• Заманхат
  • 02 Маусым, 2016

Ыбырай Алтынсарин және тәжік-парсы әдебиеті

Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы достық қарым-қатынас, әдеби-мәдени рухани байланыс сонау көне дәуірлерден бері жалғасып келеді. Оны екі елге ортақ ертегі, аңыз әңгімелерден де, батырлық, ғашықтық эпостық жырларымыздан да, толғауларымыз бен өлеңдерімізден де аңғару қиын емес.

1069-1070 жылдары Жүсіп Баласағұни (ХІ ғ.) «Құтты білік» («Құдатұғу білік») дидактикалық поэмасын тудырса, оның бұл ісін жалғастырып Ахмет Иасауи (ХІ-ХІІ ғ.ғ.) «Хикметтер», Ахмет Жүйнеки (ХІІ ғ.) «Қиссас ұл әнбия» (Ақиқат сыйы») кітабын жазған. Олардың дәстүрін жалғастырып Шәкәрім Құдайбердиев Физулидің «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасын, Тұрмағамбет Ізтелеуов Фердаусидің «Шахнама» дастанының сюжетін пайдаланып «Рүстем-Дастан», Мұхамеджан Сералин «Рүстем – Зораб», Жүсіпбек Шайхасламов «Хисса-и-хәзрат-е Юсуф әлейһи-ус-сәләм илан зұлайханның мәселесі», Қ.Байғұлұлы «Қиссас-ұл әнбия», Мәшһүр Жүсіп Көпеев «Гүлшат-Шеризат», Әріп Тәңірбергенов «Зияда-Шахмұрат», Әсет Найманбаев «Ер Шеризат» дастандарын өмірге әкелді. Бұл дастандар нәзира дәстүрімен жазылған, кезінде елімізге кең тараған шығармалар болды. Назира дәстүрі - бір ақынның жазған шығармасын екінші ақын өзінше қайта жырлау. Жазба әдебиеті өкілдері ішінен бұл дәстүрді алғаш бастап берген Абай Құнанбаев пен Ыбырай Алтынсарин болатын. Оны тәжік-қазақ әдебиеті арасындағы байланысты зерттеп жүрген тәжіктің әдебиеттанушы ғалымы, профессор Атахан Сафуллаевтың мына пікірі де растайды: «Қазақтың ағар­тушысы, ақыны және жазушысы Ыбырай Алтынсариннің шығармаларында тәжік пен қазақ әдебиетінің байланысы мейлінше айқын байқалады. Алтынсариннің тәжік-парсы әдебиетінен қаже­тінше пайдаланғандығы оның шығармаларының өнбойынан көрініп жатады. Шығыстық сарын Ыбырай өлеңдері мен хикаяларының үгіт-насихаттық әсерін күшейте түскен» [«Паеми барадари», («Достық жаршысы») – Душанбе, 1972. – 136 б.].
Ы. Алтынсарин өз шығармаларын негізі­нен балаларға білім-тәрбие беріп, ғылым-білімге, өнерге құлшындыру мақсатында жазғаны белгілі. Ұлы ұстаздың «Өсиет өлеңдері» де аты айтып тұрғандай, сол мақсатта жазылған:
...Пайғамбар бұрынғы уақытта
Дәуіт еткен,
Патша боп, бұл дүниеге даңқы
кеткен.
Отыз ұлым бар ғой деп, көптік ойлап,
Құдайым отызын да әлек еткен.
Жылаған Дәуіт патша тоба қылып,
Өзінің пенде екенін сонда біліп.
Мұнан соң Тақ-Сүлеймен туды дейді,
Отыз ұлға бір өзін жора қылып, – десе, жастарды барға мастанып, асып-таспаудан сақтандырып, бұл дүниеде қанша даңқты болсаң да Алла алдында пенде екеніңді ұмытпа деген ақыл-кеңес айтады. Өлең жолдарындағы Дәуіт – даңқты патша Библиядағы Давид, – мұсылман дініндегі Дәуіт пайғамбар, Сүлеймен-Саламон – Давидтің ұлы. Бұлар туралы аңыз-әңгімелер құранда да бар. Олар «Талұт», «Талұт пен Дәуіт», «Дәуіттің адасуы» деген хикаяларда баяндалып, оның адамгершілігі, адалдығы, әділдігі, әр уақыт пайғамбарлық мәртебесін сақтай білетіндігі сөз етіледі. «Шығыс аңыз-әңгімелерінде Сүлеймен патша туралы да көп айтылады. Ол жайында «Рабғузи қиссасында» да бірнеше әңгіме бар. Оларда Сүлейменнің жастығына қарамай ақылдылығы, білімділігі, әкесінің қате билігін түзеткені айтылады [Қыраубаева А. «Ғасырлар мұрасы» - Алматы: Мектеп, 1988. – 35 б.].
Ы.Алтынсарин Құрандағы, Шығыс аңыз-әңгімелеріндегі адамгершілік идеясын балалар санасына сіңіруді көздейді. «Өсиет өлеңдерінде» енді Ескендір жайында әңгімелеп, оның патша болғанын, дүниені жаулағанын, өлмеуді арман етіп мәңгі судан ішкен адам мәңгі өлмейді екен дегенді естіп, мәңгі суды іздеп барғанын баяндайды. Мәңгі судан су алып келуге уәзірі Қыдыр-Ілиясты жұмсайды. Қыдыр Ілияс суға барып, өзі ішіп, патшаға арнап тағы бір кесе су алады. Сонда бір адамға көзі түсіп, одан «Мұнда отырған неткен жансыз, қарасақ келбетіңе мұсылмансыз?» деп жөн сұрайды. «Мен-дағы бір патша едім, еш күмәнсіз», – деп бейтаныс адам әңгімесін былайша жалғастырды:
Өлмеске мен де осындай талап еттім,
Бір күні осы суға келіп жеттім.
Әрбір іс уақытында қызық екен,
Ақыры өз басыма азап еттім.
Бір заман әлек болды барша елім,
Қалмады қыдырмаған ешбір жерім.
Кемдіктің неше түрлі бәрін көріп,
Аһ, енді өлім болса маған дедім.
Дүниені неше айналып, неше кездім,
Өз жаным мен денемнен өзім бездім.
Маған өлім бермеді Құдай-тағала,
Енді тастап дүниені мұнда келдім.
Қыдыр-Ілияс қайтып келіп суды Ескендірге ұсынады. Ол ішейін деп ұмтылғанда су аузына бармай қояды. Оның себебін ақын мына жолдармен жеткізеді:
Тағында Тақ-Сүлеймен не қылмады,
Өмірін соңындағы шағындады.
Наушеруан – діні кәпір, әділ өтті,
Дозаққа соның үшін жағылмады.
Бұзғанбыз әділдікті бұл мал үшін,
Жиясыз оны-дағы бір жан үшін.
Әзәзіл періштенің бастығы екен,
Не болды тәкәппарлық қылғаны үшін?
Аюпты сегіз жылдай мың құрт жеді,
Болыпты бөлек-бөлек соның тәні.
Мал-жанның өре туған бәрі безіп,
Далада жалғыз жатып, «Алла» деді.
Әділетсіз, тәкәппар адам қанша бай болса да жұмаққа бармайды, діні кәпір болса да, әділетті адам дозаққа жағылмайды. Ескендірдің аузына судың бармау себебі осында екен.
Өлеңде кездесетін Қыдыр-Ілияс - Ілияс Хызыр (Илья) пайғамбар. «Шығыс елдері ауыз әдебиетінде киелі адам бейнесінде көрініс табады. Наушеруан – ежелгі дәуірдегі Иран патшасы. Аюп – Айуб (Иов) пайғамбар, Қарынбай – қазақ ертегілері мен аңыздарында кездесетін сараң, қайырымсыз, мейірімсіз бай адамның бейнесі. «Қарынбай мұсылман мифологиясындағы Құрандағы Карун туралы аңызға байланысты қалыптасқан. Құран мазмұнын жақсы білген Ы.Алтынсарин «...ұмытпа бай болдым деп бір Құдайды, жер жұтқан қайырсыздан Қарынбайды» - деп қалыптасқан аңыздың алғашқы нұсқасының мазмұн-мәнін дәл сақтаған. Құранның 28 сүресінде (аятында) Корун қайырымсыздығы, сараңдығы үшін Тәңірі қаһарына ұшырап, оны жер жұтады [Сәтбаева Ш. Алтынсарин өрнектерінің кейбір сырлары. «Ыбырай Алтынсарин тағылымы». – Алматы: «Жазушы», 1991. – 279 б.]. Зылиқа-Жүсіп – кіршіксіз адал махаббат, сұлулық символына айналған Фердаусидің «Иусиф вә Зулайха» дастанының кейіпкерлері. Бұл аңыз Шығыста көп тараған, көп жырланған.
Өлең қазақтың он бір буынды қара өлең үлгісімен жазылған терме. Терме – өнеге, өсиет, ақыл-нақыл, ойлы, тапқыр сөздерді теріп айту. Ыбырай да бұл өлеңінде балаларға үлгі-өнеге, сабақ боларлық аңыз әңгімелердің басын шалып, бірінен соң біріне көшіп, адалдықты ізеттілікті, ізгілікті насихаттайды: «Қорлама кем адамды болсаң дана», «Ұмытпа бай болдым деп бір Құдайды», «Иманды ер Құдайынан ұялады», «Ренжітпе пенде болсаң, бейшараны», «Араз бол, кедей болсаң, ұрлықпенен. Кете бар кессе басың шындықпенен! Қорек тап, бейнеттен де Тәңірің жәрдем, Телмірме бір адамға мұңлықпенен!», «Бір әділ, қазынасы кең патшаңды ізде!», «Мақтанба бақыттымын деп бағыңызға», «Мақтанба сұлумын деп ажарыңа», «Ажар­сыз адамдарды ал назарыңа».
Бос мақтаннан, асып-тасудан, қайы­рым­сыз­дықтан, сабырсыздықтан сақ­тандырады: «Жер жұтқан қайыр­сыздан Қарынбайды», «Іске аспай бақ-дәулетің қалуы оңай, Басыңнан бағың тайған шағыңызда», «Зылиқа, Жүсіппенен сұлу өткен, Тұрмаған ажал ара ажалына», «Бақ тайса ерге дәулет құралмаған», «Ағайын жат болады алыс болса, Болады жат та жақын таныс болса, Достарың, дұшпан түгіл, табалайды, Аяғын бір нәрседен шалыс болса!».
Бұл балалар үшін таптырмас дәріс!
Құранда Ескендір шапағатты, қайы­рымды, ізгі жан. Абай: «Ескендір» поэмасында:
Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?
Македония шаһары оған мекен.
Филипп патша баласы, өр көңілді,
Мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам екен, – деп оның ашкөздігін айтса, Ыбырай да тәкап­парлығын, тойымсыздығын көр­сет­кен. Абай поэмасының да өн-бойында ағартушылық идея, публицистикаға тән үгіт-насихат, өсиет, тәлім-тәрбие жатыр. Ол бірде:
Мықтымын деп мақтанба, ақыл білсең,
Мықты болсаң, өзіңнің нәпсіңді жең.
Іші тар, көре алмастың біреуі – сен,
Ондай кісі бұл жерге келмейді тең, – десе, поэманың соңғы шумақтарында оқушысына:
...Қарның тойса, қайғырма мақтан үшін,
Тоймас көзің тояр деп қайғы жеме.
Қу өмір жолдас болмас, әлі-ақ өтер,
Өз күлкіңе өзің қарық болма бекер!
Ұятың мен арыңды малға сатып,
Ұятсызда иман жоқ, түпке жетер.
Мақтанасың біруге мақтасын деп,
Шауажайымнан еш адам қақпасын деп.
Сен кеткен соң артыңнан күліп қалар,
Антұрғаннан құдайым сақтасын деп.
Ақылсыз өзін мақтап былжырайды,
Бойына өлшеп сөйлесең, не құрайды?
Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді,
Өз бағыңды өзіңнен кім сұрайды?! – деген ақыл-кеңес айтады. Фирдауси «Шахмасында» Ескендірдің біздің эрадан бұрын 110-335 жылдар аралығында Иранда шах­тық құрған Дараптың (Дарий үшінші Кодоманның) баласы десе, Низами «Ескендір намасында» Филикустың (Филипптің) баласы етіп көрсетеді. Ескендірдің әкесі Абайдың Ескендір поэмасында да Филипп деп алын­ған. М.Әуезов бұл поэманың Низамидің «Ес­кендір» намасындағы аңыз әңгімелердің сюжет­терінен алынып жазылғанын, Абай аңызды өмір шындығына жақындатып, реалистік стильге бұрып, Александр Македонский жайына қарай бейімдегенін айта келіп: «Және де тарихтық дәл деректер бойынша, ертегілік Хызырдың орнына Ескендірдің тәрбиешісі болған философ Аристотель кіреді. Сөйтіп, адамдары мен олар арасындағы мінез-қатынастарға Абай тарихи шындықты негізгі арқау етеді [Әуезов М. Абай Құнанбаев. – Алматы: Қазақ ССР-нің «Ғылым» баспасы, 1967, - 180 б.],- дейді.
Ыбырай мен Абайдың шығарма со­ңында айтқан уағыздары да бір-бірімен маз­мұндас, ұқсас. Екеуі бір-бірімен кездесіп, сөйлеспеген, шығармаларымен де таныс емес Ыбырай мен Абайдың Ескендір туралы жырларындағы ой-пікірлерінің бір жерден шығып, тоғысуы таң қалдырады.
Ыбырайдың «Өсиет өлеңдерінен» бірінші­ден, ақынның ізденпаздығын, білімпаз­ды­ғын, екіншіден, араб, Шығыс классикалық әдебиетімен таныс болғанын, араб тілін білгенін, Құранды да оқып, зерттегенін, үшін­шіден, ислам дінін ардақтап, оның идея­ларын насихаттағанын, төртіншіден, оның шығыстың нәзира дәстүрін қазақ жазба әдебиетінде алғаш қолданған ақын екендігін байқаймыз.
Лұқман – шығыс әдебиетінде жиі кездесетін данышпан адам бейнесі. Яғни, Лұқман – араб тілінде данышпан деген сөз. Бұл данышпан кісі жайында ислам діні шыққанша арабтарда да аңыз әңгімелер көп болыпты. «Қисас-и Рабғузи» («Рабғузи қиссалары») кітабында Лұқман туралы хикаяттар Лұқман Хакім деген атпен беріледі. Бұл шығарма 1310 жылы жазылған, авторы - Бур­ханеддинұлы қазы Несреддин. Ы. Алтынсарин «Лұқпан әкім» әңгімесін өзінің ағартушылық көзқарасына бейімдеп, дүмше молдалардың ғылым-білімге ұмтылған жас­тарға қарсылығын сынай баяндайды: Со­пысымақтың «Сіздің ауруға ем етуіңіз күнә» деген сөзіне жауап берген Лұқпан оған: «Қашан да бір істі істегіңіз келсе, ол іске әуелі ақылыңызды, онан соң көзіңізді жұмсаңыз, сонан соң ақылыңыз дұрыстаса, көзіңіз көріп, жөнін танып, мақұл көрсе, тіліңіз бен қолыңызға сонда ерік беріңіз» деген ақыл айтып, «Бір шөпті у етіп жаратты, екінші шөпті оған басытқы етіп жаратты; бұларды да танып, бұйрықты орнына жұмсамасақ – күнәлі боласың, тиісті пайдалы орнына жұмсаудан обал болмаса керек» дейді.
Бұл сөздер де балаларға үлгі-өнеге, өсиет.
Ы.Алтынсариннің тәжік-парсы әдебиеті­мен байланысы жайында тәжікстандық әде­биет­танушы ғалым, филология ғылымда­рының докторы, профессор Абдусаттар Нұ­­ралиев «ХІХ және ХХ ғасырлардағы тә­жік-қазақ мәдени-әдеби байланысы» атты монографиясында: «Тәжік фольклорын зерттеушілер Көрғұлы жайлы аңыз түрік халықтарының творчествосынан дамыған шығарма» деп санайды. Ал, оның тәжікше варианты Орта Азия халықтарының достығы мен өзара шығармашылық байла­ныстарының нәтижесі болып саналады.
ХІХ ғасырдың орта шенінде пайда болған Көрғұлы қиссасының қазақша варианты қазақ халқының төл туындысына жақын келеді. Олай дейтініміз, Шоқан Уалиханов пен Ыбырай Алтынсарин заманында Көрғұлы қазақтар арасында кең тараған болатын. Шоқан Уалиханов ол қиссаның кейбір үзінділерін өз қолымен жазса, Ыбырай Алтынсарин өз өлеңдеріне Көрғұлының ұлы Әуезге жазған нақыл сөздерін пайдаланған еді» [34 б.], – десе, енді бірде: «Атақты «Шах­нама» сюжеттері қазақ ауыз әде­биеті ғана емес, жазба әдебиетінде де кең тараған. Әсіресе, А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин шығармаларында Шахна­менің негізгі кейіпкерлері – Жәмшид, Ескендір, Анушерван, Рүстем, Бахрам ж.б есімдері ерекше бір құрметпен аталады. Бұл тектен тек емес. ХІХ және ХХ ғасырлардағы қазақ ауыз әдебиетін зерт­теудің нәтижесі, аудармашылардың бұл кейіпкерлердің ерліктерін, қоғамдық ойды қалыптастыруға пайдаланғандарын көрсетеді. Гуманизмнің ұлы идеялары, шынайы патриотизм, Отанды шақырусыз келген жаудан қорғау сол кездегі қазақ халқының рухына өте жақын болатын. Сондықтан да, «Шахнаме» сюжеттері қазақ халқының «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр», «Ер тарғын» сияқты батырлық жырларынан орын алған және оларды қай жағынан болса да жақсартып, жаңа биікке көтеруге әсерін тигізгені көрініп-ақ тұр. «Шахнаме» қазақ оқушылары үшін сонысымен де құнды» деген пікір айтады [«Таджикско-казахские культурно-литературные связи ХІХ и ХХ в.в.». Душанбе «Сурушан», 2001. стр. 86-87].
Тәжік совет энциклопедиясының 8-ші томында Қазақстанға арналған мақалада Ал­тын­сариннің де есімі аталыпты. Мақалада, Ал­тынсариннің ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы ағартушылық қызметі, қазақ мектептері үшін жазған оқулықтары, шығар­машылық өнері және оның тәжік-парсы классикалық әдебиетін жақсы білетіндігі туралы қысқаша мәлімет берілген («Энциклопедиян советии тожик». – Душанбе, 1976. -268 бет). Тәжікстанда жарық көрген «Тәжік әдебиеті мен өнерінің энциклопедиясында» да Алтынсариннің есімі құрметпен аталады. Осы кітаптағы тәжік-қазақ әдеби байланыс­тары туралы арнайы мақалада: «Қазақтың ағартушы демократ ақыны, жазушысы әрі дарынды педагогі Ыбырай Алтынсариннің бүкіл әдеби және ғылыми мұрасында көркем аударма ерекше орын алатындығы әмбеге аян. Оның аудармалары арқылы қазақ халқы шығыстың, орыстың демократияшыл ой-пікірімен таныса бастаған. Алтынсарин өзінің оқулық ретінде арнайы жазылған хрестоматиясында қазақ әдебиетіндегі көркем шығармалардан үзінділер келтірумен қатар тәжіктің классикалық әдебиетінен өзі аударған өлең, хикаяларды да ендірген. Ескендір, Атымтай, Лұқпан сияқты образдарды өзінің адамгершілік, ағартушылық ой-пікірін уағыздау үшін орынды пайдаланған» [Нұралиев А. Ыбырай Алтынсарин. «Энциклопедиян Адабиет» ва сангати тожик. – Душанбе, 2004, 24 бет], – деп жазылған.

Серікбай Оспанұлы, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры
Күлзада Мырзағалиева,
ф.ғ.к., доцент.

783 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз