• Еркін ой мінбері
  • 10 Маусым, 2016

Биліктің тиімділігі

Сайын Борбасов,
саяси ғылымдарының
докторы, профессор 

Қоғамдық қатынастарды дұрыс реттеудің қайнар көзі биліктің тиімділігі. Билікті дұрыс ұйымдастыра алған қоғамдар ғана жетістіктерге жетіп отырған. Билік тұрақты тәртіптерге, ережелерге, дәстүрлерге не­гізделсе мемлекеттер күшейіп, ұзақ өмір сү­ру мүмкіндіктеріне ие болған. Сонымен қатар, билік мемлекетшіл, халықшыл әділетті болып заңды  басшылыққа  алып отырса  ел гүлденген, халық тыныш және бай-қуатты өмір сүруге   мүмкіндік алған. Басқарушы  элита өкіл­­дерінің  азаматтар алдында абыройлы болып, өздеріне жүктелген мемлекет жұмысын ойдағыдай атқаруы ел аймақтарының және түрлі  әлеуметтік-экономикалық салалардың жақсы дамуының кепілі болған. Биліктің тиімді болуы оның дұрыс саясатты таңдауға қабілеттілігіне тәуелді.

Дұрыс саясат дегеніміз не? Дұрыс сая­сат бірінші кезекте мемлекетті қор­шаған геосаяси, геоэкономикалық шын­­­дықтарды білу және олармен санасу. Әлемдік өзгерістерге сәйкес ша­руа­шылық пен қаржылық жүйелерді басқару. Екіншіден, елдегі ішкі саяси-экономикалық және мәдени-рухани ахуалды білу және оларды меңгеру. Үшіншіден, ел халқының басым көпшілігінің мақсат-мүдделерін басшылыққа алу. Төртіншіден, қоғамдық, әлеуметтік татулықты сақтай отыра халықты саяси топтастыру және мемлекеттегі этникалық үрдістерді реттеу. Бесіншіден, елге қауіп төндіретін сыртқы және ішкі қауіптер мен сын-қатерлерді білу және олардың алдын алу шараларын іске асыру, қателіктер мен кемшіліктерді түзеп отыруға қабілетті болу. Алтыншыдан, елдің мүдделері мен мақсаттарын орындау жолында одақтастар іздеу және олармен одақ құру. Жетіншіден, елдің өткен тәжірибесін үнемі ескеріп, бүгінгі  шындықтар негізінде мемлекеттің бола­шақ даму тынысын көрсету және даму перспективасына жұмыс жүргізу. Шамамен, аталған шараларды күн тәртібіне қоятын және  жүзеге  асыру үшін қызмет ететін саясат дұрыс, елдің дамуына жол ашатын саясат. Осындай талаптардың деңгейінде дамыған мемлекеттердің басқарушы элитасы жұмыс істеуде. Қазақ­станның басшылығы да биліктің саясатына қойылатын осындай талаптарды орындауға ұмтылып келеді.
Басқарушы  биліктің саясатының тиім­ділігі  халықтың материалдық әл-ауқа­тынан, азық-түлікпен және  тұрғын үймен қам­тамасыз етілуінен көрінеді. Осы мәселелер  шешілмей жатса билікте елеулі олқылықтар бар деген сөз.  Қазақстан билігі тәуелсіздік алғаннан кейін халықтың дұрыс өмір сүруін және элитаның баюын елдің шикізаттық  потенциалына сүйеніп шешпек болды. 1993-2013 жылдар аралығында мұнай, газ секторы, уран байыту, түсті металдар  Қазақстанға жап-жақсы табыстар әкелді. Ел халқының  материалдық әл-ауқаты 29 пайызға шикізатқа тәуелді болды. 2014 жылдан бастап әлемдік нарықта шикізат тауарларының бағасының арзандауы Қазақстанға үлкен соққы болды. Ресми биліктің мәліметтері мойынша Қазақстанның кірісі бір жарым жылда 40 пайызға азайған. Бұлай болуы, елдегі дағ­дарыстық ахуалдың ушыға түсуінің нақты бергісі деп есептеуге болады. Себебі, баға қымбаттап, халықтың басым көпшілігінің табысы азайып кетті. Аз ғана уақытта ел экономикасының осыншалықты күйзеліске ұшы­рауының бірнеше себептері бар. 25 жылда Қазақстан ел экономикасының шикізаттық сипатын жеңе алмады. Бәсекеге қабілетті тауарлар өндіру, сапалы азық-түлік пен сапалы жанар-жағар май өндіру жолға қойылмады.Бензинге сұраныста Ресейге тәуелділік, тұтыныс заттарына Қытайға тәуелділік, тех­­нология да Батыс елдеріне тәуелділік  сақталып қалды. Тіптен күшейіп кетті. Ең өкініштісі, Қазақстан өзінің аграрлық секторының зор потенциалын пайдалана алмай келеді. Экологиялық таза ет, сүт, шұжық өнімдерін брендке айландыру саясаты жүргізілген жоқ. Сапалы  ұнмен қоса макарондық өнімдермен әлемдік нарықты игере алмадық. Мұнай бағасының құлдырауы үрдісі ел халқының кедейлену үрдісін күшейтіп жіберді. Инфляциялық процестер күшейе түсіп жұмыссыздыққа себеп болды. Бәсекеге қабілетсіз өнімдер складтарға жинақталып елдегі өндіріс көлемі де азайды. Халықтың ақшасының азаюы тұрғын үй құрылысының да тежелуіне әкеледі. Ең өкініштісі Үкімет болашағы мүлдем жоқ өндіріс салаларын дамытам деп әлек болуда. Қазақстанға автоөндірістің қажеті қаншалықты? Біздің автомашиналар тек көшірмелер. Олармен бәсекелестік нарыққа шығу, мол пайда табу тіптен мүмкін емес. Біз автокөліктерді сатып алайық, өзіміз керісінше сапалы бензин сатайық. Осы пайда, дұрыс пайда. Осы сияқты Қазақстанға тікұшақ, комбайн шығару көп табыс әкелмейтіні ақиқат. Біз оларды  сатып алайық. Олқылықтарды өзіміз сапалы етіп шығара алатын ауыл өнімдермен толтырайық. Барлық керекті өзіміз өндіріп аламыз деу үлкен ағаттық. Біз аса зор мемлекет емеспіз ғой. Сондықтан, өндірісті нақты диверсификация жасап Қазақстанның әлемдік нарықты басымдылықтарын нақты белгілеп алатын мезгіл жетті. Халық шаруашылығын әртараптандыру дегеніміз барлық өнім­дерді қатар өндіру деп ұғынбауымыз керек. Қазақстан өзінің ішкі мүмкіндігіне, күшіне, шикізатына сәйкес экономикасын әртараптандырғаны тиімді. Басқаша болса ресурстар шашылып, талан-таражға ұшырап кетеді. Немесе түпкілікті пайда әкелмейтін жобаға үлкен қаржы босқа жұмсалып, елге, бизнеске пайда әкел­мейді.
Қазақстан сөз жоқ шикізаттық экономи­каның пайдасын біршама көрді. 1997 жылдар мен 2013 жылдар аралығында әлемдік нарықтағы шикізат бағасы қымбат болып ел табысқа біршама кенелді. 100 млрд АҚШ доллары болатын ұлттық қор қалыптасты. Елдің жан басына шаққандағы жиынтық ішкі өнімі 13000 АҚШ долларына жақындады. Қазақстан орта дамыған, индустриалды елдер қатарына қосылды. Осы жетістіктерді ұстап тұру және ұлғайту қазіргі экономикалық саясаттың стратегиялық міндетіне айналып отыр. Теңгенің инфляциялық таргеттенуінен пайда келетіндей қаржылық қатынастарды тек Үкіметтік билік қана ұйымдастыра алады.
Елді әлсірететін әрбір ұжымның, мекеменің ісінде шалалықтың болуы. Ол құбылыс – тамыр-таныстық, жерлес­шілдік, туысшылдық және трайбализм. Кадрларды, басшыларды, қызметкерлерді осы принциппен жинақтасақ былық-шылыққа бататындығымыз ақиқат. Та­ныс­тықпен қызмет алған адам қызметін шала, көзбояушылықпен атқарып жал­ақысын белсенді қызметкермен бірдей алатындығы шындық. Көзбояушы кадрдың әрекеті жанындағылары үшін өте жаман үлгі. Ондайды көрген белсенді қызметкер өз жұмысын әлсірете береді. Себебі, сен қанша жақсы жұмыс істесең де, жоғарыда танысы бар әріптесіңнен жақсы емессің. Сыйақы, құрмет, карьера тек туысы мен танысы бардыкі. Бұлай болуы өте қауіпті ауытқуларға алып келетіні бергілі. Тамыр таныстыққа негізделген жүйелер тез күйреуге бейім. Туысшылдық пен жершілдік әлеуметтік әділеттілік принципінің бұзылуына кадрлердің сапа­лық және моральдық азғындауына бас­тайтын зиянды бағыт екендігін түсінетін мезгіл жетті.
Мемлекеттік қауіпсіздікке зор жаман­шылық әкелетін құбылыс – жемқорлық. Бұл құбылыс мемлекеттік билік пайда болған заманнан бастап б.ғ.д. V-VI мыңжылдықтардан бүгінгі күнге дейін өмір сүріп келеді. Оның дәлелі коррупция терминінің латын тілінде болуы. «Corryptio»латынша екі түбірден тұрды. Олар cor – жүрек, жан, рух, ақыл деген мағына берсе, екінші түбір  ruptum – бүлдіру, күйрету, аздыру мағынасында. Демек, жемқорлық, коррупция адамның жан-дүниесін бүлдіруші, елді теріс жолға бастайтын, аса зор зияншылықтар әкелетін құбылыс деген мағына білдіреді.
Әлем мемлекеттерінің барлығы жем­қорлыққа қарсы күрес жүргізеді. Бірақта, жем­қорлықты мүлдем жоқ қылу мүмкін емес деген пікірлер басым. Сарапшылар жемқорлықты азайтуға болады деп есептейді. Жемқорлық азаматтардың қалыпты өмір сүруіне, әлеуметтік әділеттіліктің бұзылуына жетпеген жағдайда оның деңгейі төмен деп есептеуге болады. Әлемдік коррупция деңгейіне үнемі сараптамалық баға беріп отыратын «Транспаренси Интернешнл» ұйы­мының бағасы бойынша әлемдегі коррупция деңгейі ең төмен мемлекеттер Финляндия, Белгия, Швеция.  Қазақстан 176 мемлекеттің арасында 2007 жылы 150 орынды иеленсе, Ресей 159 орында болды. Бұл деректер, өкінішке орай, Қазақстандағы жемқорлықтың деңгейінің үлкен екендігін айғақтайды. Сондықтан, Елбасы коррупцияға қарсы күресті мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі деп жариялады. Қазір Қазақстанда «Коррупцияға қарсы күрес туралы» заңның шеңберінде жемқорлықпен күрестің үш мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылды. Алайда, бұл шаралар жеткіліксіз болып тұр. Демек «Қазақстандағы билік өкілдерінің өздерінің қызмет бабын жеке бастарының қамына пайдалануы» елеулі деңгейде деген сөз. Сондықтан Елбасы  өз халқына ұсынған «100 нақты қадам» бағдарламасында 13 қадамды жемқорлыққа қарсы күресте заңнаманы күшейтуді көздейді. Ол үшін заңның үстемдігін қамтамасыз ететін тағы да 16 қадамды белгілейді. Қазақстандағы жемқорлықтың белең алуының себептері қандай? Біріншеден, жемқорлықтың басталуы Кеңес Одағындағы жаппай дефицитке байланысты. Жең астынан жалғасу сол кезде басталған. Екіншіден, Қазақстанда орын алып отырған жершілдік. Өз жерлестерін қоластына жинаған басшы кадрлер сенімді адамдары арқылы мемлекет мүлкіне қол салуға, парақорлыққа баруға машықтанды. Жерлестер бірін-бірі ұстап бермейді. Сенімділер топтары ұйымдасқан жем­қорлыққа  баруды әдетке айналдырды. Үшіншіден, Қазақстандағы рушылдық  сана мен трайбализм құбы­лысы да ұйымдасқан жемқорлыққа жол ашады. Кейбір басшылар өз маңына рулас­тарын топтастырып жинайды. Туыстас адамдар бірлесіп мемлекеттен жасыратын әре­кеттерге қорықпай баруға мүмкіндік алады. Сыбайлас жемқорлық осылайша күшея түседі. Трайбализм әлеуметтік әділеттілік принципін де өрескел бұзады. Басшы руласына жақсы қызмет берсе дайындығы күшті кадрлар карьера жасай алмай қағамға, билікке өкпелі болып қалады. Қазақстандағы «мидың шетелге ағылуы» (утечка мозгов) құбылысына басты кінәлі құбылыс осы жемқорлық пен рушылдық сана. Өз орнын таба алмаған, әділетсіздік пен рушылдықты көрген дарынды жастар шетелдерден жұмыс іздеуге мәжбүр. Бұл қайшылық Қазақстанның болашақ дамуына үлкен қауіп әкелетіні анық. Төртіншіден, командалық басқару формасы да көп олқылықтарға орын береді. Облыс әкімі ауысса кейде өз командасын әкеледі. Бұрынғы жұмысты жақсы білетін, жергілікті мәселелерге жетік кадрлер қызметтен жаппай шеттетіледі. Бұл құбылыс көп уақытқа жұмыстың ақсауына әкеледі. Екінші, жағына команда ішінде өзара бәтуаластық жағдайында ұйымдасқан жемқорлыққа жол берілуге жақсы жағдай жасалынады. Бесіншіден, заңның толыққанды салтанат құрмауы да жемқорлыққа жол ашады. Қазақстанда қоғамдық қатынастардың барлық салаларын реттейтін 1300-дей заң бар. Алайда, сот билігінің атқарушы билікке тәуелділігі, Парламент пен жергілікті мәслихаттардың әлсіздігі құқықтық мемлекеттің толық­қанды жұмыс істеуіне бөгет болуда. Осыны пайдаланған чиновниктердің па­ра­­қорлығы Қазақстанға үлкен зардап әкелуде. Бір парақор басшы ондаған, жүздеген адамдарға зиянын тигізеді. Жемқорлық қоғамға терроризмнен де қауіпті деп бекер айтпайды сарапшылар. Ал­тыншыдан,   қоғамдық сана  Қазақстанда жем­қор­лық құбылыстарына үйреніп кеткен. Жемқорлықты көптеген басшылар табысының сенімді көзіне айналдырған. Оны Қарағандыдағы, Атыраудағы әкім­дердің, ЭКСПО-2017 басшылығының ұйымдасқан жемқорлық әрекеттері нақ­ты дәлелдеуде. Кедендік ұйымдардағы жемқорлық та шектен шығуда.
Коррупция шырмауынан Қазақстан қа­лай шығады деген сұрақ толғандырады? Жем­қорлыққа қарсы жалпыхалықтық күрес керек? Тәрбие мен заңның рөлі өте күшті. Бұл үшін кешенді шаралар қажет. Билік тармақтарының бірін-бірі тежеуі және қатаң бақылауға алуы коррупцияны әлсіретудің ең тиімді құралы. Ол үшін Парламенттің, соттардың бақылаушылық рөлі артуы керек. Саяси  реформалардың  жағдайында азаматтық қоғам институттарының ба­қы­лауының күшеюі де коррупцияны ауыз­дықтауға қау­қарлы. Бұл әлемдік тәжірибе. Ең бастысы биліктің барлық буындарында кәсіпкер, мемлекетшіл, ұлтжанды және адал азаматтардың отыруына қол жеткізу маңызды. Кадрлерді таңдау мен іріктеуді әлеуметтік әділеттілік принципіне сәйкес іске асырмасақ болмайды. Мемлекетшіл, халықшыл кадрлер ел қазынасына қол салуды ар санайды. Сонымен бірге, халық жемқорлықтың, жалғандық пен мақ­таншақтықтың түптің түбінде тәуелсіз  мемлекетті   күйретуге  әкелетіндігін ұғы­нуға тиісті. Солай болғанда коррупцияға қарсы жалпыхалықтық күрес басталады.
Авторитарлық саяси жүйеден бас тартып демократиялық, яғни, халық алдында толық демократиялық саяси жүйеге көшсек қана коррупцияны жеңе аламыз. Билікті де, қоғамды да әлсіретіп отырған девянттық құбылыс – жемқорлық. Қазақстанда корруп­ция мемлекет қауіпсіздігіне ықпал ететін дәрежеде етек алып кетті. Кеңестік жүйеде басқарушы топ пен бюрократия санасына ене бастаған коррупция қазір елдің дамуын тежегіш негативті факторға қоғамдық жүйені жайлаған ауруға айналды. Жемқорлық көптеген чиновниктер үшін баюдың көзіне ғана емес, қызмет бабында өсудің, өмірлік мәселелерді шешудің құралына, жең ұшы­нан жалғасып, жеке бастық мүдделерді жүзе­ге асырудың, өмірлік принципіне айналды. Оның дәлелі ретінде Қазақстандық бюрократияның басым көпшілігінің миллионерлер мен мультимиллионерлердің дә­ре­­же­сінде өмір сүруі. Олардың жалақысы мұндай мүмкіндіктер бермейді. Сондықтан, Қазақстанда шағын, орта бизнесті дамыт­қаннан гөрі, чиновник  болып байып кеткен жақсы. Жемқорлық биліктің халық пен қоғамға қызмет ету мүмкіндігін шектейді, қоғамды моральдық азғындау жолына бастайды. Сондықтан, Қазақстанда чиновниктік аппараты, әлеуметтік қызмет көрсетудің және ғылым мен білім жүйесінің басшыларының таза болғаны аса маңызды.
Жемқорлықтың ең ауыр салдары – билікке біліксіздердің келуіне жол ашуы. Ондайлар жұмыс істеп жүргендей әсер қалдырады. Ал, шынында өз карьерасы мен  қалтасын ғана ойлайды. Олар патриотизм, мемлекет туралы көп айтқанымен түптің-түбінде қарақан басының қамын жейді.  Мемлекеттің   саясаты   мен халықтың мүддесі сөз жүзінде қалады. Бұлай болуы­ның жастарға зиянды моральдық салдары ауыр. Әсіресе, қарапайым, адал халық өкілдерінің әлеуметтік оптимизмі күйрей бастайды. Жергілікті жерлерде орта, шағын бизнесті әкімдердің бақылауында ұстауы да баюдың көзіне айналғаны жасырын емес. Ірі басшылардың барлығы дерлік миллионерлер, шетелдік банктерде есеп шоттары бар. Олар кең сарайда тұрып, байлыққа шомылып өмір сүреді. Осының бәрі қарапайым халықтың кедейлене түсуі жағдайында болып жатыр. Билік ұялмай түрлі салықтар, штрафтар арқылы, бағаны қымбаттатумен халықты одан әрмен қайыршы етуде.
Қазақстанда байлық пен кедейліктің арасының алшақтауы, жемқорлықтың өрлеуі аса ауыр әлеуметтік қайшылыққа, марксис­тер тілімен айтсақ революциялық ахуалға алып келуі қаупі күшеюде. Мысалы, ірі банктердің басшылары орташа алғанда 5-10 млн.теңге айлық алса, мемлекеттік компания басшылары 1,5-2 млн.теңге айлық алса, қарапайым еңбекші 50-70 мың теңгені зорға алуда. Айырмашылық, 20-50 есеге жуықтайды. Бұлай болуы ешқандай ақылға сиымсыз. Нақты дерек келтірсек «Евразия банкі» директоры 15,1 млн.теңге, «Халық банкі» директоры 11,4 млн.теңге, «Банк Хоум Кредит» директоры 4,5 млн. теңге айлық жалақы алуда. Қазпочта басшыларының орта­ша жалақысы 1 млн. теңгеден астам, ал ауылдағы пошташының жалақысы 35-40 мың теңге шамасында. Қазтелеком басшылары 2 млн.дай жалақы алады екен, ал операторлар 100 мыңдай ғана. Қазтелеком қызмет бағасын әр жыл сайын өсіріп ел халқының ақшасын аяусыз соруда.
Биліктің тиімділігінің келесі белгісі – оның шыншылдықты үнемі басшылыққа алып отыруы. Шындықтың қоғамды емдейтін қуаты бар. Өмірді, қоғамды тек қана мақтаумен мемлекетті  нығайта алмайсың. Әсерлеу, көтеру, ұрандату, кемшіліктерді айтпау, барлығын жақсы, жетістіктер деп есептеу қандай елді болмасын  құлатуға, ірітуге бастайтын құбылыс. Оның айқын дәлелі Кеңестер Одағы. «Әлемдік өркениеттің бастаушысы», «Әлемдік бейбітшілік тірегі», «Қаналған халықтың қамқоры», «Ең озық саяси құрылыс - коммунизм», «Барлық елдердің алдында тұрған, мызғымас қоғам» болған Кеңестер Одағының өмірі 70 жыл ғана болды. Революция, социализм, коммунизм қаншалықты дәріптелгенімен жалпыхалықтық, ұлттық қолдауға ие бола алмай күйреп түсті. Кеңес Одағы­ның, КОКП-ның, барлық жеңістері тарихтың таразында жеңілістерге айналды. Социалистік құрылыс Батыстан мүлдем артта қалды. Социализм мен капитализмнің экономикалық жарысында біріншісі оңбай ұтылды. Ресейдің империализмі қандай сәтсіз болса, социализмі одан да сәтсіз болды. Бірақта, осы зор потенциалы бар империяның тоқтамға келіп, шындық пен әділет, достық пен демократия жолына түсуге ниеті жоқ. Империялық, үстем болу пи­ғылы да мемлекеттер үшін қауіпті. Мысалы, Ресейдің Қырым түбегін өзіне қосып алуы оның Украинамен арасындағы қа­рым-қатынастарына ұзаққа созылатын қайшылықты жасап берді. Империялық амбиция жолында осыншама зиянды қадамға баруға бола ма? Ресей жаңа жерге қол жеткізді, сонымен қатар, өзіне қарсы аса зор зиянды қауіптерді де әкелді. Мұндай биліктің тиімді болуы екіталай. Мақтану, әсірелеу, амбиция, империялық пиғыл түбінде мемлекетке де, халыққа да зиянын тигізеді. Көзбояушылықтың  артында чиновниктердің мемлекет байлығын талан-таражға салуы, миллиардтаған долларды шетелдік бенктерге құюы, яғни, көлеңкелі экономиканың, ұйымдасқан жемқорлықтың тұруы ақиқат.
Биліктің тиімділігі – басшы кадрлардың орнын ауыстырып, бір жерде көп жылдар отырмауына да байланысты. Ірі ұжымдар мен ұлттық компаниялар басшылары 5-6 жылда қызмет ауыстыруы дұрыс. Бір орында ұзақ жылдар басшылар төңірегіне туыстары, таныс­тары мен жерлестері жиналып алатындығы Қазақстанда үйреншікті тәжірибе. Тамыр-таныстары қоршаған басшының қызметінің тиімділігі өте әлсірейді. Бөлімдерді кәсіптік деңгейі жоғары мамандар орнына басшыға жақын кадрлер басады. Кәсіптік деңгейдің әлсіреуінен бүткіл ұжымның қызметі нашарлайды. Басшы кадрлардың қызметке 5-6 жылға ғана тағайындалатынын білсе оның артынан туыстары, таныстары мен жерлестері шұбырмас еді. 5-6 жылда басшының ауысуы ұжымның қызметінің жаңа мүмкіндіктерін ашуға, инновациялық өзгерістердің болуына әкелетіні белгілі. Сондықтан, Қазақстанда  орын алып отырған осындай олқылықтардан ары­лу маңызды. Зейнеткерлік жастағы бірінші басшының мүлдем болмағаны билік­тің тиімділігін арттыра түседі. Ал, дені сау, жұмысқа қабілетті деген зейнеткер болса олар арнаулы сынақтардан кейін ғана қызметте қалтырылғаны дұрыс.
Билікке ақыл тоқтатқан 40 пен 60 жастың арасындағы кадрлардың үнемі құйылып, ауысып отыруын қамтамасыз ету маңызды. 40-қа жетпеген болса да ерекше талабымен, кәсіпкерлігімен көзге түскен кадрларды қоштауға тұрады. Сондықтан, кадрды іріктеуде оның жасы, кәсіпкерлігі, біліктілігі, жаңашылдығы мен мемлекетшілдігі сияқты өзекті сапаларын дұрыс бағалай білу жүйесін қалыптастыру зәрулік. Бірінші басшының жершілдіктен, рушылдықтан, танысшылдықтан ада болуы ең басты талапқа айналуға тиісті. Бұлай болуы ел бойынша әлеуметтік әділеттіліктің, заңдылықтың салтанат құруын қамтамасыз ететіндігіне  сенімдіміз. Әділеттілік пен заңдылық билік құрса халықтың саяси билікті қолдауы да күшейе түсері даусыз. Сон­дықтан, халықты шындықпен тәрбие­леудің маңызы арта түседі. Жалған ақпарат, өтірік статистика қоғамды тү­бін­де жарға жықпай қоймайды. Ендеше, биліктің объективті экономикалық, саяси-әлеуметтік шындық мәліметтерімен ғана жұмыс істеуі маңызды. Барлық кемшіліктер мен қателіктерді жеңудің жолы, шындық. Ал, мемлекетіміз үшін негізгі шындық Қазақстанның ұлттық мүдделері. Елдік мүдделерге қайшы келетін қандай да болмасын әрекеттерден аулақ болатын билік қана еліне пайдалы билік. 
Билік халықтың өзекжарды мүдделері мен құндылықтарына қызмет етіп отырғандығын үнемі дәлелдеп, іспен көрсетіп отырса ғана халықтың толыққанды қолдауына ие болады. Дандайсыған, мақтаншақ, байлыққа малынған, өз халқын алдаумен және қанау­мен айналысатын билікте болашақ жоқ. Сондықтан, тәуелсіздікті нығайта  беру жолында  биліктің  қызметінің тиімділігін арттыра беру жалпымемлекеттік өзекті міндеттердің қатарында қала береді. Тиімді билік жүйесі ел халқының материалдық әл-ауқатының нақты жақсаруына, оның ұлттық, тілдік, мәдени құндылықтарының жүзеге асуына және әлемдік озық тәжірибесінің негізінде ел экономикасының дамуын қамтамасыз етуге қол жеткізе алатын билік болмақ. Ғалымдар, зиялы қауым мен БАҚ билік жүйесінің қате­ліктерін, кемшіліктерін үнемі сынап, ше­шілмей жатқан мәселелерді көрсетіп отыратын ахуал қалыптасуы қажеттілік. Биліктің баламасы болуға дайын оппозициялық пар­тия­лардың қалыптасуы мен дамуына билік­тің өзі мүдделі болғаны абзал.

 

 

704 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз