• Келелі кеңес
  • 10 Маусым, 2016

БІРІНШІ! Қазақтан шыққан тұңғыш КСРО Халық артисі Күләш Байсейітова

Аманкелді МҰҚАН,
М. Әуезов атындағы Әдебиет 
және өнер институты 
Театр және кино бөлімінің меңгерушісі

Сөз басы:Ойланарлық жәйт...Соңғы кезде билікке жақын жүргендер немесе жағына алғандар марапатталып, мінезді, өнерлі, нағыз еңбекқорлар көлеңкеде қалуы жайлы жиі айтылуы өнерпаздар арасында әр түрлі күбір-сыбырларды көбейтуде.

Қазақ өнері мен мәдениетінің қайраткерлері еліміздің ресми бір үлкен датасы жақындағанда Астана жаққа  құлақ түріп, Ақордадан, Министрліктен қандай хабар болар екен дегендей іштерін жиып, ресми ақпарат көздеріне телміре қалатын сәті жыл сайын қайталанып келеді. Ол біраз жылдар бойын сахнада жасаған еңбегіне берілетін әр түрлі ресми мекемелердің атақтары мен марапаттарын күтуі. Сахнада жүрген өнерпазды атаққа, марапатқа тәуелді етіп қойған кеңестік заманның осы үрдісі тәуелсіздік алғаннан кейін түрлі пікірталастар тудырса да түбегейлі өзгеріске түспей жалғасын тауып келеді. «Талантың болмаса да атағың болсын» деген сөз сол кезден келе жатқан болар. Талай талантты өнерпаздарымыз өз бойындағы өнеріне, тынбай жасаған еңбегіне сай ресми мекемелерден орынды бағасын алып, халықтың ыстық ықласына бөленді. Талантымен тас жарса да жүйеге, оның атақ, орден, медаль таратып берер қазаншысы болып отырғандарға өр мінезі, бетке айтар бірбеткейлігімен жақпағандар, жағымпаз, жылпос бола алмағандары үшін шетқақпайланғаны қаншама?Атағы мен марапаты болмағанның еңбегі еленбегендей, бағасы берілмегендей төменшіктегендері, моральдік тұрғыда мүжілгендері қаншама...? Бұл өткен тарихымыз.
Күні кеше қош айтысқан 2015 жылы марапатқа ұсынылған бірнеше жүздеген қайраткерден бірнеше ондағанының бағы жанып, басым бөлігі кезекті жаңа жылын сарыға күткен атақсыз, орден, медальсіз қорытындылады. Әрине, бұл атақтар дорбасынан суырып алып тізімдегілердің бәріне үлестіре салатын жаңа жылдық Аяз атаның сыйлығы емес. Бәрін бірдей жарылқап тастаудың тағы мүмкіндігі жоқ. Атақ алғандар мен алмағандардың әр түрлі көңіл-күйде болуы белгілі жәйт. Алғандар ақ түйенің қарны жарылды деп тойлап жатса, алмағандары іштен тынып, екіншілері жоғары жақтың бекіткен шешімімен келіспейтінін білдіріп, өз ойларын БАҚ пен ФБ парақшасында жариялап, оған өзгелер пікір қосып, қызу талқыланады да.Қоғамда, өнерлі жандар арасында бақталастықты, бәсекелестікті т.б. жағымсыз қылықтарды тудыратын да, өршітетін де осындай даралау, әсіресе, әділетсіз беріліп жататын марапаттар. Келешекте өнер мен мәдениет саласындағы үздіктерді мемлекеттік деңгейде даралап марапаттау, оларға құрмет көрсету осы бағытпен жалғасады екен, атақ пен марапат өнерпаздың таланты, халқына сіңірген еңбегі бар дараларға жан-жақты сараланып, әділетті түрде берілгені жөн. Біздің мақсатымыз, қоғамда бар осындай құбылысқа назар аудару және оның бастау көзінде қалай болғанын «қазақтың бұлбұлы» атанған Күләш Байсейітованың туған күні қарсаңында еске салу.

Кеңестік жүйеде өмір сүрген қазақ халқының талай талантты ұл-қыз­дары, дүлділдері зор атақ пен марапаттарға, жүлделі орындарға ие болып, туған елі мен халқының абыройын асырды. Солардың ішінде ең жоғары атақ болып саналған «Кеңестер Одағының Халық артисі» мемлекеттік марапатты қазақтан тұңғыш иемденген әнші Күләш Байсейітова болатын. Ол Одақтың қандай өнерпаз тұлғалары қатарында, кімдермен бірге жоғары дәрежелі марапатқа бөленді? Осы сұрақтар төңірегінде біз өткен ғасырдың 30-шы жылдар ортасындағы жарияланған алғашқылар тізімін қарастырмас бұрын біз елдегі саяси-мәдени хал-ахуалына назар аудара кеткен жөн. Себебі, бұл атақтардың берілу шарттары мен тарихы қызықты деректерге толы. Қазақстанда театр өнерінің дамуы өзге еуропалық кеңістіктегі халықтарға қарағанда кештеу басталғаны белгілі. Түркітектес қала мәдениеті қалыптасқан татар, өзбек т.б. халықтарында орыс театрына еліктеген сахналық қойылымдар қойылып, пьесалар жазылғанын тарихтан білеміз. ХІХ ғ. екінші жартысы, ХХ ғасырдың Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңдегі орыс театры өзінің алтын ғасырын басынан кешіп жатты. Сол ортаның негізгі тірегі болған орындаушылық өнер, режиссура, драматургия, сахна безендіруші сурет­шілерінің жарқын өкілдері елдегі төңкерістен үркіп, жаңа үкіметтің саясатын қолдаудан бас тартып шетелге эмиграцияға кеткендері көп болды. Сонымен бірге, осы саланың белді мамандары кеңестік орыс театр өнерін әрі қарай дамытқандары да жетерлік еді. Осы негізде жалғасын тапқан кеңестік орыс театр мәдениетінің теоретиктері мен практиктері: К.С.Станиславский, В.И. Немирович-Данченко, В. Э. Мей­ер­хольд, А.Я. Таиров, Е.Б. Вах­тан­гов т.б. айшықты із тастаған өнер қайрат­керлерімен жалғасын тапты. 
Кеңестер өкіметі бар билікті қолына толық алғаннан кейін барлық өнер мен мәдениет институттарын жас мемлекеттің рухани қажетіне бет бұрып, жұмысшылар мен шаруалардың мәдениетін жасауға белсенді кірісіп кетті. Бұрынғы империяға қызмет еткен, патшалы Ресейдің кезінде атақ пен даңққа бөленген әртістер, танымал интеллигенция өкілдері ел басқаруға жаңадан келген большевиктердің айтқа­нына көніп, айдауында жүрмейміз деген­дері жаппай шетелге эмиграцияға ауып кетті. Осындай кезде, Ресейдің орта­лық қалаларындағы бас театрлардың біразы, ондағы өнерпаздардың көпшілігі уақыт талап еткен жаңа басшылардың, жаңаша талаптарын қабылдады. Жас мемлекеттің ұстанымдарына ыңғай­ланып репертуарлық саясатында рево­люциялық тақырыптағы спектакльдер, революциялық комитет талап еткен үгіт пен насихатқа құрылған туындыларды дүниеге әкеледі. Осы театрлардың алдыңғы легінде В.Э.Мейерхольд жетек­шілігіндегі Жұмысшы жастар театры (ТРМ), А.Я.Таировтың Камералық театры, Е.Б.Вахтангов жетекшілігіндегі драма театр студиясы мен жас театр режиссерлері көрінді. Театр теоретиктері К. С. Станиславский мен В. И. Немирович-Данченколар жетекшілігінде атағы Ресей асып алыс шетелдерге де кеңінен танылған Мәскеу Көркем театрының (МХАТ) жұмысы Кеңестер театр өнерінің флагманы ретінде танылды. Кейінірек, басқаша көзқарастар мен ағымдарды ұстанған деп танылған біраз театрлар мен олардың жетекшілері кеңестік жазалау машинасының қанды шеңгеліне ілікті. Идеологиялық дұрыс емес деп танылған, сахнадан социалистік реализм бағытынан өзге ой айтатын театрлар үшін қаралы күндер туып, жаппай қысым көрсету орнаған кезде, бірден-бір түзу жол, театр өнерін­дегі оң бағытты айқындаған Көркем театрдың ұстанымдары болып қа­лып­тасты. К. С. Станиславскийдің ойлап тауып, реттеген «жүйесі» ак­тердің сахналық әрекетімен ойы­нының негізгі теориялық және прак­тикалық жұмыстарының «қа­сиетті кітабына» айналды. Өзге сахна шеберлерінің қатар өмір сүруге толықтай құқығы бар Мейерхольдтің биомеханикасы, Чеховтың актерлік орындаушылық мектептері т.б. сол кездегі заманауи театр ағымдар мансұқ етілді. Және бұл бірнеше он­жыл­­дықтарға жалғасқан кеңестер еліндегі бұрыннан бар, жаңа­дан пайда болған өзге ұлт театрлары үшін де негізгі бағдаршам болып қалыптасты. Театр өнеріндегі оңға немесе солға қарайлаушылық, жаңа эксперименталды ізденіске бару, тосын түсініксіз үлгідегі қойылымдарды  басты ұстанған дұрыс жолдан ауыт­қушылық, буржуазиялық өнерді, үс­тем таптың сойылын соғушылық, жұмысшы табы мен шаруалар үкіме­тінің үстемдігіне қайшы келетін жат өнер ретінде қатаң қудаланды.
Классикалық драматургия мен уақыт тынысын беретін төңкерісшіл пьесалар арқылы жаңа өмірдің жасампаздығын, көпшілік халықтың жеңісін жырлайтын қойылымдар сахнада ерекше орын алды. Бұл қойылымдарда жоғарыда аттары аталған талантты режиссерлердің ерекше ізденістері мен шығармашылық күш-жігер жұмсауының арқасында жаңа уақыт талабына сай ерекше заманауи қойылымдарға айналды. Осы театрлардың ерекше ауызға аларлық бір спектаклінің өзі кейінгі театрдың маман режиссері мен актері, драматургі мен театр тарихшылары үшін қайта-қайта айналып соғып отыратын хрестоматиялық туындыларға айналды. Қазақ кәсіби театрының тарихы орыс өнерпаздарының жасап кеткен үлгісі бойынша басталады. Театр формасы, құрылымы сол кезде Ресей Федерациясында бар сахналық өнердің ізімен дамып, сол орыс актерлік, әншілік, режиссуралық мектеп жолымен бастау алады. Өзгешелігі де бар. Бұл өзгешелік, қазақ театрының алғашқы іргетасын қалау ісінде бірден көрініс береді. Қазақ драма театрының орындаушылық труппасын құру туралы қаулы қабылданған бетте (1925 ж.) өзге көрші Орталық Азия республикалары секілді алдымен КСРО-ның орталық қалаларына талантты жастарды жіберіп оқытып, мамандар дайындап алып театр ашуды емес, ел ішінде бар өнерпаз тұлғаларды бір шаңырақ астына жинап солармен өнер ордасын құруы. Бұл қазақ театрының өзіндік орындаушылық мектебінің дамуына әсер еткен маңызды ерекшелігі. Екіншіден, театрға келетін талантты жастардың әрі қарай да осы үлгіде қабылдануының жалғасын табуы. Осындай жолмен театрға келген, арнайы алған білімі де жоқ, ешкімге таныс емес жас актриса Күләш Байсейітованың шығармашылығы шым-шымдап спек­такльден-спектакльге прогрессиялық өсу үстінде көрінеді. Ол орындаған спек­такльдегі көпшілік сахнасындағы қарапайым адамдар мен қосалқы рөлдер, қойылымның басты тұлғаларына дейінгі қадамы өзінің әріптестері мен театр өнерін сүйер көрермендердің көз алдында көрініс берді. Драма сахнасындағы көрініс беріп, талантты жасалған образдар әлемі орындаушының музыкалық театр сахнасына ауысқаннан кейін ерекше құлпырып, сан қырынан жарқырай көрінеді. Осындай қарышты қадаммен шығар­машылық өрлеу Қазақстанның Мәс­кеу қаласындағы өнері мен мәдение­тінің алғашқы онкүндігінде шарықтай түсіп, Күләштің өнеріне өзге мәдениет өкіл­деріне бір ауыздан тамсана қол соққызып, лайықты бағасын алуға мүм­кіндік  берді. Міне  осындай Республика кеңістігінде емес, Кеңестер Одағына танымал тұлғаларға жоғары атақ беру мәселесі көтерілгенде онкүндік нәтижесімен барынша жарқырай кө­рін­ген К. Байсейітова есімінің бәрі­нің аузында болуы заңдылық болатын. Онкүндікте қазақстандықтардың өне­рін тамашалаған, талантты жас әншіге өзі «қазақтың бұлбұлы» деген ат беріп, бірінші басшы И. В. Ста­­линнің назар аударуының өзі талантты әншінің өнеріне деген оң көз­қарасты қалыптастырған болатын.  Қазақстаннан қай өнерпаз жоғары атаққа ұсынылуға лайық деген мәселе көтерілгенде бұлбұл әуезді әнші, талантты актриса Күләштің есімі сөзсіз бірінші болып тұрғаны даусыз. Және бұл тізім Бүкілодақтық аренаға аты танымал тұлғалармен деңгейлес болуы керектігі де Күләштен өзге кандидатураларды екінші планға ысырған секілді. 
Кеңес үкіметі орнағаннан кейін бұ­рын­ғы патшалы Ресей империясының жүйесінде жүріп танымал болған өнер адамдарының ерен еңбегі мен ерекше жетістіктерімен марапаттау үшін 1919 жылы «Республиканың халық артисі» құрметті атағын белгілеп өнерпаздарды марапаттай бастайды. Бұл 1936 жылға дейін КСРО-ның өнер мен мәдениет саласындағы танымал қайраткерлеріне берілетін ең құрметті атақтардың алды болып келді. Большевиктер төңкерісінен кейін шетелге кетіп қалмай, жұмысшы-шаруалар мен түзілген қызыл армия әскерлері алдында өнер көрсеткен ха­лыққа бұрыннан танымал өнерпаздар тобына алғашқы Халық әртістері атағы беріледі. Солардың қатарында, орыстың танымал композиторы А.К.Глазунов, аты жер жарған опера әншілері Ф.И.Шаляпин мен Л.В.Собинов т.б. болды. Осы марапат, өнерімен елдің, елден бұрын партияның ұстанған идеологиялық көзқа­растарын қолдап, оның идеялық бағытын көпшілікке насихаттап жүргізетін мық­ты қаруы болған танымал сахна өне­рінің қайраткерлеріне тиесілі болды. Әрине, Ф. Шаляпин сияқты кең тынысты шығармашыл тұлғалар бұл жаңа ортаның еркін жүріп-тұруын түбі тұсайтын әу бастан түсінгендіктен, бұл берілген атақ, марапатқа байланып қалмай шетелге асып, сол жақта дүниеден қайтады. Осындай атақ, марапаттар орталықтан шеткері орналасқан ұлттық құрылымдарда – Авто­номиялық республика (1920) мен Одақтық республика (1936) болып қайта құрулар кезінде жергілікті халық ықыласына бөленген ұлттық кадрлар да марапаттала бастайды. Қазақстан автономиялы республикасының құр­метті атақтарын алған алғашқы құрамда театр ісінің іргетасын қалап, жетістіктерге жеткен, өнерді өрге бастырған біраз тұлғалар болды. Бұлар Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов, С. Қожамқұлов, т.б. 1936 жылдан бастап бұл жоғары атақтың орнына музыка мен сахна өнерінің танымал тұлғаларына арнап ең жоғары құрметті «КСРО халық артисі» атағы беріле бастады. Әрине, бұл тұлғалардың қатарында жәй қатардағы адамдардың болуы екіталай шаруа. Сол кездегі көп ұлтты КСРОның негізгі құрамы болып саналатын ірі халықтардың өкілдерінен құралған алыптар тобы. Міне осы «КСРО халық артисі» құрметті атағынсол жылы 6 қыркүйекте алғашқылар тобында 13 адам алды [13 https://ru.wikipedia.org/wiki]. Күләш Байсейітова солардың қатарында 13-ші болып тізімде тұр. Сонымен, Одаққа танымал болған, алғашқы Кеңестер Одағының Халық артисі атағын алғандар кімдер? 
1. Константин Сергеевич Станиславский (1863-1938) – Одақта есімі ерекше ілтипатпен аталатын театр өнеріне ерен еңбегі сіңген:  актер, режиссер, театр реформаторы, теоретик, педагог, МКТ негізін қалаушы  К.С.Станиславскийді дүние жүзінің театр мамандары оның «жүйесі» бойынша актерлердің шығармашылығын ұштау  мектебінен өтеді; 
2. Владимир Иванович Неми­рович-Данченко (1858-1943) – талантты режиссер, педагог, театр теоретигі, МХАТ не­гізін   К.С. Станиславскиймен қатар жүріп қалаушы Владимир Иванович Немирович-Данченко. К.С.Станиславский әрі актер, әрі режиссер, әрі педагог болып театр қайрат­керлеріне, халыққа кеңінен танылса В.И.Немирович-Данченко негізінен таза педагогика мен режиссурада өзіндік орны бар тұлға ретінде танылады. Екі театр алыбының есімдері де күні бүгінге дейін егіздің сыңарындай қатар аталып келеді. Бүгінде Мәскеу қаласында осы екі тұлға іргетасын қалаған, кейін осы театр тандемінің аттарын иемденген іргелі музыкалы театр ұжымы жұмыс істейді;
3. Василий Иванович Качалов  (1875-1948) – тізімді талантты актер, режиссер жоғарыдағы екі алыптың талмас күш-жігері мен қайратының арқасында құрылған МХАТ актерлік мектебінің құрамында (1900 жылдан) негізгі орындаушылардың бірі, осы өнер ордасының іргетасын қалаушы  Василий Иванович Качалов есімі жалғастырады. Ол да сол кездегі театр өнерін сүйетін көзі қырақты көрерменнің назарында ерекше болды. 
4. Иван Михайлович Москвин (1874-1946) – дәл осы шығармашылық ұжымның келесі талантты өкілі, театр мен киноның актері, режиссері, атақты МХАТ актерлік мектебінің негізін қалаушы, театрдың танымал спектаклі «Феодор Иоаннович патша» ролін 40 жыл бойын орындаушы, көркемсөз оқудың шебері;
5. Екатерина Павловна Кор­чагина-Александровская (1874-1951) – Пушкин атындағы Ленинград драма театрының актрисасы, жас кезінде сахнада травести амплуасында, кейін жасамыс аналар мен өзге де сан-алуан характерлі кейіпкерлерді зор табыспен орындаған, КСРО-да алғашқы түсірілген көптеген кинофильмдердің актрисасы;
6. Блюменталь-Мария Михайловна Тамарина (1859-1938) – Мәскеудегі Кіші театрдың актрисасы, орыс классик драматургтерінің репертуарында қайталанбас кейіпкерлерді сомдаған;
7. Антонина Васильевна Нежданова (1873-1950) – талантты әнші-актриса, Мәскеу Үлкен театрының лирико-колоротуралы сопраносы, вокалдан педагог, өнертану докторы;
8. Борис Васильевич Щукин (1894-1939) – орыстың талантты театр және кино актері, режиссер, Вахтангов жетекшілігіндегі театр студиясының тү­легі, кеңестік реалистік орындаушылық мекте­бінің жарқын өкілі, Ленин образын сахнада және экранда алғашқылардың бірі болып сомдаған актер, педагог;
9. Мария Ивановна Литви­ненко-Вольгемут (1892-1966) – украина халқының белгілі лирико-драмалық сопрано дауысты опера әншісі, актрисасы, КСРО-да Р.Вагнер репертуарын және Дж. Пучинидің «Турандот» операсынан Турандот партиясын тұңғыш орындаушылардың бірі; 
10. Панас Карпович Саксаганский (1959-1940) – украин және кеңес актері, халық театрының және кәсіби украин театрының іргетасын қалаған режиссер, драматург, украин халқының тұр­мыстық театрының майталман шебері;
11. Акакий Алексеевич Васадзе (1899-1978) – грузин халқының белгілі театр қайраткері, өткір характерлі актер, режиссер, педагог, театр институтының профессоры, 3 мәрте Сталиндік сыйлықтың иегері; 
12. Акакий Алексеевич Хорава (1895-1972) – грузин театрының танымал тұлғасы, актер, алымды режиссер, педагог ұйымдастырушы, 5 мәрте Сталиндік сыйлықтың иегері;
13. Күләш Жасынқызы Бай­сейітова – қазақтың бұлбұл әуезді әншісі, актриса, қоғам қайраткері. 
Бұл жұлдызды топтың әрқай­сы­ның шығармашылық қоржы­нында ірі сахналық табыстарын көрсететін жетістіктері мен алған биіктері молынан болғанын осы келтірген қысқа деректерден-ақ көруге болады. Шынында, үлкен теория мен тәжірибе жинақтаған драма театры мен опера театры сахнасының майталмандары тобында біздің Күләшіміз тым жас, тым бала сияқты көрінері анық. Жас жағынан біраз жылды артқа тастаған, шығармашылықпен айналысқанына да бірталай уақыт болған тәжірибелі сахна қайраткерлерінің тобында бес-алты жылдың төңірегіндегі Күләштің шығармашылық өмірбаяны жаңа қаулап өсіп келе жатқан балғын шы­бық­тай болып көрінеді. Иә, жас­тығына қарамастан жоғары құр­метті атаққа ұсынылған Күләш өзінің орындаушылық талантымен, сахналық шеберлігімен баршаның жүрегіне сәуле құя білді. «Күш атасын танымас» – дегендей, Күләштің таланты жастығына қарамай барша Кеңестер Одағының алдыңғы қатарлы зиялы қауым өкілдері мен көпшілік өнерсүйер тыңдарман деңгейінде бір ауыздан мойындалды. Екінші бір мәселе, өнер адамдары бұл жоғары атақты белгілі бір ретпен, реттік баспалдақтардан өтіп барып алатындығы. Алдымен Республиканың еңбек сіңірген артисі, Республиканың халық артисі атақтарын алғаннан кейін барып ең жоғары Одақ шеңберіндегі атаққа ұсынылатын процедура К.Байсейітоваға келгенде ту-талақай бұзылады. Бұған дейін 1934 жылы Қазақ КСР-не еңбек сіңірген артисі атағымен жүрген Күләш арада өткен екі жылдан кейін 1936 жылы «Қазақ КСР халық артисі» атағын алмастан одақтық деңгейдегі ең үлкен марапатты иеленеді. Бұл да Күләштің талантының ерекшелігі, феномені деуге тұрарлық жәйт. Үшінші бір ерекшелігі, К.Байсейітованың келесі бір рекордтық көрсеткіші, 24 жасында алған жоғары мемлекеттік наградасы жарты ғасырдан аса уақыт бойы беріліп келген өзінің тарихында жаңаланбаған күйінде қалып қоюы. Осы алғашқы марапатталған шығармашылық топтан бастап «КСРО халық артисі» құрметті атағын алған ең соңғы (1991) өнерпазға дейінгі аралықта, барлығы 1006 өнер қайраткері тізімге енген. Солардың ішінде Күләштің жасында осы марапатты алған өнерпаздың болмауы өзіндік айта жүрерлік, маңызды көрсеткіш десе болғандай. 
Мұндай марапаттаудың көп ұлтты Кеңестер Одағында қалыптасқан өзіндік ұстанымы (квотасы) және қағидасы болатын. Ол кез келген шаруада алғашқы тізімдегі тұлғалардың ұлттық құрамы мен шыққан тегінің кімдерден тұруының ерекше назарда болуы. Кеңестер Одағы кеңістігінде өнерпаздар тобына берілген тұңғыш жоғары атақтар халқының саны, сапалық құрамы жағынан да салмақталып, негізгі ірі ұлттар болып саналатын орыс, украин және грузин халықтарының танымал өкілдеріне бұйырды. Осы титулды халықтардан кейін төртінші ұлт болып қазақ халқының жұлдызы жанып, өнер мұхитында тал шыбықтай бұралып жаңадан бой түзеп келе жатқан Күләштің еншісіне бұйыруы сол кездегі барша қазақ халқының зор абыройы һәм мақтанышы болғаны анық. Бұл факті Күләштің сахнадағы танымалдылығын аша түсуі, жалпы, қазақ өнері мен мәдениетінің мерейін үстем етіп өсірген елеулі де, бірегей  оқиғалардан болатын. 15 одақтас ұлт республикалар мен 19 автономиялы республикалар және өзге де көптеген ұлттар мен ұлыстар арасынан суырыла шығып қазақтың Күләштей талантты қызының есімі Бүкіл Одаққа кеңінен таралуы кейінгі ұрпақтың зор мақтанышпен айта жүретіндей жетістігі болып саналды. Өнеріне – атағы, атағына – өнері сай Күләштей тұлға өмірінің соңғы сәтіне дейін осы жоғары атақтың жауапкершілігін сезініп, қал-қадарынша сол биіктен көрінуге тырысты. Жарқырай көрінді де... 
Сөз соңы: Күләштің алған мемле­кеттің «КСРО Халық артисі» деген ең жоғары атағы жанында жүрген талантты әрі ет пен сүйектен жара­тылған пенде әріптестеріне тыныш­тық бермегені рас. Көре алмау­шылық, пейілі тарлық, қызғаныш талантты Күләш туралы әр алуан өсек-аяң таратып, жала жабуға, домалақ арыздар жазуға себепші болды. Талантты әншінің ғұмырын улап, кемел шағында, бар жоғы 45 жасында  арамыздан кетуіне себеп болды. Ойланарлық жәйт...     

 

 

542 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз