• Ел мұраты
  • 16 Мамыр, 2016

ЕГЕМЕНДІК – ЕРКІН ЕЛДІҢ МҰРАТЫ

Бақтияр Сманов,
ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі,
Халықаралық Ш. Айтматов академиясының академигі,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Әр  жыл өз ерекшелігімен, өзіне тән жаңалықтарымен назарымызды аударады. Өткен 2015 жылымыз да еліміздің қоғамдық-саяси, рухани-әлеуметтік өмірінде талай-талай дүбірлі оқиғаларымен, ел есінде қаларлық ауқымды іс-шараларымен артта қалды. Олардың ішінде, айталық, Мемлекет басшысын сайлау, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен жүзеге асырыла бастаған Бес институттық реформа мен «100 нақты қадам», Қазақ хандығының 550 жылдығы, еліміз Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы секілді айтулы оқиғаларды атауға болады. 

Бұл, әрине, бір жылда ғана өзіміз куәсі болған жағымды жаңалықтар, егемен еліміздің тарихындағы өмір өткелдері. Мемлекетіміз Тәуелсіздігін жариялағанына биыл 25 жыл толады. Құдай бұйыртса, мұны да атап өтеміз. Жаңа мемлекетіміздің ғұмырының осынау 25 жылында қаншама игі шаралар атқарылды, нешеме жағымды жаңалықтар іске асты. Егемендігімізді жарияладық, төрімізден Елтаңбамыз орын алып, төбемізде көк туымыз желбіреді, Әнұранымыз жаңа екпінмен, тың тыныспен шырқалып жатыр. «Сен не көрсең мен де соны көрмекпін, белді буғам ауырға да жеңілге» (1), – деп Биағаң (Майлин) жырлағандай, ұланғайыр жерімізді жайлаған кең байтақ елімізде сан түрлі ұлттар мен ұлыстардың өкілдері, мемлекет атауына ие болып отырған автохтонды ұлт – қазақ халқымен бейбіт қатар өмір сүруде. 
Тәуелсіздік дегеніміз тәтті қиял емес, ол – мемлекет құраушы ұлттың, сол елді мекендейтін басқа да халықтардың мақсат-мүдделерін қорғайтын қисын-қағидаттары,  мемлекетті басқару инс­титуттары, билік жұмысын асқан кө­ре­гендікпен жүргізе білетін саяси басшылығы бар дербес мемлекет туралы қасиетті ұғым. 25 жыл дегеніңіз тек айтуға ғана оңай. Бұл жас жігіттің ғұмыры секілді көрінгенімен, ширек ғасыр мерзімді алып жатқан терең мазмұнды қайталанбас тарих. Жақсылығы мол өз тарихымыз, өзіміздің жүріп өткен жолымыз. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Әйгілі грек ойшылы Агафон айтқандай, «Өт­кенді Құдайлар да өзгерте алмайды» (2). Осы ретте белгілі поляк қаламгері Бо­гус­лав Войнардың: «Тарих сағаты өзінің сағат жөндеуші шеберін қажет етеді» (3) деген қанатты сөзі еске түседі. Әрине, «Егемен болмай, ел болмас» деп баяғының  халық ақындары жырлағанындай, бұл өз тағдырын өзі шешетін, өзін-өзі билейтін, мемлекет басқарудың екі тізгін, бір шылбырын қолына алған халықтың еркін де тәуелсіз қалпын ежелден аңсағанын танытатын асыл арман болғаны жасырын емес. Мұны Ұлы дала елінің ақын-жырауларының өлең-жырларынан, өмірден өткен қайсар қайраткерлеріміздің бізге мұра етіп қалдырған ұлағатты сөздерінен білеміз. Ол замандар «Арғымақтың тәуірі арбада кеткен, ер жігіттің тәуірі арманда кеткен» кезеңдер болғанын Аяз бидің шапанындай  жадымыздан шығармағанымыз жөн. 
Иә, еліміз Тәуелсіздік алғалы бергі 25 жылда қоғамдық-саяси, әлеуметтік-эконо­микалық, рухани-мәдени өмірімізде қол жеткен табыстарымыз көңіл қуантарлықтай. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан халқымыздың әл-ауқатын көтеруге, тұрмыс-жағдайын жақсартуға бағытталған сан-салалы іс-шаралар, іргелі жобалар мен  маңызды бағ­дар­ламалардың сәтті орындалуы еліміздің абырой-беделін арттырып келеді. Президент Н. Ә. Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты дәстүрлі жаңа Жолдауында елімізде жүзеге асыратын іс-шаралардың басым бағыттарын айқындап, алда тұрған асқаралы жаңа міндеттерді белгілеп берді. Мұнда Елбасымыз осы жүріп өткен кезеңді «Бұл – Тәуелсіздігімізді нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегіміздің ширек ғасырлық белесін қорытындылайтын мерейлі сәт» (4)деп ерекше атап көрсетті. Бұл ретте алдымен айта кететін нәрсе, Ұлт көшбасшысының әр жылдардағы Жолдаулары белгілі бір тарихи конъюнктураға негізделсе, ал, биылғы Жолдаудың маңыздылығы сонда, ол жер жаһанды жайлаған дағдарыс жағдайында сыртқы және ішкі саяси өзгерістер кезіндегі халықтың көкейіндегі «Ел ертеңі не бол­мақ?» деген мәселелерге арналды. Елбасы мұндай аса жауапты сәтте ауызбіршіліктің сақталуы өте маңызды екенін, сондай-ақ барша қоғам ел игілігі  үшін аянбай тер төгуі қажеттігін атап өтті. Ендігі жерде біз «Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін» деген қисын-қағиданы берік ұстанып, қажырлылықпен еңбек етуге тиіспіз. Бұл – сәт сайын құбылған ала­са­пыранға, қазіргі кезеңдегі қыспаққа алған дағдарысқа берер бұлтартпас жауабымыз болу қажет. Мұндайда ең жақсы жоспар – уақыт талабына бейімделе алатын жос­пар. Біз де заманның беталысына қарай межелерімізді белгілеп, жоспарларымызды жолдап отырмыз. Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз – Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету»(5), – деген Мемлекет басшысының жаңа Жолдауындағы  өсу мен реформалардың дамуы қандай бағытта жүзеге асырылуы ке­ректігін  бағамдаймыз. Осынау тарихи мәні маңызды  құжатта жеті басымдық бойынша іс-шаралар  шегелеп жеткізілді. Бұл ретте, әсіресе, Қазақстанда 2017 жылдан бастап «Барша үшін тегін кәсіптік-техникалық білім» беру туралы идеясы қоғамда үлкен серпіліс тудырғанын атап өткен орынды. Өйткені, мұндай жоба ТМД мемлекеттері түгілі, алыс-жақындағы дамыған елдерде де жолға қойылмаған деуге болады. Егер, осы жобаны жүзеге асыратын болсақ, жоғары оқу орындарына түсе алатын жастар енді арнаулы кәсіптік оқу орындарында (колледждерде) өзі қалаған бір кәсіпті  игеріп алуына да мүмкіндік алатын болады. Айталық, электрик, тракторшы, жүргізуші, бетоншы, слесарь, аспаз, токарь, фрезировщик, кірпіш қалаушы, тағы басқа елімізге ауадай қажет мамандар көбейеді. Олар өз кезегінде түрлі салада қызмет етіп, ел экономикасын көтеруге, халықтың тұрмысын жақсартуға қал-қадерінше атсалысады. Президент Н.Ә.Назарбаев өз Жолдауында  «Бізге техникалық кадрлар даярлау барынша қажет. Техникалық және кәсіби білім беру инвестициялық саясаттың негізгі бағыттарының бірі болуы тиіс. Бұл үшін Германия, Канада, Австралия және Сингапур сияқты мемлекеттермен бірге кадрлар дайындау орталықтарын бірлесіп құру керек. Олар бүкіл еліміз үшін техникалық және кәсіби білім беру жүйесінің моделі болады» (6), деп Үкіметке және барлық мемлекеттік құрылымдарға, салалық ұйымдарға нақты тапсырма берді. Бұл жобаның ел экономикасына тигізер пайдасы зор болатыны сөзсіз. Өйткені, біріншіден, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту арқылы біз қоғамда  негізгі адами капиталдың қоры болып табылатын орта таптың, маман-жұмысшылар тобының үлесін арттырамыз. Ал, мұндай буын, арнаулы орта білімді мамандар кез келген мемлекеттегі саяси-экономикалық және қоғамдық-әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі екендігі баршамызға белгілі. Екіншіден, техникалық және кәсіптік білімді дамыту арқылы біз ірі өнеркәсіпті, үлкен өндірісті өрге өрлетіп қана қоймай, экономикамыздың да басқа секторларының ілгерілеуіне жол ашамыз. Соның ішінде медицинаның, агрошаруашылықтың, құрылыс, машина жасау және халыққа қызмет көрсету саласын жаңа мамандармен толықтырамыз. Елі­міздің аграрлық-индустриялық бағыттағы даму үстіндегі мемлекет екенін ескерсек, техникалық және кәсіптік орта білімді ма­мандық иелері бұл сұранысты толығымен атқара алатынына ешқандай  күмән жоқ. Әрине, бұл жерде техникалық және кәсіптік білім беруді қазақстандық нарыққа бейімдеу аса маңызды. Осы орайда айта кету керек, қазіргі қоғамдағы «колледжде алған білім екінші сортты білім» деген жаңсақ ой, жат психологиядан толық арылатын уақыт жетті.  Сондықтан, Елбасы көтеріп жүрген Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы мен еңбек адамы идеяларын нақты мысал ретінде алып, бұл мәселелер кеңінен жарнамалануы тиіс. Ол үшін Ұлы реформатор – Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың жеке өмірбаянын, жанқиярлық еңбек жолын жастарға үлгі етумен қатар, басқа да өнеге боларлық беделді азаматтардың еңбекпен қалыптасқан өсу жолдары туралы арнайы бағдарламалар дайындалып, оны оқу үдерісіне ендіру – кезек күттірмейтін мәселе дер едік. Біз сонда ғана еңбек адамдарына деген шынайы құрметті қайта жандандыруға үлес қосамыз. Үгіт-насихатсыз, жариялы жарнамасыз жұмыс жүргізу бізге қиынға соғады. Өйткені, адамзат дамуының бастауында еңбек тұрғаны белгілі. Дана халқымыз «Адамды адам еткен – еңбек», «Еңбек – ер атандырады», «Еңбегі көптің өнбегі көп» деген секілді мақал-мәтелдерді, еңбекке байланыс­ты қанатты сөздерді, аңыз-әңгімелерді жайдан-жай айтпаған. Осы орайда Елбасы Жолдауының негізгі арқауының бірі – ел тұрғындарының әлеуметтік ахуалын жақсарту  екені бірден байқалады. Әсіресе, ол мүгедектер мен жәрдемақыға өмір сүріп келе жатқан және өзге де әлеуметтік жағдайы нашар жандарға жұмыс орнын ашу қажеттілігіне тоқталды. Бұл не деген сөз? Яғни, ел азаматтары адал еңбек етіп, жалақы тауып, өз тұрмысын жақсартып, лайықты өмір сүретіндей жағдай жасауы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, ысырапшылдыққа жол бермеу, үнемділік, қолда бар ресурстарды тиімді пайдалану – биылғы Жолдаудың негізгі элементі болып табылды. Тағы бір мәселе – 2016 жылдан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысы орташа есеппен 28 пайызға, білім саласы мамандарының жалақысы 29 пайызға, әлеуметтік қорғау саласы мамандарының жалақысы 40 пайызға өсетіндігін жеткізді. Сонымен бірге, мүгедектер мен асыраушысы жоқ адамдарға төленетін әлеуметтік төлемдерді, студенттердің шәкіртақыларын 25 пайызға көтеруді тапсырды. Ал, «Б» корпусына кіретін мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы 30 пайызға өсетіні айтылды. Міне, бұлар мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлықтың бір парасы ғана. 
Президенттің бұл кезекті Жолдауы келесі ширек ғасырлық өмірімізді өркендетуге бағытталған құнды құжат болып табылады. Егер, адам жасымен есептейтін болсақ, бұл жоғарыда атағандай жас жігіттің нағыз толған, толысқан, кемеліне келіп жетілген шағы. Нағыз «қайран жиырма бес» дерлік шақ. Айтып-айтпай не керек, шындығына келгенде біз өте жылдам есею кезеңін бастан өткердік. Осы жылдар ішінде біз жас мемлекет болсақ та, әлемге қалыптасқан, өз бет-бейнесі бар, белгілі де беделді мемлекет болып танылып отырмыз. Бұған біз маңызды әрі сапалы өзгерістермен келдік десек, артық айтқандық емес. Қалыптасқан мемлекет ретінде бүгінде Қазақстанмен барлық ірі державалар, супер мемлекеттер тең құқықты қарым-қатынас жасап келеді. Өйткені, бізді төрткүл әлем жұрты дүниежүзілік қауымдастықта мойындалған әрі жаһандық маңызды бастамаларды көтеріп жүрген аймаңдай ел ретінде таниды. Айтып өтейік, жер шарында кейбір елдер бар, қанша жыл тәуелсіз өмір сүріп жатса да, БҰҰ-да суырылып шығып бастама көтерген не қолдауға ие болған бірде бір игі ісі жоқ. Мәселен, КСРО-ның «атом нүктесі» ретінде саналған Семей полигонындағы ядролық жарылыстардан Қазақстан өз еркімен бас тартты, одан да дәлірек айтатын болсақ, 1991 жылғы 29 тамыз күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» тарихи аса маңызды жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, бүкіл адамзатты үрейлендіріп келген жер бетіндегі «ажал араны» біржола келмеске кетті. Содан кейін БҰҰ 29 тамызды «Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күні» деп белгілеуге шешім қабылдады. Оның бастауында қыран қанатты Қазақстан тұрды. Сөйтіп, Әлем Ұлы дала елінің басшысы – Қазақ Президентін  ядросыз әлем құрудың бас сәулетшісі деп танып отыр. Былтыр, 2015 жылдың 28 қыркүйегінде өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында сөйлеген сөзінде, осы бастама жалғастырылып, барша мемлекеттерге ядролық қарусыз бейбіт әлем құру – бүкіл адамзаттың ХХІ ғасырдағы мақсаты болуы керектігін ұсынды және әлем жұртын осы ұсынысты қолдауға шақырды. Дүниежүзілік қауымдастық Қазақ Президентінің осы бір ауыз сөзіне ден қойып, көңіл тоқтатты. Сөйтіп, 2015 жылдағы 7 желтоқсан күні Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы ұсынған БҰҰ Жалпыға ортақ Ядролық қарусыз әлем жөніндегі бастамасы және Атом энергиясын  бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі бағдарлама халықаралық қоғамдастық тарапынан бірауыздан қолдау тапты. Қалай десеңіз де, бұл Қазақстанның және Қазақ Президентінің әлемдік қауіпсіздікті сақтауға қосқан ерен үлесі, ерекше ерлігі болып табылады. Тағы да қайталап айтуға тура келіп тұр; осы бастамалардың бәрі де Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атымен байланысты екені сөзсіз. Мұны кемеңгер Көшбасшының ядролық қарусыздану бойынша ұсынған ой-пікірлерінің маңыздылығын әлемдік мойындаудың дәлелді көрсеткішіне балауға болады.
Расында да, өткен тарихымызды сараласақ, Елбасы сонау 1993 жылы Қазақстан дамуының басты бағыт-бағдарларын анықтап берген болатын. Ал, 1997 жылы «Қазақстан-2030» Стратегиялық бағдарламасын жасады. Бұл бағдарламада еліміздің тұтастығы, қауіпсіздігі, халықтың әл-ауқаты сияқты өзекті мәселелер жан-жақты ескеріліп еді. Онда Қазақстанның индустриялдық-инновациялық елге айналуы керектігін ерекше атап көрсеткен   мемлекет басшысы бұл мақсат бойынша Қазақстан басқа елдер үшін тек шикізат шығаратын ел болып қана қалмай, дүниежүзіндегі теңдессіз мол жер байлығымызды  өзіміз  өндіріп, өзіміз өңдеп шығаратын іргелі елге айналуымыз қажеттігін қадап айтқан еді. Біз бұл стратегиялық   бағдарламаны мерзімінен бұрын жүзеге асыра алдық. Енді, бүгінгі таңда «Қазақстан-2050» Стратегиялық   бағдарламасын іске асыруға кірісіп кеттік.
Ұлы Дала елі болу, осы Ұлы Далада көк туы желбіреген мәңгілік жасампаз ел орнату идеясы – Қазақстан Президентінің ұлы арманы.  Мұны да, нағыз ұлылық ұстанымынан туған Ұлттық идея деп бағалаған жөн. Елбасы бұл идеяны аспаннан алып отырған жоқ, халықтың әуелден жалғасып келе жатқан ұзақ та байтақ тарихынан алып отыр. Асан қайғы бабамыздың желмаясына мініп шарқ ұрып іздейтін – Жерұйығы қандай жер, қандай ел? Біздіңше, Асан атамыздың Жерұйығы  –  бақытты өмір, баянды тіршілік болса керек. Олай болса, Асан қайғының тұлғалық қасиетінен бүгінгі Елбасымыздың бейнесін айқын көреміз. Ол – тарих толғатып туған ғасырдың кемел тұлғасы, мемлекеттіліктің, ел басқарудың жаңа қазақстандық мектебін қалыптастырған көреген де көрнекті басшысы. Бүгінгі таңда ұлтымыздың абыройына, намысына, киесіне айналған Ұлт көшбасшысымен мақтана аламыз. Жапондар өздерін Күншығыс еліміз десе, қытайлар  өздерін Аспан асты еліміз деп жатады, ал, біз – Ұлы Дала еліміз.  Қазақстан – қазақ  халқының тарихи ата мекені, ежелгі қонысы. Бұған ешкімнің дауы жоқ. Елбасының: «Қазақтың  тарихы өте бай. Қазақтың көп дүниелері атадан балаға ауызекі түрде беріліп келген. Біздің елдігіміз, қазақ жұртымыз арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірлерге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке  келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек. Біз кеше ғана пайда болған халық емеспіз» (7), деген сөзі осыған айқын дәлел бола алады.
«Ішіміз бүтін, бірлігіміз берік болса, ұтылмаймыз. Қазақтың бірлігі – көпұлтты халықтың бірлігі» деген еді Елбасы тағы бір сөзінде. Ендеше, бүгінгі қазақстандықтардың басты бағыты мен ұстанымы бейбіт те шуақты күндерді бағалай отырып, жаңа биіктерге ұмтылу, жаңа мүмкіндіктерді еңсеру болуға тиіс. Сонда ғана Президент айтқандай, «өзін-өзі қамтамасыз ете алатын, азаматтары сауатты да білікті, инновациялық және интеллектуалдық әлеуеті зор, ішкі бірлігі мен берекесі мығым елге айналамыз». Қорыта айтқанда, Тәуелсіздіктің көк туы көкке көтерілген Қазақстанның 25 жыл ішіндегі даму жолы Елбасы саясатының дұрыс екенін дәлелдеді. Қазақ халқы өз тәуелсіздігін сақтауға, қорғауға,  нығайта беруге бекемдігін танытты.  Ал, Президент Қазақстан халқына арналған кезекті Жолдауында қалыптасқан мемлекетіміздің «Мәңгілік Ел» болуы үшін қалай өмір сүруіміз керек, қандай жолмен жүруіміз қажет екенін, қандай іс-әрекеттер жасау керек екенін айқын көрсетіп берді. 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Майлин Б. Кедейге / Бес томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы, 1986 ж. – 46-бет.
2. Агафон / Душенко К.В. Большая книга афоризмов. – Москва:ЭКСМО, 2008.с. – 326.
3. Войнар Б. /Душенко К.В. Большая книга афоризмов. – Москва:ЭКСМО, 2008.с. – 326.
4. Назарбаев Н. Қазақстан жаңа жа­һан­дық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» / Қазақстан халқына арналған Жолдау: «Ақиқат», №1, 2016ж.– 4-бет.
5. Бұл да сонда.
6. Бұл да сонда.
7. Назарбаев Н. Ұлытау төріндегі толғаныс // «Ақиқат», № 9, 2014ж. –         5-бет.

552 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз