• Заманхат
  • 05 Шілде, 2016

«Ұлттық», «мемлекеттік», «егемендік» және басқалар

Айтан НҮСІПХАНҰЛЫ,  көсемсөзші

Үш жүз жылға созылған отарлық билеп-төстеу процесі ұғымдарды мейлінше шатастырды. Бодан халықтарға қасиетті болып келген түсініктерді отаршылдар түкке тұрғысыз, тіпті, реакциалық деп есептеді. Олар жерімізде ғана емес, санамыз бен рухымызда да тәртіп орнатты. Бұл жөнінде көп айтылды да, көп жазылды да. Респуб­ликамыз тәуелсіздік алғаннан бері шатасқан ұғымдарды қалпына келтіру, өзінің түпкі мағынасына қайтып оралту процесі жүріп жатыр. Бұл процесс аса қиын да күрделі жолдардан өтеді. Көп уақытқа созылады.


Мемлекеттік кұрылымдарды өзгер­тер­міз, жер-су аттарын ретке салармыз. Большевиктерге қойылған ескерткіштердің де ебін табармыз. Бірақ, санаға сіңіп, рухқа орнығып алған ұғымдарды өзгерту оңайға түсе қоймайды «Соқыр көргенінен жазбайды» демекші, бұрын үстем болып келгендер мен бодан болып келгендердің екеуі де ғасырлар бойғы дағдысы мен әдетінен аз уақыттың ішінде арылып кете алмайды. Үстемдікке дағдыланып, соның нор­малары мен принциптерін әдетіне айналдырып алғандарға теңдіктің өзі біртүрлі кемсіту, қысым жасау, тіпті, қорлау тәрізді көрініп, кешегі колонияларда – бүгінгі тәуелсіз мемлекеттерде - орыс рухы мен орыс иісінің кеміп бара жатқаны олардың жан-дүниесінде жайсыз, мазасыз, үрейлі сезім тудырады. Ал, бодандыққа бой алдырғандар азаттыққа көпке дейін көндіге алмай, көзі қарығады. Өзін басқаша бір ортада, жердің тарту күшінен ажырап, салмақсыздық жағдайында жүргендей сезінеді. Мұндай кезде екі жақта сырттың әсер-ықпалына оңай беріледі. Сәт сайын «Көн кепсе, қалпына барадының» кебін киюге бейім тұрады.
Демократия өмірге орнығып, халық­тардың нағыз теңдігі іс жүзіне асқанша және солардан туындайтын жаңа дағдылар мен әдеттер санаға сіңіп, бойға дарығанша қанша уақыт қажет болатынын ешкім дөп басып айта алмаса керек. Саясат жасайтын тұлғалар көрегендік пен парасаттылық таныта білсе, онда бұл процеске белгілі бір дәрежеде оңды ықпал ете алады. Бірақ, қалай дегенмен де, ерік күшінің шегі бар. Қазақстан атты тәуелсіз мемлекетте жаңа қауым жаңа өмір бастады. Қазақстан азаматтары Заң алдында бірдей. Негізгі Заңда ешкімге ешқандай артықшылық берілмейтіндігі тиянақталған. Соған қарамастан, бұрын үстем орында тұрып келген ұлттың кейбір өкілдері құлаған империяның жоғын жоқтап, мұңын мұңдауын қоймай келеді.
Мемлекетіміздің ұлттық сипатын танытатын нышандарды көргенде, олардың жаны жай таппай, мазасыз күй кешуде. «Төлқұжатқа ұлтты көрсетпей-ақ, «қазақстандық» деп жазайық, Қазақстан Республикасында қазақ тілімен қатар орыс тіліне де мемлекеттік мәртебе берілсін, қазақ ұлтының өзін-өзі билеуі деген сөзді Негізгі Заңнан алып тастау керек» деген талаптар койылуда. «Олай болмағанда, орыстар қысым көреді» деп байбалам салуда. Бір өкініштісі – осындай талап қоюшылардың арасында еліміздің болашағы деп санап жүрген жаңа талап, жас пері қандас бизнесмендеріміздің де болып отырғаны. Тоталитарлық түзімнің жатырында жатып, оны теріске шығаруға асыққан осы сарыауыз капиталистердің, яғни, ұлттық буржуазияның жаңа өкілдерінің, өздері теріске шығарған қоғам бастан өткізген, келмеске кеткен тұтас бір тарихты қайта оралтуға ұрынып жүргені өкінішті. Кемелденген социализмде күллі совет ұлттары жаңа қауымдастыққа – Совет халқына айналды деп жар салғанымыз күні кеше ғана емес пе еді?! Саяси Бюродағы сақалына сүрінген қарттар енді біраз жыл ғұмыр кешкенде, XXIX, XXX съездерге жеткенде, паспортымызға қазақ та, украин да, өзбек те емес, тек «Совет азаматы» деген бір ғана сөз жазыларына ешқандай шүбә жоқ еді ғой. Сонымен қатар, ол кезде республикалардың жай аты ғана болмаса, затынан, маз­мұнынан ұлттық сипатқа тән не қалып еді? Республика аталған ұлттық саяси құрылымсымақтар Ресейдің облыстарымен бірде теңессе, бірде теңесе алмай жүрмеуші ме еді? СОКП-ның идеологтары ұлттардың өзін-өзі билеуін осылайша жоққа шығарған болатын.
Сонымен, құрметті мырзалар, мұның бәрі сендерге жаңалық тәрізді көрінгенімен, шын мәнінде, ешқандай жаңалық емес. Ол ешқайда бастамайтын тұйық жол болғанын біз білеміз.
Дүниеде ұлттай жансебіл қоғамдық тарихи құбылыс жоқ. Халықтарды со­циализм, коммунизм диірменіне са­­­лып, ұлттық ерекшеліктерінің бә­­­­рі­­­нен жұрдай етуге бел байлаған мар­кс­­шіл-лениншілдердің алуан түрлі экс­пе­ри­менттерінен де ештеңе шықпа­ғанын, міне, бүгін өз көзімізбен көріп отырмыз. «Ұлттан тыс игілік жасаймын деу – құр әншейін әурешілдік» деп сонау ғасыр басында дөп басып айтқан орыс философы Бердяев қандай көреген десеңізші?! Демек, адамның әлеуметтік мүддесімен бірге ұлттық мүддесі қоса жүреді. Осы екі мүддені бірдей есепке алып, есте ұстап отырмаған жағдайда, саясат жасаушылар сөзсіз ағаттық жібереді.
Адамзаттың ұзақ салқар даму тарихы тұрғысынан қарағанда, ұлт та қатып-семіп тұра бермейді. Ол да дамиды, өзгереді. Барлық ұлт мәңгілік болғысы келгенімен, бірақ, мәңгілік деген қазір ұлт қандай күйде болса, болашақта да сондай күйде болады деген сөз емес. Қалай дегенде де, ұлттық өзгеріс аса ұзақ уақытты қажет етеді. Және белгілі бір ішкі-сыртқы жағдайлардың айрықша нәтижесінен көрінеді. Мемлекетті енді құра салып, оның ұлттық белгілерін жою, азаматтық мемлекетке айналдыру туралы талаптар қою – қандай жақсы ниеттен туылғанның өзінде де жүзеге аспайтын бос қиял. Жеке адамдар мен кейбір партиялық топтардың бұл бағыттағы ұмтылысына қарамастан, өмір өз заңымен жүре береді. Күнделікті отбасылық проблемалардан бастап, мемлекеттік проблемаларға дейінгі аралықта ұлттық фактор өзін сәт сайын көрсетпей қоймайды.
Қазақстан Социалистік партиясы саяси атқару комитетінің хатшысы Ермұхамед Ертісбаев соңғы бірнеше жылда өз басынан кешкен жайттар арқылы осы мәселе турасында әділ де адал пікір айтқан. Бұрын ол да азаматтық мемлекетті қолдаушының бірі болғанын, бірақ, қазақтардан ғана емес, орыс зиялыларынан да қолдау таппағанын, ақыры, ол райынан қайтқанын мойындаған. Осы орайда, Ертісбаев пікірінің ғибраттық маңызы зор.
Осы мақаласында ол сонымен бірге соңғы жылдары талас-тартысты кө­бірек тудырып жүрген «ұлттық» деген сөз төңірегінде өз ойын ортаға салады. Бұл сөзді «халықтық» деген мағынада түсініп қолдану идеясын ұсынады. Автор осы арада бір кілтипан барын қапысыз сезінген. Коммунистік партия үстемдік еткен, көпұлтты мемлекет аталып жүрген елдерде, соның ішінде әсіресе КСРО-да «ұлттық» деген мейлінше шатасқан ұғымдардың бірі еді. Батыста, дамыған Еуропа елдерінде «ұлттық» сөзі көп жағдайда мемлекеттік немесе халықтық деген сөздердің баламасы ретінде қол­данылады. Мәсе­лен, Біріккен Ұлттар Ұйымы дегенде Біріккен Мемлекеттер Ұйымы   ма­ғынасын беріп тұр. Сондықтан да, қытайлар осы халықаралық ұйымды Біріккен Ұлттар Ұйымы демей, Біріккен Мемлекеттер Ұйымы деп атайды. Ал, ұлттық банк, ұлттық табыс, ұлттық университет, ұлттық кітапхана, ұлттық газет тұрғысынан келгенде, мүмкін «халықтық» деген сөзге бейімдеу келе ме, қалай?
Дамыған капиталистік елдерде бұлай болған себебін марксшілер ұлттың және мемлекеттің пайда болу жағдаяттарымен байланыстыра түсіндіріп келген. Ұлтты капитализмнің жемісі деп пайымдаған олар: «капитализм дами келе бір ұлт бір мемлекет боп қалыптасты» деген тұрғыдағы теориялық қисындар жасады.
Қазір бұл қисынды да қайта қа­рай­тын уақыт туды. Дегенмен, оны бүкілдей теріске шығаратын көзқарастар жүйе­сі әлі дүниеге келмегенін айта отырып, сонымен қатар, біз олардың ұлт тек капитализмнің жемісі деген тұжы­рымына дау айтсақ та, «капитализм тұсында бір ұлт бір мемлекет болып калыптасты» дегенінде шындық барын мойындауымызға келетін тәрізді.
Ағылшындар, француздар, испандар, португалдар, немістердің, қысқасы, Еуропадағы капитализмге бұрын жеткен басқа да ұлттардың өздерінің ұлттық мемлекеттерін осы принциптер негізінде құрғаны тарихи факт. Сондықтан, олардың назарында «ұлттық» сөзімен «мем­лекеттік» сөзі бір-біріне балама ретінде жүре береді. Бұдан Францияда тек француздар, Германияда тек немістер, Испанияда тек испандар өмір сүріп келеді деген ұғым тумаса керек. Басқа ұлт адамдары қай мемлекетте де болады.
Интеграцияның күшеюі, құрлықаралық экономикалық қатынастар жүйесінің дамуы ұлттарды мипалауша араластырды. Бұл күнде жер бетінен бірыңғай, өзімен-өзі оңаша тұратын бір текті ұлтты табу қиын. Алайда, мұндай араласу жоғарыда аталған мемлекеттердің ұлттық сипатын өзгерте алған жоқ. Мәселен, солардың ішінен Фран­цияны  біздің  өлшемімізге салып  кеп  жіберсек,  ол да көп ұлтты мемлекет болып шыға келеді. Бірақ, француздардың өздері олай деп қара­майды. Олар: «Франция – тек француз ұлтының мем­лекеті, жер бетіндегі фран­цуздардың тарихи отаны» деп есептейді. Осы елдің азаматтығын алған­дардың бәрі француз ұлтының құрамында саналады. Ал, басқалар – басқа ұлттардың осындағы өкілдері. Сол сияқты, Казақ­стан орыс, украин, неміс, корей, тағы басқа да жүзден астам ұлт өкілдерін бауырына басып отыр, бірақ, оларға тарихи отан бола алмайды. Ол – тек жер бетіндегі қазақтардың ғана тарихи отаны.
Өткен жылы республикалық газеттердің біріне бір орыс азаматының былай деп жазғаны есімде. «Қазақстанға шетте жүрген қазақтарды шақырып жатырмыз. Ал, кезінде Ертіс бойынан Бразилияға көшіп кеткен орыстарды неге шақырмаймыз?» дейді әлгі азамат. Сөйтіп, бұл арадан да «теңсіздік» табады. «Кемсіту» көреді. Мәселені осылайша қою арқылы біздің құрметті жерлесіміз кемінде екі ағаттық жасаған. Біріншісі, шетте жүрген қазақтардың Қазақстанға жаппай көшіп келуіне ресми шақыру болған емес. Басқа бір елдің, мәселен, Қытайдың, Моңғолияның азаматы саналып жүрген қандастарымызды жаппай көшіп келуге ресми шақырсақ, онда мәселенің дипломатиялық жағын ескермеген болар едік. Мұның өзі сол бауырларымыз тұрып жатқан елге біз тарапынан көрсетілген құрметсіздік болар еді. Ал, шетте жүрген қазақ диаспорасы көшіп келем десе, оларға өзінің тарихи Отанының есігі қашанда ашық екенін айтып келе жатқанымыз рас.
Екінші   ағаттығы біріншіден туын­дайды. Әңгіме – бір жерден екінші бір жерге жай қоныс аудару туралы емес, тарихи отанына оралу туралы болып отыр. Бра­зилиядағы орыстар Ертіс бойына көшіп келем десе, өз еркі. Бірақ, Қазақстанды олардың тарихи отаны десек, онда Ресейді қайда қоямыз? Егер, Бразилиядағы сол орыстар өздерін қазір де орыспыз деп санайтын болса, онда Ресей анасы аман тұрғанда, оларға Қазақстан да, Бразилия да бірдей емес пе?
Марксшілдер көпұлтты мемлекет­терді отаршылдықтың тікелей нәтижесі деп қарайды. Теориялық жақтан мұны да теріске шығара алмайсың. Ресей мен Совет Одағының өмірі бұған өте-мөте айқын дәлел.
Теория бойынша, кез-келген ұлт өз алдына дербес ел болам десе, еркі. Бірақ, ойлаған ойды қыстаған тұрмыс билеп кететіні сияқты, ішкі-сыртқы жағдайлардың, геосаяси ахуалдың қандай болуына қарай ұлттардың тәуел­сіздікке ұмтылысы бір жерде жүзеге асқа­нымен, екінші бір жерде жүзеге асуы мүмкін болмайды. Тіпті, кейбір шағын ұлттар күштілердің кесірінен қырылып-жойылып, ассимиляцияға ұшырап, құрып кетеді. Асыл армандары мен үкілі үміттері өздерімен бірге сөнеді. Бұларды әлгі күштілер «өліп бара жатқан, өмір сүру қабілетін жоғалтқан тайпалар мен ұлыстар» деп атайды. Өмір басқа салған осындай ащы шындық кімді де болса есептесуге мәжбүр етіп отырады. Адам құқы мен ұлттардың өзін-өзі билеу құқын ту ғып ұстап келе жатқан ең демократияшыл елдердің өздері де Чешен оқиғасын «Ресейдің ішкі ісі» деп, көзжұмбайлыққа салынып отырған болса, оның себебі міне осында жатыр.
Ресей, КСРО тәрізді отаршылдық жүйе негізінде қалыптасқан ұлттық мемлекетте «ұлттық» деген ұғымның батыстағы демократияшыл елдердегіден басқаша мағына беретіні де осыңдай себептерге байланысты. Бұл елде кезінде ұлттық сөзі мемлекеттіктен төмен тұрды. Ресей Федерациясында қазір де солай. Мәселен, Татарстан ұлттық суверенді мемлекет деп аталады. Негізгі Заңында солай жазылған. Бірақ, оны тәуелсіз мемлекет дей алмаймыз. Демек, батыс елдерінде ұлттық пен суверинитеттің мәртебесі «тәуелсіздік», «мемлекеттік» сөздерімен бір деңгейде тұрса, Ресей Федерациясында одан төмен тұр. Ал, Қазақстанға келсек, біз тәуелсіз ел болдық. Елімізді «авторитарлық мемлекет» деп жарияладық. Халықаралық дербестікке жеттік. Меніңше, қазір «ұлттық» сөзі, біздің республикамыздың өмірімен айтқанда, жаңа мазмұнмен толықты. Ол «халықтық», «мемлекеттік» деген мағыналарды бере алатын деңгейге көтеріліп келеді. Бұл жөнінен Ермұхамед Ертісбаевпен келісуге болады. Бірақ, бір шарт бар: егер біз барлық демократияшыл елдердегідей өмір салтын орнықтырамыз десек, онда жалпыға бірдей «ойын» ережесін қатаң сақтауымызға тура келеді. Мұндайда республиканың онсыз да әлсіз ұлттық белгілерін жоюға бағыт алған кез келген іс-әрекет, қазақ ұлтының өзін-өзі билеу құқын жоққа шығаруға тырысушылық ретінде, тойтарысқа ұшырауы тиіс.
Қазақстанда тұратын қазақтан бас­қа барлық ұлт өкілдері, бұрын өте-мөте үстем болып келген орыс ұлты­ның өкілдерінің өркениетті елдерге тән осы «ойын» ережесін қабылдауы, оған көндігуі, мемлекеттің ұлттық белгі­лерін айрықша бір артықшылық деп қабылдамай, өздері көбірек еліктегісі келетін демократиялық елдердегі сияқты қалыпты өмір салты деп ұққаны абзал. Әрине, мұндай ұғым, түсінік өз-өзінен туа қалмайды. Оны біздің мемлекеттік идеологиямыз түрлі тәсілдер мен кұралдарды пайдалана отырып, олардың бойларына шым-шымдап дарытуы, саналарына біртіндеп сіңіруі ләзім. Идеологияны басқарып жүргендердің парасаттылығы мен білгірлігі осы процестің сынынан өтіп айқындалады.
Жуырда аға газетіміз «Егемен Қазақ­стан­ның» 75 жылдық мерейтойына орай, редакция ұжымын қабылдаған кезде Президентіміз мемлекеттік идеология хақында біраз ойларын ортаға салды. Жақсылап пайымдасақ, Нұрсұлтан Әбішұлының осы ой-пікірлерінде халқы­мыз­дың арман-үмітін білдіретін жаңа жайттар, басты бағдарламалар баршылық. Президентіміз үлкен саясатта бұған дейін бізге көмескі тәрізді болып келген, басы дауға түскен кейбір принципті мәселелерді бұл жолы бір табан ілгері жылжыта, бетін аша, қойды. Мұның өзінің өткен жылы желтоқсан айында Венгрияның астанасы Будапешт қаласында шақырылған Еуропа қауіпсіздігі Одағына мүше елдердің кеңесі өтісімен болғаны, тіпті де, кездейсоқ емес еді. Өйткені, осы халықаралық форумда Қазақстан әлемнің үш ұлы ядролық державалары – АҚШ, Англия, Ресейден өз қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кепілдік алды. Демек, енді жүрек орнына түсті, тыныс кеңейді. Ой-мақсатты жүзеге асыруға халықаралық алғышарт жасалды.
Орайы келген осы тұста, «егемендік» деген сөз туралы да көкейде жүрген бір пікірді оқырмандарға айта кеткенді  жөн көріп отырмын. Соңғы жылдары оған қатысты біраз әңгімелер айтылды. «Егеменді» сөзінің қазіргі қолданысын құптамаушылар көбіне-көп оны күллі қазаққа тән емес деген тұрғыда дау айтады. Жақтаушылар бұл сөздің жалпы түріктік сипаты барын көлденең тартады. Айналымға түсіп, ауыл-аймақтан алыстап кеткен, «дербестік» пен «тәуелсіздіктің» қа­тарына барып орнығып алған «еге­мендіні», енді, бүгін ол құқынан айы­рудың қажеті бола қояр ма екен? Меніңше, «егемендіні» «суверендінің» баламасы, тіпті, керек десеңіз, сөзбе-сөз аудармасы ретінде түсініп қабылдасақ, осыдан еш зиян шекпейміз. Сонда, Қазақстанда  ол «тәуелсіздік», «дербестік», «ұлттық» сөздерімен бір деңгейде жүрсе, Ресей Федерациясыңда бір дәреже төмен қолданылып, ресейлік суверендінің ғана мағынасын бере алатын болады. Мәселен, Татарстан, Башқұртстан – суверенді, яғни, олар егеменді елдер, бірақ, тәуелсіз, дербес ел емес деген тәрізді.
«Ақтаңдақтар» туралы да бірер сөз. «Ақтаңдақтар» сөзі қашан пайда болды? Оны біз қалай түсініп жүрміз? Бұл сөз – СОКП мен Совет Одағы әлі күшінде тұрған кездегі, қайта құру деп аталатын кезеңнің алғашқы жылдарындағы жасқаншақ, жартыкеш демократияның жемісі. Оның авторлары сол шақтағы белсенді демократтар бола тұра, коммунистік партия үстемдігі мен советтік құрылымды теріске шығармай, қайта реформа арқылы солардың позициясын нығайтуды дәріптеді. Қоғамдық құбылыстарға, ха­лықтар бастан кешкен тарихи процестерге баға бергенде де осы тұрғыдан барды. Бұлайша болғаңда, советтік тарих, жалпы алғанда дұрыс, тек оның кейбір тұстары ғана әлдекімдердің кінәсінен жасырылып келген немесе бұрмаланған болып саналды. Сол «жасырылды» немесе «бұрмаланды» делінген тұстар ғана «ақтаңдақ» деп аталды. Қазіргі күннің талаптары тұрғысынан қарағанда, осындай концепциямен (ойтұғырмен) келісе аламыз ба? Қазақстан мен Ресей арасындағы соңғы 300 жылдық тарих метрополия мен колония арасындағы тарих екені ешкімге құпия емес қой. Сондықтан, СОКП кезінде Қазақстанның Ресейге қосылуын «өз еркімен» деп дәлелдейтін советтік тарихшыларға керісінше, біз қазір мұндай қосылудың орыс империясы тарапынан жаулап алу нәтижесінде жүзеге асқанын негіздеуге көштік емес пе? Ендеше, біз советтік тарихшылардың позициясына мүлде қарама-қарсы жақта бола тұрып, өзімізге қарсы тұрған сол тарихшылардың ойтұғырын жалпы дұрысқа шығаратын тек ішінара кейбір тұстарын ғана өйтіп-бүйтіп сынайтын түптеп келгенде, неоколониализмге қызмет ететін көзқарасқа малданып жүргеніміз қалай? Бұл туралы да ойланатын уақыт жеткен сияқты.

8 ақпан, 1995 ж.

359 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз