• Ел мұраты
  • 02 Маусым, 2016

КӨРІПКЕЛДІКТІҢ ҚҰДІРЕТІ МЕН ҚАСІРЕТІ

Ахмет ӨМІРЗАҚ,
ақын, Төлеген Айбергенов 
атындағы сыйлықтың иегері

 

Әр заманда туылып, әртүрлі қоғамда өмір сүріп, әр тілде жазса да Ақындар қауымының бойындағы жұмбақ бір қасиет оларға бірдей сипат беріп, бір кеңістік аясында қарауға мәжбүр ететіні бар, кейде. Себебі, кездейсоқтық деген ұғымның өзі белгілі бір заңдылыққа бағынатынын ескерсек – ешбір оқиға өздігінен өрістеп және жиі қайталанып құбылысқа айналмайды.

Мысалы, талантты ақындардың дені өмірден ерте кететіні немесе тағдырларының өте қиын болатыны тегін емес. Шындықты ашып айту, ақиқатқа тура қарау – қашанда ақындардың қара басына қатер төндіріп, өмірден ерте кетуге итермелеген. Солай да болса, нағыз ақын ретінде тарихта калған қайсар жандардың бәрі де көзі көрген шындықты жырлап, жүрегі сезген ақиқатты айтудан қаймықпай – туралықты ұстанған. Қатыгез патшалардың, «Екі дүние сыяр маған, Мен дүниеге сыймаспын» деп ас­қақ жырлаған  әзірбайжанның ақыны Има­деддин Нәсимидің (1370-1417) терісін тірілей сылып, тәжіктің ұлы шайыры Әбілхасан Рудакидің (860-941) екі көзін ойып алуға дейін жазалауы да сол – жанынан қорықпай, дұрыстық жағында тайсалмай тұрғандығынан дерек береді. Осындай жеке-дара қасиеті, бөлекше болмысына қарап халық ақындарды ерте кезден әділеттің жақтасы ретінде танып, Әулие санаған. Сондықтан, Әулие қалып – ақындарға тән жаратылыс десек, қателеспейміз.
Парсы әдебиетінің ірі өкілі, шығармалары бүкіл әлемге кең танымал ақын, философ, астроном және математик Омар Һәйям (1048-1122) өз өмірін толықтай әдебиетке арнамаса да дүние, жаратылыс туралы ойларын рубаиға (парсы әдебиетіндегі төрт жолдан тұратын өлең пішіні) айналдырып, бір жапырақ қағазға, ғылыми еңбектерінің ашық тұстарына жазып тастай берген.
Қинама өзіңді-өзің өлермен боп,
Жазмыштан артып ешкім көгерген  жоқ.
Әзелден азды-көпті сыбағаң бар,
Жетер сол, көпті тауып кенелген жоқ,
– деп, адам жанын рухани тазалыққа үн­деген Омар Һәйям артында төрт жүздей рубаи қалдырған. Сонау, Персиядағы Нишапурда дүниеге келген ол, білім іздеп кеп Самарқанда төрт жыл, Бұқарада он жыл тұрып, жаратылыстану ғылымдарымен шұғылданып, көптеген еңбектер жазған. Алайда, әлемге Ақын ретінде танылған  оның да алдын болжай білетін қабілетке ие екендігін замандастары айтып кеткен әңгімелерден байқауға болады. Бірде Омар Һәйям досы Низами Арузимен әңгімелесіп отырып, өзі дүниеден өткен соң денесі «жылына екі рет гүл шашып тұратын жерге қойылатындығын» айтады. Сол кезде оған мән бере қоймаған Арузи арадан жиырма үш жыл өткенде, Омар Һәйям дүние салғанда басына барып, құран оқығанда – ақын қабірі, өзі тірісінде болжағандай, Нишапурдағы гүлмен көмкерілген миуалы бақтың іргесінде орналасқанын көреді.
Түріктің ұлы ақыны Юнус Эмре (1240-1320) нағыз әлемдік дәрежедегі ұлы ақын­дардың бірі саналатын өнер иесі.
Көкіректі кеңдей қылып кермедім,
Көр-лақатқа көмілем деп келмедім.
Құдіретті құдайменен дос болып,
Көңілдерді көтеруге келгенмін,
– деп өзінің ақындық миссиясын ашып айтқан құдіретті дарын, шын мәнінде, «гуманизм» идеясының негізін еуропалықтардан екі ғасыр бұрын қалап, «ағарту» мәселесін бес ғасыр бұрын көтерген ғұлама ойшыл. Түркінің сан ғасырлық бай тәжірибесі бар ауызекі және жазба тілінің көркемдік құдіретін бойына терең сіңірген оның жырлары – Аллаға және оның шапағатынан жаралған адамзатқа деген мөлдір тұнық махаббатымен ерекшеленеді. Осындай тағылымды тағдыр иесінің әулиеліктен құр алақан болуы мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес!
Жалпы, үш мыңнан астам өлең жазған Юнус Эмренің мол мұрасынан бұл заманға жеткені – мыңға жуық өлеңі ғана. Соның жойылып кетуден қалай аман қалғаны туралы мынадай бір аңыз бар: Бүкіл әлемді жүрегіне қондырып, жаратылысқа періште көңіл­мен қарайтын ақын дүниеден өткесін жырларынан ләззат алған халық Оны «әулие» атандырып жіберсе керек. Халықтың өз перзентіне деген осынша биік құрметінің сырын түсінбеген Молла Қасым деген кісі Юнус Эмренің әулиелігін өзінше сынап көрмекші боп оның үш мың өлеңін жинап алыпты да, мың өлеңін жыртып аспанға шашыпты: «әулие болса  құстар таратсын әлемге» деп; тағы бір мыңын жыртып суға шашыпты: «әулие болса балықтар таратсын халыққа» деп. Қалған мың өлеңді жыртпақшы боп  жатқанда, кенет ойланып, «осының не жазғанын оқып көрейінші» деп ең соңғы өлеңнің соңғы шумағына үңілсе: «Бізді бір күн Молла Қасым өткізеді сынақтан» деп жазылған екен. Мұны көріп селк еткен Молла Қасым қалған мың өлеңді жою ниетінен қайтып, ақынның көріпкелдігіне бас иіпті дейді. Юнус Эмренің мың өлеңі жойылудан аман қалып, осы күнге солай жеткен екен.
Өз топырағымыздан шыққан, бүкіл ұлттық поэзиямыздың асқақ шыңы, өлеңінің әр жолынан шақылдаған құрыштай от шашырап тұратын жауынгер жырау Махамбет Өтемісұлының (1803-1846) ғұмырының келте болуына себеп болған жағдай «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп өскен шыншыл ердің өзінен күштіге бас имей – шындықты бетке айтудан жасқанбауы! Бұл, әрине, тегін емес, ажалы түбінде елі үшін бас тіккен жолда боларын Ер Махамбеттің жүрегі сезген болса керек. Ол бір өлеңінде:
Арғымаққа оқ тиді,
Қыл мықынның түбінен.
Ер жігітке оқ тиді,
Ауыз омыртқа түбінен.
Жантайып жатып көп іштім,
Жаздықтың шалшық көлінен.
Қайтейін енді дүние-ай,
Жағдайсыз кетіп  барамын,
Қасымда көмектің кемінен, – деп торықса, келесі бір жырында:
Мен – ақсұңқардан туған құмаймын,
Бір сұңқарға жұбаймын.
Сауырыма қамшы тигізіп,
Шаппай неғып шыдайын?!
Түбін қазған мен – мен бәйтерек,
Толқуменен құлаймын,
– деп, өмі­рінің соңы шарасыздық, қиындықпен бітетінін тұспалдайды. Тумысынан өр мінезді, өкініштің күйігі жанын жесе де күйректікке салынбаған Махамбет ақын  өз ажалын неден боларын ашық жырламаса да, әлгіндей жырларынан сондай сырдың салқынын байқауға болады. Ақын туралы бір аңыз былай дейді:
Өлерінен аз ғана бұрын Махамбет түсінде «өз басының өзімен қоштасып тұрғанын» көріп, «басым денемнен бөлек жатпаса болар еді...» деп айтқан екен. Расында, Махамбетті өлтірген жендеттер оның басын кесіп әкетеді. Алайда, батыр-ақынның жанашыр жоқтаушылары оның басын дұшпандарынан ұрлап әкетіп, қаскөйлер қайта мазалап жүрмеуі үшін, денесінің аяқ жағына жерлейді.

***
«Жүйрікте де жүйрік бар – Қазанат жөні бір басқа, Жігітте де жігіт бар – азамат жөні бір басқа» демекші, ақынның да ақыны бар. Кейбірінің сөзі заман ауысып, дәуір өзгергенде қоқыстан бір-ақ шықса, енді біреулері өзі өмір сүріп отырған қоғамға үкім айтып, келер заманға батыл болжам жасайды. Тіпті, кейбірінің өз өмірі жайлы сәуегейлік жасап, онысы кейін өмірде айна-қатесіз көрініс беріп жатады. Ақындар кейде шабыттың шамырқантып, ширатып отырған сәттерінде туған өлендерінде кесек-кесек ойлар айтып, өзге түгіл өзі туралы кісі шошырлық болжамдар айтып, шығандап кеткенде жүрегі бірдеңені сезетін болса керек. Бұндай жағдай орыс поэзиясының талантты ақындарының өмірінде жиі ұшырасады екен. Жалған дүниеде 27 жыл ғана өмір сүрген Михаил Лермонтовтың (1814-1841) «Мен ерте бастадым, тынам ерте...» деп ерте қауіп ойлауы; «35 жасымда өмірден өтетін шығар­мын» деп Николай Гумилевтің (1886-1921) өз түсін дұрыс жоруы; басына күн өтіп қайтыс болған Андрей Белыйдың (1880-1934) өлмесінен көп бұрын (1907 ж.) жазған бір жырында «Алтын сәулеге сенуші ең, күн жебесінен мерт болдың»  деуі, Николай Рубцовтың (1936-1971) «Қызыл шұнақ аязда өлермін мен» деп жазып, өзінің дүниеден кетер мезгілін дәл болжауы – талантты ақындардың қай-қайсысы да сәуегейліктен құр алақан еместігін көрсетсе керек.
Ал, енді кейбір ақындардың жырдағы оқыс болжамы өзінің көзі тірісінде шындыққа айналып жатса не деуге болады?
Өзбек елінің талантты ақындарының бірі, кезінде Ислам Каримовпен бірге Өзбекстан Республикасы президенттігіне сайлауға түскен Мұхаммед Салық (Салай Мадаминов, 1949 ж.т.) сонау 80-жылдарда жазған бір өлеңінде «Басқа түссе – Отансыз да өмір сүру мүмкін ғой...» деген екен. Міне, құдай аузына салған сол сөз ақынның өз өміріне айқын әсер етіп, саяси көзқарасы үшің елінен қуылған ол – 20 жылдан бері шетелде өмір сүріп жатыр...

***
Арғы дәуірдегі қазақ ақындарында да өзінің дүниеден өтетіні туралы күнілгері болжам айтып кеткендері жетерлік. Тіпті, кейбірі өз ажалын  шабыт берер мифологиялық бейнелермен байланыстыратыны бар. Ақын Жамбыл Жабаев  (1846-1945) өлерінен аз ғана бұрын, «шабыттанған шағында көзіне көрінетін қызыл жолбарысының» шақырғанына қайрылмай кеткенін көріп, өзінің ұзамай дүние салатынын айтқан екен дейді.
Қазақтың атақты ақыны Кемпірбай Бөгембайұлы (1834-1895) ауырып жатқанда оған қазақтың тағы бір белгілі ақыны Әсет Найманбайұлы (1867-1923) алыстан ат арытып барып, ағасының хал-жағдайын өлеңмен сұрағанда, Кемпірбай:
Әсетжан, осы аурудан өлем білем,
Алланың салғанына көнем білем.
Кеудемнен көгала үйрек «қош» деп   ұшты,
Сол шіркін, кәрі жолдас – өлең білем.
Басымда отырды өксіп қимай тоқтап,
Кете алмай бөтен жаққа айналсоқтап.
«Серігім қош-аман бол, Кемпірбай» дей   келіп,
Жылады бұрынғы өткен күнді жоқтап.
Әсетжан, осы ауру қоймас білем,
Алланың әмірі екі болмас білем.
Қамығып «қош» деп жылап ұшып кетті,
Осы өлең Серкебайға қонбас білем, – деп,
өлеңмен жауап берген екен.
Осы бір ауыз өлеңмен Кемпірбай талай нәрсені анық болжағаны айқын көрі­ніп тұр. «Көгала үйрек» – ақынға өлең боп қонған киенің иесі, оның «қош» деп ұшуы – құдіретті өлең сөздің ақынмен қоштасуы. Өлеңсіз ақын өмір сүре алар ма? «Осы өлең Серкебайға қонбас білем» деуі ақындықтың ұрпағына дарымай, өзімен кететінін де білгендік…

***
XX ғасырдың бірінші жартысында ғұмыр кешкен қазақтың аса дарынды ақындарында өлім туралы күйреуік (пессимистік) сарын­дағы өлеңдер біршама көп. Аласапыран дәуірде өмір сүрген өнер иелерінің құбылып соққан замана желінен көңілі қалып, олардың жырларында бір сәт торығу мен үмітсіздік сезімдерінің басып кетуі, бір жағынан заңды құбылыс еді.
Қазақ поэзиясының шолпан жұлдызы Мағжан Жұмабаев (1893-1938) «Ақында адамзаттан дос болмайды, Жалғыз-ақ  сырын сөйлер қаламына» деп күңіреніп, «Өлім күйі тәтті күй; Балқиды жаным бұл күйге. Мені де өлім, әлдиле; Әлдиле, өлім, әлдиле...» деп қасіреттің күйін шертсе, елінің ендігі болашағы «Қазан төңкерісі әкелген жаңа заманда» деп сенген төңкерісшіл ақын Сәкен Сейфуллиннің (1894-1938) өзі сентиментализмге толы «Ақсақ киік» атты ұзақ жыры мен символикалық астары қалың «Аққудың айырылуы» атты поэмасын жазуы – олардың сезімтал жүректері жақындап келе жатқан бір қауіпті аңғарғандығын білдірсе керек... Ал, солардың тұстасы, өмірден қыршын кеткен Бернияз Күлеев (1899-1923) поэзия әлеміне бөлекше екпін, соны сарынмен келген талантты ақын еді. Ақтөбе аймағында дүниеге келген ол, Орынбор қаласында оқып, Торғай өңірінде кеңес жұмысында болып, сол тұста шығып тұрған «Қазақ мұңы», «Ұшқын» газеттерінде қызмет атқарады. Одан соңғы жылдарда Қазан қаласында тұрып, Қазақ Республикасының халық ағарту комиссариатының тапсырмасымен қазақ кітаптарын бастыру, тарату істерін басқарады. 1923 жылдың  29 қаңтары күні сүйіктісі – татар аруымен құшақтасып тұрған күйі арқасына мыл­тықты тіреп қойып атып (оқ екеуін де бірдей тесіп өткен), жан тапсырады. Ол қайтыс болғанда Мағжан Жұмабаев қыршын кеткен аяулы ақын інісінің өмірінен біршама толық дерек берерлік қазанама жазып, онда:
«А деп бұл қалам ұстап шыққанда оянған үмітіміз біржола бекіп еді. Бернияз­дың әдебиетіміздің берік бір бағанасы болуына сеніп едік.
Бағытты бір қылып, таспиқ боп тізіліп келе жатқан аз ғана жазушыларымыздың қатарына жас Бернияз да келіп тізіліп еді. Бірақ, не лаж, таспиқтан сол тас үзіліп түсті» деп өкініш білдіреді. Оның артында қалған мұрасына (көптеген өлеңдер мен үш поэма және Пушкин, Лермонтов т.б. аудармалары) қарап отырып, Берниязды да өзінің өмірден жас кететінін байқағандығын болжауға болады. «Бүгін, ертең» деген өлеңінде:
Жаздың алды – жас өмірім солады,
Сарша тамыз – от жүрегім тоңады.
Көкірегімді кернеп кейде шыдатпай,
Бірдеңе деп сөйлегендей соғады.
«Жібершілеп» тасыр салған ой ма екен,
Немене екен, әлде жегі жей ме екен?
Сергек көңілім құлақ салып тыңдап ед,
«Бүгін-ертең, бүгін-ертең» дейді екен!
Не дегені, дені сау ма, тентек пе?!
Күні бүгін, яки ертең ертпек пе?..
Тегіндік пе – қуаныш па, қайғы ма,
Бүгін-ертең мәңгілікке кетпек пе?
– деп, тылсымын жан дүниесімен түйсінген бір сырды әлденеден сескенгендей, жұмбақтаңқырап жеткізсе, «Жас жүрегіме» деген екінші жырында:
Арманың көп, біту қайда,
Айта берсең күні-түн.
Тек мен білем, аһ, не пайда,
Менен басқа тыңдар кім?
Жалбарасың, зарланасың,
Есіл өмірің солады.
Жас, майысқан ерке көңлің,
Лаулап отқа толады.
От жұтасың, ойланасың,
Тіпті көңлің тынбайды.
Сонда-дағы тағдыр басым,
Құрттай аяу қылмайды,
– дей отырып, аз ғана ғұмырында көңіл көзімен көре алған жәйттар туралы мұңмен астастырып жыр төгеді. Бұдан тысқары, жиырмадан енді ғана асқан Бернияздай балауса таланттың «Ажал» атты Пушкин жырын аударуына жай әншейін ермек деп қарауға болмас. Бұның бәрі – жолында алынбас кедергі бар мұңды махаббаттың (Бернияз сүйген сұлудың әкесі ақын мен қызының некесіне қарсы боп, рұхсат бермеген) ақыры неге соқтыратынын біліп, ақырғы демін ажалға тіке қарап тұрып алу үшін, жалған дүниеден көңілін біржола суытқысы келген ақынның саналы әрекеті. Ия, ақын тағдырының қалай бітерін анық болжады: «Жаздың алды – жас өмірім солады, Сарша тамыз – от жүрегім тоңады».

***
Өткен ғасырдың 60-жылдарында қазақ әдебиетінің көшіне сан тараптан алқына кеп қосылған таланттар шоғыры, шын мәнінде, баға жетпес рухани байлығымыз болды. Олардың бәрі де әдеби әлемде сілкініс жасап, жұрттың талғамын биікке көтеріп әкетті. Солардың ішінде өмірімен де, өлеңімен де жұрт назарын өзіне бұрып, ерекше еліктірген дарындардың бірегейі – Төлеген Айбергенов  (1937-1967) болатын.
Уақыт бізді ұршығындай үйірді,
Үйірді де асығындай шиырды.
Қиындық та,
Шарықтау да,
Ажал да,
Бірінші боп Төлегенге бұйырды,
– деп, Төкеңнің қаламдас-қатарласы, қазақтың тағы бір құдіретті ақыны Қадыр Мырза Әлидің әділдікпен айтқанындай, тұстастарының ішінде өмірде көп қиындық көргені де, жарқырай көрініп тез танылғаны да, ақырында, құйрықты жұлдыздай жарқ өте шыққаны да осы Төлеген ақын болды. Жарық дүниеде отыз жыл, бес айдай ғана тіршілік етіп, онын жеті-сегіз жылын ғана жыр әлеміне арнай алған ақынның  екпіні тым қатты, өсу жылдамдығы сұмдық сұрапыл еді. Оның тұңғыш жыр жинағы «Арман сапары» мен көзі тірісінде баспаға тапсырып кеткен соңғы жинағы «Құмдағы мұнаралар»-дың арасы – бар болғаны бес-ақ жыл! Екі кітаптағы шығармалар сапасының ара салмағын салыстырып көре білетін кез келген кісі ғарыштық жылдамдықпен өсіп бара жатқан ақындық құдіретті айқын тани алары анық. Бүкіл өнер мен ғылым, әдебиет пен мәдениеттің мән-мағынасы мен берер тағылымына қытымыр кеңестік саясат бағыт-бағдар беріп, әрбір қимыл-әрекетке ұлы державалық дүрбімен қарап, «ауа жайылуға» жол бермейтін заманның мінбесінен Төлеген феноменінің сөз алып, өршіл екпінмен ұлттық поэзияның жаңа тынысын ашып, серпін беруі – сол дәуір үшін аса бір таңқаларлық құбылыс еді. Оның ақындық декларациясының өзі терең пәлсапаға арқа сүйеді. Атақты «Бір тойым бар» атты жырында ақын, «Бір тойының сөзсіз болатынына» сендіре келіп:
Кім білсін талай күнгі тілегім ед,
Мәңгілік тарқамауы да мүмкін оның, – деп, ақындық көрегендікпен сендіре жырлады. Шынында да, бір тірегі өзі болған жаңа дәуір әдебиетінің жетістігі ұлт мерейіне айналып, поэзияның тарқа­майтын тойы басталды. Оның ішінде Төлегеннің де!
Төлеген феноменінің бір қыры – өзінің ақындық тағдыры туралы ғажап бір сеніммен айтып, еркінен тыс көріпкелдік жасауы. Ол бір өлеңінде былай деген болатын:
Бір жетсе менің ажалым жетеді,
Адам қолы жасаған ұяттардан,
Қалыңдығы осынау сияқты орман.
Әйтпесе пысықтыққа пысқырмайды,
Мендегі қуатты арман!
Өле берсін күншілдер күйігінде,
Өз ғасырым өзімнің иінімде.
Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты,
Мен өлемін өзімнің биігімде!

Осы бір қуатты өлеңдегі ақынның жан сыры кейін шынның жүзінен айқын көрін­генін елдің бәрі біледі. Ғасырда бір туатын бұндай тұлғаның ажалы, оның өзі болжағандай, «адам қолы жасаған ұяттардан» болды. Нақтырақ айтсақ, кім көрінген үріп ішіп, шайқап төгіп сауын сиырға айналдырған әдебиет аулынан оған қайран болмады... Бірақ, ол өзінің кім екенін жақсы білетін. Ол «Ағыстар мен ғасырлар» атты жырында:
Жетектейді өмірді озған ағын,
Мен де соның жолымен қозғаламын.
Дидарымнан зымырап заманалар,
Дидарына көшеді бозбаланың.
...Шақтарда да азынап оқ бораған,
Бұл дарияның шабысы тоқтамаған.
Мен өтемін жолдардан әлі талай,
Жүрегімнен дүкілдеп ақ барабан,
– десе, соның бәрі бүгінде шындыққа айналған ойлар. Дәуірлер алмасып, заман тынысы өзгергенімен әдебиет әлемінде «жүрегінен ақ барабан дүкілдеген» ақын көктем сайын қайта  оралып, ұрпақпен бірге жаңарудан талмай келеді.
Мұқағали Мақатаев (1931-1976) – шын мәнінде, нағыз халықтық ақын. Оның жырларындағы жібектей жұмсақ қазақы саздың сиқыры, оқығанда тілді зәредей де ірікпейтін жетілген акустика, орнықты ой мен ақжарма сезімнің  молдығы оқырманын магнитше тартты. Поэзия әлеміндегі есепсіз төгілген тері мен қисапсыз тартқан бейнетін ол жәй ғана:
Ақынмын деп мен қалай айта аламын,
Халқымның өзі айтқанын  қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын, – деп, кішілікпен жайбарақат айта салған-ды. Ақынның бұл қасиеті оның қаламынан шыққан ірілі-ұсақты барлық туындылардына тән десек, нағыз дұрыс сөз сол болар еді.
Ақындар тұлға дәрежесіне көтерілгенде нағыз көріпкелге айналатыны тарихта талай дәлелденген ақиқат. Мұқағалидай тұлғаның өмірі – тағылымды өмір. Халқының көкейіндегі сырды айтып, мерейін аспандатуды өзіне перзенттік борыш санайтын оның алдында бұл арманын орындауға бөгет болар кедергілер мол еді. Сондайға жиі ұрынып, зардап шеккен ақын ашынған бір шағында:
Ей, қазақтың баласы, есіңде ұста,
Өлсем өлем, сірә мен намысымнан,
– деген еді. Түбі келмей тынбас ажалының себебін осылай айтқан ақын, тағы бір жырында:
Өзімнің есебімде,
Қырықтың бесеуінде,
Ұйқтап кетсем болғаны төсегімде...
– деп, мәңгілік сапарға аттанардағы жас мөлшерін соншалық дәл көрсеткеніне таң қалмасқа шараң жоқ. Тіпті, қайтыс болмасынан біраз бұрын, өзінің соңғы жыр жинағының біріне, «27-март, 1976 жыл» деп қолтаңба қалдырып, сол дата оның қайтыс болар күніне тура келгенін ақынның көріпкелдігі демеске әддіңіз жоқ!
...Мен сені сүйгем,
Жаныммен сүйгем, Жарық күн!
Жатсам да сүйем тұңғиығында тамұқтың.
Ақ сәулең сенің аймалап мені,
Жарық күн,
Тұрғанда болар үстінде мынау табыттың.
Ғарыштан құйған ғаламға ортақ шуағың,
Сезгемін, білгем,
Мен үшін бір күн тынарын.
Тастама мені,
Тастама мені, Шырағым!
Шуағың түссін,
Шөп болып, мейлі, шығамын!
Бір күндік сәуле...
Бір күндік жарық мекенім!
Мәңгілік түнек – қапасқа қалай                 кетемін?
Келмейді-ау тілім...
Өлгеннен сұра дер едім,
Тірі жандарға,
Өмір дегеннің не екенін.
Не деген, құдіретті жыр жолдары!
Пә­ниден бақиға көшіп бара жатып, жарық дүниені қимай толғанған шақтағы парасатты адамның жан сезімі, өмір мәнін түйсінуі дәл осындай-ақ болатын шығар, сірә! Мен «Моцарт. Жан азасы» атты реквиемін оқығанда Мұқаң осы туындысын өзінің жалған дүниені қалай тәрк етіп бара жатқанын көріп отырып жазғанын сезгендей әсерде болам.

***
Өткен ғасырдың 90-жылдары қа­зақ рухани әлемі үшін жаңаша бір сер­пілу кезеңі болғаны анық. Сол тұста өзгелерге ұқсамайтын өзгешелеу өнерімен замандас-қатарластарынан дараланып, жұрт назарына тез іліккен дарын – Табылды Досымов (1965-2010) еді. Ол қазақи өнер әлеміне өзімен бірге бард-ақын деген ұғымды ала келді. Әрине, орыстың Булат Окуджава, Владимир Высоцкий сияқты бард-ақындарының шығармашылығымен жақсы таныс қазақ қауымы Табылдының өнерін қуана да, қызыға да қарсы алғаны анық. Оның бардтық бағыттағы әндері жастар арасына тез тарап, авторын да танымал етті.
Қазаққа жаңа бір өнер түрін сіңісті қылумен аты шықса да (бард әнші-сазгер ретінде), ол шын мәнінде, өзгеше тұрпатты ақын еді. Алайда, нағыз өнер додасын қыздырып, әдеби ортаның арқасын қоздырып жүруі тиіс тарлан ақынның тағдыры басқаша қалыптасты. Оқуын бітіріп еліне кеткен Табылды атажұрты Атырауда жүріп те ұлт өнеріне олжа салумен болды. Өлеңдер жазды, жаңа әндер шығарды. Бірақ, оның дарынын көбірек керек ететін орта – ол өмір сүріп, қызмет істеп жүрген жер емес екені жылдар өткен сайын анық біліне бастады. Осы жағдай ақын өлеңдерінің сыры мен сазына әсер етпей қалған жоқ.
Жалықтым. Жабықтым, Жаңа  ұқтым,
Еңсемді езеді тамұқ-түн.
Сығалап қарадым мен оған,
Терезесінен табыттың.
Алқымнан алады кендір-мұң,
Көңілімді көрге де көндірдім.
Шаршаған шылымымның шоғын,
Қарашығыма сөндірдім.
Лақаттан лақтырдым бөркімді,
Тәнімді жаным жеп өлтірді.
Жардағы сүгірет үні кеп,
Күлкімді менің келтірді.
Сезімім құламай сенделіп,
Қиялым барады жерге еніп.
Қараңғы тып-тынық бөлмеде,
Жарқырап шам тұр тербеліп.
...Біреу келсе екен!

Табылдының өз поэзиясында ғана емес, бүкіл қазақ өлеңінде өзгеше орны бар осы бір «Жалғыздық» атты жалқы жырды оқи отырып, оның көкіректі қарс айырар мұңынан адамдар арасында рухани жалғыздықта ғұмыр кешіп жатқан өнер иесінің жан сырын түйсікпен сезінгендей боласың. Бұл, әрине, өнер тылсымының тұңғиығына сүңгіген дарын ізденісінің жемісі. Бірақ, поэзия құдіреті ақын ойын қанша жұмбақтап, тереңге тартқанымен Табылдының өнерпаз ретіндегі қасіреті таңбаланған бұл өлең  – ерте ме, кеш пе, түбі бір ақтарылып тынатын шерлі дастанның алғышарты еді...
...Сол жаққа аттанасың бәрі барған,
Қалады көкірегіңде алып арман.
Қалады ауызыңда сары тісің,
Қалады гаражыңда сары «Волгаң».
Біреуде ақшаң қалар қарыз алған,
Мұрныңды шақшаң қалар зәрі  жарған.
Он бөлме үйің қалар, қиын болар,
Өйткені бәрі жалған, бәрі жалған.

Осындағы айтылғандардың бәрі – ақын­ның өз басына қатысты жайлар. Ондағы болуы тиіс нәрсенің бәрі де. Бұл – өмірден көңілі қалып, торыққан кісінің жай айта салғаны ғана емес, алдында болуы тиіс нәрсені дұрыс бағамдай білген сұңғылалықтың дәл өзі. Сондықтан ол:
Алып кет мені ауылдан аға,
Сені аңсап біраз шет жүрдік.
Мен өмір сүрген қауымға қара,
Айналысқаны боқ тірлік.
Жанымды салма зарлатып отқа,
Болмысым сені күтті әр күн.
Алып кет мені Алматы жаққа,
Азаптан сүйтіп құтқарғын.
Рәсуасы болып ессіз ғаламның,
Дендерім – туған жерімде,
Махамбет құсап бассыз қалармын,
Қаройдың қара көрінде.
Сақи басыма намыс байланып,
Жүргенде саған жолықтым.
Кетермін бір күн арысқа айналып,
Аға, сен содан қорыққын!
– деп, зар төкті ағаларына. Әлдебір сұмдықтан шымырлап сескенген жүректің ышқына дүрсілдегені естір құлаққа ап-анық жетіп тұр-ақ емес пе? Бірақ, қашанғы бейғам қауым қияда самғар қыранын тіршілік торынан құтқаруға ұмсынам дегенше – күтіп тұрмайтын уақыт алға озып кетіп, тіршілік талқысынан қажыған ақын:
Атыңды Сенің айтамын ән қылып   неге,
Қозым-ау деші күлімдеп Баяндай  маған.
Тірлікті мынау, жаным-ай, мәңгілік   деме,
Ұйықтап кетсем бір күні оянбай қа­лам,
– деп, гитарасына қосылып, соң­ғы ескертуін жасағанда да ешкім оны тірлікпен қоштасып отыр деп ойлаған жоқ. Ал, ақынның айтқаны айна-қатесіз келіп, ол «ұйықтап жатқан күйі оянбай кетті»...

***
Ертеректе парасатты ақын Борис Пастернак екі иығын жұлып жеп жүрген Евгений Евтушенкоға: «Сен өз өлеңдеріңде өзіңнің трагедиялық өлімің туралы ой айтудан қаш, өлеңнің құдіреті сондай, аузыңнан шыққан сөзің күндердің күнінде өзің болжаған қасіретке білдірмей сүйреп әкеледі» деген екен. Сол сияқты, қазақтың біртуар ақыны Жұматай Жақыпбаев та: «Жігіттер, өлім жайлы жаза беруге әуес болмаңдар, бұл жақсы ырым емес» деп ескертіп отырады екен ақын інілеріне. Расында да құлақ асуға тұрарлық сөз емес пе?
Әрине, не туралы жазып, нені болжаса да қаламгердің өз еркі. Бірақ:
Бастады мені жол алуан,
Тағдырмын ерте жоғалған.
Жеткізбей кетті, қайтейін,
Кеудемде жүрген көп арман,
– деп, күңіреніп қырыққа жетпей қыршын кеткен Марат Отарәлиевтің шығармашылығы көпшілік назарынан әлі қағыстау қалып келе жатқанына;
Сынасын сабыр – меже күле жетем,
Тақалды таусылуға, міне, мекен.
...Сірә, мен аспан жаққа шығамын-ау,
Соқпақ жол көкжиекке сіңеді екен!
– деп, өмірінің ақырын көріп тұрғандай жырлаған Артығали Ыбыраевтың қиын да қысқа ғұмыр кешуіне;
«Өмірзая» жұлдыз болып келем мен,
Жарық жыр боп аспаныңда жыл етем,– деп, тағдырын «Өмірзаяға» теңе­ген Әділ Ботпановтың өзі жырлаған жұл­дыздай қатарластарынан бұрын көрініп, ізім-ғайым жоғалып кетуіне «өз көріпкелдіктерінің» кесірі тиіп жатқан жоқ па екен? Мүмкін солай болуы... Бірақ, кім өзіне жамандық тілейді дейсің? Кім шекесі қызғаннан сиясын уға малады? Бірақ, айтылған сөз атылған оқпен тең. Қайтарып ала алмайсың... Осындайда, Төлеген, Мұқалидай марғасқалардың замандас, рухтасы, ұлттық поэзиямызда өзіндік ой өрнегі бар тұлғалы ақын Өмірзақ Қожамұратовтың (1936-1982) екпіні қуатты, сезімі шуақты жырлары жадымызда жаңғырып, жанымызды ризалыққа бөлейді.
Өзге таланттар сияқты ол да талай қиындықты бастан кешкен. Туған жер мен Атамекені арасында сабылумен өмірі өтіп: анда барса шетке қағылып, мында келсе еленбей, рухани қасірет шеккен арда ақынның артында қалған қомақты мұрасын парақтап отырып, одан талай тағдыр талқысына түскен кездерінің бейнесін көріп, сырын сезуге болады. Бірақ еңсесі түсіп, үмітсіздікке берілген Өмірзақты көрмейсің. Қайта ол:
Қарызын сұрар деймісің,
Қашасың қайда, бәтшағар?
Өлмеймін, әлде, деймісің,
Өлгенде нендей патшалар?
Біле кет!
Ақылдан адасқандардың,
Ажалдан адаспайтынын.
Тақ үшін таласқандардың,
Табытқа таласпайтынын!
– қадап айтып, шындықтың бетіне тіке қарайды. Оның осы қасиеті жырларын өміршең етіп, ғазиз есімі – ұрпақтар жаңарған сайын құрметтеліп, айбындана түседі. Бүгін біз:
Шыбынымды шырқыратып, жылатып,
Кетпейді ешкім көр-лақатқа   құлатып.
Әр қазақтың жүрегінде, миында,
Жүремін мен гүл атып, – деп, сеніммен сөйлеген Өмірзақ Қожамұратовтың ақындық серт сөзінің бекерден бекер айтылмағанын сезудеміз. Жылдар аралатып қайталап басылған кітаптары қолдан қолға тимей, оқырмандары көбейген үстіне көбейіп келеді. «Шабатын тұлпар соңынан шығады». Демек, елін сүйген, жұртына сенген дүлдүл ақынның батыл болжамы толық орындалары айдан анық. Тегінде, шамырқанған шабыттың өзін парасаттың тезіне салып, нұрлы күндерді аңсап,  тәтті үмітті  риясыз сенімге айналдырғанға не жетсін!

760 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз