• Ұлттану
  • 10 Маусым, 2016

ҰЛТ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ ҰЛЫ ЖОЛЫ

Бақтияр Сманов,
ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Халықаралық Ш. Айтматов академиясының академигі,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Сан ғасырлық тарихы бар еліміздің өткенін оймен саралап, сөзбен түйіндер болсақ, осынау, Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлан-байтақ Ұлы даланы мекен еткен халқымыз азаттық жолында қандай қиян асулардан өтпеді десеңізші?! Елінің тыныштығы жолында қолына бөрілі байрақ ұстаған бабаларымыз жан-жағынан анталаған жау алқымнан алған сол бір қасіретті заманда, «ұлымыз – құл, қызымыз – күң» болып өзгенің босағасын сығалап, атамекен жеріміз ұрпаққа бұйырмай жаттың қолында кетіп жатқан кезеңде тарих сахнасынан біржола жұтылып кетпес үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара біліп, ұлан-байтақ жерімізді бізге аманат етіп қалдырып кетті.

Ғасырлар қойнауларына үңілсек, бір ғана жоңғар қалмақтарымен екі  жүз жылдан аса уақыт соғысқан халқымызға, көрші Цин империясы, Бұхар, Хиуа хандықтары көз алартып, туған жерімізден айыру мақсатында елімізге үлкен қауіп төн­діргені баршаға аян. Бұл бір оңай шешілер жағдай емес екенін сезген елі­міздің игі жақсылары «мұндайда қайтпек керек?» деген сауалға жауап іздеп ұзақты күн кеңесті. Ойлана келе, бізге арқа сүйер, қысылғанда көмек қолын созар дос керек деп 1731 жылы Ресей империясының қоластына кірді. Бұдан кейін Ресей империясының озбыр саясатының улы тырнағына  ілінгеніміз тарихтан мәлім. Қазақ жеріндегі бұлжымас тыныштық пен бұзылмас сыйластықтан қауіптенген Ресей империясы елімізді жүз-жүзге, ру-руға бөліп, әр руға бір көсем сайлап, олардың арасына іріткі салып, елді тоздыруға айналды. Осындай қорлыққа төзбеген халқымыз елдің ынтымақ-бірлігі мен елдігін сақтап қалу жолында, сонымен қатар атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалу  мақсатында қаншама рет алып империяға қарсы бас көтергені белгілі. 
Тарихшыларымыздың зерттеуі бойын­ша, елімізде азаттық пен теңдік жо­лында Ресей империясына қарсы 300-ге тарта ірілі-уақты көтеріліс болыпты.  Бірақ, соның бәрін Патша өкіметі бұзақы орыс-казак отрядтарынан құралған әскерімен аяусыз басып жаншып отырған. Кеңестік идеологияның ықпалымен біз  өзіміз мұндаға дейін «Ұлы бетбұрыс» деп тонын айналдыра дәріптеп келген Қазақстанның Ресей империясына «өз еркімен» қосылуы шын мәнінде қазақ халқына  қайғы-қасіреттен басқа ешқандай да игілік әкеле қоймағаны мәлім.
Осы ретте өткен ғасырларда ғұмыр кешкен ағылшынның көрнекті жазушысы Сэмюел Батлердің: «Құдай өткенді (тарихты) өзгерте алмайды, ал, тарихшылар өзгерте алады. Кейде олар осындай қызмет көрсетеді. Құдай олардың өмір сүргеніне шыдайды»[1, с.326], – деген сөзі еріксіз еске түседі. Өйткені, сыртқы жаудан пана боламыз деген ақ патшаның ойы сол сәтте-ақ бұзылып, кең-байтақ қазақ даласын басып қалуды қаперіне ала бастаған. Қазақ жеріне бекіністер салу, жерді бөлшектеп бөлу, патшалық билік жүйесін енгізу, сол ХVIII ғасырларда-ақ жүзеге аса бастаған. Мысалы, Ресейдегі Е.Пугачев бастаған шаруалар көтерілісі басылғаннан кейін патша өкіметі оған қатысқан Кіші жүз қазақтарына отаршылдық езгіні бұрынғыдан да күшейтіп жіберді. Міне, мұның өзі отаршылдарға қарсы Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысының лап ете түсуіне себеп болды. Сондай-ақ, Ресей империясының қазақ даласындағы хандық билікті жоюы, шекаралық аймақтарда жаңа бекіністер салып, қазақ жерлерін күштеп тартып алуды одан әрі жалғастыруы, қазақ қоғамында әлеуметтік қатынастарды шиеленістіре түсуі Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің (1838-1848) шығуына себеп болды. 
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Ресейде өрши түскен жұмысшылар қозғалысы алып империяның шаңырағын шайқалта түсті. В.И.Ленин бастаған Ресей социал-демократиялық жұмысшы партиясы патша үкіметін құлатып, еңбекші тап билігін құру үшін өршелене күресті. Жұмысшылар қозғалысы ұлан-ғайыр Ресейдің барлық аймағын қамтыды. 1905 жылғы алғашқы буржуазиялық-демо­кратиялық төңкеріс жеңіліске ұшы­рағанымен, РСДРП бастаған еңбекші тап қозғалысы теңіздей толқып, патша үкі­метін үрейлендіре түсті. Патша үкіметі жиі толқулар ошағы болған Еуропалық аймақтардан Қазақстанға 1907-1912 жылдары 2,4 миллион переселендерді қоныстандырды. 1917 жылға дейін 45 миллион десятина көлеміндегі ең құнарлы дейтін жерлерді қоныс ау­даршыларға жергілікті тұрғындардан тартып әперіп, қазақтарды таулар мен құнарсыз жерлерге ығыстырды. Суы жоқ, мал жаятын жайылым мен шөп шаба­тын  шабындықтың болмауынан қазақ-қырғыз халқының кедейленген тобыры пайда болды. Қазақ жерлерін күшпен тартып алу жергілікті халықтар мен орыс-украин қоныстанушыларының арасындағы қайшылықтарды одан әрі шиеленістіріп, жер мәселесі жөніндегі күштеу саясаты шеткі аймақтарда да кеңінен тарады. Сонымен қатар, 1914 жылы патшалық Ресей дүниежүзілік соғысқа араласты. Оған қоса патша чиновниктері мен жергілікті әкімдердің, байлардың зорлық-зомбылығы күшей­іп, Қазақстанда отарлау саясатын  күшейте түсті. Жергілікті халықтан алынатын салық 3-4 есе көбейді. Ша­руалардың ірі қара малы мен мал азы­ғын соғыс қажетіне алу басталды. Әскерлердің қажетін қамтамасыз ету үшін қазақтардан киіз жинатты, жығып-құруға өте ыңғайлы киіз үйлер сұрады. Әскери салық ретінде әрбір отбасы 1 сом 84 тиын мөлшерінде салық төлеуге міндетті болды. Бұл ақшаның құны жоғары кез еді.
Патшалық езгі мен соғыс ауыртпалығы Қазақстанда жұмысшылар мен шаруалар қозғалысының өршуіне түрткі болды. 1915 жылғы маусым айында Екібастұз, Байқоңыр көмір кендерінде, Спасск мыс өндірісінде, Орынбор-Ташкент темір жолы бойында жұмысшылардың қозғалысы бой көтерді. 1916 жылғы қаңтар айында Верный, Семей қалаларында, Жетісу облысы Лепсі уезінің бірқатар  елді мекендерінде көтеріліс бұ­қаралық сипат алды. Қазақ жастарын майдандағы тыл жұмысына алу жөніндегі патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлығы мен «Бұратана халықты мем­лекеттік қорғаныс жұмыстарына пай­­далану тәртібі туралы ереженің» қа­былдануы әлеуметтік жағдайы мүшкіл топтың наразылығын күшейтті. Жарлық бойынша Түркістан мен Дала өлкесінен майданға окоп қазуға 400 мың, соның ішінде Қазақстанның далалық облыстарынан – 100 мың, Жетісудан 87 мың адам жіберу көзделді. Қазақтардың тууы туралы куәлігінің жоқтығын пайдаланып, болыстар, басқармалар мен ауыл старшындары жас мөлшерінің асып кеткендігіне қарамастан кедей жігіттерін майданға жұмысқа алы­натындардың «қара тізіміне қосты», ал, феодалдар балаларының жасын өз бетінше үлкейтіп немесе кішірейтіп көрсетіп, әс­керге жібермеудің амалын тапты. Осындай әділетсіздіктердің көрінісі кедейлердің жаппай көтеріліп, болыстық басқармаларды талқандауына, ауыл старшындарын, қатігез байларды өлтіруіне, ірі феодалдардың иеліктеріне шабуыл жасауына, жер сату жөніндегі құжаттарды, алым-салық қағаз­дарын жойып жіберуіне мәжбүр етті. Сойыл, кетпен, шалғы, мылтық, қылышпен қаруланған ашынған топ бай-болыстардың ауылдарын өртеп, өздерін өлтіріп, малдарын әкетті. Бұл туралы көрнекті қазақ жазушысы С.Мұқановтың «Ботагөз» романында шынайы суреттелгені есімізде: «Дауылды бұлттай түнеріп, аттарының дүбірлері жерді сілкіндіріп, қаптап келе жатқан топқа қарап тұрып Бүркітбай ауыр ойға батты, – деп жазады жазушы сол бір халық қозғалысын шынайы суреттеп, – Орнынан қозғалмаған Бүркітбай Итбай үйіне көз салып еді, көзді ашып-жұмғанша, төрдегі 4-5 ақ үйдің әлегі аспаннан келді. Шауып келген салттылар үйдің бауларын бытырлатып үзіп, киіздерін сыпырып жерге түсіріп, тулақтай бет-бетімен сүйреп алып кетті. Жалаңаш қалған уықтар сатыр-күтір сабаған сойылдардың күшіне шыдай алмай, шарт-шұрт сынды; шаңырақтар қан көбелек ойнап үйдің ішіне түсті... Жігіттерге қарамастан Бүркітбай Итбайды есік алдына өлімтік қойдай дырылдатып алып шықты. Есік алды иін тірескен халық екен. «Қайсың еркексің!?– деді Бүркітбай айқайлап, – Тарт мына итті». «Әкел, бері!» – деп ат үстінен қолын созғандардың арасынан біреуі атын тебініп, тұзақтап алған шылбырды Итбайдың мойнына салып жібергенде «Бұл кім?» деп Бүркітбай қараса, Темірбек екен, шылбыр Итбайдың мойнына іліккенде атын тебініп тарта жөнелген Темірбекке Бүркітбай қадала қарап еді, беліне қыстырған ақ балтаның жүзі жарқ-жұрқ етті. Көкпар тартқандай жұрт оның соңынан сатыр-күтір шаба жөнелді...» [2, 259-260бб.].Ұлы дала төсінде стихиялы қозғалыс бірте-бірте ұйымдасқан сипатпен қарулы көтеріліске ұласып, Жетісу мен Торғай өңірі оның орталықтарына айналды. Көтеріліс бүкіл Қазақстанды қамтыды. Оның негізгі күші ұлттық шаруалардың қалың тобы, сондай-ақ, сол кезде туып келе жатқан жергілікті жұмысшы табының өкілдері, қолөнершілер болды. Сонымен бірге, көтерілістің ұлт-азаттық сипатта болуы себепті қозғалысқа қазақ халқының барлық топтарының өкілдері қатысты. Көтерілісшілерді Жетісуда  Бекболат Әшекеев, Ұзақ Саурықов, Жәмеңке Мәмбетов, Тоқаш Бокин, Әубәкір Жүнісов, Серікбай Қанаев, Монай және Мұқан Ұзақбаевтар басқарса, Торғайда  Әбдіғаппар Жанбосынов, Амангелді Иманов, Әліби Жангелдин ұйымдастырды.  Шілде айының бас кезінде-ақ толқулар Верный уезінің батыс және оңтүстік бөліктерін қамтып, көтерілісшілерге Бекболат Әшекеев, Тоқаш Бокин, Аққозы Қосанұлы және басқалар басшылық етті. Халық наразылығы үдеп кетуіне орай, патша үкіметі ендігі тұста көтеріліс қимылдарын басу үшін іс-шаралар қолдануды ұйғарды. 17 шілдеде Жетісуда және Түркістан өлкесінде «соғыс жағдайы» жарияланып, патша үкіметі мұнда ірі әскери күштерін алып келді. Әскери гарнизондарды нығайтып, Жетісуға қоныс аударып келген орыстардан көтерілісшілерді жазалау үшін қарулы отрядтар жасақтады. Жетісу облысының Жаркент уезі көтерілісшілерінің Асы жайлауында, Қарқараның таулы алабында, Самсы, Қастек, Нарынқол, Шарын, Жалаңаш, Қорам елді мекендері аудандарында, Лепсі уезінің Садыр-Матай болысында және басқа жерлерде патша жазалаушыларымен ірі-ірі қақтығыстар болды. 
Осындай жағдайда, Б. Әшекеев Жетісудың бытыраңқы көтерілісшілер топтарын біріктіру үшін 1916 жылғы 13 тамызда Ошақты деген жерде әртүрлі болыстар өкілдерінің съезін шақырды. Съезде  олар «тыл жұмыстарына адамдар алу туралы жарлық шығарған үкімет орындарына қарулы қарсылық көрсетеміз, оған бағынбаймыз» деген шешім шығарды. Өз жақтастарымен Үшқоңыр тауына орнығып алған Б.Әшекеев қарулы қарсылыққа дайындала бастады, сонымен бірге, көтерілісшілердің қатарын жаңа күштермен толықтыру жөнінде шаралар қолданды. Алайда, қару-жарақпен мұздай қаруланған жазалаушы отрядтар  Жетісудағы ұлт-азаттық көтерілісті басып-жаншып, 7 қыркүйекте Верный әскери гарнизонының соты болды. Онда көтеріліс басшыларының бірі Б.Әшекеевті өлім жазасына кесіп, оны  дарға асу туралы үкім шығарды. Соттың үкімін облыстың әскери губернаторы Фольбаум нақ сол күні бекітіп, үкім бір күннен соң, яғни, 1916 жылғы 9 қыркүйекте Верныйдың жанындағы Боралдай деген жерде орындалды. Сотсыз және тергеусіз атылғандарды есептемегенде, сот үкімімен Түркістан өлкесінде 1917 жылдың 1 ақпанына дейін 347 адам өлім жазасына, 168 адам каторгалық жұмыстарға, 129 адам түрмеге жабылуға кесілді. Соның салдарынан патшаның өкімет орындары қудалаған 300 мың қазақтар мен қырғыздар немесе Же­тісудың байырғы тұрғындарының төрттен бірі Қытайға қашуға мәжбүр болды. 
Өз дәуірінің белгілі ақыны Иса Дәу­кебаевтың «Бекболат» атты поэмасында (кейбір мәліметтерде авторы белгісіз делінеді) халық батыры Бекболаттың бейнесі шынайы суреттелді. Осы поэмада Бекболат батырдың:
 «– Рас, мен соғысуға шықпақ болдым,
Басыңды жер астына тықпақ болдым.
Рас десең, рас сөз мен айтайын,
Ақ  патшаның тұқымын құртпақ болдым» [3, 264-265 бб.], – деп ашық айтуы ашынған халықтың азаттық жолындағы күреске шындап ден қойғанын аңғартса керек.     
Қазақстандағы ұлт-азаттық көтері­лісінің ең ауқымды аймағы  Торғай өңірі болды. Мұнда патшаға қарсы көтерілгендер саны 50 мыңға жетті. Бұл кезде Торғай уезі негізінен 13 болыстықтан тұратын. Көтерілістің бастапқы кезеңінде толқулар Қайдауыл, Аққұм, Қаратоғай, Сарытоғай, Қарақопа болыстарын, сондай-ақ, Тосын, Майқарау, Сарықопа, Наурызым, екінші Наурызым болыстарын қамтыды. 1916 жылы 21 қарашада 13 болыс өкілдерінің құрылтайында халық арасындағы атақты Нияз бидің ұрпағы Әбдіғаппар Жанбосынов көтеріліске шыққан Торғай уезінің ханы болып сайланады. Құрылтайға қатысушылардың келісімімен Кенесары Қасымовтың серігі, атақты Иман батырдың немересі Амангелді Үдербайұлы Иманов көте­рілісшілердің сардарбегі болып тағайын­далады. Орталық Ресейден келген және көп кешікпей көтерілісшілерге қосылған, осы өңірде туып-өскен Әліби Жангелдин көтерілісшілердің «рухани көсемі» болды. Ә.Жанбосынов пен А.Иманов көтерлісшілерді  ондықтарға, жүздіктерге және мыңдықтарға бөліп, арнайы жасақ құрды. Әрбір қолды басқаруға тиісінше онбасы, елубасы, жүзбасы, мыңбасы тағайындалды.
22 қазанда  А.Иманов бастаған 15 мың қол Торғай қаласын қоршады. Мұны көрген генерал-лейтенант А.Лаврентьевтің жазалаушы корпусы қалаға қарай үш бағытта бет алды. 16 қарашада А.Иманов бастаған 12 мың адамға жуық сарбаздар Түпқойма пошта станциясына шабуыл жасады. Көтерілісшілердің басым көпшілігі, адам күшін сақтау үшін, қарашаның екінші жарты­сында Торғайдан 150 шақырым жерге жетіп, Батпаққара ауданына шоғырланды. Осы жерден 1916 жылғы қарашаның екінші жартысынан 1917 жылғы ақпанның ортасына  дейін  жазалаушыларға  қарсы партизандық іс-қимылдар ұйымдастырылды. Көтері­лісшілер мен жазалаушылар арасында Татырда, Ақшығанақта, Доғал-Үрпекте, Күйікте қиян-кескі шайқастар болды. Шай­қас 1917 жылғы ақпанда болған төңкеріске дейін созылды. 
Торғайдағы ұлт-азаттық көтері­лі­­сі­­нің көрнекті басшысы әрі кө­семі Амангелді Иманов бейнесі қазақ ақындары шығармаларында шын­шыл­дықпен сомдалып, көркем әдебиет тарихынан тиісті орын алды. Халық ақыны  Омар Шипиннің «Амангелді батыр» поэ­ма­сында батырдың мынадай монологы бар:
«Патша тұр солдат бер деп қылып өкім,
Жасымнан,– деді батыр, – болдым                     жетім.
Қаладан губернаторды алып шығып,
Жібердім бір қайырып оның бетін» [4, 202б.].
Осы бір шумақ өлеңнің өзінен Амангелді батырдың өршіл бейнесін байқау қиын емес. Ал, Күдері ақын болса Амангелді батырдың Торғайға шабуылын былайша суреттейді: «Атқан таңмен айғайлап, Қала қосын лап қойды. Айнала қоршап дуалды, Тұс-тұсынан өрт қойды. Оқ жыландай ысқырған, Жалын шашқан, ышқынған,Үңірейген мылтық аузына, Ат қойды көп іркілмей. Шашақты найза желкілдеп, Ақ сойылдар сартылдап, Амангелді алдында, Атылған оққа жарқылдап». Міне, елім деп туған осындай ерлер ғана халықтың тәуелсіздігі үшін өз басын қатерге тігері сөзсіз. Амангелдідей батыр есімі қазақ халқының азаттық, тәуелсіздік тарихында мәңгі жасай бермек. 
Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі Торғайдан өзге барлық аймақтарда қатаң басып-жаншылды. Семей және Ақмола облыстарында көте­рілісшілерге қарсы патша үкіметінің 12 атты әскер жүздігі, 11 күшейтілген қарулы жаяу әскер ротасы қимыл жасады, ал, Торғай көтерілісшілеріне қарсы патшалық өкімет орындары 17 атқыштар ротасын, 18 казак жүздігін, 4 атты әскер эскадронын, 18 зеңбірек, 10 пулемет және басқа да күштерін әкеп төкті. Осыған қарамастан Торғай облысында көтеріліс патша үкіметі құлатылғаннан кейін ғана тоқтады. Қазақ қауымында патшаның 1916 жылғы маусым жарлығы мен көтеріліске көзқарас бірдей болған жоқ. Бұл түсінікті жағдай еді. Өйткені, ауылдың феодал-байшыл билеуші тобы мен жергілікті әкімшіліктің белгілі бөлігі патша жарлығын толығымен қолдап, оны белсенді түрде жүзеге асырушылар болды; қазақ интеллигенциясының радикалды батыл іс-қимылға бейім өкілдері (мысалы, Т. Бокин, Ж. Ниязбеков, Т. Рысқұлов, Ә. Жангелдин, С. Меңдешев, Б. Алманов, Ә. Жүнісов т.б.) халықты қарулы көтеріліске шақырып, оған өздері де қатысты. Ал, Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов сияқты либерал-демократиялық зиялылар өкіл­­дерінің жетекшілері халықты жар­лықты орындауға қарсы шықпауға үгіттеп, оны орындамаған жағдайда қазақтар қантөгіске ұшырауы мүмкін деп санады және осыған байланысты үлкен алаңдаушылық білдірді. Осынау алмағайып кезеңде «Алаш» қайраткерлері халықты жаңа аласапыраннан қорғаштап, қайткен күнде де оны аман сақтап қалуға тырысты. Сондықтан да, олар қарулы көтеріліске қарсы болып, қазақтарды патша жарлығын орындауға шақырды. Өйткені, қарусыз халық патша өкіметінің мұздай қаруланған әскерінен босқа қырылып қалатын еді. Көтеріліс барысында орын алған қанды қырғын, жүздеген мың адамдардың қаза табуы бұлардың қауіптерінің негізсіз еместігін дәлелдеді. Жеке-жеке бұрқ еткен толқулар көп ұзамай қарудың күшімен жанышталып, жұмысшыларды реквизициялау мен майданға жөнелту басталды...
«Әдебиет – өмір айнасы, замана ше­жірешісі» дейтін болсақ, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы халық ақындарының шығармаларынан берік те лайықты орын алғанын атап өтуіміз керек. Мысалы, қазақтан 19 бен 31 жас аралығындағы жас­тарды майданның қара жұмысына алу туралы патша үкіметінің 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлығы шаруа баққан момын қазақ елінің төбесінен жай түсіргендей етті. Ел   толқыды,  халық қайғырды-күңіренді. Осы көріністің куәсі болған ақын Сәт Есенбаев «Июнь жарлығы» атты өлеңінде: «Еңбекші қазақ баласы, Заманамыз тарылды. Патшадан зорлық, қысым боп, Басқа ноқта салынды... Құтырған патша қуланып, Көрінгенмен ұрысты. Құйрығын басып жыланның, Салды найза, қылышты...», [5, 257б.] – деп суреттейді. Ал, жыр алыбы Жамбыл ақын болса қыршындай қазақ жігіттерін майданның қара жұмысына алып жатқан патшаның іс-әрекетіне наразылық көңілмен: «Көген көзді қосақтап, Қалай қиып береміз? Көздің жасын моншақтап, Көңіл шер боп өлерміз! Көк жайлауды қалдырып, Қайда көшіп кетерміз? Көкіректі зар қылып, Қорлықпен қайтіп өтерміз?... Би, болысты Тәңір атты, Ел қорғауға жарамай. Ағайынды аңыратты, Көз жасына қарамай. Енді ойласақ, не қалды, Ата жұрттан кету бар. Жалға тігіп не жанды, Тәуекелге беку бар», [6, 64-65бб.] – деп  толғайды «Патша әмірі тарылды» аталатын жырында. Дүлдүл ақынның «Зілді бұйрық», «Әділдік керек халыққа» атты өлеңдері де осы тақырыпты сөз етеді. Ал,   Бұзаубақ ақын  «Құты қаш­қан патшаның» атты толғауында:
«Ел болмас бұған солдат бергенменен, Патшаның дегеніне жүргенменен, Жақсылық жауыздардан қазақ таппас, Соғысқа босқа барып өлгенменен. Бозбала – елдің көркі маңдайдағы, Қимылда, шағың келді жау жайдағы. Еріксіз қайран ерлер, қор болғанша, Атқа мін, жарақ асын, найза ал-дағы», – деп патшаның зұлымдығын әшкерелей келе халықты оған қарсы қару алуға шақырады. Ақын Төлеу Көбдіков те көтеріліс туралы жырында патшаның июнь жарлығының зобалаңын, патша үкіметінің бұратана халықтарға жасап отырған қиянатын аяусыз әшкерелейді: «Қаршыға, тұрымтайлар жем қылардай, Біз қалай осыларға жапалақпыз»,– деп ол елінің намысына қозғау салады.
1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысын көзбен көрген Бөлтірік, Бұзаубақ, Құсайын, Баттал, Сартай, Есқайыр, Болман, Күдері, Сәт, Сүлеймен, Кенен, Есдәулет ақындар да өз жырларында халықтың басына түскен ауыр зұлматты шынайы суреттеп, патша өкіметінің озбыр саясатын өткір сынаумен бірге елді отаршылдарға қарсы бас көтеруге үндейді. Осы шығармалардың ішінде Иса Дәукебаевтың «Бекболат», Омар Шипиннің «Амангелді батыр», Біржан Берденовтің «Прием» поэмаларының, Сәт Есенбаевтың «Июнь жарлығы», Жамбыл Жабаевтың «Зілді бұйрық», «Патша әмірі тарылды», Күдері ақынның «Амангелдінің Торғайды алуы», Төлеу Көбдіковтің «Сарыарқаның сарыны», Бұзаубақ ақынның «Құты қаш­қан патшаның» деп аталатын жыр-толғау­ларының шоқтығы биік. Бұл шығар­малар Ұлт-азаттық көтерілісінің шынайы шежіресі, өлмес тарихы іспетті болды. М.Әуезовтің «Қилы заман», С.Мұқановтың «Ботагөз» романдары осы кезеңнің прозадағы озық үлгісінен саналады.
Елбасымыз, Ұлт Көшбасшысы Н. Ә. Назар­баев «Тарих толқынында» атты еңбегінде Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілісіне жан-жақты тоқтала келіп: «...Қазақтардың 1916 жылғы ұлт-азат­тық қозғалысы Ресейді қамтыған жал­пыұлттық  дағдарыстың бір нышаны болды. Бұқаралылығы, қоғамның бар тарабын кеңінен қамтуы, жалпыұлттық ұрандар ұсынуы, мемлекеттік билік институттарын құру жөнінен бұл қоз­ғалысты – ұлт-азаттық революциясы деп, патшалық Ресей отарындағы осы тектес революциялардың тұңғышы деп бағалауға болады», – деген байлам жасайды. Орынды ой, әділ баға екендігінде күмән жоқ [7, 170б.]. 
Шындығында да, біздің халқымыз қанша жуас, момын, шыдамды дегенменен, жақсы мен жаманның, ақ пен қараның ара-жігін ажырата алатынын, дұшпанның шектен тыс қорлығына көнбейтінін осы 1916 жылғы толқу арқылы да көрсете алды. Бұл жылдардағы ұлт-азаттық көтерілістері  патша өкіметіне қауіп төндірер үлкен күш болды десек артық айтқандық болмас. Алайда, бұл көтерілістер де бұрынғы ХVIII-XIX ғасырлардағы көтерілістер сияқты патшалық империя тарапынан аса қатігездікпен басып-жаншылды. Біздің ғалымдарымыз бен тарихшыларымыз бұл көтерілістің жеңіліс табу себебі, елдің бытыраңқылығында, байланыстың нашарлығында деп топшылайды. Әрине, бұл да дұрыс шығар, бірақ, қанша жерден ауқымды толқу болса да қолында жалаң қылыш, айыл, шоқпар, күрек ұстаған қазақ шаруалары мұздай темірмен құрсауланған, зеңбірек пен мылтықтар, одан қалса жарылғыш заттармен қаруланған әскерге қайдан төтеп берсін?! Бұлай дейтініміз, тарихтан өздеріңізге белгілі,  ағылшындардың сонау Американы жаулап, жергілікті үндіс тайпасын қырып жіберуі осындай жетілген қарудың арқасында болған жағдай. Қазіргі таңда да қаруы мықты елдер әлемдегі ұсақ елдерді ойыншыққа айналдырып отырғанын көріп отырмыз. Қолындағы  ескі-құсқы қаруларымен туған жерін қаншалықты қорғаймын десе де қорғай алмай үндіс халқы жер бетінен жойылып кетті. Біздің халқымыздың да қайта-қайта жеңілуінің себебі, осында деп ойлаймыз. Десек те, көтерілістен жеңілсе де біздің ата-бабаларымыз қанша көгендесең де қорлығыңа көнбейтін текті халықтың ұрпағы екенін мойындата алды. Қанша басынам десе де ұлттың санасын ұйқыда ұстау мүмкін емес екенін айқын танытты. Сол кездегі қазақ зиялылары Т.Рысқұлов, О.Жандосов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов және т.б. ұлт жанашырлары шама-шарқы жеткенше ұлт тағдырына алаңдап, дұшпанның басынуына жол бермеу мақсатында жанталаса күресті. «Тізе бүгіп тірі жүргеннен, тік тұрып өлген артық» деп дана халқымыз айтқандай, біздің бабаларымыз жеңіске жетпесе де қылышынан қан тамған патша өкіметінің шаңырағын шайқалтты. Бұлардың бәрі түптеп келгенде патша билігінің ұзамай құлауына әкелген оқиға болатын. Сонан бір жыл өткен соң 1917 жылы қазанда шаруалар мен кедейлер теңдік алды. В.Лениннің жеңіске жетуіне біздің ержүрек бабаларымыздың 1916 жылғы бас көтеруі де себеп болып, ықпал етті. 
Иә, расында да біздің халқымыз дұшпан қанша басынса да өзінің ар-намысын өлімнен биік қоятын халық. Мұның жарқын дәлелі – кешегі 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы. Әлемді аузына қаратқан алып империя КСРО-ның ыдырауына да себеп болған біздің батырларымыз. Біз КСРО-да бірінші болып теңдік үшін, ұлттың болашағы үшін бас көтерген, сол үшін жапа шеккен халықпыз. Біздің тәуелсіз ел болуымызға да осындай намысшылдығымыз жетелегені анық. Міне, биыл сол замандардағы ұлт-азаттық қозғалысына 100 жыл толып отыр. Уақыт қанша жүйрік десек те, бұл біздің елдің санасынан ешқашан өшпейді. «Ұлы дала елі» демекші, осындайда маған ылғи да мынадай ой келеді: Солтүстіктегі көршілеріміз өздерін баяғыдан – «ұлы орыс халқы», ала тақиялы өз ағаларымыз – «ұлы өзбек халқы», Құдай қосқан айырқалпақты көршілеріміз – «ұлы қырғыз елі» деп бұқаралық ақпарат құралдарында, алқалы жиын, мәртебелі басқосуларда насихаттап жатқанда біз неге Ұлы дала жерін сан ғасырлар бойы жайлап келе жатқан «мың өліп, мың тірілген» халықты «ұлы қазақ халқы» деп айтудан, дәріптеуден тартыншақтаймыз? Ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-байтақ аймақты қаншама ғасырлардан бері көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан Ұлы дала елінің ұрпақтары да осал емес, «ұлы халық» деп ойлайсың кейде.
Ақиқатында, біздің тәуелсіздігіміз үлкен күрестер мен толассыз талпыныстардың арқасында қолымызға қонды. Ендігі жерде, осындай, баға жетпес байлықты бізге қалдырған ата-бабаларымыздың ерлігін дәріптеу, оны келешек ұрпақтың бойына сіңіру біздің азаматтық борышымыз. «Бұрынғы ерлікті дәріптеп құрметтемей, жаңа ерлік жасау бос әурешілік», дейді даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы атамыз. Біздің мақсатымыз – осы ата-бабаларымыздың теңдік жолында құрбан болғанын, ар-намысты, адамгершілікті атақ-мансаптан, дүние-байлықтан биік ұстағанын келешек ұрпаққа жеткізу болуы керек. Олай болса, қазақ тарихының үлкен алаңына айналған 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісінің тарихи мәнін терең ашу, оны ұрпақтар санасына берік ұялату үшін әлі де терең зерделі зерттеулер, әдеби-көркем шығармалар керек-ақ.  Өйткені, ұрпақтарымыз сол кезеңнің шындығын жете білмейінше, бүгінгі 25 жылдығын атағалы отырған тұғырлы Тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін, мән-маңызын, құнын терең сезіне  алмайтынын естен шығармағанымыз абзал. ХІХ ғасырда өмір сүрген итальяндық әйгілі мемлекет қайраткері, суретші, жазушы Массимо д’Адзельо: «...Біз Италияны құрдық, енді бізге итальяндықтарды құруымыз қажет», – дегенін ескерсек, біз де тәуелсіздікті алдық, ендігі жерде туған еліміздің, өскен жеріміздің, сүйікті Отанымыздың шынайы жанашырларын, нағыз елжанды, ұлтжанды азаматтарын қалыптастыруымыз керек. Ал, ұлтжанды патриот болу – әрбір азаматтан еліміздің мемлекеттік тілі – қазақ тілі мен туған әдебиетіміздің, ата-баба дініміз бен ұлттық мәдениетіміздің, өміршең салт-дәстүрлеріміздің жанкүйерлері, елшіл, мемлекетшіл азамат болуды талап етеді. Тағы бір айта кетерлік мәселе: 1916 жылғы Ұлт-азаттық қозғалысынан Амангелді Имановтан басқа батырларының есімдері ұмытылып, көмескілене түсуіне байланыс­ты, көтерілістің көрнекті қолбасшылары мен ұйымдастырушыларының есімдерін қайта тірілтіп, оларға елдімекен, көше, мектеп атауларын беріп жатсақ, қанеки?! Биылғыдай мерекелі жылы ерлер есімін есте қалдыру, ұлт-азаттық көтерілісінің тарихи маңызын ұрпақтар санасында қайта жаңғырту жолында жоғары оқу орындарында, барлық білім беру мекемелерінде нақтылы іс-шаралар өткізіліп жатса нұр үстіне нұр болар еді.

491 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз