дейді, оған қоса «Қайнар синдромы» аталған дертті алғаш көріп, патологиясын анықтап, жұртшылыққа әйгілеу атағын да Сайым Балуанұлына «сый» еткен (Ұзақ сонар баяндауында бір рет те Б. Атшабаровтың есімін атамайды). Ал, біз сол дертті тұңғыш анықтаушы, ұтымды даралап атаушы да осы хикаятымыздың «Мүсәпір елдің тағдырын кім ойлайды?» тарауында Бақия Атшабаров дегенбіз. Әрі ол экспедицияның бірегей бастығы. Бұл енді бірде-бір зерттеуші қате дей алмайтын, ресми деректермен бекіген тарихи айғақ. Алайда, Кешірім Бозтайұлы 1997 жылы жариялаған кітабында соның бәрін мүлдем басқаша баяндаған. Неге? Демек, сол бұрмалаудың бәрі де Сайым Балуанұлының ынтасымен, яғни, кітап авторына соңғы экспедицияың үш жарым жылдық тарихын өз еңбегі етіп бұрмалап түсіндіруінен өрбіген. К. Бозтаев та сол ақпарға шүбәсіз сенген. Өйткені, 1960 жылдарға дейінгі, одан да кейінгі зерттеу материалдарының бәрі де жабық қорда; солардың тиымы 1998 жылы ғана алынған...
Осы жайт, амал не, Атшабаров пен Бозтаевтың өзара ұғыса алмай, өзара дауға түсуіне түрткі болған. 
«1996 жылы Алматыда өткен бір жиында мен Бозтаевқа: Ғылым академиясы жасақтаған экспедицияның бірегей басшысы және «Қайнар синдромы» дертінің ресми авторы мен екенімді сіз қасақана бұрмалап, екеуіне де басқа адамды ие етіп, менің еңбегімді не себептен жоққа шығарасыз? Қысқасы, сол әділетсіздікті менен кешірім сұрап және жазбаша түрде түзетпесеңіз – өтірік ақпарыңыз үшін сізді сотқа беремін дедім. – Б. Атшабаров осы ескертуді кітабының 250-бетінде кел­тірген. – Бозтаев менің дүйім жұрт алдында естірткен ашулы сөзіме ешбір қымсынған жоқ. Айтқаны дәлелі: «Сот шешімімен мені қорқытпаңыз, өйткені менің қолымда академик С. Балмұхановтың өз қолымен жазған түсініктемесі бар. Сол жазбаларда Сайым Балуанұлының экспедицияны үш жыл ұдайы басқарғаны айтылған. Оған қоса «Кайнар синдромы» терминінің авторы Биофизика институтының директоры, профессор А. В. Лебединский екендігі де ресми айғақталған...»
Аңдауымша, 1949 жылдан беріде туған жұртының «тәжірибе көжегі» болған дәрменсіз   халіне қандайда  бір  жәрдем беруді ойлап, шынайы һәм рухани ділгерлікпен бастаған ісін тарихи жаңғырту үшін Бақия Атшабарұлы сексен жастың өріне таяған кексе жасына қарамай, Өлкелік патология инс­титутының мұрағатын қайыра ақ­тарып, жоғарыда біз сан мәрте үзінді келтірген «Семей полигоны туралы адасулар, өтірік және ақиқат» кітабын жазуға кіріскен. Сол еңбек 2002 жылы орыс тілінде жарық көріп, тарихи еңбектің авторлығы өз иесіне қайтарылды (Әлбетте оны Кешірім Бозтайұлы оқыған жоқ, 1999 жылы өкпесін шалған обыр дертінен небәрі екі ай ауырып, бір өкпесін алдыртса да сеп болмай өмірден озды. Сондықтан да, байырғы досым Кешірім Бозтайұлының осы адасуын кешіріммен қарауға пейілмін).  
Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан», «Бейбітшілік бітімгері», 3. 09. 2015 ж.:
«...Жапондық қонақтар Семей қала­сындағы мемлекеттік медицина универ­ситетінің базасында өткен академик Б. Атшабаровтың қажырлы еңбегін еске алуға арналған, «Экология. Радиация. Денсаулық» атты XI халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты. (...) Осы ғалым­ның өткен ғасырдың орта шенінде экспе­дициялық зерттеумен анықтаған еңбектері қазіргі замандағы онкологтарға радиациядан өрбитін аурулар түрлерінің өсу, иә азаю деңгейін салыстыруға таптырмас құнды еңбек болып отыр. 1957-1959 жылдарғы ғылыми тұңғыш экспедиция қапы­сыз анықтаған деректер, әсіресе медицина іліміне тыңнан енгізген «Қайнар синдромы» сырқатының таралу көлемін анықтауға септігін тигізуде. Шындығында Атшабаров тыңнан салған сара жолды осы өңірдегі шәкірттері жалғастырып, сәулелену залдарынан адам ағзасында өрбитін дертті қатесіз анықтап, емдеу шараларын тездетіп қолданатыны жайында, сол іске лайықталған жаңа аппаратуралар да жәрдемдесетініне бірнеше хабарлама, баяндамалар әзірлеген (...) Осы жиынға арнайы қатысқан Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Камохара Масаесидің айтуынша, ядролық бомбалау мен ұзақ жылғы ядролық сынақтардан зардап шеккен екі халықтың мұңы да, қайғы-қасіреті де ортақ. Осы жайт жапон мен қазақ халқын өзара жақындатты. Жапония үкіметі соңғы жиырма жылда Семей өңіріне күллі әлем қауымдастығының бәрінен де бұрын көмектесіп, 10 миллион АҚШ доллары көлемінде жәрдем берді. Өздері игерген озық емдеу техникаларымен бөлісті...»
Профессор Б. А. Атшабаров өткен ғасырдың 60-жылдарында дәрігерлік парызын өтеу мақсатымен кіріскен тың іс – радиация залалын кешенді түрде ұзақ зерттеп, Дала тұрғындарын жап­пай шалған жаңа ауруды шүбәсіз анықтап, «Қайнар синдромы» деп даралаған дертті сырт белгілері бойынша анықтау, таңданбасқа амалың қанша, сол ғасырдың аяқ шенінде, одан соң үшінші мыңжылдықтың басында-ақ көшелі іске айналып, зерттеу нәтижелерін қортындылайтын ғылыми конференциялар Семейде өтетін болды. Ғажапты қараңыз: сол жиындардың 11-ші басқосуы Семей Медицина академиясында 2015 жылдың күзінде шақырылған. Демек Бақия Атшабарұлы бұдан алпыс жыл бұрын көрегендікпен ашқан ғылыми жаңалығы қырық жылға кешігіп, әлбетте өкінішті жағдаят, енді міне туған халқын сол дерттен тезірек сауықтыруға қызмет етуде. Тәубе демеске шараң қанша?!..   

523 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз