• Заманхат
  • 11 Мамыр, 2016

МАЙМЫЛДЫҢ БІЗГЕ КЕРЕКСІЗ ҚОҢЫРАУЛЫ ҚҰЙРЫҒЫ

Марат ҚАБАНБАЙ,
жазушы

Біз маймыл құйрығымызға қоңырау тағып алған қызық ұлтпыз. Соңғы ғасырларда біреуін аз көріп, үшеуін тағып алдық. Тат басқан, тілі түсе жаздап тұрған ескі қоңыраулар... Қай інге бас сұқсақ та, әлгі қоңыраулар кезек-кезегімен: «Ойбай, Ұлы жүзбіз! Жоқ, Орта жүз деген мен едім! Кіші жүзді қайда қоясыңдар, оу, ағалар?!» деп, шылдырлайды да тұрады. Құлақтың етін жейтін мазасыз-ақ шылдыр... Қоңыраулы құйрықты шауып тастай алмайсың. Не құтыла алмайсың. Өйткені, өз құйрығың. Түкке керексіз феодалдық жүндес құйрық пен қоңыраулар!

Жүз, рудың не екенін мектеп, университетте білмедік. Онда тек Алаш баласы, қазақ боласың. Курстағы 50 көген көздің қайсысы қай ру, оны да білмей өтесің. Ондай «керек шаруаны» қолға алу ойға келмейді де.
Қай өлке, нендей облыс екені пашпыртында жазылған, қалған жағдайда студенттің қатқан қатыр-құтыр қара нанын тең бөліп жеп, қара суды стақандап сіміріп, оқуды тауықтай шоқып жүре бердік. Ру, жүз мәселесі кейін «күн тәртібіне» қойылады. Өрлеу, пәтер алу деген берекелердің бастауы – әртүрлі рангідегі бастықтар. Ал, ол шіркіннің пәленше рудың түгенше қойбастар текесі. Ол өзін, тіптен, серке сезінбесе де, ол рудың түйнектері күнбе-күн улап, ақыры дегізіп тыйады. Қандай да әділ, ақжүрек кейбір ағалар арада аз жыл өтпей-ақ «Атасы басқа, аттан түс, атасы бір, артқа мін!» деп ақшаңдап отырады. Сонсоң қайтесің, жаяу-жалпы қалып бара жатқасын өз текеңнің осырақ құйрығын иіскейсің. Жекелерге тым қажет, жалпы қазақ үшін тегін берсең алмайтын рулық иеархия осылай түзіледі. Руды ұстанбай көр, күнің не болар екен! Оның ішінде көзге ілігіп қалған «батыр бала» болсаң... Өз руыңа «байға тимегенің» үшін өзіңнен бір, өзгеден болғаны үшін «бөтендерден» екі таяқ жеп, мына заманға мәңгіріп, сүйегін сүйретіп әрең жеткендер көп. Олардың әлі қаншама ұрылатынын кім білсін. Қазағым аман болса, тыныш қоймас, ұлы Абайға алажүгірген қамшысы әлі қолында...
Ал, бұл «аурудың» нақ диагнозы – жерлестік те, қан қуалау да емес, күштілер мен әлділердің қара қазан төңірегінде ұйымдастырған, қолынан дым келмейтіи надан Жантықтар қостаған кәдімгі хан талапай. Пәтерге таласу, түрлі-түрлі лауазым, атақтардың тақия тастамақ «ұлттық ойыны», одан басқа түк емес. Бала, жас кезде бөлісетінің жоқ, ойыншық, стипендияға таласпайсың ғой. Адам болып, қатарға қосылғасын, әңгіме «конкретный!» Отау құрғасын бәрі керек – пәтер, саяжай, машина... Және ол тез арада үйіліп-төгіліп келе қалса қандай жақсы! Тас маңдай талант емес екенсің, ондай үйіліп-төгілу болмайды. «Еңбек етсем ерінбей, тояды қарның тіленбей» атты ұзақ-сапарға жарамай, дереу төте жолды іздейміз. Ол оңай – әрі қасқа әмбе ескі жолмен көзді жұмып қойып, топ, партия құру. Және ата-бабамыз құрып беріп кеткен ру, жүз пирамидасы әзір тұр. Сонда ғана кезексіз үлестен құр қалмайсың. Лидеріне бас тартылатын, қалғандарына бүйрек-сирақ тиетін зор да айбынды пирамида! Алда жалда ұры-қарылардың қосынына бір кіріп кетсең, одан өлігің ғана шығады. Жүз, ру партиясы да соны тұтынады. Қара құл болып, жамбасың жер сипағанша тәк тұрып қызмет етесің, етпесең ай жарықта адасып, айдалада ұмыт қаласың – екінің бірі.
Қысқасы, қай жерде қазақ бастығы шәниіп отырса, сол жерден әлгі үлкен, кіші пирамиданы оңай-ақ табасың. Трайбализм деген тентек тәтеңіз осы.
Басқаға зиян-залалың тимесе, жерлес ретінде анда-санда бас қосып, әжің-күжің әңгімелескенге не жетсін. Біз, бірақ, мұның анайы, өзге десе өшігіп тұратын феодалдық түрін таңдап алдық.
Бұл кімге пайда, кімге зиян? 
Пайдасын, әрине, «ақылды қулар» көреді, зардабын аз дарынды бастаған қазақ шегеді. Халықтық ұлы тұлғасын қара ормандай қалың бұқара құраса, оны бастайтын – таланттар тобы. Олардың барлық құрылымда топталуы бізге қазір ауадай қажет. Жерлестік емес, көзқарас жағынан. Рулық система дәл осыған жан-тәнімен қарсы. Оның девизі - «қарына тартпағанның қары сынсын», «кілем сатсаң ауылдасыңа сат, бір-шетіне өзің отырасың». Бұл іске асса, аз қазақ бұлттай ыдырап, оны біріктіруші алғы күштер бытырап, жеңіліс табады деген сөз. Аңырақай айқасынан кейін Әбілқайыр хандай мықты қолбасшы «тақты бермедіңдер» деп әскерін алып кетіп еді, қазақ жоңғарлардан әлі талай жыл қан қақсады. Тек Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би Ордабасыда бас қосып, тәк-тәк дегесін ғана барып ес жинадық. Мұндай мысалдар мың сан. Ал, Әбілқайыр сынды таланттар сын сәтте неге бүйтіп өз ұлтын оп- оңай талақ тастап кетеді? Өз эгосын ұлт қамынан гөрі жоғары қоюы – тәрбиесінің кенжелігі! Анаған неге артық кетті, мен неге кем алдым деген менмендері лапай тағы алдыңыздан шығады. Хан талапай сойыл, шоқпар сілтескен қан талапайға айналады. Жүз, ру дегеніңіз о баста жер жаһанды алып жатқан қалың қазақты оңтайлы басқару үшін ойластырып шығарылғанмен (ол өзін ақтаған да), мына тәуелсіздік, интегра­ция заманына, бір уысқа жұмылу тенденциясына мүлдем қайшы. Алдымен қой бастар қошқарларды, соңынан аз қазақты сүзістіретін, шабыстыратын Шатақтар партиясы десең де болады.
Ежелден талант көк ит те, қалғаны көп ит. Көк итке көп ит болып шықсаң ғана есе тиеді. Міне, осы кезде ру, жүз еске түседі. Әр рудың көк иттерін бір-біріне қот-қоттап, қырқыстырып қой да, қызығына қарап отыр. Онымен қоймай, алдындағы асын қара тұмсығының астынан жырып әпкет. Ақан сері, Құлагер - Батыраш, Қотыраштардың дала сахнасында мың рет қойылып келген, сонда да сусынымыз қанбай, қолшапалақтап, неге екені белгісіз, қайта-қайта көргіміз келе беретін трагикомедиясы!.. Бұл майданда көк бөрі бастаған ұлт ұтылады да, (бойдағы бар қуат әлгі айқас-шайқасқа жұмсалады ғой!), ұтатындар - жаңбыр арасындағы су тиместер. Және де әр ұжым, кеңсе, кабинеттерде күнде жаңаланып қойылатын сұм спектакль!
Кеңестік заман көп иттің системасы еді. Енді, ғой көк иттің күні туғаны. Бар тірлігі аламан алдында өтіп жататын әдебиет, өнер, мәдениеттің некен-саяқ тұлпарлары жаңағы көрген қыл арқанды қиып өткенімен, кімнің бағасы қандай екені, көбінесе, түрлі кеңселерде құдайсынып отыратын пәленшекеңдер мен түгеншекеңдердің опырық аузымен айтылатын бюрократтық, кеңселік, номенклатуралық жүйеге ру, жүз дауы әлі өте керек. Көп иттерің талай жалы күдірейген көк итті кеңсе деп аталатын терең үңгірдің түкпір-түкпірінде жұмсақ жастықпен жымын білдірмей тұншықтырып жатыр. Кеше де, бүгін де, келешекте бұл көре алмау қырғыны ұласа бере ме, жоқ па, ол бізге байланысты. Демокра­тия дүңкуі жетісімен рушылдық, жершілдік амалсыз жариялылығы жарқылдай бастаған рухани дүниеден жылыстап кірген із бар да, шыққан із жоқ, кеңселік жүйені жағаттап, сол төңіректен жанталасып ін қазып жатыр. Бұл жүйеде ұрлық пен қарлық, асап қою мен жеп жіберудің адамының төбе шашын тік тұрғызатын жағдайға жетуі – олардың таза талантсыздар контингентіне айнала бас­тағанының бірден-бір белгісі.
Екі адамның бірінен бюрократты тәрбиелеп шығаруға болады. Ал, табиғат ана талантты миллионнан суарып жаратады. Егер, талант шынымен тоғыз тарау жолдың торабында тұрған өз халқына қарлығаштың қанатымен су тасығысы келсе, жүз, руын емес, қазақ халқының қамын жеуі керек. Және жүз, ру деп ін түбінде шақылдаған сан миллион егеу құйрықтарға мысық боп атылса қане! Ешбір ру, жүз дарындылардан кенде емес. Бұл жағынан табиғат ана әділ де қайырымды. Ру, жүз талантынан қазақ деген қамкөңіл халықтың талантына дереу өз-өзімізді өсірмесек болмайды. Ұлы, Орта, Кіші жүз партиялары емес, Таланттар мен Орташалар, Жаман-жәутіктер тобыры бар. Мұны ұқпасақ, бәрін ұқпағанымыз.
Зиялылар, ел серкелері жүздік жанжалдарын қоймаса, астанадан таралған бұл індет халық арасына да жайылып бара жатыр. Бірақ, тегіс таралған ба? Бөлісі, хан талапайы жоқ жер бұл аурудан дін аман. Қара күшіне сенетін, бір еңбегіне ғана сыйынатын механиза­тор мен малшыға ру-суруыңның путы бес тиын. Тек еңбек пен ақылды керек ететін капитализмге де рушылдық «итке темір не керек». Бұл бөліп беру қағидасын пір тұтынған кеңестік дерт. Рушылдық мемлекеттің жеңіл машиналары мен герб­ті  мөр, жарық та  жылы кабинеттердің бұрыш-бұрышында тор тоқиды. Біздің басы істемейтін бюрократтардың тағын тіреп тұратын құлсыз күні санаулы, құлға да қожайын керек. Өйткені, алдыңғының қолында билік, материалдық игілік бар, соңғысында ләппай тақсыр қызмет бар. Моңғолия, Қытай, Ираннан келіп жатқан қандастардың кеудесінен итерген жергілікті халық емес, әлгі мөрлі мықтылар мен байдың асын қызғанып жүрген байғұстар. Иегінің астынан басқаны көрмейтін, таланттарды көре алмайтын надандар! Әйтпесе, жер бетіңдегі қазақты он еселеп көбейтіп, көшіріп әкелсең де, далаң, әне, далиып жатыр, бәріміз сиямыз. Осы жолдардың авторы секілді сары домалақ, басқадай да түрлі-түсті домалақтар, төртбұрыш, найзақаралар қай жүзде болсын, зыр жүгіріп, нанын тауып жеп жүр. Мынау жүз, анау жүзбен миллион жерден қиылысқан, бұтысып шатысқан, қанымыз араласқан құда-құдандалымыз. Өзіміз түгілі, өзгемен де туыс болып кеттік. Ендеше, бұл ауадан жасаған қай жүздер жорығы? Және ол не теңім? Ең сорақысы, соңғы кезде кейбір кабинет-кабинеттерде, партия, қозғалыстар арасында: «Біздің өлке аузы-мұрнынан шыққан бай аймақ қой, өйтіп-бүйтіп қазақтан ірге бөліп, жеке мемлекет құрып алсақ, шіркін, роза гүлінше жайнап кетер ек» деген дақпырт тарап жүрген көрінеді. Ал, бөлінісейік, Атыраудың мұнайы, Алтайдың алтын-күмісі, Арқаның бидайы, Жетісудың жемісі кімнің қолында кетіп, қай мемлекеттің қамбасына құйылып жатқанын күні ертең тез-ақ тауып алар ек. Бізге енді Руандадағы бір-бірін қырып салған тутси мен хуттулардың масқарасы жетпей отыр ма?
«Осы жүз шіркін қай ғасырдан бері қазақты шірітіп келеді екен?» деген оймен халықтың генетикалық ақыл-есі – фольклорды қағып-сілкіп ақтарып көрсек, жүзге бөлініп жүзі күйіп жүрген атам қа­зақ жоқ. Ондай атау болса бұйырмасын. Бір білгіштер бұл пәле отарлау дәуірінде бас­талған, «бөлшекте де билей бер» дейтін зымияндық саясат нәтижесі дейді. Содан әу бастағы жағырапиялық, экономикалық тұрғыдағы бөліністі үлкен бөлінуге, араздыққа айналдырып, бір еңсегей бойлы қазақтың бойынан үш мыртық қазақты өсіріп шығарып, ай-күннің аманында қырқыстыруға дейін жеткізген. Қазір осыны қолдап жүргендер бізге дос па, қас па? Әрине, жау! Атақ, лауазым, байлық-шайлықты бөлісуді қазақты бөлісуге айналдыра бастаған ондай мұндарлардың жолына жуа шықсын деуден басқа амал жоқ. Ең дұрысы, ол бұрыс жолға күйдіргі жуаны біз, сіз болып еккеніміз жөн.
Шындығына келгенде, бүйтіп бөліну әлі де ұлт бо­лып, түбегейлі қалыптасып бітпегенімізден, ұлттық санамыздың әлі де балаңдығынан. Бүгінгі Еуропа да орта ғасырда қырық шата болған. Мәселен, француздар - лотар, норман, эльзас, немістер - бавар, гамбург, ағылшындар - англ, уэльс, сакс, шотланд, валлондықтар. Қазір де кейбір тұстарда баварлықтар, берлиндіктер жүрдемелетіп сөйлеп кетсе, бір-бірін анық ұға бермейді. Олар бүгін де жерлес ретінде сыраханаларда бас қосып, әңгімелесіп, мәре-сәре боп жатады. Бірақ, олар бөлінуді идеалға айналдырып, бүйтіп рухани, мемлекет тік дәрежеге көтеріп, «өлмес» өнерге айналдырмаған. Бәзбіреулер: «Е, ендеше не айтып отырсың, олар сияқты бірте-бірте басымыз бірігер» деуі ықтимал. Ол «бірте-бірте» бірігуді, бірегейлікті ұлт, ел өмірінің басты шарты етіп қойып отырған мына желаяқ заман көтермейді. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген оң сөздің бағасы бүгін аспанда. Референдумнан аман-есен өтіп кеттік, енді, «бүтін ұлт болып, XXI ғасыр бетіне қалай тіке қараймыз?» деген сұрақ өте өткір қойылып отыр. Әр жаққа қарап аузына келгенді бұтып-шатып тұрған ұлтты бас болмақ түгілі, Құдай болса да басқа ешбір ұлт сыйламайды. Өзің тұтас болсаң, олар да ауызбірлікте. Алдыңғы арба қалай дөңгелесе, Қазақстан солай карай дөңгелейді.
Физиктер  темір де шаршайды деседі. Бүгін біз ру,  жүзге бөлінуден шарша­ған­дықтан таусылып сөйлеп отырмыз. Шар­шап болдық, енді: «Бұл пәледен қалай құтыламыз?» деп аңсап сұрақ қоямыз өз-өзімізге. Біріншіден, бұл ауру отарлық, бөліп берушілікті діттеген кеңестік заманда біраз меңдеткенмен, халықтың негізгі діні сау. Анда-санда шаң беріп қалса, ол мәдени шамамыздың әлі де әл­сіздігінен, төмендігінен. Оған халық емес, феодализм­нен социализмге, одан ка­пи­тализмге қарғыған тағдыр-талайымыз айыпты. Қарақыпшақ Қобыланды Ер Тарғынға, Алпамыс Қамбарға ешқашан да семсер сілтемеген, тарихымызда бір жүздің армиясы ешқашан екінші жүзді шауып алмаған. Зиялылар осыны барлық жария құралдарын пайдаланып, халық зердесіне жеткізулері қажет.
Әулекі Қодар бастаған бекежандар, жантықтар қашан да болған, бола да береді. Ондай қодырайған қодарларды қазған құдығына құлатып, бықсыған бекежандарды Қостөбесінің түбіне қайтып тұрмастай ғып көміп, жағымпаз жантықтарды айдалаға айдап тастау керек. Жүз, ру деп еліретін, көбінесе, еркек-қауымы, өйткені, ішіп-жемді жанын жалдап табатын, қолынан қамшысы түспейтін «жауынгер» қауым. Ал, арамнан ішіп-жеудің басты бір жолы әлгі рулық пирамида. Қыз-келіншектеріміз ру-сүруда шаруалары болмаған, олар бүкіл қазақтың Анасы - әжесі, жеңгесі, келіні, абысыны екенін ешқашан ұмытпаған. Олай болса, бүгінгі қазақ аналары: «Жүз - елдің заты емес, жағырапиялық аты ғана, бар қазақтың щыққан жатыры бір» дегенді балалардың төбесін тесіп тұрып, күнбе-күн құйса арман не. Қобыланды, Тарғын, Алпамыстар, ең алдымен, ананың перзенті, сонан соң барып Құдайдың құлы болған.
Қазақты  ру,  жүзге  бөлу – Қазақстанды бөлу еке­нін ұғаттын уақыт жетті.
Екіншіден, қарнымыз ашқан кезде қарғап-сілеп алатын капитализм, негізінен, қазаққа жұмыс жасап жатыр. Соның бастысы – оның жүз-мүзді танымайтын ақкездігі, талантсыздарды таптайтын тек таланттар мен еңбекқорды танитын ашықкездігі. Бұл жағынан оған орыс, қазағың, шүршітің де бірдей, күлшелі кенже баласы жоқ. Түптің түбінде ол бюрократия мен номенклатураны да екі асап бір жұтып тынады, ал, рушылдардың исі ұдайы осы төңіректен шығатынын еске алсақ, оның да ініне су құйылатын заман алыс емес.
Үшіншіден, өзімізден тәуір мысал таба алмай қажысақ, өзбек - өз ағамызға мойын бұралық. Бұл ұлттық берекелі махадла-махаллаларында бүкіл Кіндік Азия халқы «өзбек» деген атпен түтін түтетіп, кәуап жеп отыр. Оның ішінде қазақтың барлық руының өкілдері түгелге жуық, тіпті, жөйттер, татарлар, түріктер де бар. Басқаны қисынсынсақ, өзіміз «қазақ» деген қара қазанда қатықтай ұйыйық та құрығанда.
Тоқ етері, шама-шарқымыз жетіп жатса, әлгі құйрығымыздан қоңырауларды шешіп, лақтырып тастап, нағыз қазақ болайық. «Қоңыраусыз өмір сүру қиын десек» үшеуінің бірін ғана қалдырайық. Және ол: «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым!» деген Абай қоңырауы болып, сахарада, сайын дала төсінде күні-түні сылдырлап тұрсын.
Әлем осыған дейін әманда үш түрмен соғысып келген: мемлекетаралық, этникалық және трайбализм... Соңғысы - ең сорақысы, бұл – өз-өзіңмен соғысу. Ұлттардың ұлтаны сөйткен. Құдай сол масқарадан сақтасын.
Ру, жүзді қоздыратын қазақ халқы емес, қазақтың байлығын бөлісуші ше­неу­ніктердің, кейбір «зиялылар»дың ұраны. Жазықсыз халыққа қызды-қыз­дымен «рушыл» деп жала жаппайық, қараласақ халықты қалқан етіп, ру, жүз «шайқасын» ұйымдастырып, одан қолма-қол пайда тауып жүрген қорқауларды қаралайық.


1995

287 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз