• Еркін ой мінбері
  • 02 Маусым, 2016

ҚАЗАҚТА ҰЛТТЫҚ МІНЕЗ ҚАЛЫПТАСҚАН БА?

Әбдірашит Бәкірұлы, философ

 

Бұл мақаланы жазуға мені қандай себептер итермеледі: Бірінші, әркім де өмірге келгенде туған жерін, ата-анасын, ұлтын, халқын, Отанын таңдау құқына ие емес екендігі әлімсақтан белгілі. Бірақ, соған қарамастан, әркімнің маңдайына өсе келе өзінің Туған жері мен Отанының иесі мен киесіне, ата-анасының, ұлтының қомқорына айналу бақытына қолы жетеді. Әрине, бұл жол айнадай жарқырап жатқан даңғыл емес, ол бақытқа жетудің жолы ауыр − қалтарысы мен бұрмалаңы көп шырғалаң.

Сондықтан да, кез келген халық өзін-өзі сақтап қалуы және қорғауы үшін өзінің ішкі қайнауынан ұлты үшін жанын беруге даяр тұлғаларын үнемі тудырып отыруға мәжбүр. Оны халықтың «өмір сүру иммунитеті» деп, не болмаса, қарапайым қазақ тілінде − «ұлттық мінез» деп атауға болады. Ұлттық мінез «ұлт болмысының» қаңқасын құрайтындықтан – мен осы мақаланы жазуға отырдым. Екінші, өткен жылдан бері қарай Қазақстанның идеологиялық өрісінде «қазақстандық біртектілік» туралы айтыла бастады. Мен оның себебін Қазақстанның көптеген Одақтарға енуі арқылы әлемдік бәсекелестік ортаға интеграциялануының қарқынды бола түскенінен көремін. Қазіргі заманда барлық дамыған және дамуға бет бұрған мемлекеттер ұлттық сипатта  екені белгілі. Ондағы мемлекеттердің дамуы көпұлттылығына қарамастан − белгілі бір ұлтпен ассиоциацияланады. Бұл үрдістен біз де алшақ кетпедік − замана талабы әрі дамудың диалектикасы солай. Сондықтан, қазақ ұлтының мәдениетіне негізделген «қазақстандық біртектілік» − қазіргі таңдағы мемлекеттік дамуымыздың басты шартының бірі болып табылары анық. Үшінші, осыған дейін біздің ресми идеология Қазақстанды «көпұлтты мемлекет» деген ұстанымнан айныған емес. Ол рас − Қазақстанды көп ұлттардың өкілдері тұрақты мекендейді және оны өз Отаным деп санайды.  Дегенмен, мұнда айтылмай жатқан бір түйткілді мәселе бар: ол − болашақта мемлекеттің дамуы  «көпұлттылықпен» емес, тарихи тұрғыда дәлелденген, тарихи әділеттілікке негізделген «ұлттық» даму қалыбына (форматына) көшуі тиіс екендігі. Қазір біздің тәуелсіз мемлекетіміз жоғарыда аталған объективті заңдылыққа сай сондай кезеңге қарқынды бет бұра бастады деуге болады. Оған Қазақстандағы мемлекет іргетасын қалаушы қазақ ұлтының демографиялық, мәдени, саяси-экономикалық салада шешуші рөл атқара бастауы дәлел. Ендігі жерде мемлекет дамуы «қазақ факторына» тәуелді бола түседі. Сөйтіп, уақыт өте алдыңғы қатарға  «көпұлттылық» емес, «ұлттық» парадигманың шығуы − әркімге де түсінікті болар. Реті келіп тұрғанда ескерте кетейін − бұл сөзден шектеулі мағынадағы «ұлтшылдықты» іздеудің қажеті жоқ. Мұндағы айтылар ой − мемлекет пен ұлттық дамудың бір арнада тоғысуы: Қазақстанда ол − қазақ ұлты болып табылады. Төртінші, енді, жоғарыда аталған себептерге байланысты үлкен бір сұрақ туады: ол − «Қазақ ұлты осындай кезеңге қаншалықты дайын болып келді?» деген. Мен төмендегі мақалада, негізінен, осы сұраққа жауап іздедім десем болады.  Бесінші, «Ақиқат» журналының бас редакторы Аманхан Әлімұлы осы тақырыпты көтерудің маңызды екенін күнде құлағыма құйып, мазалаудан танбады. Сірә, оны да қоғамымыздың даму кезеңіндегі ұлттық тенденцияның өрлей бастауына сәйкес ұлтымыздың сапалық деңгейін зерттеу қажеттігін, ұлттық мінезді жаңа заманға сәйкестендіру жолдары алаңдататын болса керек... Несі бар, бұл мәселе барлығымыз үшін де есте жүретін өзекті мәселе екені рас.  Ұлттық мінездің, басқаша айтсақ – ұлттық дамудың бақылаудан үкімет те, ұлттық бизнес те, саясатшылар да тыс қалмауы тиіс.

ҰЛТТЫҒЫН СЕЗІНУ - ОТАНДЫ СЕЗІНУДЕН БАСТАЛАДЫ

Осыған дейін ұлттық даму бағы­тындағы зерттеулер мен бұқаралық баспасөзде «қазақ ұлтының миссиясы», «Қазақ мемлекеті», «қазақ тілі»,  «ата-баба салт-дәстүрі», «тамағы», «киі­мі» және т.б. деген ұстанымдар туралы үзілмей айтып келінеді. Шынында да, қазақ ұлты мемлекеті және өз Ата Заңы – Конституциясы бар ел. Бұл мемлекеттің ішкі істерін, адамдардың өзара қатынасын реттеуші заңдары бар. Бірақ, бүгінде Заңдар дұрыс жұмыс істемей, оған коррупциялық ахуал  дем беріп, қоғамның берекетсіздікке ұшырағаны тағы жоқ емес! Ол туралы Президенттің өзі де «Қазір мемлекеттігімізді сақтап қалу міндеті алдымызға келді» деп жақында ашып айтты! Неге? Себебі, қазіргі дағдарысты кезеңде ел тұтастығы кімге де болса ауадай қажет. Бірақ, біз үшін ауадай қажет тұтастықты ыдыратушы келеңсіз құбылыстар да жеткілікті. Мысалы, қоғамды салалап қарастырар болсақ, ондай  факторларды көптеп кездестіреміз. Қазір ел іргесін құраушы қазақ ұлтының біртектілігінің өзі өткір мәселе қатарына шықты. Бұл мақала осы туралы болғандықтан, біз де мұнда қазақ жұртының тұтастығы туралы сөз қозғамақпыз. Ендеше, зерттеу барысында ұлт туралы ойлана келе «Бізде ұлттық мінез бар ма, бар болса, ол неден көрінеді?», «Қазақ жұртын ыдыратушы қандай себептер бар?», «Онымен қалай күресу керек?», «Ол үшін бүгінгі ұрпақ не істеуі керек?», «Ұлттық біртектілікті қалай қалыптастырамыз?», «Ұлттық қоғамнан азаматтық қоғамға көшудің жолдары қандай?» деген сияқты сан-сапа сұрақтар атойлап алдан шығатыны анық:    
Біріншіден, ең басты мәселе ретінде, мемлекеттен бөлек құбылыс ретінде қабылданатын дін мәселесін қарастырамыз. Не себептен дінді алға шығардық? Себебі, мемлекет пен қоғамның бақылау аясынан тыс қалған дін, соның ішінде – қазақ елінің табиғатына жат дін бағыттар – ахуалды күрделендіре түсуде. Сөйтіп, қазіргі жағдайда ол біздің ішкі тұтастығымызға сына қағып жатқанын айтар едік. Ондағы ахуал ұлт тұтастығына қауіп төн­діретіндей жағдайдың аз алдында тұр десе болады. Бұл туралы белгілі дінтанушы Зікірия Жандарбек былай деп алаңдаушылық танытады: «Таза исламды» уағыздайтын уағызшылардың «еңбектері» арқасында қазақ жастары ата-бабасының мың жыл бойы келе жатқан дәстүрлі дүниетанымынан ажырап, араб дәстүршілдігіне қарай ойыса бас­тады. Бұл қазақты тарихтан кетірудің төте жолы. Сонда, қазақ үшін оларға қазақтың тарихи тамырын кесетін уағызы қымбат па, әлде, қазақ қымбат па? Осы екі аралықты таңдайтын кез келді. Не біз бұл халықты дәстүрлі діни танымынан ажыратып, жастарды адас­­тырып жатқан уағызшыларды тыйамыз немесе ертеңгі күні тарих сахнасынан кететінімізге мойұсынамыз. Басқа жол жоқ». Міне, белгілі ғалым осындай себептерді алға тартады. Яғни, бүгінде қазақ қауымы әлеуметтік статусы жағынан «бай-кедей» деп қана емес, діни тұрғыдан алауыздыққа келіп тірелгенін байқаймыз. Мысалы, әсіре діншілдер  қазақы қалыптағы мінезді, салт-дәстүрді толығымен шари­ғатқа алмастырғысы келеді. Қазақы адами қатынастарды тек дінге тәуелді еткісі келеді. Жарайды, делік − жұрт «дін – Иман» деп оны қабылдасын. Бірақ, дін өз ішінде бүлініп жатқандықтан, оның әсері ғасырлар бойы қалыптасқан, қанға сіңісті болған қазақи адамгершілік қағидаттарды жою арқылы ұлттық бірізділік пен тұтастыққа зазал кел­тіретінін олар неге ұқпайды? Соны көре тұра, қалайша біз ұлтымыздың қазақы наным-сенімге негізделген Има­нының орына соқыр сенімге бет бұруын үнсіз қадағалап отырмақпыз? Отыра берсек орға жығылмаймыз ба? Ендеше, қазіргі қазақтың алдында тұрған өзге де істерде −  экономикада, ғылымда, білімде шаруа шаш етектен болып тұрғанда − қолды тек көкке жайып, Алладан «бере гөр» деп отыра беру  жөн емес! Алланың өзі «сақтансаң сақтаймын» демей ме? Сондықтан, қазаққа әрекет керек, еңбек керек. Өзіміз айтпақшы − «маңдай термен келер» береке керек! Міне, қазақты қазақ ететін, жұдырықтай жұмылдыратын, адам ретінде кемелдендіретін, ұлттық кәсіби шеберлікті шыңдайтын, өзіндік мінез қалыптастыратын мәселе осындай бол­са керек-ті! Мәселен, соңғы уақытта «Қытайға жерді жалға беру» мәселесі көтерілді. Шындығын айту керек, бұл мәселе «экономикалық қажеттіліктен» бөлек − қазақ ұлтының өз ұлттығына деген салғырттығынан туындап отыр десе болады.  Әлихан Бөкейханов «Ұлтына, жұртына қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген екен. Сондықтан, қазақтың ұлттық мінезін қалыптастыруда діннің де, білімнің де  орны ерекше болғандықтан, біз діни уағызды да, білім беру жүйесін де осы бағыт − қазақ бағытына  бұратын кез келді деп санаймыз. Қажет болса осы мәселені бүкіл халық болып талқылап, алдағы даму бағытымызды өзара келісіммен бір ғана жолға салу керек сияқты. Ол − ұлттық бағыт болмақ.
Екіншіден, қазір бізге «Қазақтың жігіттік Кодексі», «Жігіт ағасы», «Ақсақалдыққа дайындық», «Ақсақалдық институты», «Қыз жолы» «Келін ибалығы» «Әжелер академиясы» және т.с.с. жобаларды шұғыл түрде қолға алу қажет деп санаймын. Мен осы мәселе жөнінде елдегі билік партиясы саналатын «Нұр Отанға» мынадай дат айтар едім: − Партия жылына мыңдаған шараларды өткізеді. Соның бірі ретінде аталған жобаны іске асыруға көмектесіңіздер. Сол арқылы партия еліміздің, әсіресе, қазақ халқының болашағы үшін үлкен пайдалы іс жасаған болар еді! Бұл −  осыдан 100 жыл бұрынғы Алаш қайраткерлерінің істерімен парапар деуге тұрарлық іс-әрекет! Себебі, қазіргі заман біздің алдымызға ұлт ретінде өрлеу талабын алға шығарды! Өйткені, бүгінде өз тәуелсіздігін баянды етуге қабілетті ұлттар ғана өз болашағына алаңдамайтын күй кеше алады. Кезінде, осы арманға жетуде Алаш қайраткерлерінің алдында «орыс қамалы» тұр еді. Қазір бізге кім кедергі?.. Мысалы, неге біздер осы уақытқа дейін ұлттық идеология негіздерін қалай алмадық? Себебі, оның өмірге келуі үшін ұлт бойында барлығымызды біріктіріп тұратын, бәрімізді өзгеден ерекшелендіріп тұратын, ұлтқа тән «ұлттық мінез» болуы тиіс еді. Иә, тәуелсіздіктің бастауында қазақта ол мінез біршама қалыптасып қалған да болатын. Мен бұл жерде оның көптеген себептеріне тоқталып жатпаймын, ең бастысы, кеңестік «ауылдық резервацияда» болған қазақ ұлты өз келбетіне ие болып қалып еді. Бірақ, тәуелсіздік алғаннан кейін ол «мінез» күшеюдің орнына − жылдан жылға азып барады. Себебі, де әртүрлі: бүгінде жастарымыз небір ділімізге жат ақпараттар ағынына тап болуда. Нәтижесінде, өсіп жатқан ұрпақтың жадынан «ұлттықтың» бастапқы стандарттары (ережелер) шайыла бастады. Оларды қазір бір ғана «мемлекетіміз» және «қазақпыз» деген сөздер біріктіріп тұр, болмаса, көп жастар қазақ болудың жолы қандай екенін біле бермейді. Осыған байланысты біздің ұлттық бүтін болмысымыз, ұлттық мінезіміз, тұтастық әлсіз бола түсуде. Осындай әлжуаз «ұлттық көрсеткішпен» біз ұзаққа бара алмайтынымыз анық. Барсақ та – бәсекеге төзбейміз! Ендеше, осы олқылықты қалыпқа келтіруді қолға әзір алмасақ − діліміз де, дініміз де одан әрі шашырап, тіліміздің үш тұғырлануына сәйкес салт-дәстүріміздің, мәдениетіміздің, біліміміздің жағдайы келіспейтіні анық. 
Үшіншіден, қазір жоғарыда айтылған себептерге байланысты «ұлттық намыс» пен «ардың» аяқасты болуы жиіледі. Соның кесірінен  біз өзімізге, яғни, қазақ ұлты өкіліне ғана тән «ұлттық мінез» тудырудың орнына − өзгелердің жетегіне жүргіш болып бара жатырмыз. Мінезсіз қыздарымыз ешбір қымсынбастан өзге жұрт жігіттерінің жетегінде кетіп жатса, олармен сапалық бәсекеге түсіп, қыздарын қорғайтын жігіттеріміздің көбі тұрмыс-тауқыметінің көз аша алмауда. Мәселен, өзіне тән «ұлттық мінез» бар халықтар бар. Мысалы, мына  көрші өзбекте де, тәжік пен түркіменде де, мынау туыс қырғызда да ол біршама бар. Соның арқасында өзбектердің саны 20 жылда екі есеге дейін артты. Түркімендер де бүгінде өзіндік келбетіне толық қол жеткізіп алды. Қырғыздар далалық демократиясын әлемге паш ете алды. Ал, бізде осының қайсысы бар, нақтырақ, қалды? Жоққа тән! Барының өзін жойып алдық! Ендеше, біз ұлттық келісімге келе отырып, болашақта тек өзімізге ғана тән рухани бағыттағы бағдарлы жол салып алғанымыз жөн! Ол − біздің ұлттық тәрбиемізде компас функциясын атқара алатындай болып жасалуы тиіс. Бұл, әрине, дінді, не болмаса бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтарды терістемейді. Керісінше, бұл – соларды бұрыннан келе жатқан ата-баба дәстүрімен біріктіріп, жаңаша түрлендіру болып шығады. Менің ойымша, ол кодексте («қазақ кодексінде») басшылыққа алынатын құндылық атаулының барлығы да өзге мәдениеттен, не болмаса, өзге құндылықтарға сүйеніп емес − қазақ дәстүрі мен мәдениетінен туындауы тиіс!  Ол ережелер әлемдік өркениетпен, демократиялық Заңдармен, өзімізде қабылданған Заңдармен де үйлесімде болғаны жөн. Осы шараны қолға алу барысында тозығы жеткен дәстүрлерді насихаттамай, ұлтқа тіреу болатын мінезді дәріптеу жалғасын табуы керек. Міне, осы және т.с.с. үлкен шаруалар бізді алда күтіп тұр! Оны кім жасайды? Оны өз халқының шынайы патриоттары жасамаса – бөтен біреу бізге жасап бермейді. 
Естеріңізде болар, Кеңес заманында «Коммунизм құрылысшысының моралдік кодексі» деген болып еді. Ол кодекс бүкіл кеңестік идеологияның темір қазығы рөлін атқарғаны белгілі. Бірақ, кеңестік идеология мен шынайы өмірдің алшақтап кетуі  − «коммунистік кодексті» қиялға айналдырып жібергені рас (Ол бөлек әңгіме). Ал, енді, мына, біз ұсынып отырған жоба − сырт көзге соған жақын көрінуі мүмкін. Бірақ, мазмұны тұрғысынан мүлдем ұқсамайды. Мысалы, біз қазіргі ұрпақ тәрбиесінде  бір ізділіктің жоқтығынан ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың үзіле бастағанына куә болып отырмыз. Өйткені, дәстүрлі жағдайда қазақ халқында ұрпақ сабақтастығы ежелден «ата мен әже тәрбиесі» арқылы жалғасып отырған. Қазақтарда ол туралы «немере тәтті», «өз балаң өскенше, немерең – өлгенше» деген қанатты сөздер бар. Ал, қазір болса, «современная» әжелердің көбі қалай «әже» боларын, жігіттей көрінетін ақсақалдардың көбі қалай «ақсақал» боларын меңгермеген (білмейтін) күйге түскен. Бұл мәселе де біздің қоғамның назарынан тыс тұр. Біз «Қария қандай болуы керек?» деген сұрақты қоюды  ұмыта бастағандаймыз. Ал, жаңа толқын ол туралы ойланбайтын да сыңайлы... 
Бүгінде, көбі жас келген соң, әйтеуір, «ата-әже» болады... Бірақ, бұрынғыдай ұлтты ұйыстырушы қәриялар – «қазына қарттар» неге азайып кетті? Әрине, жақсы қартаю әркімнің көкейіндегі арман: әркім ол жасқа келгенде «абыройлы болсақ» дейді, сол сұрақ көкейде тұрады. Ендеше, солай болуы үшін мұны стихия жетегіне жібермей, ұлттық мүддеге лайықтап, көмек қолын созу – қоғамның міндеті емес пе? Бұл – ұлттық жауапкершілік және бүгінгі зиялы қауымның парызы!  Мысалы, жаратылыс бойынша адамның өмірі шектеулі. Сондықтан, адам баласының өмір бақи жинамаған білімін күш кетіп, қартая бастағанда қалпына келтірем деуі – ауыр жүк. Ендеше, зиялы ой адамға қарай бұрылып, қоғамды жұмылдырып, болашақтың ортақ конструкциясын құруға тиісті. Бұл – бүгінгі ұрпаққа берілген ата-баба аманаты. Ал, қазіргідей керілдесумен, бөлшектенумен, не басқа да «қасқыр заманның қасқыр тірліктермен» айналысып жүре берсек − соңы өзара жаттарға айналарымыз кәдік! Әркім қарақан бас қамы мен күнкөрістің жетегінде кетсе – бүгінгі мақ­танышпен айтылатын «жетістігімізден» не үміт, не қайыр?
Тағы бір айтарым, автор бұл мақала арқылы жаңалық ашып отырған жоқ. Қазақы мінез бұрынғы қазақта бар еді − халық өзінің «тәйтімен-ақ» қазақы ортаға сай жігіттерін тәрбиелеп шығарған. Елге сыйлы ақсақалдары мен әжелері де болған. Яғни, бейнелі түрде айтсақ − қазақтың «қариялар академиясы» үнемі жұмыс істеп тұрған! Одан шыққан келін мен қыз, аға мен іні, үлкен мен кіші қоғамдағы өз орнын жақсы білген. Мұның бәрі қазақ жұртының «жазылмаған Кодексінің» арқасында ғана мүмкін болған. Ал, кеңестік кездегі ұрпақ қазаққа тән мінезді әдебиеттен тырнақтап жинап, қанына сіңіріп, өмірде ұстанды. Оқығанын орта тәрбиесімен бекітіп отырды... Бүгінде, интернет дәуірі келіп − осы үрдіс үзілуге шақ тұр. Қазақтың өзіндік «жазылмаған кодекстері» жайына қалып, ұлт ұлттық тәрбиеден алшақтай түсуде. Басқаша айтсақ − әркім өз білгенімен жүруге бет бұруда. Олай болса, осы мәселеде нақты іске көшіп, қазақтың «жазылмаған кодексін» жазба түрінде халыққа ұсыну қажет. Ол жобалардың шартты атаулары да белгілі, олар: «Қазақ қызы», «Ақсақалдық», «Қазына қария», «Әже­лер академиясы», «Келін ибалығы», «Жігіттік», «Жігіттік кодексі» және т.с.с.  Сонымен, ұлтты шыңдаудың жолы дұрыс болса, ұлттың сенімділігі нығаяды, «мен қазақпын» деген өршіл-намысшыл мінезі қалыптасады да, онымен бір мезетте «әр қазақ жалғызым» деген ұстаным күшейе түседі деп ойлаймыз. Өйткені, келбеті бар халық қана болашағына сенімді! Қазіргідей «әр кәлләдегі бір қиялдан» арылып, мінезіміз «ұлттық болмысқа жақындайды. Сөйтіп, «стандарттан кетіп бара жатқан ұят» та қалыбына оралып − тойларда ата-келін бірігіп стриптиз тамашалап отырмас еді... 
Әрине, аталған жоба маңызды бол­ғанымен, ол менмұндалап көзге көрінбейді.  Алайда, мұны іске асыру кез келген партияға, азаматқа үлкен абырой (мұнда мүмкіндігі жоғары деген  «Нұр Отан» партиясы аталды, болмаса, бұл жобаны қолға алу «қазағым» деген барша қауымға ортақ екенін ескертеміз).

НАҚТЫ ӘРЕКЕТ КЕРЕК

Мен осы бағытта жұмыс бастауға әрекеттеніп, фейсбуктегі парақшама сұрақтар жариялап едім  − қызығушылық танытқандар мен қолдағандар көп болды. Төменде содан қысқа үзіндіні назарларыңызға ұсынамын. «Қазақтың нағыз жігіті қандай болуы керек?» деген сұраққа мынадай жауаптар келді (бұл үлкен жұмыстың бастамасы, үлгі ретінде қарап шығыңыздар):
Бірінші, «қазақ жігіті үлкенді сыйлауы тиіс. Ол «үлкен тұрып кіші сөйлегеннен без» деген қазақ даналығын басшылыққа алады (Әбдіқали Әбдірайым, Тараз). Екінші, ...(әрбір жігіт өзінің жеті атаға дейінгі шежіресін жақсы білуі тиіс. Сонымен бірге, қазақ жігіті ұлтын бір тамырдан тарайтын халық деп санауға, әрбір қазақты өз қандасым деп құрметтеуге міндетті (Айгүл Шоғы, Ақтау); Үшінші, ...қазақ жігіті - өтірік айтпайды, - ұрлық істемейді, - босаға кермейді, табалдырық баспайды, - ала жіп аттамайды.(Босаға кермеу - ерлі-зайыпты адамдардың арасына килікпеуді, яғни отбасының шырқын бұзбауды; Табалдырық баспау - үйдің қорғаушы киесіне соқтықпауды, біреудің отбасына жамандық ойламауды; Ала жіп аттамау - біреудің өміріне қатер төндірмеу мен дүние-мүлкіне қол сұқпауды білдіреді) (Марат Уатқан, Алматы); Төртінші, ...Отан отбасынан басталады. Сондықтан Қазақ жігіті отбасы алдындағы жауапкершілігін биік дәрежеде ұстауы тиіс. Ол қоғамдағы ер адамның рөлін түсінуге, түйсінуге, ұрпақ тәрбиесін онымен ұштастыруға міндетті (Бейбіт Жұмаділова, Алматы); Бесінші, ...қазақ жігіті ағайынға қорған, туып өскен ортаға жанашыр екенін жас кезінен сезініп өседі. Ол «әрбір қазақ менің жалғызым» деген ұстанымды заң деп қабылдауға, Ата-бабалары тарихындағы Баһадур Жалаңтөстен бастап Махам­бет-Исатайларға дейінгі, Бөгенбай, Қа­банбай, Жәнібек және т.б. тарихи ұлт батырларының ұлы ерліктерін мұра тұтып, өзін ынжықтықтан аулақ болуға, білімін ғылымға ұштастыруға, ізденіспен өмір сүруге міндетті; (Гатау-Гали Бохан, Атырау); Алтыншы, ...қазақ жігіті (әрине әр қазақ азаматы) – Қазақ елінің және жерінің нақты, бірден-бір иесі ретінде оның ертеңгі күніне және болашағына жауапты! Сондықтан да, оның әрбір атқарған ісі осы бағытта жасалуы тиіс. Әрекеті оның (қоғамның) дамуына кедергі келтірмеуі керек! Болмаса, ертеңгі күні Қазақ елі деген мемлекеттің болуы да екіталай! Сол үшін әрбір қазақ жігіті Отаны – Қазақ елі үшін бар күш-жігерін аямауы тиіс. «Отан үшін отқа түс – күймейсің»! (Алмас Арзикулов, Астана).
Мақаланы «осы жұмысты арнайы шығармашылық топ құрып, ұлтшыл элитаның көмегімен жалғастырсақ  бір-екі жылда бас-аяғын жинақталған құнды бағдарға қол жеткізер едік. Ол  ұлттық идеологияның құрамдас бөлігін құрайтын болады» деген ұсыныспен аяқтаймын. 

460 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз