• Ұлттану
  • 02 Маусым, 2016

Наурызбайдың «Бестөресі» немесе күй тағдыры

Кәмел қажы Жүністегі,
жазушы, Құрмет орденінің иегері

ХХ ғасыр тұтасынан тұнып тұрған қарама-қайшылық емес пе. Әсіресе, жиырмасыншы-отызыншы жылдары адам­ның түсіне кіруді де тілемейтін жан-шошырлық уақиғалар. Қазақ даласы қасірет жамылған. Асау аттай сайын даланың самалына төсін тосып, бұлқына өмір сүрген қазақты бұғаулап көндіре алмаған қызыл туды жамылған шовинис­тер оны енді біржолата қырып тастаудан тайынбаған.

Қырып тастаудың алдында әлем халқының көзін бояп, еркін қазақты «цивилизацияға» «жаңа мәдениетке» же­тектегісі келгендей кейіп танытты. «Жетелеу» үшін өздері «тағылық» деп түсінген көшпелі елді көне мәдениетінен, дінінен айыру жоспарланды. Қазақтың көне мәдениеті жаңа тұрпатты мәдениетке сәйкес келмейді-міс. Сол мәдениеттің үлгісін ұстаған азаматтардың, арман еткен саяси тұлғалардың көзін жою ісі аяусыз жүргізіліп жатты. 
Қазақтың қоңыр үнді домбырасы да қара жамылды. Әсіресе, сезімге толы ұлы Даланың сағымға толы бейнесін де, мөлдіреген көгілдір аспанын да, баяу ескен самалын да, құлдырай кісінеген құлынының үнін де, жайқалған жайлауын да сағындырып, санаға серпіліс беретін, жүректі мұңға толтыра отырып өмірдің тамашалығын да, бұл жалғанның жалғандығын да еріксіз мойындататын қазақтың шертпе күйі «ату» жазасына кесілді. Шертпе күйді күй өнерінің шыңына шығарған Қыздарбектің  жеті-сегіз шәкірті бірінен соң бірі атылды. Сембек күйшіні Жамбылдың Сарыбұлағында «Сезбес» деген соңғы күйін шерткізіп отырып атып тастады. Әбдиді елге келген осы зауалды күймен бейнелеп, «Қарғыс» деген күй шығарғаны үшін Қарқарал түрмесіне қамап, көшеге айдап шығып, есалаң жұртқа таспен ұрғызып, атып тас­тады. Әбікен Хасенов өз ауылында бір күнде 27 адамды атқан күні үйінде болмай қалғандықтан аман қалып, Семей, Павлодар, Өскемен асып, ақыры Алматыға жасырынып аман қалды. Қыздарбек күйшінің ізбасарлары Мақаш, Кенжеғара, Ақмолда, Кәрібектер де опат болды.  Сөйтіп, шертпе күй, «ату» жазасын бас­тан кешірді. Ешкімді аяған жоқ. Бұл жазып отырғанымыз, ел таныған айтулы тұлғалар. Олардан басқа домбыраны көлденең ұстаған қаншама қазақ баласын кез келген жынды-сүрей өзін «үкіметпен партияға» адал берілгендігі таныту үшін оққа байлады. Оның есебі жоқ. Есі дұрыс көрге айдалды, есуас төрге озды. Мылтықтың күшімен әркімнің жүрегіндегі оты өшіріліп, құлдық психологияның қамыты кигізіліп, тышқан тірлік қанға сіңірілді. Құдай-ау, осы құлдық психологиядан қашан құтыламыз. «Шортанбай жыраудың керегі жоқ» деген директор болғанды, соны қостап мырс-мырс күлген әдебиетші, мәдениет саласының қызметкерін, сондайды қоздырып отырған аудан әкімін көзіміз көрді. Шортанбай жырау – қазақтың мұңын азынап жоқтаған әруақ. Әруақ – киелі. Оған тіл тигізген тағынан аударылып, бірінің ырысы шашылып, тағы бірінің отбасының берекесі кетіп жатса киеге ұшырамады демеске болмас. Сайтан суға малынып, боқтасып, баласымен оттасып жүргендер арамызда. Мұның бастауы сол отызыншы жылдарды.
Шертпе күйге мылтықпен тыйым салынды. Қыздарбек пен шәкірттерінің атын атауға болмайтын заман туды. Тәттімбеттің жайсаң күйлерін тартатын адам жоқ. Өткен ғасырдың елуінші жылдары Киікті ауылында тұратын Шырын деген ақсақалдың жұрт алдына шықпай өз үйінде оңаша ғана отырып, шерткен күйлерін тыңдауға сәті келген еді. Оңашада, қамығып отырып ертеден түске дейін тартқан ақсақалдың көзінен аққан жас бір тыйылмады. Мектепті жаңа бітірген балаң жігіт менің:
– Ақсақал, неткен шерлі күйлер. Кімнің күйлері бұл, – дегеніме,
– Е, шырағым, қайтесің оны. Бізбен бірге кетеді де бұл, – дегеннен басқаны айтпады.
Өз басын әрең сақтап қалған Әбікен Хасенұлы ұлы күйші Қыздарбектің мол мұрасын тегістей білсе де, атын атауға тыйым салынған заманда Қыздарбектің күйлері деуге бара алмай, халық күйлері, Тәттімбеттің қосбасары деп тартып жүр дегенді Қази ақыннан, Әбдіғали молладан, Сухибек ұстаздан т.б. сан естіп өстік. Иә, осы Сухибек мұғалімнен алғаш рет әріректе өмір кешкен Итаяқ күйшінің атын естіген едік. 
Жетпісінші жалдардың орта кезінде Шалтаста өткен шопандар тойынан кейін Ақтастың мамыражай сайында бас қосқан ақсақалдардың арасында болудың реті келді. Әлі деген ақсақалдың төрінде Әбдіғали молла, оң тізесінде талай дас­танды жатқа айтатын Қасең ақсақал. Көбін танымаймын. Әбдіғали молланың қолында қазақи домбыра. Сәлем берген маған «Кештете жетіп қалдың-ау» дегенді айтып қалды. «Кештете жеттің -аудың» аржағында менің Итжекккенге барып келуім де жатыр. Жас та болсам жанына отырғызды. Бар әңгіменің иесі Әбекеңнің өзі. Күй өнерін Қыздарбектің ізбасарлары Сембек пен Ақмолдадан үйренгенін айтып отыр. Мен естімеген бір күйді төгілте шертеді де, сол күйдің шығу тарихын тамылжыта баяндайды.
– Мына күйді сен тартшы, – деп өзі ұстаздық еткен Дәулетбек Сәдуақасұлына домбыраны ұсынса, келесі жолы Дәулескер күйші болатыны шертісінен көрініп тұрған Ағысбай деген жігіттің қолына ұстататын. Бұл бір күйге арналған жайлаудағы түн болды. Әңгіме өрістей-өрістей Итаяқ, Қыздарбектен асып Тәттімбетке жет­кен. Әбекен молла Тәттімбеттің «Көкейкесті» күйін Тәтті-екеңнің күйші баласынан үйренгенін айта отырып, «осы күнгілер бұл күйді дұрыс тартпайды» деп, домбыраның құлақ күйін тағы бір қоңыр әуенге келтіріп, шектен шыққа ғажайып әуенді алақанның жұмсақ еттерін тигізер-тигізбестей етіп сөндіріп-жандырып, қобыз ойнағандай мен естіп көрмеген сырлы әлемге айналаны толтырған еді.
Үй иесі Әлі ақсақал Әбекең молладан «Бестөрені» шертіп беруін өтінген. Әбекең молла күрт тұнжырап, терең күрсініп:
– Қайран ерлердің атын өшірген заман болды ғой. Кенесары – Наурызбайдай көзсіз ер, жайсаң жандар енді қайтып болар деймісің, – деп домбыраны қолына алды. – Бұл «Бестөре» Наурызбайдың күйі ғой.
 – Қалай? – деп қалды Ағысбай.
 – Иә, – деп Дәулетбек Әбекең молланы қоштап басын изеді.
Күй күңіреніп кетті. Қысылтаяң шақты жүрегіңмен сезгендейсің. Әл­дебір беймәлім шабыс... әлдекімдердің кезектескен толғанысты, қапалы үндері құлаққа жеткендей. Күй тебіреністі халдың шешуін таппағандай бір сағынышты үнмен біткендей болды.
– Мұны Тәттімбеттің күйі, деп жүр ғой, – деп Ағысбай тағы сөзге килікті.
– Демеске шара не? Күйді жет­кізуші өзіміздің Әбікен Хасенұлы. Қыздарбектің айналасының оққа байланғанын көзі көрді. Басына түссе баспақшыл деген мына «Бестөре» Наурызбайдың күйі деп қалай айтады. Өнердің осындай айтулы туындысы өлмесін деп, жерде қалмасын деп Әбікен «Бестөрені»Тәттімбетке теліді. Мұны осы жақтың азаматтары Бектің Орынбегі де, Сәкен де біледі. Солар да іштей қостады да қойды. 
– Япыр-ай! Солай ғой, солай, естіп жүрміз ғой, – десіп үй толы қонақтар дабырласып барып басылған. 
Заман айтқызбай кеткен өнердегі тұлғалардың есімі аз ба. Солардың ішінде есімдері өшуге бет алған Қыздарбек, Әбди, Сембек  күйшілердің  аты жетпісінші жыл­дардың басында еміс-еміс естілген. Осындай күйшілер бопты деседі. Бұлар орта ғасырда өмір сүргендей елес болып жазылады. Өздерін де, күйлерін де іздеп, зерттеп жатқан және ешкім жоқ.
Күй санасында сәуле бар жан үшін өнердің асыл қазынасы. Оны өлтіру қиянат қана емес, халықтың рухын өлтіру. Рухы өлген халық өзін-өзі жояды. Не істеу керек деген сауал алдымда көлденең тұр. Қип еткенімді аңдып КГБ-ның тыңшылары жүр. Үйімде болып тұратын тінтулерден де әбден ығыр болғанмын. Сонда да... Иә, сонда да басты бәйгеге тігіп, Қыздарбек күйшінің мұрасын іздеуге кіріскенмін. Сонау Мойынтыда  Қыздарбек күйшінің неме­релері Мәтімұса, Иманмұса дегендер бар деп естуім бар. Солардың үйіне тоқтап, бұл маңның бар тарихын жатқа соғатын Қази ақынды іздеп таптым. Қази ақыннан Қыздарбектің өмір жолы турлы мол мәлімет алдым (Соның негізінде жазған «Көксеу» деген повесім «Жұлдызға» шығып, кейінірек кітап болып басылды). Қази ақын заманында ән салып, домбыра тартқан атақты сері болған. Қазір жасы тура тоқсанда. «Мынау Қыз-ағаңның мынандай күйі еді» деп домбыраны қолға алғанымен ісініп кеткен саусақтары икемге келмей, еріксіз тоқтайды. Қыздарбектің талай күйлерінің шығу тарихы туралы тамаша әңгімелер естідім. Ара-арасында «Бестөре» жөнінде де сөз қыстырдым.
– Әу, сен білмеуші ме ең? – деп қарт ақын ренжіп қалды. – Ол әлгі қазақтың маңдайына сыймай кеткен Наурызбайдың күйі ғой. Кенесары мен Наурызбайды қырғыздар ай бойы тірі сақтап, тіпті, ұрпақ алып қалмақ болып Кене ханның қойнына қыздарын да салған ғой. Сонда, осындай күйге түскендеріне налып, атадан өжет боп туған Наурызбай осы күйді шығарған. Тыңдашы өзің міне, «Бестөреде» бес адамның үні бар. Міне.., – Қази ақын икемге келмейтін саусақтарын зорлап иліктіріп «Бестөре» күйінің алғашқы бөлігін орындап берді. Ірі денелі, дауысы зор Қази ақынның кемсең ете қалғаны көз алдымнан кетпейді. 
Арада екі айдай уақыт салып, Бегімсал күйшіні іздеп бардым. Жанымда аудандық га­зет­тің редакторының орынбасары, Бегім салдың немере інісі Есен Орынбеков. «Бе­кең ағам бес жасында Қыздарбектің тізесінде отырып домбыра шерткен» дейді Есен. Бегімсалды жасырақ кезімде «отызжылдық» колхозының бас­қармасы Қалкен Ыбырайұлының алдына ақ киіз жайдырып, домбыра шерткенде көр­генмін. Апыр-ай, бір күйді екі рет қайталамай түс ауғанша сансыз күйді төгілдірген осы адамға таң қалып, «мынау адам емес, пері шығар» дегенім де бар.
Бегімсал жұпыны үйінде қарсы алды. Шау тартыпты. Жетпістің жуан ортасында екен. Көзіндегі нұр да сөнген. Саусақтары күс-күс жарылып кеткен. Өмірін домбыраның әуеніне арнаған Бекең әр жерде үзіп-жұлып қана жұмыс істеп, «трудовой» деп аталатын еңбек книжкасы болмай, пенсияға да шыға алмай қалыпты. Кейінірек үйленген әйелінен туған бала-шағасы да жас. Оларды асыраудан қамыты мойынға әбден мінген. Қыста качегар, жазда елдің малын бағады.
– Неге кеш келдің? – тағы алдымнан шықты. – Мен домбыраны тастағалы,.. – деп күс-күс саусағын жайып, бала-шағасын нұсқады.
– «Күй өлмесін» дегенді құлағына сіңіре жүріп, сырғауылға іле салған домбырасын алдырып, перне мен ішегін тағып, Бекеңнің он саусағын жылы суға малып, жылқының майын жағып, екі-үш сағат әуреміз. Бекеңе ақыры домбыра ұстаттық. Шерте бастайды да, келмейді деп басын шайқайды. Шерткендері үзік-үзік әуен. Баяғы естен тандырған сарын жоқ. Бір өзі отыз килодан кем емес магнитафонды дайындап, сарыла күтіп отырмын. Бекеңнің де әуре болғанына сағаттан аса уақыт өтті. Байқаймын, жүзі нұрлана бастаған сияқты. Домбыраның үні де өзгерген. Илікпей отырған саусақтары пернені бойлап, ішекпен бірге дірілдейді. Басын изеді-ау бір кезде.
– Беке, күйдің атын өзіңіз айтып отырыңыз. Ертең менімен дауласа кететін біреу табыла кетпес үшін, – деп жатырмын. 
– Мына Қыздарбектің «Беу дүние, бір қиял» деген күйі дейді Бекең (осы күйді күні бүгінге ешкім игеріп, қайта тарта алмай жүр. Ғажап сарын).
Бекеңнен Қыздарбектің өзінің және Қыздарбек тартып жүрген жиырмаға жуық күйді магнитафонға түсіріп алдым. «Мынау Қыздарбек тартқан «Бестөре?» Бұл Қыз-ағаңның күйі емес, Наурызбайдың күйі» дегенді Бегімсал қадап айтты. 
1987 жылдың қысында «Жазушы» баспасында Жүсіп Алтайбаевпен жүздестім. Ол кісі Ағыбай батыр туралы жазған кітабы жоспарға іліксе де сексен алтының декабрінің уақиғаларына байланысты шықпайтын болғанына қапа болып жүр екен. Бәрін қойып, ел әңгімелеріне бет алдық. Менің Қыздарбек күйлерін зерттеп жүргеніме ризашылығын білдіріп, Әбікеңнің «Қоңыр» күйі туралы әңгіме қозғады. «Әбікең бұл күйді алғаш рет 1938 жылдың жазғытұрымы маған естіртті. Сонда күйді «Қайран азаматтар-ай» деп тартқан еді, мен ондай атаумен тартса күйдің де, күй иесінің де құритынын баса айтып, тоқтаттым» – дейді Жүсекең. Осы жерде жазушы Жүсіп Алтайбастан «Бестөре» күйінің иесі Наурызбай екенін тағы естідім.
Қыздарбектің шәкірттерінен тәлім алған Ілияс молла Абылай ханның «Дүние ғапыл», «Қайран елім» күйлерін сақтап, бізге жеткізді. Бүгінгі күнде бұл күйімді ҚарМУ-дің филология бөлімінің деканы Ілекеңнің баласы Мұхаммедқали Әбдуов орындап жүр. Мұны жазып отырған себебіміз, Қыздарбек күйшінің шәкірттерінің өнерге деген адалдығы. Ешкім білмейтін осы күйлерді Ілекең не өзінің, не бір бабасының мұрасы десе ешбір жан дауласа алмас еді. Мұндай ізеттілік, адалдық күй құдіретін меңгерген адамдарға тән ғана құбылыс.
«Бестөрені» Наурызбайдың күйі деп, «Дүние ғапылдығы» Абылай ханның күйі деп сақтаған Қыздарбек күйші мен оның ізбасарлары. Иә, әр күйшінің өзіндік үлгі-стилі, орындау мәнері өзгеше. Ол оның дүние танымына, ойлау жүйесінің ерекшелігіне, Құдай берген айрықша қасиетіне, өзі өмір сүріп тұрған заман кезеңін түсіне -қабылдауына байланысты болар. «Бестөренің» де Тәттімбеттің барлық күйлерінен басқаша көріністе екенін жұрт түсінген. Өйткені оның иесі бөлек. Оның иесі қазақтың маңдайына сыймай кеткен (айнала дұшпан сый­дырмаған) туа біткен сері, көзсіз батыр Наурызбай. Әр өнер иесінің қолтаңбасы өзінше. Оны айыру қиын емес. Абылай ханның «Дүние ғапылы» Қыздарбекке сыймас еді. Тәттімбеттің «Сарыжайлауы»  Қыздарбекке еш уақытта тели алмасың, Қыздарбектің «Өткіншісін» Тәттімбетке сіңіре алмайсың. Бұлар жаны бөлек дүниелер, жеке – жеке әлем. 
Жазушы Қалихан Ысқақұлының мен оқып көрмеген бір бет қағазын әкеліп алдыма тастаса, үш-төрт сөйлемнен кейін-ақ мен иесін жазбай тауып берер едім. Сөз саптау, сөзбен сурет салу ерекшелігінен, өзіндік бояуынан, сөйлем құрамынан-ақ Қалиханның өзіндік ізі атойлап көрініс беріп шыға келеді. Иә, «Бестөре» Наурызбай күйі дегенде біздің мақсат Тәттімбеттің мол мұрасын ортайту емес, бір жанын бүгінгі қазақтың баласы үшін қиған, өнердің де саңлағы болған Наурызбайдан қалған жалғыз мұраны соның әруағы үшін өз иесіне қайтару ғана.
Отаршыл ел бізді бір-бірімізбен ала­көз етіп, қасақана жауластырып, ұлы­ларымызды ұлықтатпай, қасиетті мұрамызды талан-таражға салып, бүл­діріп бақты. Орны толмас ойранды істерді қолымыздан келгенше түзесек деген ғана ниеттеміз. Алла ізгі тілектің сәтін салсын.

296 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз