• Еркін ой мінбері
  • 05 Шілде, 2016

ГЕНДЕР ТЕҢЕСТІРЕ МЕ, ӘЛДЕ ЕГЕСТІРЕ МЕ? немесе ФЕМИНИЗМ – ГЕНДЕРОЛОГИЯ – НЕОГЕНДЕРОЛОГИЯ – ПОСТГЕНДЕРОЛОГИЯ ЭВОЛЮЦИЯСЫ

Берік Аташ,
философия ғылымдарының 
докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия кафедрасы

Адамзат эволюциясын тым және арғы түп тарих бойынша  ретроспективтік тұрғыдан қайта таразыласақ,  оның ішінде, әйел мен ердің теңдігі туралы ахуалдарды сараласақ, түптеп келгенде, бір ақиқатқа сеніміміз хақ: бір кездерде, бір уақыттарда әйел билігі немесе соған сәйкес ер билігі әйгіленгендігі. Бірақ, осы екі биліктің белгілі бір циклды қайталанатын заңдылығы болмаған шығар, алайда, шартты уақытта кезектесіп келетін сыңайлы.  Бұл әрбір аймақта, әрбір халықта әр түрлі өлшемдер мен шарттар бойынша құрылады. Дегенмен, адамзат тарихын аталған мәселе бойынша жалпылама түрде сараласақ, 18 ғасырға дейін патриархаттық қоғам басым болып келгендігі шындық, кейде, тіпті, орта ғасырлардағы батыс елдерінде, шындығында, әйел мәртебесі тым төмендетіліп, оларға деген кемсітушіліктер орын алған болатын. Осындай мыңдаған жылдық табу қысымшылығы З.Фрейдтің көзқарасы бойынша бір кездерде дүмпу туғызып, қатаң белгіленген шекараларды бұзуға ұмтылады. Ал, В. Райхтың теориясына сәйкес[1], 1970-1980 жылдардағы АҚШ-тағы жыныстық төңкеріс адамзат тарихындағы жыныстық табудың болмай қоймайтын дүмпу туғызуы еді. Ендеше, бұндай психоаналитикалық тұрғыны басшылыққа алсақ, феминизм қозғалысы осындай қысымшылықтардан пайда болған деп бағамдай аламыз. 

Феминизм, өзінің даму эволюцисында гендерлік саясатты туғызды немесе керісінше гендердің пайда болуына феминизм алғышарт болды[2,44-57бб.]. Гендерлік саясат, түптеп келгенде, арнайы ғылыми әлеуметтанулық ілім гендерологияны туғызды. Сонымен қатар, феминизм уақыт өте келе феминология деген ілімді туғызуына аналогиялық түрде гендерлік саясаттан гендерология ілімі туындап шықты. Қойылып отырған мәселемізді толығырақ ашып алу үшін, біз феминизм мен гендерологияның ара­қаты­насындағы түйткілді мәселелерді саралап алуымыз қажет. Олай болса, осы екі сала арасындағы айырмашылықтарды көрсетпес  бұрын мынадай қате түсіну­шілік бағдарларды көрсете кеткендігіміз жөн:
- қарапайым қоғамдық санада, тіпті кейде теориялық санада да бұл екі саланы бір-бірімен өзара тең екен деп пайымдаушылық; 
-  кей жағдайда, екеуінің орнын алмастырып ұғынушылық; 
- гендерологияны феминистік қоз­ғалысқа айналдыруды көздейтін ба­ғыттар; 
- екеуін де ер мен әйел арасында жанжал туғызатын, үйлесімділікті жоятын  саяси бағыт деп пайымдаушылық;
- екі салада да «тең» мен «бірдей» деген ұғымдарды алмастырып алу т.б. Мысалы, егер адамның биологиялық, әлеуметтік, саяси, психологиялық сияқты жан-жақты қырлары бар екендігін ескерсек, шындығында, ер мен әйел абсолютті бірдей бола алмайды.
Осы тұста, «тең» деген түсінікті кейбір батыстық көзқарастар «бірдей» деген ұғыммен алмастырып алады. Сондықтан, олар кейде тіпті екі жыныстың биологиялық болмысын да теңестіріп жібереді. Мысалы, биолог, феминист Энн Фаусто-Стерлинг әйелдер мен ерлердің биологиялық-физиологиялық айырмашылықтары ер мен әйел арасындағы айтарлықтай айырмашылықтарды білдірмейді, бұлай бөлу тек әлеуметтік құбылыс деп санайды. 
Ендеше, келесі кезекте бұл екі бағыттың мынадай айырмашылықтарын жіктеп көр­сетуіміз қажет.
18 ғасырда пайда болған  феминоло­гиялық қозғалыстан [4, 1080 б.] кей сәттерде ерлер мүддесі туралы мәселелер болмашы  деңгейде қозғала бастады. Осы түйткіл, түптеп келгенде, ер мен әйелдің теңдік қатынастарын қорғауға алып келетін гендерологияны туғызуды қажет етті де, феминистік қозғалыстар мен феминистік саясат бірте-бірте өз ықпалын жоғалта бастады. Бірақ,  бүгінгі таңда да гендерология ілімінің ішінде немесе оның атын жамылған феминистік бағыттар мен көзқарастар жиі байқалып қалады. Немесе, гендерологияның ер мүддесі мен құқығын да қорғау қажеттігі көп жағдайда тасада қалып, әйел болмысына қарай көбірек ойысып кетіп отырғандықтан, гендерологияны тек әйел құқығын қорғайтын және оларды басшылық, мемлекеттік органдарға көбірек сайлау керек деп санайтын бұрмалаушылық бағыт қалыптасып отырғандығы жасырын емес. Осындай гендерология ілімінен бұрын пайда болған гендерлік саясат, кейіннен бұл бағытты ғылыми тұрғыдан зерделеу үшін өз кезегінде арнайы ілім гендерологияны туғызды. 
Бүгінгі таңда, әсіресе, шығыс ел­дерінде, «антигендерологтар» бағыты деп атауымызға болатындай көзқарастар жүйе­сі қалыптасып отыр. Мысалы, жүр­гізген контент анализіміз бойынша еліміздегі ақпараттық желілерден мынадай түсініктерді байқадық: «Гендерік саясат – демографиялық өсуді тежеудің кілті»; «Жауларымыз қыз-келіншектерді өтірік мақтап, өз ұлтына қарсы пайдалануда»; «Гендер теңестіре ме, әлде егестіре ме» деген сияқты мақалалардың сарыны гендерлік саясатқа деген қарсылықтан туған немесе оның сыңаржақтылыққа ұмтылған тұстарына деген сыни көзқарас сарыны бойынша қалып­тасқан. Гендерологияның түп­мақсаты, негізінен, патриархатты матриархатпен ауыстыру, екі жыныстың арасын ушықтыру, әлеуметтік-психо­логиялықтан басқа биологиялық ерек­шеліктерді де жою емес, керісінше, олардың арасындағы «антагонизмді» жойып, олардың үйлесімділігі – әлеуметтік дамудың шынайы келбеті екендігін паш ету.
Біздің пайымдауымызша, бұндай антигендерологтар легінің көбейе түсуі, түптеп келгенде, гендерологиялық мәселелерді басқаша тұрғыдан саралауды қажет етеді. Бұл – таза тәжірибелік ғылым және саясат болғандықтан, оны әрбір ұлт өз болмысына сәйкес қолдануға ұмтылатын сыңайлы. Батыстан та­ңылған шаблондарды бүкіл әлем қабылдамасы хақ. Оның бастапқы бағыттары, біздің елде, Қазақстанда пайда болды да, ҚазМемҚызПу жанындағы әлеуметтік және гендерлік зерттеулер институтының ғылыми қызметкерлері бірлесе отырып, «этногендерология» ілімін туғызып, оның тұжырымдамасын барша қауымға ұсынып отыр. Мысалы, педагогиканың – этнопедагогика, психологияның – этнопсихология т.б. салалары бар, олай болса, гендерологияның да ұлттық діліміз  бен болмысымызға, таным-түсінігімізге сай келетін өзіндік бір арнасы болуы қажет деп санаймыз және бұл тұжырымдама біздің ділімізге сай келмейтін жат құндылықтармен күресуді қолға алатын болады және өзіндік  әдіснамалары арқылы ғылымиланған жоба болып құрылады. Мысалы, тарихилық қағидасын негізге алсақ, әйелге деген құрметтеушіліктің өзіндік бар арнасы түркі халықтарында  бұрыннан-ақ түзілген болатын. Қорқыт ата кітабындағы жыр мазмұндарында, ол туралы аңыздардың біріндегі «Башпай» күйінің шығу тарихында әйел затын бағалаудың тамаша үлгісі берілген: қарындасына аңдаусызда башпайы тиіп кеткен Қорқыт өзі өлгеннен соң, сол башпайын көмбей жоғары шығарып қоюды кейінгілерге наз еткен екен. Себебі, ол қарындасыма тиіп кеткендіктен «арам башпай» деп шешім қабылдаған екен-мыс.  Этногендерологияны тек Қазақстан ғана емес, өзге де шығыстық елдердің қол­дайтындығы және ресми емес болса да, олар өздерінің болмысына сай бұл ілімді ыңғайластыруға ұмтылып отырғандығы түсінікті жайт. Енді, болашақта, біздің пайымдауымызша, гендерология әрі қарай дами келе, неогендерология іліміне қарай ауысуы ықтимал. Бұлай аталмаса да, жақын болашақта гендерология ілімі өзінің бастапқы обьектісі мен бағдарларын жаңартып келе жатыр. Оның бүгінде алғышарттары бар. Олай болса, біз «неогендерология» деген атауды енгізе отырып, оның өзгеру мен жаңару, толықтырылу мен жүйелену бағдарларын  алдын-ала тиянақтап ұсынатын боламыз. Бұл жаңа саланың туындауының алғышарттарын былайша жинақтап бере аламыз:
1. Әйел мен ер адамның тең құ­қық­тығы арнайы зерттеулер жүр­гізіп, оны бір ғылым саласы ретінде айрықшалау  үшін тым тар ауқымды мәселе. Мысалы, тұтас адам болмысын зерттейтін антропологияның өзі арнаулы жеке ғылым емес.  
2. Қазіргі таңда әйел мен ер адамның тең құқықтығына ерікті-еріксіз түрде байланысатын көптеген мәселелер өзді­гінен-ақ туындап жатыр. Ол, сәйке­сінше, жоғарыда атап өткеніміздей, гендерлік  психология.  гендерлік педагогика,  гендерлік экономика, гендерлік саясаттану,  гендерлік құқық т.б. салаларды туғызып келеді.
3. Қоғамымызда әйелдерді басшылық органдарға тағайындаудан басқа, іргелі, шешімін табуы тиіс, көкейкесті, аса маңызды мәселелер туындап отыр. Билік орындарындағы әйел санын арттыру да дұрыс шығар, ол қоғамдағы мәселелердің өзектілігі жағынан  жоғары деңгейде деп айта алмаймыз

4. Антигендерологтардың артуы гендерологияның зерттеу аумағы мен аясын кеңейте түсуді қажет етіп отыр. Сол сәтте олар өздерінің қарсы көзқарастарынан еріксіз түрде бас тартатын болады деп болжамдаймыз. 
5. Гендерологияның шығу тегі «гендер» сөзі «тек», «жыныс» деген сияқты мағыналарды береді.  Ал, гендерлік теңдік гендерологияның бір саласы ғана екендігі түсінікті.

Бірақ, неогендерологияға бұл тұста мақсатты және нақты, күрделі және шешімін табуы тиіс мәселелер жүктеледі. Атап айтқанда, неогендерология өзінің зерттеу аймағын былайша кеңейтеді деп бағамдай аламыз: қоғамдағы ер адамның да мүддесі мен құқығын қорғау, отбасылық ажырасулардың алдын-алу жолдары, отбасындағы ұл мен қыз тәрбиесі (әсіресе, қыз бала тәрбиесі), жастардың денсаулығы мен оптимистік көңіл-күйлерін тұрақтандыру, бала тууды көбейту мен адам санын (мысалы, Қазақстанда) арттыру, жастар арасындағы суицидті азайту; жастардың діни жат ағымдарға еріп кетуінің алдын-алу,  бір жыныстылық некелерді жою, болмысы мен рухы бойынша да әйел секілді еркектер (феминистік) немесе керісінше ер адам сияқты әйелдердің (маскулиндік) мүмкін, «артып келе жатқандығының» алдын-алу, постгендеризмдік құбылыстарды (жыныс мүшесін ауыстыру, екі жынысты бір адам жасау, баланы дүниеге әкелу мен оны қоректендіруді бөліп алу т.б.) тежеу үшін алғышарттар ұсыну т.б. Бұндай аса өзекті мәселелер шешімін таппай жатса, гендерология немен шұғылданып жүр деген ғылым этикасы мен ғалым этикасына байланысты сауалдар туындайды. Мысалы, туу қарқыны осылай сақталса, 100-150 жылдан соң жер бетінде кейбір Еуропа ұлттары жойылады екен. Себебі, әйелдер «біз де ерлермен бірдейміз» деген желеумен бала туудан кейбірі бас тартса немесе «әйелдердің жұмыс бастылығынан» кейбірі баланы қажет деп есептемейді екен. Міне, олай болса, «бір ұлттың жер бетінен түбегейлі жойылып кетуі маңызды ма», әлде, «әйел адамдардың биліктегі санын арттыру маңыздырақ па?» деген өткір сауал туындайды. Бүгінгі таңдағы постгендеризм бағыты бұл мәселені былайша шешуге ұмтылады: қазіргі заманғы дамыған биотехнология арқылы  жыныстық айырмашылықтарды жою керек, келешекте, бұл әдіс дамып, кез-келген оп-оңай-ақ әйел ер, ер әйел бола алады, сондықтан, бала туу жасанды жолмен немесе ерікті түрде болуы тиіс. Ол андрогинді (екі жынысты бір адам) немесе мүлде жыныссыз адам т.б. түсініктер туғызып келеді [5]. Демек, неогендерология ілімінің мақсаты – қоғамдағы өзекті, күрделі мәселелерді сипаттап қана қою емес, оларды шешіп беру немесе шешудің нақты тетіктерін ұсыну. Осы тұста, неогендерологияға маңызды жауапкершіліктер артылады. Өйткені, бұндай мәселелермен тұтастай алғанда ешбір ғылым жүйелі шұғылданбайды немесе әрбір мәселені әр түрлі ғылымдар бөліп алған, тіпті, болмаса, тек теориялық тұрғыдан ғана сараптайды. Олай болса, неогендерологияның тууы обьективті табиғи қажеттілік деп тұжырымдай аламыз. Осыдан «Бұл мәселелермен неліктен гендерология шұғылдануы тиіс?» деген нақты сауал туындайды. Себебі, бұл қоғамдағы күрделі ахуалдардың түп мәні ер мен әйел мәселесіне қатысты туындап шығады. Ол кей сәттерде тікелей байқалса (мысалы, ажырасудың көбеюі), кей сәттерде жанама түрде (мысалы, қыз балалар суициді) көрініс табады. 
Неогендерология да ұзақ уақыт өмір сүрмейді, өмір сүрген күнде де өзінің обьектісін қайтадан өзгертетін болатын тәрізді. Біз оны «постгендерология» (постгендеризммен шатастырмау керек, керісінше оған қарама-қарсы) деп атауды жөн көрдік. Бұл ілімнің де пайда болуының  мынадай алғышарттарын ұсына аламыз: 
1. Жалпы адам құқығын қорғайтын арнайы  мемлекеттік органдар бар және онымен шұғылданатын юриспруденция, заң ғылымдары бар. Олай болса, әйел құқығын және ер адам құқығын арнайы ажыратып алып қажеті қанша  деген сауал туындайды. Сонда, ер мен әйелден басқа бір үшінші жыныс болғаны ма? Олай болса, әйел құқығы, ер адам құқығы сияқты мәселелерді арнайы зерделейтін ілімнің жойылуы тиіс немесе ол басқа арнаға  бет бұруы қажет. Мүмкін, әйел адам құқығы бір мезеттерде белгілі бір деңгейде, барынша толық немесе қанағаттанарлық деңгейде қорғалғаннан кейін де неогендерология постгендерологияға өтеді. 
2. «Әйел құқығын қорғау керек», «ер адам құқығын қорғау керек», «бала құқығын қорғау қажет», «кәсіпкер мен тұтынушы құқығын да қорғау керек» т.б. қоғамдағы барлық әлеуметтік қабаттардың, топтардың барлығы да қорғалуы тиіс. «Сонда кімнің құқығын қорғамау керек» деген сауал туындайды. Олай болса, арнайы гендерология сияқты бала құқығы мен мәртебесін қорғайтын «микроантропосология» ілімін неге туындатпасқа, жасөспірімдер құқығын қорғайтын  «юнелогия» ілімін неге тудырмасқа? Оларды жеке-жеке бөліп те қажеті жоқ екендігі түсінікті. 
3. Постгендерология бір қырынан өзінің ең бастапқы мағынасын жоғалт­қаннан кейін, ол сала ретінде де жоғалады деген сөз. Әйелдерге жасалып жатқан зорлық-зомбылық бар екендігі де рас. Бірақ заман өте келе, бұл тоқталады деп үміттенеміз. Сондықтан, постгендерологияда бұл мәселелер обьект болудан қалып, жоғарыда көрсетілген неогендерологиялық мәселелер сақта­лады деп пайымдай аламыз. Демек, постгендерологияның неогендерологиядан басты айырмашылығы – феминизм мәселесінің өзектілігі мен маңыздылығының төмендетуі.  
 
Олай болса, қорыта келе, біз осы ілімдерге байланысты мынадай эволюциялық тізбек құрастыра аламыз: «феминистік қозғалыс – феминология – радикалды феминизм – гендерлік саясат – гендерология – этногендерология – неогендерология – постгендерология».

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Райх В. Сексуальная революция.-М.: АСТ, 1997.-352с.
2. Садовая М.В. Феминология и гендерология.-Белгород: Кооперативное образование.-2008.- 144б.   
3. Оспанов С. Гендеризм ілім ретінде// Қазақстан халық Ассамблеясының 20 жылдығына арналған этносаралық үйле­сімділіктегі гендерлік үдерістердің  рөлі.-Алматы: Қазақ университеті, 2015.-219 б.
4. Новейший философский словарь: 3-е изд., исправл. - Мн.: Книжный Дом, 2003. - 1280 с.
5. Шуламит Файрстоун. Диалектика пола   http://demoscope.ru/weekly/
2010/0411/gender03.php

891 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз