• Еркін ой мінбері
  • 02 Маусым, 2016

РЕФОРМАДАН ҰТҚАНЫМЫЗ БЕН ҰТЫЛҒАНЫМЫЗ

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,
ҚР мәдениет қайраткері,
халықаралық журналист

 

Сөз басы

Бүгінгі күні қоғам өмірінің даму бағыт-бағдарын тек қана техникалық прогресс пен экономикалық өсім арқылы бағамдаудың бос әурешілік екендігі барған сайын тайға таңба басқандай анық бола бастады. Әсіресе, дамушы елдердің проблемаларын шешуге, дағдарыс дендегенде оны еңсеру үшін әлемнің озық елдерінің несиесі мен көмегіне, азын-аулақ инвестициясына сүйеніп, шағын бизнестің болмашы тірлігін місе тұтудың баянсыз тірлік екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. 

Қалай  десек те, болашақтағы даму­дың негізгі кілті – ең алдымен, мәдени деңгейдің жалпы аспектісімен, шешім қабыл­даудағы шынайы әлеуетпен, мәсе­ленің бүге-шігесін терең танитын адам ақыл-ойының біліктілігімен анық­талатыны мәлім. Олай болса, ел бо­лашағын білімнен бөліп қарау тіпті де мүмкін емес. Өзге жұрт тау қопармаса да, жеті қабат жерден кен қазбаса да, ақыл-ойлары мен терең білімінің ар­қасында «Майкрасофт», «Гүгл», «Фейсбүк» секілді бағдарламаларды ой­лап тауып, саусақтың ұшымен ғана қыруар байлыққа кенеліп жатқан жоқ па? Олай болса, білім беру мен ғылым саласын жетілдірудің мәні қоғамдық дамудың маңызды элементі десек, оған қатысты мемлекеттік саясат – ел келешегінің басты тетігінің бірі болмақ. Бізде 2010 жылдан кейін арнайы заң бекітіліп, жүзеге асырылып келе жатқан жайы бар. Әрине, білімді гуманизациялау, адам баласының жалпы ортақ мүддесін қорғап, қамтамасыз ету әрдайым алға шығатыны аян. 
Айналып келгенде, сол білімді беретін басты құралдың өзі тіл мен жазу емес пе? Жалпы, кез-келген қоғам өзінің ұлттық мәдениетін ана тілі мен жазуы арқылы ғана жасайтындығына біз ерекше назар аударуға міндеттіміз. Бұл, әсіресе, ақпараттық және компьютерлік технологияның қарқынды дамыған заманында бізге қосымша қиындық тудыра береді.  Дәл қазір біз жаһандану заманының буырқанып толқыған ашық теңізінде ескексіз қайықпен сапарға  шыққан жолаушы іспеттіміз. Бізді алыстағы АҚШ пен батыстағы Англияның ағылшын тілінен гөрі іргедегі Ресейдің орыс тілі мен көршілес Қытайдың ханзу тілі жұтып кетуі кәдік. Сондықтан, қазақ ғылымы мен білімі туралы сөз қозғалғанда оны мәдениеттен бөліп қарай алмаймыз. 

Мәдениетсіз білім де, ғылым да жоқ

 Ғылымсыз дамудың да, білім алудың да мүмкін болмасы басы ашық әңгіме. Олай болса, ғылымның қоғамдағы орны не дегенді алдымен дұрыс түсінуіміз керек секілді. Ғылыми-таным болмайынша адам ақыл-ойының құндылығы айқындалмас еді. Сондай-ақ, қазіргі өркениет заманында ғылым-білім болмайынша қоғамда ешбір мәдениет те орнықпаған болар еді. Ал, ол орнықпаған жерде рухани байлықтың құндылығы да жоқ деген сөз. Ғылыми түрде пайымдалып, сынақтан өтпеген дүниемен алдағы бағыт-бағдар да анықталмасы аян. Қысқасы, ғылыми жұмыс дегеніміз ой еңбегінің ерекше бір өнеркәсібі. 
Ғалымдардың анықтамаларына сүйен­сек, өнеркәсіптің мұндай айрықша түрі үш негізгі элементтен тұрады екен. 
Біріншіден, жасалған еңбек. Бұл – жи­нақталған білім мен біліктілік және құрал-сайман, жабдық-құрылғылар. Екіншіден, жанды еңбек, яғни, қазіргі күні қолданылып отырған ғылыми әлеует.  Үшіншіден, қазіргі таңда жасалып жатқан дүниелер, ғылыми жаңалықтар, мақалалар, шығармашылық туындылар, патенттер. Аталмыш үш элементтің біздің елдегі шынайы қатынасы қандай,  алдағы бағыт-бағдары нешік, оған инвестициялық, мемлекеттік және бизнес құрылымдарының қолдауы қаншалықты деңгейде дегенге назар аударылғаны жөн шығар. Бұл мәселеге  ҚР Білім және ғылым министрлігі назар аударатын шығар, талдап-таразылап отыратын болар. Бірақ, халыққа ашық жариялап, хабарлап отырған нақты есебін көрмегендіктен олардың алдағы бағыт-бағдарды керемет айқындап тастады деп ауыз толтырып айта алмаймыз.
Қазақ ғылымы шын мәнінде, инерция­мен тым енжар қалыппен дамып отыр. Ғылыми дәрежесі бар ғалымдардың саны өссе де, сапасы өрлеп кеткен жоқ. Ғылыми еңбектер мен жобалар толассыз жасалып жатқанымен аты бар да, заты жоқ. Оның экономикалық тиімділігі мен пайдасы туралы ауыз ауыртудың өзі артық. Ғалымдардың қатары өс­кенімен, ғылымды жасайтын шын көшбасшылары барған сайын азайып, қатарлары сиреп барады. ЖОО жанында ашылған докторантуралардың (РhD) білім беру сапасы мүлде сын көтермейді. Докторлық дәрежесі барлардың саны өскенімен ғылыми-техникалық деңгейіміз әлі де төмен. Дәл қазіргідей бакалаврлық дипломдары болғанымен ұлдарымыз таксист, күзетші, қыздарымыз сатушы мен даяшы болып жүре берсе мәдениетті елдердің қатарына қосылып кетпейміз. Ғалым болудың да, білім алудың да өзіндік ар-ұяты мен мәдениеті қалыптаспайынша, бәрі бекер. 

Ғылым мен білім саласы 
дағдарысқа түспеуі тиіс

Еліміздің ғылымы мен білімі сан түрлі реформадан көз ашпауының өзі дағдарыстың біршама меңдеп алғандығын көрсетеді. Ендеше, ғылымның әлемде қалыптасқан қазіргі таңдағы  негізгі функция­сы мен жауапкершілігін біз де мойындауға мін­деттіміз. Негізі, реформалық өзгеріске қатысты белгілі бір стратегиялық тұжырымдаманың базалық элементтері басты болып саналатын екі жайттан құрылмақ екен. Алғашқысы, базалық ғылымды техника-технологияның негізі ретінде сақтай отырып, дамыту болмақ. Келесіде, ЖОО ұжымдарын ғылым саласына жоғары біліктілік пен терең ғылыми ақпарат игерген сапалы маман даярлау бағытында қолдап дамыту. Сонымен қатар, студент жас­тарды тәрбиелеудің, оларға сапалы білім берудің «мынау озық» деп таңдай қақтыратындай тұжырымдамасы жасалмады. Болон жүйесінде енгеніміз, жоғары білім берудің кредиттік технологиясына көшкеніміз заңмен белгіленгені ғана болмаса, іс жүзінде өзгеріп кеткен дүние шамалы. 
Оқитын пәні мен оқытушысын таңдап алып жатқан студент жоқ. Кафедра меңгерушісінен бастап, ректорін, ғылыми кеңесін  сайлаған бір де ЖОО атаулыны көрмедік. Ештеңе өзгермейтін болса, не үшін батыстық үлгіні таңдағанымыз тағы түсініксіз. Дағдарыстың көкесі осы болайын деп тұр. Бұлай кете берсек, терең пайымдайтын, біліктілігі мығым XXI ғасырдағы даму көшін түзейтін оқымыстыларды дайындауымыз қиынға соғатын шығар. Негізі, білімі мен ғылымы алға шыққан ел ғана қарыштап дамитыны аксиома ғой. Сондықтан, жоғары білім беру мен ғылым саласын дамтуға арналған саясатымызды декларация күйінде ғана қалдырмай іс жүзінде жүзеге асыра алсақ, қанеки. Соңғы жылдары елімізде қалыптасқан жоғары білім беруді  мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын университеттер мен жекеменшік нысандағы ЖОО арасында шы­найы бәсекелестік қалыптаспады. Тіпті, өзара айырмашылықтарының өзі жоққа тән. Туындап жатқан проблемалары да ортақ әрі бәрінде шаш етектен.

 
Жоғары білім мен қазіргі ғылымның аты ғана дардай болмасын...

Біздегі білім беру және ғылым туралы заңымызға келсек,  ешбір елден олқы соғып тұрған жоқ. Соңғы кезде енгізіліп жатқан өзгерістері де өмірден туындаған қажеттіліктер шығар. Жалпы, білім және ғылым  жайындағы мемлекеттік саясатқа мін таға алмайсың. Ондағы ниеттің дұрыстығына тіпті, разы боласың. Бірақ, оның жүзеге асырылу барысындағы түрлі жөнсіздіктерді көргенде қуанышың су сепкендей басылады. Заң бойынша университет дегеніміз бакалаврлық, магистрлық, докторлық дәреже беретін білім мен ғылымның жоғары ұйымы. Бірақ, іс жүзінде біздің дайындап жатқан мамандарымыз терең білім алып жатыр ма, жай ғана диплом алып шығып жатыр ма? 
Біз қаласақ та, қаламасақ та баршаға мойындалған бүкіл әлемнің өз еңбек бөлісі бар. Айталық, іргелі зерттеулер өте көп ақша, қаражат, технология, техника, тәжірибе мен машықтануды, біліктілікті, күш-жігерді, қыруар еңбекті талап етеді. Сөйте тұра, экономикалық тиімділігі мен пайдасын тым кеш береді. Осыған байланыс­ты іргелі ғылымға ақша бөлмей, пайданың соңына түсіп отыр деп жоғары дамыған өркениетті елдер Жапонияны жатып келіп сөгетіндері бар. Жалпы, көптеген елдердің тұтыну бағытындағы ғылымдарға ерекше назар аударатындығы кездейсоқтық емес. Компьютерлендіру саласына біз аса көп қаржы шашпасақ та, оны қолдан жасаймыз деп тер төкпесек те мықты тұтынушының деңгейіне жетіп алдық. Экономикада дивергенция деген ұғым барын білеміз. Сол тұрғыдан келгенде, жаңадан пайда болып жатқан технологиялардың стандарттарын түсінетін, оған тез ауыса алатын, пайдалы тұстарын өзіндік етіп бейімдеп ала қоятын қасиет өте қажет. 
Қазіргі таңда әлемде биотехнология өндірісінің 80 пайызы АҚШ-қа, 10 пайызы Жапонияға, тағы он пайызы Еуропа елдеріне тиесілі көрінеді. Олай болса, ғылымдағы озық жетістіктердің бәрі дерлік алдымен жоғары дамыған елдерге тиесілі екендігі, ал, қалғанымызға мықты тұтынушы, елгезек пайдаланушы болу пешенемізге жазылғанын өкінішпен мойындамасқа лажымыз жоқ. Ғылымдағы мешеулікті мамандар көбінесе техника, технологияның жеткіліксіздігімен түсіндіріп жатады. Шын мәнінде, мүлде олай емес. Мысалы, хай-тек деген озық техника-технологияның болғаны жақсы. Ал, онымен жұмыс істейтін өте мықты даярланған маман болмаса ше? Онда жаңағы қымбат машинаңыз түкке керексіз «итаяқ» болып  шыға келеді. Науқасқа ауруының себеп-салдарын ашып, диагнозын дәл қойып беретін аппаратты толық меңгерген, оның тілін жетік білетін маман болғанда ғана ол пайдалы. Маман шала сауатты немесе біліксіз болса сау адамды науқасқа айналдырып жібермесіне кім кепіл. Сондықтан, мешеулік техникада немесе технологияда емес, адамда болып тұр. 
Қазіргі таңда ғылымның саласы сан қилы әрі мыңдап саналатын жағдайға жетті. Сондықтан, белгілі бір жаңалық ашудың өзі жүздеген ғалымдардың ынтымақтасуымен, ұжымдасуымен өмірге келетін ахуал қалыптасты. Олай болса, ендігі жерде Архимедке ұқсап суға шомылып жатып аяқ астынан «Эврика!» деп айғайды салып жүгіруге себеп табыла қоймайды. Ломоносов секілді басты он ғылымның саласы бойынша шұғылданып, бірнеше жаңалық ашатын әмбебаптыққа да мүмкіндік жоқ. Қазіргі ғылым қыруар ақша, қаражат, технологиялық прогресті, күрделі әдіс­темені, жоғары біліктілікті талап ететіндігімен ерекшеленеді. Бір қызығы,  қаптаған ғылым кандидаттары мен докторлары қажет жеріне жетпей қалатын тұстар бар. ЖОО-ға ғылыми дәрежесі барлардың бәрі келе бермейді. Оларға жайлы, жалақысы қомақты орынтақ керек. Осы арада Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бір ресми жиында лауазымды тұлғалар мен әкімдердің аяқ астынан ғылым докторлары мен кандидаттары болып шыға келгеніне қатты таңданғаны еріксіз еске түседі. Расында, мемлекеттік қызметтің ауыр жүгін арқалап жүргендер қашан, қалай «инемен құдық қаза» қояды екен деп таңданып жүретінбіз. 2010 жылғы  бір айда 2 ғылым докторы мен 4 ғылым кандидатын топырлатып тудырған аласапыраннан кейін жаңа заң өз күшіне енді. Ал,  енді бәрі жолға қойылар деп сенгенбіз. Бірақ, ол үмітіміз де ақтала қоймады. Ғылымға ғылыми біліктілігі төмен, қабілеттілігі шамалы жандарды тартып, магистрлік дипломды оңды-солды таратып жатырмыз. Ағылшын тілінің тест бойынша қабылдау емтиханынан 93 балл жинап, мемлекеттік грантпен  ұлттық университетке түскен бір магистранттан «Where's your mouth? (аузың қайсы)» десең, тым құрығанда мұрнын да көрсете алмайды, дым  сезбейді. Сонда, біз ғылым туралы жаңа заң арқылы нені заңдастырған болдық? 
Білімдар ізденгіш жаңашыл жандар ғылымға  келсін, атақ-дәрежелерін ала берсін, қолдаған жөн. Бірақ, оны сауда-саттыққа айналдырып, кім қаласа, соған тізгінді беріп қоюға болмас деп ойлаймын. Қазір шынын айтқанда, бакалаврлық білім алған жастардың арасында жұмыссыз қалмаудың, қалада екі жыл жатақхана алып ілдебайлап тұрудың, сол аралықта қолайлы жұмыс тапса қай салаға болса да кете берудің қамымен ғана магистратураға түсетіндер бар. Одан ары қарай философия докторы (PhD) болып та қала берулері ғажап емес. Бірақ, олар ғылымға шын ниетімен берілген жандар емес. Әйтеуір, «керек тастың ауырлығы жоқ» деп қана күнелтіп жүргендер. Олай болса, ғылыми дәреже мен атақты мақұлдап бекітетін жоғарғы комиссияны (ВАК) Үкімет орнының жанындағы дербес бақылау агенттігі етіп қайта құру керек секілді.  Аталмыш құрылым жоғары білім мен ғылым саласын бақылаумен қатар туындауы ықтимал дау-дамайларды шешуге араласып, ғылыми туындылардың, диссертациялардың сапасы мен дең­гейі­не баға беретін болса. Жаңа заң бойынша бізде 2011 жылдан бастап, ғылым докторы (Sc.D) деген ғылыми дәреже беру тоқтатылды. Меніңше, бұл жағдайды өзгертіп, ғылым докторы (Sc.D) дәрежесін қайта жандандыру керек секілді. Бізде қай заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілмей жатыр, бәріне де үйрендік қой. Енді, ұлттық ғылымның мүддесі үшін осындай бір өзгеріс жасалса, ешкім сөге-жамандамас деп ойлаймын. Ал, ВАК-тың мәртебесін көтерудің не қажеттілігі туды, қандай пайдасы болмақ деген мә­селеге келсек, мынандай уәждерді алға тартпақпын. Біріншіден, ғылыми дәрежені аттестаттаудың республикалық жүйесі қалыптасады және ғылыми дәреже, атақ беруге қатысты проблемалар тәртіпке көшеді. Қазіргідей әр министр ауысқан сайын түрлі реформалар мен сынақтардың шылауында кетпейтін құрылым болуы үшін ВАК секілді ұйымның министрлік жанында емес, үкіметке қарасты болғаны дұрыс. Екіншіден, ел көлемінде ұстануға болатын ғылыми мамандардың түрлі салалар бойынша номенклатурасы қалыптасады. Бүгінге дейін қолданылған диссертациялық еңбектерде көрсетілетін сандық индекстердің тізімін де бір ізді ету қажет болады.     
 Елімізге қазіргі заман ғылымы ХХ ғасырда енген сәтте марксист идеология да жағадан жармасты. Марксизм ғылымды соның ішінде гуманитарлық саланы «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстады. Тіпті, гене­тика, кибернетика секілді іргелі ғылым­дардың өзін идеологияландырып, деге­ніне көнбесе жоққа шығарып, тіпті, жындыханаға да аттандырып бақты. Осылайша, марксизм өзін күні кешеге дейін ғылымның кешені санады. Шын мә­­нінде марксизмнің ғылымға еш қатысы  жоқтығын  Карл Поппер дәлелдеп шыққан еді. Оның өлшемі бойынша ғылым сынақтан өтіп, мойындалады немесе жоққа шығарылады, қалыптасқан жағдайға сәйкестірілмейді, механикалық тәсілмен жөнделмейді т.с.с. Марксизм сол тұста билеуші топтың қолшоқпары болып табылғандықтан ғылымды өз мақсатына жаратып келгені бүгінде тарихқа айналып барады. Ең алдымен тарих, философия, социология, экономика, әдебиеттану ғылымы толықтай, педагогика, тіл білімі, психология жартылай идеологияның құрсауында тұншығуы кезінде аталмыш салалардың ғылыми мәнін жойып, шындықтың ауылынан тым алыстатып жіберген болатын. Зерттеу нысанның мазмұны, әдістемесі, тұжырымы алдын ала пайда болып қояды, зерттеушілер жоғарыдан белгілеп берген даяр жауапты ғана ешбір мән-мағынасыз процеске сәйкестіріп түсіндіреді. Осы себептен де, аталмыш салалардың шынайы ғылыми мазмұны кеңестік дәуір тұсында біршама бұрмаланды деуге болады. Бүгінге дейін экономистер елдің экономикалық өмірінде көрініс тауып жатқан проблемаларды зерттеп, себеп-салдарын ашудың орнына оның алдына кесе-көлденең тұрып алып ненің қалай болуы жайында құрғақ уағыз айтып келді. Тілтанушылар адамдардың өзара тілдік қарым-қатынасы қалай дамып отырғанын зерттеуді ысырып қойып, не істеу керектігін алдын ала ескертіп сәуегейсіді. Тарихшылардың жайы белгілі, жоғарыдан нұсқап берілген даяр рецептіні көне заманда ұмыт болған үрдіске сәйкестіріп тықпалаумен титықтады. 
Марксизм мансұқталып, социалистік жүйе күйресе де баяғы сол ғылымның бағы ашылмай-ақ қойды. Ғылымның маңыздылығын пайдаланып онымен көлеңкелі бизнес жасау, бөлінген қаражатты оңды-солды шашу қылаң беріп жатыр. Елбасының ғылымға жаны ашып бөлген қыруар қаржысы талан-таражға түседі. ЖОО жүйесінде қызмет етіп ғылыммен айналысатын ғалымдарға жыл сайын берілетін «Үздік оқытушы» атты мемлекеттік грантты құзырлы министрлік жасалған жобадан гөрі ректорларға сүйкімді үміткерлерге үлестірілетін сый-сыяпатқа айналдырып барады. Сол секілді «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында жасалған істердің жақсы жақтары көп болған шығар. Бірақ, ішінара өзіміздің мұрамыздан гөрі өзгенікін көбірек күйттеу, «күріштің арқасында күрмек су ішедінің» керімен нашар аудармаларды, бұрын жарыққа шыққан дүниелерді қайта-қайта бастыру секілді келеңсіздіктердің кездескені бүгінде сынға алынып жатқан жайы бар. Жарайды, ол да әйтеуір біреулерге бұйырған құт-береке шығар, қайырлы болсын. 
Физика, математика немесе химия саласына қойып кетуге әуесқой ізденуші шенеуніктердің жүректері дауалай қой­майтындықтан, гуманитарлық саланы қо­лайлы көретін секілді. Нақты ұстап алатын тетік жоқ, өтірік ұра берсем де ешкім бас салып біле қоймас деген есек дәме дем беретін болса керек. Алайда, қоғамдық өмірдің күрделі тұстары, аса көп қырлары үнемі өзгеріс үстіндегі құбылыстар да оңайлықпен шағыла қоятын жаңғақ емес. Оны кез-келген эксперимент арқылы тағы дәлелдеп бере алмайсың. Фашизм, нацизм, коммунизм секілді жауыздық тәжірибелер ғылымға үлес қосу тұрмақ адамзатқа зобалаң әкелгенін жақсы білеміз. Қалай десек те, гуманитарлық сала зерттеу нысаны, пәні, әдістемесі, қисындамасы бар ғылым екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Керісінше, оның нақты ғылымнан да ауыр қиындықтары жетерлік. Айталық, сөздің шығу түп төркінін зерттейтін этимологияға келейік. Әркім кез-келген сөзді өзінше пайымдай береді. Мысалы, Бразилия деген елдің атауы «біраз ел» деген қазақ сөзінен шыққан деп бет бақтырмай қойсаң сол сәтте жиылған топ ауыз аша алмай қалуы мүмкін. Ал, оны зерттеп табу, тұжырымдау оңайлықпен жүзеге аспайды. Сол атаудың пайда болған ортасы бар, уақыт, кеңістік секілді шектен тыс көптеген факторлар әсер етеді. Бәрін дәлелдеп шығу ойдағыдай оңай бола қоймайды да. Тіпті, оны тауып тұжырымдаған күннің өзінде мойындатуыңыз нақты ғылымнан күрделі әрі қиын болып шығады. Қысқасы, қай ғылымда да әуесқойлар еніп кетерліктей тесіктің табылуы екіталай секілді. Кезінде қанша адамның тас төбесіне піскен алма түспеді. Бәрінің бастары жарылмаса да бір-бір томпақ ісік қалды. Соның ішінен жалғыз Ньютонның басына құлап түскен алма ғана бүкіләлемдік тартылыс заңын ашты. Ал, Ньютон дегеніміз нағыз озық ойлы маман, теңдесі жоқ физик, ұлы ғалым. Жай бір ғылымға кездейсоқ келе салған қайдағы бір әуесқой ізденуші-шенеунік, әкім-қара емес. Сол сияқты Эйнштейн – біз үшін аңыз адам. Эйнштейн солай деген деп айта салсақ, заңға айнала жаздайды. Оның Е=mc2 формуласын бәріміз білуіміз мүмкін, бірақ, оны топ ортадан біріміз ғана түсінеміз. Аталмыш атақты формула ашылғаннан кейін 103 жыл өткен соң ғана ол күрделі есептеу тәсілі арқылы бекітілді. Кварктер массаның небары 5 пайызын құрайды. Қалған 95 пайызы қайда? Глюонда масса жоқ, ол жарық жылдамдығы арқылы қозғалады. Осыдан келіп масса энергияға ауысады деген атақты формула жасалады. Пәлен мөлшердегі энергия шығарып алу үшін қанша масса қолданылады дегенді күрделі тәсілмен есептеп анықтаған. Осы қасиетімен-ақ, Эйнштейннің қатардағы жай әуесқойларға сілтеме жасатпайтын ұлылығын айтпағанның өзінде мен мықтымын дейтіндердің өзіне қолжаулық болмасы анық. 
Жаппай сауатты халық бола тұра біз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бір-бірінің ізін басып, қаптап шыққан әулие-әмбиелердің аттарын жамылған алаяқтарға алданып, ғылымнан ада надандықтың, білімсіз қараңғылықтың кебін кигеніміз қызық болды. Сары Әулие тағы бірдеме деп аталған сол «ғұламалар» бүгінде көрінбей кетсе де кейбір ақпарат құралдары әлі де көріпкелдерді, балгерлер мен емші-домшыларды насихаттаудан жалығатын түрі жоқ. ХХІ ғасырға табан тіреп тұрып 600-700 жыл бұрынғы тым көне психологияға кері қарай бірақ секіреміз. Мұның өзі ғылымды айтпағанның өзінде ислам діні қағидаларына да қайшы келетін жат көрініс. 
Барлық дін әлемнің сипатын түсіндіреді. Бұл тұрғыдан келгенде, дін дегеніміз бір жағынан философия. Әр дін белгілі бір проблемаға ең ақырғы жауапты беріп, тұйыққа тіреп тастайды. Мұның өзі көбінесе ғылыми жаңалықтармен қайшылыққа түсіп жатады. Дүниенің жеті күнде жаратылғанын Иуда діні алғаш қағида етіп көтерген. Осыдан келіп 7 планета, 7 күн (апта) деген ұғымдар туды. Алайда, Галиллейдің ашқан 4 серігі оны 7 емес 11 етіп өзгертті. Ал, Дарвиннің табиғи сұрыптауы, әсіресе, адамның маймылдан жаралуы мүмкін екендігі туралы болжамы діндердің оған дейінгі түсініктеріне соққы болғаны рас. Салыстырмалы түрде айтқанда, ислам дінінде либерализм басымдау. Онда білім мен ғылымды өзімдікі немесе өзгенікі деп бөлмейтіні, бәрін білуді, игеруді уағыздайтыны, ешнәрсені мәжбүрлеп зорлықпен таңбайтыны, догмадан біршама аулақ екендігін көрсетеді. 
Педагогика дегеніміз негізінен ғылым екендігінде еш шүбә жоқ. Ал, енді, оны да өз білермендігімен «ғылымиландырып» алып жүрген қызық әдістемелер байқалып қалады. Олардың не алаяқ, не жүйке ауруына шалдыққандардың қайсысы екенін айыра алмай қалатын тұстарымыз бар. Әлде ғылым, әлде дін, әлде философия, кейде бәрін сапырылыстырған, тіпті, ауру-сауы беймәлім жандар жындыхананың бақылауынан мүлдем алыстап, есесіне ақпарат құралдарының тұрақты кейіпкерлеріне айналып кетті. Өзінің қолынан келер ісі болмаса да біреулер жұрттан ақша жинап алып, «Шеберлік сыныбын», әртүрлі «Семинар-тренингін» өткізіп те бизнес жасай беретін болды. Кеңес одағы тұсында жаппай сауатты болдық, толық орта білімді бүкіл халық болып игердік. Марксист педагогика әдеттегі ғылымнан мүлде өзге дүние болатын. Маркс байсыз, кедейсіз барлығы тең тіршілік ететін мінсіз қоғамды армандады. Ондай қоғамның азаматтары жан-жақты, білмейтін, жасамайтын ісі жоқ, қолынан бәрі келетін сұмдық жандар болуға тиіс еді. Маркс коммунизм кезіндегі адамдарды таңертең балық аулайтын, күндіз кәсіпорында өнім жасайтын, кешке білім алатын, түнге қарай ғылыми-зерттеумен айналысып, өнер туындылары жайында рецензия жазатындай елестетті және солай деп жазды да. Кеңестік білім беру жүйесі осы жолмен жүрді. Алайда, адам деген тіршілік иесі бір-біріне еш ұқсамайтын, өзіндік қайталанбас ерекшелігі бар, ой-өрісі, қабілет-қарымы, арман-мүддесі мүлде бөлек элементтер дегенді кез-келген ата-ана жақсы біледі. Білім беру бағдарлама, оның құрылымы, әдістемесі, құндылығы, бағыт-бағдары сол баяғы жан-жақты ғалымды даярлауды мақсат етеді. Ақырында жарымжан түлек оқу бітіріп шығады. Орта мектепте кілең беске оқып бітірген балалардың көбі өмірде өз орнын тауып кете алмайды. Олардың арасынан мықты атқарушылар көп тууы мүмкін, ал, суырылып алға шығып топ бастайтындары некен саяқ. Осының өзі-ақ Кеңес одағынан мұраға қалған біздің жалпы білім беру саласының олқылығын айғақтап тұр. 
Қоғамға  ең  басты қажет құндылық – адам. Оны отбасы, балабақша, мектеп, әлеуметтік орта даярлап береді. Сол адам қоғамда өз орнын табуы керек. Бұл фәниде дарынсыз, мүлде қабілетсіз пенде жоқ. Белгілі бір саланы біледі немесе әйтеуір бір нәрсе сол адамның қолынан келеді. Білім беру жүйесі сол баланы қабілеті жететін жағына қарай жетелеп келешекте немен айналысып, қалай өмір сүретін тұсына қарай бағыттаса болғаны. Бастауыш және орта білім берудің негізгі мақсаты осы. Бала өзінің болашақта өмір сүретін қоғамының жай-жапсары, айналасының қыр-сыры жайында алғашқы мағлұмат алып шығуы керек қой, мектеп қабырғасынан. Әр баланы барлық саланы білетін етіп қалыптастырмақ болып тыраштануымыздан еш нәтиже шықпайтынын бүгін көріп отырған жоқпыз ба? Соған қарамастан біздің қоғамда дипломы бар да мамандықтан жұрдай, дәрежесі бар да білімнен ада «оқымыстылар» қатары өсе түсуде. Енді, ол аз болғандай, жоғарыда атап өткеніміздей магистратураны халтураға айналдырып, PhD аталатын ғылыми дәрежені өзі я болмаса көзі жақсыларға үлестіруді бастап кеткен сияқтымыз. Оған енді «түбі қайырлы болсын» дегеннен басқа амал жоқ. Қоғамдық формация алма­сып, тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдың жүзі болды. Білім-ғылым саласы реформадан көз ашпады. Батыстың үлгілерін қабылдап көрдік, оны қазақыландырып құртып тындық. Сөйте тұра, әмбебап адам даярлайтын марксистік жүйеден арыла алмай-ақ қойдық. Жаңа қоғамда ескі тәсілмен жүре алмай жатырмыз. 
Диплом болса тамақ табылады деген ұғымнан құтылмаған қоғам, енді, жаппай ғалым болуға көшті. Ал, өнім жасайтын, қызмет көрсететін кәсіп иесін өзімізден таппай, шет елден әкелетін жағдайға жеттік. Ғылымды мазақ етуден қысылмау қоғамды жайлап барады. Осының бәріне болмаса да біршама бөлігіне білім беру жүйесі кінәлі. 

405 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз