• Заманхат
  • 16 Шілде, 2012

«ЛАҢКЕСТЕР НАДАН, ИІЛГІШ, САТЫЛҒЫШ АДАМДАРДЫ таңдайды»

Мұртаза Бұлұтай, дінтанушы ғалым

– Мұртаза аға, қазіргі таңда үлкен­дерге қарағанда, жастар жағы дінге көбірек бет бұрып жатыр ғой. Мұның себебі неде? – Үлкендердің тәрбие алған ортасы мен қазіргі жастардың ортасы өзгеше. Үлкендер Кеңес империясы тұсында атеист тәрбиесімен өсті, қазіргі жастар дінге еркіндік берілген қоғамда. Сондықтан, екі буынның арасында айырмашылық болуы түсінікті. – Дүниетанымы да басқа дейсіз ғой. – Иә. Қазіргі жастар дінге жол ашылған шақта дүниеге келді. Жол ашылғаны былай тұрсын, дін қоғамды баурап алды ғой, байқасаңыз. Мемлекеттің дінге деген көзқарасы да өзгеше. Кеңес дәуірінде дінге қарсы болса, қазір мемлекет дінмен қоян-қолтық қатынаста. Телеарналарда, радиода, БАҚ-да, көшеде дін өзекті мәселеге айналды. Діни мерекелерге демалыс берілді. Жалпы айтқанда, мемлекетте дінге бет бұрушылық бар. Діни оқу орындарында кәсіби білім алған жастар пайда болды. Осының барлығы қоғам өмірінде діннің ықпалының күшейгенін көрсетеді. Қазіргі жастарымыз көздерін ашқаннан дінді көрді, діни ықпалға ұшырады. Бірақ, бұл жерде, үлкендер дінге қарсы деген мәселе болмауы тиіс. Олардың ойлау жүйесі, дүниетанымы басқа жағдайда қалыптасты. Жастар өзгерісті тезірек қабылдайды. Сондықтан, жастарды нысана еткен діни топтар бар. Бұлардың мақсаты – жастарды мойынсұнғызып, кейін солар арқылы жоспарларын орындау. – Кейбір ағаларымыздың аузынан «мектептерде және ЖОО-да дін сабағын арнайы пән ретінде оқытса» дегенді естіп жүрміз. Осы пікірге сіздің көзқарасыңыз қалай? – Бұл құптауға да қолдауға да тұратын ұсыныс, бірақ, сақ болатын жағы да бар. Осы мәселені бұрыннан айтып келе жатырмын. Мемлекет азаматтардың тек тән саулығын ғана емес, ақыл-ой, рухани һәм ұждани саулығын да ойлауы керек. Ақыл-есі сау, оң сезімі бар, ақ пен қараны, жақсы мен жаманды, ізгі мен жауызды ажырата білетін, еркін ойлай алатын азаматтары бар мемлекет мықты да дамыған елге айналады. Дін өмірде бар, қоғамда бар. Өзіміздің адамдарға, әсіресе, жастарға дінтану сабағы арқылы ненің не екенін, кімнің кім екенін айтып бермесек, олар басқа ағымдардың жетегінде кетеді, кетті де. Осы сабақты ұсынудағы менің мақсатым – белгілі бір ағымды, діни топты насихаттау, жастардың санасына құю үшін пайдалану емес, қайта жастардың көзін ашу, жалпы дін туралы кең түсінік беру. Егер, діннің не екенін, оның қоғамдағы рөлін ұғындырсақ, Қазақстанның бекуіндегі, дамуындағы жағдайларды ескере отырып, сапалы мазмұнмен оқулықтар шығарсақ, азаматтарымызға салыстыру мүмкіндігін берсек, онда бүгінгі миссионерлер армиясына, азаматтардың санасын улап жатқан зиянды іс-әрекеттерге біршама тосқауыл қояр едік. Жастарымыз анау-мынаның құлы болмас еді, талан-таражға салынбас еді, шіркін! Кім-көрінгенге құлай қоймайтын, көзі ашық, саналы, терең ойлы азаматтар қалыптастыру – бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі. – Аллаһтың хақ жолын ислам дінінің басқа ағымдарынан қалай ажыратуға болады? Ең басты белгілері қандай? – Ислам діні белгілі бір адамның, яки, топтың меншігі емес. Ислам (берілу, тапсырылу, тәсілім болу) Жаратушының діні (жүйесі) және оның негіздері Құранда жан-жақты көрсетілген. Менің ұғымымдағы ислам діні бір-ақ Жаратушыға тәсілім болуды, тапсырылуды, берілуді, оның жолына мойынсұнуды талап етеді. Ал, көпшілік қанаушы ағымдар сізді Жаратушының жолына салмайды, Аллаһқа берілуіңізге, мойынсұнуыңызға талап шарттар қоя бастайды, араға делдалдар салады. Бел­гі­лі бір шарттар орындалғанда ғана жарылқаймыз дейді, әйтпесе, неше түрі азаппен қорқытады. Олардың мақсаты өздерінің көсемдеріне, тірі не өлі пұттарға мойынсұнғызу, дінді өздерінің монополиясында ұстау, адамдарды Жасағанға жеткіздірмеу, арада бөгеп, өздерінің өктем­діктеріне бас идіру. Ислам Аллаһқа берілуді, Оның заңдарына сай өмір сүруді үгіттейді. Аллаһтың заңдары – космосты билеуші заңдар, мәселен, физиканың заң­дары, химияның заңдары, астрономия, медицина, т.б. сияқты барлық ғылым­ның, жаратылыстың қағидалары. Көпшілік қанаушы діни ағымдар – адамды қуыршаққа айналдырып, билеп-төстеудің амалы. Мұнда адам – дінді қанаушы топтың құлы, ал, дін билік пен байлықтың көзі. Діни қанау жүйесінің үш «аты» бар: жамағат, қаражат, саясат; Жамағат – діни қанау жүйесіне кіргізілген пенделер. Олар еркін ойлау және талдау қабілетінен ажыратылған. Қаражат – дінді қанаушы жүйелер ауқымды қаржы көздеріне иелік етеді. Бұл бизнестің бірге мың беретін табысты түрі. Осындай қанаушы ағымдарға, секталарға кірген адамдардың табыстарының бір бөлігін (мәселен, 10-20 пайызын) иелеріне тапсырып тұратыны жасырын емес. Көбісінде жағдай осылай. Олар пенделерін алдымен желіге көгендеп, байлап алады да, сонсоң, «сауады». Саясат – қанаушы да іріткіш ағымдар неғұрлым көп пендеге иелік етіп, билікке ұмтылады. Жамағаттың ішінен өздеріне ең адал берілгендерді мемлекеттің барлық құрылымдарына орналастырады. Ал, Құрандағы дін болса адам баласын құлдықтың барлық түрінен азат етеді, пендеге емес тек Жаратушыға бағынышты етеді. – Бұл күндері ислам діні дегенде халықтың көз алдына террористер келе­тін болды. Осы жайында не айтасыз? – Пендеге пенде болған, азат ойлау­дан ада болған адам басқаға не істемейді?! Бұл соның көрінісі. Әлемде лаңкестік әрекеттерге мұсылмандардың қатыс­тыры­луы, кейбір мұсылман жастар­дың кішкентайынан зиянды топтардың ішіне кіріп кетуі өте өкінішті. Бұл дінді дұрыстап білмегендіктің, жете түсінбе­гендіктің ке­сірі. Лаңкестер кімді пайдаланады? Олар көбінесе надан, иілгіш, сатылғыш адамдарды таңдайды. Дүниежүзінде 2 млрд-қа жуық мұсылман бар. Ал, олардың әлемдегі ықпал күші қандай?! Осы туралы ойлану керек. Мен экономика және басқа салалар тұрғысынан 50-ге жуық өлшем бойынша (туу мөлшері, орташа жасы, өлім мөлшері, жұмыссыздық, патент мөлшері, жалпы ішкі өнім, орташа табыс, сауаттылық, спорттағы медальдер т.б.) 57 мұсылман елін басқа мемлекеттермен салыстырып көрдім. Нәтиже өте нашар. Мұсылман әлемі дамыған елдерден 300 жылдай артта! Сауатсыздық бойынша бірінші орында тұрмыз. Орташа есеппен мұсылмандардың 50-60 пайызы сауатсыз. Мысалы, Сауд Арабиясы әлемнің ең бай мемлекеттерінің бірі болғанымен, ондағы әйелдердің 35 пайызы бейсауат. Мұсылман елдерінің әлем мойындаған бірде-бір бренді де жоқ. Баста білім жоқ болса, ұран салып, құр айқайлағанның еш пайдасы жоқ. – Отбасыларының, оқу орында­рының қысым-наразылықтарына қа­ра­мас­тан кейбір қазақ қыздары баста­рына орамал тағып, хиджаб киіп жатыр. Бұған қалай қарайсыз? – Адамдардың діни сенім бостан­дықтарына құрметпен қарауымыз керек. Басқа орамал тағып тақпау әрбір қыздың өз таңдауы, өз еркі. Сондықтан, оған «неге басыңды жаптың, басыңды аш» деп қинауға құқығымыз жоқ. Мәселе, бастың үстіне салынатын бір шаршы метр орамалда, адам жасаған материалда емес, сол бастың ішіндегі білімде, адамгершілік пен қабілетте дер едім. Кейбір жастар дін жолына қатты беріледі, өзінше көп тақуа болғысы, көбірек сауап алғысы келеді. Меніңше, еліктеушілікпен, көнгіштікпен жасағаннан гөрі шынайы біліммен, санамен жасаған артық сияқты. Орамал таққан қызды «басыңды аш» деп қинай алмайтынымыз сияқты, басы ашық қызға «басыңды жап» деп зорлық қыла алмаймыз. Орамал таққан қыздарды алалау мен басы ашық қыздарды кінәлау ұқсас қателіктер. Адамның дәрежесін имандылығы, ақыл-парасаты, істеген ізгі істері белгілейді. Мәселе,­ әр адамның азаматтық ұстанымдарында, ғылым-білімнің дамуына, қоғамның гүлденуіне қосқан үлесінде. Кейбір өтімші нәрселерді басты орынға қойып, сол арқылы адамды бағалау жаңсақ дер едім. Бұл инквизицияға, діни қанаушылыққа тән қылық. – Имандылық дегеніміз не? – Адамдардың имандылық жөніндегі пікірі түрлі болуы мүмкін. Менің түсіні­гім­ше имандылық – адамның ішкі әлемімен татулығы, қоғам және таби­ғат­пен үйлесімді болуы, Жаратушыға ғана мойынсұнуы. Мәселен, жатар алдында өз өзіңізге: «Айналамдағы адамдарға қия­натым, зорлық-зомбылығым болды ма? Қандай жақсы іс істедім?», – деп сұрағаныңызда, ішкі дүниеңіз тыныш болса, адамдардың алдындағы арыңыз таза болса, міне, имандылықтың бір көрінісі осы. Әрбір адам тақуа болса, адамды болсын, табиғатты болсын сыйласа, мем­лекеттің заңдарына құрметпен қараса, пайдалы істер жасаса, осының барлығы айналып келгенде имандылыққа саяды. – Сұхбатымыздың соңында студент жастарға беретін ақыл-кеңесіңіз қандай? – Жастарға айтарым, өмірде қандай қиындықтарға тап болсаңдар да, қоғамда қандай келеңсіздіктер орын алса да, мойымаңдар, көбірек оқыңдар, көбірек ізденіңдер! Әрдайым еңбек ету, даму жолында болыңдар. Жан-жақты білімді, көзі ашық, қырағы болыңдар! Халыққа адал қызмет етіңдер! – Рақмет, аға! Сұхбаттасқан: Нұрболат Өнерханұлы

513 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз