• Заманхат
  • 16 Шілде, 2012

«Басқа халық маймылдан жаралса жаралған шығар, ал, біздің қазақ жылқыдан жаралған»

Бақытбек Бәмішұлы, жазушы

Атам заманда қолға үйретіліп, адамзат баласының қажетіне жаратқан жылқы түлігі көшпенділердің ең қасиетті, ең қадірлі малы. Көшпенділерді жылқы малынсыз елестету мүмкін емес. Сондықтан да, көшпенділер мен жылқы түлігі егіз ұғымдай қосарланып айтылған. Тіпті, көшпенділер қауымын «аттылар әулеті» деп те бекерден бекер айта салмаса керек. Өйткені, ұланғайыр даланың, ұлан-байтақ өлкенің ұлы тұрғындарының тыныс-тіршілігі, өмір-салты, өнер-білімі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, салтанаты, бір сөзбен айтқанда, бүкіл мәдениеті жылқы түлігімен тығыз байланысып жатады. Осы бір қасиетті түліктің қазақ халқы үшін орны өте-мөте ерекше. Жылқы қазақтың ұлттық сана-сезім, рухани болмыс, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, мәдениет пен өнерінің тұтас бір айырылмас бөлігіне айналып кеткен. Жарынан кейінгі жақсы көретін жан серігі, қасиеті қанына сіңген – жануар. Қазақ баласы жылқы түлігін төресіндей көретіні сондай, қазақ жылқы мінезді деп, өзінің мінез-құлық, бітім-болмыс, жан дүниесінің айқындаушысына айналдырып алған. Демек, қазақ үшін жылқы тектіліктің бірден бір нышаны болып саналады. Бұлай өзінің жаратылысына жылқыдан ұқсастық іздеу – тек қазаққа ғана тән қасиет, әрі бұл – қазақтың осы түлікке деген аса жоғары құрметінің белгісі. Қазақ ат десе ішкен асын жерге қояды. Жылқының дүбіріне, күліктің күмбіріне құлақ қойып, елең етпес қазақ баласы сірә жоқ. Жер бетінде жаратылысынан табаны жер иіскемеген бекзат бір халық болса, сол қазақ болу керек. Оның ең кедейінің астында кем дегенде бір «көк шолағы» болған. Қойшысы қой торысын мінді. Осы ат – көліктің арқасында Алаш баласы Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасын жалғады. Алып аумаққа иелік етті. Қазақ жылқы малының болмысындағы басқа түліктерде болмайтын барша қасиетін жақсы танып, терең зерделеп білген. Соның нәтижесінде, өзінің өмір сүру қалпы мен болмысына қатысты көптеген тұрақты сөз тіркестерін жылқы түлігіне қатысты қалыптастырған. Енді, соның бірнешеуін еске түсірсек, дегдар жұртым өзгесін өзі жетелеп әкетеді. Мәселен, жұмылған жұдырықтай жиын жүретін, саяғы аз, айрандай ұйып, бірлік-берекесі артқан әулетті торы айғырдың үйіріндей деп әспеттеді. «Күш-қайратың қайнап, әл-қуатың тасып тұрған жастық шағыңда ел-жер аралап, қыр-сырына қанық, көпті көріп көзінді аш» деген ұғымды атың барда жер таны желіп жүріп, әкең барда ел таны еріп жүріп деп мақалдады. Ал, адамның көңілінің кеңдігін, пейілінің дарқандығын, қасіретке қайыспас, қайғыға берілмес, қайсар қажырын ер жігіттің ішіне ер тоқымды ат сияр деп қайырса, сабырлы да салмақты, бір ауылдың ұйтқысы болып отырған, жаны жайлау, біртоға бәйбішені бес биенің сабасындай деп береке, құтқа балады. Көшпенділер мен жылқы баласының бірге өсіп, біте қайнасқаны сондай, олардың тұрмыс-салтына, мәдениеті мен өнерінде өз ара қатысты айтылатын афоризмдер толып жатыр. Мысалы, жаңа туған нәресте ұл бала болса ат ұстар, егер, ол қыз бала болса ат байлар деп бейнелеп айтады. Ал, баласы ер жетіп, есейіп, өссе ат жалын тартып мінді деп қуанады. Немесе түтеген қалың қою тұман, көзге түртсе көргісіз тас қараңғыны «Ат құлағы көрінбейді» деп бейнелеп жеткізген. Сонымен қатар, бірін-бірі қайта көрместей болып ренжіскен екі жақты «Ат құйрығын кесті» деп білдірсе, араздасып барып татуласқан жандарды «Ат тізесін қосты» деп табысқанын айтады. Ал, кедей-кепшік, тумысында бір жарымаған адамды «Ауы атқа, аузы аққа жарымаған» деп қағытып өтеді. Туған баласын түліктің төліне теңеу де көшпенділердің, әсіресе, қазаққа тән қасиет. Ата-ана баласын құлыным, құлыншағым деп құлпырта мекіреніп, оның томпаң қағып, зыр жүгірген жүрісін құлындай құлдыраңдады деп бейнеледі. Ал, қазақ баласы болса құлын болып кісінеп, тай-құнан боп тулап, асау болып алысып, ат болып жарысып ойнап, тарпаң болып ер жетеді. Қазақ баласының қолына түскен қу шыбықтан бастап, атасының таяғы, тіпті апасының сабауына дейін ат болып кетеді. Қу ағашқа жан бітеді. Қазақ философиясында жылқы айрықша орын алады. Жаратылыстың сан қырлы құпиясын танып білуде, өмір, өлім арасын байланыстырарда үнемі жылқы кірісіп отырады. Дария тіршіліктің ұлы ағысы тоқтаусыз. «Ұрпақ алмасады, өмір жалғасады», «бірі мініп келместің кемесіне, бірі күтіп жағада тұрған» дүние жалғанды жалғап, артқы толқын келеді. Мұны қазақ «Ат тұяғын тай басар» деген айшықты тіркеспен жеткізеді. Баласының кісі қатарына қосылып азамат болуы ат жалын тартып мінуімен сәйкессе, ауыл-аймағын аузына қаратып, артынан ел-жұртын ертіп елге бас болған азамат атқамінер атанады. Қазақ үшін лауазым-шеннің, мансап-биліктің де биік шыңы – аттың үсті. Өмір бойы өнегелі ісімен үлгі болып, шау тартса да шалдықпаған, халқының қамын жеген ел ағасын ат үстінен түспеген жан дейді. Ал, әлде кімнің басына түскен қайғы-мұңына ортақтасып, көңіл жұбатып тоқтау айтқанда да бейнелеп қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ деп, ал бүгінгі қайғының ертең орны толатынын арғымақтың тұяғы тасты басса кетілер, сазды басса жетілер деп жеткізеді. Атақ сөзінің түп төркінінің өзін ат, жылқы сөзінен жасаған басқа жұртты білмейміз. Жауға шапса Аттан! деп, бір іске, бір бағытқа жаппай, жұмыла қозғалса атқа қонды дейтін де бізбіз. Ежелден қалған ескі сөз – ер қанаты – ат. Тақымы атқа тиген алаш баласы әр уақытта арқаланып, аруақтанып, қиялына қанат бітіп шабыттанып, қуат қосып қайраттанады. Қазақ халқының тарлан тарихының тереңіне үздіге үңілгенде де тәнті болатынымыз – бабаларымыздың елін, жерін қорғап, ата жауымен алысқандығы қанды көйлек жолдасы, арқа-жарқа болып, алқа-қотан көшіп, ақ түйенің қарны жарылып саят-салтанат құрғандағы қызығы, сәнінің көркі күмбірлеген күліктер екенін көреміз. Даңқын аспандатқан кемеңгер қолбасшы Күлтегіннің Боз аты, Қара қыпшақ Қобыландының Тайбурылы, Алпамыс батырдың Байшұбары, Ер Тарғынның Тарланы жадымызда жатталып қалды. Көк Түріктердің көне мекені Хан Тауының (Хэнтий) қойнауынан көтеріліп, жер жаһанның жартысын иеленіп, теңізге келіп тіреліп, «бұдан әрі барар жер жоқ» деп ат басын кері бұрған Шыңғыс хан және оның ұрпақтарының ұлы жорықтарының туының жығылмауы да аттың күші еді. Көшпенділердің бес қаруы сайма-сай салт атты шеріктері садақ ату, шоқпар сілтеу, найза салу, қылыштасу, ат үстінен аударып түсіру сынды әскери сайысқа ат үстінде машықтанып, ат құлағында ойнады. Ат бәйге, көкпар, аударспақ, теңге ілу, жамбы ату, шеген, қыз қуу сынды ұлттық ойындарымызды талай аламан додаға түсіп әбден машықтанған сәйгүліктерсіз елестету мүмкін де емес. Дамыта алмай отырғанымыз болмаса ат спорты ойындарының ең көп таралған ортасы қазақтар іші. Көшпенділердің аңыз-ертегі, ақиық жыр, айтулы дастан, батырлық эпостарының басты кейіпкерінің бірі болып жылқы жырланып отырады. Ол елін, жерін жасанған жаудан қорғаған батырлардың астындағы аты ғана емес, сенімді серігі ретінде суреттеледі. Жылқының тас қараңғы түнде жарты тарыны көретін жанарының өткірлігі сынды жаратылыс ерекшеліктерінің өзі бір төбе. Көзге түртсе көргісіз тас қараңғы түнде тұяғына бір тас ілмей шабатын жануар – жылқы. Қазақтың сән-салтанатының көркі де – жылқы. Әбзелінің әшекейі аппақ сүттей ай нұрына жарқырап, күмбір-күмбір күмбірлеген күліктер жегілген күймелі қазақы арбаларда аққу мойын, алма төс қазақ арулары кетіп бара жатты. Осы айтылғандардың бәрі ат пен алаштың жан-тәнінің бір екенін көрсетеді. Алайда, ат десе ішкен асын жерге қойған қазақтан бұл күнде ат десе селт етпейтін қазақты да табуға болады. Оның еш әбестігі де жоқ. Заман солай болған, қоғам ыңғайына қарай солай тәрбиеленеміз. Сондықтан да, бүгінгі жас ұрпақтың келешегі кемел, туған елін жан-тәнімен сүйетін, жады мықты, жанары отты, рухы биік азамат болып ер жетуі үшін ұлттық тәлім-тәрбие беруде жеткіншектеріміздің жылқы түлігі туралы таным-түсінігін байыту бүгінгі күннің талабына сәйкеседі деп білеміз. Өткен ғасырдың басында «Қара қыпшақ Қобыланды» жыры жеке кітап болып басылып шығады. Осы кітапқа Алаштың асқар азаматы Әлихан Бөкейханұлы сын жазған. Ә.Бөкейханұлы шүу дегенде кітаптағы аттың суретін сынға алады. Ол былай дейді: «кітаптағы ат орыстың тяжеловоз дейтін жүк аты; шабандығы өгіздің сәл-ақ алдында; жал-құйрығы құшақ айғыр. Жырдағы шын Тайбурыл – азбан. Кітапта суреті салынған боз айғырдың бірде-бір мүшесі, жылқылығынан басқа, Тайбурылға ұқсамайды.Суретке қараңыз, осы боз айғыр қалайша сымдай созылмақ?» дейді. Осы жолдарды оқығаннан кейін еріксіз ойланып қаламыз. Егер, Әлихан Бөкейханұлы біздің тәуелсіздік жылдарымызда тұрғызған тұғырдағы «Тайбурылдарымызды» көрсе не дер еді? Бәлкім, «Қой мінезді құлындарым-ау, ұятқа қалмай мыналарыңды құлатыңдар» дер ме еді, үзілді-кесілді. Олай бола қалған күнде, біз де ұялмай-қызармай дау айтатынымыз кәдік. Өйткені, біздің өреміздің жеткен жері осы, өнердің шыңына шырқап шығып «алған, ат құлағында ойнамаған біз, сонау жүз жыл бұрынғы» кәрі шалдың сөзіне құлақ ассақ, өркениетті ғасырға шегеріп тастамаймыз ба? Заманына сай адамы. Сондықтан, ұялмаймыз. Ұялмайтындығымыз, ұлттық рухани, мәдени танымнан мүлдемге қара үзіп қалғанымыз, миымызға мың айтсаңыз да кіріп шықпайды. Ондай «сынсымақты» қабылдай алатын қабілет жоқ. Бізді намыссыз, жігерсіз, жырынсыз дейтіндер де табылатын шығар. Айта берсін, бізде де намыс, бізде де рух өліп-өшкен жоқ. Енді-енді бойымызға, тәнімізге жан бітіп келе жатқаны және рас. Жоғалтқанымызды іздеп шарқ ұрып, жұмыр жерді шыр айналып шапқылап, жарғақ құлағымыз жастыққа тимей жүр, бағзы замандағы бабаларымыздың тірлігі елі-жері үшін қан майдан, сұрапыл шайқаста ерісе, біздің пішпегіміз солардың рухын іздеумен еруде. Ат сабылтып Санкт-Петербург бардық, ежелгі Өтүкен қойнауы­нан Күлтегеннің көктасын көтеріп әкелдік. Міне, атышулы аталарымызға бір-бір ескерткіш қойдық тағысын тағылар. Оқыдық, тоқыдық. Бірақ, тоқығанмен түсінбесе, ол да пайдаға аспай жататын жағы тағы бар. Біз осылай ойлаған сайын, көкейімізге Елбасының мына бір сөзі орала береді. «Еуропацентристердің және олардың сойылын соққан кеңестік насихат пен ғылымның көшпелілер тарихын саналы түрде кемсітуі, көшпелілерді бейғам, жалқау, ынта-жігерсіз, жартылай жабайы тірлік құрушы халық етіп көрсетуі қазақтың ұлттық сана-сезімін күйретіп-құлату рөлін атқарады». Көшпенділердің, соның ішінде қазақтың жадын жасытып, жетесін мұқату үшін сан түрлі құйтырқы әрекеттер жасалыпты. Алайда, осыдан 60 ғасыр бұрын адамзат баласының игілігіне жылқы жануарды айналуын әлем жұртына паш еткен «Еуропацентристердің және олардың сойылын соққан кеңестік насихат пен ғылымның тарихын саналы түрде кемсіткен» Азия құрлығының көшпенділер әулеті екен. Оны ағылшын ғалымдары дәлелдеген-ді. Ежелгі замандағы жылқы қаңқалары Көкшетау өңірінің Бозай қонысынан табылғаны рас. Ол ортақ құндылыққа жатады. Тек, қазақы құндылық деп жеке-дара меншіктеп алуға болмайды. Біз – сол көшпенділердің ортақ мұрасының бүгінгі иесіміз. Алайда, сол жылқыны қандай бір жабайы керқұланнан, тарпаңнан немесе құланнан пайда болыпты деген үзілді-кесілді пікірлермен келісе қою қиын. Ол – адамзат баласын маймылдан жаралыпты дегенмен сайма-сай келетін жаратылыс біткенді эволюциялық дамудың нәтижесі деп білетін жаңсақ тұжырым деп көруге лайық. Заманында Момыштың ұлы Бауыржан «Дарвин маймылдан туса туған шығар, ал мен өзім көк бөріден туғанмын», десе, Асқар Сүлейменов: «Басқа халық маймылдан жаралса жаралған шығар, ал, дәл біздің қазақ жылқыдан жаралған» депті ғой. Қос тектілік! Керқұлан мен тарпаң жылқының тағы түрі. Жылқы бағзы замандарда жабайы болғаны рас, бірақ табиғат анадан жылқы болып жаратылған ғой. Жылқы – көкбөрі – алаш. Бір-бірінен айнымас, бір-бірінен ажырамас үштік! Жылқы адам бойына күш, жадына рух сыйлайтын ала-бөтен қасиетке ие. Ол – намыс, ол – ұлттық сана-сезім, ол – тектілік рухы. Қазақ үшін бұл тіпті де қажет. Жылқы жануардың жалына алақаны тиген адамға алапат күш-қуат беретіндігін бұрынғы бабалар әпсаналарынан да байқауға болады. Дүниенің біраз аймағын жаулаған жиһан­гер Ескендір Зұлқарнайынның елшілері сақ­тар­ға келіп: «Біздер жеңілу дегенді білмейтін ұлы патша Александр Македон­скийдың елшілеріміз!» деп үстем сөйлегенде: «Сендерде же­ңіл­мейтін тек патшаларың ғана, ал, біздерде әрбір сақ жеңілмейді!» деген екен. Сақ ұлына мұндай қаһарлы сөзді айтқызған аттың құдырет-күші болса керек. Осыны біз бүгінгі әрбір ұрпақ жадына сіңіруіміз керек. Сонда, біздің бойымыздағы құлдық сана құлдырайды. Құлдық санадан құтыламын десең ұлыңа құлын иіскет, қазақ. Жылқы мен қазақтың бірінсіз бірінің күні жоқ қос қанат екенін жеріне жеткізе жақсы зерттеген ақ, қызыл түсті отаршылдар қазақты жылқыдан ажыратпай, оның бойындағы «жылқы мінезге» әлі жетпесін білді. Сөйтіп, олар бірден қазақтың жылқысына ауыз салды. Тарих дерегіне сүйенсек, қазақ даласында ХX ғасыр басында он миллион жылқы болыпты. Әлде одан да көп. Сайын дала алашұбар жылқысымен, ақтылы қойымен, алқалы көшімен көрікті болатын. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген 1929-31 жылдарғы аласапыранда осының бәрі жылан жалағандай типыл болды. Кешегі табаны жер иіскемеген қазақ қаңғырып, ерін арқалап жаяу қалды. Жаяу қалғаны былай тұрсын аштықтан халқының жетпіс пайызы қырылып қалды. Аман қалғаны майданда кеудесін оққа төсеп өлді. Голощекиннің: «Ең әуелі қазақ­ты жылқысы­нан айыру керек, сонда олардан жуас, бейшара халық болмайды» дегенін жандайшаптары бұлжытпай орындады. Яғни, қазақты қасиетінен, рухынан айырды. Осының бәрі әдейі жасалған геноцид еді. Ұлтты жою. Ұлт жаппай репрессияға ұшырады. Әйтеуір, Құдай сақтап, алты алаштан ат төбеліндей әр жерде, әр елде шоқ-шоқ шоғыр қалды. Біз сол шоғырлар тұқымымыз. Ел болып, енді, есімізді жиып, бір тудың астына жиналып жатырмыз. Ес жию үшін ежелгі етене тентек тектілік, туатүп қабілетімізді болмысымызға қайтарып, бойымызға сіңіруіміз керек. Онсыз қазақ «от жанды, ұлт қанды, есіл» (Сәкен Сейфуллин) қазақ болмайды. Соның үшін, біз қазақтың жадылық ұқсастығы болған жылқы түлігін баян етіп отырмыз. Қазақ туған баласын тым болмаса бір рет атқа мінгізіп, бір рет аламан бәйгіні көрсетуі керек. Атқа шаптырса тіпті ғажап. Әлгінде айтқан жадыңды жоюға бағытталған саясатқа қарсылық ХІХ ғасырдың басқы ширегінен басталған-ды. «Қызыл империя алдымен алаштың атын алды, артынан елдің басын алды» дедік. Қазақтың табанын тас, жанарын жас тілді. Жылқы мінезі жүндей түтілді. Ұланғайыр даланы ұлан асыр күйге бөлеген төрт түліктің төресі, ардақты жануарлардың сарқыны қаша-қораға қамалды. Қайдағы бір жабылармен жамалды. «Үстінен су төгілмес майда қоңырлардың» орнына дүңкілдек, мінсең іші-бауырыңды түсірер «дончоктар» пайда болды. Ал, осындай құйтырқы, жымысқы сайтани әрекеттерге елдің азат ойлы азаматтары қарсылық көрсетпей қалған жоқ. Мәселен, қазан төңкерісінен кейін малға, соның ішінде, жылқыға қыр кеткенін Мәшүр-Жүсіп Көпейұлының 1925 жылы жазған «Малсыз дала» өлеңінен анық байқауға болады. Жылқы жоқ бұрынғыдай қостан шығар, Күн қайда жонға барып қыстап шығар. Бұл түрімен төмендеп кете берсе, Әркім-ақ өзінікін ұстап шығар,– дейді. Осы зар ары қарай қазақ ақындарының өлең-жыр, толғауларымен жалғасып, С.Сей­фуллиннің «Қызыл ат» поэмасына ұласады. Жылқы түлігінің тоз-тозын шығарып, атқанын атып, сатқанын сатып, жұртты жаппай жаяу қалдырғанын, ақын ашына астарлап жазды. Ат пен ақын мұңдасады. Ат адамға шағынады, өкпе-назын айтады: Білемісің, жүйрік сұлу қара айғырды? Білемісің, әлгі жалбыр сары айғырды? Сұр жорға ат, сүтті мама боз биені, Соларды зиян кестер қалай қылды?.. Солардың бірі жауыр, бірі қатпа, Сұржорға ат қазір тулақ, ол енді ат па?– дейді. Омырауына жасы моншақтап, кешегі сұлуының бүгінгі қалін көріп, көкірегі қарс айырылады. Арына теңеп, аймалап құшып өбеді. Сәкен үшін, яғни, қазақ үшін жылқы – әйел. Бұл – Сәкен Сейфуллиннің жылқы түлігіне қырғидай тиген ақыры «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген нәубат, ақыры қансыратқан аштыққа әкелген тұстағы саясатқа білдірген қарсылық, жан айқайы, наразылығы еді. Ал, Бейімбет Майлин болса, осы зұлматқа қабырғасы қарс айрыла отырып, Кереге басы құр ноқта, Құлынсыз қаңырап тұр ноқта. Сән-салтанат баяғы, Қалды әдіре бір жақта,– деп шырылдады. Көрдіңіз бе, басына ілетін түлігі болмағаннан кейін жүген, ноқтаның бәрі қаңырап бос қалған. Қызыл империяның қырғыны үдеген үстіне үдей түсті. Қалайда қазақтың малы мен жанын құртып, тыныш табу керек. Геноцид! Енді қаламды қолына Ілияс Жансүгіров алады. Қапияда мерт болған Құлагердей сәйгүліктің қан жоса басын құшып отырып, адамзат баласында бұрын-соңды болмаған құбылыс – Ақан Серінің азалы зарын арқау ете отырып, дүлдүл ақын Ілияс «Құлагердей» зарлы поэмасын өмірге әкелді. Құлагер қош-қош атым, жолдасым-ай, Мен білдім, түнесемде тұрмасыңдай. Тигізбей топыраққа жоғары іліп, Сақтармын өле-өлгенше қу басыңды-ай! Ақан Сері – Ілияс. Ал Құлагер сол дәуірдегі қазақтың атқа мінер қасқаларының образы деп көруге әбден болады. Бұл заман трагедиясы еді. Атымен бірге алаштың атқа мінерлері де қидай сыпырылды. Қасірет жалғаса берді. Осыдан елу жыл өткеннен кейін Қабдеш Жұмаділов «Сәйгүліктер» повесін жазды. Қазақы жылқының қалай «асылданып», азғындап, азып бара жатқанына араша іздеген жазушының жан айқайы еді, бұл да. Бірақ бұны ескерген бір жан болмады. Даңғаза дәуір ойына келгенін істеп бақты. Жылқылық қасиеті жадынан сұйылған ұрпақ келді. Біз енді баяғы Бөкейханның ұлынша ойлай алмаймыз. Өйткені, біз үшін, бүгінгі заман ұрпақтары үшін «ер қанаты – ат» емес, тәйірі, ұшақ не болмаса машина. Жаныңа нәр, бойыңа қуат берер жылқыға емес, темір-терсекке, суық дүниеге табы­намыз. Бара-бара өзіміз де сол темірге ұқсағымыз келеді. Сондықтан да, біз атқа, жылқыға, қала берді қаныңа техника көзімен қараймыз. Сонда, бізде қайдан ұлттық рух, рухани түйсік болады. Демек, біздің түйсік те модернизацияланған. Сол Әлихан Бөкейханұлы айтқандай «еуропа жолында» болуымыз әбден мүмкін. Мұндай екіұдай пікірде қалуымыздың бір ұшы мысқалдай болса да бойында дәстүрлік түйсіктің түйірі қанда қалу-қалмауына келіп тірелетін есек дәме. Жылқы жануардың тұмадай тұнық, мұнтаздай таза, мөлдір тектілігін айтып тауыса алмаймыз. Жануардың сезімталдығы мен адалдығы сондай, адам қолымен анайы қатыгез қылықтарына көрсеткен қылықтарын көргенде, жаның түршігіп, төбе шашың тік тұрады. Бұл аңыз, әлде ертегі. Бірақ, оның астарында үлкен шындық жатқаны ақиқат. Аристотель бір жазбасында айтыпты дейді. «Баяғыда бір ақымақтың жақсы мама биесі болады. Оның құ­лын­дары­ның бәрі жорға, жүйрік болыпты. Құй­рық-жалы жер сызған сондай құлынның біреуін айғыр салады. Ол жақсы айғыр болады. Енді, бұны өңкей жүйрік пен жорға табатын енесіне шаптырсам жылқым мұнан да сапалы керемет болады деп тұрпайы жылқы баласына тән емес әрекетке көшеді. Бірақ, айғыр бұған көнбейді. Сонда, әлгі ақымақ биенің үстіне жабу жауып, айғырға басқа биенің иісін иіскетіп қосады. Айғыр шабады. Шап­қаннан соң бие­нің жабуын ал­ған­да енесін тани кеткен ай­ғыр шырқырай кісінеп, шапқылай жөнеліп, шыңғырып барып жартастан құлап өледі» дейді. Адамның қылығы мәңгүрттікке жол ашу болса, ал малдың ісі – тектілік! Қан жақындасудың қасіретін қазіргі заманда жақын туыстарын жаттай көретін көптеген халық тартып отыр. Жүйрік аттың сауырын сипап, ұмасын уқалап, жылқының кермек иісін алақанына сіңіріп, ащы терін татпаған, оқыранып келіп шапқан айғырдың тегеуріне шыдамай шабыттанып, тамыр-тамырынан исініп, тылсым қуаты тұтанбаған кісінің ат пен айғырды ажыратуы айтып-айтпай қиын болар. Одан «ер мұрынды, ат еренді» келетін қазақи түйсікті талап ету артық та шығар. Алайда, ақыл ойдың түбін түсіретін кемеңгерлеріміздің ұлттық түйсіктен анағұрлым оқшауланып, қол үзді деуге қалай батылың барады. Сонау, Петерборда төртбұрыш үйдің терезесінен сығырайып отырып, Алтай тауын мекен еткен қазақтардың етіне түскен жарақаттың тез жазылып, түлейтіндігін «өмір сүргіш (выживание) қабілеттілігінен» іздеп қаңғыратын Л. Гумилевтің «көрегендігімен» сыбайлас нәрсе. Сана қанша ұшқыр болғанымен, кейде тұрмыстың илеуіне түсіп кететінінің бұл айқын көрінісі. Біздің алғырлығымыздың да шатқаяқтайтын тұсы осы. Туа біткен күш-қайрат текті жауын көргенде терісіне сыймай тасып, таласқанын талқан ғып, беттескенін бұзып-жармай толас таппайтын, қас жауын қанжығасына байламай қаһары қайтпайтын, ата қонысын апай төсімен қорғаған, нар тұлғасы мен айбары айдаһарды жасытқан, ажарынан сарабдал ақыл-ой аңқыған нұрсипатын, атын естігенде аруақтанып, намысымыз нұрланатын батыр, ерлер қайда? Біздің жас ұрпақтарымыздың рух алар дүниесі Алматыдағы Тәуелсіздік монументінің қасындағы салпаң құлақ, мәңгірген есек-құлындар сыңайлы болғаны ма? Олардың «жуасыған» жылқы тінін түртпе. Мөңкітіп аласың дейміз бе? «Ұяда нені көрсең, ұшқанда соны ілесің» демей ме, жас ұрпақ жұлынып тұрған құлынды көргенше, жығылғалы тұрған жабыны көріп өссін дейміз бе? Алайда, көптің, қалың бұқараның талабы бұл емес! Осындай әлсіз, ажарсыз, қуатсыз ескерткіштер қаптап кетті. Ол ол ма, ханды ханзадасымен ерін арқалатып, жаяу қалдырып, жаман ырым – жайдақ ерге мінгізіп (Астанадағы Жәнібек жан мен Керей хан ескерткіштері), елдің шетінде, жаудың өтінде жүріп от кешкен батырына қару-сайманын сүйреткізіп сары далада сандалтып қоюға дейін дәтіміз жетті (Қалбатауы бөктеріне Ер Жәнібек бейітінің басына қойылған ескерткіш). Заманымыздың ілгергі VI-VІІІ ғасыр­ларына, түркі текті халықтардың түпкі төркіні болып келетін Көк түріктер дәуіріне мойын бұратын болсақ, ең әуелі әлемге әйгілі Орхон ескерткіштеріндегі Тоныкөк, Күлтегін құлпы тастарынан көшірілген ойма жазуларға тоқтаймыз. Бар жоғы 42 жыл өмір сүрген Күлтегін бабамыз 16 жасынан бастап, қару-жарақ асынып, қолбастап, қағанатын қорғап бүкіл өмірін аттың жалында, жорық сапарда өткізеді. Сол бір кезеңдердегі қан майдан, сұрапыл соғыстарда теңдесі жоқ Күлтегін қолбасшының астына мінген сайгүліктері талай қырғынға Күлтегінмен бірге кіріп, жеңіске ортақ болған атақты Алып Шалшы мен Азман ақтардан «алты айлық жерді алты аттаған, бір төбенің шаңын бір төбеге қосқан, суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын, жүрісте – көлік, жауда – серік өзіміздің әйгілі Тайбурыл, Байшұбарларды көргендей боламыз» (Күлтегін. Көне түркі жазба ескерткіші.-Алматы: Жалын, 1986,-14-бет). Анау, Алтайдан ауған қырғыз халқының Ұлы Манас жырында Көкетай ханның астынан арқыраған шағырдай боз атты көреміз (Манас.Киргизский героический эпос.М, Наука,1990г). Иә, жұмыр жердің жартысын жаулаған Шыңғыс қағанның қос қызылы эпостық жырдың арқауына айналған. Сол ұлы қаған өмірінің соңында 1226 ит жылы Таңғытқа жорыққа аттанады. Сонда қаған теңбіл шұбарын мініп жүрді деп жазылған шежіреде (Монғолдың құпия шежіресі. Өлгий,1978, 196 бет). Мұның бәрі неге мехнаты көп тасқа ойып жазылды. Ол жылқы болмысындағы адамға күш-қуат беретін аса құпия тылсым қасиетіне деген ерекше ілтипаттың көрнісі деп білеміз. Егер, жылқыда рух шақырар, арқа қоздырар құдірет болмаса, онда, ол, жай бір басқа түліктермен бірдей белгіленбей, елеусіз қала берер еді. Қазақ тумысынан жылқымен жағаласып, жылқымен жарысып өскен. Жер жүзінде жылқының жасын, мінез-құлқын, түр-түсін, қадыр-қасиетін, түп-тұқиянын өзгеден артық білетін бір жұрт болса, ол – қазақ. Соның үшін де қазақ тілінде жылқыға байланысты, соның ішінде, тек атқа байланысты ер қанаты – ат; атың барда ел таны желіп жүріп; жылқының үсті – жел, сүті – ем; атты тағаласаң есек аяғын көтереді; тигізбейді қазанат қамшы, азамат жоғын білгізбейді; ат айналып қазығын табар; ат тұяғын тай басар; ат аунаған жерде түк қалар... т.б. толып жатқан мақал-мәтелдер туса, ат төбеліндей; ат бауырына түсіп; ат құлағында ойнау; атқа мінер; аттың жалында...қатарлы фразеологиялық тіркестер қалыптасты. Ат ән мен күйге арқау болды. «Маңмаңкер», «Ақ бақай», «Сал торы», «Қара жорға» сынды әндер, «Құлжагер», «Тел қоңыр», «Қос күрең», «Көк дөнен» сияқты күйлер өмірге келді. Халқымыздың жылқы малына деген сүйіспеншілігі еш төмендеген емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, дамып, жетіліп, кемелденіп отырды. Сол заман, дәуіріне сай тіршілік-тұрмысын жылқымен байланыстырған жаңа қанатты сөздер туындап отырды. Аса талапты, таланты тас жарып тұрған адамға теңеу іздегенде де жылқыға келіп тірелеміз. «Талаптың мініп тұлпарын, тас қияға өрледің» Абай сөзі осыған дәлел. Және дарынды мен дарынсызды, жақсы мен жаманды шенестіргенде айтылатын «тұлпардан тұғыр озбас шабылса да,оған да үкі тұмар тағылса да» деген де Абайдан қалған қанатты сөз. Албаты кетіп, арам тер болған дарақылықты «Бәйге алмаған жүйріктен, белі жуан бесті артық» (Шалкиіз жырау) деп түйреді. Қалжырағанды қатайтып, шаршағанды шыңап, босағанды беркінтіп ерлікке шақыратын жігерлі сөздер Махамбет аузынан түйдек-түйдегімен түсіп жатады. «Ереуіл атқа ер салмай, ерлердің ісі бітер ме?»... Халқымыздың жылқыға деген ерен құрметінің белгісі оны мәңгіліктеу – ескерткіш мүсіндерін орнату болады. Талдықорған қаласында жығылып жатқан арғымақтың – Құлагердің аянышты халін бейнелейтін ескерткіш бар. Ақан Серінің Алашқа әйгілі болған Құлагерінің құлап, күңіренген тағдырын көз алдыңызға елестетіп, бас имей өтпейсіз, бұл арадан. Жылқыға деген мұндай құрмет көшпенді басқа жұрттарда да кездеседі. Моңғолияда «Арвай хэр» (Бидай кер) деген атағы шыққан аттың атында қала бой көтеріп, «Арвай хэрге» алып ескерткіш орнатқан. Ал, батыс елдері әпсаналарында адам кеуделі, арғымақ кейпінде бейнеленген көшпенділер әулеті Азия төрінен аттанып, бүкіл әлемге атақ-даңқы жайылса осы аттың арқасы. Атты әскерлердің алмаған қамалы, жетпеген жері болмады. Аралық қашықтықтар «күндік жер», «айшылық жер» деп аттың жүрісімен есептелді. Көшпенділердің басына төнген зұлматтар ат пен адам арасын алшақтатқан дәуірлерді бастан кешірдік. Алайда, дүние кезек деген бар емес пе, қанында бар нәрсе қалайда күндердің бір күнінде айналып бір тіріліп, түлейтіні болады екен. Қоғам күрт өзгеріп еді, болмысымыздағы бордай болып үгіліп тұрған тектілік түйіршіктері түнде гүлдеп, қас қаққанша шиыршық атып, ширығып шыға келді. Арғы тамырынан тамтұмдап болса да тарамыстай тырмысып ажырай қоймаған ауыл адамдарын былай қойғанда, астынан жеңіл автокөлігі түспеген, айшылық жерге ұшақпен баратын «шенеуніктердің шекпенінде туып, шинелінде өскен, сырмақтан түспеген» ығай мен сығайларымыз, жақсы мен жайсаңдарымыз, әсіресе, қалтасы қалың байларымыздың да ат-жылқы баласына аңсарының аууы тіпті модаға айналып, ең таңдаулы асыл тұқымды сәйгүліктерді үйір-үйірімен ұстап жатса неге қуанбасқа. Өйткені, жылқыны білу, жылқыға үйір болу, шамасы келгенінше жылқыны танып өсу – ұлттық сана-сезімімізді сергітер, жасыған жадымызды серпілтер, тектілігімізбен табыстырар тағылым-танымдықтың ең қуатты құралының бірі болса керек. Өмірі футбол ойынын көрмей өскен балаңызды бір рет стадионға ертіп барыңыз, сайыстың соңына әзер шыдап, шаршап қайтады. Өмірі жылқы баласын көрмеген нәсіліңізге бір рет аламан бәйгі көрсетсеңіз, мың күнге рухани күш алады. Желдей есіп, ана, аттың үстіне мініп кеткісі келіп, елегізіп тұрады. Бұл біздің ұлттық менталитетіміздің туатүп негізінің ерекшелігіне байланысты. Сондықтан да, қазақ төрт түлік ішінде (кей жерлерде бес түлік деп те атайды) жылқыға төтенше мән беріп, назар салған, қадірлінің қадірлісі деп есептеген. Жер бетінде жылқы баласын жетік білген қазақтан өзге халық жоқ деп мақтануға болар еді, амал қанша, бабалар салған сол биіктен омақасып кетіп, құлап түсіп, сол биікке енді еңбектеп тырмысып жатқан шақта, байырғы атасалт, дәстүрлі мәдениетімізді түгендеп, қайтадан жаңғыртып жатқанда, жылқы малына оралып, оқырман қауымға ұсынып отырған бұл мақалам, қазақпын деген аттылар әулетінің қай-қайсысына болсын әсерлі, жас ұрпақты отаншыл, өршіл рухта тәрбиелеуге септігі тиеді деп ойлаймыз.

803 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз