• Ұлттану
  • 04 Шілде, 2016

Самғай бер, ғылымның ақ сұңқары!

Бұрындары көп жылдар бойы Қазақ­станның бірқатар жоғары оқу орындарында қызмет істеп жүрген кездерімде, бұл азаматтың есімін көрнекті ғалым, білікті ұстаз ретінде естіп жүргенім болмаса, жүзін көріп, кездеспеген едім. Биылғы жылдың ақпан айының бір күнінде Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің бас ғимаратына кіріп бара жатып, анадайдан көзге шалынып тұрған құттықтау-хабарламаға назар аудардым.

Жақындай беріп оқысам, «Менің қазағым осындай!» – дегізетіндей ақжолтай ақпарат ілініпті: І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің  «Кәсіптік оқыту» кафедрасының меңгерушісі, осы оқу орнының және Ресейдің Жаратылыстану Академиясының профессоры, Балтық педагогикалық Академиясының мүше-корреспонденті Айтбай Рахымбековқа Ре­сейдің Жаратылыстану Академиясының «Білім және техника саласының еңбек сіңірген қайраткері» – деген жоғары атақ беріліпті. Мұндай құрметті атақтың терең де жан-жақты сараптамадан соң ғана білім мен техника саласындағы еңбегі, ғылыми жаңалықтары мен өнертапқыштығы, осы саладағы ғылыми-техникалық жетіс­тіктерді насихаттау, өндіріске енгізудегі еңбек­тері мен ғылыми кадрларды, жоғары білікті мамандарды даярлау ісіндегі табыс­тары үшін дарынды ғалымдарға, ұстаздар мен мамандарға берілетінінен ғылыми орта және көзі қарақты адамдар кеңінен хабардар.
Ғалымның келісімін алған соң, жерден жеті қоян тапқандай, сүрініп-қабынып, оның қызмет орнына жеттім. Кең маңдайлы, тау тұлғалы, орта жастағы жылы өңді жігіт ағасы зиялы адамға тән ілтипатпен қарсы алды. Кең көңілмен ұсынылған сүтті шәй ортаға келген соң, әңгімеміз бірден қажетті арнаға түсті.
...Бұл өмірде әр істің де өз қиындығы же­терлік, ал,  ғылым-білім биігіне шығу – тіпті де қиямет. Оқу оқып, білім игеруді халқымыздың инемен құдық қазуға теңестіретіні бекер емес шығар. Әрине, оңай жол тауып, жылға-жылғамен жыбырлайтындар мұның да есебін оңай табады. Ары таза, еңбекқор, шынайы ғалымдар өз мақсатына жеткенше талай-талай өткелектен өтіп, «арыстанның аузына, түрік­пеннің түбіне» барып қайтады. Ақиқаты – осы.     
Ақиық ақын Қасым Аманжолов айтқандай, 4 ұзақ сонар жыл бойы «күркіреп өткен» соғыстан соң ел сұмдық діл-заладан әлі де есін жия алмай жатқан шаққа Айтекеңнің балғын балалық кезі тұспа-тұс келді. От жалыннан жаны да, тәні де жаралы болып оралған әкесі Жапар, тыл жұмысында тыным таппаған анасы Әшихан соғыстан соң туған балапандарын қатарынан кем қалдырмай, бағып-қақты, тәлім-тәрбие берді. Талдықорған облысындағы қарапайым ауылда зымырандай зырлап өткен сол бір бал дәуренді аяулы азамат аңсаумен еске алады. 
«Ақсақ, шолақ, өкпелерін оқ тескен,
Әкелерді қан майданда от кешкен.
Сүйеу етіп өскен жадау ұлдар-ай»,
Өксігі көп елуінші жылдар-ай!..
– деген жыр жолдары еріксіз еске түседі.
Бұрын да атақты Түркісіб темір жолының құрылысында барлық қажыр-қай­ратын сала еңбек еткен, кейіңгі жылдары агрономдық қызметті мүлтіксіз атқарған асқар таудай әкесі 1973 жылы о дүниелік болып кете барды... «Мен соғысты көргем жоқ, бірақ соғыстың зардабын күнде көріп өстім», – деген осы ғой.
Түркісіб құрылысының да, ұзақ жылғы сауыншылық жұмыстың да ауыртпалығын нәзік иығымен көтерген аяулы ана Әшихан одан да бұрын, 1966 жылы дүние салған болатын. Тірі адам тірлігін істей береді ғой. Жас Рахымбековтер шаңырағын шайтқалтпады. Ел қатарлы еңбектенді, оқыды, алдарына биік мақсаттар қойды. 
Сол Гвардия ауданының Қоспан ауы­лындағы орта мектепті үздік бітірген бітімі бөлек ұлан енді жас қырандай қиырға көз тікті. Талап та, талант та, табандылық та бойға біріге бітсе, тас жарады екен. Бүркіттің түлеп ұшқан тастүлегіндей жас Айтбай сол мектеп бітірген жылы көп адамға қол жетпестей болып көрінетін Мәскеудің Д.И. Менделеев атындағы химия-технологиялық институтының инженерлік-физика факультетінің студенті атанды. Өміріндегі осы бір мерейлі мезетін әңгімелеп отырған жарқын жанды Айтекеңнің жүзі осы сәтте кенеттен жауар бұлттай түнеріп кетті...
– Әттең, дүние тегіс емес қой, – деді ол ауыр күрсініп алып. Менің физика ғылымына үйір болып, әуестенуіме, сол саланы таңдауыма туған бауырым, Жетісудың арыстандай азаматы Жомарт Жапарұлы Жапаров көп ықпалын тигізген еді. Жүзден жүйрік шыққан, әулетінің де, халқының да қамқоры,  үлгі етер, үміт күтер жампоз азамат еді. Физика ғылымының білгірі атанып, жұлдызы жарқырап келе жатқан. Талдықорған педагогикалық институтының ректоры болған еді. Аймақтық деңгейдегі осы оқу орнының бедел-деңгейін бұрыңғыдан да жоғары көтеріп, Жетісу өңіріндегі айтулы оқу ордасына айналдыруға, мемлекеттік университет мәртебесіне ие болуына күш-жігерін, ұйымдастырушылық қабілетін, ғалымдық, іскерлік қасиеттерін аянбай жұмсаған. Тағдыр ісіне амал бар ма, дер шағында, егеменді елінің игілігі үшін елеулі-елеулі қызметтер атқарар жасында мезгілсіз, ауыр науқастан қайтыс болды. Алайда, бастаған ісі жалғассыз қалған жоқ, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті қазіргі уақытта әлемдік бәсекеге даяр, заман талабына сай, жоғарғы білікті мамандар даярлау ісінде өз мәртебесіне сәйкес қызметтер атқарып келеді. Оқу орны жеткен табыстарда бауырым Жомарт Жапарұлының өзіндік үлесі, өшпес қолтаңбасы бар. Осыған шүкіршілік етеміз де...
Әңгіме арасын біраз үнсіздік жайлады. «Дарынды шәкірттермен араласып, берер білімдері ұшан-теңіз ұстаздарға жақындап, жаңа студенттік өмірге бейімделе бастаған кезімде, 2 жылдан соң, өкінішке орай, денсаулық жағдайыма байланысты Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технологиялық институтының 3-ші курсына ауыстым», – деп сөзін сабақтады ғалым. 
Зейінді де зерек жас жоғары оқу орнын да үздік бітіреді. Енді жас маманның алдында алған білімін ел қажетіне жаратар, арман-мақсат шыңына құлшына ұмтылар, өзінің нағыз азаматтық түр-тұлғасын танытар, биік белес, жауапкершілігі атан артар жүктен ауыр ұзақ сын кезең – еңбек жолы күтіп тұрған еді. Алдағы өмірбаянын қажырлы еңбекпен, талмас ізденіспен, өрлікпен, ерлікпен, адамдық болмыспен жазатын шақ туды. Намыстың, жігердің, білімділік-біліктіліктің, іскерліктің сыналар тұсы осы екенін болашақ ғалым жүрегімен ұғынды. 
Негізі, еңбек жолы дегеніміз адамның өмір жолын құрайтын, тағдырының арқауын, желісін тартатын, халқына бергенін көрсететін орталық дің, берік діңгек қой. «Осы адам өмірінде не бітірді?» дегенде, алдымен еңбек жолына зер саламыз. Ол жолдың табысты болуы адамның өзі таңдаған мамандығының қыр-сырын қан­шалықты меңгергеніне байланысты екенін өмірдің өзі дәлелдеген. Әр істі де әліп-биінен бастаған маман қашан да өте білікті болатынын тәжірибе көрсетіп келеді. 
Бүгінгі биік белде  тұрған азамат Айтбай Рахымбеков өзінің алғашқы қадамын төменгі баспалдақтан, бірақ өмірдің қайнаған ортасында бастапты. ЖОО-ны бітіргеннен соң Талдықорған аккумулятор зауытының жанындағы Подольск стартерлық аккумуляторлардың ғылыми-зерттеу және жобалау-конструкторлық институтының №10 зертханасында инженер болып, теория мен нақты істерді шектестіруді үйренді. Іске икемділігімен, ізденгіштілігімен көзге түскен жас инженер 1978 жылы «Казгидроводхоз» ұжымына зертхана меңгерушісі болып тағайындалды. Күрделі істе оң мен солын та­ны­ған, ғылыми-зерттеу ісіне құштар Айтбай көп ұзамай сол кездегі Қазақстандағы екі университеттің бірі – Қарағанды мемлекеттік университетінің бейорганикалық кафедрасына аға инженер болып ауысты. Сол бір ынтымақты, берекелі ортада әйгілі ғалым, академик Е.А. Бөкетовтың жетекшілігімен халькогенидтер проблемаларын үңіле зерттеуге кірісті. Бұл жылдар болашақ ғалымның шексіз ғылым көгіне самғауды бастаған кезі еді. 
1981 жылы КСРО-ның Ғылым Акаде­миясының Ленинград қаласындағы А.Ф. Иоффе атындағы физика-техникалық институтында машықтанудан өтіп, сол ғылым ордасының мақсаттық аспирантурасына түседі. Қатты оксидтік супериондық өткізгіштердің электрлік-физикалық қасиеттерін, вакуумды-термиялық әдіспен ванадий тотығы негізіндегі жартылай өткізгіш пленкалардың синтезделуін; кең диапазонды үзілдіргіш қондырғыны қолдану арқылы полимерлердің және қатты денелердің механикалық қасиеттерін; фотохромды жартылай өткізгіш пленкалардың оптикалық қасиеттерін, т.б., проблемаларды зерттеп шығу үшін аянбай еңбек етті. Физика ғылымындағы әлемдік атақтары шыққан академиктер Захарченя Б.П., Чудновский Ф.А., Тимощенко Н.Е., Гербштейн Ю.М., атақты Нобель сыйлығының лауреаты, академик Алферов Ж.И., сияқты ғылым алыптарының дәрістерін тыңдап, өзінің кандидаттық диссертациясын солардың сын-сынақтарынан өткізіп, ойдағыдай қорғады. 
Талай-талай ғылыми атақтарды алып, сонау 1995 жылы Санкт-Петербург қаласындағы Балтық педагогикалық академиясының корреспондент мүшесі болып сайлануы Айтекеңдей айтулы ғалымның игі мақсат жолында төккен терінің өтеуі шығар. Қазақ ұлысының негізін құрған, сонау бағзы замандардан тұқымын өрбітіп келе жатқан ежелгі көне рудың бірі – Қаңлы аталарынан жалғасқан қасиет пе, Айтбай Жапарұлының бір қайтпас қайсарлық қасиеті бар. Әйтеуір, біткен іске тоқмейілсу, тоқтап-тоқырап қалу деген қанына сіңбеген әдет сияқты. Өзі қызмет істеп жүрген орнында осы бір тынымсыз жанның бастамасы бойынша және тікелей басшылығының арқасында жалпы физика кафедрасының барлық оқу зертханалары Ресейден, Беларусьтен, Карелиядан, Ленинградтан, т.б. қалалардан әкелінген механика, молекулярлық физика, электромагнетизм жүйесі сияқты салаларға қажетті электрондық, тез әрекет ететін аспаптармен жабдықталды. 
Көп жылдар бойы КСРО ҒА А.Ф. Иоффе атындағы физика-техникалық институтының ғылым докторлары Захарченя Б.П., Чудновский Ф.А., Тимощенко Н.Е., Гербштейн Ю.М., Абай атындағы қазақ мемлекеттік университетінің профессоры Купчишин А.И., сияқты көрнекті ғалымдармен бірлесе жүріп, «Тезәрекетті электрондардың супериониктердің электрлік қасиеттеріне әсері» атты тақырыпты терең зерттеп, Республикалық ғылыми жұмыстар конкурсының нәтижелері бойынша тақырыпты мемлекеттік бюджет бойынша қаржыландыруға қол жеткізді.  1996 жылы І. Жансүгіров атындағы ЖМУ физика-математикалық факультетінің деканы болып сайланған профессор А.Ж. Рахымбеков, оқу орнындағы құрылымдық өзгерістерден соң осы күнге дейін жаратылыстану-техникалық факультетінің «Кәсіптік оқыту» кафедрасына жетекшілік етіп келеді. 
Жылдар жылжып өтсе де, шынайы ғалым­ның ұшқыр ой-қиялы тұтқырланбайды, жүй­рік қаламы мұқалмайды. Өткен жылдар ішінде студенттер мен оқытушыларға арналған оқулықтары «Кванттық механика», «Жылутехникасы», «Кәсіби педагогикадағы ғылыми-зерттеу негіздері», «Қазіргі заманғы ұстаз келбеті», «Жаратылыстану: ұстанымдар бағыттары», «Еңбек сабағына политехникалық бағыттама беру»,«Эксперименттік деректерді өңдеу», «Мамандыққа кіріспе» оқу-әдістемелік нұсқаулары, «Педагогикалық іс-тәжірибеге арналған нұсқаулар», «Дипломдық жұмыстарды атқару», «Магистранттардың ғылыми-зерттеу жұмыстары» т.б., сияқты еңбектері оқу үрдісіне енгізіліп, кеңінен қолданылуда. 
Профессор А.Ж. Рахымбеков – 200-ден астам ғылыми еңбектердің авторы. Ол мазмұны терең жұмыстар өз еліміздің және шетелдердің мерзімдік баспасөз құралдарында жарияланып, ғылыми жұртшылыққа кеңінен танымал болған. 
Ғылым аспанында тоқтаусыз самғап жүрген Айтбай Жапарұлының ерен еңбегі елеусіз қалған емес. Білім-ғылым саласында сіңірген еңбегі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің құрмет грамоталарына сан мәрте ие болды. Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері. Айтулы ғалым, дарынды педагог, физика-математикалық және техникалық ғылым салаларын дамыту ісіне қосқан үлесі әлемге танымал ғалым Лейбниц атындағы медальмен марапатталған. Жоғарыда атап өткендей, оларға тағы бір мәртебелі марапат қосылды. Әлі де қосыла бермек. Шын ғалымға атақ, даңқ емес, абырой, ел намысы ғана керек екенін Айтбай Рахымбеков сияқты ар-ожданы кіршіксіз, білімі мен біліктілігі терең, туған елін шексіз сүйетін азаматпен әңгімелескен адам жақсы сезінер еді. Айтекеңнің жүрген ортасы, білімгерлері оның табиғаттан дара туған өнер иесі екенін жақсы біледі. Жұмыстан қолы босаған шақта, ол әрқашан да ата-анасынан мирас болып қалған қара домбырасын қолына алып, жастық шағын, туған елін әнге қосады. Жетісудың дарынды әншісі Дәнеш Рақышев ағасынан ақ батасын алып, әйгілі Біржанның, Әсеттің, Мұхиттың әндерін нақышына келтіріп айтады.
Жаны жақсы адамның, жары да жақсы болғаны қандай тамаша. Қосағы Нәзигүл Пермь мемлекеттік фармацевтикалық институтын бітірген жоғары санатты маман-провизор, облыстық денсаулық сақтау басқармасында жетекші маман.
Үлкен ұлы Арнұр – әкесі сияқты ғалым, экономика ғылымдарының кандидаты, ҚазМУ түлегі, қазір мемлекеттік қызметте.
Кіші ұлы Әділ ҚХР-да жоғарғы оқу орнын бітіріпті, магистр, қытай тілінің жетекші маманы.
Осындай жарасты отбасы.
Ғылымның ақ сұңқары Айтекеңнің бұдан да заңғар биіктерге жетуіне тілектестік білдіреміз.

Айтқазы Байдәулетов,
журналист

324 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз