• Ұлттану
  • 02 Маусым, 2016

Румидің өмірі (Алғысөз орнына)

Амангелді Кеңшілікұлы,
ақын

Шығыс әлемі адамзаттық өркениеттің өрлеуіне зор шарапатын тигізген, талай ұлы ғұламалар мен шайырларды өмірге әкелді. Тамырын сонау ежелгі заманғы діни аңыздардан тартып, Шығыс дана­лығымен суарылған сөз өнері жүз­деген жылдардан соң Батыс елдеріне де сүйіншілеп жетіп, кейінгі орта  ғасыр мен Қайта Өрлеу дәуіріндегі әдебиеттің гүлденуіне даңғыл жол салып берді.  ХІ-ХІІ ғасырларда грек және латын қайнарларын зерттеп, мөлдір бұлағынан қанып ішкен Еуропа назарының, мәде­ниеттер алмасуының өліарасындағы бір кезеңдерде біржолата Шығысқа ауғаны да шындық. Ең әуелі Испанияда, содан кейін, Франция, Италия, Англияда мұсылман ойшылдарының ең­бектері тәржімаланып, ол туындылар, аузымыздың суы құрып мақтап жүрген көптеген ұлы ақын-жазушылардың қиял бесігін тербеп, шабытын оятып, Еуропа төрінде адамзат баласының ортақ игілігіне айналған таңғажайып туындылар өмірге келіп, кіндігі кесілді. 

Жарты ғасыр бұрын ғана Американың әйгілі  ғалымы Филип Хитти «Таяу Шығыстың қысқаша тарихы: үш кон­ти­ненттің алтын көпірі» деген монографиялық еңбегінде ежелгі тру­бадурлардың махаббат жырларының – Орта ғасырлардағы араб лирикасының аудармалары екенін, ал, Орта ғасырлардағы Мария қыз бен «асқан сұлу әйел» культінің крест жорығынан соң  Шығыс мәдениетінің ықпалымен дүниеге  келгенін бұлтартпас деректермен дәлелдеп берген-тұғын. Тіп­ті, Исламға  дейінгі VІІ ғасырдағы узра тайпасындағы махаббат культінің Еуропадан бұрын арабтардың мистикалық поэзиясында көрініс тапқанын бір сәт  есімізге түсіріп көрейікші. Кейбір зерттеушілер әйгілі  Фрейд пен Юнгтің идеяларын, олардан бұрын айтқан деп жүрген атақты сопы, теоретик, арабтың терең ойшылы және психолог Ибн әл-Арабидің ХІІІ ғасырдың басында өнерде бірінші болып «Әдемі әйелден Құдайды көруді» үйреткенін неге ұмытып қалдық, біз осы? Ғасырдан ғасырға жетіп, жүздеген жылдар бойы әлемдік әдебиеттің алтын қазығына байланған махаббат тақырыбының «Ләйлә мен Мәжнүн» жайлы араб аңызынан бастау алып, Шекспирдің «Ромео мен Джуллетта» шығармасында дамытылып,  Блоктың «Сұлу әйел туралы» әйгілі жырында кемелдене түскені  әдебиет тарихынан білетін мысалдарымыз емес пе еді.  Корнельдің «Сид» драмасының жа­зылуына таза араб сюжетінің немесе Шил­лердің «Турандот ханшайымының» тууына шығыс шайыры Низамидің «Жеті сұлу» поэмасының негіз болғанын ой таразысына салып салмақтасақ, әңгімеміздің тым ұзаққа созылып кететін сыңайы  бар. Дегенмен, біз осы жерде айтылған сөзімізге ықыласы ауған оқырманнан әңгімеміздің төркінін дұрыс түсінуін сұраймыз.  Әлбетте, біз Шығыс әдебиетінің артықшылығын көрсету үшін ғана тарих қойнауының тереңіндегі мысалдарға ой қыдыртып жатқан жоқпыз. Мәселе, өнердің ти­гізген ықпалы немесе тіпті, «махаббат тақырыбының классикалық үлгі­сінің» ең алдымен Шығыста  дүниеге келіп, адамзат  мәдениетінің рухани алқабына тарыдай шашылғанында да емес.  Әлемдік әдебиеттің құнарлы то­пырағына бір  шыбықтай қадалып, бү­гінде  жалғыз ұлттың ғана емес, барлық адамзат баласының ортақ мақтанышы болып, жайқалған бәйтерегіне  айналған Шекспирді, Корнель мен Шиллерді жоққа шығарғысы келген ниеттен де аулақпыз. Әйтсе де, Шығыс пен Батыс мәдениетінің  бір-бірімен  араласа отырып, жарыса жапырағын жайып, өзара тығыз қарым-қатынас негізінде да­мығанын естен шығармасақ үлкен олжа болар еді.  Құдайдың кенже баласындай болып дүние есігін ашып, адамзаттық рухтың кіндік шешесіндей болып кеткен әдебиеттің өмірге қалай келіп, қалай кемелденгенін білмегендіктен, біз бүгін осындай бір шалағайлықтың жаппай белең алуына жол беріп алдық. 
Таяуда Астанадағы кітап дүкендерінің бірінен Ресей баспаларынан шыққан «100 ұлы ақын» және «Қара сөздің 100 ұлы шебері» деген танымдық кітаптар көзіме оттай басылып, қызығып сатып алдым. Бір өкініштісі, қалыңдығы кірпіштей, безендірілуі кісі қызығарлық екі томдықта Шығыс түгіл, тұтастай алғандағы Азия елдерінің поэзиясы мен прозасы жайлы келтірілген деректер көңілімізді көншітпеді. Әдеби мұрасы көл-көсір Қытайдан бар-жоғы Ли Бо мен Ду Фу секілді бірен-саран ақындардың шығармашылығы ғана қамтылғанына көңіліміз толмады.  Таң дәуіріндегі әдебиет алыптары Ван Вэй, Мын Хао-Жань, Бо-Цзюйлар шығармашылығы жөнінде бір ауыз сөз айтылмағанына қарнымыз ашыды.  Жапон ақындарынан тек Басеге ғана тоқталғандарына разы болмадық.  Oтомо-но Якомоти, Аривара-но Нарихира, Oсикoти-нoМицунэ, Сайгелердің шығармашылығы туралы неге ештеңе ай­тылмағанының себебін түсінбедік. Бәрін болмаса да жапон поэзиясының дамуына зор ықпалын тигізген Сайгені елеуге  болатын еді ғой.  Шығыстың ұлы шайырлары Санаи, Аттар, Шәмсаддин, Руми мен Физулилер туралы да біз бұл жинақтан мәлімет таба алмадық.  Ал, «Қара сөздің 100 ұлы шебері» деген тағы бір том еңбекті оқып шыққанымда, оны құрастырған Т.В.Грудкина, Н. П. Кубарева, В. П. Мещеряков, М. Н.Сербулдардың танымдарына қарным ашып, кітаптың мазмұндық сапасынан түңіліп кете жаздадым.  Проза жанры тек Еуропа елдерінде ғана бүршік атып, тек, сонда ғана көктеп-көгеріп, жемісін бергендей әсер қалдырады екен, бұл қалың кітап. Қазақ пен қырғыздың мақтанышына айналған Әуезов пен Айтматовтарды тілге тиек етпегенде, ең болмағанда Нобель сыйлығын алып, әлемді мойындатқан Нагиб Махфуз, Ясунари Кавабата мен Кэндзабуро Оэларды  еске алуды  қажет деп те таппапты,кітапты жазушылар. 
Малтабарлық мақсатпен жарық көрген  мұндай дүниелер   өнердің өлшемі болмайды дегенімізбен, кітап дүкендеріміздің сөрелерінде сіресіп тұрған жаңағыдай еңбектердің арқа­сында бүгінгі оқырман талғамының қалыптасып жатқанын мойындамасқа болмайды.  Әсіресе, бір қайнауы әлі жетпей тұрған, осындай шикі дүниелердің әлемдік әдебиетті тереңірек білуге жаны құмар жастарымызды адасушылыққа ұрындырып, сөз өнерінің құдіретін жан-жақты танудағы ізденісіне тұсау салатынын мойындамасқа амал кем.  Бүгінгі күннің ойлы оқырманы Шығыс пен Батысқа, Азия мен Еуропаға, Африка мен Америкаға бөлмей, шығармалары адамзат баласының ортақ рухани қазынасына айналған әдебиет алыптары туралы кітаптың жазылуын   сағына күтіп жүр. 
Әдебиет – адамның жаны. Ол Күн­нің алтын сәулесіндей бөлшектеуге келмейтін және болмайтын Құдайдың баға жетпес қазынасы, адам баласына аманат етіп кеткен ұлы мұрасы. Жаратушының пенде баласына тарту еткен ең ұлы сыйын Оңтүстік пен Солтүстікке, Шығыс пен Батысқа бөле берсек күндердің күнінде біз әдебиет арқылы да бір-бірімізге сүйсініп, бір-бірімізді түсіну қабілетінен айырыламыз. Жалынымыз өшіп, «адамзаттың бәрін сүйгісі» келетін бауырмалдық сезімімізді жоғалтып,  алға қарай ұмтылмайтын, әдебиеттің лаулаған отынан рухтана алмайтын бейшара хәлге түсеміз. 
Аллаға мың да бір шүкір, біздің мемлекетімізде Ресей мен Батыс әдебиеті классиктерінің туындыларын насихаттау ісі жүйелі жолға қойылған. Алайда, Құдай қосқан көршіміз өзбек, қырғыз, татар, тәжік, тіпті, жергілікті тұрғындарының саны 2 миллиардқа жетіп қалған қытай халқының әдебиеті жайлы біз осындай сөздерді мақтанышпен айта алмаймыз.  Бір күн уақыт тауып Астана қаласындағы кітап дүкендерін аралап, онда әлемдік әдебиеттің қандай жауһар туындыларының  сатылып жатқанын көріп қайтыңызшы,  біздің сөзіміздің шындық екеніне көзіңіз анық жетеді.  Насихаты кемшін түсіп жатқандықтан, адам саны 7 млрд. жақындап қалған Жер тұрғындарының   4,5 млрд. астамы еншісіне тиесілі Азия елдері, оның ішінде, Шығыстың бай мәдениеті мен сөз өнері жайлы қазақ оқырмандарының білетін дерегі де, қайыршыға тастаған садақадай ойдан-қырдан жинаған болмашы бірдеңелер ғана. Көзімізге үңірейіп көрініп тұрған осы олқылықтың орнын толтыра алмасақ та, келешекте оның жойылуына себепкер  болсын деген ізгі ниетпен елі мен жері, нәсілі мен ұлтына бөлмей, әлем әдебиетінің классиктері жайында Қазақ радиосынан «Шетел әдебиеті» бағдарламасын жүргізіп келе жатқанымызға бірнеше жылдың жүзі болып қалды. Келешекте осы хабарларды дайындау барысында жинаған материалдар негізінде «Жүз жауһар» атты, әр кітаптың көлемі кем дегенде 25 баспа табақ болатын, алты томнан тұратын әлем әдебиетінің жүз ұлы ақыны мен жүз ұлы жазушысының шығармашылығын талдаған үлкен еңбек жазу жоспарымызда бар. Биылғы жылы бір Аллаға сыйынып, ойға алған ісімізді бастап Шығыс шайырлары жайлы бір үлкен кітап жазуға тәуекел етпекшіміз.  Келешек ұрпақ үшін рухани азық болатын осы еңбегіміздің тезірек жазылуына ықпал етіп, алаңсыз жұмыс жасауымызға шығармашылық жағдай туғызып, көмек көрсеткісі келетін, әдебиетіміз бен мәдениетімізге шын жаны ашитын  ұлтжанды азаматтар табылып жатса – қуана-қуана қолын қысуға дайынбыз. Табылмаса – өкпелемейміз. 
Бір діндар адамнан Алланың адамға талантты несиеге беретінін естігенім бар. Жасым жер ортасына таяп қалған шақта бойымда Құдай берген таланттың бар екеніне көзім шын жете бастады. Ендеше, Жаратушының берген қарызын өзіне қайтаратын уақыт та келген сияқты. Өйткені, елу шығармашылық адамы үшін аз жас емес. Қырыққа да толмай өмірден озған  Пушкин мен  Белинскийлердің әде­биет үшін қаншама қыруар еңбек етіп, оны қандай заңғар биіккке көтеріп кеткені есіңе түскенде,  елуге келіп қалған жасыңнан еріксіз ұялады екенсің. «Ештен де кеш жақсы» деген алдамшы үмітке малданып, күйбең тіршілікпен біраз уақытымызды босқа өткізіп алыппыз. Енді, еш нәрсеге  қарайламай, шамамыз келгенше ойға алған ісімізді  қарға адым болса да алға жылжыта беруге белімізді бекем будық. Дегенмен, бұл жазған дүниелерімізді  ғылыми еңбек ретінде емес, әңгімемізге арқау еткелі отырған ұлы ақындар мен жазушылардың  туындыларымен танысқаннан алған әсерімізді, олардың шығармашылығы жайлы оқыған кітаптар мен жүздеген мақалаларды шолып шыққан соң түйген ойларымызды нәзира үлгісінде баяндап берген әңгімеміз ретінде қабыл алыңыз.    
***
Шығыс топырағында дүниеге келген ұлы шайырлардың ішінен Руми жырларының жұлдызы ерекше жарқырайды. Ақын туындыларының даралығы мен сұлулығын, шынайылығы мен тереңдігін жүрегің сезгенмен,  түсіндіріп беруге тіл құдіреті жетпейді. Қандай ғаламат ой мен таза сезім, биік рух пен мол мағына жатыр ақын жырларында! Румиді оқыған сайын ішкі әлеміңе бір мол, игі сәуле кіргендей жан сарайың жаңғырып қоя береді.  Ақылың жетпейтін, жүрегің ғана сезетін бір ерекше құдірет бар, ақын поэзиясында.  Сана-сезіміңді билеп алып, жан әлеміңді біресе аспанда қалықтатып, біресе тұңғиыққа батырып жіберетін Руми поэзиясына теңеу табу шынымен де қиын. Шығармашылық   мұрасын жұрт Құранға теңеген кемеңгердің   туындыларын ас­пандағы Күнмен ғана салыстыруға болатын шығар;  себебі, Руми поэзиясы гуманизмінің тереңдігімен, идеяларының толе­ранттығымен, халықтар мен ұлт­тарды достыққа шақыратын, өзге дін­дерді құрметтеуге уағыздайтын мейі­рімділігімен Жер бетіндегі барлық адам­зат баласының жүрегіне ізгіліктің алтын шуағын шашқан  –  құдіретті өнер. Егер де, шайырдың артына қалдырған бай мұрасы жан-жақты насихатталып, әлемдік әдебиеттегі өзіне лайық орнын алғанда Руми туындылары Шекспир мен Гете шығармаларындай  бүкіл адамзат баласының рухани игілігіне айналар еді. Бір қуанарлығы ұлы ақынның  өмірі мен артына қалдырған мол мұрасы жөнінде кезінде біраз зерттеулер жазылып, оқырман еншісіне бұйырыпты. Келешекте осы дүниелерді ана тілімізге аудару ісін қолға алсақ, қазақ оқырманының санасына парасат сәулесін шашатын игілікті істі атқарған болар едік. Ғалымдар бұл еңбектерді екі топқа бөліп, мазмұнына сәйкес орындарын да белгілеп қойды.  Румитану ғылымында соның бірінші тобына ақынның өмірі мен қызметі туралы деректер кел­тірілген орта ғасырлардағы антологиялар, екіншісіне – шайырдың өмірі мен шығармашылығын сарапқа салған зерттеулер, сопылық көзқарасын сараптаған талдаулар жатқызылып жүр. 
Берілген мүмкіндікті пайдаланып, ба­тыс­тық шығыстану ғылымындағы осыған қатысты жазылып, оқырман көзайымына айналған Р. Никольсон, А.Дж.. Арберри, Виль Дюранта, Дж.С. Трименгема, У. Читтика, А.М. Шиммель, Х. Бюргеля, Е. Мейерович, К. Хакима, К. Эрнеста, М. Фахри, А. Гюльпинарли, Ш. Озкула, А. Кабаклы, М. Ондера және т.б. еңбектерінің маңызы зор екенін атап өткенді парыз санадым. 1995 жылы орыс тіліне аударылған Линн Вилкокстың «Сопылық және психология» кітабы бүгінгі таңдағы әлемдегі ең өзекті тақырыптардың бірі – сопылыққа арналған. Ал, Джон. А.Субхананың «Сопылық пен оның құндылықтары» («Суфизм: Его святые и святыни») кітабы да осы тақырыпты жан-жақты талдаған – құнды зерттеу. Аталған еңбектердің де Руми шығармашылығының кілтін тауып, жұмбағын  түсінуге тигізетін көмегі көп.  
Румидің өмірі мен мұрасын зерттеуге Иран ғалымдары да сүбелі үлес қосты. Әсіресе, ақын өмірбаянын нақтылап, оның барлық туындыларын жарыққа шығарған ғалым Б. Фрузонфарудың оның  шы­ғар­машылығын насихаттауға көп еңбек сіңіргенін айта кеткен ләзім. Иран ға­лымдары Сайид Нафиси, Забеуллох Сафо, Р. Шафак, М. Махджуба, Р. Хидоят. К. Гани, М.Мунаввара, Алии Дашти, Абдулхусайни Зарринкуб, М.Шарафа, Б. Фрузонфара, Муртазо Мутаххари, A.M. Бахтиёри, К. Замони, А. Тадаюна, М. Муваххада еңбектері де Руми поэзиясын тереңірек тануға жол бастайтын баспалдақтар. Ресейде ұлы ақынның мұрасы XIX ғасырда-ақ А. Крымский, Е.Э. Бертельс, В.В.Бартольд, В.А.Жуковский, В.Гордлевский, М.Ф.Ахундова зерттеулері арқылы кеңінен танымал бола бастады. Руми туралы жазған мақаламызда ол еңбектерге де көзқырымызды салып өттік. Бұл зерттеулер бізге ақын тағдырын ғана емес, сонымен қатар оның өмір сүрген уақытындағы тарихи және мәдени жағдайлармен де кеңірек танысуға мол мүмкіндік берді. 
Тәжікстанда жарық көрген Н. Ф. Одилолованың «Джалаладдин Ру­мидің дүниетанымы», Х. М. Зие­ваның «Мав­лавия сопылық ордені, М.Т.Мамаджонованың «Джалаладдин Румидің философиясы» еңбектерінің румитану ғылымына қосқан жаңалығы да орасан зор. Ал,  Қадыров Кәрімжанның «Сопылықтың педагогикалық және дидактикалық идеялары: қалыптасуы мен дамуының идеялық қайнары» атты докторлық диссертациясында Санаи, Низами, Аттар, Руми, Ғазали, Саади мен Джамидің педагогикалық және дидактикалық идеялары зерттелген. Сондай-ақ, Х.Афзалов, К.Қадыров, М. Лутфуллоев, Ф. Шарифзода, И.Х.Каримова, А.Пахлавонов, С.Сулаймонидің  тәжік-пар­сы классиктерінің педагогикалық көзқа­растарына қатысты талдауларыда Шығыс мәде­ниетінің сырына  тереңірек үңілуімізге көп пайдасын тигізді. Дегенмен, қаншама зерттеулер жазылғанымен, Румидің педагогикалық көзқарасын жан-жақты ашып берген еңбек әлі күнге дейін жазылмапты. Ұлы ақынның педагогикалық көзқарасы, оның теоретикалық және дидактикалық аспектілері толық зерт­телмепті. Сондықтан да, Руми ке­меңгерлігінің осы бір қырына келешекте назар аударылса нұр үстіне нұр болар еді. 
Қысқаша қайырғанда әлемдік румитану ғылымының бүгінгі таңдағы жай-жапсары осындай. Енді, уақытты соза бермей, негізгі әңгімемізге көшіп, қымбатты оқушымызды Румидің өмірі және шығармашылығымен таныстыруымызды бастайық. 
*** 
Ұлы ақындар жайлы барлық уақытта да халық арасына тараған аңыздар көп.  Ғұлама Платон «Егер, нағыз ақын болғыңыз келсе, өзің туралы аңыз туғыза біл», – деген екен, бір сөзінде. Сократтың шәкірті, Арис­тотельдің ұстазы Платонның дуалы аузынан осы бір қанатты сөздің шыққанына екі мың жылдан астам уақыт тасқыны ағып өтсе де, кәрі тарих оның өмірдің айнымас қағидасы мен мәңгіліктің заңдылығына айналғанын қайта-қайта дәлелдеумен келеді.
Аңызды ақынға деген халықтың сүйіспеншілігі мен махаббаты туғы­затыны әмбеге аян.  Уақыт өте  берген сайын олар ақынның өмір тарихымен қол ұстасып кетіп, ойдан шығарылған аңыз бен өмірлік шындықтың ара жігін ажырата алмай қалатын жағдайымыз да бар.  Мысалды алыстан іздеп, әуре болып қайтеміз. Бақилық болғанына жарты ғасыр да толмаған Мұқағали жөнінде айтылып жүрген талай әңгімелердің қайсысы шындық екенін ажырата алмай, бүгінгі таңда ақын бейнесінің аңызға айналып кеткенін бір сәт есімізге түсірсек,  ел ішіндегі кейде бір-біріне қайшы келетін әңгімелердің расы мен өтірігін айырудың жылдар өткен сайын күрделе түскенін мойындауға тура келеді.  Ендеше, тоғыз ғасыр топырағының астында көміліп қалған Румидің өмірі туралы нағыз шындықты іздеудің  «бір мая шөптің ішінен иненің сынығын іздегенмен» пара-пар әрекет екеніне ешкім күмән келтіре қоймас. 
Көне заманнан бізге жеткен, сондай, аңыз-әңгімелердің бірінде ақынның әкесі Бахааддин Валадтың  (шын аты-жөні Мұхаммед ибн Хусейн әл-Хатиби әл-Балқи) белгілі бір себептермен туған жері  Балқыдан кетіп,  Мекке мен Мединедегі қасиетті жерлерге  тағзым етуге бел буып  сапарлап шыққанда Нишапур қаласына аялдағаны айтылады. Бұл қалада ол парсының атақты сопы ақыны Фариддадин Аттарды жолықтырады. 
Ақынның әкесі өз заманындағы көзі ашық, көкірегі ояу зиялылардың бірі болды.  Еліне сыйлы ақынмен әңгімелесу бақыты бұйырған  әкесінің қуаныштан көңілі толқып, екеуінің әңгімесі жарасып, ұзақ жылдар бойы көріспеген дос­тардай ұзақ сырласады.  Әңгімесінің түйінін тарқатқан Аттардың көзі бір уақытта  жанары жәудіреп, екеуінің сұхбаттасуын тапжылмай тыңдап отырған Валадтың ұлына түсіп кетеді. Алла жаратқан ерекше болмысында ақындықпен бірге көріпкелдік қасиет те бар Аттар баланың бойындағы үлкен таланттың ұшқынын әңгімені тыңдаған сәттегі оттай жанған жанарынан байқап қалып, әкесінің жүзіне мейірлене қарап: «Құдай қаласа, сенің артыңнан ерген ұлыңның атағы шығып, мыңдаған адамдардың жүрегіне шоқ тастап, дүйім жұрттың мақтанышына айналатын күні алыс емес», – деп сәуегейлік жасап, таяуда ғана жазып бітірген, қаламының сиясы әлі кебе қоймаған «Асрар-наме» («Құпиялардың кітабы») поэмасын сыйлап, батасын береді.  
Бақыттан басы айналған бала дастанды көзінің қарашығындай сақтап,  ең киелі мүлкіндей қастерлеп ұстайды. Мәні терең, мағынасы шыңыраудай шығарманы қайта-қайта оқып, өмір бойы одан тағылым алады. Көңіліне қонақтаған күдіктің тұманын сейілткен сәулелі сөздің шуағын да, тыныштық бермей жанын мазалаған күрмеуі күрделі сауалдардың жауабын да ол осы шығармадан табады.  Есейе келе баланың жүрегінен таңғажайып жырлартуып, расында да ол мыңдаған адамдардың жан әлеміне жол тапқан Аттардан да даңқы асқан ғажайып ақын болды. 
Руми ақынның қалың бұқараға танымал болған лақап аты. «Румнан шыққан» деген ұғымды білдіретін сөздің шығу төркінін әдебиет зерттеушілері шайырдың туып-өскен мекенімен байланыстырады. Ақынның шын аты-жөнінің Джалладдин Мұхаммед екенін бүгінгі таңда жұрттың көбі біле бермейді. Көзі тірісінде аңызға айналған Румидің шығармашылығы мен діни-философиялық көзқарасы Таяу және Орта Шығыс халықтарының әдебиетіне қатты әсер етіп, ойлау жүйесінде терең ізін қалдырды. Біреулер, әулие санап, ұлылығын сипаттауға теңеу таба алмай қиналған,  екіншілері,оның ұлылығын мойындағысы келмей, жоққа шығаруға тырысқан Руми есімімен әдебиет тарихында мәңгі аты қалған  ақын 1207 жылдың 30 қыркүйегінде, Балқы қаласында дүниеге келді. Бүгінгі күні Ау­ған­станның  солтүстігіндегі елеусіз ғана қалашық Балқының  бір кездері Қытай мен Үнді, Иран мен Мауреннахрдың керуен жолдарының тоғысындағы гүлденген алып шаһар болғанына қазіргі уақытта біреуді сендіру қиын-ау!  Қиын! Сонау алыс заманда бұл қала  Хорезмшах билігін жүргізген Алааддин Мұхаммедке бағынды. 
Адам баласының тұлға болуының іргетасы әке-шешесінің бауырында жүр­генде-ақ қалана бастайды. Румидің дүние­танымының қалыптасуына әкесінің көр­сеткен тәлім-тәрбиесінің тигізген шарапаты мол. Әкесі Бахааддин Валад қоғамда сыйлы, мұсылмандық дін ілімі, Құран мен Мұхаммед пайғамбар туралы хикаяларды жақсы білген көзі ашық, сауатты адам болды.  Ғажайып шешендігімен де көзге түскен ол, сол заманда үлкен дәреже болып саналған, дін уағызшысы жоғары мәртебесін иеленген адам.  Соған қарамастан, әкесінің бүйрегі сопылық – діни мистицизмге бұрып тұрды. Бірақ, Бахааддин оны жалпақ жұрттан жасырмады  және өзін зияткер-сопы Ахмад әл-Ғазалидің рухани шәкірті санап, замандасы, тәжірибешіл-сопы Наджмаддин Кубрдың көзқарасын жақтады.  Басқаша сөзбен айтсақ,  жан-жақты теологиялық білімі, сол заманға сай ғалымдығы оның  діни тәлімгер мен ұстаз ретіндегі беделін қалыптастырды.  Жұрт алдында сөйлеген дәрістерімен ол жиналған тыңдаушылардың жүректерін елжіретіп, көңілдерін баурап, сезімдерін ұйытты. Кейін әкесі жұртқа айтқан  уағыздарын «әл Ма’ариф» («Таным») атты жинаққа топтастырды. Сол жылдары  Таяу Шығыста үстемдік еткен, Құдайды тану мүмкіндігі туралы сопылық доктринаны баяндаған қағидалармен үйлесім тапқан исламдық діни дүниетаным тұжырымы болып табылатын бұл жинақ, әкесінің еңбегін оқып үйренген Джалаладдиннің көзқарасының қалыптасуына да әсер ете бастады. 
«Әл Ма’ариф» («Таным») жина­ғындағы кездесетін, кейбір тұспалды әңгімелерге қарағанда  Румидің әкесі Бахааддин Валад пен дін маманы, Хорезмшаз сарайының жанындағы сенім мәселелеріне байланысты талай айтыс-тартыстардың жеңімпазы Фахраддин Разидің арасында пікір қайшылығы туып, оның аяғы өзара өшпенділік пен жауласуға ұласқанға ұқсайды. Әулет пен оның сарайы Разиді қолдады. Жүз жерден оқымысты болсаң да сарай жанындағы ықпалы күшті діни қызметкермен өштесу өте қауіпті еді, ол заманда. 
Білімінен гөрі айлакерлігі басым, оның үстіне билікке де басқалардан гөрі бір табан жақын Разиді жұрттың бәрі жек көргенімен, ұстасып қалудан қатты қаймығатын. Қарсы келген адамының көзін құртып жіберуге Разидің залымдығы молынан жететін.  1209 жылы Фахриддин Разидің жымысқы әрекетінің арқасында Хорезмшахтың бұй­рығымен дәруіш Маджаддадин Бағдадидің бұзарлығы үшін айыпталып, Әмурдарияға батырып өлтірілген соң, онымен сөз таластыруға ешкімнің жүрегі дауаламай­тын. Ендеше, тісін қайрап жүрген дұшпанына мінез көрсетіп, адам түгіл жел тимеген бетіне қарсы келіп қалған Бахааддиннің басына елінен кету туралы ойдың келуі соншалықты бір таң қаларлық нәрсе емес. Дегенмен, көңіліне алған  ойын ол Рази өмірден өткеннен кейін ғана іске  асыра алды. Хорезмшах пен бағдат халифтерімен арасындағы қарым-қатынасының үзілуі, халифтің жақтастарына қарсы қудалаулардың өрши түсуінің салдарынан, ақыр соңында Бахааддин қажылықты сылтау етіп, туған жерін тастап, көшуге мәжбүр болды. Румидің әкесінің дәл қай күні Балқыдан кеткені беймәлім. Шамасы ол отбасын алып, 40 шәкірті және ізбасарларымен бірге 1214 пен 1216 жылдардың аралығында елден жүріп кеткен болуы әбден ықтимал. Өйткені, 1217 жылы оның Румға  (Кіші Азия) келіп, румдық Селжұқтар мемлекетіндегі қалалардың бірі Малатьяға орналасқанын растайтын деректер  бар, ғылымда.Малатьяға жеткенде  Джалаладдиннің  он жастан енді ғана асқан шағы болатын.  

***
Руми өмір сүрген дәуірдегі Кіші Азияның саяси картасы алашұбар еді. Орталығында Конья астанасы бой көтерген (ежелгі Икониум) Сел­жұқтардың румдық сұлтанаты (1077-1307) орналасты. Ол Алладдин Кайкубада І-ші  (1219-1236) мен Гийасадин Кайхосрав (1236-1245) басқарған дәуірлерде экономикасы мен мәдениеті өркендеген, күшті мемлекеттік құрылым болды. Шыңғыс ханның жетегіне ерген дала шапқыншыларының зорлық-зомбылығынан қатты шаршап, одан құтылуды аңсаған Мауреннахрдан Иранға қарай ағылған босқындардың көздеріне алыстағы осы сұлтанат жерұйықтың мекеніндей болып елестеді. Толас таппаған босқындардың легі оған қарай сарқыраған өзендей болып ағылды. Шеберлігімен дүйім жұртты тамсандырған талай-талай қолөнершілер, дүниенің сырын зерттеген талай-талай ғалымдар, ғажайып ғазалдарымен жүректерді тебіренткен  талай-талай шайырлар сұлтанаттағы  қалалардан пана  тапты. Дегенмен, мұсылман әлемінің бұл бөлігіндегі тыныштық салтанатының шын мәні­сінде алдамшы ғана құбылыс екенін олар қайдан білсін. 
Іс жүзінде Рум сұлтанатының саяси-экономикалық іргетасы екі құрылымнан тұрды: шалғай аймақта орналасқан көшпелі тайпалар мен елдегі қалалар және жер иеленуші аудандарда үстемдігін жүргізген  отырықшы тұрғындар. Бұл екі құрылымның арасындағы теке-тірес  феодалдандыру про­цесінде шиеленісе  түсіп, келіспеушілікке ұласты. Тайпалар отырықшылық өмір­ге өтудің түрлі сатысында болатын,   сондықтан да, тайпалық-туыстық байла­ныстың әлсіреуі мен олардың ішіне фео­далдық қарым-қатынастардың орнығуы ауырт­палықсыз өткен жоқ. Орталық биліктің бақылауға алғысы келген әрекеттерінен де еш нәтиже шықпады, көшпенді еріктілер бақылауда болуға көнбеді. Сұлтанатқа Ұлы Селжұқтар мемлекетінен мұрагерлікке қалған әскер отырықшы шаруашылығы мен қолөнер өндірісі бар қалалардағы әулеттердің маңайына шоғырланып, феодал шонжарлардың ғана мүддесін қорғады. Әлеуметтік ахуал күрделеніп, түрлі қоғам­дық құрылымдардың арасындағы теке-тірестердің салдарынан аяқ астынан Баба Исхактың (1239) жетекшілік етуі­мен бас­таған көтеріліс бұрқ ете қалып, сұл­та­наттың жағдайын шатқаяқтатып тас­тады. Билік халықтың ашу-ызасынан туған көтерілісті әупірімдеп жүріп әрең басқанда, Рум сұлтанатының шекарасында татар-моңғол басқыншылары пайда бола қалды. Кеседағ маңындағы шайқаста олар селжұқ әскерінің быт-шытын шығарып талқандап, сұлтанат өзінің бағыныштылығын мойындап, тәуелсіздігінен айырылды, барлық билік моңғол билеушілерінің қолына өтті. Үш айдан кейін татар-моңғол жаулаушылары Иранға бағыт алып, Румды ойрандады, елдің көптеген қалаларын жермен-жексен қылды, мыңдаған адамдарды аяусыздықпен өлтіріп, ондаған мың тұрғындарды тұтқынға алды. Міне осылайша бір кездері гүлденген Рум сұлтанатының іргесі сөгіліп, ХІІІ ғасырдың аяғында ондаған хандықтарға бөлініп кетіп, 1307 жылдары өмір сүруін біржола тоқтатты. 

***
Румға келе салысымен Бахаадин отбасы әуелі Малатядан Сивасқа (1219 жылы), сосын Ақшекірге көшіп ол жерде үш жылдай тұрақтады. Шамамен 1222 жылы Ларенда (қазіргі Қараман) қаласына қоныс аударып, онда жеті жылдай өмір сүрді. Ларендада  Джалаладдиннің шешесі Мүмін-Ханым дүние салды, осы жерде ол 1225 жылы Шарафаддин Лала Самарқанидің қызы Жауһар Ханымға үйленіп, бір жылдан кейін тұңғыш перзенті Сұлтан-Велед өмірге келді. Кейін ақынның ұлы «Валад-наме» поэмасында («Валад туралы кітап») аталарының өмірбаяндық шежіресін өлең үлгісімен жазып шығып, әкесінің бірден-бір шырақшысына айналып, артына қалдырған рухани мұрасына ие болып қалды. 
Ларендідегі өмір қалыпша ағып жатқан уақытта бұл қаладан да кетуге тура келді: кенеттен Бахаадинге Рум сұлтанатының әміршісі Алааддин Кайкуба І-дің дербес елшісі келіп, Коньядағы атақты ме­дресе­лердің  біріндегі құрметті және  лауазымды   қызметті  ұсынды.  Ұсынысты қабыл алған әкесі 1228 жылы Коньяға тартып отырып,  1231 жылдың 23 ақпанында сонда дүние салды.   Араб аңызы бойынша,  ол жерде ежелгі грек философы Платон да қайтыс болған екен. Ол жылдары Конья сұлтанаттың астанасы болды. 1220 жылы әмірші  Кайкубад осыдан біраз уақыт бұрын оның ізбасары Кайкаус І-дің кезінде құрылысы басталған жаңа мешітті салып бітіреді. Жақсы абаттандырылған және сәулетті медреселерімен даңқы шыққан үлкен шаһарға Египеттен,  Сириядан және Ирактан ағылған студенттердің легі толас­тамай, мәдени және діни өмір астанада қайнап жатты. 
Әкесі өмірден өткен соң, жиырма төрт жасқа енді ғана толған Джалаладдин ме­дреседегі  оның орнын басып,  жергілікті діни беделділердің тобына қосылды. Бірақ,  сол замандағы қалыптасқан түсінік  бойынша үлкен мешітте жұма сайын уағыз айту, жергілікті ақсүйектер мен ауқатты қалалықтардың балаларына дін мамандығы мен дін құқығының негіздерін оқыту және  Құранды түсіндіру үшін ол тым жас болып саналды. Өкінішке қарай, сол жылдардағы Джалаладдиннің қаншалықты білімді болғаны туралы деректер ғылымда сақталмаған. Жиі-жиі көшуге тура келгендіктен оны тәрбиелеу және оқыту ісімен әкесі айналысқан болуы керек. Бірақ, кенеттен Коньяда, Джалаладдиннің маңына, оған қолдау көрсету үшін марқұм әкесінің ізбасарлары, ықпалды және беделді шәкірттері жинала қалды. 1232 жылы Термезден әкесінің ниеттесі, «Кубравийа» мистикалық бауырластығының мүшесі Сейид Бурханаддин Мухаккик арнайы келіп, өзін толықтай Джалаладдиннің рухани тәрбиесіне арнап, болашақ ақын тоғыз жыл бойы оның мүрит-шәкірті болды. Бурханаддин оған  «мистикалық» жолдың маңызды құпияларын үйретіп, сырт көзге аса байқалмайтын сопылық ілімнің мәнісін түсіндірді.  Бірақ,  дәл сол жылдары Джалаладдинді ұстазының тағылымы аса қызықтыра қоймады.  Ол материалдық жағдайын жақсартуға көбірек көңіл бөліп, оған қол жеткізетін толық және жүйелі білім алуды армандады. Көздеген мақсатына жету үшін Сирияға аттанып, мұсылман ғылымы мен діни білімнің орталығы Алеппо мен Дамаскіде жеті жылдай уақытын өткізді. Еліне қайтып оралғанда таяуда ғана таққа отырған Гийасаддин Кайхосрав ІІ-ші оны медресенің басшысы етіп тағайындады. 
Биік мәртебеге қол жеткізген Джалалад­диннің одан кейінгі бес жыл бойғы өмірі өз арнасымен қалыпты ағып, әл-ауқаты жақсарып, барақат тіршілік кешіп жатты. Үйлі-баранды болып, медреселерде дәріс, үлкен мешіттерде уағыз оқыды. Құрмет көрсеткен шәкірттері мен студенттері де көп болды. Бір қарағанда адам баласына осыдан артық қандай тыныштық пен бақыт керек. Бақытты өмірден басы айналған Джалаладдин сол уақыттағы елін алаңдатқан әлеуметтік және саяси дауылдарға аса назар да аудармады. Әлеуметтік теңсіздіктерге қарсы Баба-Исхактың бастауымен болған көтеріліс те, монғол  атты әскерлерінің шабуылдары да, құлдыққа айдалған отандастарының көз жасы оны аса алаңдата қоймады. Шайыр шығармашылығымен танысқан адам оның көл-көсір мұрасынан жоғарыда айтылған оқиғалар жөнінде бір ауыз сөз таба алмайды. Ақын дүние салғаннан кейін оның ізбасарлары мен өмірбаянын зерттеушілері осы бір олқылықты байқап қалып, Джалаладдин жөнінде неше түрлі ақылға сыймайтын аңыздарды ойлап шығарғаны да әдебиет тарихынан белгілі.  
Джалаладдин болса, сол замандағы жоғары мансап саналатын, қоғамда қатты құрметтелетін діни қайраткер болудың  жолы ашылғанына шын көңі­лімен разы еді.  Дін ісіне беріліп Құранға арнап түсініктемелерін жазғысы және  кең мағыналы түсініктемелермен қам­тылған, әдеби тілмен кестеленген Пайғамбар сөздерінің жинағын шығарғысы келді. Ақын боламын деген ой ол кездері Джалаладдиннің үш ұйықтаса түсіне кірген жоқ.  Поэзиямен шұғылдану діни адамдардың арасында ол заманда жағымсыз іс болып саналды. Бірақ, тағдырдың жазуымен, азғантай ғана уақыттың ішінде оның өмірі күрт өзгеріп сала берді. Кезбе сопы Шәмсаддин Мұхаммед Тәбрізімен кездескен бір сәт оның ойын мүлде басқа арнаға бұрып, бүкіл өмірін өзгертіп жіберді. 

***
Екі ұлы ғұламаның кездесуін мен өз басым тағдырдың ісі деп ұғамын.  Жұмыр басты пенденің жарық дүниеге келгеннен, жер қойнына енгенше  қасынан бір елі қалмайтын серігі бар. Ол – тағдыр. Адам баласының бағының жануы мен қайғы-қасіретке белшесінен батуы, сара жолды таңдауы немесе өмір орманында адасуының бәрі де осы тағдырдың  жұмса жұдырығында, ашса алақанында.  Талант  Алланың  сыйы дегенімізбен, ақындық  сол Құдайдың қалауымен  – адамның маңдайына жазылған тағдыры болса керек. Шығыстың ұлы перзенті Румиді ақын еткен де – тағдырдың құдіреті болатын. Егер, ол өмір сапарында Шәмсаддинді жолықтырмағанда Руми есімді ұлы ақынның тарихта болмауы, оның жалындаған жанынан тамаша туындылардың тумауы да әбден ықтимал  еді. 
Екі кемеңгерді тағдыр жолықтырған оқиға 1244 жылдың 26 қарашасында болды. Сол күні Тәбрізде туып-өскен кезбе дәруіш Шәмсаддин Дамаскіден сапарлап келе жатып Коньяға аялдап, қант сатушы саудагердің үйіне аялдайды.  Біраз уақыттан кейін таза ауамен тыныстау үшін сыртқа шығып, шәкірттері мен студенттерінің ортасында қошеметке бөленіп, оған қарай келе жатқан дін қызметшісін алыстан көзі шалады. Адамдардың қарасы өзіне жақындап қалғанда ол шәкірттерінің қошеметіне бөленген Джалаладдинге қарап: «Егер, білсең, айтшы маған, Құдайдың құлдарының қайсысы ұлырақ: Мұхаммед пайғамбар ма, әлде Бистамнан шыққан Баязит па?», –  деп күтпеген жерден, оған тосын сауал қояды.   «Әрине, Мұхаммед, өйткені, Құранда оның адамдарға жіберілген соңғы пайғамбар екені айтылған», – деген мағынадағы Джалаладдиннің берген жауабына қанағаттанбаған Шәмсаддин: «Ендеше, Мұхаммедтің «О, Алла біз сенің шын мәнісінде қандай екеніңді білмейміз деген сөзін қалай түсінеміз? Ал, Баязит болса «Мен даңқтымын. Мен даңқтымын! Менің құдіретім соншалықты ұлы» деп жар салған-тұғын», – дейді, аспандағы Күнге қарап күлімсіреп. 
Данышпанның дүние сырын өзгеше саралап, басқаша таразылайтын терең танымы Джалаладдинді таң-тамаша қалдырып, аузын ашып, көзін жұмғызады. Жасы біразға келіп қалған дәруіштен  ол басқа ешкімге ұқсамайтын болмысы бөлек жаратылған тұлғаны көреді. Бұрын-соңды Джалаладдин тап осындай ерекше болып туған адамды жолықтырмапты. Ол еліне сапарлап келген дәруішті  медресенің жанындағы үйіне қонаққа шақырып, сол күннен бас­тап сыртқы әлемнен қол үзіп, 16 ай бойы Шәмсаддинмен сырласып, ұлағатынан ғибрат алады. Шәмсаддин ілімі ол үшін дүниенің бәрі қамтылған Махаббаттың сәулесіне айналады. Ұлы достықтың арқа­сында ол бұрын соңды байқамаған жаңа әлемнің есігін ашып, оның сырын түсінгендей өзгеше көңіл-күйге бөленеді. 
Жасы алпысқа таяп қалған Шәм­саддин Тәбрізі  көп адам түсіне бермейтін жұмбақ жан болатын.  Бізге жеткен дерек көздерінде де оның бейнесі ылғи да бір құпиямен тұманданған: ол кенеттен пайда болып, сосын, көзге көрінбей аяқ астынан жоғалып кетеді. Көптеген зерттеушілер Шәмсаддиннің ғайып болуы Джалаладдиннің жанын жаралаған трагедиясына айналып, өмірін түбегейлі өзгертіп жібергенін айтады. Ол жөнінде парсы әдебиетінен бізге жеткен аңыздар да көп. 
Шәмсаддин Тәбрізі – тарихи тұлға. Дүниеге көзқарасы календарлық ағайын­дығына жақын дәруіштің сопылық идеясын насихаттап Таяу Шығыс елдерін кезіп жүргені мәлім. Ол кез-келген салт­тық және дін ұйғарымдарды жоққа шығарды, адамдарды рухани тазалыққа шақырды және халықтан тамырыңды үзбей, онымен тікелей қарым-қатынаста болу керек екенін  дәріптеді. Дін ілімінің рационализмі мен тәжірибеден қол үз­ген философияға қарсы шықты, діни өзгешелікті мойындамады және түрлі діндердің арасындағы адамдардың достығын қолдап, кез-келген діннің мәні­сі салттық рәсімді сақтауда емес, Аллаға деген шынайы махаббатта жататынын уағыздады. 
Шәмсаддиннің идеялары мен көз­қара­сының дәні құнарлы топыраққа түсіп, өз жемісін бере бастады. Джалаладдиннің дәруіштің іліміне деген шынайы іңкәрлігі күн­нен күнге арта түсті. Сопымен кездескен күннен бастап ол медреседегі оқуын тастап, шәкірттерінен қол үзіп, үй-ішіндегілермен де сирек араласатын болды. Әрине, Джалаладдиннің кенеттен өзгеріп кетуі, көпшіліктің наразылығын туғызды. Олар ашықтан-ашық қорқытуға көшіп, Шәмсаддиннің өміріне қастандық та жасай жаздады. Қатты ашуланған надан тобырды тоқтата алмайтынын сезген  Шәмсаддин 1246 жылдың 11 наурызында Коньяны тас­тап, Дамаскіге кетіп қалды. Рухани сырласын жоғалтып, жалғыздыққа ұшырап, қапа болған Джалаладдин жанын қоярға жер таппай шарқ ұрып, іздеу салды. Ұстазының Дамаскіде екенін анықтап біліп, оны елге  қайтару үшін оған шын көңілімен сенетін, ең жақсы көретін  ұлы Сұлтан-Веледті жібереді.  Ол сұрау салып жүріп Шәмсаддинді  тауып алып, екеуі жаяу жүріп Коньяға  оралады. Джалаладдиннің шәкірттері Шәмсаддиннің оралуын жақтырған жоқ.  Жүректеріндегі дәруішке деген өшпенділіктері  бұрынғыдан бетер күшейіп, оған төнген  қауіп-қатердің бұлты бұрынғыдан бетер қоюлана түсті. Сүйікті ұстазы, һәм рухани сырласымен қайта қауышқан Джалаладдиннің бақыттан басы айналып, қуанышы қойнына сыймайды. Дүние қайтадан жадырап сала беріп, көңілі шаттыққа кенелді. Ал, Шәмсаддинге қатты өшіккен дұшпандары қарап жатпай, жүзеге асырғалы жатқан залым іс­терін ойластырып та қойған болатын. Шәм­саддинді – өлім, ал, Джалаладдинді өмірінен де артық сүйген адамынан айрылу  бақытсыздығы күтіп тұрғанын сол мезгілде екеуі де сезген жоқ. Бір-бірімен сырласып, екі ұлы кемеңгер бірінің танымын екіншісі тереңдетіп, рухани сырласудың шын бақыты мен ләззатына бөленіп жатты.  1247 жылы Шәмсаддин аяқ астынан мәңгілікке жоғалып кетті. Бүгінгі күнге жеткен кейбір деректерге жүгінсек, ол  Джалаладдиннің кіші ұлының арандатуымен пышақтап өлтіріліп, мүрдесі құдыққа лақтырылған. Дәруіштің сүйе­гін Джалладдиннің сүйікті ұлы Сұл­тан-Велед іздестіріп тауып, зиратқа апарып жерлейді. Бірақ, Шәмсаддиннің өлімі жөніндегі жан түршігерлік оқиғаны ол әкесіне естіртпейді.  
Джалаладдин  қайтадан  күйзеліп, қайғыдан қамығып, жанын қоярға жер таппай ұстазын іздеп екі рет Дамаскіге барады. Шәмсаддиннің қайғылы жағдайға ұшырағанын сезген Джалаладдиннің өмір сүргісі келмей, көңілі құлазып, сезімі мұз құрсанады. Ұлы махаббаттың сәулесі мәңгілікке сөнді. Енді, өмір сүруде де еш мағына қалмағандай. Жанды жаншыған қасіретті, жүректі жаралаған қайғыны кім емдей алады? Кім?  Адамдар, не деген қатыгезсіңдер. Алланың жерге жіберген елшісіне, дәттерің шыдап, қалай сендердің қолдарың көтерілді? Қалай? Арыстан еді ғой, Шәмсаддин!  Асқар таудан да биік еді ғой – оның рухы!  Телегей теңізден де терең еді ғой- оның танымы! Аспандағы Күннен де мейірімді еді ғой – оның жүрегінің сәулесі.  Асқар тауларыңды шөктіріп, телегей теңіздеріңді суалтып, атқан күндеріңді батырып – армандарыңа жеттіңдер ме, бейшаралар? 
Джалаладдиннің рухани ізашары, әрі сырласын жоқтап, қалай күйзелгені жайында оның ұлы Сұлтан-Веледтің «Валад-наме» поэмасында  шебер  суреттелген жолдар көп. Рухани сырласын мәңгі жоғалтқанын сезген үрей Джалаладдиннің ақылынан адастырғандай күйге түсірді. Жұрт енді оны жынданып кетеме деп те шошыды.   Құдай сақтап, қайғы қабырғасына қанша батса да Джалаладдин ақыл-есін жоғалтқан жоқ, бұрынғы қызметіне де қайтып бармады.  Өміріне шуағын шашып, жанын нұрландырған адамынан  айырылған Джалаладдин оның рухани ізбасары болуға бел буып, біржолта ақындық жолға түсті... 

*** 
Шамасы Джалаладдин бұрын-соңды да поэзияда бағын сынап көрген болуы тиіс. Бірақ, Шәмсаддинмен достығы, кенеттен одан айырылып жанының  қиналуы,  ақынның жүрегін оттай жандырып, кемең­герлік қабілетін оятты. Ол шынайы адамгершілік сезімнің сәулесі төгілген, мағынасы терең, бояуы құлпырған ойлы жырлар жаза бастады. Ақынның «Диванына» енген бұл ғазалдардың көбісіне ол Шәмсі деп те қол қойып, осындай жолмен рухани сырласының мәңгілікке жоғалмағанын, жан әлемінде өмір сүріп жатқанын көрсеткісі келді. 
Джалаладдин талантының тағы бір қыры – музыкалық дарыны. Ақынның сыбызғы тартуға ерекше бейімі болды. Шәмсаддин жоғалып кеткеннен кейін ол жалпыға ортақ мінажаттар ұйымдастырып, музыканың ырғағымен осы салт үшін арнайы шығарылған ғазелдерді жырлады. Кейін Джалаладдин бұл салтқа ол үшін Шәмсаддинді іздеу мен сол нәзік үмітінің үзілгенін білдірудің көрінісі болып табылатын биді де енгізді. Мұндай зікір салулар сама деген атқа ие болды. Сопылар қауымының күнделікті тәжірибесінде ол Руми саманы өзінің ағайындығына енгізгенге дейін де бар-тұғын.  Сопылар музыка құдіретінің адамдардың сезімі мен көңіл-күйін қалай баурай алатынын жақсы түсінді. Джалаладдин Коньядағы дәруіштердің жалпы жиындарының салтына бірінші рет музыка мен биді енгізді және тұңғыш рет оны медреседе қолданды. Румидің қуанышқа толы көңіл күйінің жемісі іспетті поэтикалық мұрасы оның зікір салу барысында дүниеге келген шығармалары болып табылатынын да айта кеткен ләзім. 
Зікір салу салты ағайындықта бірте-бірте қалыптасты да Румидің әулеті Пир Адиле Челеби (1460 жылы дүние салған) кезінде заңдастырылды. Зікір салу тұрақты режиссурасы мен сценарийі, кезектесіп келетін әнмен сүйемелденетін билердің ырғағы бар өзінше бір театрландырылған көрініске айналды. Егжей-тегжейлі дайындалған бұл күрделі рәсімде ұйымдастырушылардың өздерімен бірге көрермендер де жаппай желігу мен еліруге түсіп, өзін-өзі билей алмай жатты. Батыс Еуропада мұндай зікір салушылықты қолданған «Мавлави» ағайындығы «дөңгеленген дәруіштердің ордені» деп аталды. 
Джалаладдинге оның көңілін шабыттандыратын, жан досын еске салатын адамсыз өмір сүру қиынға соқты. Сондықтан да, ол 1249 жылы Шәмсаддиннің басқа бір адамның, атап айтсақ, Коньядан шыққан өз ісінің алтын шебері Салахаддин Фаридун Заркубаның шәкірті бейнесінде өмірге қайтып оралғанын жалпақ жұртқа жариялады. Сөйтіп, еш білімі жоқ, сыпайы, әрі сүйкімді жас жігітті ол аға шәкірті, яғни, өзінің орынбасары (халифа) етіп тағайындады. Бұл оқиға шәкірттерінің нарызылығын туғызып, оны өлтіруге ас­тыр­тын әрекет те ойластырыла  бастады. Олардың зымиян әрекеттерін сезіп қалған  Джалаладдин егер де Фариддунға қандай да бір зұлымдық жасалса, Коньяны мәңгілікке тастап кететінін ескертіп, тұтанып бара жатқан жанжалды тоқтатты. 1258 жылдың 29 желтоқсанында Салахаддин кенеттен қайтыс болды. Жаны жабырқап, қайтадан қайғының теңізіне батқан ақын жүрегінен мұңлы жырлар төгілді.  «Күн ұясына батты, ай көтерілді, оны да бұлттар жауып тастады» деп жазды ол сол жылдары туған бір өлеңінде.  Ақынның бұл атақты жыры «бірақ, жұлдыз туды» деп аяқталады. Джалаладдин сәуегейлік танытып болжаған жұлдыз Хусамаддин Хасан еді. Ол ақынның нағыз досы мен көмекшісіне айналды. Парсы әдебиеті алты бөлімнен тұратын «Мәснави» поэмасының дүниеге келгені үшін ең алдымен осы адамға қарыздар. Шәкірттерінің атынан өтініш жасап, ол Джалаладдинді атақты  поэманы жазуға көндірді. Көлеңкесі сияқты артынан қалмай,  аузынан шыққан сөздерінің бәрін қағазға түсіріп отырды. «Мәснави» поэмасын Руми  1258 жылы бастап, бірінші бөлімін 1261 жылы аяқтады. 
Аяқ астынан әйелі дүние салып, ақын екі жылдай поэманы жазудан қол үзіп қалды. 1263 жылы жұмыс қайтадан жалғасын тауып, ол күні-түні еңбектенді. Соңғы 6 дәптерді 1270 жылы аяқтады. Бұл үлкен туындысын жазуға ақынның 12 жыл өмірі кетті. Қайтыс боларының алдында ақын поэмасын қайта қарап шығып, көп жерлерін түзетті. Ұлы мен Хусамаддин кезектесіп оған поэманы оқып беріп, ақын кейбір түсініксіз тұстарды өңдеді. 
Шығыстың ұлы шайыры Руми артына мол мұра қалдырды. Шайырдың өмірбаянын  зерттеушілердің айтуынша 26 640 бәйіттен тұратын атақты поэмасынан бөлек (белгілі ағылшын шығыстанушысы Р.Никольсонның жа­рия­лағысы келген сегіз томнан тұратын ғылымы басылымы 25 632 бәйіттен тұрады) бізге жеткен біраз мұрасы бар. Атап айтсақ олар: 1) «Диван және Шәмс» («Шәмсаддиннің өлеңдер жинағы»). Ру­ми шығармашылығының білгірі иран­дық Бади аз-Заман Фарузанфардың арқасында 1957-1963 жылдары Теһранда жарық көрген сегіз томнан тұратын жинақта 60 мың өлең жолдары бар. 2) Ұлы жазып алған үш томды құрайтын прозалық шығармалары. Бұл туындылар да әр жылдары Теһран мен Стамбулда жарық көрді. 
Джалаладдин Руми 1273 жылдың 17 желтоқсанында Коньяда қайтыс болып, Алладдин Кайкуба І-дің кезінде салынған мазардағы әкесінің жанына жерленді.


(Жалғасы бар)

353 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз