• Заманхат
  • 02 Маусым, 2016

ЖАҚСЫ КІТАП ЖАН АЗЫҒЫ... немесе боямасыз өмір көріністері

Нұртөре ЖҮСІП,
журналист

ӘҢГҮДІК ҚОҒАМ АЛҒАН БА, ӘУЕЗОВ ТІЛІН БІР РЕТ?! 


Бірінші көрініс: Автобус. Іші лықа толы адам. Отыратын орын таппай Ана тұр. Алтын ал­қалы. Ұйықтаған болып бала отыр. Бір жігіт дауыстады. 
– Әй, бала тұрсаңшы. Көпбалалы ана тұр ғой қасыңда. Орын бер.
– Туса – өзі үшін туды, мен үшін туған жоқ! Бала орнынан тұрмады..
Екінші көрініс: Аурухана. Қаптаған кезек. Бір баласын жетектеп, бір баласын қолына алып, көтеріп Ана тұр. Алтын алқалы. Дәрігер келіншек елге естіртіп дауыстады.

– Ей, осылар да шұбыртып туа береді екен. Тағы тумақсың ба? Тоғыз баланы не қыласың? Өлесің ғой. Қаңғыған қазақты көбейте бергенде, не табасың? Бар. Әбет. Біз де адамбыз. Түстен кейін кел!.. Есік тарс жабылды.
Үшінші көрініс: ЦОН – Халыққа қызмет көр­сету орталығы. Бір терезеге телмірген қанша тағдыр? Кезекте Ана тұр. Алтын алқалы. 
– Сіздің справкаңыздың уақыты өтіп кеткен. Жарамайды. 10 күннің ішінде өткізуіңіз керек еді. 
– Балам да, өзім де ауырып келе алмадым.
– Білмеймін, қайтадан алып келіңіз. Туа береді, туа береді. Туғаны бізге міндет пе осылардың? Еще ауы­рады. Жыл сайын туа берсе, ауырмай қайтеді?!
Таныс көріністер ме? Мұндай талай оқиға күн сайын Алтын алқалы, Күміс алқалы аналардың басынан өтіп жатыр. Шынында, көп бала туғаны үшін Ана жазықты ма? Анаға деген көзқарастың күрт өзгеруіне не себеп? Көпбалалы ананы көргенде әзі­рейілді көргендей кіржіңдейтін жағ­дайға қалай жеттік? Неге біздің елімізде Ана атаулыға деген мейірімсіз көзқарас үстемдік алып тұр? Неге?
Адам – қоғам байлығы дейміз. Біздің қоғам адамды керек қыла ма? Өмірге адам әкелген ананы керек қылмаса, адамды керек қылады дей аламыз ба?
Ресей саясатына қараңыз: қалайда көбеюдің амалын жасап отыр, бала туғанда бір жолғы беретін жәрдемақысының өзі әлдеқайда жоғары; көпбалалы аналарға мемлекет қамқорлығы жеткілікті, ананың да, баланың да денсаулық, әлеуметтік жағдайларын нақты жасап жатыр; демографиялық дүмпу қазірдің өзінде байқала бастады.
Ал, біз?..
Бізде бала туғанда беретін жәрдем­ақыны қысқартуға жанталасып жатыр өкімет! Айырма бар ма? Сөйтіп отырғанда қазақ қайтіп көбейсін?! Мемлекет 20 миллионға жетеміз деген межені белгіледі. Сол 20 миллион қайдан шығады? Ананың алтын құрсағынан шығады. Ал, Қазақстанда көпбалалы аналарға соншалықты жағдай жасалып, керемет қамқорлық көр­сетіліп жатыр деп айта аласыз ба? 
Жалпы, осы Алтын және күміс алқаның жылтыраған жез темірлігінен басқа қандай пайдасы бар? Алтын алқаның құны қанша? Ол немен өлшенеді? Көп­тің құрметімен бе? Жоғарыдағы үш көрініс Алтын алқалы аналарға қандай «құрмет» көрсетілетіндігіне нақты дәлел емес пе?! Сонда не? Алтын және күміс алқалы аналардың   белгілі бір әлеуметтік жеңіл­дігі бар ма? Көлікте тегін жүруі мүмкін. Болды. Коммерциялық автобустардың кез келген куәлікті жарамсыз деп тани­тындығы бар. Көпбалалы анаға мемлекеттің басқа қандай қамқорлығы бар? Коммуналдық-тұрмыстық жеңілдігі бар ма? Салықтық жеңілдіктер жасалған ба? Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан там-тұмдап болса да бір көмек көрсетіле ме?
Сұрақ көбейген сайын ойланып қаласыз. Жауап таппай.
Алтын алқалы ана ауырып қалды делік. Қайда барады? Емхана мен ауруханаға. Ондағы көріністің шетін көріп отырсыздар. Еліміздің зиялы азаматтары түрлі мемлекеттік марапаттарды иеленеді. Соның бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Бұл атақтың бір пайдасы – Үкімет емханасында тегін емделеді. «Мен қайраткер болсам, мені дүниеге әкелген анамның арқасы. Менің орныма анам емделсін» деген бір қайраткерді көрдіңіз бе? Болмаса, осындай ұсыныс жасап: «Алтын және күміс алқалы аналар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері дәрежесіне теңестірілсін», – деген бір депутатты көрдіңіз бе?
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі Алтын және күміс алқалы аналарды квотадан және кезектен тыс емдеу туралы пәрмен шығара ала ма?
Осындай аналар мен олардың балаларына дәрі-дәрмек жеңілдігін жасай ала ма?
Қазақстан үкіметі мұнайдан түсетін табыстың 1 пайызын көпбалалы аналар үшін бөлетін болса шіркін?! Қанша ананың алғысына кенелер еді?! Содан Үкімет кедейленіп қала ма?
Қалаға келгенде де, далаға келгенде де ақша бар. Ал, ана мен балаға келгенде қаржы болмай қалады. Үкіметтің елді индустриялық-инновациялық жолмен дамытамыз деген қаншама бағдарламасы бар. Жылда қыруар ақша бөлінеді. Қайда қайтарым? Пәленбай бағдарламадан пайда қайда? Құмға сіңген судай қаржы жұтылып кетіп жатыр. Ал, «Ана мен бала» деген арнайы бағдарлама неге жоқ? «Алтын алқа» деген бағдарлама неге жасалмайды?
«Алып – анадан туады» деген сөз бар. «Бір биеден ала да туады, құла да туады» деген тағы бар. Данышпан да, көсем де, көреген де анадан туады. Ұрының да, қарының да анасы бар. Әйтпесе, Қазақстанның байлығын қарпып жатқандар қайдан шықты дейсіз? Бәрі де анадан туған. Ешбір ана туғанда «балам жемқор болсын, парақор болсын, жендет болсын» деп тумайды.
Жемқорлықпен күресіп жатырмыз. Шетелге қаржы асырғандар туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Қайта ма сол қаржы? Қаншама жемқордың қанша дүние-мүлкі тәркіленді, қайда  соның бәрі? Миллиондаған қаржының құйылатын ар­насы қайда? Соның бәрін бір жерге жинақтап, көпбалалы ана мен балаға арнап жұмсайтындай етуге де болар еді. Бірақ, біздің арды ойлаған аналар «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деп, арам ақшаны адал тірлігіне жұмсамайды ғой!..
Қайран, Мұқаң! Мұхтар Әуезов! «Ел болам десең, бесігіңді түзе. Бесікті түзеу үшін – әуелі әйелдің халін түзе!» демеп пе еді?!
Осы сөзді Үкіметтің маңдайшасына жазып қойса ғой, шіркін!
Жұматай Жақыпбайдың «Ақымақ әлем алған ба, Ақынның тілін бер рет» деген өлеңін осы заманға бұрып, тақырыпқа шығарып отырмын. «Ақымақ әлем алған ба, әйелдің тілін бір рет» деп те көрдім. Бірақ мынау дұрыс секілді:
Әңгүдік қоғам алған ба, Әуезов тілін бір рет?


АЙЫРМА НЕДЕ?

«Ананы, мынаны жазасыз. Әйелдер туралы неге жазбайсыз?» деп базына тастады бір оқырман. Ойланып қалдым. Қазақ екі нәрсеге сенбе деген: – бірі – астыңдағы атыңа, екіншісі – қойныңдағы қатыныңа... Сенбе десе де, сене беретін елміз ғой. Еркек атаулығы ең жақын екі нәрсе болса, соның бірі – аты, бірі – қатыны емес пе? Ендеше, неге сенбе деген?!.
Бұрынғы қазақ пен бүгінгі қазақта қандай айырма бар?
Бұрынғылар атына қарайтын. Қазіргілер қатынына қарайды.
Қазақтың аңыз-әңгімелері, ертегілері мен жыр-дастандарында аттың орны ерекше; Қобыланды батыр жырында Тайбурылға тіл бітетін, «Тайбурыл сонда сөйледі, сөйлегенде бүй деді» деп келетін адуын жыр тіркестері құймақұлақ қазақтардың жадында қалды; Ер Төстікте Шалқұйрық атқа тіл бітіп, ел білмейтін жайттарды жылқы жануар төгілтіп баян ететін; «Ат – ер қанаты» деп қазақ астындағы тұлпарын айрықша қастерлеп, қадірлеген; Құлагер өлгенде Ақан серінің қалай қайғырғаны, азалы ән шығарып, шерін тарқата алмай, құмығып дүние салғаны елге белгілі; атына күнде мінетін қазақ қатынына жаугершілік заманда немесе мал соңында жыл он екі ай жүргенде, атқа мінгендей міне алмайтын; содан ба, жылқы жарықтықты жанынан артық көріп, жан жары деген әйелге ықыласы үйіріліп тұрмайтын; мұның дәлелі жандыда жағы талмаған Жиренше шешеннің Қарашаш өлгенде «қатын өлді, қамшының сабы сынды» деп қысқа қайырғанынан көрінсе керек...
«Ат пен әйелде айырма бар ма?» деп қалдық. Бар сияқты. Ат ешқашан сыр ашпайды. Қанша мықты де­сек те, әйел сыр шашады. Атыңа сенбе дегенде, тақым мен тоқымға қанша мықты болғанмен, оқыс жалт берсе ат үстінен ер ауады. Қатыныңа сенбе дегенде, қанша адал, ерге берілген деген күннің өзінде әйел не ашу үстінде, не қасақана ердің сырын ашатын сәттер аз болмаған; «аузы күйген үріп ішеді» дегендей, қойнындағы қатынының осындай ойсыз әрекеті басына әбден тиген соң шығарған мақалы болу керек, қазақтың...
Голощекиннің қанқұйлы қасап саясаты қазақты аттан айырды. Бір деректе ХХ ғасырдың бас кезінде қазақта 41 миллион жылқы болған деседі. Әйтеуір аз мал емес. Соның бәрін «Асыра сілтеу болмасын, Аша тұяқ қалмасын» деген айдапсал саясат арқылы қырып тастаған соң, біздің халық бірден жуасып сала берді. Атынан айрылғасын – арқасынан айрылды. Жалындаған, дауылдаған рухы сынды. Жүні жығылды. Айтқанға көнгіш, айдағанға жүргіш, айтаққа үргіш ұлттың жаңа буыны өсіп шықты. 
Ат деген – еркіндік еді. Ат деген – азаттық еді. Ат деген – қазақтық еді. Жылқыдан айырылған халық жуасығаны сондай, құлағына қыл жүгіртіп, құйрығына ши жүгіртіп жатса да селт етпейтін момынның тозақысына айналып сала берді. Бүгінде басына ит сарып, іркіт құйса да, астынан уран, үстінен гептил ағып жатса да «мә-ә» деп жетім лақ құрлы бақ ете алмайтын жағдайға жетті. Атынан айырылған қазақтың қарап қалғаны – қатыны ғана.
Отбасы, ошақ қасында, шаңырақтың шырайын келтіріп отыратын әйел біткенді сәбет өкіметі желіктірді: «тең праволысың» деп танауын көкке көтертті, тылтитып шалбар кигізді, түрегеп тұрып сигізді; Әйелдер еркекпен тайталасып жарысты, шалбарды алды, шылымды алды, арақ ішуден алға кетті; мәшиненің руліне жармас­ты, спорттың неше түріне араласты – футбол, бокс, штанга әйелге ауысты; Басқа не қалды: әйел – ерге қарайтын, ер жерге қарайтын заман келді; «аспанды – атом, жерді – қатын билейді» деуші еді, сол сөз расқа шықты; гендерлік саясат деген бірдеңе шығып, әйелдерді сан жағынан көтеру етек алды; талай әйел тәлпіштеніп төрге озды, еркектің «еркек» деген құр аты ғана, қаптаған қара басты еркек отырса да «алтын басты» әйел бата беретінді шығарды; еркектің жолын кесіп өтетін әйел көбейді, мұнысын бейәдеп көрмейтін бетпақтығы тағы бар, бетіне қарасаң, талмайтұғын жағы бар, тілдессе – тілімен ірейтін, екі қолын беліне тірейтін, көрінгеннің аузына сигенде, зәрімен Аралды толтыратын, қақсағанда қара аспанды болдыратын қаншама көкезу қатынға билік тиді; «Елді – Құтым билейді, Құтымды – бұтым билейді» деген екен бір әйел, сол айтқандай, қоғамды қатынның бұты билейтін заман орнықты. Сөйтіп тұрып, әншейінде еркектен қалыспайтын, қалысқысы келмейтін ақ жаулықты зейнетақы жасына келгенде елден ерек нәзіктене қалады, еркекпен теңескісі келмейді, «біз – әйелміз ғой» деп безектеп шыға келеді. Неге? Қатардан неге қалады? Ақыры еркекпен тең екен, ақырына дейін теңессін онда...
Дүние өзгерді.
Ат – ердің қанаты еді. Қанат қырқылды. Ер – езге айналды.
Қатын ерінің қабағын бағатын, көңілін табатын. Бүгінгі еркек біткен әйел атаулының қабағына қарап қалды. Дүние өзгермеді деп кім айта алады?
«Қанша қаскөй, қанша қанішер десе де кавказдықтардың орыстардан бір артықшылығы бар: – кавказдықтар өз отбасында ер баладан еркек тәрбиелеп шығарады, ол еркек – өзі үшін, отбасы үшін, елі үшін, жері үшін әр кез жауапты; мен кавказдықтарды осындай ерек жаратылысы үшін жақсы көремін» депті орыстың бір игі жақсысы.
Біздің қоғамда – ер мен еркек ұғымы көмескі тартты: мектеп толы әйел мұғалім – ер балалардың еліктеп өсетін ер-азаматы шамалы; үйде тілін безеп шешесінің жағы талмайды, түзде өзі жабысып, қыз соңынан қалмайды, сосын, ұл балалардың қыз қылықты, әйел мінезді  майысқақ келетіні, қиындық атау­лыға оңай көнетіні,  еркектік ірілік кесек мінезден ада боп, әйелше сөзге, өсекке еретіні, елдік һәм еркектік мәселеден гөрі кілең майда, ұсақ-түйекті теретіні...
Қобыланды батыр жырында Қараман­ның айтатыны бар: – «Қанша асыл туса да, қатынның тілін алған соң, артық туған Қобыланды, қатын емей немене?!. – деп. Қазір еркек еркекпен ақылдаспайды. Қатынға ақыл салады. Қатынның тілін алады.
Алаштың ардақтысы Ақселеу аға Сейдімбектің бір сөзі есімде қалыпты. «Жеті жасар кезім. Көше бойлап келемін. Көшенің ана басында ақ жаулығы желбіреген бір ана тұр. Жақындағанда байқадым, жетпістің үстіне шыққан кейуана екен. Мені тосып тұрды. «Апа, өте берсеңізші» дегенімде, «Сен – еркексің ғой, қарағым. Еркектің жолын әйел ешашан кеспейді. Жолын кессе, еркектің жолы болмайды, бағы байланады дегені бар бұрынғылардың» деп алдымнан кесіп өтпеді. 7 жасар балаға 70-тегі ананың көрсеткен құрметі қай елде бар? Қандай даналық?!. Неткен керемет елміз?!.» деп Ақаңның арқасын кеңге салып жадырағаны күні кеше...
Бұл күнде әдейі келіп еркектің алдын кесіп өтетін әйел заты көбейді. Кердең қағып, кес-кестеп, одыраң қағып, ойқастап өтіп жатқан әйел аз ба алдыңнан?!.
Жолы болмай жүрген жігіт көп.
Езіліп жүрген еркек көп.
Жолы кесілгеннен емес пе?!.
Ал, сіз, «әйелдер туралы неге жазбайсыз?» дейсіз...
Басқа не жазасың?..

МЕШІТТЕР НЕГЕ САРҒАЙДЫ?!.

Бірде байқаймыз, бірде байқамаймыз: күнде көріп жүрген нәрселер аяқастынан өзгеріп сала береді; неге олай болды деп бас та қатырмаймыз, «е, жөн екен» деп жүре береміз; мәселен, Қазақстан мешіттеріндегі көк күмбез кейінгі жылдары жоғалды; оның орнын сары түс басты. Алтын жалатылған сары түсті күмбездер христиан шіркеулеріне тән секілді көрінетін еді, енді, бұрынғы да кейінгі де мешіттердің бәрінің күмбезі сап-сары...
Неге бұлай?
Пайғамбарымыз (c.ғ.с) алтынды жарат­паған деседі. Ер адамдардың алтын жүзік тағуы шариғат талаптарына қайшы келсе керек. Сары түс – сарғаюдың, сары уайымның белгісіндей қабылданатыны тағы бар. Мешіттердің көк күмбезі кімдерге көзтүрткі болды екен?!.
Көк – көгеру, көркею, көбею ұғымын сыйдырған түс. Көк деп аспанды меңзейміз. Көк Тәңірі деген де ұғым бар. Көк деп жерден өнгенді атаймыз. Шөптің түсі жасыл болса да қазақ оны «көк» дейді. Күмбездер де көктүсті еді...
Қандай желеу, қандай себеп, қандай негіз болғаны белгісіз, Қазақстан мешіттері сол көк түстен айырылды. Алматыдағы орталық мешіттің көк күмбезі асқақ Алатау аспанымен астасып, әдемі реңк беретін. Ол да сап-сары боп шыға келді. Жаңадан ашылып жатқан мешіттердің барлығы да сары түсті күбездермен көмкеріліп жатыр...
Сонда қалай? Бұрынғы көк түс неге алтын жала­тылған сары түске ауыстырылды? Себебі қандай? Уәжді жауапты бір кісіден естіген емеспіз...
Көк түс – жаңарудың, жаңғырудың, жайнаудың түсі емес пе еді?!. Қазіргі Қазақстанның діни ахуалы жаңарған, жаңғырған, жайнаған қалыптан ауытқыды ма? Оның орнын сарғайған, сары уайымға салынған, сартап болған жағдай басты ма?!. Дін қарындастың діңгегі шайқалды ма?.. Мешіт пен шіркеудің айырма­сы төбесіндегі ай мен айқыш қана болып қалғаны ма? Ай мен айқыштың айқасында көк түсті сары түс жеңді ме? Бағытын таппай, бағдарын білмей, «мен» менен «менікін» айыра алмай жүрген жас өскін жастарымыз, әйтеуір, ғибадатхана ғой деп кірер есіктерін алмастырып, ауыстырып алса қайтеміз?


Бет-бейнесіз ұлт бола ма?

Өзбектің ала тақиясы бар.
Тәжіктің топысы бар.
Қырғыздың айыр қалпағы бар.
Түрікменнің жүн бөрігі бар.
Ұйғырдың да төрт бұрышты тақиясы бар. Бәрін бір­ден танисың. Бірден ерекшеленеді.
Қазақтың несі бар? 
Тойдан тойға «пәдәркіге» жүретін шапаны да, тақиясы бар сияқты. Бәрінің оюы алабажақ. Осы ма?
Соғыс туралы кино көп. Соның бәрінде өзбек жүреді. Біреу болса да. Арасында міндетті түрде өзбекше сөйлейді. Тым құрығанда «Аһ, шайтан!» дейді.
Соғыста орыс пен татардан кейін батыр шыққан ел – қазақ. Бірде бір қазақтың соғыс туралы кинода бет-бейнесі жоқ. Неге? Орыспен одақтасып отырған да біз. Бірақ, соғыстағы Жеңіске қазақ ешқандай үлес қоспаған сияқты. Мәскеу мен Сталинградтың түбінде ешкім қырылмаған тәрізді. Берлинді орыстың өзі ғана алғандай...
Шәмші досым айтады: 
– Қазақтың бет-бейнесі жоқ. Мынау қазақ деп еш­кімді көрсете алмайсыз... Ұлттың жиынтық бейнесін қалай білеміз?..
Ойланып қалдым. Шынында да, біз қазақпыз деп өзімізді өзгелерден айыратын бір белгі, не пішін, не бейнеміз жоқ па сонда?!.
Бет-бейнесіз ұлт бола ма? Қазақ сонда сұрқай халық па?
Өзіндік ештеңеміз жоқ болғаны ма?
«Біз   қазақпыз, ата-бабамыз батыр бол­ған, шешен болған» дейміз. Кеудемізді кереміз. БАҚ бетінде «Қазақ тіліңді ұмыт­па» деп зар қағамыз. Өзбек сөйте ме? Кеуде қаға ма? Кез келген өзбек өзінің өзбек екенін күн сайын дәлелдеп отыр. Өзінің ала тақиясымен. Өзінің тілімен. Өзінің ерекшелігімен.
Шәкең айтады: «Жақында теледидардан көрдім. Өзбектен келіп сұрап жатыр. Мынау жаһандану заманына сіздер не амал қылып жатсыздар? Ағылшын тілін үйреніп, қарсы әрекет жасап жатсыздар ма? – деп сұрады. Сонда әлгі өзбек айтты. «Сенің ағылшын тілің менің тілімнен артық па? Жаһандансаң – өзің-ақ жаһандана бер! Өзбекте шаруаң болмасын!».
Біз сөйтіп айта аламыз ба?
Ұлттың ішкі қуаты болмаса, қайраты мен намысы болмаса, оның сыртқы бейнесі көмескі тартады екен...
Біз, қазақ, бүкіл әлемнің алдына түсіп, зырылдап бара жатырмыз. Бәрін де үйренгіміз келеді. Бәрін де игергіміз келеді. Бәрінен озғымыз келеді. Бәрі болғымыз бар. Бірақ, қазақ болғымыз келмейді. Неге?!.
ХХІ ғасырдағы қазақ бейнесі қандай болмақ?

ҚАЗАҚТЫҢ ҚҰНЫ ҚАНША?

Сіздің құныңыз қанша? Адам ретінде бағаңыз немен өлшенеді?
 Адам үшін ең қымбатты не нәрсе?
 Кез келген адам үшін ең бірінші – оның аты қымбат. Әкесінің аты қымбат. Атасының аты қымбат. Тегі қымбат, тұқымы қымбат.
 Аты-жөніңізде қате жоқ болса, сіз өз құныңызды, өз бағаңызды білесіз.
Аты-жөніңізде қаптаған қате болса ше? Онда өз құныңызды өзіңіз шығарарсыз.
Қазақтың құны қанша деуімізде мән бар. Жақын­да «Егемен» мен «Казправдаға» биылғы Бірыңғай ұлттық тестілеу қорытындысы шығады. Мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түсуші түлектердің аты-жөніндегі қатеден аяқ алып жүре алмайсыз. Қазақта қанша құнсыз қазақтың бар екенін сол тізімге қарап-ақ жобалай беруге болады.
Аты-жөнді қате жазу жағынан алдымызға қара салмай келеміз. Бір қызығы соған еш қорланбаймыз да, намыстанбаймыз да! Қатені түзеткісі келген адам мың есікті ашуына тура келеді. Табанынан тозады. Шаршайды. Шалдығады. Ақыр соңында бәріне қолын бір сілтеп, қоя салады.
Осы күні атына «мягкий знак» қосылып жазылмаған қазақтың қызы аз. «Гульмира, Гульжан, Гульнар, Гульжанар, Гульжамал, Гульсим» деп аты гүлге біткен қыздың бәрі дерлік қате атты көтеріп жүр. Анар – Анара, Манар – Манара, Жанар – Жанара деген орыс тілінің ыңғайымен жатып тұратын аттарды есепке алсаңыз, еріксіз тіліңізді тістейсіз.
Мұндай өрескелдік қайдан кетіп отыр?
Бірінші кезекте, адамның жеке бас куәлігі мен шетелдік паспорты екі тілде, оның ішінде басым жағдайда орыс тілінде толтырылғаннан кейін туындап отыр. Қазақтағы құлдық психология қанша жерден Тәуелсіздік алса да кетпей тұр. Соның салдарынан аты-жөніндегі қатеге көптеген қазақ бүгінде соншалықты проблема деп те қарамайды. Әбден еті өлген. Намысы боқтыққа көмілген. 
«Официальный» тіл озбырлығын жасап тұр.
Бұрын не жамандық болса да, сәбет өкіметінен көре салатын едік. Тәуелсіздік алғанымызға жиырма жылдың жүзінен асты. Әлі баяғы қате балалап жатыр. Енді, мұны кімнен көреміз?
Өз аты-жөнін қате жазғызған бір ағылшынды, не бір французды, не бір немісті, жоқ болмаса бір жапонды немесе бір кәрісті көрдіңіз бе? Тіпті, орыс-екеш орыстың өзі Иван дегенін Диван деп жазбайды ғой. 
Орыс тіліне орыстан бетер жүйрік, орыстың өзін жолда қалдырып, сайрап тұрған біздер, қараорыстар, неге өз аты-жөнімізді толтыруға келгенде сондай салақпыз және сауатсызбыз? Қазір біреуге «сен сауатсызсың» деп көріңізші, мұрныңыздың қай жерден мұржа шығарғанын білмей қаласыз. Ал, қалың қазаққа, тұтас бір ұлтқа соншалықты сауатсыз болудың соры қайдан жұқты?
«Жамбылды – Джамбул, Жолдасбекті – Джолдасбек еткен кеңестік жүйе келмес­ке кетті» деп жүргеніміз бекер ме деймін кейде. Біз сол сәбеттер елінің ең соңында қалған, басқалардың бәрі тарқап кеткенде, егемендігін амалсыз алған, сайып келгенде қара шаңырақ – КСРО болса, соның ең соңында қатардан қалмайық деп, көк туын амалсыз көтеріп отырған, шын мәнінде қара шалдың кенже баласындай, шаңыраққа мұрагерлік жағынан таза сәбеттің өзіміз бе деген ой келеді. Өйткені, бізден басқаның бәрі өз алдына ел болудың қамында жүр де, біз ғана салпақтап, алақтап, жалақтап, қорқасоқтап, қазақ дей алмай, қазақ қамын жей алмай, басқа ұлт пен ұлыстың тыныштығын тілеп, өзімізді ішімізден іреп, жаппай рухани жадап, жүдеп, болмастың жолымен, берместің қолымен нұрлы бола­шаққа қадам басып келе жатырмыз. Құдай қайырын берсін!..
Сонымен, қазақтың құнын анықтаудан шықты ғой әңгіме. Осы жағдай осылай кете бере ме? Мұны түзетудің жолы бар ма, жоқ па?
Біздің ойымыз айтады: мұны түзетудің, аты-жөнді сауатты толтырудың жолы бар деп; ол үшін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстан азаматтарының аты-жөн сөздігін жасауды қолға алуы тиіс. Миграциялық полиция деректерін ала отырып, Қазақстанда тұратын, ресми тіркелген 17 миллион адамның аты-жөнін тегіс сүзіп өтіп, әр адамның аты-жөнін сауатты толтырудың үлгісін жа­сау керек. Бұл сөздік толық нұсқасында Үкіметтің қаулысымен немесе басқа да заңдық актілерімен тастай бекітіліп, электронды нұсқасы кез келген азаматтың қолдануына оңай қалыпқа түсірілуі қажет. Кез келген АХАЖ ұйымдары мен бөлімдері бірінші кезекте осы Қазақстан азаматтарының аты-жөн сөздігіне сай жаңадан туған баланың Туу туралы куәлігін рәсімдегені абзал. Сонда ғана біз қаптаған қатеден құтылуға нақты қадам жасаймыз.
Ал, осыған дейін қате ататекті арқалап келе жатқан азаматтар не істейді? Оларға да осы Қазақстан аза­маттарының аты-жөн сөздігі көмекке келуі тиіс. Егер, кімде кімнің аты-жөнінде қате кеткен болса, ол азамат Үкімет бекіткен ресми сөздікке өз аты-жөнін сәйкестендіре алатындай жағдайда болуы керек. Мәселен, Чинарбаев Джексенбай Интимакович деген азамат – Шынарбай Жексенбай Ынтымақұлы деген сауатты үлгіде өз төлқұжаттарын жөндетіп алуына еш кедергі болмауы тиіс.
Бізде тағы бір «ішінде ит өліп жатқан» жер бар. Ол – мынау СИК, РНН, қазіргі ИИН дегендер. Осының бәрінде қазақ тілінің сфецификалық тоғыз әрпінің компьютерлік бағдарламаға енгізілмеуіне байланысты көптеген Қазақстан азаматының аты-жөні негізінен орыс тіліндегі үлгіде толтырылады. Сондай-ақ, 1С бухгалтерия, зейнатақы қорларының есептеу бағдарламаларында қазақ әріптерінің болмауы, болса да орыс тіліне басымдық берілуі ең үлкен мәселені алдан шығарады. Мәселен, мен – ЖҮСІП Нұртөре Байтілесұлымын. Орысша негіздегі бағдарламаға мені ЖУСИП, кейде ЖУСУП түрінде, атымды бірде Нурторе, бірде Нуртуре деп енгізеді. «Бір әріпте тұрған не бар?» деуі мүмкін кейбіреулердің.
Бір әріпте үлкен мәселе бар. Жүсіпті – Жусуп, Жусип, Тусуп, Иосиф, Осип деп кете беруге болады. Бәрі түп негізінде Жүсіп пайғамбардың есімі ғой, бірақ, әр халықта әртүрлі транскрипцияда. 
Айтайын дегеніміз, күні ертең зейнетақы алғанда немесе басқа да мүліктік операцияларды жасағанда сіздің – Сіз болмай шығуыңыз мүмкін... Дәлелдеп көріңіз сосын...
Ең басты мәселе – біздің бүгінгі қа­зақтың құны: аты-жөнін ардақтап, құжаттарын мемлекеттік тілде рәсім­дегендер үшін, мұндай азаматтардың атасына рахмет! – өз дәргейінде бағасын жоғарылатады; ал, аты-жөні қате-қате қа­зақтардың құны көк тиын, қанша асыл туса да!

Cенімсіздік синдромы

Байқап қарасаңыз, бізде бәрі дұрыс: Қазақстан жайнап тұр, қазаны қайнап тұр. Ел еңсесі көтерілген. Ел дәулеті еселенген. Көңілдер жайланған. Бірақ, кей адамдар ойланған. Жаңалық ашуға емес. Елден қашуға...Бұл қалай? Біртүрлі қорқыныш бойды билейді. Айдың күннің аманында олар неге елден қашады? Қашуға не себеп? Жылы орынның астынан су шықты ма? Жоқ мұның басқа бір себебі бар ма?
Қарап отырсаңыз, талайы тайып тұрыпты. Қажыгелдинді алғашқы қашқынға қосыңыз, оған «Парасат» ордені берілген-ді, Премьер-министр орынтағынан түскен-ді... Қорқытқасын қашты ма, қорыққанынан қашты ма? Сол тұстағы Қазақстанның ішкі істер министрі Шумов та аса шуылдатпай тұрып, елден қашты. Іле-шала Талапкер Иманбаев табанын жалтыратты. Әлиевтің әлегі анау...
БТА банкті былықтырып, мемлекет қазынасынан миллиардтарды алып, Әблязов қашты. Жиған-тергенін екі-үш ұшаққа тиеп, Храпунов қыр асты. Халық санағына бөлінген қаржыны қымқырып, Анар Мешімбаева ханым бір түнде Араб әмірлігінен бір-ақ шықты. Тергейміз дегенді сезді ме, Бергей бірден зытты...
Ә дегенде еске түсіп жатқаны осылар. Тағы кім бар еді?..
Бәрі де Қазақстан азаматы. Көпшілігі елде тұрғанда құрмет пен алғысқа бөленген. Қазақстанға адал қызмет етемін деп ант берген. Мемлекет тарапынан орден мен медаль алған. Абыройсыз емес-ті. Билік пен бедел биігінде жүрген. Ондайлар арамызда әлі бар.
Қашып үлгермегендер қанша? Қаш­қысы кеп жүргендер қаншама?..
Өз бизнесін ақырын-ақырын Қа­зақстаннан сыртқа шығарып жатқандар бар деп естиді жұрт. Олардың ойында не бар? Қашу ма? Басқа қалай түсіндіруге болады? Қит етсе шетелге қашуға не себеп?
Не түрткі?..
Біздің шолақ ойымызға, олақ бойымызға салсақ, осының себебі мен салдарын түгелдей тап басып анықтау аса қиын. Бірақ, ары ойлап, бері ойлап қазақы өлшемге салсақ, бәрінің себебі бір-ақ нәрсеге тірелетін тәрізді. Ол не?
Сенімсіздік. Яғни, бәріне ортақ диагноз біреу ғана сияқты.
Сенімсіздік синдромы!
Неге бізде жемқорлық көп? Неге тәп-тәуір мемлекет қызметінің тізгінін ұстап жүрген азамат тез-ақ былыққа батады? Мемлекет мүлкін талан-таражға салуға, бюджет қаржысын қымқыруға оларды не итермелейді? Ең басты себеп – сенбеу. Елге сенбеу, жерге сенбеу, мемлекетке сенбеу... Ең бастысы – өзіне сенбеу!
Кез келген мемлекеттік қызметкер «ертеңгі күнім ­не болады?» деп ойлайды. Биік лауазымға тағайындалған адамның көбі беті жылтырап елге, жерге қызмет еткен болады. Алайда ішкі есебінде «ертең қайтем?» деген сұрақты қаперінен еш шығармайды.
Әкім болған, министр болған, басқа да жоғары қызмет алған азаматтардың көбі Қазақстанға ұзақ жыл бойы қызмет етемін деп ұдайы ойламайды. «Ертең Үкімет ауысып кетсе не болады?», «Әкімімізді орнынан алып тастаса қайтеміз?», «Мені қашан босатады екен?», «Бұл жерде ұзақ отырмаспын», «Ақыры кетем ғой», «Елдің бәрі жеп жатыр емес пе?», «Мен де мүмкіндік барда жағдайымды жасап қалайын» деген ойдың бірде-бірі басына келмеген мемлекеттік қызметкер табылса, тап соның қойын бағуға қазір әзірмін!
Қазақстанда тек билікте, жоғары лауазымда жүргендер ғана емес, алдында мэрі бар, қолында мөрі бар, бизнес пен бюджет сияқты екі емшекті қатар емген кез келген тұлға өз өмірін, өзінің болашағын қазақ елімен байланыстырғысы келмейтіндей жағдай қалыптасты.
Бәрі де ертеңгі күнге сенбейді.
Қазақстанның келешегіне сенбейді.
Қазаққа сенбейді!
Миллиардтар мен миллиондарды Қазақстаннан шет­ке алып шығу әрекеті соның белгісі емес пе?
Шет мемлекеттерден зәулім-зәулім виллалар мен коттедждерді сатып алып қою соның белгісі емес пе?
Қазақстанда қаншама жақсы оқу орындары ашылып жатса да балаларын шетелде оқыту соның нышаны емес пе?..
Оффшор арқылы опырып ақша жасау соның айғағы емес пе?..
Қазақ елін қалай көркейтемін, осы мемлекетті қалай нығайтамын, қалай осы елмен бірге көгеремін, көктеймін дегенді ойлаудың орнына, «әлдеқалай күн туса қайтемін?», «қайтсем жинаған байлығымды сақ­тап қаламын?», «қашан мені түртпектер екен?» деп күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған азаматтар қатары көбейіп барады. Осы дұрыс нәрсе ме?
Мансапқа қолы жеткен замандастарымыздың басты мақсаты – жеу, қымқыру мен жымқыру. Одан қалды табанын жалтарту. Қазақстаннан қашу! Өз ақылы мен өз біліктілігінің арқасында миллиардтық байлықты еншілегендер бар ма? Барлығы бюджет қаржысы арқылы байып жатқанын ел-жұрт біледі.
Бір Бергей Рысқалидың өзі 16 миллиард бюджет қаржысын асап алып, арамызда жымиып жүргені кеше емес пе? «Мен Президент командасының өкілімін, Президентке адал қызмет етіп жүрмін» деген Виктор Храпуновтың құрақ ұшқан құшағын басқа басқа, зиялы қауым ұмыта қойған жоқ қой.
Бергей мен Виктор өз әрекеттерін жалғыз жасаған жоқ, олардың жұмысын қадағалайтын, бақылайтын жергілікті органдар – облыстық, қалалық мәслихаттар әлі де отыр, құзырлы құрылымдар сол күйі тұр, мемлекеттің басқа да қадағалаушы, бақылаушы мекемелері не сонда, қалғып кеткен бе? Көз алдарында болып жатқан былықтарға бірге ортақтасу біріншіден, «командалық жүйе» дегеннің кесірі, екіншіден, әкімдердің жұмысына қоғамдық, халықтық бақылау тетігінің болмауы, болса да дұрыс іске қосылмауынан.
Қазір бірінші басшылар сүттен ақ, судан таза болып шыға келеді. Айыбы болса, шетелге қашады. Олардың орнына орынбасарлар, арт жақта жүргендер жауапқа тартылады...
Бюджетті бекітетін, орындалуын бақылайтын мәслихаттар ай қарай ма?
Қаржы саласын қадағалайтын құзырлы мекемелер «жау кеткен соң, қылышын боққа шабатыны қалай?».
«Жоғарымен жақсы болу» деген ұғым бар. Ол біріншіден, мемлекет басшысының көңілін табу. Екіншіден, әкім мен министр командасы. «Командадағы» адам басшының қас-қабағын бағумен, соның көңілін табумен, соған жағынумен жүреді. Осы менің көзжұмбайлығымнан қаншама мемлекет қаржысы желге ұшып жатыр-ау деп біреуі дабыл қақпайды. «Мынау таза масқара тірлік қой» деп бірде-біреуі үн шығармайды. Неге? Өйткені «командада». «Командадан шығып қалу» – өз болашағына балта шабу. «Бір командадамыз» деп жүргендердің бәрі ең бірінші кезекте Қазақстанды, оның халқын өз қызметімен, өз келешегімен байланыстыра қарамайды. Жоғарыда отырған жанның ойынан шықса болды. Басқа мақсат жоқ. Халыққа, мемлекетке пысқырып та қарамайды.
Осындайда өзіміз күнде жамандап жүрген кеңес кезеңі еске түседі. Қанша жамандасақ та, онда бір жауапкершілік деген нәрсе бар еді. Колхоздың қойы өлсе, қойшыдан бастап аудандық партия басшыларына дейін жауап беретін. Айдаладағы қойшының қасында көмекші болып жүрген бір адам таяқ жесе, не бір жағдайға ұшыраса, жоғары басшылық түгел жауап беретін. Адам өмірі – басты құндылық болатын. Қазір не? Ашық күнде атып кету, дұрыстап амандаспаған кісіні өлтіре салу, қолында күші мен билігі бар адамның момынға, әлсізге тізесін батыру аз болып қалды, ауыл-ауылымен қырып кетуге дейін барып жатыр. Күні кеше ғана екі ауылдың арасында қырқыс болып, бір ауылдың жігіттері көрші ауылдың шал-шауқанына дейін сабап тастағанын «Астана» арнасы көрсетті. Бұл не сұмдық!..
Ауылдың, ауданның әкімдері қайда? Халық сайлаған мәслихат депутаттары қайда?
Қаншама келеңсіз оқиға орын алып жатыр. «Осы менің ба­қы­лау­­сыздығымнан, менің жайбасар­лығымнан, менің жауапсыздығымнан болды» деп өз орнынан кеткен жергілікті әкімді көрдіңіз бе?!.
Ауылдағы дау-дамайды қазақтың жаман шалдары шешетін.
Бір-ақ ауыз сөзбен!
Қазір шал дейтін шал да қалмады. Олар да «Ардагерлер алқасы» деген жанға жайлы ұйым құрып алған, ақыл айтып, бата бергеннен артық, шапан жамылған, әкімнің қасынан табылғаннан артық мәселе жоқтай жалпаң қағып жүр...
Қылмыс орын алса, дереу ашуға әрекет жасауға тиісті құзырлы орган қызметкерлері біресе аттестациядан қалай өтемін деп, біресе жоғары шенді кісінің көңілін қалай табамын деп қарақан басымен әуре...
Қызметі барлар бір жақта, қоғам бір жақта...
Халық кімге сенеді?
Жалғыз Елбасыға барлық жүкті артып, қарап отыру жараса ма?
«Халыққа қызмет етемін деп емес, халықты басқарып отырмын» деп шікірейген әкімқаралар кімге сенеді?
Сенім – сағым сияқты.
Халықты басқарып жүрміз дегендер мен халықтың өзінде Сенімсіздік синдромы пайда болды. «Ертеңіміз қалай болады?» деп ел алаңдаулы. «Бізді қойшы, бала-шағамыз, ұрпағымыздың ертеңі не болады?» деген сарыуайым Құс тұмауынан да артық қайғы болып тұр.
Елдегі татулық пен тұрақтылыққа тас лақтырып отырған жоқпыз. Бәріміздің тілегіміз – елдің тыныштығы, мемлекеттің күшейгені, тәуелсіздіктің тұрлаулы болғаны.
Әйтсе де «мұндай тәуелсіздіктен орыстың қара­мағында тып-тыныш, аман-есен отырғанымыз дұрыс па еді?» деген ойды кейбіреулер айта бастапты...
«Түбінде жер-жаһанды қытай билейтін болса, ертерек соның ығына қарап, қолтығына кіре берсек те болмай ма?» дейтін сумақай ой сумаңдай бастады...
Ең басты құндылық – Тәуелсіздік. Оған селкеу түспеуі тиіс.
Адам ауырса, түшкіреді.
Түшкірік – «әй, сенің иммунитетің нашарлай бастады, емдел, қарал, жөндел» деген Алланың белгісі.
Біздің қоғамның түшкіре-түшкіре мұр­нынан  су ағып, ауруы күшейіп аллергияға айналғанын дәрігерлік мамандығы жоқ кез келген есі дұрыс адам сезінсе керек.
Аурудың емін табу үшін диагнозды дәл қою керек.
Қоғамның дертін табу үшін де солай.
Қазіргі қазақ қоғамы «Сенімсіздік синдромы» деген пәлеге ұшырап отыр.
Біз соны емдей аламыз ба?
Емделе аламыз ба?
Жоқ, енді ем қонбай ма?!.
Қазақстаннан қашуға емес, Қа­зақстанның жұмысын жасауға асығатын күн туа ма? Жалпы, мына барысымызда ол мүмкін бе?
Жаппай жемқорлық, қаптаған коррупция, күн сайынғы қанды қылмыстар қашан тоқтайды?
Зорланған, қорланған, зарланған заман түзеле ме? Жауапкершілік орны­ғатын, әркім өз ісіне дербес жауап беретін күн бола ма?
Қалың ел қорқынышпен ұйқыға жатады. «Ертеңіміз не болады?» деген уайыммен таңы атады.
Күнде шығатын күн сәулесінің арасынан СЕНІМ нұры қашан сығалар екен?!.

ҚҰСТЫҢ ЖАМАНЫ АЗАЙЫП, 
АДАМНЫҢ ЖАМАНЫ
 КӨБЕЙГЕН БЕ?

Аяз би туралы аңыз есіңізде ме?
Құстың жаманы, шөптің жаманы, адамның жаманы ше? Адамның жаманы деген Аяз би кейін әділ билік құрған хан болмай ма? Сол Аяз би «Құстың жаманы қайсы?» дегенде сауысқанды атайды.
– Сауысқанның жаман екенін қайдан білдің? – деген хан сұрағына Аяз би:
– Сауысқанның жүні ала болғаны сияқты, өзі де ала, бірлігі жоқ. Екеуі бірігіп ұшпаған, екеуі бірігіп қонбаған, адам пайдасына аспайтын арам құс еді. Сондықтан, құс жаманы сауысқан деймін, – деп жауап беретін еді ғой.
Сол құстың жаманы сауысқанды көрдім жақында. Біреу емес. Екеу емес. Жетеу. «Екеуі бірігіп ұшпаған, екеуі бірігіп қонбаған» деп Аяз би жаман­дығын айтқан  сауысқанның же­теуі бірдей ұшып, жетеуі бірдей қонып жүр. Жетеуінің бірлігіне қайран қалдым.
Құстың жаманы – сауысқан бірігіп жатқанда, біздің қазақ неге бірікпейді?
Аяз би өзінің жамандығын сұрағанда ханға: – Уа, тақсыр! Менің жасым елуге келді. Мен қатарлылар әйел алып, бала көрді, келін жұмсап қызық көріп отыр. Мен қайда болса сонда, әлі күнге дейін әркімнің артына мінгесіп, басқа біреудің құлшылығында жүрмін. Енді мен жаман емей, жақсымын ба? – деп жауап бермеуші ме еді.
Қырықтан асқанша қатын алмай, қу тізесін құшақтап жүрген қазақ көп. Әркімге жаутаңдап, жалбақтап, қалбақтап күн кешіп отырған ағайындар жетерлік. Басқа біреудің құлшылығында жүргендерде есеп жоқ. Сонда не болдық?
Ерте  заманда Аяз би тәрізді «адамның жаманы» атанған адам саусақпен санарлық еді. Бүгінде ондай адамдардың қатары жүздеп, мыңдап саналады. Аяз бидің ақылындай ақыл бітсе, арман жоқ. Көбіміздің жүрісіміз – құр далбақ, құр сандалу. Кісі есігінде құлшылықта жүргендер қатары қазір кез келген қалада кездеседі. Алысқа бармай-ақ, Алматыдағы Сейфуллин көшесіне көз салыңыз. Әлекедей жаланған жігіттер кез келген қара жұмысқа тіленіп көшеде тұр...
«Жетім бұрыш» жағалап, пәтер іздеп «ағалап» жүрген де біздің қаракөздер.
Түрмеге тоғытылып жатқандар да біздің бір туғандар...
Тірлігіміз – шала, тілегіміз – ала.
Ал, ала сауысқанның өзі анау! Бірігіп ұшады. Бірігіп қонады.
Сауысқан құрлы сақтығымыз жоқ, асыққанымызбен аптығымыз көп, бірде араз, бірде дүрдараз, ойлағанымыз – қастық пен қысастық, жасағанымыз – кесірлік, жүргеніміз – есірлік, жеткеніміз – жесірлік; қазақты қазақ қорлайтын, намысын таптап зорлайтын, бір-біріне болыспайтын, болмайтын, бар тірлігі оңбайтын осындай қалыпқа қалай түстік?!.
Біреу қараса – бетінен алатын, зәрлі сөзді айта салатын, өкпелесе – өңешке пышақ салатын, өшіксе – өлтіре салатын кер заманға қалайша кез болдық?
Басқаға келгенде – баладай тату, қазаққа келгенде – қабағы қату қоғам тұр...
Құстың жаманы азайып, қазақтың жаманы көбейгені ме, расында?

МЫҢ ҚҰМЫРСҚА... 
және БІЗ

Атлант  мұхиты үстінде  мың құмырс­қа қалқып келеді. Жай келе жатқан жоқ: қыз-қыз қайнаған тіршілік, дән тасып, жапырақ арқалап, жұмысқа жегіліп, асау тол­қынға жанталаса қарсылық көрсетіп, не керек, ӨМІР мен ӨЛІМ арасында арпалысып жатыр...
Мың құмырсқа! Мұхит суына батпайды. Тіршілігі де тоқтамайды. Қашан жағалауға жеткенше өмір үшін жанталасады. Жағаға жеткесін құмырсқа қыбыры да, жыбыры да тоқтамайды.
Жаңа жылдың жарқын күндері әлемдік телеарналардың біріне телміріп отырып осы көріністі көрдім. Көрдім де ойландым.
Мың құмырсқа мұхит суына неге батпайды? Неге тұншығып қалмайды? Неге ыдырап кетпейді?
Құдайдың құдіретін қараңыз: бір-бірімен тығыз байланысқан құмырс­қалар толқын ұрғанда алдыңғы екі аяғымен бірін бірі қармап қалады екен, соның арқасында олар асау толқынға сал секілді қарсыласады; араларына су кірмейді, қалтқы тәрізді қалқи береді; сөйтіп, жатып тіршілік жасауын тоқтатпайды.
Біздің қазаққа осы мың құмырсқаның бірлігі бұйырмаған ба?!.
Жер жүзінде көлемі жағынан 9-орын алатын қазақтың жалпақ жерінде алшаң басып жүрміз десек те мұхит үстінде қалқыған құмырсқадан біздің айырмамыз қайсы?.. Біз де қалт-құлт етіп жаһанданудың жойқын толқынына жұтылып кете жаздап келе жатқан жоқпыз ба?!.
Тіліміз – тілім-тілім... Дініміз – ырың-жырың... Діліміз – пырым-пырым...
Осы күні ұлттық идея туралы жиі айтылады. Қазақ үшін ұлттық идея деген не?
Біреулер индустриялық-инновациялық даму дейді.
Біреулер ұлттық құндылықтарға негізделген қоғам құру дейді.
Біреулер демократиялық азаматтық қоғам орнату деседі...
Осының бәрі керек шығар. Алайда, қазақ деген дарқан пейіл, бала көңіл, ақжүрек ұлтқа бұл заманның бүйрегі бұрып тұрған жоқ. Жан-жақтан еркін ағылған ақпараттар ағыны, мылтықсыз майдан, ұлтты ішінен іріткен індеттер қонақжай қалпыңа, құнды салтыңа, бұрынғы даңқыңа, момақан халқыңа қарап отыр ма?!. Қазақ елі деген ұғым қиялда өмір сүріп, соны жасаудың, соған барудың, сол күнге жетудің амал-қарекеттерінің бәрі айдалада қалып жатқан тұсында қазаққа қандай ұлттық идея керек?!.
Мынау мың құмырсқа құрлыққа аман жеткесін олардың арасында құмырсқалар анасы деген болады екен, сол байғұс сағатына 30 000 жұмыртқа тастайды екен; сол жұмыртқалардан қаптаған құмырсқа қайта өреді екен...
Өмір мен өлім арасы... 
Мың құмырсқаны қарашы.
Біздің қазақ үшін қазіргі ұлттық идея – аман қалу және көбею болса керек.
Айдың-күннің аманында жол апатынан, әртүрлі қылмыстық әрекеттен, арақ деген пәлекеттен, аспаннан және жерден келген неше мың кесапаттан қынадай қырылып жатқан қалпымыз мынау...
Аман қала аламыз ба?!.
Өмірге келген қызылшақа нәрес­телерді далаға тастап, «детдомға» өткізіл­генін шетелге сатып, қалғанын тағдырдың тәлкегіне ұшыратып, соғыс жоқ, бейбіт заманда тірі жетімдердің санын арттырып жатқан тұста көбейе аламыз ба?!.
Жастарымыздың арасында ниетті неке бір жетіге жетпей бұзылып жатқанда, ажырасу көбейіп, жас от­басылар шаңырағы шайқалып тұрғанда көбеюіміз мүмкін бе?!.
Албырт қыздар екі күннің бірінде түсік жасатып жатқанда халқымыздың саны өсе ме?!.
Қазір түсік жасату құны бар болғаны 8000 теңге болып тұрғанда, жазатайым бала көтерген жас қыздар күн сайын сол үшін кезекте тұрғанда халық көбейе ме?!.
Бәлкім, осы пәлекетті тоқтату үшін түсік жасату құнын 100 000 теңгеге арттыру керек пе?
Заң жүзінде тыйым салған абзал ма?
Ажырасу деген пәлені қалай тоқтатуға болады?
Мүмкін, ажырасатын жастар үшін айыппұл құнын арттыру керек шығар?..
Жер-жерде ақсақалдар алқасы деген бар. Бәрінде кезінде елге еңбегі сіңген, абыройлы ақсақалдар жетекшілік жасайды. Ақсақалдар алқасы келісім бер­месе ажырасу шарты орындалмайтындай бір норма керек пе екен?!.
Гептильдің, уранның, неше түрлі радиа­цияның салдарынан қаншама дертке шал­дығып жатқан қандастарымыз аз ба?
Осы күні сау қазақ бар ма?!.
Ұлттық идея дегенді алыстан іздеп, долбарлап, даурығып босқа жүргенше, «қалай аман қаламыз» деген сұраққа жауап іздеген жөн секілді.
Мың құмырсқа үшін де «қалай аман қаламыз» деген мәңгілік сұрақ!
Қазақ үшін де солай!
Қалай көбеюді   Құдай  мың  құмырс­қаға көрсетіп қойған.
Қазақ қалай көбейеді?!.
Бір біріне алдыңғы екі аяғын жалғап, суға батпас, қарап жатпас қалып құрған мың құмырсқа сияқты біз де бір әрекет қыла аламыз ба?!.
Жоқ әлде, жаһанданудың жойқын толқынына жұтылып кете барамыз ба?!.
Бір қазақты екінші бір қазақтың демеуі соншалықты қиын ба?!.
Жалпақ жер: қазақ та қалқып келеді...
Мұңды мұхит: құмырсқа да қалқып келеді...

456 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз