• Тарих толқынында
  • 02 Маусым, 2016

Шұқыройдың қос батыры

Суннатулла Қыдырбаев, дәрігер

Жалыны жарты әлемді шарлаған, біз Ұлы Отан соғысы деп ат қойып, айдар таққан екінші дүниежүзілік соғыстың жаңғырығы әлі талай ғасырларға жетсе керек. Өйткені, дүние жүзі тарихында 40 миллионнан астам адамның басын жалмаған қан-қасап болған емес. Бұл соғыс жайлы қаншадан-қанша кітаптар жазылды, кинофильмдер түсірілді, әндер шықты. Біз сол туындылардағы ақи­қатты  көкейімізге тоқып өстік. Майдан даласынан бірі сау,  бірі мүгедек болып оралған, бейбіт өмірде ерен еңбектің жарқын үлгісін көрсетіп, соғыс жылдарында тұралап қалған халық шаруашылығын тіктеген, ел экономикасын әлемді таңдай қақтырарлық деңгейге көтеріп, ғылымда, өнерде асқақ шыңдарды бағындырған ардагерлердің естеліктері бойымызда патриоттық рухты тәрбиеледі.


1985 жылғы елдегі  саяси  өзгерістерден соңғы дәуірде бұл соғыс туралы әралуан пікір­лер, шындықтар айтыла бастады. Көптеген елдер Жеңіс күнін ресми түрде мерекелеуден бас тартып, ұрпақ санасынан Ұлы Отан соғысы деген ұғымды  алып тастаудың қамына кірісті. Көпшілігі бұл мақсатына кірісті де. Тек Қазақстан ғана өз ұстанымын өзгерткен  жоқ. Бір жағынан бұл дұрыс та шығар, себебі, ел басынан кешкен тарихи шындықты өзгерту мүмкін емес қой. Кезінде күн  көсем деп дәріптелген В.И.Лениннің К.Маркс пен Ф.Энгельс негізін қалаған коммунистік идеяны дамытуын, жетілдіріп, Ұлы Қазан төңкерісі нәтижесінде орнаған, 70 жыл өмір сүрген Кеңестер Одағының құрамында болуымыз-бұл қазақ халқының тарихи тағдыры. Ақындарымыз « Советтік менің өз елім» жырлаған СССР-дің ортақ Отанымыз болғанын қалай бүгінгі ұрпақтан жасырарсың,  қалайша сол мемлекеттің еңсе тіктеп, алып әлемдік державаға айналу жолында тер төккен бабалардың еңбегін қалай жоққа шығарарсың!

Шұқыройдың қос  батыры


Жерлестеріміз соғыс майдандарында көрсет­­кен ерліктері жайлы да басып айтуға болады.
«Жел болмаса, шөптің басы қимыл­дамайды» дейтін тәмсілдегі шындықты мойындамауға да қақымыз жоқ. Атағы шаршы әлемге тарап, аңызға айналған, қазақтың ғана қаламгерлері емес, орыстың Александр Бек сынды атақты жазушысы ерліктері туралы тамсана жазған Бауыржан Момышұлы атамыздың неге Совет Одағының Батыры атағын алмағандығы туралы ой талай сұрақты санамызда туындатқаны рас.Мәскеуді қорғап қалған, даңқты генерал, Совет Одағының батыры И.В.Панфилов басқарған № 8 гвардиялық дивизиясының  батальон, полк командирі, кейіннен № 9 гвардиялық дивизия командирі болған атамыздың неге полковник шенінен әрі аса алмағандығы  ойландырмауы мүмкін емес қой. Осындай ойлар жетегінде жүріп, есімдері бала жастан ата-аналарымыздың айтуымен құлақтарымызға сіңісті болып қалған екі батыр туралы осындай ойлар мазалап жүретін. Адамзат ақыл-ойының жемісі, бүгінгі компьютерлік технология бұрын білмеген көптеген тың мәліметтер ғаламтордан алуға мүмкіндік беріп отыр ғой.Мұндай мүмкіндіктің туындауында Ұлы Отан соғысы майдандарындағы шындықтың қайта тіктелуіне, құжаттар база­сының жинақталуына бүгінгі Ресей мемлекетінің қосып отырған зор үлесі бар.
Совет Одағының Батыры атағын алуға бір қадам жерде тұрған жерлестеріміз Омар Қа­лыбеков және атақты мерген ( снайпер) Балтайбай Өсербаев туралы шынайы шындыққа осылайша қол жеткіздім. Алдымен, Омар Қалы­бековтың ерліктеріне тоқталайық.
Қолымда № 821 артиллериялық полктің коман­дирі Маликиннің ұсыныс  хаты тұр. Онда  мынадай сөздер жазылған.
«1944 жылдың 21 маусымында сержант  Қалыбековке өз зеңбірегінен жаудың аса қауіп тудырып тұрған ДЗОТ-ын жойып жіберу туралы бұйрық берілген. Жаудың жиі минометтік шабуылына, өте жақын жерде миналардың жарылып жатуына қарамастан, бастарына төнген қауіп-қатерді елеместен сержант Қа­лыбеков жауынгердерді бұйрықты орындауға жұмылдыра білді. Жау ДЗОТ-ын көздеп, жойып жібергенге дейін әрекетін тоқтатпады. Нәтижесінде әскери тапсырманы орындады. Оның көздеп отқан 44 снарядының 38-і көздеген нысанға дәл тиген.Сержант Калыбеков «Қызыл жұлдыз» орденімен наградталуға лайықты.
Сонымен бірге, №289 артиллериялық ат­қыштар дивизиясының командирі, полковник Маркин бұл ұсыныс бойынша О. Қалы­бековты үшінші дәрежелі Данқ орденімен наградтау туралы  өзгерту жөніндегі шешімі де тұр. Ал, № 821 артиллериялық полк командирі Маликиннің тағы бір ұсыныс хатында былай делінген.1 тамыз айында кенеттен болған жау шабуыдында 3-ші дивизионның тыл жағынан қоршау қаупі төнгенде, сержант Қалыбеков Омар қол пулеметін ала жүгіріп,  фашистерге қарсы оқ жаудырған. Фашистердің шабуылын тойтарғанша оқ жаудырып, аяғының жарақатына қарамаған. Осы ерлігі үшін ІІ дәрежелі « Данқ» орденімен марапатталған. Сонымен,  Омар атамыз алдымен ІІІ дәрежелі, одан кейінгі ерліктері үшін ІІ дәрежелі Данқ орденін де алған.  І дәрежелі Данқ орденін алу жөніндегі ұсыныс та  кедергіге душар болған.Атамыз «мен Данқ  орденінің  І дәрежесіне  ұсынылдым, бірақ командование  бермей  қойды» – деп  өле талай  айтқан. Егер, осы орденнің үш дәрежесін толық алғанда. Атамыз Совет Одағының Батыры болып есептелері айдан-анық ақиқат. Мұнан соң атамыз жас кезінде тік бойлы, қою қаракөзді, қалың  қасты  әсем жігіт болған. 1945 жылғы 24 тамызда болған  Қызыл Алаңдағы Жеңіс Парадына  қатысқан аз ғана қазақтардың бірі. Бұл деректердің бәрін РФ-сы Қорғаныс министрлігінің «Подвиг Народа» деген сайтынан тауып алынды.
Енді, Балтабай Өсербаевқа келейік.1941-1944 жылдар аралығында Отанды қорғау жо­лында қаза тапқан жауынгерлер туралы мәліметтер  базасында  Балтабай  Өсербаевтың есімі із-түссіз  жоғалғандардың қатарында тұр. «Ешкім және ешнәре ұмытылмайды»деген  тәмсіл болды ғой соғыстан соңғы жылдарда.Сол айтпақшы, мәліметтер базасына Балтабай атамыздың жауынгерлік ерліктері туралы да мәлімет таптық. Бұған 1941-1945 жылдар аралығындағы совет снайперлері деген базаға қарасаңыз көз жеткізесіз. Сонда, Балтабай Өсербаев Карелия фронтында  өз винтовкасынан 56 фашистің көзін жойды деген жазу тұр. Осы санның шындығына да күмән келтіруге болады. Іс-түссіз жоғалып кетті деген Балтабай атамыз елге аман-есен оралған.Талай әңгімелерін де тыңдағанбыз.
Өзгелердің автоматы не басқа жауынгерлік қаруымен қанша жауды өлтіргені белгісіз болуы мүмкін. Бірақ, снайперлер жайлы бұлай айту қиын. Себебі, олар дәл көздеп, өлтірген адамдарының санын өздері анық біледі. Балтабай атамыз да әңгіме арасында «Менің мылтығымда 70-тен астам адамның қаны бар. Алла-тағала өзі кеше гөрсін» деп отыратын. Қаншалықты рас-өтірігін кім білсін, егер, снайпер 100-ден астам фашистің көзін жойса, оған міндетті түрде Совет Одағының Батыры атағы берілуі керек екендігі туралы әңгімелерді құлағымыз шалып қалады. Соған қарағанда, Балтабай атамыздың да көрсеткіші әдейі кемітіліп жазылып, шындыққа қиянат жасалмады ма екен деп ойлайсың кейде.
Соғыстың  алдында, 1939 жылы екі  атамызда  кішкене  ғана  Шұқырой  ауылынан  әскерге  бірге  аттанып, Карелия  майданында  бір  әскери  бөлімде  қызмет  еткен. Соғыстан  соң   елге  аман-есен  оралып, колхоздың  шаруашылықтарында  түрлі  қарапайым  қызмет  атқарған. Менің  соғыс  майданында мынадай  ерліктерім   неге  еленбейді  деп  кеуде  соқпады, үкіметтен  ештеңе  сұрамады да. Нағыз  батырлар осындай  болмаушыма  еді. «Өткір кездік қын түбінде жатпайды» демекші, уақыт өте шындықтың беті ашылып, жерлес батырларымыздың ерлігі өз деңгейінде бағаланар деген үмітіміз де жоқ емес.

358 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз