• Келелі кеңес
  • 16 Мамыр, 2016

Қарыз бен парыз немесе терминге терең үңілсек

Кәкен Сейітов, 
Шығыс  Казақстан  облыстық сотының  судьясы

Біз қарыз деп біреуден алған немесе біреуге уақытша берген несиені айтамыз.
Алайда, қарыз сөзінің түбі несиеде ғана жатқан жоқ, бұл сөздің мәні тереңде жатса керек, қазақтың нағыз термин ретінде пайдаланатын қастерлі де астарлы сөздерінің бірі осы сөз болуы тиіс. Бүгінгі қазақ елінде қазақ тілінің мәртебесін қажетті деңгейге көтеру мәселесі әлі өз шешімін таба алмағандығы, қазақ тілі ғылыми тіл ретінде қолданудан кенже қалып отырғандығы, мемлекеттік даму үдерісі мен қазақ тілінің даму үдерісі мүлдем салыстыруға келмей бара жатқандығы жасырын құбылыс емес.

Жаһандану заманының ауқымды да жалынды құшағында тұншығып қалмау үшін біз ең алдымен өз тілімізді қайткен күнде де дамыта білуіміз қерек. Тілдің маңыздылығы туралы немістің атақты философы М. Хайдеггер: «Тіл ең сонғы тамыр, ол адамзаттың шынайы тұрмысының ең ақырғы панасы және сонымен қатар, сол тұрмысты іске асыру жолындағы жалғыз ғана бірегей құралы» - деп бекер айтпаған. Мен осы мақаламда қазақтың көптеген қасиетті ұғымдарының  ара­сының қарыз бен парыз сөздерін бөліп алып, екеуін ғана мысал ретінде келтіріп, солардың негізінде ғылымның ең ауқымды деген ауызға бірінші түсетін салаларының терминдерін қазақ тілінде қалай қолдануға болатұғынын өзімше көрсетсем бе деймін. 
Сөздіктерді ашсақ қарыз сөзі ауыс­палы түрде парыз деп те аталатынын көреміз.
Сонымен қоса, парыз деп біз адам бойына тән азаматтық борыш, қастерлі міндетті де атаймыз. Мұсылман ретінде міндетті түрде өтеуге жататын борышты да біз парыз деп білеміз. Осы қарыз бен парыз сөздері қалай пайда болды деп қуаласаңыз, қазақ сөзінің ой жетпес тереңдігі мен ауқымдылығының кеңдігіне қайран қалып, осыншама бай тілді біз осы күнге дейін неліктен өз деңгейіне көтере алмай келеміз деген ой еріксіз бойыңды билеп алады.
Әңгімені қара сөзінен бастайын.
Біз қара деп бояу түсін атап, қараны күйе сықылды кір, лас деп ұғынуға әбден үйреніп алғамыз. Алайда, қара сөзінің мәні іздеу, қарастыру, көру, тексеру, аңғару, бағу, байқау, бақылау, ескеру, елеу, ден қою, күту, баптау, есептеу, санау, ойлау, талқылау, арнайы сөз ету, қол ұшын беру деген сияқты көптеген оңды шаруаларды қамтитынын ескере бермейміз. Белгілі бір мәселеге байланысты жоғарғы органдар қабылдаған шешімді атайтын қарар сөзі де және әрекет сөзінің синонимы саналатын қарекет сөзі де осы қатарға жатады. Осы тұрғыдан алғанда атой салып, ел қамын ойлап еңбек еткен қайраткерлерімізді қарекеткерлер деп те атауға әбден болады. Сонымен бірге, қара сөзінің бояу түсіне байланысты басқа мағынасы да жоқ емес. Айталық, ертеде қара сөзі таза, анық деген мағына берген. Қара қыпшақ Қобланды деген атақ, батырдың өңі қара болған деген сөз емес. Қара сөзі үлкен, дәу, күшті деген де мағыналар береді.
Қарыз сөзі де қара сөзінің осы оңды мағыналарының бірінен өрбіп шыққан сөз болуы тиіс. Себебі, міндет, борыш сықылды оңды ұғымдармен бірге адам өмір сүргенінің өзі үшін ғана еліңе, жеріңе қарызды болуы керектігін, яғни, туған еліне бұрылып қарауы, жері үшін алаңдауы тиіс екендігін де осы сөз өзі көрсетіп тұр.
Сондықтан, қарыз сөзі заң және қаржы термині ғана емес философия термині ретінде де пайдаланатын сөз.
Қаржы  сөзінің  өзі де жаңағы біз қа­рас­тырып отырған қара сөзінен шық­қандығы және жаңа бір термин ретінде қаражат сөзін де біздің тілімізге әкеп отырғаны дау туғызбаса керек. Себебі, бұл сөздер қарауға, яғни, қам жасауға керекті құралдардың атауларын қара сөзінің өз түбірінен өрбітіп отыр. Анатомия мен медицина термині ретінде пайдалынатын қарашық сөзі де біз қарастырып отырған қара сөзінің туындысы болып табылады. Әскери термин ретінде пайдаланылатын қарауыл сөзі де осы қара сөзінен шыққан және осы сөз күзетші, сақшы деген әскери ұғымдармен қоса тағы бір әскери ұғымды қамтитын нысана мағынасына да ие болған сөз екендігін атасақ, кәдеміз, тіпті, толып қалады. Бірақ қарауыл сөзінің аталған қасиеттерін ғана көрсету аздық етеді. Себебі, біз бұл сөздің бүгінгі күні орыс тіліндегі караул сөзінің түбінде жатқанын, яғни, халықаралық термин болып кеткендігін, баса қайталап айтуымыз керек. Сөйтіп, біз әңгімені қарапайым қазақтың қарыз сөзінен бастап халықаралық деңгейге дейін көтеріле алатын боламыз. Біз қарапайым деген сөзді  жұпыны, жай, қатардағы деп ұғамыз, ал, сөздің бірінші бөлігі бізге керек болып тұрған қара сөзінен құралғанын, екінші бөлігі пайым, яғни, ақыл, сана, парасат деген сияқты түсініктерді беретіндігіне мән бере бермейміз. Логика ғылымы зерттейтін ойлау процесі үш кезеңнен құралады, олар ұғым, пікір және ойқорытынды деп түсініледі. Осы үштіктің пікір түсінігіне тоқталсақ, бұл сөз орыс тіліндегі суждение ұғымының қазақ тіліндегі баламасын береді деп тіл белсенділерімен бекітілген.
Психология ғылымында орыс тілімен айтқанда рассудок пен разум деген ұғымдар бар. Рассудок қазақ тілінде пайым болып ұғылады да, разум – ақыл-ой болып түсініледі. Бұл жерде пайым ойланудың ақиқатқа қарай жылжу барысының бір сәті болып түсініліп, қалыптасқан білім шеңберінен аспайтын тәртіптегі өмір сүру ой-тәсілі болып есептелсе, ақыл-ой аталған білім шеңберінен асуға талпынған, білімді жүйелеп зерттеуге ба­ғытталған ізденіс, яғни ғылымға апаратын жол іспеттес болып саналады. Демек, пайым саналы адамның даму жолындағы бірінші немесе төменгі сатысын меңзесе, ақыл-ой осы саналы адамның неғұрлым дамыған жоғарғы кейпін меңзейді. Күнделікті өмірде адамдардың бір-бірінен артықшылығын немесе кемшілігін анық көрсете алатын осы құбылыстың, саяси маңыздылығы бү­гінгі күнгі мемлекеттердің дамыған, да­мымаған деп бөлінуі көрінісінен де айқын бай­қалады. Мұндай ізденістер ұлы Абайдың философиялық мұрасында кездесетін толық адам туралы ілімінде кеңінен тараған. Бүгінгі біздер де өз білімімізді, өз тілімізді көштен қалдырмай, үнемі жоғары деңгейде ұстауға тырысып бағуымыз қажет-ақ. Ал, енді, пікір мен пайым мәселесіне оралсақ, менің ойымша, суждение дегенді де, рассудок дегенді де біз пайым деп ұғынуымыз керек. Сонда, біз логика біліміндегі простое суждение дегенді қарапайым пікір емес, қара пайым деп түсініп, сложное суждение дегенді қүрделі пайым деп түсінетін болушы едік, мұның өзі өзіміздің қарапайым деген сөзімізді қазақтың ғылыми термині ретінде пайдалану дәрежесіне дейін көтеруші еді. Мысал үшін, біз рассуждение деген орыс тіліндегі сөзді қазақ тіліне пайымдау деп аударамыз, сонда сол рассуждениенің астарында жатқан суждение сөзі неге пайым болып ұғылмауы керек?
Пікір дегеніміз шын мәнінде орыс ті­ліндегі мнение, отзыв деген сөздердің баламасын білдіреді, ендеше пікір сөзінің өзіндік жүктемесі жеткілікті, алайда психология, логика ғылымдарына арналған қазақ сөздіктерін ақтарып қарастырсаңыз, пікір мен пайым ұғымдарының бір-бірінен ажыратылмай қалғандығы бірден көзге түседі. Логикалық заңдар түсінігі негізіне сүйенсек, пікір айтушының дәлелді деп санайтын ойы, ал пайым болса айтушының дәлел қа­жет ететін ойы болып табылмақ. Жаңағы айтылған қарашық сөзі қысқартылып көздің қарасы ретінде қарақ деп те айтылады. Оны қа­рақты әскери терминдер ретінде пайдаланатын  смотр, смотревая точка дегендердің де баламасы ретінде кәдеге жаратуға болады. Бұл ретте қарақшы деп біз тонаушыны атауға әбден дағдыланып алғамыз, кезінде ата-бабамыз бұл сөзді жер шекарасын белгілейтін арнайы қойылған затты, тасты атағанын, бәйге кезінде тәртіп бақылаушысын да, мәрені де осылай атағанын есімізге түсіре бермейміз. Тіпті, кәдімгі бақшаға күзетші ретінде орнататын құбыжықты (орысша чучелоны) қазақша қарақшы деп аталатынын білмей қаламыз.
 Біз оптикалық құрал болып табылатын линзалардан құралған аспапты объектив деп атаймыз, шын мәнісіне келгенде бұл қондырғы да қарақшы немесе қарақ деп аталуы тиіс, себебі, біз солардың көмегімен көздеген затымызды (объектімізді) сығалап байқаймыз. Біз географиялық немесе ойын қартасын бала кезімізден жақсы білеміз, енді осы қарта сөзіне біраз көңіл аударып көрелік. Сөздіктер оны гректің chartes сөзінен шыққан дейді, қазақ тілінде қағаз деген мағына беретінін көрсетеді. Алайда, бұл сөздің астарында да өзіміздің қара, қарастыр сөздері жатқаны анық, біз белгілі бір табандылықпен өткенімізге көз жүгірте білсек, қартаның қарау үшін ойлап шығарылғанын жете түсіне алатын боламыз. Бұл сөзді карта деп бұрмаламай-ақ қарта деп өз тілімізде пайдаланып та жүрміз, себебі, кезінде өз ата-бабамыз жорыққа шығар алдында жау әскерінің орналасуын қарыта ала білген, яғни, сызуға түсіру әдісін қолданған.
Бұл сөзімнің дұрыстығын қарымта сөзінің түсінігімен дәйектейін.
Қарымта деп біреудің жасаған жақ­сылығы немесе қылған қиянаты үшін қайтарылған есені атайды. Яғни, қарымта сөзі қайта қарата деген сөзді белгілейді. Бізге керегі сол қарата сөзінің қарымтаға айналып тұрғаны. Сол сияқты қарата сөзі, белгілі бір нысанның нобайын қағазға сызу арқылы түсіріп алып, қолбасшыға әкеліп көрсетуге, яғни, қаратуға арналған. Міне, осыдан барып қарыта немесе қарта сөзі пайда болған деп толық сеніммен айта аламыз. Ойын қартасы да қолдағы заттарды қарастырып отырып ойнауға арналған, сондықтан қарта аталған. Біз болсақ осы кезде күнделікті пайдаланып жүрген электронды құжатымызды карточка дейміз,  оны қарташа немесе қарташық деп атау ойымызға да келмейді. Осы күнгі орыс тіліндегі картон, картина деген сөздер де осы қарта сөзінен өрбіген. Біз болсақ картонды қартон деп өз тілімізде пайдалана беруімізге болады, ал, өз қазақ тіліміздің туындысы болып келетін картина сөзін сол қазақ тілінде қартина, қартіна немесе қартін деп атауға тіліміз бұрылмайтындығы бір жағынан қиналтады, екінші жағынан  орыс тілінің басқа тілдегі сөзді жұтуға, өзіне сіңіруге  және сол сөзден басқа да сөздер шығарып алып, өздерінің төл сөзіндей қолдануға соншама бейімділігі адамды таң қалдырмай қоймайды.
Орыс тіліндегі фотокарточка деген сөз де осы айтылғанның толық дәлелі бола алады. Бұл жерде біз осы сөздің карточка деген бөлігін сүрет деп өте дұрыс атап жүрміз, себебі сүрет дегеніміз сол баяғы қарта, яғ­ни, белгілі бір нәрсенің басқа белгілі бір нәр­сенің бетіндегі түсірілімі. Енді, қазіргі заң термині болып келетін жаза сөзінің орыс тіліндегі кара деген баламасына көңіл аударайық. Кара дегеніміз орыс тілімен айтқанда возмездие, воздаяние, наказание деп ұғылады, ал, бұл сөздердің мағынасы бір жасалған іске, бұл жерде теріс іске, қайтару ісі болып табылады. Ал, ондай қайтару қазақ тілінде жаңа айтылған қарымта сөзінің мағынасымен қамтылады. Бұдан біз, орыс тіліндегі кара сөзінің түбінде өзіміздің қара сөзі жатқанын ұға аламыз, бұл жерде кара термині қайта қара, тойтар және шағылысу (орыс тіліндегі отражение сөзі) сөздерінің астарын беретіндігін байқауға болады.
Адамзат ақ сүйек, қара сүйекке ерте заманда бөлінген. Ақсүйектер өздерін биік санап, аспан жаратылымы деп таныса, қара сүйек олардан төменде тұрған жер жаратылымы деп саналған. Ақсүйектер қарасүйектерге аспаннан қарап, олар ақсүйектерге ұнамсыз қылық жасаса, аспаннан жаза жолдайтын болған, осы жаза қараны одан да бетер қара қылған. Сөйтіп бара-бара қара сөзі түркі тілдестермен тығыз араласта болған орыс тіліндегі заң терминдерінің біріне айналғандығын болжауға болады. Осыдан соң карантин, карат, каратэ, каркас, карт-бланш сияқты әр саланың терминдерін қалай қазақшылап қолдануға болатыны аңғарылып-ақ қалады. Мысал үшін, қаратэ сөзін алайық. Жапон тілінен аударғанда бұл сөз «тек қолмен ғана» деген мағына береді. Ал, біз болсақ, қар сөзі түрік тілінде қол сөзінің ұғымын беретінін білеміз. Осы қар сөзінен қару, яғни, қол күші деген ұғым туындап, ары қарай бұл ұғым құрал-сайманның ортақ атауын бергенін ұғамыз. Біз картель термині кәсіпкерлер бірлестігінің бір түрінің ұғымын беретінін білеміз. Алайда, бастапқыда бұл сөз рыцарлық жекпе-жек тәртібін реттейтін ұғым болған. Яғни, тәртіппен байланысты қарау, ережелерді мұқият сақтау, телміру сияқты сөздердің түсінігін берген. Бертін келе бұл сөз дуэльге, демек, баяғы сол жекпе-жекке жазбаша шақыру түсінігін беретін болған. Сөйтіп, біз картель терминінің астарында өзіміздің қара, қарта сөзінің жат­қанына анық көз жеткізе аламыз. Бүгінгі күні де бұл сөз бірлесіп қарау деген ұғымын жоғалтпаған. Картель терминінің ұғымынан каратель терминінің ұғымы да алыс тұрмаса керек, себебі бірі француз тілінің, бірі орыс тілінің несібесіне кеткен бұл сөздердің түбі қайдан шыққанын тұспалдау қиынға соқпайды.
Хандар заманында лауазым, дәреже термині ретінде қолданылған қарашы ұғымы да осы тұжырымды құптаса керек. Енді, шетел тілінде біз термин ретінде пайдаланатын хартия деген сөзге көңіл аударып көрелік. Хартия сөзі де сол жаңағы қарта сөзінен өрбіген сөз, құжат түрі болып табылады. Бізге бұл сөз Ұлы еркіндіктер хартиясы деген құжаттан белгілі. Хартия сөзінің бір астары көне қолжазба дегенді білдіреді. Байқайсыз ба, түбі қайда жатыр? Көне қолжазбалар қарта деп аталған. Ал, ондай құжатты қара, оқы демей, басқалай қалай ұғуға болады.
Характер деген терминді біз тіпті жеңіл аударамыз, ол мінез деген сөз дейміз.
Психология ғылымында амнезия, парамнезия деген терминдер бар.
Амнезия дегеніміз адамның жадының жоғалуы, болған оқиғаның есіне түспеуі немесе оқиғаның кейбір тұстарын мүл­дем ұмыту сияқты кезеңдер, ал парамнезия дегеніміз, керісінше, болмаған оқиғаны болғандай қылып еске түсіру. Бұл терминдердің астарында не жатыр деп іздене бастасаңыз гректің mnesis, яғни, еске түсіру немесе жаттау сөздері жатыр деген жауапты табасыз. Бұл аздай, анамнез деген де термин бар, қандай мағына береді десеңіз, гректің anamnesis деген сөзінен шыққан дегенді табасыз, қазақ тіліндегі мәні тағы да сол еске түсіру, адамның өмір сүру жағдайы туралы мәліметтер жинағанда, адамның ауруға шалдығу тарихын жазғанда қолданылатын термин деп түсіндіріледі. Сонымен мінез дегеніміз ес, яғни, жад болып шығады, ал, бұл ұғымдар адамның ғана емес басқа да тірі немесе жаны жоқ заттардың ішкі қасиеттерін білдіреді, мысал үшін, бүгінгі күні біз судың да сыры бар екенін ұғуға қол жеткіздік, орыс тілімен айтқанда «и вода имеет свою память» – деп айтамыз. Ал, ол қасиеттерді атау үшін, яғни, мінездеме беру үшін біз мінездеме беретін нәрсемізді жақсы білуіміз керек, яғни, оған қарауымыз, оны қарастыруымыз керек. Міне, осыдан барып біз характер сөзінің түбінде де өзіміздің қара сөзіміз жатқанын ұққандай боламыз. Характер дегенді грек тілінен ерекшелік, сипат деп аударады. Біз болсақ қарақ деген сөздің бір астары сығалау екенін әлгінде ғана анықтадық. Ал, сөздің екінші жартысы тер жұрнағы шетел терминдерінің көбінің екінші жартысы болып пайдаланатын сөз болып шығуы ғажап емес. Мысалы, мистер, мастер, адаптер, картер, кратер. Қазақта ертеректе сақетер деген сөз болған, соғыс қаруының бірі осылай аталған. Ардақты ғалым С. Аманжолов қылышты Батыс Қазақстандық жерлестеріміз осылай атағанын көрсетіпті. Осы орайда өзіміздің төл сөзімізге айналған дәптер сөзін алайық, дәп тер деп бұл сөз бір жағынан жазуды оқылатындай қылып анық жаз деп тұрса, екіншіден, оқиғаны немесе ашқан жаңалығыңды қағазға шындыққа пара-пар қылып айнытпай теріп түсір деп өзі айтып тұр емес пе. Қазақтың тер деген жұрнағы бір нәрсенің көптік санын көрсететін ұғымы. Өзгенің тіліне бұл сөз жалпылау жұрнағы болып кіруі әбден түсінікті құбылыс. Осы айтылғандардан біз характер терминінің негізінде қарақ пен тер сөздері жатқанын айқын көреміз. Бүгінгі күні біз бір жерге жұмысқа орналасайық десек, резюме, объективка дегендерді жинаймыз. Біз үшін осы айтылған объективка мен резюме де сол қарақ болып табылуы тиіс. Енді, мінез сөзіне қайта оралайын. Мінез сөзінің астарында мін сөзі жатуы тиіс деп ұғамын. Біз мін сөзін кем-кетік, кінәрат, ақау деп түсінеміз. Алайда, мін сөзінен мінажат, міндет сияқты қасиетті сөздердің де шығатынын ұмытып кетеміз. Біз қарастырып отырған қарыз бен парыз да міндеттің өзі немесе оның басқалай қастерлі түрлері болып табылады. Сондықтан, мін сөзінің түп-тамыры тереңде жатса керек. Біз ол тамырды өзіміздің ішкі дүниемізден табамыз деп санаймын. Ол ішкі дүниенің сырын іздететін бірден бір сөз ол жаңағы өзіміздің қазақтың мінез сөзі. Ғылымда мнестический деген ұғым бар, мағынасы жаңағы есте, жадта сақтау немесе жаттау процестеріне қатысты айтылады деп түсіндіріледі. Міне, осы mnes деген сөз өзіміздің мін, мінез сөздерінен шыққан ұғым. 
Мінез – дегеніміз әрбір адамның жеке басына тән өзіндік психологиялық қасиеттер мен ерекшеліктердің жиынтығы екендігі белгілі. Адам өзін міне мен деп тұлғалайтын ұғым осы мінез сөзінен шыққан, яғни, қазақтың міне деген сөзі мен деген сөзі де осы мін, мінез сөздерінің туындысы. Мін – дегеніміз адам өзі жаратылғанда, демек, жарық дүниеге келгенде онымен бірге туындайтын қарыз бен парыз, яғни, әр адам өзін жекелеп, өзін менмін деп санағанда, оған артылатын мін – ол сол адамның міндеті болып танылады. Сонымен міндет дегеніміз табиғатқа адаммен бірге бітіскен, адамды қоғамдық жаратылыс қана емес, оны саналы пенде қылатын, тұлға ғып көтеретін құбылыс, міндет – адамның осы өмірде бұл­жытпай орындауға жататын қарызы мен па­рызы, қарары мен қарағы, алаңдаушылығы мен парасаты болып табылады. Мін сөзінен қазіргі орыс тіліндегі мнение, вменение деген ұғымдар тараған. Сөйтіп, біздің мінез деген сөзіміз ес, жад деген мағынада халықаралық термин болып тараған деп санауға әбден болады. Тағы бір мысал ретінде түбінде қазақтың мінез сөзі жатқан, орыс тілінде біз заң термині ретінде кеңінен пайдаланатын амнистия сөзін келтірейін. Бұл сөз қазақ тіліне ұмыту, естен шығару, яғни, істелген қиянатты ұмытып, кешірім беру деп аударылады. Демек, амнистия дегеніміз кешірім беру, ал, біз болсақ бұл ұғымды орыс тілінен рақымшылық деп аударып, керісінше, кешірім беру деп орыс тіліндегі заңның тағы бір ұқсас ұғымы помилованиені атап жүрміз.
Қарыз бен парыз ұғымдарын талдай келгенде қарыз бөлігіне жататын харизма ұғымына тоқтамай кетуге болмайды. Харизма термині адамға біткен дар ретінде, жеке тұлғаның тартымды қасиеті, ерекше рухани қабілеттілігі, құдайы күші деп ұғылады. Бұдан біз қара сөзінің қарастыру, өзіне қарату, қарызды-қарызымды болу деген астарларын ақтарсақ қарыздың харизмаға қандай қатысы бар екендігін де көре аламыз. Көне заманда харизма деп лайықты істі атапты. Қоғамға пайдалы іс қылатын адамның ісі осылай айтылатыны түсінікті болуы тиіс, мұның өзі қарыз сөзі мен харизма сөздері іс сөзін жалғастыру арқылы жаңа ұғымдар болып қалыптасқанын көрсетеді. Осы айтылғаннан біз характер мен харизманы қарақтер және қаризма деп атай беруімізге болатынын түсінеміз. Қара сөзінің әр түрлі қасиеттерін атай келе, қазақтың қара қылды қақ жарған, қара қылды қырық жарған деген мәтелдеріне біраз тоқтамаса тағы болмас. Бұл жерде қара қылды қақ жару дегеніміз қақ сөзінің дәл, нақ, тұп-тура, тең деген мағыналарына байланысты түсініледі. Екі тараптың мүдделерінің арасындағы  кінарат қара қылдай жіңішке болса, сол жіңішкені қақ бөле біл, керек болса қырық (байырғы қазақ ұғымында қыруар көп) бөле білу қажеттігін көрсетеді деп ұғылады бұл мақалдар. Алайда мәселеге басқа жағынан да көз салуға болады. Айталық, қара дегеніміз қарастыратын және қарастырылуға жататын адамдар, яғни, субъект. Қыл дегеніміз қарастырылуға жататын объект, яғни қылық (әрекет). Қақ дегеніміз заң, яғни, ақиқат. Жарған дегеніміз ақиқатын ашу, жариялау. Парыз сөзіне келетін болсақ, бұл сөздің астарында да сол іс сөзі жатса керек, сонымен бірге, біз бірден бес парызымызды, яғни, иман келтіру, намаз оқу, ораза ұстау, гұшыр-зекет беру, қажыға бару сияқты мұсылмандықтың қастерлі міндеттерін еске түсіреміз.
Гомердің Илиадасының кейіпкері Паристің есімін кейбір зерттеушілер тура осы парыз сөзінің тұпнұсқасы деп көрсетіп, Еленаны, яғни, елдің ең сұлуын немесе ел анасын алу, оның қасиетті міндеті болған деп санайды. Парыз сөзінің шығу тегін іс сөзі арқылы іздейтін болсақ, ең алдымен менің есіме түсетіні пар сөзінің екі, қос, жұп деген мағыналар беретіні. Адамның дүниеге келуі бір іс болса, оның екінші ісі сол дүниеге босқа келмегенін көрсете білу, яғни, өзінің қоғамдық тиімділігін айқындау қайраткерлігі – міне осы оның пар ісі, па­расатының нәтижесі, мақсаты, адами мәні, қастерлі міндеті.
Осы ретте баршамызға белгілі партия сөзіне тоқталып өтуге болады. Партия сөзі латын тіліндегі Pars (partis) сөзінен тараған, бөлік, топ деген мағына береді деп түсініледі. Біздің пар және пара сөздеріміз де дәл осы мағыналарды беріп тұр, бірі қос, екі, жұп деп тұрса, екіншісі соның бөлшегі, сыңары деп ұғылады. Екі зат бір бірімен жұптасса, біз олар пара-пар болды дейміз. Сөйтіп, қуа келгенде, партия сөзі де біздің өз сөзіміздің туындысы болып шығады. Қазақтың пара-пара, парша-парша сөздері бүтінді паралап, паршалап, яғни, сыңарлап, бөлшектеп құрту процесін атайды. Пара сөзінің қылмыстық заң термині ретіндегі мағынасының өзі қазақта іздегенін, яғни, жоғын, жетпей тұрған сыңарын беріп, аузын алу деп түсінілсе керек. Алдында қарақ сөзіне тоқталсақ, бұл жерде парақ сөзіне тоқталуға болады. Парақ сөзінің бір мағынасы тарихтың бір айқындалған кезеңіне зер салу, келешекке көз салып бағдарлау болып табылады, ал, бағдарлау дегеніміз ол жаңағы қарау, үңілу, барлау, зерттеу деген ұғымдардан құралады. Пар, пара сөздерінің жарты, бөлік, құрама деген мағыналарынан осы парақ сөзі жаратылып шығуы тиіс. Біз парақ сөзінің тек оңды жағынан сипатталатын ерекшелігін мүмкіндігінше кеңінен пайдалана білуге үйренуіміз керек. Парақ сөзін бүтін, күллі, мұқым, тұтас, жалпы сөздерінің мағыналарымен теңестіре білуіміз керек, себебі бұл сөз екі жартыны бір бүтін қылуға, азды көпке айналдыруға, тілімізді саннан сапаға көтеруге жол беретін, бойындағы қасиеттері әлі аса зерттелмеген сырлы сөз­дердің бірі. Бұл тұжырымның дәлелі ретінде парасат сөзін келтіруге болады. 
Парасат дегеніміз – адамның сана-сезімін, ойының дәрежесін, дүниетанымының қабілетін білдіретін ақыл, кемел, зерделік деп келтірілген қазақ тілінің әдеби тілінің сөз­дігінде. Психология мен философияда да па­расат ұғымы ақыл, ой, зерде деп түсініледі, орыс тіліндегі жаңағы разум, рассудок ұғымдарымен, шетел термині интеллект ұғымымен теңестіріледі. Алайда, ақыл, ой, зерде, интеллект сияқты психологиялық ұғымдар тірі пенденің қайырымдысына да, қайырымсызына да тән құбылыстар. Ал, парасат болса олай емес. Парасат қайырымдылықты, адамшылықты сипаттайтын қасиет. Қайырымдылық деп біз мейірім мен шапағатты ғана емес, жақсы, оң, ізгі істің қарымтасын да атаймыз. Яғни, іздестірсек, парасат сөзінің астарынан әлгінде келтірілген парыз мен қарыз мәселелерінің сауалдарын да таба аламыз. Біз мұсылмандықтағы бес парызды өтеу толық мұсылмандыққа жету жолы деп түсінеміз, яғни, бұл бес парызды орындау мұсылмандықтың толық құрамына жетумен іспеттес, сол сияқты парақ ұғымын да өзін құрайтын парыздардың жиынтығы деп түсінуге болады. Демек, парыздар параққа, яғни бүтіндікке, бірлікке, тұтастыққа жету жолындағы бірте-бірте атқарылатын міндеттер, қарыздар болып ұғылуы тиіс. Ертеде қазақта парда деген ұғым болыпты. Мағынасы айла, әдіс, еп деген түсініктерді береді екен. Бұл сөздерде қарыздар мен парыздарды орындауды бірте-бірте жүзеге асыруды, яғни, сатылықты керек ететін жолды көрсетсе керек. Осы айтылғандардан біз парасат ұғымының психология және философиядағы саналы адам туралы ілімдегі пайымнан да, ақыл-ойдан да жоғарғы тұрған сатысын көрсететін түсінік екендігін көреміз. Ұлы Абай қарастырған толық адам туралы ілім де адам  атаулының осындай биік шыңға жеткен рухани жетілген тұлғасын талқылайды. Ал, мұндай ізденістердің өзі қазақ философиясының, қазақ ғылымының өрісін қазақ тілінде кеңейтуге зор үлесін қосатыны сөзсіз. Парыз сөзінің осындай жарты, бөлік деген мағыналарды білдіретін ұғымдарды құрастырып бүтінге, тұтасқа айландыру астары парық сөзінің түп-төркінінен де көрініс береді.
Парық дегеніміз – біріншіден, бір нәрсенің екінші нәрседен айырмасы, айырмашылық, ерекшелік деп түсініледі. Екіншіден, бұл сөз бір нәрсенің қадір-қасиеті, мән-жайы, жай-жапсары деп ұғылады. Үшіншіден, парық ол белгілі бір істің байыбы, пайымы. Төртіншіден, осы сөз белгілі бір затқа тән баға, құн деген де мән береді. Біз пайдалы деген нәрселерімізді құндылықтар деп атап әбден үйреніп алғамыз. Оған қоса, материалдық байлық та құндылық, рухани қажеттіліктер де құндылық. Біз парықсыздық дегенді жосықсыздық, жөнсіздік деп қана түсінбей, құндылықсыздық деп те ұғынсақ, мейлі материалдық байлық құндылық болып қала берсін, рухани байлықты парықтылық деп те білуші едік. Сонда, біз үшін мәдени, саяси, рухани құндылықтар парықтылық деп ұғылып, күнделікті тұрмыстық жабдықтарымыз құндылық күйінде қала беруші еді. Сонымен қоса, пар сөзінің екі, қос, жұп деген мағыналар беретінін жете түсіну бізге парабиоз, парабола, парагенезис, параграф деген сияқты көптеген шетелдік терминдердегі пара бөлігі қасында, жанында, содан, соның ішінде, соның маңында деген екі нәрсенің сәйкестігін немесе сәйкессіздігін ғана көрсетіп тұрғанын ұқтырып, соншама күрделі көрінген шетел терминдерінің бірінші жартысы өз тілімізге жақын сөз екендігін білдіріп қана қоймай, сол сияқты терминдердің екінші жартысын да өз тілімізбен атай бастауға жол ашуға шақырушы еді.

546 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз