• Заманхат
  • 05 Шілде, 2016

ГАЗЕТ «ШӨП ЖЕМЕС»

Қоқанда шығатын «Ферғана» деген сарт газетасы жазады:
Түркістан уалаятында сарт тілінде шығатын 4 газета, журнал бар. Түркістанға қарайтын неше миллион мұсылманнан осыларды оқушы 5 мыңға жетпейді. Оның да көбі шаһар халқы. Соның үшін қышлақ халқының да көзі ашық болсын деп, біз Андіжан үйезіне қа­райтын қажы, болыстарға қол астындағы халыққа тегін та­ратуға газетамызды жіберіп едік. Өткен февральдың 20-нда бір болыс мөрін басып, басқармаға мынадай хат жазады: «Біз өзіміз «облосной ведомосты» һәм Остраумов газетасын алып тұрамыз. Ал еліміз газета оқуға шаруадан қолы босамайды. Менің атыма жиі-жиі газета жібере көрмеңіз» деп.


Сарт болысының бұл жауабы менің есіме өзіміздің бір қазақ болысын түсірді.
1913 жылы Ақмолада бір бо­лыс­тың пәтеріне бардым. Ас­тында тері исіне симай желпініп отырған ел иесі газета жайынан сөз шыққан соң мені тастай беріп, алдында отырған екі даугерге түсті. Жолаушылардан жуас кім бар. Болысты күттім. Біраздан кейін болыс-екең маған аз ілтифат бөлді. Сөз тиянағы болысқа газета алдыру еді.
Газит-мәзитіңді білмеймін, оқып та көргенім жоқ, оқымаймын да, – деп жиырылды.
Енді оқып көріңіз, бәл­ки үнемі оқитын боларсыз. Бала­ларыңыз оқыр. Сізден елдегі талапты жігіттер өнеге алар...
Керек болса Хасеннің газетін қарармыз.
Жалғыз Хасеннің газетасы кімге жетеді? Мен сізге ел басшысы – болыс деп айтып отырмын.
Шырағым, өзіңе керегі ақша ма? – деп болыс қабағын шытып, бес сомдық қағаз суырып тастай берді.
Мен сіздерден өзіме ақша сұрап отырғаным жоқ, алсаңыз га­зетаға жазыласыз, болмаса ақ­шаңызды жиып алыңыз...
Қап! Қап! Болмас, қоймадың ғой, жазсаң жаз, газит шөп жемес, – деді данышпан болыс.
Осы екі болысты салыстырып, қайсысын аса мақтарымды білмей сасып отырмын. Қанша айтқанмен екеуі де ел баққан, ел қамын жегендер ғой. Сарт баласы газета оқитын елін шаруадан алаң қылмайын деп, тегін газетадан безді. Біздің болыстың сарт құрлы ақылы жоқ па: «газит шөп жемейтінін» білген соң ғана жазылып еді.
Бірақ, осы болыс келер жылы газета алдыруын қойды деп ес­тимін, тегі мені ұятты қылып газетасы құрғыр болыстың шөбіне түспеді ме екен?..
М. Д. 
«Қазақ», 1915 ж. № 113.

321 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз