• Заманхат
  • 16 Шілде, 2012

Жаһандану жағдайындағы әдебиет

Дандай Ысқақұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор

Адамзат баласының жер бетінде адам болып, бақытты ғұмыр кешуі үшін екі нәрсе керек. Ол – тән азығы мен жан азығы. Тән азығы адамның тірі жан ретінде өмір сүруін қамтамасыз етеді. Тән азығына мате­риалдық қажеттіліктерді қам­та­масыз ететін азық-түлік, киім-кешек, баспана, көлік сияқты адамның күнделікті тіршілігін қамтамасыз ететіндер жатады. Бұлар – адам көзбен көріп, құлақпен естіп, дәмін татып дегендей, сезім мүшелерімізбен сезіне алатын материалдық дүниелер. Ал, сезім мүшелерімен емес, ішкі жанымызбен, түйсігімізбен сезінетін рухани дүние – жан азығы. Басқаша айтсақ, жан азығы – рухани құндылықтар. Рухани құндылықтардың аясы тым кең. Оған адамның адамдық санасын анықтайтын әдептілік, имандылық, мейірімділік, қайырымдылық, ізеттілік, қонақжайлылық, әділеттілік сияқты қасиеттерінен бастап, сол ұлттың ұлттық тілінде, ұлттық тұрмыс-тіршілігінде әдет-ғұрпы, салт-дәстүр ретінде жаса­лынған, сол халықтың қоғамдық тұрмыс-тіршілік етуіне қажетті пайдалы нәрселердің бәрі жатады. Демек, рухани қазынаның негізін білім, ғылым, өнер, әдебиет, мәдениет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, экономика, т.б. құрайды. Сонда, адам тән мен жаннан тұрады. Бірінен бірін айыруға болмайды. Өйткені, бірінсіз бірі жоқ. Тән-жанның ұясы. Өз кезегінде жан тән­нің дұрыс тіршілік жасауын, яғни адам болып өмір сүруін, күшті болуын қамтамасыз етеді. Бұл турасында Ж.Аймауытов «Адамда екі түрлі «жан» бар: біреуі жан, біреуі тән. «Жан» көрінбейтін «мен», көрінбесе де көрінетін «менді» («тәнді») қозғап, жүргізіп тұра­тын тетігі, «тән» – «жанның» қабы» (Ж. Аймауытов. Бес томдық шығармалар жинағы. Төртінші том.Алматы,1998, 10 бет) – депті. Сондықтан да, адам өмірінде осы екі жағын қатар алып, үйлесімді дамуын қамтамасыз етіп отырудың маңызы зор. Ал, осы екеуінің арасындағы үйлесімділік бұзылса, ол адамның, одан кейін қоғамның дамуына да әсер етіп, соңы түрлі келеңсіз жағдайларға апарып соқтыруы мүмкін. Жер бетіндегі адамдардың, ұлттардың, мемлекеттердің арасында болып жатқан түрлі түсінбестіктердің, қақтығыстардың, соғыстардың түп-төркінін осы жақтан іздеу керек сияқты. Тән азығын алғашында тұрмыс­тық сана реттеп отырады. Әр нәр­се­нің шегі бар. Сол сияқты адам­ға да көп нәрсе керек емес. Кей адамдар нәпсіге беріліп, дү­ние қуып, дүниеқоңыздыққа, нашақорлыққа, бұзақылыққа, жезөкшелікке, т.б. жаман жолдар­ға түсіп жатады. Бұл турасында ұлы Абай «Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, құшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық – бұл нәрселердің де өл­шеуі бар. Өлшеуінен асырса, боғы шы­ғады» (Абай. Қара сөз. А., 1993,117-бет) – депті. Мұның барлығы олардың бойында рухани азықтың жетіспеушілігінен, нәпсілік, тұрмыстық сана деңгейінде қалып қойып, қоғамдық ғылыми, ұлттық рухани сана биігіне көтерілмегендігінен. Адам неғұрлым білімді болса, саналы келсе, оның атқарған істері өзі үшін де, өзге үшін де пайдалы болмақ; ал, жаман істер – көбіне нәпсі қуушылықтың, рухани тәрбиенің жетіспеушілігінің көрінісі. Сонда, қандай адам, қандай ұлт жақсы болмақ? Біздіңше, ұлттық рухта, одан қалды бүкіл­адамзаттық жақсы үрдістерді үйрене отырып тәрбиеленген адамның, өзінің ұлттық құндылықтарын сақтап, әлемдік өркениеттің озық үлгілерінен үйрене отырып, дамыған елдің болашағы зор. Ал, бұған барар жол ұлттық тіл, ұлттық тәрбие арқылы жүреді. Жалпы ұлттық тіл, ұлттық тәрбие, ұлттық мәдениет, ұлттық рухани құндылықтардың қай­нар көзі екендігі әрдайым есте болғаны жөн. Әрбір ұлттың басты ерекшелігі оның осы рухани құндылықтарында, рухани жанында жатыр. Қазақтың рухани жаны – қазақтығында. Қазақты қазақ қып тұрған – оның тілі, сол тілде жасалынған рухани құндылықтар, сосын мәдениеті, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі. Ұлтымыздың өзіне ғана тән, яғни қазақты қазақ қып тұрған осы қасиеттер жоғалса, жер бетінен қазақ та өшеді. Өшпес үшін әрбір ұлт өзінің ұлттық болмысын сақтап қалу үшін оның қорғаны болатын мемлекеттігін құрады. Қазақстан мемлекеті де – қазақтардың қазақ болып өмір сүруін саяси, экономикалық, идеологиялық тұрғыдан қамтамасыз етіп отыратын заңды саяси құрылымы. Сол себепті де Қазақстанда барлық мәселе мейлі ол саяси, экономикалық, рухани болсын, қазақ ұлтының, қазақ мемлекетінің мүддесі тұрғысынан шешілуі тиіс. Кез келген мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі оның ұлттық мүдделерінің қаншалықты дәрежеде қорғалғандығына байланысты. Бұның бәрі, әрине, басқа ұлттардың есе­бі­нен емес; басқаларға пайдамыз болмаса, зиянымыз тимеуі керек. Сонымен, адам өмірінде рухани құндылықтардың маңызы зор. Ал, рухани құндылықтар – белгілі бір халықтың ұлттық дамуымен тікелей байланысты болса, екінші жағынан оның кемелденуінің де көрсеткіші. Рухани құндылықтарын сақтап, дамыта алған ұлттар ғана қалыпты өмір сүре алады. Сондықтан да, әрбір мемлекеттің бүкіл саясаты ұлттық құндылықтарға, халықтық асқақ армандарға негізделген мемлекеттік идеологияны ұстанады. Сонда ғана халықтың дамуы үшін барлық мүмкіндіктер ашылып, ұлттық рухани құндылықтар салтанат құрады. Әрбір адам белгілі бір рухани құндылықтардың аясында өмір сүріп, ол өмірінің мәні мен сәніне, азаматтық ұстанымына, өмір сүру салтына айналады. Адамның бойындағы рухани құндылық­тар ұлт өмірінің де негізін құрап, қоғамдық қатынастарды ретке келтіріп отырады. Қоғам өз дамуында негізінен ұлттық, сонымен бірге, бүкіл адамзаттық мәдениеттің озық үлгілеріне сүйенгенде ғана кемелдене түседі. Сондықтан да, өнер, білім, ғылым, саясатта ұлттық құндылықтарға басымдық беріп отыру аса маңызды. Рухани құндылықтар адамның саналы өмірінің барлық жағын қамтиды. Оларды шартты түрде ұлттық, тарихи, саяси, этикалық, эстетикалық, діни, т.б. деп жіктеуге бо­лады. Әдетте бұлардың жиынтығын мә­де­ниет деп атайды. Мәдениетті болу – кемелдіктің белгісі. Абай айтқан «толық адам» – осы кемел адам. Ол – өмірдегі өзіне лайықты биік орнын тапқан, жан-жақты білімді, парасатты, иманды адам. Заманға лайықты мәдениетті адам тәрбиелеу, сол адамдар бақытты өмір сүретін ұлттық, адамзаттық рухани құн­дылықтарға негізделген өрке­ниетті қоғам орнату – арман. Бұл жерде қазақтың әлемдік өркениетке ұлттық болмы­сымен ғана шыға алатындығы есте болғаны жөн. Мәдени мұраның ішінде аса маңыздысы – әдебиет. Әдебиет ұлттық сананың бастауы, ұлтық рухани құндылықтардың қазы­насы, ұлттық өмірдің айнасы. Адам­зат қоғамынан әдебиетті алып тастасаңыз, оны көзге елестету қиын. Ұлы жазушылардың шығармалары халықтың ұлттық өмірінің энциклопедиясы, үлгісі іспеттес. Шын мәніндегі үлкен жазушылар замана қысымына көнбей, туындыларында өз дәуірінің ұлттық, халықтық құндылықтармен суғарылған шынайы көркем бейнелерін жасайды; сонымен бірге, бір күндік немесе бір дәуірдің ғана шындығымен шектеліп қалмай, ұлт өмі­рінің мәңгілік мұратын да жырлайды. Сондықтан да ұлы шығармалар сол ұлтпен бірге жасасады. Абайдың ұлылығы да осында. «Манас» жыры қырғыздардың ұлттық идеологиясы деп жарияланды. Десек те, өмірдегінің бәрі ойлағандай бола бермейді. Әр дәуірдің өз проблемасы бар. Өткен ғасырдың соңында кеңес империясының күйреуінен кейінгі Батыста бастау алған жаһандану қазір әлемді жалмап келеді. Мұның басты ерекшелігі аз ұлттардың мәдениеті жұтылып, ұлттық рухани, материалдық құндылықтар талан-таражға түсуде. «Өркениеттер қақтығысы» аталған ғаламдасудың күшей­іп, шарықтау шыңына шыққандығы сон­шалық, қазір американдық өмір салтынан басқа ұлттардың тілдік және мәдени құндылықтары экспанцияға ұшырап, қалу не қалмау мәселесі күн тәртібіне шықты. Теориялық тұрғыдан қоғамдық дамуда болмай қоймайтын құбылыс ретінде негізделіп, насихатталып, материалдық жағынан барынша қамтамасыз етіліп отырған жаһанданудың мұндай барысы әлем халықтарын ойландыра бастады. Аз ұлттар түгілі Қытай, Франция, Германия сияқты үлкен мемлекеттер ұлттық тілін, құндылықтарын сақтап қалудың қамына кірісті. Қытайда ағылшын тілді жазулардың көшеде бей-берекет көрінуіне тыйым салынды. Президент Саркази Францияға келген кез келген шетелдік өзін француз ұлтының бір бөлігі ретінде сезінуі тиіс, француздардың өз еліне келушілердің салт-дәстүрлерін құрметтейміз деп жүріп, өздерінің ұлттық мәдениеті мен дәстүрінен айрылып бара жатыр деді. Ол, «Егер сен Францияда өмір сүруді қалайтын болсаң, сен сол жердің мәдениетін игеруге, сол жердің мәдениетіне біржола сіңіп кетуге, біртекті қоғамның ажырамас бөлшегіне айналуға дайын болуың керек. Ал бұған көнбейді екенсің, Францияға қонақтауға хұқың жоқ... Біз осы уақытқа дейін жатжерліктердің қамын ойлап, оларға, олардың мәдениетіне жағдай жасаумен болдық, ал өзімізді көп жағдайда назардан тыс қалдырып отырыппыз. Енді олай болмайды» дегенді кесіп айтты. Сонымен, Батыс бізге не ұсынады? Үйреніп қалған өзіміздікі тұрғанда, өзге­нікін не қыламыз деп, қарадай үр­кіп жүрген жоқпыз ба? Батыстың біз­ге ұсынатыны – американдық өмір салты; бұл дегеніміз, адам хұқығы, еркін­дік, демократия, толеранттық сияқты сырт қарағанда әдемі ұстанымдарды жамылып, шын мәнінде, түпкі мақсаты дәстүрлі мәдениетті жоққа шығару арқылы ойдан-қырдан құралған, ұлттық тамыры жоқ американдықтардың өмір сүру құндылықтарын басқа халықтарға таңу; нәтижесінде адамзат баласын ұлттық сана-сезімінен айырып ағылшын тілді батыстық өмір салты қалпына түсіру; сөйтіп, бір оқ шығармай, әлем халқын жаулап алу. Жаһанданудың астарында әлемді билеу сияқты империялық пиғылдың жатқандығына қазір әлемде жүріп жатқан шекарасыз саясат көз жеткізеді. Батыс ұсынып отырған еркін нарықтық эконо­миканың да, «жаппай мәдениеттің» де басты мақсаты мемлекеттік шекараларды бұзып, олардың материалдық байлықтарын иемдену; ұлттық болмысынан айыру арқылы, американдық мәдениетке көшіру. Өмір сүру үшін қажетті материалдық байлықтарынан, рухани құндылықтарынан айрылған халықты бағындыру оңай. Қоғам дамиды, өмір өзгеріп отырады. Сонымен бірге ғылым-білім өсіп, мәдениеттер толысып, жаңа құндылықтар өмірге ке­ліп, адамның сана-сезімінде, рухани тірші­лігінде де жаңарулар туындап жатады. Батыс жаһандануды, сол арқылы әлемге таңылып жатқан американдық өмір салтын қоғамдық дамудың заңдылығынан, заман қажеттілігінен туындаған заңды құбылыс санайды. Жаһанданудың қанша­лықты өркениетке апарар қоғамдық, эконо­микалық мәдени дамудың тура жолы екендігіне оның мәдениет, әдебиет саласындағы негізгі ұстанымдарына зер салғанда, көзіңіз жетеді. Адамзат баласының негізгі қасиеті оның тілінде. Өткенге ойлана қарасақ, жақсылық та, жамандық та осы тілдің маңайында жүреді екен. Библияда бар жамандық адамзаттың басына «бір халық болып, бір тілде сөйлеуден» қалған кезден бастап үйір болды деген сияқты сөз бар. Мұны тура түсінетіндер бар бәле адамдардың түрлі ұлттарға бөлініп, әртүрлі тілдерде сөйлеуі, соның салдарынан туындайтын өмір туралы түсініктердің, көзқарастардың, тұрмыс-салттардың, әдет-ғұрыптардың түрліше болуы деп қарап, осы өзгешеліктерді жойса, жер бетінде тыныштық орнайды деп біледі. Жаһанданудың арқа сүйер тірегі, негізгі мақсаты да осыған келіп саяды. Осындай бағытта өмірге келген жаһандану идеясы қазір өмір шындығына айналып, берсе қолынан, бермесе жолынан дегендей, батыстық құндылықтарды әлемдік ауқымда күшпен орнықтыру жоспарын қызу жүргізіп жатыр. Қазір әлемдік ауқымда өріс алып жатқан жаһанданудың кейбір нәтижелеріне көз жүгіртсек, біраз мәселенің байыбына барғандай боламыз. Қазір әлемде 6 мыңдай тіл болса, соның жартысы қауіпті жағдайда қалып отыр. Өйткені, әр екі аптада бір тіл жойылуда. Осыншама дүрбелеңді туғызып отырған ағылшын тілінде Шекспирдің кезінде 6 мың адам сөйлесе, бұл көрсеткіш ХХ ғасырдың басында 6 миллион болған. Қазір ағылшын тілін ана тілі санайтындар 500 миллионға, осы тілде сөйлейтіндер 1 миллиардқа, ғылым мен техника саласында қолданушылар 80 пайызға жеткен. Ағылшын тіліне жыл сайын басқа тілдерден 25 мың сөз қоса отырып, 2015 жылы осы тілде әлем халқының жартысын сөйлету, ХХІғасырдың соңына қарай, 6 мың тілдің 90 пайызын «өлтіріп», 10-ақ пайызын қалдыру жоспарлануда. Әлемдік ауқымда қарқынды жүргізіліп жатқан бұл жоспарлардың артында осыдан қыруар пайда тауып отырған әлемдік қаржы алпауыттары тұрғанын да айта кеткен жөн. Жаһандану бұрындары орыс тілінің, орыс мәдениетінің қыспағында қалып, тәуелсіздік алғаннан кейін ғана еркін дамуға мүмкіндіктер туған қазақ тіліне де қауіп төндіре бастады. Кеңестік кезеңде жүргізілген орыстандыру саясатының салдарынан қазақ тіліне қатер сол кездегі КСРО-да «жалпыхалықтық» тіл атанған орыс тілі жағынан келсе, енді қауіп екі есеге көбейіп, оған ағылшын тілі қосылды. Соның салдарынан тәуел­сіз ел болғанына, қазақ тілінің мемлекеттік тіл саналатындығына қара­мастан, Қазақстанда тарайтын 4115 басылымның 90 пайызы орысша, 4-ақ пайызы қазақша болып отыр. Ал, Қазақстанның телеарналарындағы қазақ тіліндегі фильмдер 3-ақ пайызды құрайды. Демек, бұл – қазақтар өз ана тілінің рухани аясында өмір сүре алмай келеді деген сөз. Ендеше, ұлт болу үшін сол ұлттың ана тілінде жасалынған рухани үйде өмір сүру – шарт. Ұлт дегеніміз – тіл. Тіл дегені­міз – ұлт­тың негізінің негізі, тегі (гені), ғасырлардан нәр тартып, жан кіргізер, қоректендіріп тұрар тамыры. Ұлттың болмысы сол тілде жасалынған рухани құндылықтардан тамыр тартады. Сондықтан да, әрбір ұлт өзінің болашағына қажетті пайдалы дүниелерді тірнектеп жинап, көзінің қарашығындай сақтап, заманға лайықты жетілдіріп, ұрпақтан-ұрпаққа мәдени мирас ретінде қалдырып отырады. Мұның бәрі, әрине, ұлттық тіл арқылы жүреді. Ұлт тілінде жасалынған рухани құндылықтар, дүниетаным тірегі мен өмір сүру амалдарын айқындайтын дін негізінде халықтың ұлттық ділі (менталитеті) қалыптасады. Тілі мен діні, яғни, ұлттық ділі мықты ел әлемдік өркениетке ілесе алады; ал, әлсіз ел артта қалып, түптің түбінде ұлт ре­тінде жойылып, өмір сүруін тоқтатады. Сондықтан да, әрбір халық өзінің тілін, дінін күшейту, тамырын тарихтың тереңіне жіберу арқылы ұлттық болмысын сақтауға алдымен қам жасайды. Ұлт өміріндегі осы бір аса маңызды мәселенің дұрыс шешілуіне ғаламдасу концепциясы мүлдем қарсы. Ол «жаппай мәдениет» дегенді ұсыну арқылы ұлттық атаулының тамырына балта шапқысы келеді. Әдебиет – сөз өнері. Өнердің ұлттық сипаты анық. Жаһандану мен соған орай жүргізіліп жатқан қоғамдық-экономикалық саясат әдебиеттің басты қасиеті ұлттық сипатын жоққа шығару, жою арқылы ұлттық әдебиет атаулыны тарихтың тастандысына айналдырмақ. Мұның өзі кім-кімді болса да ойландырмай қоймайды. Тіпті, миллиардтан астам халқы бар Қытайдың өзі дабыл қаға бастады. «Мыңжылдықтарға кететін мәдениетімізді ұстап тұрған – тек қана әдебиет. Бізге әдебиет керек. Өкі­нішке қарай, бүгінгі қытай халқы тентіреп, ақшаның соңынан кетті. Алмасулар мен тоғысулар заманында бізді ұстап қалатын әдебиет» (Қараңыз: «Қазақ әдебиеті», 27.04.2012) деген мазмұндағы қытай зиялыларының пікірлері соңғы жылдарда қытай баспасөзінде жиі көріне бастады. Батыстық «жаппай мәдениеттің» тегеурінді ықпалына қарсы қытай Конфуций іліміне негізделген ұлттық мәдениетін насихаттауды күшейте бастады. Сондағы Батыстың ұсынып отыр­ғаны қандай әдебиет дейсіз ғой? Ол – постмодернизм. Постмодернизм әдеби бағыт ретінде өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында Батыста пайда болды. Оның негізіне жаңа заманға лайық жаңа гуманизмге, бұрынғы классикалық антропологиядан енді жаңа дәуірде адамзат баласын ғана емес, тіршілік иесі атаулы, табиғат, ғарыш, әлем атаулының барлығын қамтитын жан-жақты гуманизмге көшу керек деген ұран алынды. Жаңа заман жаңа сана-сезім, жаңа философия пайда болып, өткен тарихқа, бүгінгі өмірге жаңаша көзқарастар туындады. Бұрын өмірді танып білуде бір ғана көзқарас, бір ғана бағыт үстемдік етіп келсе постмодерн философиясы осы уақытқа дейінгі бізді қоршаған орта туралы қалыптасқан көзқарастарымыздың барлығына күмәнмен қарайды. Постмодернизм бойынша, әлем қаншалықты шексіз болса,оны танып білу де шексіз, сондықтан да, осы уақытқа дейін өмір шындығы деп айтып келгендеріміз, білім-ғылым деп үйреніп жүргендеріміздің барлығы да –шындық емес, шындыққа жету жолындағы әрекеттер. «Литературная газета» ұйымдас­тырған пікіралысу барысында оған қатысушы­лардың көпшілігі постмодернизм ағы­мына қарсылық білдірді. «Постмодер­низм: 20 жылдан соң» айдарымен жүріп жатқан пікірталас кезінде «постмодернизм бәрімізді әбден шаршатты», «қысқасын айтқанда, постмодернизм - ой іздеуден бас тарту», «Ресейдегі постмодернизм жабайы аң сияқты», «постмодернизм біз қалай түсінсек, өмір солай деп біледі», «постмодернизм ескінің орнына жаңасын орнатудың орнына оны бұзуға ұмтылады», «постмодернизм қандай да бір болмасын, идеологиядан бас тартады. Нақтырақ айтқанда, кез келген идеологияны қабылдайды, бірақ ол – сенің ғана жеке ісің. Әркімнің өмірде басшылыққа алып жүрген өз сенімі бар» (Владимир Можегов, Чайник надежды. «Литературная газета», 24.01.2012), «Ресейдегі постмодернизм – өлі. ...ол гносеологиялық және этикалық жағынан қабілетсіз», «постмодернизм біз­дің әдебиетімізге іліп аларлық ештеңе әкелмеді» (Евгений Ермолин. Поминки по постмодернизму. «Литературная газета», 31.01.2012) деген сияқты көзқарастар айтылды. Тағы бір автор «Россиядағы постмодернизм гносеологиялық, этикалық тұрғыдан түкке тұрғысыз. Орыс әдебиетінің рухына мүлдем жат құбылыс» (Геннадий Руколадов. Где ж вы, где ж вы, очи карие? «Литературная газета», 8-14.02.2012)- дейді. Сонымен бірге «әдебиеттің өткеніне қайта жол жоқ, қоғаммен бірге әдебиетте де біз күткен жаңару жүріп жатыр, әлсіз болса да жаңа әдебиет өзіне жол салуда, әдеби шығарманың аяқталмаған ойларын оқырман өзінің тәжірибесіне қарай өзінше түсініп, аяқтауда, мұның аяғы хаосқа апарып, айтылған ойлардың мағынасы түрлі тараптарда жалғасуда» (Е. Ермолин) дегендей пікірлер де көрініп, орыс әдебиетінде постмодернизм ағымының жақсы болсын, жаман болсын, жеке әдеби бағыт ретінде өмір сүріп жатқандығы мойындалды. Б. Майтанов «Қазіргі қазақ прозасындағы модернистік және постмодернистік ағымдар» («Қазақ әдебиеті», 29.10.2004), «Алғашқы қазақ романдарындағы модер­нистік назар» («Қазақ әдебиеті», 25.12.2008) мақалаларында бұл ағымның қазақ әдебиетіндегі көріністері хақында сөз қозғайды. Оның ойынша, постмодернизм қазақ әдебиетіне де жат емес. Ол М.Әуезовтің, Ж.Аймауытовтың, М.Жұмабаевтың, С.Сейфуллиннің, С.Ерубаевтың, Р.Тоқтаровтың, С.Мұратбековтің, М.Мағауинның, Ә.Кекілбаевтың, Т.Әбдіковтың, Ә.Таразидың, Қ.Ысқақовтың, А.Нұрмановтың, Д.Досжановтың, т.б. жазушылардың шығармашылықтарынан постмодернизмнің іздерін көреді. Қазіргі әдебиетте бұл бағытқа Д.Амантайдың романдары мейлінше жақын деген пікір айтады. Мәдениеттанушы Ә.Қодар мен Ә.Бөпе­жанова сұхбатының («Қазақ әдебиеті», 14.07.2000) негізгі сарыны ендігі жерде қазақ әдебиеті өзінің ұлттық дәстүрінен қол үзіп, батыл түрде батыстық жолға түсу керек, бұл осы жаңа заманның талабы дегенге сайған. Т.Шапай бұл пікір­ге қосылмағанымен де «Әлем кешкен ағымдарға ерте ме, кеш пе, біз де түсеміз» (сонда) – депті. Ә.Меңдеке «Мұндай тексіз, тамырсыз, топырақсыз, баянсыз, космополиттік дүниетанымды кім қабылдай қойсын. ...әлдекімдердің қаңсығын қазақ мәдениеті, қазақ әдебиеті, қазақ өнері неге таңсық көруі керек?» – деп, постмодернизм атаулыға мүлдем қарсы шықты. Сыншы Ә.Бөпежанова «әлемдік контекст дегеніміз – бүгінгі таңда негізінен постмодернизм мәдениеті.... Постмодернистік ой бойынша, біздің шындық деп жүргеніміздің бәрі іс жүзінде шындық туралы түсінік- танымымыз ғана, оның өзінде де таным иесінің таңдаған көзқарасына тәуелді және ол көзқарас өзгергенде, әлгі түсінік-танымның өзін түбегейлі өзгертетін таным. Сондықтан да, әдебиет, мысалы, өмірдің көркем бейнесі емес, өмірді әрқилы тану арқылы екінші, «жасанды шындықты жасаудың жолы» («Алтын орда», 17- 23.01.2003); «Постмодернизм туралы анық­тама әтүрлі. Бір сөзбен түйгенде, ол – жаңа заман философиясы, өмір салты: постиндус­триялды әлемнің ахуалы. Оның кезеңі аяқталып келеді деген пікірлер бар. Постмодернизм несімен тартымды? Әде­биет­тегі авторитарлық позицияларды «шайқауымен», мәтінге фетис жасауымен және көп нұсқалығымен...Қазіргі қазақ әдебиетінде нағыз постмодернистік текст жоқ. Мүмкін, мүлде келмеуі. Мүмкін, бірер жылда бір қызғылықты роман шығар» («Қазақ әдебиеті», 9.05.2003) – дейді. Ал, ақын Аманхан Әлімнің постмодернизм туралы пікірі өзгешелеу. Ол «Постмодернизм – белгілі бір уақытқа иек артып, дәстүрлі тек – тұрақ тауып топыраққа негізделмеген тенденция. Оның уақытша «модада» жүретіні де сондықтан ... Постмодернизм мәдениеттің емес, өркениеттің көрінісі. Сондықтан онда күйретуші күш басым. Ол – түп-тұқияны урбанизациядан өрген, төр төркінсіз бағыт бағдардағы қозғалыс. Өнер өткенінің дәстүрі мен этикасын жоққа шығарып, әдебиет пен мәдениеттегі, жалпы өнердегі эксперимент пен стиль шарттылығын насихаттайтын, нақтылықтан қол үзген модернизм. Пост­модернизмді таланты, бойындағы интеллектуалды шығармашылық қуаты сарқылғандар ғана құрайды. Құрастырады (конструкциялайды). Яғни, олар сөзбен ойнайды. Образды адам сезіміне қатқыл, санасына ауыр тиетін метафоралар арқылы жеткізеді. Және оған модернистер де постмодернистер де мен солай «көремін», әрі солай «сезінемін» деген принципке қарай, сол арқылы өз «көзқарасын» қалыптастырады. Сосын, оны өзгелерге таңып, соны мойын­датқызып және теория ретінде бойға да,ойға да сіңіргісі келеді.Ал, қансіңді емес, менталитетіңде, туа бітті табиғатыңда жоқ нәрсені қалай қабылдайсың?» («Қазақ әдебиеті», 9.05.2003) – депті. Постмодернизмді жастардың көбі қолдайтыны байқалады. «Қазақ әдебиеті» газетінің «модернизм, постмодернизм ағымдарының ұлт әдебиеті үшін маңызы қандай?» деген сауалына дарынды жас ақын А.Елгезек «Модернизм дегеніміз, жаңаша ойлау, жаңаша жазу дегенді білдіреді. Ал, ол үрдіс ұлт әдебиетінде қайда қашсаңыз да болатын құбылыс...», прозашы Л.Қоныс «Модернизм ағымына етіміз үйреніп қалды ғой деймін, бұрынғыдай шошып жүрген оқырман көрінбейді... Және де классикалық әдебиет түрін жоққа шығару, оған қарсылық білдіру де жоқ. Ендеше, мұны неге ұлт әдебиеті үшін маңызы жоқ деп қабылдаймыз? Бұл ағым әдеби тілімізге жаңалық енгізгендей... Мұнда сөзді ойнату бар» («Қазақ әдебиеті», 25.01.2008) – деген жауаптар беріпті. Жазушы Д. Амантай «...әдебиеттің дамитын, жүретін бір-ақ арнасы бар. Ол – еркін әдебиет. ...әңгіме дегеніміз, үлкен сана ағымына, ой ағымына, сезім толқынына құрылған шексіздікті тереңіне қамтыған жұмбақ мәтіндер жиынтығы... Постмодернизм дегеніміз – шексіз әлем» («Қазақ әдебиеті» 04.04.2008) санайды.Ол әрбір шығарма – ой, суреткер оқыр­манға оқиға емес, белгілі бір ойларын жасырған оқиғалар желісін ұсынады, сонда ғана әдебиет өнер туындысы бола алады деп біледі. Постмодернизмге жақын Дидардың «Гүлдер мен кітаптар» романы жайлы түрліше пікірлер бой көрсетті. Жа­зушы-драматург Дулат Исабеков «...оны роман деп айтатын болсақ, онда бүкіл дүние романға деген көзқарасын өзгертуі керек...оны роман деп айтуға болмайды» – деп, кесіп айтты. Ал, қазақ, неміс, орыс тілдерінде бірдей жазатын Герольд Бельгер «Дидардың жазғандары ешкімге ұқсамайды.Оның жазғандары өзгеше, дәстүрлі жазу үлгілеріне келмейді. Бұл ерекшелікті жастар жағы жақсы қабылдаса, ересектер түбірімен қарсы тұрады. .. Ал маған Дидар жаратылысы бөлек, қайталанбайтын марқұм досым Асқар Сүлейменовті еске түсіреді» – дейді. Сыншы Ә. Бөпежанова Д. Амантайдың төл прозамызға саналы түрде құрылымдық өзгерістер енгізуге ұмтылатындығын, сондықтан да оқырманның оны бірден қабылдай алмай жатқандығын айта келіп, «Дидар шығармашылығы көзге ұрмайтын пәлсапалық құрылымымен және жасампаз сұхбаттастық сипатымен ерекшеленеді» (қараңыз: «Алматы ақшамы», 10.03.2011) – деген пікір айтқан. Постмодернизмге қатысты Л.В. Сафронованың («Постмодерническая литература и современное литературоведение Казахстана» (2006), «Автор и герой в постмодернистской литературе» (2006), А.Ищанованың («Типология литературной игры. От барокко до постмодернизма» (2005), Г. Шарипованың («Интертекстуальное пространство литературы» (2007), сондай-ақ А.Ісмақованың, Б.Майтановтың, Т.Есембековтің, А.Жақсылықовтың, Н. Жуанышбековтың, т.б. сын-зерттеулерінде айтылған пікірлер бар. Демек, батыстық әдеби ағымның әдеби сында, ғылыми зерттеулерде арнайы әңгіме бола бастауының өзі бұл мәселенің қазақ әдебиеті үшін де маңыздылығын аңғартса керек. Сонымен, постмодернизмнің қазақ әдебиетіне қатысы жайлы айтылған пікірлер екіге айрылған. Жастар жағының батыс­тан келген бұл жаңалыққа қызығып, құмарта қарайтындығы, ал, дәстүршіл қаламгерлердің күдікпен жүргендігі байқалады. Қарама-қарсы екі пікірдің қайсысын болсын, теріске шығара алмайсыз. Екі жағының да жөні бар, дәлелдері жеткілікті. Екеуінде де шын­дықтың шиырлары жатыр. Соны тауып, кәдемізге жаратқан лазым. Біреуі тарихи тамырға табан тіресе, екіншісі бүгінгі батысты бетке алып, даму жолына түскен дәуірдің жалынан ұстаған.Сондықтан да, мақсат постмодернизмге ұлттық мүдде тұрғысынан келіп, ақиқаттың ауылы қай жақта екендігін аңғару; ойға ой қосу. Постмодернизмде мәтінге ерекше көңіл бөлінеді. «Жазушының жұмбағын», шығарманың шырайын мәтіннен іздейді. Ал мәтін негізінен, үзінділерден, яғни сурет­кердің суреттегенінен емес, осыған орай осы кезге дейін айтылған пікірлерден тұрады. Постмодерншілер осылай жазған­да ғана әдебиет әсерлерден айырылып, өмір шындығына жақындай түседі деп біледі. Сонымен, өткен ғасырдың ортасында Батыста пайда болып, постиндустриалды қоғамның әдебиеті ретінде кейіннен жаһанданумен бірге жер жүзіне тарай бастаған постмодернизм қазір қазақ әдебиетіне де келіп жетті. Бірақ ол қазақ әдебиетінің ішіне дендеп әлі кіре алған жоқ. Қай жағынан кірер жол іздеп, айналып, оның маңында жүрген жас үміткерлерді айналдыруда. Қазір әдебиетімізге келе жатқан кейбір жас дарындарымыздың шығармаларында «постмодернизмнің исі» шыға бастады. Не істеуіміз керек? Әдебиетіміздің ертеңі саналатын жас дарындарымыздың әдебиеттің ең соңғы модасы, үлгісі ретінде ұсынылып отырған постмодернизм әсерімен шығармалар жаза бастауын қолдаймыз ба, әлде... Бұған тура жауапты алдағы уақыттар бере жатады. Десек те, мұның бәрі болашақта қазақ қауымы даму жолының қандай түріне түсуіне байланысты болса керек. Егер де, ұлттық даму жолымен жүрсек, халқымыздың ұлттық құндылықтарымен бірге ұлттық әдебиетіміз де дами бермек. Жаһандануға ұшырап, Батыстық даму бағытымен біржола кетсек, барлық рухани құндылықтарымызбен бірге дәс­түрлі әдебиетіміз де өзінің ұлттық сыр-сыйпатынан, түр-мазмұнынан айрылып, ары кеткенде 20-30 жылда постмо­дернизм жолына түседі. Қайсысы дұрыс. Постмодернистер айтатындай, шыңдықтың жолы қайда жатыр, соны іздеу лазым. Тәуел­сіздігін алған қазақ халқы өрке­ниетті даму жолына түсті. Осы жолда ұлттық рухани құндылықтарымызды көзі­міздің қарашығындай сақтап, әлем­дік өркениетте туындап жатқан озық үлгілерден, тәжірибелерден үйрене отырып, «иісімізді» жоғалтып алмай, өзге елдер­ден қалып қоймай, өркениетті қоғам орнату – басты мақсат. Сонда ғана ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, күресіп келген бақытты қоғамды құрып, әлемдік өркениеттен өзімізге лайықты орнымызды ала аламыз. Осы жерде осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын айтылған М.Дулатовтың «Бүгінгі қазақ елі екі жолдың тарауында тұр. Біреуі – құлдық жолы, екіншісі – жұрттық жолы»дегені ой­ға оралады. Бізге керегі, әрине, «жұрт­тық жолы». Бұл жолға түсу үшін Ататүрік айтқандай, «Қай кезде де ұлттық мұрат пен ұлттық мүддеге ба­сымдық беруіміз керек. Халықаралық сая­сат, еларалық жағдай – мұның бәрі ұлттық мұрат пен ұлттық әдебиетте де солай».

1389 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз