• Еркін ой мінбері
  • 05 Шілде, 2016

УӘДЕГЕ ТҮСТЕ БЕРГЕН КЕШКЕ ТАЙҚЫП...

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, журналист

Бүгінгі қоғамда үлгі болатын адамның пендешілікке салынып, ойсыз қылық танытатыны, бетіңе күліп, сыртыңнан өсек тарататыны, жауапкершіліктен жалтаруы үшін құрғақ уәдені үйіп-төгетіні құпия болудан қалды. Қазір біздің жалғандыққа етіміз үйреніп кеткеніміз соншалық, өтірік айтқан адамға (егер оны адам деп танысақ) «Неге бұлай алдадыңыз? Қолыңыздан келмесе, көмек көрсетуге құлқыңыз жоқ болса, неге уәдені үйіп-төктіңіз?» деп кінә қоюды да доғардық. Неге? Өйткені, уәдеден жалтарған жан әйтеуір бір сылтау тауып өзінікін жөнге шығарады немесе «саған қашан уәде беріп едім?» деп өзіңізді күстәналайды.

Жуырда өзім жақсы танитын жақсы ағалардың біріне бардым. Жақсы ағам жақсы қарсы алды. Бір жоба бастағалы жүргенімді жеткіздім. Қамқоршым қолдады. Қажет көмекті аямайтынын айтты. Төбем көкке жеткендей болып қуанып шықтым бөлмесінен. Араға ай салып қайырыла көкеме келдім. Бұл жолы оның жүзі сынық, көздері алақ-жұлақ, қабағы қатпарланып тұр. «Ауа-райы сияқты кей-кейде адамдардың да көңіл-күйі бұзылып тұрады ғой, сондай сәтсіз сәттердің бірінде келген екенмін-ау» деп аяғымның ұшымен шығып кеттім. Бірақ, үшінші келуімде көлпар көкем бұрынғысынан қаталдырақ қарсы алмаса, жұмсақ жайдарлылық таныта қоймады. Әрі-беріден соң, маған берген уәдесін тарс ұмытып қалыпты.
Мені қойшы, өзімнің сүйкім­сіздігімнен де тапқан шығармын. Бірақ, дәл сол көкемнен түңіліп шыққан төрт-бес танысымның айт­қандары осы мақаланы жазуыма түрткі болды. Оларды да көкешім көңілді қарсы алған ғой, әңгіменің төтесін айтудың орнына кекесін түр танытыпты. «Ау, Жәке, алдыңғы келгенде берген уәдеңіз қайда?» демей ме дәмегөй көңілмен. Сөйтсек, бұл ағай, өзіне қалса ұнамай, көмекшісіне, одан кеңесшісіне иттей жұмсап, істің аяғын сиырқұйымшақтандырып жіберетін нағыз алаяқтың өзі көрінеді. Тіпті, есімі елге елеулі бір ақынды да сазға отырғызып кетіпті. Әулеті, әкесі, өзі туралы қалың кітаптар жаздырып алып, ақысын жартылай төлеп, соңынан салпақтатып қойыпты.
«Ұялмас бетке талмас жақ береді» деп халық қалт айтпаған. Осы көкемнің көңілді отырғанының үстінен түсіп қалдыңыз бар ғой, мақалдатып-мәтелдетіп сөйлеп кеп бергенде анау-мынау шешеніңізді шаң қаптырады. Түріне қарасаңыз істің адамы, қылығына қарасаңыз қылмыстың адамы. Бұл кісінің ұрлығы мен былайғы тірлігі таусылмайтын жыр. Япырмай, қысқа күнде қырық құбылатын бұл не қылған тіршілік иесі деп жағаңызды ұстайсыз. Оның ең басты кемшілігі де сол – өліп кетсе де уәдесінде тұрмайды.
Осыдан соң мына бір тәмсіл еріксіз ойға оралады. 
Бір кісі әлдекімді өлтіріп қояды. Марқұмның балалары оны мүміндердің әміршісі Омардың (р.а) алдына алып келеді.
Бұл кісі біздің әкемізді се­бепсізден-себепсіз өлтіріп қойды, – дейді шағымданып.
Шынымен де сен өлтірдің бе? – деп сұрайды Омар.
Рас, екеуміз құрма ағаштың үстінде отырып, ерегісіп қалдық. Ол мені балағаттап жіберді. Мен ашуыма ерік беріп қойып, оны қолымдағы балтамен жіберіп ұрдым. Балта оның басына дәл тигені. Бірақ, мен оны өлтірейін деген жоқ едім, - дейді кінәлі.
Егер, бұл кісіден құн өндірсем, келісесіңдер ме? – деп сұрайды әмірші.
Марқұмның балалары бұған келіспейді. Сосын, әмірші оны өлім жазасына кеседі. Жазаны орындау кезінде кінәлі кісі:
–Жас балаларым мен әйелімнің ешнәрсесі жоқ. Ең болмаса қолымдағы қаражатымды барып беріп келейін, рұқсат беріңіз, - дейді.
Сонда Омар:
Саған кепіл болатын адам бар ма? – деп сұрайды.
Бұл жерде ешкімді танымаймын,- деп жауап береді кінәлі.
Омар (р.а) айналасындағы адамдардан: «Бұл кісіге кім кепіл болады?» деп сұрайды.
Мен кепіл боламын, - дейді Әли (р.а).
Үш күннің ішінде ақшамға жетпей келемін, – деп әлгі кісі жолға шығады.
Үш күн деген не тәйірі, өте шығады. Шам уағы да келіп жетеді. Әлгі кісі көрінбейді. Сонда Омар (р.а) Әлиге:
Дайындал, - деп әмір етеді.
Шариғат бойынша кепіл болған адам оның жазасын мойнына алады екен. Әли өлімге дайындалып жатқанда үйіне кеткен адамның қарасы көрінеді. Ол алыстан асыға басып жетеді де:
Кешіріңіздер. Жаяу адамға екі аралық алыс жер екен. Кешігіп қалдым. Міне, енді дайынмын, - деп жазаға дайын екенін білдіреді.
Сенің қашып кетуіңе де болатын еді ғой. Өйткені, сені ешкім танымайтын еді, - дейді Омар (р.а).
Сонда, өлімге кесілген кісі:
Ұят емес пе? Мен уәдемнен қашсам, өзгелер де солай етсе, онда дүние орнында тұра ма? – деп жауап беріпті.
Мұны естіген өлген кісінің балалары:
Біз бұл кісінің кінәсін кешірдік. Құн да сұрамаймыз, - деп орындарынан тұрып кетіп қалыпты.
Уәдесінде тұра білу деп осыны айтар болар. Сонда, осы кісінің қасына жоғарыдағы жалтарған жәкемді әкеліп қойып көріңізші, сөзге тұрмаушылықтың соңы қайда апарып соғарын салмақтап, беймаза бір күй кешесіз.
Қазақтың батыр әрі шешен ұлы Сырым Датұлы: «Бір аяқ сусын – екі кісінің құны. Су табылмаса – шөлдеген өледі, ұяттан – тауып бермеген өледі» депті. Ал, бізде ұяттан өлген адамның моласын кім тауып бере алады? Ар-ождан, намыс туралы тереңдемей-ақ қоялық. Айтпақшы, уәдеде тұрмайтындарды кім деп атаған жөн? Түсте берген уәдесінен кешке тайқып шығатындарды ғасырымыздың қай деңгейлі адамдарының тобына қосуға болады? «Уәде – Құдайдың бір аты» дегеніміз қане?

361 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз